Зерттеу әдістері. Мәселені кешенді зерделеу үшін тарих ғылымдарында кеңінен пайдаланылатын
тарихилық, шынайылық және әлеуметтік тәрізді жалпы методологиялық қағидалары қолданылды.
Жалпыметодологиялық қағидалар және кешенді, әмбебап зерттеу бағыттары ХІХ ғасырдың екінші
жартысындағы Қазақ Еліндегі орыс үкіметінің миссионерлік қызметінің бағыт-бағдарын, мақсатын
және сипатын архив құжаттары негізінде терең әрі салыстырмалы түрде қарастыруға мүмкіндік
береді. Зерттеуде арнайы деректанулық және архивтанулық әдістер талдау, синтездеу, фактілік,
сыни, тұжырымдамалық, контент талдау, мазмұндық талдау, жүйелеу кеңінен пайдаланылды.
Қазақ даласындағы православиелік миссионерлік қызметтің мазмұнын ашуға тікелей
септесетін архив құжаттарының дерек ретіндегі ақпаратының шынайылық дәрежесін анықтау әдісі
қолданылды. Сондай-ақ автор миссионерлер қызметінің бағыты мен мазмұнын сипаттауда
деректанудың өкілеттілік, яғни репрезентативтілік әдістеріне сүйенді. Сонымен қатар арнайы тарихи
және тарихнамалық әдістер нақты талдау, логикалық талдау, салыстырмалы-тарихи, ретроспективті,
өзектілік, қорыту, баяндау кеңінен пайдаланылды. Зерттеу тарих ғылымдарының тұжырымдалары
мен теорияларына сүйенді, өйткені олар белгілі бір мәселені мерзімдемелік тұрғыда архив деректері
бойынша талдауға мүмкіндік береді.
Талқылау. Қарастырылып отырған мәселенің деректік базасын Қазақстан Республикасы
Орталық мемлекеттік архивінде сақтаулы 64 және 44-қор құжаттары құрайды. Өз кезегінде
елінің ертеңіне жат елде жүріп алаңдаған, талай еңбектерді дүниеге әкелген Мұстафа Шоқай
орыс миссионерлігі тарихына қалам тартты. Алаш азаматының сүбелі еңбегі православиелік
миссионерлердің қызметін зерттеуде дереккөзі болып саналады (Шоқай, 2007). Қазан діни академиясы
жанындағы мұсылмандарға қарсы миссионерлік бөлімі студенттерінің еңбектері топтастырылып,
ХІХ ғасырдың тоқсаныншы жылдары үзбей шығып тұрған жинақтың да мәселені зерттеудегі
маңызы зор (Казань, 1894).
Қазақстандағы ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы православиелік миссионерлік қызмет
тарихы – отандық тарих ғылымында негізінен зерттелген тақырыптардың бірі. Мәселе бойынша
іргелі зерттеулер орын алмаса да бірқатар еңбектер, ішінара диссертациялар да дайындалған.
Осы орайда Ғ.К. Батырхановтың (Батырханов, 1997), А.С. Тасмағамабетовтың (Тасмағамабетов,
2009), Ю.А. Лысенконың (Лысенко, 2010) диссертацияларын айтуға болады. Бұлардан өзге патша
үкіметінің миссионерлік қызметін әр қырынан зерделеген біраз мақалалар жарық көрді. Солардың
қатарына Ж. Нұрбаевтың (Нұрбаев, 2020), А. Раздықованың (Раздыкова, 2011), С. Абжаловтың
(Абжалов, 2005), А.К. Хамитованың (Хамитова, 2008), Орамах Жанжігіттің (Орамах, 2017),
Т.Ю. Красовицкаяның (Красовицкая, 2014) еңбектерін жатқызуға болады. Зерттеушілердің барлығы
дерлік орыс православие шіркеуінің қазақ даласындағы миссионерлік қызметін қарастырды.
Мәселен, С. Абжалов христиан миссионерлігінің қалыптасуы мен даму ерекшеліктерін айқындаса,
Ж. Нұрбаев Солтүстік Қазақстан, Торғай жерлеріндегі, ал Орамах Жанжігіт Бөкей ордасындағы
жұмыстарын архив құжаттары бойынша зерттеді. А. Раздықова болса миссионерлікті топонимика
ауқымында қарастырды. А.К. Хамитова шіркеудің миссионерлік әрекеттерін, Т.Ю. Красовицкая
Қазан мен Түркістандағы православие миссионерлерінің ислам зияткерлеріне берген бағасын зерттеу
нысанына айналдырды. Дегенмен ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ жерлеріне қоныс
аударылған қытай эмигранттарын шоқындыру арнайы зерттеу нысанына айнала қоймады. Айта
кетерлік жайт, орыс миссиоенерлігі тарихы негізінен зерттелгенімен архив құжаттары толығымен
ғылыми айналымға түсіріле бермеді. Осы жағынан келгенде біз дайындаған ғылыми зерттеу өз
жаңалығымен ерекшеленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |