Дипломдық жұмыс Рухани жаңғыру аясында табу, эвфемизм, дисфемизм сөздерін оқытудың әдістемелік жүйесі


Табудың енді бір түрі некемен байланысты



бет5/21
Дата31.03.2023
өлшемі178.88 Kb.
#471513
түріДиплом
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21
дипломдық жұмыс эвфемизм проверяется

Табудың енді бір түрі некемен байланысты туындаған. Бұл салада жарық көрген еңбектерінің ішінен Эдвард Вестмарктың «Marriage Ceremonies in Morocco» («Мароккодағы некемен байланысты салт-дəстүрлер») деп аталатын еңбегін ерекше атап өтуге болады. Онда діни ұғымдардың негізінде қалыңдық пен күйеу жігітке, олардың ата-енесі мен туыстарына салынатын сан-алуан тыйымдар сөз болады.
Табудың жəне бір түрі əйел адамдарда қайталанып тұратын кейбір физиологиялық үрдістердің сырын білмей, оларды діни тұрғыдан теріс арналған еңбектерден Эрнест Краулейдің «The Mystic Rose» («Мистикалық раушан») жəне М. М. Найт, И. Л. Петерс, П. Бланчард үшеуі бірігіп жазған «Taboo and Genetics» («Табу және генетика») деп аталатын басылымдардың мəні ерекше [5, 79].
Белгілі ғалым Леви-Брюльдің «Первобытное мышление» («Алғашқы ой жүйе») деп аталатын еңбегінің де тыйымдарға тікелей қатысы бар. Мұнда жалпы табу мəселесі психология тұрғысынан баяндалады.
Табуға арналған ғылыми əдебиеттің ішінде жеке бір халықтың мəдениетінде ғана кездесетін тыйымдарды сипаттайтын еңбектер де кездеседі. Мəселен, Америкадағы навахо үндістерінің тыйымдарына арналған «Navajo Taboos» («Навахо тыйымдары»), Индия халықтарының тыйымдарын суреттейтін «Hindu Religion Customs and Manners» («Үнділердің діни салт-дəстүрлері»), «Strange Customs of Courtship and Marriage» («Əйел көңілін аулау мен үйленуге байланысты айрықша салттар») секілді ғылыми жұмыстар сондай еңбектердің қатарына жатады.
Тыйым салынған сөздердің тілден өте маңызды орын алатыны, əсіресе, үндіеуропа тарихи тіл білімі саласында тереңірек зерттелген. Олар туралы алғаш құнды пікір айтқан белгілі лингвист А. Мейе болатын. Ғалым осы тақырыпқа арнаған бір еңбегінде («Quelques hypotheses sur des interdictions de vocabulaire dans les langues imdo-europeenes») кейбір үндіеуропа тілдеріндегі аю, жылан, тышқан, түлкі, аққалақ, қоян сияқты жануарлардың байырғы атауларының жойылып кетуінің басты себебі табуда, яғни тыйымдарда жатқандығына назар аударады. А. Мейенің топшылауынша, аю деген ұғымды білдіретін орысша медведь, немісше Вar, ағылшынша bear, литваша lokys сияқты сөздердің барлығы да эвфемизмдер. Өйткені аюдың латын тіліндегі orso, испан тіліндегі oso, грек тіліндегі arktos немесе басқа тілдерде кездесетін жалпы үндіеуропалық ортақ түбірден тарайтын байырғы атауларды славян, балтық жəне герман тілдерінде табуға айналып, қолданыстан мүлдем шығып қалған, сақталмаған.
Үндіеуропа тілдеріндегі табу сөздерді лингвистика тұрғысынан салыстыра зерттеушілердің қатарына В. Хаферс («Neuere Literatur zum Sprachtabu»), М. Гуериос («Tabus Linguisticos»), К. Ньюроп («Das Leben der Worter») сияқты арнайы монографиялық еңбек жазған ғалымдармен қатар тыйым салынған сөздер мен эвфемизмдердің жекелеген түрлерін зерттеген, атап айтқанда, өлім мен қазаға (Pound L. American euphemisms for dying death and burral), жануарлар атауына (Emaneau M. B. Taboos on animal names) байланысты арнайы ғылыми мақалаларды жарыққа шығарған лингвисттер де баршылық.
Үндіеуропа тілдеріндегі тыйым салынған сөздер мен эвфемизмдерге қатысты құнды материалдарды сонымен қатар Ларс-Гунар Андерсон мен Петер Траджил, Х. Л. Менкен, Т. В. Гамкрелидзе мен Вяч.Вс. Иванов, Д. К. Зеленин, А. А. Реформатский, Л. А. Булаховский, Б. А. Ларин, В. Н. Перетрухин, Б. Н. Головкин сияқты белгілі лингвистердің еңбектерінен де, әр елде әр тілде шыққан салиқалы энциклопедиялар мен арнаулы сөздіктерден де кездестіреміз.
Ал түркі халықтарының мәдениетінен, атап айтқанда, дәстүрлі наным-сенімдерінен, мифологиялық дүниетанымдарынан, салт-санасынан, әдет-ғұрыптарынан орын тепкен сан алуан тыйымдармен қатар сол халықтардың тілдеріндегі табу сөздер мен эвфемизмдердің зерттелу жайына келетін болсақ, олардың да ғалымдардың назарынан тыс қалмағанына көз жеткіземіз. Мәселен, түркі халықтарының басым көпшілігіне тән тотемдік нанымдармен байланысты қалыптасқан тыйымдар жайлы мәліметтер 1247-1318 жылдар арасында өмір сүрген, Шыңғысханға дейінгі түркі халықтарының тарихын қағазға түсірген, атағы бүкіл әлемге танымал ғұлама ғалым Рашид-Ад-Диннің «Джами ат-таварих» («Жылнамалар жинағы») деп аталатын парсы тілінде жазылған құнды еңбегінде берілген.
Түркі халықтарының көбіне ортақ тотемдік нанымдар мен тыйымдарға қатысты құнды деректер сонымен қатар С. П. Толстов, Д. Е. Хайтун, Н. А. Алексеев, Л. Расоний, Г. Н. Потанин, А. Золотарев сияқты ғалымдардың еңбектерінде кездеседі. Ал Оңтүстік Сібірде мекен ететін тува, алтай, шор, т.с.с түркі халықтарының тотемдік нанымдарына тікелей қатысы бар материалдар «Традиционное мировозрение тюрков Южной Сибири. Человек. Общество.» («Оңтүстік Сібір түріктерінің дәстүрлі дүниетанымы. Адам. Қоғам.») деп аталатын ғылыми басылымда жан-жақты сипатталған.
Түркі xалықтарының шамандық нанымдарының негізінде қалыптасқан тыйымдары да ғалымдардың назарынан тыс қалмаған. Мәселен, тува xалқының мәдениетінде кездесетін ондай тыйымдар С.И.Вайнштейннің еңбектерінде баяндалса, якут (саxа) xалқының шамандық нанымдарымен байланысты тыйымдары Н.А.Алексеев, В.Л.Серошевский еңбектерінде көрініс тапқан Л.П.Потаповтың Алтай өңірін мекендейтін түркі xалықтарының шамандық нанымдары жөнінде жазған ғылыми еңбегінің де тыйымдарға тікелей қатысы бар.
Қазақ, қырғыз т.б түркі xалықтарының осындай тыйымдары жөнінде Г.Н.Потанин, В.В.Родлов, Ш.Уәлиxанов, Ә.Диваев, Н.И.Ильминский, И.И.Ибрагимов сынды ғалымдар да үзік-үзік құнды мәліметтер қалдырған. Қазақ xалқының нанымдары мен тыйымдарына байланысты кейбір бағалы деректерді академиктер Ә.Х.Марғұлан, Ә.Т.Қайдаров және белгілі этнограф Х.А.Арғынбаев және басқа ғалымдардың зерттеулерінен де кездестіреміз.
Түркі xалықтарының мәдениетінен орын тепкен тыйымдарға көршілес Қытай ғалымдары да назар аударыпты. Мәселен, 1990 жылы Пекиндегі "Шьюе Юан" баспасынан У Бин Лян мен Ма Фэйдің жарыққа шығарған ғылыми еңбегінде басқа xалықтармен қатар Қытай жерінде тұратын ұйғыр, сары ұйғыр, қазақ және қырғыз xалықтарының салт-дәстүріндегі тыйымдар жайлы өте бағалы мәліметтер бар.
Қазақ, қырғыз және алтайлық түркі xалықтарының салт-дәстүрлері мен тілдерінен орын алатын, әйел адамдарға тән ат тергеу салтымен байланысты қалыптасқан табу мен эвфемизмдер жайлы мәліметтер А.Н.Самойлович, Н.П.Дыренкова еңбектерінен кездеседі.
Қазіргі Түркия xалқының салт-дәстүріненбнаным-сенімдерінен орын алған тыйымдар жайлы құнды деректер орыс тілінде жарық көрген "Мифы, культы, обряды народов зарубежной Азии" және "Символика культов и ритуалов народов зарубежной Азии" деп аталатын ғылыми жинақтардан табылады.
Мифтер демекші, бүкіл әлем xалықтарының, оның ішінде түркі xалықтарының кейбір тыйымдары да мифтер мен аңыздардан кең орын алған. Олар туралы бағалы деректер бүкіл әлем xалықтарының мифологиялық сөздігіне тіркелген.
Түркі тілдеріндегі табу меү эвфемизмдер әлі толық зерттеліп болмағанымен, жекелеген тілдерде, дәлірек айтқанда, түрікмен, өзбек, әзірбайжан және қазақ тілдерінде осы тақырыпқа арнап, С.Алтаев, Н.Исматуллаев, Х.М.Джаббаров жазған зерттеулермен қатар, қазақ, қырғыз, өзбек және Алтай өңірін мекендейтін түркі xалықтарының тілдеріндегі табу мен эвфемизмдерге арналған немесе оларға қатысы бар жекелеген мақалалар, ғылыми жұмыстар баршылық. Олардың ішінде жоғарыда аталған ғалымдармен қатар түркі тіл білімінде, ғылымында үлкен елестерімен белгілі С.Аманжолов, Ғ.Мұсабаев, К.Аxонов, Н.А.Баскаков, Ш.Ш.Сарыбаев, Т.Жанұзақов, Ә.Болғанбаев, Ә.Нұрмағамбетов, Ғ.Қалиев, Ж.Болатов, С.Қасқабасов, Е. Жанпейісов, Т. Қоңыров, Ш. Бектұров, М. М. Копыленко, Б. Хасанов, Ш. Ч. Сат, И. Лауде-Циртаутас т.с.с ғалымдардың еңбектері бар [1; 2; 6; 7; 8].
Табу мен эвфемизмдердің кейбірі тіл мәдениетімен де байланысты қалыптасады. Бұл туралы құнды пікірлерді белгілі ғалымдар І. Кеңесбаев, М. Балақаев, Р. Ғ. Сыздықова, Ө. Айтбаев, Қ. Есенов, Ә. Әбдірахманов, Н. Уәлиев, Б. Қалиев және басқалардың ғылыми еңбектерінен кездестіреміз.
Табу мен магияның арақатынасы, олардың біріншісі, яғни табу мәдениет пен рухани дамудың төменгі сатыларында қалыптасқан және әлемге кең тараған ескі нанымдардың бірі – магиядан туындайды. Сонымен қатар онда адамдардың магиялық ойлау жүйесінің ғылымға сай келмейтін екі принциптен тұратындығы және ол принциптердің біріншісінің кез келген құбылыс өзіне ұқсас құбылыстан туындайды немесе салдар өзінің себептеріне ұқсас болады деген қағидаға, ал екіншісінің бұрын біртұтас немесе бір-бірімен кездейсоқ жанасқан екі заттың арасында қалыптасқан қатынас кейін әлгілер қайта бөлініп, бір-бірінен бой үзіп кетсе де бұзылмай, бастапқы қалпын сақтап қалады-мыс деген нанымға негізделетіні әлемдік деңгейде бұлтартпас деректермен дәлелденген ағылшындардың белгілі этнологы Дж. Фрезердің тұжырымдарының шындық екендігі түркі халықтарының мәдениеттерінен нақты деректермен толықтырыла түседі.
