Аңғарлардың морфологиялық элементтері. Өзен аңғары дегеніміз - жер бетіндегі аса енді емес, ұзына бойы ирелеңдеп созылып жатқан жалпы еңістегі өзеннің бастауынан сағасына қарай бағытталған ойпаң түрінде көрініс беретін бедер пішіні. Аңғар су ағындарының эрозиялық әрекеті нәтижесінде қалыптасқан.
Аңғарлардың төмендегідей негізгі морфологиялық элементтері бар: арна, жайылма, терраса, аңғар жағалауындағы беткейлер.
Арна - өзен суы үнемі үздіксіз ағатын аңғар табанының ең теренделген бөлігі.
Жайылма - өзен аңғарының сол өзен тасыған кезінде су басып кететін бөлігі.
Террасалар - тегіс немесе аздаған еңістігі бар аңғардың беткейлер шегінде сатыланып орналасқан алаңдар, соның ішінде жайылма ең төменгі терраса болып есептеледі.
Аңғар беткейі - өзен аңғарының екі жағалауын оқшаулап шектейтін, еңістігі өзен арнасына бағытталған көлбеу жазықтық. Оның беті жыра, сай және басқа да жуып-шаю әрекеттерінен пайда болған элементтерден тұрады.
Өзен меандрлары, меандр түрлері. Өзеннің ырғақты түрде ирелеңденуі меандрлар деп аталады.
Жалпы меандрдың екі түрін ажыратуға болады: 1) аңғарлық меандрлар (врезанные меандры) - олар бүкіл аңғардың иілістерін (бұрылыстарын) бұлжытпай қайталайды; 2) еркін арналық меандрлар (блуждающие меандры) жалпақ, тегіс аңғардың түбінде пайда болады.
Меандрлардың осы екі түрі өзеннің еркін иректену категориясына жатады, бұл су ағыны мен шайылуға ұшыраған таужыныстардың өзара әрекеттестігімен ғана белгіленеді. Аңғардың созылыңқы иіндері аңғар жағасындағы түпкі таужыныстардың әсеріне байланысты. Мұндай тұрақты таужыныстар өзен өзінің оптималды режиміне сай меандрлар түзуіне мүмкіндік бермейді. Еркін (блуждающие) меандрлар өзеннің иректелу көлеміне әсер ететін төзімді таужыныстарды (кұм, құмаит, саз, малтатастар) жырып өтеді. Негізінде, бұл құбылыстардың физикалық мәні әр аңғарда бірдей.
Өзен аңғарларының морфологиялық және генетикалық түрлері. Өзен аңғарларының морфологиясы олардың жергілікті физикалық-географиялық жағдайларына, геологиялық құрылысына және даму тарихына байланысты. Таулы өлкенің жоғары өрлеуіне байланысты қарқынды түрде эрозиялық тілімдеу нәтижесінде саңылау, шатқал және каньон тәрізді терең аңғарлар пайда болады.
Саңылау (теснина, щель) - екі жағы тік құламалы, тар аңғар. Тау шатқалы (ущелье) - көлденең қимасы v- әрпі тәрізді терең аңғар. Көп жағдайда, шатқал тектоникалық жарылымдар бойында қалыптасады, кейіннен ағын сумен одан әрі кеңейіп, тереңдей түседі.
Каньон - жағаларының беріктігі - әр түрлі, оның үстіне жазық бағытта қабатталған таужыныстарды су тіліп өткен жағдайда кертпештеніп қалыптасқан саты тәрізді аңғар эрозияға төзімді таужыныстар тегістеліп каньонның жағасында террасаға ұқсас жазық алаңшалар құрады.
Жоғарыда айтылған үш түрлі аңғарлардың (саңылау, шатқал, каньон) түбін түгелімен немесе түгелге дерлік су басып жатады.
Геологиялық құрылымына және тектоникалық элементтерінің байланыс сипатына қарай аңғарлар синклиндық, антиклиндық, моноклиндық, грабендік (опырықты), антецеденттік және тектоникалық жарылым бойы сәйкес келген аңғарларға бөлінеді.
Аңғарлар өзінің өтетін аймақтарының сипатына қарай таулы және жазықты деген аңғарларға бөлінеді. Таулы аңғарлар әдетте терең, тар және жағалары тік болады, ал бойлық кесіндісі өте еңіс немесе құлдилау болып келеді. Жазықты аңғарлар керісінше, кең, жағалары жайпақ, көлбеу немесе сатылы болады.
Аңғарлардың халық шаруашылығындағы маңызы өте зор. Қазақстанның Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық, Сырдария сияқты жазықтағы өзендерінің жайылмалары шұрайлы шабындық үшін, ал террасалар әр түрлі ауылшаруашылық дақылдарын егу үшін кең пайдаланылады. Елді мекендер көбіне өзен аңғарларына қоныстанады.
Достарыңызбен бөлісу: |