Есеп комитеті қызметінің негізгі қорытындысы



бет6/9
Дата23.02.2016
өлшемі4.92 Mb.
#4311
1   2   3   4   5   6   7   8   9

22. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) іске асырудың тиімділігін бағалау барысында денсаулық сақтау саласындағы жүйелі сипаттағы кемшіліктер анықталды. Денсаулық сақтау министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) Денсаулық сақтау ісін реформалау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу толықтығына және сапасына тиісті мониторинг пен бақылауды қамтамасыз етпеген, оны тиімді жоспарлау, басқару және ұйымдастыру бойынша республикалық және жергілікті деңгейлерде толыққанды шаралар қабылдамаған. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру тетіктерінің жетілдірілмеуі, одан күтілген жекелеген нәтижелерге қол жеткізілмеуіне, оның міндеттерінің іске асырылмауына алып келген.

Мемлекеттік бағдарламада қарастырылған 21 міндеттің бесеуі орындалған, төртеуі орындалмаған, ал он екісі ішінара орындалған. Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі жоспардың Қазақстанның өңірлерінде денсаулық сақтау объектілерін салу және жаңарту мәселелеріне қатысты тоғыз іс-шара белгіленген мерзімінде орындалмаған, алты іс-шара ішінара орындалған.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысында жалпы 6,4 млрд.теңгенің, соның ішінде денсаулық сақтау объектілерін салу мен жаңарту кезінде 5,9 млрд.теңгенің, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз ету мен кеңейту кезінде 305,1 млн.теңгенің, материалдық-техникалық жарақтандыру кезінде 338,8 млн.теңгенің қаржылық бұзушылықтарына жол берілген.

Саладағы жағдай жақсарып, қаржыландыру көлемінің төрт еседен астамға өсіп, 2010 жылдың аяғында қаржыландыру көлемінің 567 млрд.теңгеге жеткеніне қарамастан, Қазақстан халқының ауруға шалдығуы 1,3%-ға артқан. Соңғы бес жылда халықтың қан айналымы жүйелері ауруларымен, қант диабетімен, жүйке жүйелері ауруларымен науқастануының жалпы өсу үрдісі байқалды.

Мұны саланың сапалы көрсеткіштері (аурулардың түрлері және басқалар) серпінінің сандық көрсеткіштерімен арадағы сәйкессіздіктен (салынған объектілер, сатып алынған заманауи медициналық жабдықтар және басқалар) байқауға болады.

Қымбат тұратын медициналық жабдықтарды сатып алу тетігінің айқындығы мен қажетті тиімділік деңгейі қамтамасыз етілмеген. Өңірлер жабдықтарды, соның ішінде онкологиялық жабдықтарды көтеріңкі бағамен делдалдық құрылымдар арқылы сатып алып отырған.

Мәселен, бақылау барысында «Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты» РМК «ГИЗА-ФАРМ» ЖШС-дан 768 млн.теңгеге «Жоғары қуатты сызықтық жылдамдатқыш» медициналық жабдығын сатып алғаны және оны толығымен жинақталмаған күйде қабылдап алғаны анықталды. Бұл ретте ARIA Edit Workstation жүйесінің жұмыс станцияларының ақауы болған. Сондай-ақ құны 522,0 млн.теңге тұратын аталмыш жабдықтың Medinvest asia ltd Majuro, MH – 96960, Маршалл аралдары (оффшорлық аймақ) арқылы Canberra Packard Central Europe GMBH (Австрия) фирмасынан сатып алынғаны, ал жабдықты дайындаушы зауыт АҚШ-та орналасқаны анықталды. Сөйтіп, оны сатып алу құны 246 млн.теңгеге асып кеткен.

Денсаулық сақтау объектілерін салу және жаңарту барысында Алматы, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан облыстарында, Астана және Алматы қалаларында құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізудің мерзімдерін бұзу, медициналық жабдықтарды уақтылы жеткізбеу немесе жиынтығы толық емес жабдықтарды жеткізу, санитарлық ережелер мен нормалардың, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманың талаптарын сақтамау фактілері орын алған.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына 2011 жылғы қаңтардағы Жолдауында айтылып, Министрлік іске асырып жатқан жұмылғыш медицинаны дамыту бағыты ықтималды қауіп төндіруде.

Мәселен, бақылаудың қорытындысы көрсеткендей, «Қазмедприбор» ЖШС-дан сатып алынған жылжымалы медициналық кешен радиациялық қауіпсіздіктің, санитарлық нормалар мен ережелердің талаптарына сәйкес келмейді. Атом энергиясы комитеті аталмыш кешенді пайдалану халықтың өмірі мен денсаулығына зиян тигізеді деген қорытынды берген.

Қазақстан мен Ресей арасындағы құқықтық және ұйымдастырушылық мәселелер реттелмегендіктен, құрылысына бір млрд.-тан астам теңге жұмсалып, 2009 жылы мемлекеттік комиссияның актісімен пайдалануға қабылданған Байқоңыр қаласындағы әйелдер консультациясы бар перзентхана 2 жыл бойы жұмыс істемей тұр.

Талдау көрсеткендей, басты проблемалар қаржы ресурстарының жеткіліксіздігімен ғана емес, олардың пайдалану тиімділігінің төмендігімен байланысты болып отыр. Атап айтқанда, нәтижелер туралы келісімдерде түпкілікті нәтижеге әсер ететін нақты нысаналы индикаторлар болмағандықтан, денсаулық сақтауды реформалау мен дамытудың өңірлік бағдарламалары тиімсіз және өте нашар іске асырылған.

Сондықтан, бақылаумен қамтылған өңірлердің барлығында дерлік денсаулық сақтаудың Астана қаласында жедел көмек станциясы бар 240 төсектік жедел медициналық көмек ғылыми зерттеу институтын; Алматы қаласында «Балбұлақ» балаларды оңалтудың республикалық орталығының 125 төсектік демалу корпусын; Алматы қаласында «Педиатрия мен балалар хирургиясы ғылыми орталығы» РМҚК-нің жанынан 150 төсектік емдеу корпусын; Астана қаласында «Травматология және ортопедия ҒЗИ» РМҚК үстінен 4 қабатты қосып, операциялық блокты; Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік медицина академиясының оқу корпусын салу сияқты бірқатар ірі құрылыстарының сапасы төмен екендігі және мерзімінен кешіктірілгені байқалды.

Қан орталықтары қанды жобалық қуатынан бірнеше есе аз дайындауда, жабдықтардың бір бөлігі тоқтап тұр, бос алаңдар мақсаты бойынша пайдаланылмай, басқа ұйымдарға жалға берілуде.

Атап айтқанда, Қостанай қаласындағы облыстың қан орталығы жылдық жобалық қуаты 20 мың литр болғанымен, 2011 жылдың 9 айында 7 мың литрдің орнына 4,2 мың литр қан дайындаған. Осындай жағдай Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында да орын алған. Облыстың қан орталығы ғимаратында Қостанай облысының денсаулық сақтау басқармасы, Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының облыстық орталығы, Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының облыстық филиалы және т.б. орналасқан. Облыстардың денсаулық сақтау басқармалары салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі жұмысты жеткілікті дәрежеде тиімді ұйымдастырмаған. Ақпараттық-танымдық материал көбінесе нысаналы контингентке талдау жасалмай, халықтың қамтылуына мониторинг жүргізілмей шығарылады.
23. Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 шілдедегі №154 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын (бұдан әрі – Тұжырымдама) іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін бақылаудың қорытындысы бойынша оның жеткілікті дәрежеде тиімді іске асырылмағаны атап көрсетіліп, жалпы 11,9 млн.теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталды.

Азаматтық қоғамның барлық институттарын дамыту үшін құқықтық база қалыптастырылмаған, өмір сүру сапасының жоғары стандарттары және еңбек қатынастарын үйлестіру жөніндегі шаралар айқындалмаған, халықтың ауқатты және жағдайы төмен жіктері арасындағы табыс деңгейінің алшақтығын азайту үшін жағдай жасалмаған.

Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі - Іс-шаралар жоспары) талдау көрсеткендей, оның жекелеген тармақтары формальды түрде әзірленген.

Мәселен, Іс-шаралар жоспарына «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелерін ақпараттық жария ету бойынша журналистерге арналған іс-шаралар өткізу» деген 44-тармақ енгізіліп, оны Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2009-2011 жылдарға арналған бағдарламасы аясында орындау қарастырылған.

Іс-шаралар жоспарының кейбір тармақтары нақтыланбаған және Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамытуға ықпал етпейді. Бұл ретте Іс-шаралар жоспарының тұрақты негізде іске асырылуға тиісті бірқатар тармақтарының нақты орындалу мерзімі қарастырылған.

Мысалы, Іс-шаралар жоспарының «Азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастыққа бағытталған заң шығарушылық жұмыс бойынша қоғамдық кеңестер, консультативтік-кеңесші органдар, комиссиялар, жұмыс топтары түрінде ынтымақтастықтың тұрақты әрекет ететін тетіктерін орталық және өңірлік деңгейлерде дамыту» деген 12-тармағының орындалу мерзімі «тұрақты» іске асыру кезеңінің орнына, 2007 жылғы 25 шілде деп белгіленген.

Іс-шаралар жоспарының бірқатар тармақтары жалпы құжат айналымы мен орындаушылардың жұмысбастылығын көбейте отырып, ешқандай өзгеріс енгізілместен, кейбір мемлекеттік бағдарламаларды қайталайды. Мәселен, Іс-шаралар жоспарының «Гендерлік теңдікті дамыту және нығайту, қоғамдық санадағы әйелдер мен ерлер құқықтарына қатысты келеңсіз таптаурындарды еңсеруге жәрдемдесу жөніндегі ақпараттық саясатты жүргізу» деген 29-тармағы Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 29 қарашадағы №1677 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасында 2006-2016 жылдарға арналған Гендерлік теңдік стратегиясын іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарында қарастырылған.

Сонымен қатар, Іс-шаралар жоспарының кейбір тармақтары бір-бірін қайталайды, бұл бір іс-шараны іске асыру арқылы басқаларының орындалғаны жөнінде есеп беруге ықпал етеді.

Бірқатар іс-шаралардың жауапты орындаушылары ретінде бөліп көрсетуге ешбір себеп болмаса да, басқа облыстар көрсетілместен, нақты облыстар белгіленген.

Іс-шаралар жоспарының орындалу барысына тиісті дәрежеде мониторинг ұйымдастырылмаған. Іс-шаралар жоспарының барлық 59 тармағының 3-уі орындалмаған, 14-і ішінара орындалған, ал 4-і уақтылы орындалмаған.

Есеп комитеті Мәдениет министрлігіне Тұжырымдаманың жеткілікті дәрежеде тиімді іске асырылмағанына назар аударуды, сондай-ақ оған Қазақстан Республикасының әділет, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым, қоршаған ортаны қорғау, экономикалық даму және сауда, байланыс және ақпарат министрліктерімен, облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдіктерімен бірлесіп, бақылау барысында анықталған кемшіліктер мен олқылықтарды жою және Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жоспардың іске асырылмаған іс-шараларының толық және мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету жөнінде толыққанды шаралар қабылдауды тапсырды.
24. Есеп комитеті Қазақстан Республикасында агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту жөнiндегi 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламаның, 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» салалық бағдарламасының іске асырылу барысының тиімділігіне, сондай-ақ Ауыл шаруашылығы министрлігіне (бұдан әрі – АШМ) жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша 2010-2011 жылдары бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігіне жүргізілген бақылаудың қорытындысында аталмыш бағдарламалардың жекелеген нысаналы индикаторларына қол жеткізілмегенін, жоспарланған іс-шараларды іске асырудың, олардың орындалу барысына бақылаудың қамтамасыз етілмегенін атап өтті.

Бақылау барысында жалпы 5 303,5 млн.теңгеге бюджет және өзге де заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды.



Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрі – Бағдарлама) АШМ-ның 2010-2014, сондай-ақ 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарларының жекелеген мақсаттарын, міндеттері мен іс-шараларын қайталай отырып әзірленген.

Бағдарламада қарастырылған төрт нысаналы индикатордың жалпы экспорт көлемінде аграрлық саланың экспорттық әлеуетін 8%-ға дейін ұлғайту жөніндегі бір индикаторына қол жеткізілмеген. Азық-түлік тауарларының ішкі нарығындағы қажеттіліктің 80%-дан астамын отандық өнімдермен қамтамасыз ету жөніндегі нысаналы индикаторға ішінара қол жеткізілген. Сүт өнімдерін, өсімдік майын және қант өндіру жөніндегі көрсеткіштерге қол жеткізілмеген.

Іске асырылуы жоспарланған іс-шаралардың жалпы санынан қаржыландыру көлемі 3 443,2 млн.теңге болатын 8 іс-шара орындалмаған.

Ветеринарлық іс-шараларды жүргізуге арналған қаражатты жоспарлау кезінде АШМ ірі қара малдың санын ресми статистикаға сәйкес есепке алған. Бұл деректер статистикалық көрсеткіштердің асырып көрсетілгенін көрсетеді. Сонымен, шығындардағы алшақтық 1 700,0 млн.теңгені құраған.

Бюджет қаражатының игерілмеуіне және малды идентификациялау жөніндегі жұмыстардың қанағаттанарлық деңгейде ұйымдастырылмауына байланысты, жалпы шығыстары 1 292,1 млн.теңге болатын 014 «Ирригациялық және дренажды жүйелерді жетілдіру» және 099 «Ауыл шаруашылығы малдарын идентификациялауды ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметтер көрсету» бюджеттік бағдарламаларының көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген.

Халықаралық Қайта құру және Даму банкінің займының және республикалық бюджеттен қоса қаржыландырудың есебінен іске асырылып жатқан «Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру» жобасынан «Ұлттық референттік зертхана» (бұдан әрі – зертхана) салуға арналған шығыстар алып тасталғанымен, зертхана құрылысының жобалау-сметалық құжаттамасын (бұдан әрі – ЖСҚ) әзірлегені үшін мердігер – «Гайрия» ЖАҚ-ға (Литва) 76,5 млн.теңге төленген.

«Республикалық ветеринариялық зертхана» РМК 36 рефрижератордың орнына 103,9 млн.теңгеге «Ssang Yong Kyron» маркалы 26 қызметтік автомобиль сатып алған. Аталған мекеме 110,2 млн.теңгеге Қазақстан Республикасында техникалық реттеудің мемлекеттік жүйесі тізілімінің құрамына кірмейтін жартылай автоматты иммуноферментті талдауыштың 6 жиынтығын сатып алған.

2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» салалық бағдарламасындағы (бұдан әрі – Салалық бағдарлама) тоғыз міндеттің үшеуі, атап айтқанда: халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізуі, орталықтандырылған сумен жабдықтау көздерінен суды пайдаланатын халықтың санын ұлғайту, су көздері мен сумен жабдықтау жүйелерінің сенімділігін арттыру, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер қажетті деңгейде іске асырылмаған.

Салалық бағдарламада 7231 елді мекенде сумен жабдықтауды жақсарту көзделгенімен, тек 3417 елді мекенінде ғана (жоспарланған мөлшердің 47 пайызы) күтілген нәтижелерге қол жеткізілген.

Салалық бағдарламаны қаржыландыру оны іске асыруға арналған шығыстар қысқарып жатқан кезде жүргізілді.

Мәселен, ауыз сумен қамтамасыз етуге байланысты проблемаларды шешуге 2002-2010 жылдар аралығында республикалық бюджеттен жоспарланған 290,9 млрд.теңгенің орнына 205,4 млрд.теңге (71%) бөлінген. Жергілікті атқарушы органдардың бюджеттерінен жоспарланған 84,1 млрд.теңгенің орнына 49,7 млрд.теңге (59%) бөлінген. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаражаты есебінен 50,4 млрд.теңгені игеру қарастырылғанымен, іс жүзінде, 5,1 млрд.теңге игерілген (10 пайыз).

Қазақстан Республикасының су ресурстарын кешенді пайдалану және қорғау жөніндегі бас схема ұзақ уақыт келісілуге байланысты белгіленген мерзімінде бекітілмеген, ал оны әзірлеуге 2008-2010 жылдары 304,7 млн.теңге жұмсалған.

Ауыз сумен жабдықтау жүйелерін пайдалану жөніндегі ұйымдарды барлық жерде құру бойынша қажетті шаралар қабылданбаған.

Су есептеу қондырғыларын орната отырып, сумен жабдықтау желілерін тікелей тұтынушылардың учаскелеріне жеткізуге қатысты бөлігінде жекелеген жобалар бойынша техникалық көрсеткіштер ҚР-ның құрылыс нормалары мен ережелеріне сай келмейді. Бұл ретте ЖСҚ-ны әзірлеу үшін алынған 226,5 млн.теңге трансферттерді жергілікті атқарушы органдар сметаларды түзетуге пайдаланған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 17 сәуірдегі № 545 қаулысымен бекітілген Бюджеттік инвестициялық жобаларды қарау, іріктеу, мониторингілеу және бағалау ережесінің талаптарын бұза отырып, бюджеттік комиссияның ұсыныстары ескерілместен, 2010-2011 жылдары Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында сумен жабдықтауға қатысты 60 жоба бойынша жобалардың жалпы құны 8 447,6 млн.теңгеге қымбаттағанымен, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

Салалық бағдарламаны іске асыру кезінде су құбырларын салу және жаңарту жөніндегі жалпы 8 591,9 млн.теңгені құрайтын 16 жобаның мерзімі белгіленген нормативтен 5 айдан 20 айға дейін асып кеткен.

АШМ мен жергілікті атқарушы органдар сумен жабдықтаудың салынған объектілерін пайдалануға уақтылы енгізу жөнінде пәрменді шаралар қабылдамаған.

2008 жылы салынған «Ақмола облысының Бурабай кентін Көкшетау өнеркәсіптік су құбырына қосу тармағы» объектісі елді мекен ішінде таратушы желілердің болмауына байланысты, осы уақытқа дейін жұмыс істемей тұр. Объектінің сметалық құны 929,5 млн.теңгені құрайды.

Жамбыл облысы Талас ауданының Ақкөл ауылында су құбырлары желілерін жаңартуға 2007 жылдан бері республикалық бюджеттен 583,0 млн.теңге жұмсалған. Бұл ретте құрылыс-монтаж жұмыстары осы уақытқа дейін аяқталмаған және ауылға су кіргізілмегендіктен, Ақкөл ауылының тұрғындары сырттан жеткізілетін суды сатып алуға және пайдалануға мәжбүр болып отыр.

031 бюджеттік бағдарламасы шеңберінде іске асырылып жатқан «Жамбыл облысы Меркі ауданындағы ағын сумен толықтырып отыратын Аспара трактісін жаңарту» объектісінің құрылысын тексеріп, растаушы құжаттарын салыстырып қарау кезінде 1,9 млн.теңге көлеміндегі орындалмаған жұмыстар анықталды.

2010 жылы Екібастұз қаласының құрылыс бөлімі нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы келісімдердің шарттарын бұза отырып, Павлодар облысы Шідерті кентіндегі сумен жабдықтау және су бөлу жүйелерін жаңарту жобаларының қымбаттауына байланысты республикалық бюджеттен 23,9 млн.теңге төлеген.