Ғылымда жоғарыда аталған екі принциптің алдыңғысы – ұқсастық, соңғысы жанасу немесе жұғысу деп аталады. Бірінші принцип немесе ұқсастық заңы бойынша, адам кез келген мақсатқа соған ұқсас іс-әрекет жасау арқылы жетуге болады деп сенген. Мысалы, қас жауының көзін құрту үшін ол алдымен әлгі дұшпанның бейнесін жасап, содан соң оны қайта бүлдірген, бұзған немесе мүлдем жойып жіберген. Өйткені осылай істесе, жау да жарақаттанады, әлсірейді немесе өледі деп кәміл сенген. Мұндай сенім осыдан мыңдаған жылдар бұрын байырғы Индияда, Вавилонда, Мысырда, Грекия және Римде кең орын алған, ал оның сарқыншақтары тіпті осы күнге дейін Австралия, Африка және басқа материктерде кездеседі.
Екінші принциптің немесе жанасу (жұғысу) заңының негізінде бір кезде бірге болған, жанасқан немесе жұғысқан екі заттың біріне істелген іс-әрекет екіншісіне де дәл солай әсер етеді деген наным жатады. Мұның айқын мысалы ретінде адам мен оның шашының немесе тырнағының арасындағы байланысты алуға болады. Қалыптасқан магиялық наным бойынша, үзіліп немесе қырқылып қалған шаш пен тырнақ адам денесінен ажырап қалғаннан кейін де әлгі адаммен байланысын үзбейді, сондықтан да бөтен біреудің шашы мен тырнағын қолға түсірген кез келген адам әлгілердің иесіне өз әмірлерін жүргізе алады-мыс. Мұндай наным кезінде өте кең тарап, әлем халықтарының көпшілігін қамтыған болатын.
Алайда рухани дамудың төменгі сатыларында қалыптасқан магиялық іс-әрекеттер жоғарыда аталғандай бір жақты болып қоймаған. Магялық наным бойынша, адамдар сонымен қатар кейбір әрекеттердің кесірі немесе зияны тиеді деп бас тартқан немесе ондай әрекеттерге тыйым салған. Мысалы, Мадагаскар аралында қалыптасқан магиялық наным бойынша, жауынгерлер кірпінің етін жемеген. Кірпінің болар-болмас сыбдырдан қорқып, домаланып қалатыны сиқты, оның етін жесе, жауынгерлер де су жүрек қорқақ болады деп, олай етуге қатаң тыйым салған.
Магиялық іс-әрекеттер жоғарыдағыдай екі түрлі мақсатты көздейтіндіктен, оң және теріс магия болып екі топқа бөлініп, бірінші топқа жататын магиялық іс-әрекеттер – сиқырлау, арбау немесе жадылау, ал екінші топтағылар – табу яғни тыйымдар деп аталған. Сонымен қатар сиқырлау мен жадылаудың негізінде «пәлен мақсатқа жеткің келсе, пәлендей әрекет істе», ал табудың, яғни теріс магияның негізінде «пәлендей іс-әрекет істеме, істесең, кесірі тиеді немесе пәле-жалаға ұшырайсың» секілді қағидаттар жатады.
«Тыйым» деген ұғымды білдіретін «табу» деген терминнің төркіні Полинезияның тонга тілі болғанымен, Полинезия мен Меланезияда табудың «тапу», «капу», «тамбу» сияқты диалетілік синонимдері де кездеседі әрі олардың мағыналық аясы «тыйым» деген ұғыммен қатар «киелі» деген ұғымды да қоса қамтиды. Демек, табу о баста жәй ғана тыйым емес, киелі нәрсені аяқ асты етуге болмайды, әйтпесе оның киесі атады деген қорқыныштан туындайтын тыйым ретінде қалыптасқан. Бірақ бұл күнде табу этнолингвистикалық термин ретінде Полинезия және Меланезия мәдениетіндегі әлеуметтік тыйымдардың ғана атауы емес. Керісінше, ол басында ағылшын тіліне, содан соң әлемнің басқа тілдеріне біртіндеп еніп, енді жалпы плпнеталық әмбебап ғылыми термин ретінде кез келген халықтың наным-сенімдерінен, мәдениетінен, тілінен орын тепкен сан алуан тыйымдардың бәрін бірдей қамтып, олардың бірегей атауына айналып отыр. Өйткені қай мәдениеттің де негізінде қалыптасқан тыйымдар бір-біріне өте ұқсас болып келеді.
Мұндай тыйымдардың ішінде түркі халықтарына тән тыйымдар да ұшырасады. Мәселен, орта ғасырларда түркі еліне бөтен елден келген адамдар бірден еніп кете алмаған. Олай етуге қатаң тыйым салынатын болған, себебі ол заманда қалыптасқан магиялық наным бойынша, бөгде елден келген адам ең алдымен отпен аласталып, өзімен ала келген бәле-жаласы болса, содан «тазарып», тек содан кейін ғана ел ішіне енуге мүмкіндік алған. Мына бір дерек – жоғарыда айтылғанның айқын дәлелі: кезінде Шығыс Рим империясының императоры, екінші Юстин, түріктермен бейбіт шарт жасасу үшін оларға өз елшілерін жібереді. Ел шетіне жеткен кезде елшілердің алдына шамандар (бақсылар) шығады. Олар бөтен елдің адамдарымен ілесе келген бәле-жала, сиқырлы арам пиғылдары болса, солардан тазарсын дегендей ең алдымен елшілер алып келген заттардың бірін қалдырмай оңаша жерге жиып қойып, айналасына хош иісті түтін түтетіп, тоқтаусыз зікір салып, қоңыраулатып дабыл қаққан. Елшілердің өздерін де лаулап жанған екі оттың арасынан өткізіп, аластаған. Мұндай магиялық рәсімнің орта ғасырда татар ханына келген шет елдік елшілерге де жасалғаны белгілі.
Отпен байланысты магиялық нанымдар мен олардың негізінде қалыптасқан тыйымдар кезінде қазақ халқының мәдениетінен де орын алған. Тарихи деректерге қарағанда, бұрынғы қазақ қауымы отты жарық нұрдың, күн көзінің нышаны, барлық бәле-жаладан аластайтын киелі құдірет деп қастерлеген. Сондай-ақ от – отбасының бейнесі есептелген. Сондықтан «менің үйім» деудің орнына «от жаққан жерім», «бір үй» деудің орнына «бір түтін» деген тұрақты тіркестер қолданылған. «Оты өшті», «түтін түтетері қалмады» деген тіркестер бір отбасының құруын, ұрпағының үзілуін бейнелеген. От үйдің, ырыстың қамқоршысы саналған. Малға ауыру – індет келгенде де оны отпен аластаған. Қыстаудан көшкен кезде де малды отпен аластау салты сақталған. Жайлауға шыға беріс көш жолына екі жерден үлкен от жағып, жетектелген түйелі көшті, айдалған қоралы қой мен сиырларды осы екі оттың ортасынан өткізіп аластаған. Әдетте от басында «алас-алас, бар пәлемен талас» деп зікір салып, екі кемпір тұратын болған. Ал, жоғарыдағыдай магиялық нанымдар мен тыйымдар әлем халықтарының мәдениетінен тек ертеректе ғана орын алып, бұл күнде мүлдем жойылып кетті деуге әзірше тым ертерек. Өйткені магия – кез келген діни нанымның құрамдас бөлігі екені ғылымда көптен белгілі. Олай болатын болса, магияның оң тармағымен қатар теріс тармағы – табу да бүгінгі дін атаулының немесе кез келген наным-сенімнің ішінде қат-қабат араласып, бірге жүр деп ұққан жөн. Соңғы тұжырымның дәлелдерін алстан іздеудің қажеті жоқ. Өйткені түркі халықтарының мәдениетінде күні бүгінге дейін ұшырасады.
