33. «Қазына капитал менеджмент» акционерлік қоғамында (бұдан әрі – «ҚКМ» АҚ) мемлекет активтерін басқару тиімділігіне жүргізілген бақылаудың қорытындысы бойынша «ҚКМ» АҚ 5,51 млрд.теңгеге инвестициялаған тоғыз қордың жетеуі теріс нәтиже алғаны, сол себепті қорлардың таза шығынындағы «ҚКМ» АҚ-ның үлесі 2009-2010 жылдары 838,7 млн.теңгені, соның ішінде 2009 жылы – 256,7 млн.теңгені, 2010 жылы – 582,0 млн.теңгені құрағаны атап өтіледі.
«ҚКМ» АҚ қызметінің негізгі мақсатына, атап айтқанда, халықаралық инвесторлармен және басқарушы компаниялармен бірлесіп, стратегиясы мен қызметі Қазақстан экономикасының шикізаттық емес секторларында инвестициялық жобаларды іске асыратын жобалау компанияларының одан әрі өсуі мен кірісі тұрғысынан алғанда перспективасы барларын қаржыландыруға бағытталған тікелей инвестициялар қорын (бұдан әрі – ТИҚ) құру жолымен Қазақстанда тікелей инвестициялар нарығын дамытуға қол жеткізбеген.
Бақылау барысында 2007-2010 жылдар аралығында «ҚКМ» АҚ-ның жалғыз акционері «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ болған кезде «ҚКМ» АҚ-ның жарғылық капиталына аталмыш акционерлік қоғамның орналастырған акцияларын төлеудің есебінен жалпы 67,04 млрд.теңге ақша қаражаты енгізілгені анықталды. Бұл ретте инвестициялық жобалардың басымдылығын ескере отырып, оларды кезең-кезеңімен қаржыландыру тетігі айқындалмаған, қаражат толық көлемде бір реттік траншпен аударылған.
2010 жылғы 31 желтоқсанға барлық инвесторлардың инвестициялық қорлар алдындағы инвестициялық міндеттемелері 333,7 млрд.теңгені, оның ішінде «ҚКМ» АҚ-ның үлесі 63,4 млрд.теңгені құрады. «ҚКМ» АҚ іс жүзінде 2007 жылдың ортасынан 2011 жылдың бірінші жартыжылдығына дейінгі инвестициялық қызметі аясында 5,51 млрд.теңгеге немесе алынған инвестициялық міндеттемелердің 8,7%-ына жобаларды инвестициялаған. «ҚКМ» АҚ-ның қатысуымен құрылған ТИҚ инвестициялау кезеңінде, жобаларды аяқтау мерзімі 2012-2016 жылдар деп белгіленген.
«ҚКМ» АҚ-ның 2008-2010 жылдар арасындағы қаржы-шаруашылық қызметін зерделеудің қорытындысында шоғырландырылған есептілік бойынша таза табысы 9,4 млрд.теңге болған. Бұл ретте, «Самұрық-Қазына» ҰАҚ» АҚ Басқармасы отырысының хаттамасына сәйкес жалғыз акционерге дивидендтер төлеуге ғана 1,2 млрд.теңге, яғни таза табыстың 13 %-ы жіберілген. Қалған бөлігі – 8,2 млрд.теңге мөлшеріндегі таза табыстың 87%-ы инвестициялық қорлар бойынша міндеттемелерді орындау үшін «ҚКМ» АҚ-ның иелігіне қалдырылған.
Тексерілген кезең ішінде «ҚКМ» АҚ-ның өтімді қаражаты 13 банктегі, соның ішінде екінші деңгейдегі 11 банктегі депозиттерге бір айдан 18 айға дейінгі мерзімге орналастырылған. Орташа алғанда, 2008-2010 жылдар аралығында депозиттерге салым 34,2 млрд.теңге болған. Банктік салымдар бойынша есептелген сыйақылар жалпы 7,1 млрд.теңгені немесе барлық кірістің 52%-ын құрады.
Бағалы қағаздарға 6-8 пайыз аралығындағы сыйақы ставкасы бойынша орташа көлемі 42,9 млрд.теңге, соның ішінде шетелдік эмитенттердің бағалы қағаздарына 13,7 млрд.теңге орналастырылған. Жалпы 2,9 млрд.теңге кіріс алынған.
Есеп комитеті бақылаудың қорытындысы бойынша инвестициялық жобалардың басымдылығын, қол жеткізілген нәтижелерді және оларды іске асыруға бұрын бөлінген қаражаттың игерілу деңгейін ескере отырып, инвестициялық жобаларды кезең-кезеңмен қаржыландыру тетігінің болмауына Үкіметтің назарын аударды.
34. Есеп комитеті «Қазпочта» акционерлік қоғамында (бұдан әрі – «Қазпочта» АҚ) мемлекет активтерін басқарудың тиімділігіне жүргізілген бақылаудың қорытындысы бойынша «Қазақстан Республикасының почта-жинақтау жүйесін дамытудың 2005-2011 жылдарға арналған бағдарламасындағы» почта-жинақтау жүйесінің өңірлік, әсіресе селолық жерлердегі инфрақұрылымының техникалық жағынан жайластырылу деңгейін күшейту, қызметтер спектрін кеңейту, сондай-ақ почта-жинақтау қызметтерінің сапасын халықаралық стандарттар деңгейіне дейін көтеру мақсаттарына қол жеткізілмегенін атап өтті.
«Қазпочта» АҚ-ның қаржы-шаруашылық қызметінің қорытындысы бойынша 2010 жылғы 31 желтоқсанға жиналған шығындар 2 206,4 млн.теңгені құраған. 2010 жылы 281 млн.теңге пайда алынған, бұл тарифтердің 30 пайызға өсуінен туындаған.
Есепті кезеңде «Қазпочта» АҚ-ның қызметінде бірқатар қаржылық бұзушылықтар анықталды. Атап айтқанда, 1 046,5 млн.теңге ақша қаражаты ұрланған, 1 845,5 млн.теңге қаржы түсініксіз міндеттемелер бойынша жұмсалған, 411,4 млн.теңге «Валют-Транзит Банк» АҚ-ның және «Диалог оптима» АҚ-ның есепшоттарына, сондай-ақ 713,1 млн.теңге «Қазақстан Қағазы» АҚ-ның және «Трансстроймост» АҚ-ның облигацияларына тиімсіз орналастырылған, «Kazpost GmbH» қазақстан-герман бірлескен кәсіпорнының 2008-2010 жылдардағы тиімсіз қызметінен 119,3 мың евро зиян шеккен. Ұрланған қаржының 181,4 млн.теңгесі қалпына келтірілген.
«Қазпочта» АҚ 2007-2010 жылдар аралығында өтеу мерзімдері күмәнді борыштар бойынша резерв құрған.
Есепті кезеңде әкімшілік шығыстар 2008 жылға жоспарланғаннан 1 065,7 млн.теңгеге (28 %), 2009 жылғыдан – 879 млн.теңгеге (26%), 2010 жылғыдан – 121 млн.теңгеге (3%) артық жұмсалған.
2008-2010 жылдар аралығында «Қазпочта» АҚ-ның негізгі құралдарына және материалдық емес активтеріне бөлінген 13,6 млрд.теңге инвестицияның 80%-дан астамы операциялық ақшалай қаражатпен, соның ішінде клиенттердің қаражаты мен депозиттерінің есебінен қаржыландырылған. Негізгі құралдарға және материалдық емес активтерге республикалық бюджет қаражатынан 2,1 млрд.теңге инвестиция берілген. Ағымдағы активтер мен міндеттемелер арасында айырмашылықтың ұлғаю қарқыны байқалып, 2010 жылғы 31 желтоқсанға қысқа мерзімді активтердің тапшылығы 9,6 млрд.теңге болған.
«Қазпочта» АҚ тексерілген кезеңде 278,3 млн.теңгеге «РЕПО» ашу аясында бағалы қағаздармен операцияларды жүзеге асыру жолымен қысқа мерзімді кезеңге арналған ақшалай қаражат тартқаны үшін 50,3 млн.теңге сыйақылар төлеген, бұл бағалы қағаздармен «кері РЕПО» операциялары бойынша алынған сыйақылардан анағұрлым көп.
«Қазпочта» АҚ-ның Директорлар кеңесі Алматы қаласының почта-қаржылық инфрақұрылымын жаңғырту және ақпараттық-логистикалық жүйе құру үшін 3 340,0 млн.теңге қаржы қарастырған. Ал іс жүзінде «Қазпочта» АҚ «Оңтүстік» ақпараттық-логистикалық орталығын (бұдан әрі – «Оңтүстік» АЛО) құруға 5 795,0 млн.теңге жұмсаған. Бұл ретте «Қазпочта» АҚ-ның даму стратегиясында қолданыстағы өндірістік базаны 507 млн.теңгеге жаңғырту көзделіп, 67 342,9 мың теңгеге жер учаскесі (0,1846 га) сатып алынған. 2009-2010 жылдары әкімшілік ғимараттың бөлігін жалға алу шығыстары 35 млн.-нан астам теңге, кірме темір жолдарды пайдаланғаны үшін қосымша шығыстар 10,1 млн.теңге болған. Жалпы алаңы 22 469 шаршы метр өндірістік үй-жайдың бір бөлігі пайдаланылмауда, «Simens» компаниясы шығарған, құны 750 млн.теңге болатын хаттарды сұрыптау үшін сатып алынған жабдық толық қуатымен жұмыс істемеуде. 2009 жылдан бастап Панфилов көшесі, 1а мекенжайында орналасқан Алматы почта тасымалының бұрынғы бөлімшесінің өндірістік базасы пайдаланылмауда.
«Қазпочта» АҚ 2008 жылы почта байланысының ауылдық бөлімшелерін (бұдан әрі – ПБАБ) салу және жарақтандыру үшін жарғылық капиталын толықтыруға республикалық бюджеттен бөлінген 58,0 млн.теңгені игермеген. «DALI International Group» ЖШС-мен ауылдық елді мекендерді ПБАБ-пен бағдарламалық қамтамасыз ету жөнінде 14,4 млн.теңгеге жасасқан шарт бұзылған. Алматы және Жамбыл облыстарында ПБАБ-тың 3 объектісі жұмыс істемеуде. ПБАБ-тың 19 объектісі бойынша мемлекеттік қабылдау актілеріне қол қойылмағандықтан, мердігерлік ұйымдармен түпкі есеп айырысу жүргізілмеген. Астана қаласы, Бөгенбай батыр көшесі, 34-үй мекенжайы бойынша 2011 жылғы 18 сәуірде іске қосылады деп жоспарланған №15 почта-байланыс бөлімшесі пайдалануға берілмеген.
Талдықорған қаласында орналасқан, құны 20,1 млн.теңге тұратын дизель-генераторлық қондырғылар мен үзіліссіз қоректендіру көзі, сондай-ақ құны 25,0 млн.теңгенің 27 спутниктік терминалы жұмыс істемейді.
Баланста тұрған объектілердің нысаналы мақсаттары қамтамасыз етілмеген. Мәселен, 2008 жылы «Қазпочта» АҚ-ның иелігінде 76 674 шаршы метр, 2009 жылы – 85 323 шаршы метр, 2010 жылы – 85 010 шаршы метр бос үй-жайлар болған.
Бақылау кезінде «Қазпочта» АҚ-ның филиалының жарғылық капиталына кіретін үш пәтердің «Қазпочта» АҚ-ның балансында көрсетілмегені анықталды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің келісімінсіз, 2008 жылғы ақпан айында Алматы қаласы, Орбита 2, 6-үйде орналасқан жалпы алаңы 199 шаршы метрді құрайтын «Радуга» клубы 32 495,8 мың теңгеге сатылған.
Бақылаудың қорытындысы бойынша «Қазпочта» АҚ-ның активтерін басқару тиімділігінің төмендігі атап өтіліп, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ға «Қазпочта» АҚ-ның қаржы-шаруашылық қызметіне жүргізілген аудит және талдау жөніндегі есепті қарау, мемлекет активтерін басқару тиімділігін арттыруға бағытталған шешімдер қабылдау тапсырылды.
35. «Самұрық-Қазына Келісімшарт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде (бұдан әрі – «СҚК» ЖШС) активтерді басқару тиімділігін бақылаудың қорытындысы бойынша, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның еншілес ұйымдары арқылы тұрғындарының саны 50 адамнан асатын ауылдық елді мекендерді телефондандырудың қолданыстағы тетігінің жекелеген кемшіліктері атап өтілді.
Осы міндетті шешу үшін «Телеком-Инвест» ЖШС құрылып, 2009 жылы оның атауы «СҚК» ЖШС болып өзгерді. Оның негізгі мақсаты – қазақстандық мазмұндағы үлесті мониторингілеу және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ тобының компанияларына сатып алудың айқын рәсімдерін енгізу.
Жүргізілген бақылаудың нәтижелері көрсеткендей, «СҚК» ЖШС өзінің жарғылық қызметінің басты мақсаттарына өзгеріс енгізгеніне қарамастан, 2009 жылдан бері телекоммуникациялық технологиялар мәселелерімен айналысуда. Аталмыш қызметті Телекоммуникациялық технологиялар департаменті атқарып жатыр.
«СҚК» ЖШС бюджеттік бағдарламаны іске асырудың аясында іске қосылған құны 1 840,5 млн.теңге болатын жабдықтарды және талшықты-оптикалық байланыс желісін (бұдан әрі – ТОБЖ) «Қазақтелеком» АҚ-ға және «Шығыстелеком» АҚ-ға жалға беруде. 2009-2010 жылдары жабдықты жалға беруден 441,2 млн.теңге кіріс алынған.
«Шығыстелеком» ЖШС және «Қазақтелеком» АҚ үшін жалдау ақысы ауыл тұрғындарына байланыс қызметін көрсету тарифіне енгізілген шығыстар болып табылады. Бұл ретте байланыс қызметі тарифінің құны 464 теңге болып, ол байланыс қызметінің барлық шығындарын жаппайды.
Қазіргі кезде CDMA технологиясын пайдалана отырып, тұрғындарының саны 50 адамнан асатын ауылдық елді мекендердегі байланысты ұйымдастыруда пайдаланылатын радиоұзартқыштар мен жердегі спутниктік станциялар бөлшектеліп, аудандық телекоммуникация тораптарына жауапты сақтауға берілген. Мәселен, Қызылорда облысындағы 27 радиоұзартқыштың тек біреуі ғана пайдаланылуда, ал жердегі 16 спутниктік станцияның үшеуі қолданылмай тұр. Мұндай жағдай Алматы және Қарағанды облыстарында да байқалады.
«СҚК» ЖШС-ның кірістері 2010 жылы 587,1 млн.теңге болып, 2009 жылмен салыстырғанда, 230,7 млн.теңгеге ұлғайған. Ал «СҚК» ЖШС-ның 2010 жылғы шығыстары, 2009 жылмен салыстырғанда, 1,5 есеге немесе 199,5 млн.теңгеге өскен.
Бақылаудың қорытындысы бойынша Үкіметке CDMA технологиясын пайдалана отырып, ауылдық жердегі байланысты ұйымдастыру жобасын іске асыру аясында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның еншілес ұйымдары арқылы тұрғындарының саны 50 адамнан асатын ауылдық елді мекендерді телефондандыру тетігінің тиімділігін арттыру мәселесін қарау ұсынылды. «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамына «СҚҚ» ЖШС-ның теңгерімінде жатқан талшықты-оптикалық байланыс желісінің жабдықтарын «Қазақтелеком» АҚ-ға берудің орындылығын қарау, сондай-ақ «СҚҚ» ЖШС-ның қызметінің негізгі мәні 2009 жылдан бастап өзгеруіне байланысты, тұрғындарының саны 50 адамнан асатын ауылдық елді мекендерді телефондандыру жобасын іске асыруға оның қатысуының қажеттілігін бағалау тапсырылды.
36. Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің «Республикалық ветеринариялық зертхана» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында (бұдан әрі – «РВЗ» РМК) қызметтік және арнайы автокөлік құралдарын пайдаланудың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігіне жүргізілген бақылаудың барысында қызметтік және арнайы автокөлік құралдарының пайдаланылуына тиісті бақылаудың қамтамасыз етілмегені анықталды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің басшылығы көлік құралдарын пайдаланудың белгіленген ережесінің сақталуына тиісті дәрежеде назар аудармаған.
«РВЗ» РМК-нің 2011 жылғы қаржы-шаруашылық қызметінің жоспарында автокөлік құралдарын сатып алуға жалпы 139,2 млн.теңге қаржы қарастырылған, алайда, іс жүзінде, жалпы 180 млн.теңгеге 47 автомашина сатып алынған, яғни қаржы 40,8 млн.теңгеге көп жұмсалған.
Бұл ретте, жалпы 147,2 млн.теңгеге 38 автомобиль, соның ішінде 43,2 млн.теңгеге К125 рефрижераторлық жабдығы бар ГАЗ-330200-1288 маркалы 12 изотермиялық фургон және 103,9 млн.теңгеге «Kyron» маркалы 26 дана «Ssang Yong» жеңіл автокөлігі сатып алынған.
Сонымен қатар, 32,8 млн.теңгеге 9 автомобиль, соның ішінде ГАЗ-330232, «Skoda Oktavia», «Skoda Oktavia Tour», «Toyota Camry 40» сияқты жеңіл автомобильдер, «Toyota HIACE» шағын автобусы және басқа да көліктер сатып алынған.
Сатып алынған автомашиналар кейіннен аумақтық филиалдарға бөлініп, «РВЗ» РМК-нің орталық аппаратының басшы қызметкерлеріне қызмет көрсету үшін бекітілген.
2012 жылғы 1 қаңтарға «РВЗ» РМК-нің есебінде 17 автомобиль, соның ішінде «Kyron» маркалы 2 дана «Ssang Yong» автомашинасы, ГАЗ-330232 негізінде 1 дана арнайы фургон, ГАЗ-330200 негізінде рефрижераторлық жабдығы бар 1 дана изотермиялық фургон, 1 дана «Toyota HIACE» шағын автобусы, сондай-ақ, тиісінше, 6 данадан «Toyota Camry 40» және «Skoda Oktavia» маркалы жеңіл автомобильдер тіркелген.
17 автомобильдің техникалық паспортында Астана қаласының жол полициясы қойған «арнайы көлік» деген белгілер бар. Алайда, аталған автокөліктер қондырылған арнайы жабдықтармен, тану жазуларымен және «РВЗ» РМК-нің белгілерімен жарақтандырылмаған.
«РВЗ» РМК-де жүргізіліп жатқан жолжазба парақтарын тіркеу журналы бекітілген нысанға сай келмейді, бұл ретте автокөліктердің кімнің қарамағына жіберілгендігі туралы жазбалар көрсетілмеген.
Бақылау барысында мемлекеттік нөмірі Z 261CX, «Kyron» маркалы «Ssang Yong» автомобилінің 2011 жылғы шілде айында, сатып алынғаннан кейін екі айдан соң, апаттық жағдайда тұрғаны анықталды. Келтірілген материалдық залалдың құны 1 034,7 мың теңгені құрағанымен, кінәлі адамдар залалдың құнын өтемеген.
«РВЗ» РМК-нің балансындағы автокөлік құралдарының бензин шығыстарының белгіленген нормативтерін бұза отырып, жанар-жағармай материалдары нормадан жалпы құны 2 632,5 мың теңге болатын 27 999 литрге артық жұмсалған.
«Акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындарды, акционерлік қоғамдарды және олардағы мемлекеттік қатысу үлестерінің мөлшері қатысушылардың жалпы жиналысының шешімін анықтауға мемлекетке мүмкіндік беретін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерді оңтайландыру мақсатымен олардың әкімшілік шығыстарының мониторингін жүргізу тетігін анықтау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 10 ақпандағы № 145 қаулысының 1-тармағын бұза отырып, мемлекеттік басқару органы «РВЗ» РМК үшін қызметтік жеңіл автомобильдердің тиесілілік нормативін бекітпеген.
Есеп комитеті бақылаудың қорытындысы бойынша ведомстволық бағынысты «РВЗ» РМК-нің балансындағы көлік құралдарын пайдаланудың тиісті дәрежеде ұйымдастырылмағанына Ауыл шаруашылығы министрлігінің назарын аударды.
Үкіметке:
1) ветеринария саласындағы автокөліктерді арнайы көлік құралдарына жатқызудың өлшемдері және автомашиналарды арнайы автокөлік құралдарына жатқызу рәсімдерін реттеу жөнінде;
2) Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органдарына ведомстволық бағынысты мемлекеттік кәсіпорындарға қызмет көрсетуге арналған арнайы көлік құралдарының тиісілілік нормативі жөнінде нормативтік құқықтық актілерді белгілеу мәселелерін қарастыру ұсынылды.
37. «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамында (бұдан әрі - «ҚазАгро» холдингі» АҚ және Холдинг) және оның еншілес ұыймдарында мемлекет активтерін басқарудың, бюджеттік кредиттерді және жарғылық капиталын ұлғайтуға бөлінген республикалық бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін бақылау барысында қолданыстағы заңнама талаптарының 160,9 млн.теңгеге бұзылғаны анықталды. Сонымен қатар, бюджеттік кредиттерді және Ұлттық қордың 94,2 млрд.теңге қаражатын тиімсіз пайдалану фактілері анықталған.
«ҚазАгро» холдингі» АҚ 2011 жылы 7 338,8 млн.теңге табыс тапқан, бұл 2010 жылға қарағанда 692,8 млн.теңгеге аз.
Холдингтің 2011 жылғы жалпы шығыстары 2010 жылмен салыстырғанда 1 052,1 млн.теңгеге азайған. Бұған қоса, «ҚазАгро» холдингі» АҚ-ның әкімшілік шығыстары 2011 жылы еңбекақы бойынша шығыстардың 67,5 млн.теңгеге немесе 14%-ға өсуі есебінен, бұрынғы жылмен салыстырғанда 113,4 млн.теңгеге (16%) ұлғайып, 814,4 млн.теңгені құрады.
Холдингтің бірқатар еншілес ұйымдары агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін кредиттеу бойынша бір-бірінің функцияларын қайталайды. Сонымен қатар, Холдингтің еншілес акционерлік ұйымдарының барлық облыс орталықтарында филиалдары бар (жалпы саны 615 бірлік). 2011 жылы еншілес акционерлік ұйымдардың филиалдары мен өкілдіктерін ұстауға жұмсалған жалпы шығыстар 2010 жылмен салыстырғанда 219,0 млн.теңгеге ұлғайып, 1 916,4 млн.теңгені құрады, бұл ретте 109 автомобильді ұстауға 112,0 млн.теңге жұмсалған.
Холдинг 2010 жылғы қызметінің қорытындысы бойынша алты еншілес ұйымының тек екеуінен ғана таза табысының 50%-ы мөлшерінде 1 614,8 млн.теңге сомасында дивиденд алған. Бұрынғы жылдардың залалдарын жабуға байланысты төрт еншілес ұйым Холдингке 259,0 млн.теңге мөлшерінде дивиденд аудармаған, соның салдарынан бюджетке 25,9 млн.теңге түспеген.
Директорлар кеңесінің шешіміне сәйкес 2009-2010 жылдардың қорытындысы бойынша алынған таза кірістің 90%-ы, яғни 4,1 млрд.теңге «ҚазАгро» холдинг» АҚ-да қалдырылды, ол қаржы даму қорын және резервтік капиталды құруға бағытталып, кейіннен пайдаланылмай қалған.
Инвестициялық жобаларды, көктемгі дала жұмыстарын іске асыруға, астық сатып алуға және басқа да шараларға арналған республикалық бюджет пен Ұлттық қор қаражатының орташа айлық бос қалдықтары 2010 жылы – 68,3 млрд.теңгені, 2011 жылы 84,2 млрд.теңгені құрады.
Бұл ретте Холдинг бос қалдықтар есебіндегі қаражат бойынша банк сыйақысы түрінде жалпы сомасы 2,9 млрд.теңге мөлшерінде табыс тапқан.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2012-2016 жылдарға арналған Стратегиялық жоспарының іс-шараларын іске асыруға қарастырылып, 2011 жылдың желтоқсан айының соңында Холдингке түскен 22,0 млрд.теңге бюджет қаражаты еншілес ұйымдарға бағытталған, қаржы солардың есеп айырысу шоттарында пайдаланусыз жатыр.
2009 жылдан қазіргі уақытқа дейін еншілес ұйымдардан Холдингке Ұлттық қор қаражатын пайдаланудан жылдық 1% мөлшерінде 1,3 млрд.теңге, сондай-ақ бюджеттік кредитті пайдаланудан жылдық 0,49% мөлшерінде 0,5 млрд.теңге сыйақы түскен. Бұл ретте жоғарыда көрсетілген каражат қандай да бір негіздемелерсіз алынған және еншілес ұйымдардың міндеттемелерін уақтылы төлемеуі тәуекелдерін жабу мақсатында резерв құруға арналған болатын, ол қаржы Холдингтің шоттарында пайдаланусыз жатқан. Сонымен бірге, бюджеттік кредит пен Ұлттық қор қаражатын пайдалану кезінде қарыз алушыларды несиелендіру барысында еншілес ұйымдар 5%-дан 6%-ға дейінгі жылдық мөлшерде сыйақы ставкасын қолданған.
2012 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша, «ҚазАгро» Холдинг» АҚ-да Ұлттық қордан қарызға алынатын жалпы сомасы 120,0 млрд.теңгеге түпкілікті мақұлданған инвестициялық жобалар жоқ. Холдингтің еншілес ұйымдары қаржыландыру лимиті 72,6 млрд.теңгені немесе бүкіл займ көлемінің 60,5%-ын құрайтын 106 инвестициялық жобаны мақұлдаған. Бұл ретте қаржыландыру лимиті 47,4 млрд.теңгені құрайтын 41 жоба осы уақытқа дейін еншілес ұйымдарда қаралуда.
Инвестициялық жоба бойынша займ қаражатын игеру тиімсіз жүзеге асырылуда. 2012 жылғы 1 қаңтарға «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-ның шотындағы бос қалдық 19,6 млрд.теңгені құрады.
Қолданыстағы және экспортқа бағдарланған жаңа секторларды дамытуды қолдауға инвестиция бағыттау бөлігінде Экономиканы және қаржы жүйесін тұрақтандыру жөніндегі 2009-2010 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары орындалмаған.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 25 қаңтардағы отырысының №3 хаттамасының 6-тармағын бұза отырып, қалған қаражатты пайдалану туралы шешім қабылданбаған.
«Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ «Ақмола облысында әрқайсысында 1 мың бас малға дейін екі шаруашылық-репродукторы бар 5 мың бас ірі қара малға дейін бордақылау алаңын салу» инвестициялық жобасы бойынша қарыз алушыны іріктеу кезінде инвестициялық жобаларды қаржыландыруға әлеуетті қарыз алушылардың өтінімдерін қараудың регламентін бұзған. Сөйтіп, «KazBeef Ltd» ЖШС-ға негізсіз артықшылық берілген.
Жобаны іске асыру кезінде «KazBeef Ltd» ЖШС 2010-2011 жылдардың қорытындысы бойынша 106,8 млн.теңге мөлшеріндегі шығынға жол беріп, құрылыс жұмыстарын осы уақытқа дейін аяқтамаған.
2011 жылы бөлінген 19,1 млрд.теңге бюджеттік кредиттердің 15,9 млрд.теңгесі бұрынғы берілген кредиттер бойынша қайтарылған сомалар есебінен өтелген.
«Қазагроқаржы» АҚ-да «АтырауАгроӨнімдері» шаруа қожалығының жылыжай кешенінің құрылысын «Oztoprak Ltd» компаниясы (Түркия) Қазақстан Республикасының «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы және «Лицензиялау туралы» 2007 жылғы заңдарын бұза отырып, бекітілген жобалау-сметалық құжаттамасыз, лицензиясыз және рұқсатсыз жүргізгені анықталды. Құрылыс нормаларының сақталмауы жылыжайдың қирауына алып келді. Сөйтіп, 119,5 млн.теңгенің қаражаты тиімсіз жұмсалған. «Қазагроқаржы» АҚ-ның шығындары 155,8 млн.теңгені құрады.
Сметалық құны 3,4 млрд.теңгені құрайтын «Комсомольская птицефабрика» АҚ-ның объектісі «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңды бұза отырып, мемлекеттік қабылдау комиссиясының 2011 жылғы 30 қарашадағы актісімен пайдалануға қабылданған, бұл ретте 16 құс қорасында және қоспа жем зауытында жұмыстардың көлемі орындалмаған, 58,3 млн.теңгенің құрал-жабдығы орнатылмаған. Бақылау кезінде жоба іске асырылмаған, түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілмеген.
«Қазагроқаржы» АҚ Холдингтің даму стратегиясындағы маңызды көрсеткіштерді орындамаған. Есеп деректерін бұрмалауға жол берілген. Мәселен, лизингке іс жүзінде 5321 бас мал берілген болса да, 2011 жылғы есепке сәйкес 13 634 бас мал берілген деп көрсетілген, бұл ретте қаражатты игеру 3,8 млрд.теңгені немесе 45%-ды құрады. Несиелік портфель сапасының төмендегені, қалыптастырылған провизиялардың 20,9 млрд.теңгеге дейін ұлғайғаны, 212 шарт бойынша жалпы сомасы 6,2 млрд.теңгеге проблемалық кредиттер портфелінің артқаны байқалады.
Лизинг алушылардан, яғни «Сорочинское-2030» ЖШС мен «Акас» агрофирмасы» ЖШС-дан шарт талаптарын бұза отырып, 88 бас ірі қара малдың өлімі үшін тиісінше 18,7 млн.теңге және 14,2 млн.теңге өндіріп алынбаған. Салық кодексінде малдың өлімі болған жағдайда есепке жатқызу әдісімен ҚҚС төлеу мәселесі регламенттелмеген.
2010 жылы «Шағын кредит беру ұйымдарын қолдау орталығы» ЖШС-ны құру үшін «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ-ға бөлінген 255,0 млн.теңге екінші деңгейдегі банктерде депозиттерге орналастырылған.
Қор шағын кредит беру ұйымдары арқылы шағын кредиттер беруді қамтамасыз ету туралы 043 бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындамаған. Іс жүзінде 232,0 млн.теңге (46%) игерілмеген, 325 шағын кредитті беру қамтамасыз етілмеген, берілген кредиттер бойынша мерзімі өтіп кеткен берешектер 6 есе өскен. Мерзімі өтіп кеткен кредиттер бойынша провизиялар қалыптастыруға 448,0 млн.теңге бағытталған.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 12 қазандағы № 1052 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасының 53-тармағына сәйкес, Астана қаласында ауылшаруашылық өнімдерінің көтерме базарын пайдалануға енгізу қарастырылған, алайда аталған объектінің құрылысы басталмаған.
2011 жылғы маусымда «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ (бұдан әрі - Корпорация) осы көтерме базарды салу үшін «ЭкспАгро» ЖШС-ға 2,0 млрд.теңге аударған, сол қаржының 1,5 млрд.теңгесі депозитке салынып, 500,0 млн.теңгесі аталған ЖШС-ның иелігінде қалған.
Бақылау кезінде 2011 жылы Корпорацияның азық-түлік тұрақтандыру қорларын құру үшін әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға бюджеттік кредит есебінен бөлген 17,1 млрд.теңгенің тек 49%-ы ғана немесе 8,4 млрд.теңгесі игерілген. Бұл ретте «Шымкент» ӘКК 2012 жылғы қаңтарда 450,0 млн.теңгені азық-түлік тауарларын сатып алудың орнына үш банкте депозиттерге орналастырған.
2011 жылы Корпорация мемлекеттік ресурстарға жоғары сапалы астықты 80,4 мың тоннаға, яғни 2,3 млрд.теңгеге кем жеткізген.
Стратегиялық жоспардағы «ҚазАгро» холдинг» АҚ орындаушы болып белгіленген 42 нысаналы көрсеткіштің 9-ы бойынша жоспарлы көрсеткіштер орындалмаған.
Бақылаудың қорытындысы бойынша, Есеп комитеті Үкіметке Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілген займ қаражаты есебінен іске асырылып жатқан инвестициялық жобалардың жеткілікті дәрежеде тиімді іске асырылмай жатқандығына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2011-2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспарында қарастырылған нысаналы индикаторлардың тоғызының орындалмағандығына назар аударуды ұсынды
.
Достарыңызбен бөлісу: |