1.2. Табу, эвфемизм, дисфемизм сөздерінің жіктелімі 1.2.1. Өлімге байланысты табу мен эвфемизмдер Адам баласы үшін табиғи құбылыстардың ішіндегі ең қорқыныштысы да, сескендіретін суығы да өлім. Сондықтан да кез келген халықтың тілінде "өлім", "өлді" деген сөздердің орнына сол ұғымдарды білдіретін, бірақ алдыңғылардан əлдеқайда тігісі жатық эвфемистік синонимдер қолданылады.
Кісінің қайтыс болуымен байланысты табу мен эвфемизмдер басқа халықтар сияқты түркі халықтарының да тілдерінен кездеседі. Қазақтың «Өлім жайлы көп айтылса, тірінің берекесі кетеді» деген мақалы да сол айтылғанның айғағы секілді. Оны былай қойғанда, түркі халықтарының салт-дәстүрінде өлім туралы суық хабарды туыс-жақындарға астарлап естіртіп, көңіл айту әлмисақтан белгілі әрі бұл дәстүр күні бүгінге дейін өзгере қойған жоқ. Өйткені мұның нақты дәлелі біздің заманымыздың 684-731 жылдары арасында өмір сүрген, Қапаған және Могилян дәуіріндегі түркі мемлекетінің көрнекті әскери қолбасшысы Күлтегінге қойылған құлпы тасқа ескі түркі жазуының үлгісімен қашалып түсірілген Күлтегін туралы жырдан да байқалады. Бұл тарихи, әдеби ескерткішті Күлтегіннің туған ағасы Білге қаған жаздырыпты. Тұңғыш рет В. В. Радлов аударған әлгі жазудың ішінде інісінің өліміне қатысты қатты қапаланған Білге қағанның мынадай жолдары бар: «Інім Күлтегін қаза болды, өзім қайғырдым. Көрер көзім көрместей, білер білігім білместей болды. Білігімнен адастым». Кейбір деректерге қарағанда, Білге қаған інісінің қайтыс болғанын ұша барды сияқты астарлы сөз арқылы білдіргені байқалады.
Өлімді бұлайша астарлау түркі халықтарының баршасына ортақ. Мысалы, түрікмендер «өлді» деген суық сөздің орнына арадан чыкты, қырғыздар дүниеден қайтты, өбектер вофат етті (опат болды), һалоқ булди секілді эвфемистік сөз тіркестерін пайдаланады. Ал Түркия түріктері суық хабарды естіртіп, көңіл айтқанда, «өлді» деген сөздің өзін де, оның баламаларын да қолданбайды. Оның орнына Алла сізлерге өмүр версин! деген эвфемистік мағыналы тілекпен ғана шектеледі. Әзірбайжандар да әлгі суық сөздің орнына чыраг кими сөндү секілді метафоралық эвфемизмді қолданады. Тувалықтар да «өлді» деген суық сөздің орнына астарлы мағыналы аъдының бажы чалданыр (атының басы бұрылды) деген эвфемистік тіркесті пайдаланады. Олар сонымен қатар өлүрүп чиир (өлтіріп жер), яғни ұсақ малды сойып жеу деген ұғымды білдіретін сө тіркесінің орнына дөгөрер (сою) деген эвфемизмді қолданады. «Өлім» деген сөзді де ашық қолданбай, оның орнына: мөчүүр (қайтыс болу), чок апаар (жоқ болу), чора бээр (жортып кету), кызыл-дуустар (қызыл тұзға кету), буркан болур (құдай болу), чиде бээр (ғайып болу) сияқты эвфемизмдерді пайдаланады. Ал суға батып өлген адам жайында сугга дүжіп өлгендеудің орнына сугга эндэн (суда қателесіп кетті) деп астарлайды. Найзағай түсіп қаза болған адам жөнінде чаңнык соққан деудің орнына чаңнык эндээн (найзағай қателесіп кетті) немесе кудай ойнаан (құдай ойнады) сияқты эвфемистік тіркестерді қолданады [6].
Қазақ арасында қалыптасқан салт бойынша да қайтыс болған адамның жақындарына қазаны бірден естірте салмаған. Суық хабарды мүмкіндігінше астарлап, тұспалдап немесе жұмбақтап сездіруге тырысқан. Әдетте ауыр қайғыны естірту эвфемистік мағыналы сөздерден басталып, көңіл айту, жұбату сөздермен аяқталып отырған.
Басқа тілдердегі сияқты қазақ тілінде де «өлу» деген ұғымды қайтпас сапарға кету, үзілу, көз жұму, қайту, кету, шетін болу, көз жазып қалу, айырылу, адасу, беру, мәңгі ұйқыға кету, аттану, дүние салу, дүниеден көшу, дем тоқтау, жан тәсілім қылу сияқты астарлы мағыналы эвфемизмдер алмастырып отырады.
Өліммен байланысты немесе сонымен ұштасып жататын тағы біраз ұғымдар бар. Әңгіме өлік, мола, көр, көму, бейіт, сүйек, дене, жерлеу, зират, қабір сияқты сөздер жайында. Бұл сөздердің бояулары мен адамға етер әсері бірдей емес. Әсіресе алдыңғы төрт сөздің мағыналары өте суық. Сондықтан да олардан гөрі тігісі біршама жатықтау дене, сүйек, зират, қабір, жерлеу, қою сияқты эвфемистік баламалар жиірек қолданылады. Ал кейде мола, көр деген суық сөздердің орнын орын, жай деген эвфемизмдер басып отырады.