Көптеген халықтарға тән сөз магиясына деген сенімнің бір айғағы адам есімімен тікелей байланысты. Ертеректе кең орын алған бұл нанымның негізінде адам мен оның есімінің арасында материалдық байланыс бар деген түсінік жатады. Сондықтан да кез келген адам кез келген басқа адамның есімін біліп алса, сол есімді жадылау арқылы оның иесін қинауға, дертке шалдыруға, кемтар етуге немесе мерт қылуға болады деп, адамның шын есімін ашық қолданудан сескеніп, оны барынша құпия ұстаған, яғни тыйым салған.
Ат тергеу салтының айғағы іспеттес, «Ата, ата! Сылдырманың арғы жағында, Сарқыраманың бері жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр. Жаныманы білгеге білеп алып келе қойыңыз», - дейтін ақылды келіннің атасына айтқан астарлы әңгімесі бұл күнде табу мен эвфемизмге қойылған ғажайып ескерткіштей, әлемдегі ең салиқалы басылымдардың бірі – Британия энциклопедиясының төрінен орын алып, дүйім дүниеге танымал болды. Өйткені жоғарыдағы мәтінде біздер әдейі курсивпен беріп отырған сылдырма, сарқырама, маңырама деген астарлы сөздер мен соларды бет перде етіп ізетті әйелдің атасына ашық айтуға бата алмаған: Қамысбай, Өзенбай, Қойшыбай, Пышақбай, Қайрақбай сияқты есімдер мен сол есімдердің бастапқы буындарын айнытпай қайталайтын қамыс, өзен, қой, пышақ, қайрақ деген қарапайым сөздер – түркі халықтарының ат тергеу салтын бейнелейтін әрі сол салтқа келіндерін баулитын тамаша үлгі ғана емес, сонымен қатар табу сөздер мен оларды алмастырып отыратын эвфемизмдерге керемет мысал [6, 47].
Сондай-ақ бөрімен байланысты тыйымдар түркі халықтарында тек мал шаруашылығы мен аңшылық кәсіптің негізінде ғана қалыптаспаған. Ол тыйымдардың басты себебі түркі халықтарының байырғы тотемдік нанымдарымен де байланысты. Бұған қоса бөрінің тува жəне қазақ тіліндегі эвфемистік баламаларын салыстыра қарағанда, қазақ тіліндегі «ит-құс» деген сөздің көмескілеу болып қалған этимологиясы айқындала түседі. Бұл күнде қазақ тілінде қос сөзге айналып, «қасқыр» деген бір-ақ ұғымды білдіргенімен, «ит-құс» о баста «бөрі» жəне «бүркіт» деген табу сөздердің орнына қолданылған толық мағыналы «ит» жəне «құс» деген дара эвфемизмдер екеніне көз жеткіземіз. Магиялық наным, оның ішінде сөз сиқырына сену ертеректе қазақ арасында ерекше орын алғанын «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады» сияқты аталы сөзден де айқын байқалатынын негізге ала отырып, кезінде Шоқан Уəлиханов өз ойын былай түйіндепті: «Язык человека через слово имел, по мнению киргизов (казахов), разрушительное влияние... Если у киргиза (казаха) умрет красивый ребенок, пропадает хороший конь, улетит хороший сокол, испортится ружье-все приписывается человеческому языку». Демек, қазақ сүйкімді баласы шетінесе де, жақсы аты жоғалып, қыран құсы оралмай, ұшып кетсе де, тіпті мылтығы түзу тимесе де басқалардың сұқты тілінен көрген.
Сөз бен тілдің осындай қуатына шексіз сенудің салдарынан ертеректе түркі халықтарында сөз арқылы бəлені айдау, сөз арқылы жақсылық шақыру əдеттері туған. Қазақ ауыз əдебиетінің ескі нұсқаларына жататын бəдік, бұлт шақыру, күн жайлату өлеңдері мен бүйі, жылан, қара құрт шаққанда айтылатын арбау, байлау өлеңдері де сөз магиясына сенудің халық санасынан қаншалықты терең орын алғандығының ең мықты айғақтары деп толық айта аламыз. Сөз магиясына сенудің енді бір көрінісі халықтың ертеректе қарғыс пен алғысқа немесе батаға өте мəн бергенінен де айқын байқалады.
Сөздің құдіретіне сенудің жəне бір көрінісі ант ішумен байланысты. Мысалы, адам өзінің пəк немесе бейкүнə екенін дəлелдеу үшін, куə шақырмай-ақ, от соқсын, нан ұрсын, дəм-тұз ұрсын, оңбайын, көгермейін, бала-шағамның қызығын көрмей кетейін т.с.с толып жатқан сертті сөздердің біріне жүгінеді, яғни ант ішеді. Магиялық наным бойынша, өтірік ант ішуге немесе серт беруге болмайды. Керісінше, олай істеуге қатаң тыйым салынады. Өйткені бұл тыйым бұзылса, өтірік ант ішкен адамды табан астында ант атады деген үрейлі наным халық арасында кеңінен танымал. Сондықтан бұл тыйымды бұзудан əркім-ақ сескенетін болған.
Табу мен магияның арақатынасы жайлы ғылыми деректерді сараптай келе түйіндейтініміз мыналар: түркі халықтарының мəдениеті мен тілдерінде де табу немесе тыйым магиядан, дəлірек айтқанда, оның теріс принциптерден тұратын тармағынан туындайды; магия əлемге кең таралған наным. Ол - кез келген діннің, оның ішінде, мəдениет пен рухани дамудың төменгі сатыларында қалыптасқан анимизм, тотемизм, шаманизм сияқты қарапайым формаларынан бастап, бүгінде əлемде кең таралған басты діндердің бəрінің де құрамдас бөлігі, демек, ол кез келген мəдениеттен орын тепкен əмбебап құбылыс; магиялық наным бойынша, киелі қасиет өлі табиғатқа да, тірі табиғатқа да тəн. Сондықтан табу (тыйым) заттарға, өсімдіктерге, жан-жануарларға, адамдарға, сөз бен тілге жəне іс-əрекеттерге салынады əрі олардың түрлері де сан алуан болып келеді: магиялық нанымның негізінде сөздерге салынатын тыйым немесе лингвистикалық табу түркі тілдерінде де , эвфемизмдердің қалыптасуына əкеліп соғады, демек, тілдегі синонимдік қатарлардың өсуіне, сөздік қордың баюына үлкен əсер етеді.
Діни нанымдардың негізінде қалыптасқан ырымдар мен тыйымдардың кейбірі көп халықтың мəдениетінен орын алған. Мəселен, санау мен санақ жүргізу көптеген елдерде, атап айтқанда, Еуропа, Азия жане Африка елдернің басым көпшілігінде жаман ырым болып саналатындықтан, оларға ежелден-ақ тыйым салынып келгені ғылымда белгілі жай. Ондай ырымдар мен тыйымдар қазақтарға да тəн. Мəселен, ертеректе бай болсын, жарлы болсын қазақтар құдайдың қарғысы немесе тіл-көз тиеді деп, малының, бала-шағасының нешеу екенін ешкімге тіс жарып айтпаған əрі олай етуді жаман ырымға санап, тыйым салатын болған. Бұл пікірінің негізсіз емес екенін дəлелдейтін, 19-ғасырдағы қазақ даласының əлеуметтік жағдайын шынайы суреттейтін М. Əуезовтың "Абай жолы" романынан нақтылы бір мысал келтіре кетейік.
Семейден қайтып келе жатқан жолда Абай Тəкежан ауылына соқпай, қиыс өтіп бара жатады. Ауыл маңындағы мол жылқыға көзі түсіп, жанындағы Баймағамбеттен: " Осынын бəрі Тəкежан жылқысы ма? Қай уакытта қалай қалыңдап кеткен? " - деп сұраған кезде олардың қасына Тəкежанның Əзімбай деген баласы кеп қалады. Сөз реті келгенде, Абай жылқы жағын әңгіме етіп, Әзімбайдан жылкының санын сұрағанда, бала үндемей тартынып қалады. Ішінен жақсы біліп тұрған жылқы санын айтуды жаман ырым көреді. Өйткені әкeci Тәкежан, күнде түгендеп жүрген жылқының санын бала үйге айтып келгенде: «дабыратпа, кісіге малыңның санын aйтпа!» деп тыйым салатын.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   21




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет