Есеп комитеті қызметінің негізгі қорытындысы


Экономикалық даму және сауда министрлігіне (бұдан әрі – ЭДСМ)



бет3/9
Дата23.02.2016
өлшемі4.92 Mb.
#4311
1   2   3   4   5   6   7   8   9

10. Экономикалық даму және сауда министрлігіне (бұдан әрі – ЭДСМ) бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін бақылаудың нәтижесінде бюджет және өзге де заңнаманың кейбір нормалары сақталмағандықтан, жалпы 113,1 млн.теңгенің бұзушылықтарына жол берілгендігі анықталды.

ЭДСМ мен жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылы 13 сәуірдегі № 301 қаулысымен бекітілген «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасын (бұдан әрі – Бағдарлама) іске асыруға бөлінген 10 119,7 млн.теңге республикалық бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланған.

2010 жылы ЭДСМ мен жергілікті атқарушы органдар инфрақұрылымды дамытуды және бизнеске сервистік қызмет көрсетуді үйлестіре отырып, өңірлерде жаңа бизнес-бастамаларды қолдау жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізбеген. Бағдарламаны іске асыру бағыттары бойынша тек кейбір кәсіпкерлерге ғана қолдау көрсетілген.

Бастапқыда жаңа бизнес-бастамаларды қолдауға, кәсіпкерлік секторды сауықтыруға, кәсіпкерлердің валюталық тәуекелдерін төмендетуге 2010 жылға арналған республикалық бюджетте 29,9 млрд.теңге қарастырылғанына қарамастан, бюджетті нақтылау кезінде бұл сома 14,4 млрд.теңгеге азайтылған. Өз кезегінде, «Даму қоры» АҚ 2010 жылы республикалық бюджет кірісіне 3,4 млрд.теңге қайтарған. Бұл ретте Бағдарламаны іске асырудағы кассалық шығыстар 15,4 млрд.теңгені құрап, жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша нақты шығын мөлшері 5,9 млрд.теңге болған. Бақылау барысында 2,5 млрд.теңгенің шығыстары расталды.

2010 жылы игерілмей қалған қаражат қалдығы 12,9 млрд.теңгені құраған, оның 10,0 млрд.теңгесі – жергілікті бюджеттердің шоттарында, 2,9 млрд.теңгесі «Даму қоры» АҚ-ның ағымдағы және есеп айырысу шоттарында жатқан. Осының салдарынан кредиттерді арзандату жөніндегі нысаналы индикатор жалпы 400 млрд.теңгеге орындалмаған, ол 2010 жылы 35,7 млрд.теңге немесе 8,9 пайыз болған.

2011 жылдың бірінші жартыжылдығында Бағдарламаны іске асыруға 11,7 млрд.теңге бөлінген. Кассалық шығыстар – 10,2 млрд.теңгені, ал жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша шығындар 8,7 млрд.теңгені құраған.

2010 жылы жеке кәсіпкерлерлік субъектілеріне/экспорттаушыларға кредиттер бойынша пайыздық ставканы субсидиялауға бөлінген 5,0 млрд.теңге бюджет қаражатының 3,0 млрд.теңгесі жергілікті бюджеттерде игерілмей қалған, ал 1,8 млрд.теңгесі «Даму Қоры» АҚ-ның есеп айырысу және ағымдағы шоттарында болған. ЭДСМ-ның деректері бойынша, 2010 жылы аталмыш бағыттарда іс жүзінде 1,3 млрд.теңге немесе бөлінген қаражаттың 26%-ы игерілген. Бақылау барысында тек 0,2 млрд.теңгенің немесе бөлінген қаражаттың 4%-ының шығыстары расталды.

Үстеме бақылау барысында анықталғандай, 2010 жылы Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларында банктердің кредиттері бойынша пайыздық ставканы субсидиялауға жоспарланған қаржының 0,2 млрд.теңгесі немесе 6%-ы игерілген. Ақмола облысында жоспарланған 13 кредиттің біреуі (7%), Қарағанды облысында 59 кредиттің 10-ы ғана (16%) субсидияланған. Ақмола, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай, Павлодар облыстарында, Астана және Алматы қалаларында экспорттық өндірісті қолдауға арналған банк кредиттері бойынша пайыздық ставкалар қаржыландырылмаған.

Бақылау кезінде Ақтөбе, Алматы және Жамбыл облыстары республикалық бюджет кірісіне кәсіпкерлікті қолдауға арналған 134,4 млн.теңге мөлшерінде ағымдағы нысаналы трансферттерді қайтарды.

Бағдарламаны іске асыру жөніндегі жаңа бизнес-бастамаларды қолдау шеңберінде «Даму Қоры» АҚ арқылы жеке кәсіпкерлік субъектілеріне /экспорттаушыларға банктік кредиттер бойынша жалпы 11,9 млрд.теңге болатын 64 кепілдік беру қарастырылған. Осы мақсатта 2010 жылы республикалық бюджеттен 3,2 млрд.теңге бөлініп, ол қаржы жергілікті бюджетке толық көлемінде аударылған.

Іс жүзінде, кепілдік жалпы 678,0 млн.теңге болатын үш кредит бойынша ғана берілген. Бұл ретте «Даму Қоры» АҚ 63,7 млн.теңге мөлшерінде кредиттерге төлем жасаған, бұл осы мақсатқа қарастырылған қаржының 2%-ын құрайды. Сонымен, республикалық бюджеттің 3,1 млрд.теңгесі игерілмей қалған.

Бірқатар жағдайларда, нысаналы трансферттер өңірлерге тиісті негіздемесіз бөлінген. Мәселен, 2010-2011 жылдары өтінімдері, жобалары және тиісті есептеулері болмаса да, Батыс Қазақстан облысына 793,5 млн.теңге мөлшерінде нысаналы трансферт бөлінген.

Кәсіпкерлік секторды сауықтыру үшін 2010 жылы «Даму Қоры» АҚ-ға 1 250,0 млн.теңге бөлінген. Іс жүзінде, жалпы 150,4 млн.теңгеге немесе алынған қаржының 12%-ына 15 кредит субсидияланған. 2011 жылдың 1 қаңтарына 1,1 млрд.теңге мөлшеріндегі пайдаланылмаған қаржы қалдығы «Даму Қоры» АҚ-ның екінші деңгейдегі банктердегі шоттарында жатқан.

2011 жылдың бірінші жартыжылдығында «Даму Қоры» АҚ-ның есеп айырысу шотынан өтінім берушілердің екінші деңгейдегі банктерде ашылған ағымдағы шоттарына 81 кредит бойынша 1,4 млрд.теңге аударылған. Іс жүзінде, жалпы 969,0 млн.теңгеге 77 кредит қаржыландырылған, бұл көзделген қаражаттың 16,1%-ын құрайды.

2011 жылғы 1 шілдеге «Даму Қоры» АҚ-ның есеп айырысу шотында және екінші деңгейдегі банктерде ашқан ағымдағы шоттарында 1,88 млрд.-тан астам теңге жатқан.

Қаржы агентінің көрсететін қызметін қаржыландыру үшін 2010 жылы Бағдарламаны іске асыруға 366,0 млн.теңге қарастырылған, бұл ретте кассалық және нақты шығыстар 363,3 млн.теңгені құраған.

Осы орайда қаржы агентінің бір кредитті сүйемелдеу бойынша көрсететін қызметі 2 671,0 мың теңге болады деп қарастырылған, іс жүзінде, ЭДСМ оның ставкасын 2 816,1 мың теңгеден төлеген. Сөйтіп, «Даму Қоры» АҚ-ның 2010 жылы 129 кредитті субсидиялау бойынша көрсеткен қызметі үшін ЭДСМ 344,6 млн.теңгенің орнына 18,7 млн.теңгені артық төлеген, бұл қаржы республикалық бюджет кірісіне қайтарылуға жатады.

«Даму Қоры» АҚ шартта көзделген міндеттемелерін толық көлемінде орындамаған, 78 кредит бойынша ақы төлемеген және қаражаттың игерілуіне мониторинг жүргізбеген.

Ақпараттық жүйені құруға, халықаралық ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан концессиялық және зерттеу жобаларына сараптама жүргізуге және оларды іске асыруға бөлінген 1 251,9 млн.теңге республикалық бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылған.

Республикалық бюджеттік инвестициялық және концессиялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесін қалыптастыру және оған сараптама жүргізу бойынша жүйелі жұмыстар ұйымдастырылмаған. Халықаралық ұйымдармен бірлесіп іске асырылып жатқан жобаларға кешенді зерттеу жүргізілмеген.

«Республикалық бюджеттік инвестициялық және концессиялық жобалардың техникалық-экономикалық негіздемесін, мастер-жоспарларын әзірлеу және оларға сараптама жүргізу, концессиялық жобаларды сүйемелдеу» бюджеттік бағдарламасы бойынша халықаралық және қазақстандық сарапшыларды тартуға бағытталған қаражаттың басым бөлігі қызмет көрсететін ұйымдарда қалып қоюда.
11. Мәдениет министрлігіне бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне жүргізілген бақылаудың, сондай-ақ 2010-2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспарды бағалаудың барысында бюджет және өзге де заңнама талаптарының 108,4 млн.теңгеге, мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманың 115,9 млн.теңгеге бұзылғаны анықталды.

Мәдениет министрлігі өзінің Стратегиялық жоспарында, соның ішінде республикалық бюджеттік бағдардамалардың орындалуы аясында көзделген бірқатар іс-шараларды уақтылы және сапалы орындауды қамтамасыз етпегендіктен, жекелеген көрсеткіштер мен өлшемдердің жоспарлық мәндеріне қол жеткізілмеген.

Жоспарланған 38 көрсеткіштің екеуіне, яғни, цифрлық форматқа аударылған кітапханалық қордың және тарихи-мәдени мұра объектілерінің үлестерін арттыру бойынша көрсеткіштерге 2010 жылға арналған бюджеттің секвестрленуіне байланысты қол жеткізілмеген. Сонымен бірге мақсатқа қол жеткізудің айқын сандық-өлшемдік көрсеткіштері көрсетілмеген.

Мәдениет министрлігінің мәдениет, тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты қамтамасыз ету, әлеуметтік маңызы бар іс-шараларды жүргізу жөнінде қабылдаған шаралары жеткілікті дәрежеде пәрменді және нәтижелі болмаған. Бюджеттің игерілмеген қаржысының жалпы көлемі 233 млн.теңгеден асып кеткен.

Аяқталған ғылыми-зерттеу жұмыстары мен қолданбалы зерттеулер Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Ұлттық-техникалық ақпарат ғылыми орталығы» АҚ-да әрдайым тіркеле бермеген.

Мәдениет министрлігі әлеуметтік маңызы бар және мәдени іс-шараларға байланысты шығындардың, қаламақы төлеудің, кәдесыйлар сатып алудың және басқа да шығыстардың есеп айырысуларының нормативтерін әзірлемеген.

Нормативтік-құқықтық базасы және мамандандырылған ұйым болмағандықтан, сметалық құжаттаманы жобалауды, қайта жаңарту жұмыстарын жүзеге асыруды, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қайта жаңартуды авторлық және техникалық қадағалауды бір заңды тұлға – «Қазқайтажаңарту» РМК жүргізуде, бұл бюджет қаражатын жұмсаудың айқындығын төмендетеді.

Жеті фильмді және сериалдарды түсіру бойынша материалдарды тапсыру мерзімдерін бұзғаны үшін «Қазақфильм» АҚ-дан жалпы 53,8 млн.теңге айыпақы өндіріліп алынбаған. 2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып, іс жүзінде орындалмаған іс-шаралар үшін «Қазақфильм» АҚ-ға 5,0 млн.теңге алдын ала төленген.

Мәдениет комитеті 2010 жылы бюджеттік өтінімде және Іс-шаралар жоспарында көзделген жалпы 272,5 млн.теңгенің 5 әлеуметтік маңызды және мәдени іс-шарасын өткізбеген. Сонымен бірге жалпы 288,9 млн.теңгенің басқа мәдени іс-шараларын жүргізген.

Бақылаудың қорытындысы бойынша Мәдениет министрлігі тексерілген кезеңде Стратегиялық жоспарды іске асыру, әлеуметтік маңызы бар және мәдени іс-шараларды жүргізу, республикалық бюджет трансферттерін пайдалануда жұмысты және бақылауды тиісті дәрежеде ұйымдастырмағаны атап өтілді; Үкіметке бәсекелестік ортаның және тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінің қайта жаңартылуын жүзеге асыруды регламенттейтін нормативтік құқықтық базаның болмауына, сөйтіп «Қазқайтажаңарту» РМК-нің ғылыми-қайта жаңарту жұмыстарына (жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, қайта жаңарту жұмыстары, авторлық және техникалық қадағалау) арналған қаражаттың жеткілікті дәрежеде ашық жұмсалмауына назар аудару ұсынылды.


12. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне (бұдан әрі – ИЖТМ) геология және жер қойнауларын пайдалану мәселелерін іске асыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкестігіне жүргізілген бақылаудың қорытындысы бойынша жалпы 343,9 млн.теңгеге бюджет және өзге де заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды, геологиялық ақпаратты пайдаланғаны және тарихи шығындарды өтемегені үшін жалпы 1 923,7 млн.теңге қаражаттың бюджетке уақтылы түсуі қамтамасыз етілмеген.

Бақылаудың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы № 1530 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында минералдық шикізат кешенін дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламаның (бұдан әрі – Бағдарлама) іске асырылу сапасы төмен екені анықталды. Геология және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша уәкілетті орган – ИЖТМ-ның Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті (бұдан әрі – Комитет) Республикалық бюджеттік комиссияның шешімдерін ескерместен, 635,6 млн.теңге республикалық бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланған.

Бастапқыда жобалар 12% мөлшерінде қосымша құн салығы (бұдан әрі – ҚҚС) ескеріле отырып бекітілгеніне қарамастан, ИЖТМ тиісті талдау жасамай, аяқталатын және өтпелі объектілер бойынша 12% ҚҚС өтеу үшін Комитетке қосымша қаражат бөлген. Бұл ретте шарттарды қаржыландыру жұмыстардың қалдық сметалық құнының және қаржының жылдық лимитінің есебінен қосымша жүргізілген. Сөйтіп «Оңтүстікқазжерқойнауы» және «Орталыққазжерқойнауы» өңіраралық департаменттерінде жер қойнауларын мемлекеттік геологиялық зерделеу бойынша жұмыстардың құны жалпы 33,0 млн.теңгеге ұлғайған.

Комитет 340,5 млн.теңге қаражатты Бағдарламаны іске асыру бойынша іс-шараларда қарастырылмаған жобалау-сметалық құжаттаманы жасауға бағыттаған. Бұл ретте конкурс уақтылы өткізілмегендіктен, 40,6 млн.теңге игерілмеген. Тиімсіз жоспарлаудың салдарынан, 040 «Өңірлік, геологиялық-түсірілім, іздестіру-бағалау және іздестіру-барлау жұмыстары» бағдарламасы (бұдан әрі – 040 бағдарлама) бойынша 292,4 млн.теңге бөлінбей қалған.

Бақылау кезінде 040 бағдарламасы шеңберінде іске асырылып жатқан және 2011 жылғы қарашада аяқталатын 29 жобаға бөлінген қаражаттың 92,2%-ы игерілген. Бұл ретте 19 жоба бойынша орындалған жұмыстардың нәтижелері жөніндегі есептер «Қазгеоақпарат» республикалық геологиялық ақпарат орталығы» мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі – «Қазгеоақпарат» РГАО» ММ) тапсырылмаған.

Өңірлік геологиялық зерттеулерге және геологиялық түсіру жұмыстарына жобалау сметалық құжаттар әзірлеу басқарушылық құжаттардың талаптары бұзыла отырып жүргізілген. Нәтижесінде, жүргізілген жұмыстардың мазмұны, құны және тиімділігі талаптарға сай болмағандықтан, 2009-2010 жылдары жасалып, 60 %-ы іске асырылған жалпы 45,5 млн.теңгені құрайтын үш шарт 2011 жылдың қараша айында бұзылған. Аталған шарттар бойынша 2011 жылға қарастырылған 10,6 млн.теңге бюджет қаражаты игерілмеген.

Осындай жағдай Комитеттің және «Қазгеоақпарат» РГАО» ММ ның арасында да орын алып, жалпы 144 782,0 мың теңгенің 7 шарты бұзылған. Аталмыш шарттар бойынша аванс төлемдері, сондай-ақ шарттарға сәйкес келмеуіне немесе оларды одан әрі іске асырудың орынсыздығына байланысты, орындалған жұмыстарға ішінара төлем жүргізілген.

«Орталыққазжерқойнауы» өңіраралық департаменті 2011 жылғы 23 ақпандағы №42 шарттың негізінде 2011 жылғы тамыз және қыркүйек айларындағы дала материалдарын қабылдау актілері бойынша мердігер «Центрмониторинг» ЖШС-дан 14 ұңғыма бойынша 2,1 млн.теңгенің жасалмаған жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын төлем жүргізуге қабылдап алған.

Бақылау кезінде пайдалы қазбалардың кен орындарын зерделеу, қорларды бағалау және жер қойнауының мемлекеттік сараптамасын қамтамасыз ету бойынша 2011 жылы әзірленген нормативтік-техникалық құжаттаманың бекітілмегені анықталды, нормативтік-техникалық құжаттар және «Геология мен жер қойнауын қорғау» журналы шығарылмаған, осы мақсаттарға көзделген 3,5 млн.теңге игерілмеген.

Геоақпараттық қамтамасыз ету, жер қойнауы туралы ақпарат жинау мен пайдалануға беруге ұсыну тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған, жер қойнауы туралы мемлекеттік дерекқор жүйесіз жүргізілуде.

«Қазгеоақпарат» РГАО» ММ қорының ақпараттық базасы өңіраралық департаменттердің қорларымен интеграцияланбаған. Шарттардың бұзылуына байланысты, интеграция бойынша жұмыс 2011 жылы тоқтатылған.

Комитет өңіраралық департаменттер қорларының деректерін, ақылы және қайтарымсыз негіздегі ақпарат көлемін, сондай-ақ 2010-2011 жылдары республикалық бюджет кірісіне іс жүзінде төлемақы есебіне түскен қаражатты ескере отырып, нақты ұсынылған геологиялық ақпаратты есепке алуды ұйымдастырмаған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 7 қарашадағы № 1357 қаулысымен бекітілген Мемлекет меншігіндегі геологиялық ақпарат және оны оқу, ғылыми, коммерциялық және өзге де мақсаттарда пайдалану тәртібі туралы ережені бұза отырып, Комитет «Қазақстан Республикасы шөгу бассейіндерін кешенді зерделеу» жобасына арналған геологиялық материалдарды «Қазмұнайгаз ҰК» АҚ-ға төлемақы алмастан ұсынған. Сөйтіп, республикалық бюджет кірісіне 1 605,6 млн.теңге түспей қалған.

Осындай жағдай «Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ-ға қатысты да орын алып, тарихи шығындардың геологиялық ақпараты төлемақы алынбастан, 2011 жылғы 12 тамыздағы № 776 келісімнің негізінде ұсынылған. Бұл ретте техногендік минералдық түзілімдер бойынша тарихи шығындар туралы деректер болмағандықтан, геологиялық ақпаратты пайдалану үшін төлемақы мөлшерін айқындау мүмкін емес.

Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөніндегі агенттігі мен «Голд Ленд» ЖШС арасында жасалған 2000 жылғы 19 маусымдағы келісімшарт бойынша Ақмола облысы Щучинск ауданындағы Новоднепровск кен алаңы шегінде кейіннен алтын өндіруді барлау үшін алаңы 200 шаршы шақырым болатын лицензиясы бар барлық аумақты геологиялық зерделеуге мемлекеттің шеккен тарихи шығындары 1 854,3 мың АҚШ долларын құраған.

2010 жылғы 21 мамырдағы № 5 толықтыруды ескере отырып, Комитет пен «Голд Ленд» ЖШС арасында жасалған 2009 жылғы 11 қарашадағы қосымша келісімге сәйкес, 0,66 шаршы шақырым аумақтағы тарихи шығындар 55,6 мың АҚШ долларына азайтылған. Нәтижесінде, республикалық бюджет 265,7 млн.теңге шығын шеккен.

2010-2011 жылдары геологиялық ақпаратты пайдаланғаны үшін республикалық бюджет кірісіне 201903 коды бойынша 9 пайдаланушыдан жалпы 52,4 млн.теңгені, соның ішінде 2010 жылы – 10,0 млн.теңгені, 2011 жылы – 42,4 млн.теңгені құрайтын төлем түспеген. 2010-2011 жылдары жасалған 19 Келісім бойынша геологиялық ақпаратты пайдаланушылар республикалық бюджет кірісіне төлемдерді белгіленген мерзімдерін бұза отырып жүргізген. 2011 жылдың қорытындысы бойынша геологиялық ақпаратты пайдаланушылардың 4-уі төлемді уақтылы жасамаған.

«Қазгеоақпарат» РГАО» ММ-ның геологиялық қорында пайдаланушыларға қызмет көрсету тәртібі бұзыла отырып, қор материалдары (геологиялық ақпарат) бөгде пайдаланушылардың сыртқа алып шығуына берілген. Геологиялық ақпаратты беру есебі ұйымдастырылмаған, материалдар берілетін негіздерге сілтемелер көрсетілмеген.

«Қазгеоақпарат» РГАО» ММ-да «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1400 қаулысының талаптары сақталмай, лауазымдық жалақыларға сыйлықақылар мен ынталандырушы үстемеақылар тағайындалып отырған.

Есеп комитеті Қазақстан Республикасының аумағында бекітілген ставкаларға сәйкес қосымша құн салығын өтеу үшін Геология және жер қойнауын пайдалану комитетіне қаражаттың бөлінуіне тиісінше бақылаудың жоқтығына назар аударды.


13. Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне (бұдан әрі – ИЖТМ) индустриялық-инновациялық инфрақұрылымды дамыту үшін заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын ұлғайтуға бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігін бақылаудың қорытындысы бойынша жалпы 9 281,6 млн.теңгеге бюджет және өзге де заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды.

ИЖТМ индустриялық-инновациялық инфрақұрылымды дамыту үшін заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын ұлғайтуға бөлінген қаражаттың атаулы және нысаналы сипатын қамтамасыз етуді тиімсіз жүзеге асыруда, жоспарланған іс-шаралар белгіленген мерзімдерінде орындалмаған, Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның (бұдан әрі – Бағдарлама) бірқатар бағыттарының және ИЖТМ-ның стратегиялық жоспарларының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізілмеген.

Бақылау кезінде 2009 жылғы желтоқсан-2011 жылғы желтоқсан аралығында бөлінген жалпы 15,9 млрд.теңге қаражаттың 14 млрд.теңгесі (88,5%-ы) игерілмей, екінші деңгейдегі банктерде депозиттік және ағымдағы шоттарға орналастырылған.

Қазақстан Республикасының 2008 жылғы Бюджет кодексінің 67 және 156-баптарын бұза отырып, 7 590,5 млн.теңге қаражат тиісті қаржылық-экономикалық негіздемесіз заңды тұлғаларға бөлінген, 066 бағдарламасы бойынша 1 900,0 млн.теңге сомаға бюджеттік өтінім қалыптастырылмаған. «Ядролық технологиялар паркі» АҚ-ға (бұдан әрі – «ЯТП» АҚ) ЖСҚ-ға мемлекеттік сараптама жүргізілместен, жалпы 722,4 млн.теңге қаражат бөлінген.

«Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ мен «Металлургия-металлөңдеу индустриялық паркі» ЖШС (бұдан әрі – «ММ» ИП» ЖШС) Қарағанды қаласындағы индустриялық парктің инфрақұрылымының құрылысын белгіленген мерзімде бітірмеген. Сонымен, металлургия мен машина жасау жобаларын іске асыру және олардың өнімдерін шығаруды ынталандыру бойынша инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасау жөніндегі міндеттер орындалмаған.

2007-2010 жылдары Қарағанды облысында индустриялық парк салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру үшін «Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ-ға 21,5 млрд.теңге бюджет қаражаты бөлінген, оның 15,2 млрд.теңгесі 3 жыл бойы депозиттік шоттарда жатқан.

Бұл ретте «Сарыарқа» ӘКК ҰК» АҚ 2007-2008 жылдары Қарағанды қаласында индустриялық парктің инфрақұрылымын салу жөніндегі жобаның жалпы құны 25,5 млрд.теңге болатын техникалық-экономикалық негіздемесін (бұдан әрі – ТЭН) жасап, соған сәйкес 2008-2010 жылдар аралығында жалпы құны 24,6 млрд.теңгеге 4 ЖСҚ әзірлеген. Осы ретте Бюджет кодексінің 157-бабының талаптарын бұза отырып, индустриялық парктің инфрақұрылымын салу жөніндегі ЖСҚ-ны әзірлеу кезінде 2010 жылы бюджеттік инвестициялық жобаға ТЭН-де қарастырылмаған болса да, құрылыстың қосалқы компоненттері мен объектілері жалпы 3 754,7 млн.теңгеге қосымша енгізілген.

Сонымен қатар, техникалық талаптарының өзгеруіне байланысты ЖЭО-3-тен индустриялық паркке кіреберіс теміржолдың құрылысы бойынша жұмыстар сметада қарастырылған мөлшерден 258,7 млн.теңгеге кем орындалған. 2010 жылы «Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ-ның бастамасымен басталған сот дауының нәтижесінде Қарағанды қаласындағы индустриялық парктің инфрақұрылымының құрылысы тоқтатылған болатын. Бақылау кезінде нақты жұмыстар 18,5%-ға орындалған. Кіреберіс теміржолдың, Қарағанды-Павлодар және Қарағанды-Қарқаралы жолдарындағы сметалық құны 2 432,0 млн.теңге болатын автомобиль жол торабының құрылысы басталмаған.

«ЯТП» АҚ ғылымды қажет ететін ядролық технологияларды дамыту және оларды өнеркәсіптік өндіріске енгізу үшін жағдай жасау жөніндегі міндетті толық көлемінде жүзеге асырмаған.

«ЯТП» АҚ Курчатов қаласында құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде технопарктің материалдық-техникалық инфрақұрылымының бірінші кезегін, сондай-ақ инженерлік коммуникацияларды және объектілерге кіреберіс жолдарды салу жөніндегі жұмыстарды аяқтамаған, мұнай-газ құбырларын тазарту жөніндегі ұтқыр технологиялық кешенді жасамаған. Игерілмеген қаражаттың көлемі 966,3 млн.теңгені құрады.

«ЯТП» АҚ-да ақшалай қаражат қалдықтарын тексеру кезінде 50,0 млн.теңге кем шықты, ал 2008 жылғы 21 сәуір - 2011 жылғы 1 желтоқсан аралығындағы алынбаған сыйақының мөлшері 11,5 млн.теңгені құрады. «ЯТП» АҚ мен «АИЕРС» АҚ арасындағы шарттар бойынша бекітілген ЖСҚ-дан тыс 0,4 млн.теңге төленіп, негізсіз төлемдер жүргізілген, орындалған жұмыстарға акті жасалмастан, 35,0 млн.теңгеге жабдықтар сатып алу үшін аванстық төлемдер жүргізілген. 2011 жылы жалпы 244,9 млн.теңгеге орындалған жұмыстардың актілеріне қол қойылған. Ал іс жүзінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілмеген, қаражат жабдықтар сатып алуға жұмсалған.

Бақылау кезінде 10,5 млн.теңгеге электрондар жылдамдатқышын орнату бойынша монтаждау және іске қосу жұмыстары орындалмағаны анықталды. 2011 жылы «ЯТП» АҚ орындалған жұмыс актілері бойынша мердігерге іс жүзінде орындалмаған жұмыстар үшін 11,5 мың теңге аударған.

2010 жылы «ЯТП» АҚ-ның шоғырландырылған шығындары 261,5 млн.теңгені, соның ішінде 2010 жылы сатып алынған екінші деңгейдегі банктердің құнды қағаздары бойынша шығындары 78,3 млн.теңгені құраған. «ЯТП» АҚ-ның еншілес компаниясы – «Табыс» венчурлық қоры» АҚ бағалы қағаздар бойынша 271,6 млн.теңге мөлшерінде шығын шегіп, 2010-2011 жылдары купондық сыйақылар алмаған.

«Ұлттық инновациялық қор» АҚ (бұдан әрі – «ҰИҚ» АҚ) 2009-2011 жылдары бір де бір жаңа инвестициялық жобаны қаржыландырмаған. «ҰИҚ» АҚ-ның екінші деңгейдегі банктердегі шоттарында 5 384,7 млн.теңге мөлшерінде пайдаланылмаған қаражат қалдығы жинақталған.

2009 жылғы 1 желтоқсан - 2011 жылғы 1 қазан аралығында республикалық бюджет қаражаты есебінен «ҰИҚ» АҚ-ның жарғылық капиталы жалпы 7 709,5 млн.теңгеге, соның ішінде заңды тұлғалардың жарғылық капиталында үлестік қатысу жолымен инвестициялық жобаларды іске асыру үшін 3 300,0 млн.теңгеге, Бағдарламаның бес конструкторлық бюро (бұдан әрі – КБ) құру жөніндегі іс-шараларын кейіннен «Инжиниринг және технологиялар трансферті орталығы» АҚ-ның (бұдан әрі – «ИТТО» АҚ) жарғылық капиталын капиталдандыру арқылы іске асыру үшін 4 409,5 млн.теңгеге ұлғайтылған. «ҰИҚ» АҚ 3 300,0 млн.теңгенің инвестициялық жобасын қаржыландырмағандықтан, ҚР ИЖТМ-ның Стратегиялық жоспарының 4 заңды тұлғаның индустриялық-инновациялық инфрақұрылымын дамыту үшін жарғылық капиталын ұлғайту жөніндегі іс-шарасы орындалмаған.

«ИТТО» АҚ «Ауылшаруашылық машинажасау конструкторлық бюросын» құрмаған. КБ-ны құруға жауапты «ИТТО» АҚ-ның жарғылық капиталы тек 2 324,8 млн.теңгеге капиталдандырылған. КБ-ны құру жөніндегі жобаларды іске асыруға және өңірлік технопарктердің жарғылық капиталына қатысу үлесін төлеуге 1 595,8 млн.теңге (36,2%) бағытталған. Бағдарламаның іс-шараларын іске асыруға қарастырылған ақшалай қаражат қалдықтары, тиісінше, 2 084,8 млн.теңге (47,3%) «ҰИҚ» АҚ-ның және 728,9 млн.теңге (16,5%) «ИТТО» АҚ-ның шоттарында жатыр.

«Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабының талаптарын сақтау қамтамасыз етілмеген, екі конструкторлық бюроның жарғылық капиталдарын қалыптастыруға жалпы 347,1 млн.теңгеге салым енгізілмеген.

Қаржылық-экономикалық негіздемені әзірлеу ережесінің 8-тармағын бұза отырып, 2010 жылы «ИТТО» АҚ Бағдарламаның іс-шараларын іске асыруға қарастырылған қаражат есебінен конструкторлық бюролардың ағымдағы шығыстарына жалпы 386,5 млн.теңге пайызсыз қарыздар берген.

«Трансмаш» КБ» ЖШС-ның жалпы 126,4 млн.теңгеге әзірлеген конструкторлық құжаттамасы, соның ішінде вагон-хоппер бойынша 122,6 млн.теңгеге жасаған құжаттамасы пайдаланылмай отыр. Бұл ретте «ЗИКСТО» АҚ вагон-хоппердің тәжірибелік үлгісіне сынақтар жүргізгені үшін Ресей Федерациясының заңды тұлғаларына екі рет 5,9 млн.рубль (29,0 млн.теңге) төлем жүргізген.

2010 жылы және 2011 жылдың 11 айында жалпы құны 72,1 млн.теңгені және «ҰИҚ» АҚ-дан сұратылған инвестициялар көлемі 22,6 млн.теңгені құрайтын 38 инвестициялық жоба қарауға тіркелген. Бақылау кезінде бір де бір жоба мақұлданбаған. Сонымен, елдегі жалпы инвестициялық белсенділікті арттыру, жоғары технологиялы және ғылымды қажет ететін өндірістерді дамытуға жәрдемдесу жөніндегі міндет толық көлемінде іске асырылмауда.

«Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ 395,0 млн.теңгені игермеген, кеме жасау саласындағы техникалық құжаттаманы әзірлемеген, сауытты танк техникасын күрделі жөндеу және жаңғырту жөніндегі жұмыстарды жүргізбеген. Қару-жарақты басқару жүйелерін енгізудің біртұтас орталығын құру – әскерлер мен қаруды басқарудың автоматтандырылған жүйелерін пайдалана отырып, арнайы өнімдердің жаңа түрлерін игеру мен оларды жаңғыртуды ұйымдастыру деген негізгі мақсатқа қол жеткізілмеген.

«Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабының талаптарын бұза отырып, «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-да 2010 жылғы жылдық қаржылық есептілік бекітілмеген, акциялардың мемлекеттік пакетіне дивидендтер аударылмаған.

«Семей инжиниринг» АҚ Т-72М танкілерін және БМП-1п әскери машиналарын күрделі жөндеу жөніндегі міндеттемелерін орындамаған, «Қару-жарақты басқару жүйелерін енгізудің біртұтас орталығы» ЖШС-дан (бұдан әрі – «Біртұтас орталық» ЖШС) алған 58,5 млн.теңге авансты қайтармаған.

«Біртұтас орталық» ЖШС даму жоспарында қарастырылған 12 тақырып бойынша жалпы 171,5 млн.теңгеге ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды жүргізбеген. Қызметінің қорытындысы бойынша аталған серіктестік жалпы 111,0 млн.теңгеге, соның ішінде 2010 жылы – 73,5 млн.теңгеге, 2011 жылдың 9 айы ішінде 37,5 млн.теңгеге зиян шеккен.

Есеп комитеті ИЖТМ-ға, «Сарыарқа» ӘКК» АҚ-ға және «Қазақстан инжиниринг» АҚ-ға Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның және бекітілген стратегиялық жоспарлардың жекелеген көрсеткіштеріне қол жеткізу мәселелері бойынша жүйелі көзқарастың қалыптаспағанына назар аударуды ұсынды.

Үкіметке «Ядролық технологиялар паркі» АҚ-ның ғылымды қажет ететін ядролық технологияларды дамыту мен оларды өнеркәсіптік өндіріске енгізу үшін экономикалық жағдай жасау міндетін іске асыру жөніндегі қызметіне ғылыми сараптама жүргізу ұсынылды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет