Диплом жұмысының мақсаты мен міндеттері. Табу, эвфемизм, дисфемизм сөздерінің табиғатына үңілу және оларды қазақ мектебінің V сыныбында оқыту амалдарына бойлау. Осы мақсат аясында орындалар міндеттер төмендегіше:
Табу, эвфемизм, дисфемизм сөздерінің табиғатын тануға қатысты зерттеулерге сипаттама жасау;
Табу, эвфемизм, дисфемизм сөздерін халық ауыз әдебиеті үлгілерімен ұштастыра оқытуға бойлау.
Жұмыс әдісі. Зерттеу-ізденіс жұмыстары кезінде тарихи-салыстырмалы, талдау, баяндау, жүйелеу-салыстыру әдістері қолданылады.
Диплом жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының ғылыми тәжірибелерімен негізгі тұжырымдарын қазақ тілін, оның тарихын оқытуда, арнайы семинар курстарын жүргізуде теориялық-тәжірибелік дәйек ретінде пайдалануға болады.
1. ТАБУ, ЭВФЕМИЗМ, ДИСФЕМИЗМ СӨЗДЕРІН ОҚЫТУДЫҢ ҒЫЛЫМИ-ТЕОРИЯЛЫҚ ҚАҒИДАЛАРЫ 1.1 Табу, эвфемизм, дисфемизм сөздерінің табиғаты Табу, эвфемизм, дисфемизмдердің шығу тегін қуаласа, олар адамзат тарихының түкпіріне қарай жетелейді. Оған тереңірек бойласақ, табу, эвфемизм, дисфемизмдер адам баласының рухани мәдениетінің бастапқы сатыларынан бастап, күні бүінге дейін қалыптасқан дәстүрлі наным-сенімдермен де, әдет-ғұрып, салт-саналармен де, қазіргі заманның басты діндерімен де, тіпті өзіміз өмір сүріп отырған дәл бүгінгі таңдағы тіл мәдениетімен де тікелей байланысты екендігіне көз жеткіземіз.
Табу – о баста этнолингвистикалық ұғым ретінде Полинезияның тонга тілінен тарағанымен, бұл күнде ол – әлем тілдерінің бәріне дерлік еніп үлгерген халықаралық термин. Дәлірек айтқанда, «taboo» немесе «tabu» деген сөзді алғаш ағылшын тіліне ендірген – 1768-1779 жылдар арасында жер шарын кемемен үш рет орап өтіп, Тынық мұхитының көптеген аралдарын, Австралияның шығыс жағалауын және басқа да географиялық жаңалықтар ашқан, бұл күнде есімі әлемге әйгілі жиһангер Джеймс Кук (Капитан Кук) болатын. Табу деген терминнің кейін басқа тілдерге тез тарап, оңай сіңіп кетуінің басты себебі, біріншіден, ағылшын тілі ол кезде əлемнің тең жартысын билеп тұрған ең ірі империя тілі болуында жатса, екіншіден,сан-қилы тыйымдардың, яғни табудың кез келген мəдениет пен тілге тəн əмбебап этнолингвистикалы құбылыс екендігінде жатыр. Сондықтан табуға көптеген ғалымдардың назары ауып, этнографиялық тұрғыдан да, лингвистикалық тұрғыдан да арнаулы еңбектер жарық көрді. Олардың ішінде ағылшын, неміс, француз, испан, орыс, грузин, əзербайжан, өзбек, түркімен, қазақ тілдерінде жазылған монографиялық еңбектермен қатар жекелеген зерттеулер де, мақалалар да кездеседі [1, 89].
Еске сала кететін жəне бір мəселе - табу мен эвфемизмдерді тудыратын əлеуметтік себептер негізінен ұқсас келетіндігіне қарамастан, олардың жекелеген мəдениет пен тілдердегі көріністері, атқаратын қызметтері тек сол мəдениет пен тілдерге ғана тəн ерекшеліктермен сипатталады.
Табудың шығуын, таралуын жəне түрлерін əлемдік деңгейде əрі этнографиялық тұрғыдан зерттеген ағылшындардың Эдуард Тэйлор бастаған антропологиялық мектебінің ірі өкілі Джеймс Фрезер болатын. Ғалымның 12 кітаптан тұратын «The Golden Bough» («Алтын бұлақ») деп аталатын ірі ғылыми еңбегінің екіншісі дүние жүзі халықтарының мəдениеттерінде кездесетін жалпы табу мəселесіне арналған. Онда Дж. Фрезер табу атаулыны ірі-ірі 4 топқа бөліп, біріншіге тыйым салынған іс-əрекеттерді, екіншіге адамдарды, үшіншіге заттарды, ал төртінші топқа тыйым салынған сөздерді жатқызады. Алайда тыйым салынған сөздер де табудың басқа түрлері секілді тек этнографиялық тұрғыдан ғана қарастырылады. Ол еңбекте тыйым салынған сөздерді алмастырып отыратын э в ф е м и з м д е р-г е де нақты мысалдар беріледі. Бірақ оларға лингвистикалық тұрғыдан талдау жасалмайды.
Адамзаттың рухани дамуының төменгі сатыларында табу атаулының барлығы дерлік діни наным-сенімдердің негізінде қалыптасқандықтан, оларды теология тұрғысынан зерделейтін ғылыми еңбектер басымдау келеді.
Табудың кейбір түрі т о т е м д і к нанымдармен тығыз байланысты. Бұл салада жарық көрген ғылыми еңбектердің ішінен Дж. Фрезердің «Totemizm and exogamy» («Тотемизм жəне экзогамия») жəне Зигмунд Фрейдтің «Totem and Tabu» («Тотем жəне табу») атты бүкіл əлемге белгілі жұмыстарды айрықша атауға болады.
Табуға арналған бағалы жұмыстардың бірі - Ф. Стайнердің «Taboo» («Табу») деп аталатын еңбегі. Ғалым мұнда ерекше жаңалық ашпағанмен, жоғарыда аталған Дж. Фрезер, В. Р. Смит, З. Фрейд жəне басқа ғалымдардың табу жөнінде жарыққа шығарған зерттеулеріндегі кемшіліктер мен олқылықтарды сынай отырып, өз ойын ортаға салады. Негізінен Ф. Стайнердің бұл еңбегін оның студенттерге оқыған табу жөніндегі лекцияларының жинағы десе болады.