Өңірлер бөлінісінде
18. Шығыс Қазақстан облысына индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігіне, сондай-ақ республикалық бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақтылылығын бақылау барысында Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасы талаптарының жалпы 10 947,3 млн.теңгеге, мемлекеттік сатып алуды жүргізу тәртібінің 24 426,6 млн.теңгеге бұзылғаны анықталды.
Инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелерін шешу кезінде өңірлердің республикалық бюджеттен түсетін трансферттерге тәуелділігінің арту үрдісі сақталуда. Мәселен, 2009 жылы республикалық бюджеттен түсетін түсімдер 93 817,9 млн.теңгені немесе түзетілген бюджеттің 68,9 %-ын құраса, 2010 жылы – 113 874,9 млн.теңге, немесе, тиісінше, 70,5 пайыз болған.
Шығыс Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған орта мерзімді жоспарын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген жалпы 21 782,7 млн.теңгенің 195 іс-шарасының іс жүзінде 57-сі (29%-ы) іске асырылған.
Жалпы 10 975,4 млн.теңгенің 138 іс-шарасы орындалмаған, бұл аталмыш жоспардың көрсеткіштеріне теріс әсерін тигізді. Республикалық бюджет қаражатының қатысуымен іске асырылған алты салалық өңірлік бағдарламаның күтілген нәтижелеріне толық көлемінде қол жеткізілмеген.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі республикалық бюджеттің жалпы 10 773,9 млн.теңге нысаналы трансферттері бойынша келісімдерде көзделген міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етпеген.
Құрылыс басқармасы жосықсыз мердігермен шартты бұзғаннан кейін «Өскемен қаласында облыстық қан орталығын салу» жобасын аяқтау мақсатында бұрынғы мердігерден 1 434,8 млн.теңгенің орындалмаған жұмысы қалғанымен, жалпы 1 948,0 млн.теңгеге немесе қалған қаржыдан 513,2 млн.теңгеге асатын шарт жасасқан.
Білім және ғылым министрлігі ағымдағы жылы Өскемен қаласындағы «Арай» тұрғын үй алабында 250 орынға арналған балабақша және Жарма ауданының Георгиевка ауылында 140 орынға арналған балабақша салуға, тиісінше, 150 млн.теңге және 52,9 млн.теңге артық бөлген.
Бюджет кодексінің 157-бабын бұза отырып, денсаулық сақтаудың инвестициялық жобаларының тізбесіне енгізілмеген үш объектісі бойынша жалпы 174,4 млн.теңгеге жобалау сметалық құжаттама әзірленіп, кейіннен іске асырылмай қалған. Сонымен бірге техникалық-экономикалық негіздемесіз жалпы 4 089,8 млн.теңгенің екі инвестициялық жобасы іске асырылған
Білім беру саласындағы үш объекті мемлекеттік қабылдау комиссиясының актісінсіз пайдаланылуда.
Облыстың Тарбағатай және Қатон-Қарағай аудандарының орталық аудандық ауруханалары 2010 жылы актінің негізінде қабылдап алған құны 86,9 млн.теңге тұратын рентген және басқа да медициналық техника шығыс материалдарының болмауына байланысты пайдаланылмай тұр.
Бюджет кодексінің 66-бабын бұза отырып, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасының аясында шығыс көлемдерін негіздеуге арналған тиісті есеп айырысулар болмағанымен, облыстың энергетика басқармасына 2010-2011 жылдары жалпы 1 810,8 млн.теңге нысаналы трансферттер бөлінген, оның ішінде 2010 жылы 129,9 млн.теңге игерілмей қалған. Бекітілген ТЭН-і және ЖСҚ-сы бар, мемлекеттік сараптамадан өткен инвестициялық жобалар болмағандықтан, 2011 жылғы 1 шілдеге жалпы құны 1 021,2 млн.теңге болатын жобалардың тізбесі айқындалмаған.
Қазақстан Республикасында құрылыс саласында қолданыстағы нормативтердің талаптары сақталмағандықтан, ЖЭО-1-ді кеңейту және қайта жаңарту жөніндегі жұмыстардың құны техникалық-экономикалық негіздемеде көзделген құнынан 6 229,2 млн.теңгеге асып кеткен.
Семей қаласының құрылыс бөлімі мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жүргізудің орнына «Свинецстрой» ЖШС-мен «Семей қаласында орталық жылумен жабдықтау сызбасында сақталып қалған қазандықтар мен ЖЭО-лардың жұмыс істеп тұрған қуаттарын жаңғырту, жылу желілерін қайта жаңарту. ЖЭО-1-ді кеңейту және қайта жаңарту» объектісі бойынша жұмыстарды орындау үшін жалпы 24 171,7 млн.теңгеге қосымша келісім жасаған.
Құрылыстың 1-кезегіндегі компрессор станциясын және оның жиынтық бөліктерін жалпы 57,8 теңгеге сатып алу мәселесі жобадан алынып тасталғанына қарамастан, Семей қаласының құрылыс бөлімі «Свинецстрой» ЖШС-мен жасалған шарттың сомасын азайтпаған. Бұл ретте мердігерлік ұйымға жұмыстың орындалмаған көлемі үшін 560,9 млн.теңге аударылған.
Семей қаласындағы ЖЭО-1-дің объектілері болып табылатын түтін мұржасы мен суды химиялық тазарту ғимараты жеке меншіктің иелігінде болғанымен, оларды жөндеуге және жаңартуға 2009-2011 жылдары жалпы 315,6 млн.теңге нысаналы трансферт жұмсалған.
Семей қаласының құрылыс бөлімі ЖЭО-1-дің бірінші кезегінің құрылысы бойынша жұмыстарға бекітілген сметалық құнынан 408,3 млн.теңгені артық төлегені анықталды.
2011 жылы сумен жабдықтау объектілерін салуға және қайта жаңартуға республикалық бюджеттен бөлінген жалпы 74,3 млн.теңге нысаналы трансферттер 2010 жылы әзірленген ЖСҚ-ның шығындарын өтеуге пайдаланылған. Бұл ретте жобалау ұйымының алдындағы кредиторлық берешек Өскемен қаласындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінде тіркелмеген.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша салық департаменті қолма-қол ақшалай есеп айырысуға қатысты шектеулерді 25 млн.теңгеге асырып қолдануға жол берген лауазымды адамдарды әкімшілік жауапкершілікке тарту жөнінде шара қабылдамаған.
Есеп комитеті бақылаудың қорытындысында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын бағдарламалық құжаттардың тиісінше іске асырылмағанына, жекелеген инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған нысаналы трансферттер бойынша келісімдер аясында қабылданған міндеттемелердің түпкі нәтижелеріне қол жеткізуге тиісті шараның қолданылмағанына Шығыс Қазақстан облысы әкімінің назарын аудару туралы қаулы қабылдады.
19. Атырау облысына индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыру үшін бөлінген республикалық бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігінің, сондай-ақ республикалық бюджетке түскен түсімдердің толықтығы мен уақтылылығын бақылаудың қорытындысы бойынша, жалпы сомасы 10 635,8 млн.теңге мөлшерінде бюджет және басқа да заңнама талаптарының, сондай-ақ 137,5 млн.теңгеге мемлекеттiк сатып алу туралы заңнама талаптарының бұзылғандығы анықталды.
Атырау облысының әкiмдігі облысты әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2008-2010 және 2009-2011 жылдарға арналған орта мерзімді жоспарларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарларын бекітпеген, оларды орындау бойынша мониторинг пен есептілікті ұйымдастырмаған. Ауыз сумен қамтамасыз етудің 2003-2010 жылдардағы, денсаулық сақтауды дамытудың және реформалаудың 2008-2010 жылдардағы өңірлік бағдарламаларының құрылыс объектілерін пайдалануға уақтылы енгізуді қамтамасыз ету бөлігіндегі іс-шаралары толық көлемінде орындалмаған. Білім беруді дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы бекітілмеген.
Атырау облысының дамуына республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер көлемін анықтау кезінде жер қойнауын пайдаланушылардың облыстың әлеуметтік дамуына жергілікті бюджетке жасаған нақты аударымдары есепке алынбаған, 2009-2011 жылдары мұндай аударымдардың жалпы көлемі 1,8 млрд.теңгені құраған. Бұл ретте 1 млрд.-тан астам теңгенің пайдаланылуы туралы ақпарат ұсынылмаған.
Бақылау барысында анықталғандай, республикалық және жергілікті деңгейдегі мекемелерде төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаныс саласындағы жекелеген өкілеттіктер мен функциялардың қайталанушылығы фактілері орын алған.
Мемлекеттік сатып алу туралы, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнаманы бұза отырып, ірі және күрделі құрылыс объектілері, сондай-ақ құрылыс мерзімі алты айдан асатын объектілер бойынша конкурстық құжаттама мемлекеттік сараптамаға ұсынылмаған, соның салдарынан бюджеттік инвестициялық жобалардың басым бөлігін іске асыру кезінде көптеген бұзушылықтар орын алған.
Мәселен, 19 объектінің құрылысы бекітілген жобалау-сметалық құжаттамасыз басталған. Жалпы сомасы 6,6 млрд.теңгенің жұмыстары уәкілетті органдардың рұқсатынсыз орындалған. Шығындары 96,7 млн.теңгені құрайтын технологиялық және авторлық қадағалау мемлекеттік сатып алу рәсімдері өткізілместен жүзеге асырылған. Мердігерлерге орындалмаған және сапасыз орындалған жұмыстар үшін жалпы сомасы 43,6 млн.теңге мөлшерінде ақы төленген. Мердігерлік шарттарға жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге және оған мемлекеттік сараптама жүргізуге 87,8 млн.теңгеге қайтадан ақы төлеу негізсіз енгізілген. Бақылау барысында анықталғандай, объектілер құрылысының сметалық құны республикалық денгейдегі орташа көрсеткіштен асып кеткен.
Жоспарлауда жіберілген қателіктер объектілерді уақтылы пайдалануға беруге және ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етуге теріс әсерлерін тигізуде. Мәселен, 4 сумен жабдықтау объектісін қаржыландыру тоқтатылған, оларды салуға бұрынғы жылдары 266,9 млн.теңге жұмсалған. Бұл ретте облыс әкімдігі құрылысы тоқтап тұрған объектілерді жергілікті бюджет есебінен аяқтауды жоспарлап отыр. «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 73-бабын бұза отырып, Индер ауданы Индербор ауылындағы сметалық құны 642,8 млн.теңгені құрайтын блокты су тазарту құрылыстары мен желілері мемлекеттік қабылдау комиссиясы қабылдамаса да пайдаланылып жатыр.
Салынып біткен екі аудандық емхана мен ауруханада 169,8 млн.теңгеге орнатылған технологиялық және медициналық жабдықтар пайдалануға қажетті жағдайлар болмағандықтан, қолданылмауда. Бұл ретте жабдықтардың 17,5 млн.теңгені құрайтын бір бөлігі жеткізілмеген.
2010-2011 жылдары республикалық бюджеттен 012 «Балық шаруашылығы саласындағы мемлекеттік монополия субъектісін арнайы жабдықтар және теңіз техникасымен жаңартуға арналған Атырау облысының бюджетіне бөлінетін нысаналы ағымдағы трансферттер» және 033 «Жайық Балық» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының жарғылық капиталын ұлғайтуға арналған Атырау облысының бюджетіне бөлінетін нысаналы ағымдағы трансферттер» бағдарламаларына жалпы 3 545,7 млн.теңге қаражат бөлінген. Бұл орайда «Жайық Балық» КМК өзінің құрылған кезінен бастап, осы уақытқа дейін мемлекеттік монополия субъектісі мәртебесін алмаған және өндірістік қызметті жүзеге асырмаған, сондай-ақ жалпы 206,1 млн.теңге болатын негізгі құралдарын бұрынғы меншік иесіне жалға берген. «Жайық Балық» КМК үшін 3,5 млрд, теңгеге сатып алынатын жабдықтар өндіріс құрылыстары салынып, жаңартылғаннан кейін ғана өнеркәсіптік пайдалануға берілуі мүмкін.
Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті заңсыз негізде жергілікті бюджетке аударылған 2 441,2 млн.теңгені республикалық бюджетке және Қазақстан Республикасының Ұлттық қорына қайтару туралы Есеп комитетінің 2010 жылғы 22 сәуірдегі қаулысын орындамаған. Бұл орайда 2010 жылы Атырау облысының Сот актілерін орындау жөніндегі департаменті мен Жайық-Каспий экологиялық департаменті есептеген 2,6 млн.теңге әкімшілік айыппұлдар тағы да республикалық бюджеттің орнына жергілікті бюджеттің кірісіне аударылған.
Заңды мекенжайларында болмаған салық төлеушілерге үстеме тексеру жүргізбестен, оларды тарату тексерістерін аяқтау фактілері анықталды. Атырау облысының салық департаменті «Еділ-Орал» ЖШС-ның белгіленген мөлшерден тыс 5,8 млн.теңгеге қолма-қол ақшамен есеп айырысу фактісі бойынша материалдарды құқық қорғау органдарына бермеген.
Есеп комитеті әлеуметтік-экономикалық дамудың орта мерзімді жоспарларын, жекелеген өңірлік жоспарларды іске асыру, балық саласын дамыту, республикалық бюджеттің нысаналы трансферттерін пайдалану жұмыстарының тиісті дәрежеде ұйымдастырылмағанына Атырау облысы әкімдігінің назарын аударды.
20. Ақтөбе облысына бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін, республикалық бюджетке түскен түсімдердің толықтығы мен уақтылылығын, сондай-ақ мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын сақтаудың Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкестігін бақылау барысында бюджет және өзге де заңнама талаптарының – 3224,3 млн.теңгеге, салық және кеден заңнамасы талаптарының – 28,1 млн.теңгеге бұзылғаны, республикалық бюджеттің 33,5 млн.теңгеге залал шеккені анықталды.
Ақтөбе облысының әкімдігі республикалық бюджет қаражаты есебінен іске асырылып жатқан өңірлік бағдарламаларды әзірлеу кезінде кейбір жағдайларда олардың мақсаты мен нәтижелерін, бағалаудың өлшемдері мен индикаторларын нақты айқындамаған, іс-шараларды бюджеттік бағдарламалармен байланыстырмаған, іс-шаралардың қайталануына жол берген. 2009 жылға жоспарланған 127 іс-шараның 52-сі орындалмай қалған, 2010 жылы 106 іс-шараның 23-і орындалмаған. Өңірлік бағдарламалардан және нысаналы трансферттер бойынша жасалған келісімдерден күтілген нәтижелер ішінара орындалған.
«Ақтөбе-Сити» ықшамауданында кәріз салуға арналған (1, 2-кезектері) жобалау-сметалық құжаттаманы түзету кезінде 2007 жылдың бағаларында көзделген және 2008 жылдың ағымдағы бағасына аудару коэффициентімен қабылданған жұмыстардың сметалық құны 34,6 млн.теңгеге асырып көрсетілген.
Құрылыс объектілеріндегі орындалмаған жұмыстарға ақы төленген, мердігерлік ұйымдарға жеткізбеген жабдықтар үшін қаражат аударылған, сондай-ақ құрылыс жұмыстарын мерзімінде орындамағаны үшін жалпы 44,7 млн.теңге айыппұл санкциялары өндіріліп алынбаған.
Көлік және коммуникация министрлігі бекіткен жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын күрделі және орташа жөндеуге арналған техникалық құжаттамаға ведомстволық сараптама жүргізу ережесі автомобиль жолдарын күрделі жөндеуге ведомстволық сараптама жүргізу бөлігінде «Автомобиль жолдары туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы Заңының талаптарына (енгізілген өгерістерді ескере отырып) сәйкес келмейді.
Ақтөбе облыстық құрылыс басқармасы 017 республикалық бюджеттік бағдарламасын атқару бойынша 2011 жылдың 9 айының қаржылық есептілігінде кассалық шығыстардың көрсетілген және нақты көрсеткіштерін 43,8 млн.теңгеге алшақтықпен жасаған.
«Ақтөбе-Сити» ықшамауданында қосалқы станцияны жобалауға және салуға Ақтөбе қаласының Бас жоспарында қарастырылмаған 2 902,6 млн.теңге қаржы жұмсалған.
«Нұрлы көш» бағдарламасын іске асыру аясында 2010 жылы 1 963,4 млн.теңгеге салынған 200 пәтерлік 50 тұрғын үйдің 151 пәтеріне осы уақытқа дейін адамдар қоныстанбаған. Осыған қарамастан, инженерлік желілерін қоса есептегенде, 567,2 млн.теңгеге тағы да 100 пәтерлік 25 тұрғын үй, сондай-ақ 855,9 млн.теңгеге 600 орындық мектеп салынған. Ол 2011 жылдың желтоқсанында пайдалануға берілді.
Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік қаржылық бақылау инспекциясы өзінің 16 бақылау актісін Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының талаптарын бұза отырып ресімдеген.
Кеден ісі туралы кодексте декларанттардың мемлекет пайдасы үшін тауарлардан бас тартуы арқылы оларды тиісті уәкілетті органға берудің мерзімі регламенттелмегендіктен, уақытша сақтау қоймаларында 2010 жылдың сәуір айынан бері 17,7 млн.теңгенің тауарлары жиналып қалған. Ақтөбе облыстық сот актілерін орындау жөніндегі департаменті қабылдамаған 13,6 млн.теңгенің тәркіленген және иесіз тауарлары да сол жерде жатыр.
Қолданыстағы заңнамада «еркін қойма» кедендік рәсімдері бойынша қайта өңдеу өнімдерінің шығу нормаларының анықтығын бақылау қарастырылмаған. Бұл «Ақтөбе кондитер фабрикасы» ЖШС-да импорттық қанттың шығыс көрсеткіштері асырып көрсетілгендіктен, ҚҚС төлеу бойынша бюджеттің 3,5 млн.теңгеге зиян шегуіне алып келген.
КО СЭҚ ТН кодтары бөлінісінде сипаттамалары бір-біріне ұқсас жиһаздарға салынатын әкелінетін баж салығының ставкаларында айырмашылықтың болуы кедендік баж салығының ставкасын төмендету мақсатында жиһаз құнын асырып көрсетуге алып келеді. Сол себепті, бюджетке шамамен 104,5 млн.теңге түспей қалған.
Медициналық мақсат үшін әкелінген автокөліктің нысаналы мақсаты бойынша пайдаланылуын бақылаудың бекітілген тәртібінің болмауы сыртқы экономикалық қызметтің жекелеген қатысушыларына импорттық баж салығын төлеуден жалтара отырып, оны басқа мақсатта пайдалануға мүмкіндік беруде. Кеден органдары 78 автомашинаны кедендік ресімдеу кезінде олардың шығарылған мерзімі расталмаған болса да, бұрмаланған мәліметтерді қабылдағандықтан, кедендік төлемдер 3,8 млн.теңгеге төмендеген.
Мемлекеттік және салалық бағдарламалар бөлінісінде
21. Негізгі мақсаты халықтың өмір сүру сапасын дәйекті арттыру, әлемдік стандарттарға сай келетін және қала халқы мен экономикасының өсуіне барабар тыныс-тіршілік инфрақұрылымын қалыптастыру, қолайлы қоршаған ортаны қамтамасыз ету, елдің экономикасында елорданың ықпалдастық рөлін арттыру болып табылған Астана қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2006-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) іске асыруға 662,7 млрд.теңге бөлінген, бұл бастапқыда жоспарланған қаражаттан 114,9 млрд.теңгеге көп. Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуына жүргізілген бақылаудың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасы талаптарының жалпы 7,4 млрд.теңгеге бұзылғаны анықталды.
Мемлекеттік бағдарламаның жекелеген іс-шаралары елеулі қаржы шығындары болғанына қарамастан, толық көлемінде іске асырылмаған, күтілген нәтижелерге қол жеткізу міндеттері орындалмаған. Сонымен бірге республикалық бюджеттен жеткілікті дәрежеде қаржыландырылмағандықтан, 104 іс-шараның 17-сі іске асырылмай қалған.
Жобалау-сметалық құжаттаманың уақтылы әзірленбеуі және жүйелі түрде түзетіліп отыруы, мердігерлік ұйымдардың шарттық міндеттемелерін тиісінше орындамауы, конкурс рәсімдерінің уақтылы жүргізілмеуі, мердігерлік ұйымдардың материалдық-техникалық базасының нашарлығы, жобалардың қымбаттауы Мемлекеттік бағдарламаның екінші кезеңіндегі құны 156,3 млрд.теңге болатын 36 іс-шараның аяқталмауына алып келген. Соған қарамастан, жекелеген аяқталмаған объектілердің құрылысы Астана қаласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасына енгізілмеген.
Бюджеттік бағдарлама әкімшілері Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға бөлінген республикалық бюджет қаражатының келісілмей, қайтадан бөлінуіне жол берген. Нысаналы трансферттерді игеру кезінде көптеген бұзушылықтар орын алған, жұмыстарды, тауарларды және көрсетілетін қызметтерді жеткізушілердің қабылдаған міндеттемелерін уақтылы орындауына тиісті бақылау ұйымдастырылмаған.
Құрылыс аймағында орналасқан жер учаскелері уақтылы сатып алынбағандықтан және ондағы үй-жайлар уақтылы бұзылмағандықтан, объектілерді тапсырудың мерзімі ұзарып кеткен.
Мәселен, осының нәтижесінде Астана қаласында үш ауысымен оқитын 6 мектеп сақталған, оқушы орнының тапшылығы 12 мың бірліктен асып кеткен, 33 мыңнан астам бала мектепке дейінгі балалар мекемелеріндегі орындармен қамтамасыз етілмеген.
Тұрғын үй кешендерін, соның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 20 тамыздағы № 383 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысының 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде салынғандарын пайдалануға беру мерзімдері сақталмауда.
Астана қаласының құрылыс басқармасы Бюджет кодексінің 157-бабының 5-тармағын бұза отырып, Республикалық бюджеттік комиссияның бюджеттік инвестициялық жобалардың құнын ұлғайту туралы шешімінсіз, үш балабақша құрылысының сметалық құнын 371,9 млн.теңгеге ұлғайтқан.
Жобалау-сметалық құжаттамасы болмағандықтан әрі жер учаскелері уақтылы сатып алынбағандықтан, денсаулық сақтаудың алты объектісін салуға республикалық бюджеттен бөлінген 1,8 млрд.теңге басқа жобаларға қайта бөлінген.
Инвестициялық жобалардың уақтылы іске асырылмауы құрылыс құнының қымбаттауына байланысты қосымша шығыстарға алып келген. Мемлекеттік қабылдау комиссиясының Тілендиев даңғылы ауданындағы 1200 орынға арналған мектепті пайдалануға беру туралы 2010 жылғы 27 тамыздағы актісінің болғанына қарамастан, 2011 жылы оның жобалау-сметалық құжаттамасына түзету енгізіліп, оның құны 414,5 млн.теңгеге ұлғайтылған.
Астана қаласының Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы 2010 жылы «Талдыкөл» сарқынды су жинағышын жоюға алынған 5,0 млрд.теңгенің 4,4 млрд.теңгесін жобалау-сметалық құжаттама дайын болмағандықтан, басқа инвестициялық жобаларды іске асыруға бағыттаған.
Мердігерлік ұйымдармен келісімшарт жасасқан кезде оларды дүркін-дүркін түзету көзделген, сөйтіп құрылыс объектілері бірнеше мәртеге қымбаттаған.
«Астана қаласын сумен қамтамасыз ету және кәріз» жобасын іске асыру шеңберінде «Ebara-Alarko» консорциумымен жасалған келісімшартта оны дүркін-дүркін түзетіп отыру көзделген. Нәтижесінде, 2011 жылғы 1 маусымға оны іске асыру бойынша іс жүзіндегі шығыстар (89,6 млрд.теңге) келісімшарттың бастапқы құнынан (41,4 млрд.теңге) 2 есеге асып кеткен.
Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі Іс-шаралар жоспарында 300 орынға арналған кәсіптік техникалық лицейдің инженерлік желілерін салу жұмыстары қарастырылмаған болса да, 2009-2010 жылдары республикалық бюджеттен 192,4 млн.теңге бөлініп, оның 103,2 млн.теңгесі игерілген. Бұл ретте 89,2 млн.теңге жергілікті бюджеттің иелігінде қалған.
Астана қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жер учаскелерін сатып алуға және жол салу аймағында орналасқан құрылыстарды бұзуға бөлінген 3,4 млрд.теңгені мақсатына сай пайдаланбаған. Бірқатар жоба бойынша жер учаскелерін сатып алуға және құрылыстарды бұзуға арналған қаражатқа деген қажеттілік, сондай-ақ сатып алынатын учаскелердің көлемі мөлшермен белгіленген.
Автомобиль жолдарын және жол құрылыстарын пайдалану кезінде жұмыстарды сыныптау жөніндегі нұсқаулықты бұза отырып, жол жөндеу жұмыстарының стратегиясы айқындалмаған, жолдар мен жол құрылыстарының техникалық деңгейі және көлік пайдалану жағдайы туралы деректер банкі қалыптастырылмаған.
Аталмыш фактілер көрсеткендей, бағдарламаның кезеңдерін іске асыру жөніндегі іс-шаралар кешенді сипатта болмаған, көбінесе қаражатқа деген қажеттілік тиісті негіздемесіз әзірленген және техникалық-экономикалық негіздемелері бойынша әрдайым растала бермеген.
Астана қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы 2010 жылғы 15 желтоқсанда «Поиск-НС» ЖШС-мен Сарайшық көшесінен Сығанақ көшесіне дейінгі Тәуелсіздік көшесі учаскесіндегі жолдарды салуға жалпы сомасы 198,9 млн.теңгеге шарт жасасқан, 2011 жылғы 1 маусымға сол қаржының 129,6 млн.теңгесі төленген. Бұл ретте аталған жұмыстар 2006 жылы орындалып, оларға ақы төленгендіктен мемлекеттік қабылдау комиссиясының аталған объектіні пайдалануға қабылдау туралы актісіне «Поиск-НС» ЖШС-мен шарт жасасқан күні қол қойылған (№ 12 көшеден № 19 көшеге дейінгі Манас учаскесінде).
Астана қаласында жауын-шашын кәрізі жүйесін дамыту жобасын іске асыруға 545,6 млн.теңге жұмсалған, жұмыс комиссиясының объектінің дайын екендігі туралы актісіне 2009 жылғы тамызда қол қойылды. Алайда, 2011 жылғы 1 маусымға мемлекеттік қабылдау комиссиясы объектіні пайдалануға қабылдамаған.
«Астана су арнасы» АҚ «Астана қаласындағы Вячеслав су қоймасынан суағардың екінші желісін реконструкциялау» жобасы бойынша ұзындығы 15,9 км, құны 183,2 млн.теңге болатын демонтаждалған құбырлардың сақталуын қамтамасыз етпеген.
Астана қаласында жекелеген объектілер мемлекеттік қабылдау комиссиясының актілері болмаса да пайдаланылуда.
Бағдарламаның іске асырылуын бағалау оның жеткілікті дәрежеде тиімді орындалмағандығын, қарастырылған мақсаттар мен күтілген нәтижелерге қол жеткізілмегенін көрсетеді, осының бәрі қаланың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне, астана халқының мүддесіне теріс әсер етуде. Бұл, ең алдымен, жоспарлаудың біртұтас жүйесінің болмағандығынан, сондай-ақ уәкілетті органдар тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығынан орын алып отыр.
Достарыңызбен бөлісу: |