Жобада іске қосу жұмыстарына қаражат қарастырылмағандықтан, жалпы құны 557,3 млн.теңгені құрайтын екінші көтеру сорғы станциясының орнатылған жабдықтары мен кешенді тазарту құрылысының объектілері 2010 жылдан бері жұмыс істемей тұр. Бөлім «Адамдас ПВ» ЖШС-ға және «Екібастұзсу» МКК-ге ЖСҚ-ны әзірлеу бойынша көрсеткен қызметтері үшін 6,4 млн.теңге төлеген, бұл ретте іс жүзінде ЖСҚ әзірленбеген.

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асырудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 15 қазандағы №1328 қаулысының 5 және 7-тармақтарын бұза отырып, жұмыс комиссиясы сметалық құны 823,3 млн.теңге болатын «Павлодар облысы Шідерті кентінің сумен жабдықтау және су бөлу жүйелерін дамыту және жаңарту» объектісін ондағы құрылыс-монтаж жұмыстары 27,1 млн.теңгеге аяқталмаған болса да қабылдап алған.

«СҚО бойынша құрылыс басқармасы» және «Екібастұз қаласының құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемелерінде «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы Заңының 64-бабының 8-тармағын бұза отырып, мемлекеттік сараптама жасалмастан, сметалық құны 362,1 млн.теңгеге Солтүстік Қазақстан облысы Боголюбово селосында сумен жабдықтау жүйелерін жаңарту жөніндегі жоба жүзеге асырылған, 2011 жылы Екібастұз қаласының сумен жабдықтау жүйелерін жаңарту жобасының құны 14,3 млн.теңгеге ұлғайтылған.

«Қазсушар» РМК-нің Астана және Қарағанды қалаларындағы филиалдары 007 «Салық және өзге де берешекті өтеу» бағдарламасын іске асыру кезінде 2011 жылғы 1 қаңтарға барлық салық түрлері бойынша республикалық бюджеттен жалпы 271,6 млн.теңгеге артық төлем жасаған.

Бақылаудың қорытындысы бойынша Есеп комитеті Қазақстан Республикасында агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту жөнiндегi 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламаның жеткілікті дәрежеде тиімді іске асырылмағанына, жекелеген нысаналы индикаторларға қол жеткізілмегеніне Ауыл шаруашылығы министрлігінің назарын аударып, 2002-2010 жылдарға арналған «Ауыз су» салалық бағдарламасын іске асыру барысында кешіктіру фактілеріне жол берілгенін, халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізуін қамтамасыз ету жөнінде міндеттердің орындалмағанын атап өтті.
25. Есеп комитеті 2009 – 2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) іске асырылу тиімділігіне және төрт бюджеттік бағдарламаны іске асыруға Сыртқы iстер министрлiгiне (бұдан әрі – СІМ) бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың сәйкестігін бақылаудың қорытындысы бойынша жалпы 466,2 млн.теңгенің тиімсіз пайдаланылғанын атап өтеді, сонымен бірге бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілікті жүргізудің, бюджет және өзге де заңнаманың жалпы 94,4 млн.теңгеге бұзушылықтары анықталды.

Мемлекеттік бағдарламада қарастырылған мақсаттар мен міндеттер нақты әрі айқын тұжырымдалмаған, сандық және сапалық параметрлерді сипаттайтын индикаторлар (болжамды көрсеткіштер) қамтылмаған. Мемлекеттік бағдарламадағы іс-шаралар тиісті министрліктердің ағымдағы қызметіндегі міндеттерді қайталайды, бұл Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына өзгерістер енгізуге себеп болған.

Мемлекеттік бағдарламаны қаржыландыруды көздейтін бірыңғай бюджеттік бағдарламаның болмауы Мемлекеттік бағдарламаның орындалуына берілетін қаражаттың бөлінуіне, сол қаржының нақты игерілуіне мониторинг жүргізуді қиындатып, Мемлекеттік бағдарламаның іс-шараларының орындалуына мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігін төмендетіп отыр.

Мемлекеттік бағдарламаның іс-шаралар жоспарынан «Үкіметтік емес ұйымдар көшбасшыларының форумы» деген 63-тармақ алып тасталып, 2010 жылы Мәдениет министрлігі пайдаланбаған 27,6 млн.теңге Мемлекеттік бағдарламаға жатпайтын мақсаттарға жұмсалған. Қазақстан мен Еуропа елдерінің сот және құқық қорғау органдары арасындағы өзара қарым-қатынастарды қолдау және өзара тәжірибе алмасу жөніндегі шараларға 70-тармақ бойынша бөлінген 70,7 млн.теңгенің 23,5 млн.теңгесі игерілмей қалған.

005 «Шетелдік іссапарлар» және 006 «Өкілдік шығындар» бағдарламасында қарастырылған 1 954,7 млн.теңгенің 536,5 млн.теңгесі игерілген. Іс-шаралардың қайталануы салдарынан, сондай-ақ қаржылық қамтамасыз етудің жоспарланған көлемдері есептеулер мен негіздемелер болмағандықтан, СІМ мен бірлесіп орындаушы басқа да мемлекеттік органдар 1 418,2 млн.теңге мөлшеріндегі қаржының игерілмеуіне жол берген.

Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде дипломатиялық қызметтің қызметкерлеріне жататын лауазымдардың тiзбесi айқындалмаған. 2009-2011 жылдары әкiмшілiк-техникалық лауазымдарда қызмет атқарған және дипломатиялық қызмет қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін жүзеге асырмаған қызметкерлерге өкілдік керек-жарақ заттарының құны үшін жалпы 20,9 млн.теңге мөлшерінде ақшалай өтемақы төленген. СІМ мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтермен жұмыс істегендері үшін қызметкерлерге үстемеақы төлеудің шарттарын белгілемеген.

Бюджет кодексінің 95-бабының 3-тармағының талаптарын бұза отырып, 004 бағдарламасының орнына 001 бағдарламасы есебінен 2,7 млн.теңгеге материалдық-техникалық жабдықтар сатып алынған. 2009-2011 жылдары кәдесый өнімдерін сатып алу кезінде олардың нақты қажеттілігі ескерілмеген, сонымен, 2012 жылғы 1 қаңтарға қоймада 62,0 млн.теңгеге кәдесый өнімдері жиналып қалған.

2011 жылы «ҚР СІМ-нің Шаруашылық басқармасы» РМҚК-мен үй-жайларға қызметтер көрсету жөнінде жасалған шарттарда бюджет шығыстарының сомалары негізделмеген. Осының нәтижесінде, Министрліктің әкiмшілік ғимаратына көрсетілген 23 қызмет түрі бойынша алаңның 1 шаршы метріне кеткен шығын 9,4 мың теңгені құраса, Консулдық қызмет департаментінің үй-жайларына (алаңы 1256,9 шаршы метр) көрсетілген 15 қызмет түрі бойынша дәл осындай шығындар 101,8 мың теңге болған. Сонымен, 116,1 млн.теңге бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған.

СІМ-де белгіленген нормативтен тыс бір қызметтік автомобиль пайдаланылған. Бюджет кодексінің 97-бабының 6-тармағының талаптарын бұза отырып, «ҚР СІМ-нің Шаруашылық басқармасы» РМҚК-нің 2010-2011 жылдары СІМ-ге берілген 44 автомобильді күтіп-ұстау бойынша 79,9 млн.теңге мөлшеріндегі шығындары әкімшілік ғимараттарға техникалық қызметтер көрсету бойынша көрсетілген басқа да қызметтер есебінен өтелген және ол шығындар бухгалтерлік есепте көрсетілмеген.

СІМ 2009 жылғы желтоқсанда «ҚР СІМ-нің Шаруашылық басқармасы» РМҚК-ге Қазақстан Республикасындағы Палестина Мемлекетінің Елшілігі орналасқан үй-жайларды күтіп-ұстау және жөндеу үшін 8,0 млн.теңгені негізсіз төлеген.

Muhlbauer (Германия) фирмасының 2009 жылы жеткізілген ақпараттың электрондық жеткізушілерін қамтитын дипломатиялық және қызметтiк төлқұжаттарды дайындау жөніндегі арнайы жабдығы 2 жылдан астам уақыт бойы пайдаланылмай отыр. Оның құны 152,0 млн.теңгені құрайды. Төлқұжат бланктері және визалық жапсырмалар бухгалтерлік есепте көрсетілмеген, түгендеу жүргізілмеген, құжаттарды беру тиісті дәрежеде ұйымдастырылмаған.

Қазақстан Республикасының Үкіметі 1996 жылы белгілеген күрделi құрылыс жүргізуге және ғимараттарды жөндеуге қатысты құжаттарды ресімдеу тәртібі шетелдердегі осындай жөндеу жұмыстарын жүргізудің ерекшеліктерін толық ескере бермейді. Сондай-ақ осы құжатта жобалау-сметалық құжаттаманы, құрылыс салу мен күрделі жөндеу жүргізудің жиынтық сметалық есебі, мемлекеттік сараптаманы жүргізудің, жұмыстардың орындалуына техникалық және авторлық қадағалауды жүзеге асырудың тәртібі регламенттелмеген.

Бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігі принципін бұзуға жол берілген (Бюджет кодексінің 4-бабы), атап айтқанда, 2009 жылы Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландиядағы Елшілігіне ғимаратқа күрделі жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жүргізуге бөлінген 125,6 млн.теңге бюджет қаражаты 3 жылдан астам уақыт бойы пайдаланусыз жатқан.

2010 жылға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі және Премьер-Министрдің Кеңсесі 005 бағдарламасы бойынша шетелдік іссапарларға өтінімдерді ұсынбаған, ал осы бағдарлама бойынша іс жүзінде 368,3 млн.теңге жұмсалып отыр.

Қазақстан Республикасы делегацияларының шетелге шығуы кезінде тұрақты әуе рейстері бола тұрып, арнайы әуе рейстерін пайдаланудың ықтималды оқиғалары, осындай делегацияларды басқаратын лауазымды адамдардың тобы, делегациялардың ең аз құрамы, сондай-ақ делегация мүшелерінің санына қарай әуе кемелерінің үлгілері Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалмаған.

Арнайы әуе рейстерін жүзеге асыру шарттарында әуе тасымалдаушылары ұшуға тапсырмалардың, қону манифесттері мен жүргізген әуе рейстері туралы есептерінің көшірмелерін ұсынады деп көрсетілмеген. Жекелеген арнайы әуе рейстері Үкімет келiсiмін алғанға дейін және шарттарды қазынашылық органдарында тiркегенге дейiн орындалған, ұшақтар кері рейстерді жасаған кезде жолаушыларсыз ұшып келген.

2010 жылғы ақпан және сәуір айларында «Fly jet.kz» ЖШС-мен және «Kaz Air Jet» ЖШС-мен екі арнайы әуе рейсті орындау бойынша 27,8 млн.теңгеге және 25,7 млн.теңгеге жасалған шарттардың құнына нақты тасымалданған жолаушылардың санынан әлдеқайда көп жолаушы санын борт ішінде тамақтандыруға кеткен жалпы 437,1 мың теңгенің шығыстары қосылған.

СІМ Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығы қызметкерінің жұмыстан қол үзіп, 2010 жылғы сәуір-маусым айларында Ресейде «Ағылшын тілінің ілеспе аудармашысы» бағдарламасы бойынша оқығаны үшін 005 бағдарламасы есебінен 1,6 млн.теңгеге төлем жасаған.

Есеп комитеті бақылау іс-шарасының қорытындысын қарап, Үкіметке бірқатар ұсыным берді, сондай-ақ 2009-2011 жылдарға арналған «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі шаралардың жеткілікті дәрежеде тиімді орындалмағандығына және төрт бюджеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдалану кезінде орын алған бұзушылықтарға СІМ-нің назарын аударды.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет