Есеп комитеті қызметінің негізгі қорытындысы



бет7/9
Дата23.02.2016
өлшемі4.92 Mb.
#4311
1   2   3   4   5   6   7   8   9

26. 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасын (бұдан әрі - Бағдарлама) іске асырудың тиімділігін бақылау барысында бюджет және өзге де заңнама талаптарының жалпы сомасы - 3129,0 млн.теңгеге, мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарының 406,0 млн.теңгеге бұзылғаны анықталды.

Этникалық көшіп келушілерді, Қазақстан Республикасының аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін келген Қазақстанның бұрынғы азаматтарын, сондай-ақ еліміздің қолайсыз аудандарында тұратын Қазақстан   азаматтарын ұтымды қоныстандыру және олардың жайғасуына жәрдемдесу мақсатында әрі өңірлерді демографиялық және әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамытып, олардың әлеуетін іске асыру үшін әзірленген бағдарламаның орындалуы іс жүзінде фрагментарлық спипатқа ие болды.

Бағдарламаны іске асыруға жүйелі көзқарас болған жоқ. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі Жоспарда көзделген 21 іс-шараның 9-ы орындалып, 3-уі орындалмаған, 9 іс-шара ішінара, кешіктіріліп және сапасыз орындалған.

Бағдарламаны іске асыру барысында тиісті мониторинг және ведомствоаралық өзара іс-қимыл ұйымдастырылмаған, оның тікелей қатысушыларының және жұртшылықтың пікірлері зерделенбеген, осының бәрі, жалпы алғанда, алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге толық қол жеткізуді қамтамасыз ету жөніндегі шараларды уақтылы қабылдауға ықпал еткен жоқ.

Серпінді жобаларды іске асыру үшін экономиканың еңбек ресурстарына деген қажеттіліктеріне сәйкес, Бағдарлама қатысушыларын қоныстандыруды ынталандыру және оларды тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету міндеті орындалмаған.

Этникалық иммигранттар мен ішкі мигранттардың едәуір бөлігінің тұрмыс сапасын арттыруда нәтижелерге қол жеткізілмеді. 2009-2011 жылдары квотаға енгізілген 32206 этникалық иммигранттар отбасының Бағдарлама шеңберінде 2567-сіне (бұл тек мұқтаж болып отырғандардың 8%-ы) тұрғын үй берілді. Ішкі мигранттар Бағдарламаның іс-шараларымен қамтылмаған.

Тұрғын үй құрылысының бірыңғай типтік жобасының болмауы оның құнының әртүрлі болуына әкеліп соқтырды. Қазақстан Республикасында 2008-2010 жылдарға арналған тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасында белгіленген тұрғын үйдің 1 шаршы метрі құнының артуы салдарынан, Маңғыстау, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында тұрғын үй құрылысына Бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджеттен 175,7 млн.теңге, жергілікті бюджеттен 260,0 млн.теңге қосымша қаражат жұмсалды.

2 571,5 млн.теңгеге салынған 3 223 пәтердің 622 пәтеріне ел қоныстанбаған. Ақмола облысындағы Красный Яр ауылында 138 екі пәтерлік тұрғын үй төменгі сапамен салынған. 2011 жылы 40 үйді жылытуға жергілікті бюджеттен қосымша 37,5 млн.теңге жұмсалған. Бос тұрған құны 51,6 млн.теңгелік 18 пәтер тұруға жарамсыз, жөндеу жұмыстарын қажет етеді.

«Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабын бұзып, 2007 жылы Маңғыстау облысы Батыр ауылында 406,0 млн.теңгенің тұрғын үй құрылысы мен инфрақұрылым жұмысына конкурстар бекітілген жобалық-сметалық құжаттама қамтамасыз етілмеген жағдайда өткізілген.

Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласының құрылыс бөлімі 2011 жылғы 18 наурыздағы шарт бойынша мердігерге – «Отау-строй» ЖШС-ға асфальтбетонды жол жабынын төсеу бойынша атқарылмаған жұмыс үшін 14,6 млн.теңге төлеген.

Ақмола облысында – заңды және жеке тұлғаларға, Маңғыстау облысында әкімшілік үй-жай ретінде жалға берілген 101,0 млн.теңгелік 34 пәтер мақсаты бойынша пайдаланылмай отыр. Солтүстік Қазақстан облысында 42,1 млн.теңге болатын бір пәтерлік 10 тұрғын үйдің құрылысы аяқталмай қалған.

Бағдарламада ұсынылған тұрғын үй құрылысын жинақтау жүйесі арқылы үй сатып алу тетігі тиімсіз болып шықты. Бағдарламаның қатысушыларының еңбекке араласу дәрежесінің төмендігінен олардың «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-мен жасасқан 1760 шартының 1553-і бүгінде 1222,7 млн.теңге қарызымен проблемалық мәселе болып отыр. Сондай-ақ 807 шарт жасалмаған. Осыған байланысты Бағдарлама шеңберінде тұрғын үй құрылысына жұмсалған қаражаттың республикалық бюджетке қайтарылу мәселесі нақты шешімін таппай отыр.

Маңғыстау облысындағы Қарақиян және Мұнайлы аудандарында 2011 жылы салынған құны 466,3 млн.теңгелік 50 тұрғын үйді, сондай-ақ Ақмола облысының Красный Яр ауылында салынған 1191,5 млн.теңгелік 138 тұрғын үй мен инфрақұрылымды жергілікті атқарушы органдар балансқа алмаған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 8 мамырдағы № 674 қаулысымен бекітілген «Нұрлы көш» бағдарламасының пилоттық жобаларының қатысушыларына Тұрғын-үйді сату бағдарламасының және ережелерінің талаптарын бұза отырып, жалпы бағасы 1 722,9 млн.теңге болатын инженерлік инфрақұрылымның магистральді және сыртқы жүйелері құрылысы жергілікті бюджеттер есебінен емес, республикалық бюджеттің қаражаты есебінен салынды.

Бағдарламаның көрсеткіштері орындалмаса да «Оңтүстік», «Ертіс» және «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының иелігінде 2009 жылы Бағдарлама бойынша тұрғын үй мен инфрақұрылымды салу үшін жарғылық капиталды толықтыруға бөлінген 227,6 млн.теңге қалып қойып, ол басқа мақсаттарға пайдаланылған.

Оңтүстік және Шығыс Қазақстан облыстарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүйелері құрылысына 1 674,0 млн.теңгеге объект салынып бітпей, мемлекеттік қабылдау комиссиясы қабылдамаған.

Қаржыландырудың жеткіліксіздігі салдарынан және инфрақұрылым құрылысы жұмыстарының аяқталмауына байланысты Маңғыстау облысының Құрық ауылында 258,7 млн.теңгеге салынып берілген үйлердің 22-сі электр тарату желілеріне уақытша схема бойынша қосылған, тұрғындар сырттан әкелінетін ақылы суды пайдалануда. Бұл ретте, Құрық және Батыр елді мекендеріне жақын орналасқан бос аумақтарда 2010-2011 жылдары барлығы 566,4 млн.теңге болатын 48 км электр тарату желілері салынып, 28,5 км. газ құбыры және 10,6 км су құбыры тартылған.

Солтүстік Қазақстан облысының Элитное ауылындағы Бәйтерек шағын ауданында құны 390,8 млн.теңгелік электр жүйесі және су құбыры желісі жұмыстарының аяқталмауына байланысты пайдаланылмай тұр. Қоныстанған 140 тұрғын үй уақытша схемаға сәйкес қосылған. Бос тұрған 90 тұрғын үй электр қуатымен және су құбырларымен қамтамасыз етілмеген.

2011 жылы республикалық бюджеттен бөлінген дамытуға арналған 890,0 млн.теңге нысаналы трансферттер есебінен Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент қаласының Асар шағын ауданында Бағдарламада көзделмеген рекреация аумағының (саябақтар, скверлер, бульварлар) құрылысы жүргізіліп жатыр.

Бақылаудың қорытындысы бойынша, Есеп комитеті Үкіметке 2009-2011 жылдарға арналған «Нұрлы көш» бағдарламасының тиімсіз жүзеге асырылып жатқанына назар аударуды ұсынды.



Квазимемлекеттік сектор субъектілері бөлінісінде
27. «Қазақстан даму банкі» акционерлік қоғамында (бұдан әрі – Даму банкі) мен оның еншілес ұйымы «БРК - Лизинг» акционерлік қоғамында мемлекет активтерін пайдаланудың тиімділігіне, 2008-2010 жылдардағы бірлесіп қаржыландыруды қоса алғанда, кредиттік қаражат есебінен іске асырылып жатқан өңірлерді индустриялық-инновациялық дамыту жобаларының атқарылуына жүргізілген бақылау шеңберінде бюджет және өзге де заңмананың талаптарының жалпы 98,8 млрд.теңгеге бұзушылықтары анықталды.

2008-2010 жылдары активтер мен міндеттемелер ұлғайған тұста, Даму банкінің таза табысы іс жүзінде 2007 жылғы деңгейге де жетпеген, 2009 жылы ол 39,6 млрд.теңге мөлшерінде залал шегіп, 2010 жылы өзінің қызметін 1,9 млрд.теңге мөлшерінде таза табыспен аяқтаған.

Даму банкінің міндеттемелер көлемі 2008 жылдан бастап 5 есеге өсіп, 2011 жылғы 1 қаңтарға 690,7 млрд.теңгеге жеткен. Құрылымдағы өзгерістер банктердегі және басқа да қаржы институттарындағы қарыздардың үлесін 2008 жылғы 49%-дан 2010 жылғы 75%-ға дейін ұлғайтып, борыштық бағалы қағаздарды шығаруды 15%-дан 17%-ға дейін өсірудің және ҚР Үкіметі мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-ның (бұдан әрі – «Самұрық-қазына» ҰӘҚ» АҚ) қарыздарының үлесін, тиісінше, 30%-дан 4%-ға дейін азайтудың есебінен жүргізілген.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның кейбір мәселелері туралы» ҚР Үкіметінің 2009 жылғы 28 қыркүйектегі №1453 қаулысына сәйкес, Даму банкін капиталдандыру жолымен жобаларды іске асыруға арналған 167,7 млрд.теңгенің 2,6 млрд.теңгесі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның айналым қаражатында қалғаны анықталды.

2008-2010 жылдары кредиттер бойынша мерзімі өтіп кеткен берешек 28 есеге ұлғайып, 2011 жылғы 1 қаңтарға 145,0 млрд.теңгені немесе несиелік берешек қалдығының 35%-ын құрады, провизиялар 91,2 млрд.теңгеге қалыптасып, заем алушылардың борыштық міндеттемелері құнсыздандыруға жататын резервтің есебінен 6,7 млрд.теңгеге есептен шығарылған.

2010 жылы экспорттық кредиттерді беру 2008 жылмен салыстырғанда 30 есеге азайған, бұл ретте несиелік берешек 345,0 млн. АҚШ долларын немесе даму банкінің несиелік портфелінің 11,6%-ын құраған.

Бақылау кезінде жүргізілген үстеме тексеру барысында индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруда жол берілген бұзушылықтар анықталды.

Мәселен, «Ютекс-KZ» АҚ Оңтүстік Қазақстан облысындағы тоқыма фабрикасы үшін займ қаражаты есебінен 89,8 млн. АҚШ долларына сатып алған технологиялық жабдықтар 2008 жылғы IV тоқсаннан бері құрылыс объектісінде тасымалдау контейнерлерінде тұр. Құрылыс жұмыстары ұзақ уақыттан бері жүргізілмей келеді, объект жұмыс істемей тұр, жобаны пайдалануға берудің мерзімі айқындалмаған.

«Дайын мақта-мата өнімдерін шығару жөніндегі тоқыма және бояу-әрлеу өндірісін жаңарту» жобасы да жұмыс істемей тұр. Заем алушы – «Меланж» АҚ-ның Даму банкі алдындағы берешегі 2011 жылғы 1 қаңтарға 35,6 млн. АҚШ доллары болды.

«Черемшанский бройлер» ЖШС 2,0 млн. АҚШ доллары көлемінде алған бюджет қаражатының атаулылығын және нысаналы сипатын қамтамасыз етпей, бұл қаржыны ағымдағы шығыстарына жұмсап жіберген. Құс кешенінің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталмаған, кәсіпорын консервацияда тұр.

Экспорттық операциялар бойынша кредит қаражаттарының нысаналы пайдаланылуына мониторинг пен бақылау тиісті дәрежеде жүргізілмеген. Даму банкі Қазақстан резиденті болып табылатын «Трансавто» БК» ЖШС-ның экспорттық операцияларын қаржыландыру үшін «Настюша» астық компаниясы» жауапкершілігі шектеулі қоғамға 160,0 млн. АҚШ доллары мөлшерінде кредит берген. Бұл ретте Ресей Федерациясына 4,9 млн. АҚШ долларына 16,5 мың тонна көлемінде бидай жеткізілген, бұл жоспарланған көлемнің 3,1%-ын құрайды. Жалпы 155,1 млн. АҚШ доллары мөлшеріндегі кредит қаражатының мақсаты бойынша пайдаланылуын растайтын құжаттар жоқ. Даму банкі заем алушыға 15,5 млн. АҚШ доллары мөлшерінде айыппұл санкцияларын қолданбаған, экспорттық операцияның негізгі мақсатына қол жеткізілмеген.

Өзбекстан Республикасындағы Даму банкінің өкілдігі өзі жұмыс істеген жеті жылдың ішінде бірде бір жобаны іске асырмаған, бұл ретте оны ұстауға тек 2008-2010 жылдары 53,6 млн.теңге жұмсалған.

«БРК-Лизинг» АҚ-ның мемлекет активтерін басқару тиімділігі төмен, жасалған лизингілік мәмілелердің көпшілігі тиімсіз, бюджеттік кредиттер бойынша жасалған 11 шарттың 7-уі, коммерциялық займдар бойынша жасалған 32 лизингілік мәміленің 18-і алаңдаушылық туындатып отыр, солардың 10-ы проблемалық болып табылады және оларды өтеудің мерзімі асып кеткен.

Мәселен, «БРК-Лизинг» АҚ мен «НИМЭКС-Текстиль» ЖШС арасында тоқыма өндірісін кеңейту туралы 414,8 млн.теңгеге жасалған қаржылық лизинг шарты аясында сатып алынған жабдықтар лизинг алушының банкроттыққа ұшырауына байланысты пайдалануға берілмеген. 2011 жылғы 1 қаңтарға үмітсіз берешектің мөлшері 349,2 млн.теңге болды.

2011 жылғы 1 қаңтарға бюджеттік және коммерциялық кредиттер бойынша мерзімі өтіп кеткен берешек жалпы 2,2 млрд.теңгені құрады.

Бақылаудың қорытындысы бойынша, Есеп комитеті «Қазақстанның даму банкі» мен «БРК-лизинг» акционерлік қоғамдары қызметінің тиімділігінің төмен деңгейде екендігіне, елдің өңдеуші секторындағы орта және ірі бизнеске кредит берудің тиімділігін арттыру бойынша қажетті шешімдердің қабылданбағанына, берілген кредит қаражатының уақтылы қайтарылмағанына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның, Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің назарын аударды.


28. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық ақпараттық талдау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнында (бұдан әрі – «РАТО» РМК) мемлекет активтерін пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін бақылаудың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 316,4 млн.теңгеге бюджет және өзге де заңдардың, соның ішінде 141,5 млн.теңгеге мемлекеттік сатып алу туралы заңнама талаптарының бұзылғаны анықталды.

Республикалық бюджет қаражатын пайдалану тиімділігінің төмен деңгейде екендігі, сондай-ақ алынған кірістердің есептілігінің бұрмалану фактілері анықталды.

Есептілікті ұсыну тиісті деңгейде ұйымдастырылмаған, «РАТО» РМК тиісті мемлекеттік органдарға ұсынылатын есептіліктің объективтілігіне мониторинг пен бақылауды уақтылы қамтамасыз етпеген.

«РАТО» РМК-нің филиалдарының есептілікті дұрыс жасамауы іс жүзіндегі шығыстар мен есепті деректердің бір-біріне сай келмеуіне алып келген.

«РАТО» РМК-де әкімшілік шығыстарды әдейі асыра көрсету фактілері анықталды. Мәселен, «РАТО» РМК 2010 жылы «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 32-бабын бұза отырып, бір көзден сатып алу тәсілімен 16,0 млн.теңгеге үй-жай жалдаған. Бұл ретте, Денсаулық сақтау министрлігінің (бұдан әрі – ДСМ) деректері бойынша, 2010 жылы аталған кәсіпорынның үй-жайларды жалдауға кеткен шығындары 36,8 млн.теңге деп көрсетілген. Сонымен қатар, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының аталған нормасын бұза отырып, күнделікті қызметті қамтамасыз ету үшін 125,4 млн.теңгеге негізгі материалдық құралдар сатып алынған.

2010 жылғы қаржыландыру жоспарын бұза отырып, оған тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізбестен, 10,1 млн.теңгеге 9 дана «ЛАДА» автокөлігі сатып алынған.

2010 жылдың қорытындысы бойынша қаржылық есептер нақты жағдайды көрсетпейді, оларда күмәнді деректер келтірілген. Жекелеген жоспарлы көрсеткіштер орындалмаған. Мәселен, есептердің кіріс бөлігінде 210,7 млн.теңгенің түсімдері көрсетілмегендіктен, республикалық бюджетке 42,1 млн.теңге мөлшерінде корпоративтік табыс салығы түспей қалған.

Бақылау жүргізілген кезде «РАТО» РМК-нің Ақмола филиалы ДСМ мен «MDS Company» ЖШС арасындағы келісімшарт бойынша пилоттық жоба аясында 353,2 млн.теңгеге сатып алынған жабдықтарды құқық белгілеуші құжаттарсыз пайдаланып келген. Бұл ретте, сарапшылардың бағалауынша, сатып алынған жабдықтардың құны нарықтық бағадан 117,7 млн.теңгеге қымбат болған.


29. «Біріккен химия компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде (бұдан әрі – «БХК» ЖШС) активтерді басқару тиімділігін бақылаудың қорытындысы бойынша «БХК» ЖШС-ның алдына қойған мақсаттарына толығымен қол жеткізбегені, міндеттерін орындамағаны атап өтіледі.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы №958 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) аталмыш бағдарламаны химия өнеркәсібінде іске асыратын негізгі оператор ретінде «БХК» ЖШС белгіленіп, бүгінгі таңда үш инвестициялық жобаны, атап айтқанда:

- Ақмола облысында өндірістік қуаты жылына 180 мың тонна күкірт қышқылы зауытын қайта жаңартуды;

- Жамбыл облысында суспензиялық-флотациялық байыту технологиясы бойынша 2 млн. тонна фосфоритті концентрат өндіру үшін кен байыту фабрикасын қайта жаңартуды;

- Атырау облысында базалық мұнай-химия өнімін өндіретін, қуаты жылына 1,3 млн. тонна болатын, Теңіз кен орнының көмірсутек газын өңдеуді көздейтін интеграцияланған газ-химия кешенін салуды іске асыруға қатысады.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқармасы 2009 жылғы 19 қарашада «БХК» ЖШС-ның «Қазатомөнеркәсіп» күкірт қышқылы зауыты бірлескен кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне (бұдан әрі – «Қазатомөнеркәсіп» ККЗ БК» ЖШС) қатысушылардың құрамына кіруін және оның жарғылық капиталының 51%-ын құрайтын 1 561,2 млн.теңге салым төлеуін мақұлдаған. «Қазатомөнеркәсіп» ККЗ БК» ЖШС 2011 жылғы 26 тамызға, Ақмола облысында күкірт қышқылы зауытын қайта жаңарту жобасын іске асырудың аясында оның 1 557,8 млн.теңгесін игерген. Аталмыш қаржының 1 238,7 млн.теңгесі инвестициялық сипаттағы күрделі салымдарға, соның ішінде 1 020,2 млн.теңгесі (5,0 млн. евро) Италияның резиденті болып табылатын «Desmet Ballestra S.p.A.» компаниясымен күкірт қышқылы өндірісіне жабдықтар жеткізу жөнінде жасасқан 2008 жылғы 14 тамыздағы келісімшарт бойынша алдын ала төлем ретінде қолданылған.

Бұл ретте ұсынылған инвойсқа сәйкес, күкірт қышқылын өндіретін жабдықтар тек 265,2 млн.теңгеге (1,3 млн. евро) ғана жеткізілген. Алынған жабдық мақсатына сай пайдаланылмауда, ал 755,0 млн.теңге (3,7 млн.евро) ақша қаражаты аталмыш компанияның иелігінде жатыр. Сөйтіп, 1 020,2 млн.теңге тиімсіз пайдаланылған.

Бүгінгі таңда «Қазатомөнеркәсіп» ККЗ БК» ЖШС ақша қаражаты болмағандықтан, «Desmet Ballestra S.p.A.» компаниясының алдындағы 10,12 млн.евро төлеу бөлігіндегі міндеттемелерін орындай алмай отыр, бұл өз кезегінде аталмыш жобаны уақтылы іске асыруға әсер етеді.

2010 жылдың соңында «БХК» ЖШС-ның қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындысы бойынша, өткен жылдардан жинақталған оның шығыны 1 331,5 млн.теңгені құрады. 2010 жылғы кірістері құрылымында «БХК» ЖШС-ның екінші деңгейдегі банктерде депозиттік шоттарға орналастырған ақшадан түскен сыйақылары кірістің ең көп үлес салмағына (99,2 %) ие болып отыр.

2010 жылғы шығыстар 2009 жылмен салыстырғанда 53,1%-ға ұлғайып, 854,3 млн.теңге болған.

2009-2010 жылдардың қорытындысы бойынша басшы қызметкерлерге сыйақы төленбеген. Алайда 2010 жылы жалақы 5,5%-ға немесе 177,8 млн.теңгеге өскен.

Есеп комитеті бақылаудың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасындағы химия өнеркәсібін индустриялық-инновациялық дамыту мәселелерінде химия өнеркәсібін дамыту саласындағы негізгі оператор ретінде «БХК» ЖШС-ның ықпалын күшейту жөнінде жүйелі шаралар қабылданбағанына «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның назарын аударып, оған Ақмола облысында өндірістік қуаты жылына 180 мың тонна күкірт қышқылы зауытын қайта жаңарту жөніндегі жобаны белгіленген мерзімде іске асыруда қажетті шешімдер қабылдауды; химия саласындағы ғылыми институттар мен ғалымдарды тарта отырып, осы саладағы инвестициялық жобаларды іске асырудың тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді зерттеулердің, сараптамалардың және өзге де жұмыстардың жүргізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.



30. «СК-Фармация» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде (бұдан әрі – «СКФ» ЖШС) активтерді басқару және пайдалану тиімділігін бақылаудың қорытындысы бойынша активтер жеткілікті дәрежеде тиімді басқарылмағандықтан, фармацевтика өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға қатысты «СКФ» ЖШС-ның алдына қойылған жекелеген міндеттер орындалмағаны атап өтіледі.

Есеп комитеті анықтағандай, бүгінгі таңда «СКФ» ЖШС тек қана бір бағытта жұмыс атқаруда. Ол ашық конкурс жүргізу арқылы кепілдік берілген тегін медициналық көмек бағдарламасының аясында дәрі-дәрмектің қажетті көлемін сатып алу. Дәрі-дәрмекті сақтап, мемлекеттік және мемлекеттік емес медициналық мекемелерге сату, жеткізу жұмыстарын 2009 жылғы маусымда және желтоқсанда жасалған келісімшарттардың негізінде «Стофарм» ЖШС атқаруда. «СКФ» ЖШС-ның дәрі-дәрмек сақтайтын қоймасы және материалдық базасының болмауына байланысты, ол фармацевтика дистрибьюторы бола алмайды.

2010 жылы дәрілік заттарды және медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу «Тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемiн көрсету бойынша дәрiлiк заттарды, профилактикалық (иммунобиологиялық, диагностикалық, дезинфекциялық) препараттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы, фармацевтикалық қызметтердi сатып алуды ұйымдастыру және өткiзу ережесiн бекiту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы №1729 қаулысына сәйкес жүргізілген. Аталмыш қаулыда өнім алушы жеткізілген дәрі үшін өнім берушіге 90 банк күні ішінде төлем жасайды деп қарастырылған. «СКФ» ЖШС осы тармаққа сай төлемді 70-80 күннің ішінде аударып отырған.

Мәселен, «СКФ» ЖШС 465,4 млн.теңгенің дәрі-дәрмегін «Стофарм» ЖШС-дан 2010 жылдың 25 қаңтарында алып, қаржыны сәуірдің 15-де аударған. Осындай жағдай «Медсервис плюс» ЖШС-ға байланысты да орын алған, сөйтіп 2010 жылдың 14 шілдесінде алынған дәрі-дәрмектің төлемін 10 қазанда жүргізген.

«СКФ» ЖШС дәрі-дәрмекті «Стофарм» ЖШС арқылы мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелерге сатқан уақытта аванстық төлемді және қалған қаражатты 10 күннің ішінде «СКФ» ЖШС есебіне аудару тетігін қолданып отырған. Аталмыш тетіктің көмегімен «СКФ» ЖШС өзінің жарғылық капиталын толықтырып, пайда тауып отыр.

2010 жылғы 31 желтоқсанға «СКФ» ЖШС-ның кредиторлық берешегі 12,7 млрд.теңгені құрады. Қазіргі кезде «СКФ» ЖШС-ның активтерінің 99,9 %-ы қысқа мерзімді активтер, оның 75 %-ы дәрілік қор, ал 13,4 пайызы ақшалай қаражат болып табылады.

Сатылған өнімнің өзіндік құнына байланысты шығыстар «СКФ» ЖШС-ның барлық шығыстарының 93,8%-ын құрайды. 2010 жылы әкімшілік шығыстарының үлесі 2009 жылмен салыстырғанда 12,3%-ға өскен.
31. «Мұнай және газ ақпараттық талдау орталығы» акционерлік қоғамында (бұдан әрі – «МГАТО» АҚ) мемлекет активтерін пайдаланудың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін бақылаудың қорытындысы бойынша жалпы сомасы 66,8 млн.теңгеге Қазақстан Республикасы заңнамасы талаптарының бұзылғаны анықталды.

Мемлекет активтері жеткілікті дәрежеде тиімді пайдаланылмауда. Мәселен, бақылау кезінде «МГАТО» АҚ-ның балансындағы жалпы алаңы 192,0 шаршы метр, баланстық құны 6,3 млн.теңге болатын коттедж пайдаланылмай тұрды, бұл ретте оны ұстауға және күзетуге арналған шығыстар 0,2 млн.теңгені құраған. Коттеджді пайдаланудан кіріс түспеген.

«МГАТО» АҚ талап қою-қуыну жұмыстарын тиісті деңгейде жүргізбегендіктен, 2011 жылдың 1 шілдесіне 2006 жылдан бастап есепте тұрған, талап қою мерзімі өтіп кеткен жалпы 4,4 млн.теңгенің кешіктірілген дебиторлық берешегіне жол берілген.

2010 жылы Мұнай және газ министрлігі жасалған шарттың негізінде орындалмаған маркетинг бойынша консультативтік қызметтер үшін «Келісімшарт агенттігі» АҚ-ға (бұдан әрі – филиал) 8,2 млн.теңге төлеген.

«Акционерлік қоғамдар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 53-бабын және «МГАТО» АҚ-ның Жарғысын бұза отырып, 2010 жылы филиал «МГАТО» АҚ-ның Директорлар кеңесінің тиісті шешімінсіз өз бетінше «GOLD WORLD» ЖШС-мен Қоғам активтері құнының 10%-нан асып кететін жалпы 38,1 млн.теңгеге мәміле жасаған.
32. «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамында (бұдан әрі – «Самұрық-Энерго» АҚ) мемлекет активтерін басқару тиімділігіне жүргізілген бақылаудың қорытындысы бойынша 46,3 млн.теңгенің қаржы тәртібін бұзушылықтары анықталды.

2007-2011 жылдар аралығында орташа айлық еңбекақы 357,0 мың теңгеден 597,1 мың теңгеге дейін және жұмысшылардың саны шамамен 2,5 есеге өскен тұста, 2007-2009 жылдары «Самұрық-Энерго» АҚ 10 104,5 млн.теңгеге залал шеккен.

2010 жылғы 10 862,6 млн.теңге мөлшеріндегі шоғырландырылған таза табыс, негізінен, 20 еншілес және тәуелді ұйымының екеуінен, атап айтқанда, «Forum Muider B.V.» компаниясынан («Богатырь Көмір» ЖШС-ның қатысушысы) және «Бұқтырма ГЭС-і» АҚ-дан түсетін аударымдардан, сондай-ақ уақытша бос ақша қаражатын банктерде депозиттерге орналастырудан түскен сыйақы есебінен қалыптасқан.

2008 жыл - 2011 жылдың бірінші жартыжылдығы аралығында «Самұрық-Энерго» АҚ банктердің депозиттеріндегі салымдардан 607,5 млн.теңге сыйақы алған. Бос ақша қаражатын қалыптастыруға «Самұрық-Энерго» АҚ-ның өзінің де, оның еншілес және тәуелді ұйымдарының да (бұдан әрі – ЕТҰ) акцияларының пакеттерін жариялау, тіркеу, шығару және сатып алу жөніндегі рәсімдердің ұзақтығы ықпал еткен.

Сонымен қатар, «Алматы Пауэр Консолитейтид» АҚ-дан (бұдан әрі – «АПК» АҚ) берілген ЕТҰ-ның қаржылық жағдайы айналым қаражатының тапшылығымен, бір біріне ірі көлемде дебиторлық және кредиторлық берешектерінің, сондай-ақ «АПК» АҚ-ның борыштарының болуымен сипатталады. Бұл, өз кезегінде негізгі құралдарды, келешектегі кірістерді және сатып алынатын жабдықты кепілге қоя отырып, оларды екінші деңгейдегі банктерден қарыз алуға мәжбүрлейді.

2011 жылғы 1 қаңтарға «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ға (бұдан әрі – «АЖК» АҚ) «Алматыэнергосбыт» ЖШС-ның дебиторлық берешегі 1 115,8 млн.теңге, «Алматы электр станциялары» АҚ (бұдан әрі – «АлЭС» АҚ) дебиторлық берешегі 122,6 млн.теңге болған. Сонымен бірге банкроттыққа ұшыраудың алдында тұрған «Энергожинақтау» ҚМК-нің 3 281,6 млн.теңге үмітсіз дебиторлық берешегі бар.

«АлЭс» АҚ және «АЖК» АҚ қаржы ресурстары тапшылығы болғанымен, республикалық бюджеттен алынатын қаражатқа инвестициялық жобаларды іске асыруда, аталмыш қаржы акцияларды шығару жөніндегі ұзақ рәсімдердің салдарынан кешіктіріліп түсуде.

2009 жылы ЖЭО-1 күл-қож тазалау аралас жүйесін қайта жаңарту және салу үшін «АлЭС» АҚ-ға республикалық бюджеттен бөлінген 3 457 млн.теңге жарты жыл кешігіп түскен, оның 300,0 млн.теңгесі «Самұрық-Энерго» АҚ-дан түспеген. ЖЭО-3 күл-қож тазалау аралас жүйесін қайта жаңартуға және салуға – 420,0 млн.теңге, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-дан Алматы ЖЭО-2-ні қайта жаңартуға және кеңейтуге 9 997,5 млн.теңге қаражат түспеген.

2010-2011 жылдары Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі арқылы Алматы қаласының бюджетіне бөлінген нысаналы трансферттердің есебінен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның және «Самұрық-Энерго» АҚ-ның жарғылық капиталдарын ұлғайтпастан, ЖЭО-2-ден жылу қабылдау үшін ЖЭО-1-ге 4,9 млрд.теңгеге қайта жаңарту жүргізілген.

«АЖК» АҚ-да кіші электр станцияларын салу жер учаскелері иелерінің және тасжол бағытының өзгерулеріне байланысты кестеден кешіктіріліп жүргізілуде, бұл жобалау сметалық құжаттаманы (бұдан әрі – ЖСҚ) түзетуге әкеп соқтырады.

Жұмыстардың уақтылы аяқталмауына байланысты, «Новая» КС құрылысында – 46,1 млн.теңге, «Отырар» КС құрылысында – 173,1 мың теңге айыппұл санкциялары болған. «Ерменсай» КС – «Кеңсай» КС – АЖЭО-3 220 кВ электр байланыс желісі бар «Кеңсай» КС-ны салу үшін «Самұрық-Энерго» АҚ-ның кепілдігімен 11 200,2 млн.теңге аванс төленген. Бұл ретте іс жүзінде мердігер жұмыстарды орындаған, алайда тапсырыс беруші ЖСҚ-да болған өзгерістерге байланысты қабылдамаған.

Сонымен қатар «АЖК» АҚ 2011 жылғы 1 тамызға кіші станцияларды салуға республикалық бюджеттен бұрын бөлінген 11 800,9 млн.теңге бос ақша қаражатын 2009 жылдан бастап қазіргі кезге дейін банкілерде депозиттік шоттарға орналастырудан 551,7 млн.теңге сыйақы алған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің және Корея Республикасы Үкіметінің арасында Балқаш ЖЭС (бұдан әрі – «БЖЭС» АҚ) салу жөніндегі келісімге 2011 жылғы 25 тамызда қол қойылғанына қарамастан, корей тарапынан құрылысты қаржыландыру мәселесінің шешілмеуіне байланысты, жұмыстың басталу мерзімі бірнеше рет кейінге қалдырылған.

2010 және 2011 жылдары акцияларды шығару жөніндегі рәсімдердің аяқталмауына байланысты, «БЖЭС» АҚ-ның жарғылық капиталын толықтыруға бөлінген 6 239,0 млн.теңге «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның және «Самұрық-Энерго» АҚ-ның иелігінде қалған. Бұл ретте «БЖЭС» АҚ 2009 жылдан бастап қазіргі кезге дейін республикалық бюджеттен инвестициялық жобаларға бөлінген 4 272,0 млн.теңгені банктерде депозиттерге орналастырудан 184,1 млн.теңге сыйақы алған.

«Қайраткөл» темір жол станциясын кеңейту жөніндегі сметалық құны 1 001,2 млн.теңгенің және Қайраткөл ст.–Балқаш ст. кірме темір жолды қайта жаңарту жөніндегі сметалық құны 196,4 млн.теңгенің жобалары теміржол рельстеріне бағаның өзгеруіне байланысты, 2010 жылдан бастап тоқтатылған.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ және «Самұрық-Энерго» АҚ «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-да (бұдан әрі – «ЕГРЭС-1» ЖШС) мемлекет активтерінің пайдаланылуына бақылау жасамай отыр. 2010 жылғы ақпаннан бастап бүгінгі таңға дейін жарғы талаптарын бұза отырып, қатысушылар тексеру комиссиясын құрмаған, «Самұрық-Энерго» АҚ-ның өкілдерінің қатысуымен Байқау кеңесінің отырысы өткізілмеген.

№ 2 энергоблокты қалпына келтіру, қолданыстағы жабдықты сақтап қалу және оны күрделі жөндеу жобасы бойынша жалпы 8,7 млрд.теңге қарастырылғанымен, «ЕГРЭС-1» ЖШС 20,2 млрд.теңгеге жаңа жабдық сатып алған. Бұл ретте бұрын қондырылған жабдықты бөлшектеу №2 энергоблок жабдығының парктік ресурсын кемінде 50 пайызға шығару кезінде тәуелсіз сараптама ұйымы «Казэнергоналадка фирмасы» ЖШС-ның қорытындысына сай жүргізілген.

«ЕГРЭС-1» ЖШС-ның бөлшектенетін жабдығының баланстық құны белгіленбеген, сонымен бірге жүргізілген бағалауға сәйкес, қалған негізгі құралдардың құны 6 есеге асырып көрсетілген.

«Forum Muider B.V.» компаниясындағы үлестің 50%-ын сатып алған кезінде Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның және «Самұрық-Энерго» АҚ-ның іс-қимылдары келісілмегендіктен, 2009 жылы «Самұрық-Энерго» АҚ доллар бағамының өзгеруіне байланысты, шетелдік банктер тобының синдикатталған қарызын өтеуде 10 769,2 млн.теңгенің теріс бағамдық айырмасы бойынша залал шеккен.

Аталмыш қарызды қайта қаржыландыру үшін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-дан және Қазақстан Республикасы Ұлттық қорынан 48 200,0 млн.теңге бөлінген.

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның орталық аппаратында бір жылдан астам уақыттан бері жалпы алаңы 572,7 шаршы метр болатын 79,0 млн.теңгенің жеті пәтері пайдаланылмауда. Оларға қызмет көрсетуде пәтер меншік иелерінің кооперативтерінің қызметтері үшін берешек 171,75 мың теңге болды.

«Самұрық-Энерго» АҚ-ның бес басшы қызметкерінің әрқайсысына жалпы алаңы 170,0 шаршы метрден асатын екі пәтерден (3 және 1 бөлмелі) бөлінген.

Әкімшілік үй-жайларды жалға алу кезінде «Самұрық-Энерго» АҚ-ның орталық аппараты белгіленген нормативті шығысы 44,4 млн.теңге болатын 537,4 шаршы метрге асып кеткен.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет