Зерттеу кезеңдері. Бірінші кезеңде (2001-2003 жж.) қарастырылып отырған проблема бойынша материалдар жиналып, жүйеге келтірілді, ғылыми аппарат айқындалды, педагогтардың озық тәжірибелері жинақталып, қорытыланды, эксперимент жұмысының бағдарламасы даярланды.
Екінші кезеңде (2004-2008 жж.) оқу-тәрбие үдерісіне ендірілетін қазақ ұлттық киім мазмұны және оны әзірлеуге байланысты материалдар сұрыпталды. Үйірме жұмысының бағдарламасы даярланып, элективтік курс бағдарламасының мазмұны айқындалды және «Киім дизайны», «Кәсіптік білім» мамандығының бірқатар оқу бағдарламаларына қосымшалардың мазмұны әзірленді. Оларды оқу-тәрбие үдерісінде пайдаланудың әдістемесі жасалды. Тәжірибелі-эксперимент жұмыстары жүргізілді, аралық кесінділер алынды.
Үшінші кезеңде (2008-2010 жж.) зерттеу нәтижелері жүйеге келтірілді, деректер математикалық өңдеуден өтті, қорытынды, ұсыныстар берілді, пайдаланылған әдебиеттер жүйеге келтірілді.
Зерттеу нәтижелерінің дәлелділігі мен негізділігі теориялық-әдіснамалық негіздерімен, зерттеу мазмұнының ғылыми аппаратқа сәйкестілігімен, тәжірибелі-эксперимент жұмысының мақсатына, міндеттеріне, мазмұнына барабар кешенді әдістердің пайдаланылуымен қамтамасыз етіледі.
Зерттеу базасы. Тәжірибелі-эксперимент жұмысы Қазақтың мемлекеттік Қыздар педагогикалық университетінде, Абай атындағы Қазақтың ұлттық педагогикалық университетінде, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өткізілді. Экспериментке 105 студент қатысты: оның 54-і эксперимент тобында, 51-і бақылау тобында.
Зерттеу нәтижелерін сынақтан өткізу және практикаға ендіру. Зерттеу нәтижелері эксперимент барысында жүзеге асты және халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда (Алматы 2002, 2005, 2007, 2008; Шымкент 2007), жоғары оқу орындары профессор-оқытушыларының ғылыми-әдістемелік конференцияларында («Сымбат» сән бизнесі академиясы, 2002; Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА, 2002; әл-Фараби атындағы ҚазҰМУ, 2005; Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті, 2007), Қазақстанның «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасына байланысты түсірілген «Хабар», «Таң» арнасындағы телебағдарламаларда (2006) баяндалды, сондай-ақ мерзімді басылымдарда, жарық көрген ғылыми мақалаларда, ғылыми жинақтарда, оқу-әдістемелік нұсқауларда көрініс тапты.
Достарыңызбен бөлісу: |