Зерттеудің практикалық мәні: Жоғары оқу орындарына арнап: «Конструкция және технология даярлау негіздері», «Арнайы сурет және ою-өрнек» пәндерінен типтік бағдарламалар; «Киім тарихы», «Топтама бұйымдарын жобалау», «Материалмен жұмыс» пәндері бағдарламаларының мазмұнына қосымшалар; «Қазақ ұлттық киімдерінің тағлымы» атты элективтік курс бағдарламасы; «Іс тіге біл» студиясының бағдарламасы, Материалмен жұмыс пәніне арналған «семестрлік жұмыс үлгісі», Киім дизайны мамандығының студенттеріне арналған дипломдық жобаны орындау бойынша әдістемелік нұсқаулар жасалды.
Зерттеу нәтижелерін жоғары және арнайы орта педагогикалық, көркемөнер-техникалық оқу-орындарында, мамандар біліктілігін қайта жетілдіретін мекемелерде пайдалануға болады.
Қорғауға ұсынылатын қағидалар:
Қазақтың ұлттық киімдері студенттердің еңбекке қызығушылығын қалыптастырудың жетекші құралы. Өйткені олардың эстетикалық тұрғыдан әсерлілігі оған жағымды эмоционалдық көзқарасты, әуестікті; бай тарихы мен терең мазмұны, әлеуметтік мәні мен маңыздылығы, ерекшеліктері мен жіктемесінің кеңдігі мен қызықтылығы білуге құмарлықты, осы білімдерді пәндер мүмкіндіктері арқылы меңгерту пәнге қызығушылықты; ұлттық киім үлгісін әзірлеудің сан түрлі техникалары мен технологияларының күрделілігі мен әсерлі орындалуы оны меңгеруге ынтасының болуы кәсіпке қызығушылықты; ұлттық киім үлгілерін дербес белсенділікпен әзірлеуге даярлығы мен өнімді еңбек арқылы жетістікке қол жеткізуге ұмтылысы еңбекке тұрақты қызығушылықты қалыптастырады.
Қазақ ұлттық киімдерінің мазмұндық және конструкциялық-технологиялық ерекшеліктерін анықтау мен негіздеу еңбекке қызығушылықты тиімді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Себебі, олардың шығуы мен даму тарихы, жіктемесі, ерекшеліктері, атқаратын қызметі туралы білімдер студенттердің танымдық қызығушылығын қалыптастыруға ықпал етсе, ұлттық киім үлгісін әзірлеудің танымдық, көркем-шығармашылық, өндірістік процесі тұлғаны эстетикалық тұрғыдан жетілдіреді, шығармашылық ойлау, қиял, белсенділік, қабілеттерін дамытады, еңбек ету іскерліктерін, дағдыларын жетілдіреді, шеберліктерін шыңдайды
Ұлттық киім үлгісін әзірлеу арқылы студенттердің еңбекке қызығушылығын қалыптастырудың моделі эмоционалдық-мотивациялық, мазмұндық, интеллектуалдық, еріктік, іс-әрекеттік, нәтижелілік компоненттердің бірлігін қамтиды және нақты өлшемдер мен көрсеткіштер арқылы сипатталады.
Қазақ ұлттық киімдері мен оны әзірлеу ерекшеліктері саласынан жүйеленген білімдер негізінде жасалған элективтік курс, студия бағдарламалары және оларды жүзеге асыруға байланысты оқу-әдістемелік нұсқаулар мазмұнын жасау және практикаға ендіру, әр түрлі дәстүрлі және инновациялық әдістерді және жеке, топтық, ұжымдық формаларды пайдалану студенттердің еңбекке қызығушылығының нәтижелі қалыптасуына ықпал етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |