Атмосфералық фронттар. Ауа массалары үнемі қозғалып, қасиеттерін өзгертіп отырады.Әр түрлі ауа массаларының араларында бірнеше шақырымға жететін өтпелі аймақтар болады. Ондай өтпелі аймақтарды атмосфералық фронт немесе фронттар деп атайды. Егер жылы ауа салқын ауа жағына қарай ауысса, күн жылынады да, мұндай фронтты жылы фронт дейді. Жылы фронттар өткенде оның үстінде жүздеген шақырымға жететін жауын бұлты пайда болып, жауын-шашын жауады. Салқын ауа массасы жылы ауаны ығыстырып, ілгерлегенде, фронт өтетін жердің ауа райы салқындайды. Сондықтан оны салқын фронт деп атайды. Салқын фронт Қазақстан жеріне жеткенде салқын ауа ығыстырған жылы ауа жоғары көтеріліп, жел соғып, найзағай жарқылдайды. Жолында кедергі жасайтын таулар болмағандықтан, Солтүстік Мұзды мұхит үстінде қалыптасатын арктикалық фронт оңтүстікке қарай ауыса отырып, оңтүстіктегі биік тауларға жетіп тоқтайды.
Жел. Республикамыздың барлық жерінде дерлік күшті жел соғып тұрады. Қазақстанның көпшілік бөлігінде соғатын жел қыста Азия (Сібір) антициклонының батыс тармағының әсерінен тұрады. Ол шығыстан батысқа қарай біршама аймаққа, шамамен 50° солтүстік ендік бойында жоғары қысым туғызады. 50° солтүстік ендік аймағында солтүстіктен оңтүстік және оңтүстік-шығыс бағытта соғатын жел 10-12 күнге дейін созылып, ашық, аязды ауа райы қалыптасады. Атмосфералық қысым мен ауа райының бір қалыпты тарамауынан пайда болған жел ағыны жоғары қысым аралығынан қысымы төмен бөлікке қарай ығысады. Тау аңғарларынан өткен ауа ағыны күрт күшейіп, жылдамдығы секундына 30 метрден асып, қатты дауылға айналады. Мысал ретінде Талдықорған облысының Алакөл ауданыңдағы Сайқан жөне Ебінің желін айтуға болады. Cайқан — Сібір антициклонының Алакөл ойысы арқылы солтүстік батыстан оңтүстік-шығысқа Жоңғар кақпасын басып, Орталық Азияға қарай соғатын күшті жел. Сайкан желі негізінен Алакөл ойысына суық ауа массасын алып келеді, орташа температурасы — 30°С-37оС аралығында. Қыркүйек-сәуір айлары аралығында жиі соғып, көктем мен жазға карай саябырлайды. Катты соққан уақытта (күзде) Алакөл жүйесіне жататын көлдердің (Алакөл, Сасықкөл, Ұялы, Жалаңашкөл) су деңгейі 1 метрге жуық көтеріледі. Күніне бірнеше рет қайталап соққан жел кейде 2-3 тәулікке дейін созылуы мүмкін. Сайқан желі шаруашылыққа, әсіресе, мал басын шығынға ұшыратып, балық аулауға, жол қатынасына да зиянын тигізеді. Бір қызығы, Сайкан желін жергілікті тұрғындар «шайтан» желі деп атайды. Бұлай деп аталуы желдің күші салт атты адамды ат үстінен ұшырып түсетіндей өте қатты тұруынан.
Ебі желі — Жоңғар Алатауының шығысында соғатын дауылды жел. Ол Жоңғар қақпасының оңтүстік шығысы арқылы өтетін антикциклонның түйісуінен пайда болады. Бұл жел атмосфера қысымы жоғары аймақтан Жоңғар қақпасындағы қысым төмен жерге өткенде күшейіп, көбіне кара дауылға айналады. Оңтүстік Шығыс бағыттан соғатын Ебі желі күрт көтеріліп, Алакөлді басып өтіп, кейде Балкаш көліне дейін жетеді. Ебі желі 1-2 тәулікке, ал оқта-текте ұйтқытып соққанда 3-7 тәулікке дейін созылады. Ебі желі Жоңғар қақпасының орта бөлігінде, жалпы алғанда 70-100 күндей тұрады, жылдамдығы 60-80м/с-қа жетеді. Қазан-ақпан айлары аралығында жел жиі соққанымен жазда саябырлайды. Жел шаруашылыққа, темір жол қатынасына, балық аулауға кедергі жасайды. Ебі желі туралы алғаш рет Ш. Уәлиханов жазды. Ебі желінің соғатын мезгілін алдын ала біліп отырудың халық шаруашылығы үшін маңызы зор.
Арыстанды-Қарабас желі Каратау жотасы арқылы солтүстік-шығыстан оңтүстік-батысқа қарай Арыстанды өзені бойын қуалай соғады, жылдамдығы 30-35 м/сек. Желдің әсерінен Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек, Отырар, Түркістан аудандарының ауа райы өзгеріп, қыста ауа температурасы —22°-қа дейін суиды, ал жазда жиі соққан аңызақ желден қуаңшылық болып, шаруашылыққа зиянын тигізеді.
Таулы, көлді аудандар мен өзен жағалауларында жергілікті бриз желі соғып тұрады. Ерте көктемде, жазда соққан жел шаңды дауылға айналып, топырақты қатты эрозияға ұшыратады. Соның салдарынан
ауыл шаруашылығы көп зиян шегеді. Республикада жел энергиясын өндіру қолға алынып келеді. Бүгінде Қазақстанда өндірілетін жел энергиясы 1 млрд. квт. шамасында. Желдің күшін құдықтан су шығаруға және жел диірмендерге пайдаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |