- Еліктеу сөздің жеке сөз табы болып танылуы, біріншіден, олардың бәріне ортақ дыбысқа, бейнеге еліктеу мағынасының болуы. Обьективті өмірде болып жатқан дыбыстар мен бейнелер еліктеу сөздер мәні арқылы ұғыны-лады. Еліктеу сөздер өзінің шығуы мен құрылысы жағынан еш сөз табына қосылмайды. Адам баласы тілінің пайда болуы, тілдің шығуы туралы пікірлердің бірі - дыбысқа еліктеу теориясы бойынша табиғаттағы дыбыстарға еліктеуден алғашқы сөздер жасалып, ол сөздер сол заттардың атауларына айналған делінеді. Түрлі тілдерде қарқ-қарқ, мияу-мияу, гу-гу, тарс-тарс, саңқ-саңқ, қор-қор, сықыр-сықыр, ыңқ-ыңқ тәрізді еліктеуіш сөздер және олардан жасалған қарқылдау, мияулау, гуіл, гуілдеу, тарсыл, тарсылдау, саңқылдау, қорыл, қорылдау, сықыр, сықырлау, ыңқыл, ыңқылдау тәрізді туынды сөздер жасалған. Бұдан тілдің шығуы еліктеу сөздерге байланысты болған деген пікірдің жаны бар екені көрінеді.
- Мысалы, «көкек» сөзі құстың «ку-кук» деп шығарған дыбысына байланысты, құстың бір түріне берілген атау. Мұндай атаулар тілде көп, әрі бұл туралы түрлі теориялар қазақ тіл білімінде айтылып та жүр. Бұған Қ. Хұсайыновтың ғылыми еңбегі дәлел. Бұл ғылыми зерттеуде қазақ тілінде нағыз дыбыс пен бейнеге еліктеуден пайда болған бір топ сөздердің бары, олардың дыбыс пен бейнеге еліктеу ұғымына байланысты ортақ мағынасы болатыны, ондай сөздер еліктеу сөздер тобына жататыны ғылыми тұрғыда дәлелденді.
Түрлері - Еліктеу сөздердің біразының семантикасы табиғатта ұшырасатын әр алуан дыбыстармен байланысты мағыналарды білдірсе, кейбірінің мағыналары сол табиғаттағы әр қилы көріністердің бейнелерін білдіреді. Мысалы, «мылтық тарс етті», «қарға қарқ етті» деген мысалдарда, «тарс» мылтықтың атылуынан шыққан, «қарқ» қарғаның қаңқылдауынан пайда болған дыбыстардың мағынасын беріп тұрса, «Алшаң басып аю келеді», «Абай кілт бұрылып, жалт қарады» дегенде «алшаң, кілт, жалт» сөздері бейнеге еліктеу мағынасын білдіріп тұр.
- Еліктеу сөздер ішкі мағыналық ерекшеліктеріне орай екі салаға бөлінеді, бірі - еліктеуіш (еліктеме) сөздер, екіншісі - бейнелеуіш (бейнелеме) сөздер аталады.
Достарыңызбен бөлісу: |