Тамшы сөз: Мұзға Күн сәулесі түссе – ериді, адамға сөз сәулесі түссе –
қанат бітеді, сөз қанжары түссе – өледі.
Әке, осы мен де сыпайы, әке-шешемді «сіз», «сіздер» деп айтқым-ақ
келеді. Сендерден жасы кіші ағаларымды, туыс әпкелерімді «сіз» деймін.
Мен үш адамға «сіз» деп айта алмаймын. Ол – апам (әжем), сен және
шешем. Кінә менен емес-ау деп ойлаймын? Өзің де солай ойлайтын
сияқтысың? Кейде пенделікпен кейін сендер болмағанда, сағынғанда
сырттарыңнан «сіз» дейтін шығармын деп ойлағанмын. Түк те олай емес
екен. Міне енді бір айдан соң апамның қайтыс болғанына жиырма жыл
болады. Оған сіз деген қайда, әлі өзімен ұрсысып отырамын. Өйткені қатты
49
сағындым. Әке, менің апамды көрген шығарсың? Қызғанып тұрған жоқпын,
көре бер. Түбінде бәріміз бірге боламыз ғой ...
Бірақ сен оған айт. Гүлтас сені қатты сағынды де. Бүгінге дейін де, өзі
әже болды де. Айт солай. Бәрін айт. Бірақ жүрегіме операция жасағанды
айтпай-ақ қой. Уайымдайды ғой. Айтшы оған, әке, мен оның исін сағындым,
мен оның кеуіп қалған сияқты бозқыру шашын сағындым, мен оның көзін
сағындым, қолын сағындым. Қойшы, саған несін айтып отырмын, өзіне айта
берейін, ол да менің ести алады ғой.
Жан апам-ау, саған ешкім жетпейді. Мейлі қызғанғандар қызғана берсін.
Сен данышпандардың данышпанысың, сен қайраттылардың қайраттысысың,
сен батырсың, сен қорқақ емессің, бірақ сен малайлардың малайы
болатынсың. Сен көмек бермеген адам жоқ, таныстарда сен жақсылық
жасамаған тірі пенде жоқ, сен кешірімдісің. Мен саған көп ұрса беретін едім.
Сені ренжіткендерді неге кешіре саласың деп ұрсатынмын. Сен неге керең
адам сияқты үнсіз отырасың, неге тас-талқанын шығармайсың дейтінмін.
Апа-ау, мен бұзық болғандықтан олай демейтінмін. Сенің жүрегің ауырмаса
екен дейтінмін. Баяғыда әкем саған: «Болды ғой, мамошке, Мәлік-Мәлік деп
өлетін болдыңыз ғой дегенде есіңде ме?.. Мен ол оқиғаны «Апам-ақ нұрым»
деген кітабымада жазғанмын.
...
Хатты апам айтып отырады, мен жазып отырамын. Мәлiк ағам
Владивостокта әскерде болды.
–
Қалбүбi, балаң қайда? – деп бiреу сұраса.
–
Апам: – Ахитихиянда, матрос, – дейтiн. Апам айтпақшы Ахитихияндағы
Мәлiк ағама апам екеумiз хат жазамыз. Барлық хаттың бас киiмi бiрдей.
Сәлем хат! Амансың ба, балам, Мәлiк?
Сағынышты сәлем хат.
Сағынған соң жаздым хат.
Немесе: – “Алтыннан ардақты, күмiстен салмақты”, – болып басталады.
Содан соң ақыл-кеңес кетедi... Апамның балаларының iшiнен бiрiншi
әскерге барған Мәлiк ағам болды. Содан ба екен апам, көп уайымдайды.
Елдiң балалары екі жылға барса, Мәлiк ағам үш жарым жылға кеттi. Қайран
анам: шарбақта жүрiп бұзауын iздеп мөңiреген сиырдай: – Мәлiк-ау, Мәлiк,
құлыным-ау, қозым-ау, естимiсiң, апаңды”, – деп жүретiн. Ағамнан хат
келмей қалса, жанын қоярға жер таппай кететiн. Сөйтiп жүрiп, қазылған
шұңқырға түсiп кетiп, бетiнiң сүйегiн де жарып алды. Ол кейiн “Қ” деген
әрiпке ұқсас боп тыртық болып бiттi. “Паспортым бетiмде тұр” деушi едi,
жарықтық.
Бiр күнi ұйқысынан шошып оянды.
–
Апа, апа, не болды, – дедiм, қорқып кетiп.
–
Уһ, жаман түс көрдiм. Мәлiгiм, Мәлiгiме бiр нәрсе болды, оң аяғына...
әйтеуiр тегiн емес.
50
–
Қойшы, апа, түс түлкiнiң боғы деушi едiң ғой.
Ал содан кейiн Мәлiк ағама хат жазамыз, жауап келмейдi. Екi-үш айдан
кейiн бiр-ақ келдi. Ағамның оң аяғына оқ тиiп, ол ауруханаға жатып
шығыпты. Бұрынғы “Мәлiгiм-ау” жайына қалды, баласына ұшарға қанаты
болмай “барып келiңдер” деп басқа балаларына айта алмай, шерменде болды.
Ананың көңiлiн сау жүрген балалары қайдан ұқсын?
–
Болды ғой, мамошке, Мәлік-Мәлік деп өлетін болддыңыз ғой. Болды
ендi, жылағыннан ештеңе шықпайды,– деп, менiң әкем Сайын зекiп тастады.
Тамақты ендi алдымызға қоя берген. Апамның көзiнен жас сорғалап отыр,
мен де әкеме өкпелеп қалдым. Орнымнан тұрып барып, апамның қолтығынан
сүйеп: “тұр, үйге кетемiз”, – дедiм.
Апам да соны күтiп отыр екен. Тұра бердi.
–
Ауқат iшпейсiңдер ме? – дедi, әкем өзiн кiнәлi сезiнiп.
–
Iшпеймiз, үйлерiңе ендi келмеймiз де, – деп есiктерiн қатты жаптым да,
апамды ертiп шығып кеттiм.
Үйге келген соң апам солқылдап отырып жылады, мен де жыладым.
Апамның төсегiн салып жатқанда, Сәлiк ағам бiр табақ еттi, астында наны
бар (табақтың шетiне пышақ қойған) алып келдi. Апам екеумiз де сөйлеген
жоқпыз. Көзiмiз iсiп кеткен. Тамақты пештiң үстiне қойып, Сәлiк ағам үйiне
кетiп қалды.
–
Апа, су құяйын, бетi-қолыңды жуып ал, – дедiм.
Апам бетi-қолын жуып алды, өзiм де жудым. Үш дұшпанның бiрi тамақ
қой.
–
Апа, тамақ iшiп алайық. Олар көрiп тұрған жоқ қой, ертең айтамын, әкеп
берген тамақтарыңа итiмiз бiр тойды деп, – дедiм.
Апам мырс етiп күлiп жiбердi. Сөйтiп, еттi жеп, сорпасын iшiп, артынан
жақсылап үндi шәйiн iшiп алдық.
Апам әңгiмесiн айтты.
–
Ешкiмге өкпелемеймiн, маған жылай бермесiн деп, тоқтатайық деп
айтады ғой. Қайтейiн, ана жүрек езiлiп, өртенiп бара жатқанын олар
сезiнбейдi ғой.
...
Соғыстан кейiнгi заман. Сол 1947 жыл болу керек. Сәду деген шалдың
жалғыз ұлы соғыстан оралмады. Келiнi үш жасар немересi бар. Келiнi Ажар
бiздiң елдiң, шымырдың қызы едi. Менi “әпке” дейтiн. Әйел бiткеннiң
әдемiсi болатын. Оған еркек тұрғай, әйел баласы, жалпы адам баласы қызыға
қарайтын. Соғыстан оралғандар, жап-жас жiгiттер, Сәду шалға амандасып
барғансып, Ажарды көретiн. Сәдудiң көзi соқыр емес, бәрiн байқайды, бiр
күнi келiнiне:
51
–
Қарағым, Ажар, басың жас, Мейрамнан қалған жалғыз тұяқты маған қи,
өзiң төркiнiңе бар, – дейдi ғой.
Ажар, шошып кетiп, баласын құшақтай алады.
–
Ата, айналайын ата, құлыңыз болайын, ұлымнан айыра көрмеңiз, – деп
зар жылайды. Содан кейiн де бiр жыл өтедi. Ауылдың еркектерiнiң Ажар деп
есi кетедi. Көшемен жүргiзбейдi. Бiр-бiрiнен қызғанып, төбелес болады.
Ажарға келiп, ол еркектердiң әйелдерi ауыздарына келгенiн айтады.
Мейрамсыз бұл елге жат екенiн сезiне бастайды. Не де болса баламды
қалдырмайын деп ойлайды. Атасын да қимайды. Бiрақ баласын тастаса, өзi
өмiр сүре алмайтынын бiледi. Тәуекелге салып түн iшiнде, баласын көтерiп,
үйiнен шығып кетедi. Таңға дейiн ауылдан ұзап бел асып, елсiзбен жүрiп,
ертеңiне түс ауа әкесiнiң үйiне келедi. Бар жайды әкесiне айтады.
–
Балам-ау, ана құданы аямадың ба? Баласы екiншi рет өлгендей болды
ғой. Әй, балам, қателiк болды.
Ажардың әкесiн мен де танушы едiм. Өте парасатты, дана кiсi едi.
Сәду шал келiнiнiң қашып кеткенiн бiледi. Еш адаммен сөйлеспей, тамақ
iшпей неше күн жатады. Ауыл азаматтары: “Барып Ажарды да, баланы да
алып келейiк”, – дейдi. Шал рұқсат бермейдi.
Сәду шалдың ауырғанын, төсек тартып жатқанын Ажар да, әкесi де естидi.
–
Қызым, бала, Сиқымның (рудың аты) баласы, сол Сәду шалдың қаны,
сен баланы қайтар. Мен елдiң бетiне қараудан қалдым. Ұрлық жасағандай,
баланың киiмдерiн дайында, мен баланы апарып беремiн, – дейдi. Ажар
көзiнен жасын төгiп жүрiп, баласын жолға дайындап, әкесiне бередi. Әкесi
алып кетедi. Ажар аңырап елiнде қалады.
Сәду шал көзiн ашпай жатқанына бiр жұмадай болыпты, құдасы немересiн
алып келгенiн сездi ме, көзi жұмулы қолын созады, қолынан немересi ұстаған
кезде, “келдiң бе, ботақаным, мен сенi күттiм ғой” деп, кемсеңдеп жылап,
немересiн бауырына басыпты.
Құдасын жiбермей; “бiр күн қонып кет” дейдi. Әке жүрегi жалғыз қызын
уайымдаса да, құдасының бiр ауыз сөзiн жыға алмайды.
Бектаналының жалғыз Ажарынан басқа ешкiмi жоқ. Алла одан басқа ұл да,
қыз да бермедi. Ажар жетiге толғанда анасы көп ауырмай, о дүниелiк болып
кеттi. Ажарды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсiрдi.
Ажардың үш күн сайын шашын жуып беретiн, ағайындарының әйелдерiне
Бектаналы сыйлық беретiн. Ажардың шашын тарап беруге көршi әйелдер
таласатын. Сөйтiп жүрiп бойжеттi, дүние-мүлiктi Ажардан аяған жоқ. “Не
кием, не iшем”, дегiзген жоқ. Он жетiге толғанда ұзын бойлы, маңдайы
жарқыраған, шашы толқынданған сұлу жiгiт, осы Сәду шалдың жалғыз ұлы
Мейрам келiп: – Аға, Ажарыңызды маған берiңiз! – дейдi.
52
–
Қарағым, сен кiмсiң? Кiмнiң баласысың?
–
Сиқым Сәдудiң ұлымын.
–
Әкең бақуат па?
–
Рахмет, аға! Әкемнiң де арманы сiзбен құда болу.
–
Солай ма, онда өзi неге келмедi?
–
Аға, әкемдi алдыма салып жүрудi ар санаған өзiм едiм.
Не керек, сонымен Сәдуден бiр мал қалыңмал алмай, керiсiнше жалғыз
қызы Ажардың малын алдына салып, көрпе-төсек, текемет, кiлемдерiмен,
жез самауыр, күмiс ыдыс-аяқтарымен Мейрамға ұзатады.
Сәду де Мейрамды анасыз өсiрдi, әйелi өлген соң үйленген жоқ. Бектаналы
да сөйттi. Осы жағынан екi құданың тағдырлары да ұқсас едi. Ендi мiне сұм
соғыс, сенiң балаң он ба, жалғыз ба оған қараған жоқ. Мейрамнан қара қағаз
келгеннен берi де екi жыл өтiп кеттi.
Таңертең ерте тұрып, қайтуға асыққан құдасын тоқтатып:
–
Құда, рахмет. Ажарыма, алтыныма қиын болды, сезiп тұрмын. Қайтейiн,
қара шақырақты осы немереме аманат етiп қалдырсам, арманым жоқ, – деген
ой едi. Басы жас қой, теңi табылар, баласы болар. Мен ақ батамды бердiм.
Көңiлiмдi қалдырған жоқ едi, құлыным, – деп, кемсеңдеп жылаған құдасына:
–
Сабыр ет құда, шаңырағыңның иесiн қолыңа тапсырдым, бала тұрғанда
ешқайда кетпеспiз. Саған немере болса, маған жиен, жаттығы жоқ. Сауығып
кет, құда. Қайыр-қош, – деп қоштасып шығып кетедi.
Аулына асығады, сорлы қызы, жылап-жылап есiнен танып жатыр ма?
Әлде... деп, әке жүрегi дүрсiлдеп, атына қамшы басты. Есiктiң алдынан Ажар
көрiнбейдi. Есiк жабық тұр. Есiктi қорқа ашып: – Ажар! – дедi. Еш дыбыс
жоқ. Ажар төргi бөлмеде терезеге қарап отыр екен.
–
Ажар, Ажар.
Ажар қарамады.
–
Қызым.
–
Әкесi жақындап кеп, тоқтап қалды.
–
Ажармысың?
–
Ажар екi көзiнен жас парлап, бұрылып әкесiне қарады.
–
Балам-ау, деп әкесi құшақтап, ал кеп жыласын. Ажардың жүзi
күлбеттенiп, көгерiп кетiптi, шашы қудай аппақ.
–
Әке, кетерiңiзде Нұржан жылаған жоқ па?
Қызына жауап беретiн шамасы жоқ, керi бұрылып, далаға шықты да,
тағдырына лағынет айтып, айғай сап жылады-ай дейсiң.
–
Мен не iстедiм? Анасынан баласын айыратын мен кiм едiм? – деп өзiнiң
басын өзi ұрып жылады. Не iстейдi? Не амал бар? Сұм соғысқа лағнет айтты.
Күн артынан күн өттi, ай артынан ай өттi.
53
Дүние осы кезге дейiн, мүмкiн мыңдаған жыл тұрған болар, осыдан кейiн
де тұрары қақ. Бектаналының үйiне бақытсыздық келген екен деп, оның бiр
жерi қисайып тұрған жоқ.
Бiр күнi таңғы шай үстiнде Ажар әкесiне:
–
Әке, маған қарайламаңыз. Мал-жанға өзiңiзден басқа қарайтын адам жоқ
қой. Сататын малды Ташкенге апарамын, – деп едiңiз ғой.
–
Құлыным-ау, ақылыңнан айналдым. Барамын. Кiшкене саған қарайлап
жүрмiн ғой.
–
Менi уайымдамаңыз. Түк етпейдi, қазiр тәуiрмiн.
Бектаналы базарға апаратын малдарын iрiктеп, дайындай бастады. Алла
жол берсе сәрсенбi күнi малды айдамақ.
–
Ажар, жарығым, үй-жайға ие бол, малдың бәрi малшыларда ғой, сиырды
көршiлерге тапсырдым.
Әкесi кетпей жатып, жүрегi тарсылдап барады. Ойлап жүрген ойы жүзеге
асатынын сезiп тұрғандай. Бiр жылдан берi көңiлсiз жүрген Ажар күлiмсiреп,
әкесiн алыс жолға шығарып салады.
Әкесi: “Қызымның ақылы бар ғой “әкем уайымдамай кетсiн” дегенi ғой
деп ойлайды.
Әкесiнiң кеткенiне көзi әбден жеткен соң Ажар есiктi бекiтiп, Күреңбелге
тартты. Қазiр шықса, қас қарая барып қалады. Құлынын көретiнiн ойлағанда,
емiренгенi сонша омырауы сыздап, сүт ақты. Аяғы емес, жүрегi ұшып бара
жатқандай.
Былдырлаған құлыным, не деп жүр екенсiң? Кiп-кiшкентай жүрегiң, анам
неге келмейдi, кәмпит неге бермейдi? – деп ауырды ма, құлыным. Кiшкентай
ғана қозым-ау, не iстеп отыр екенсiң? Сенi көрсем арман жоқ, тiрi жүрсең
боташым, ер жетерсiң де, өсерсiң, Алла сүйсе өзіңді, мұратыңа да жетерсiң.
Әкеңдi алған соғысқа қарғысымды айтамын, зар жылатқан анаңды,
тағдырыма не айтамын?..
Кешке қарай, үйге суды кiргiзiп алайын деп, дәлiзге шығып едiм, қараңдап
бiреу көрiндi.
–
Әй, бұл кiмсiң? – дедiм, шошып кетiп.
–
Әпке, мен Ажармын ғой.
–
Е, қарағым-ай, жүр үйге кiр.
Ажар үйге кiруге батылы бармай тұрғандай болды.
–
Әпке, үйде кiм бар?
–
Ешкiм де жоқ, бiр өзiм, Сайын мен Сайып нағашыларына кеткен.
Ажар үйге кiрдi. Шамның пiлтесiн көтерiп:
–
Төрлет, сырт киiмiңдi шеш, қалай Бектаналы аға бақуат па? Кештетiп
неғып жүрсiң?
–
Әкем Ташкенге кеткен. Әпке, мен баламды бiр көрiп кетуге келдiм, –
дедi де, жылап жiбердi.
54
Бұрынғы Ажар жоқ. Әбден жүдеген, жылап-жылап көзiнiң жасы көл
болып тартылғандай, бет сүйегi шығып, көзi шүңiрейiп кетiптi.
–
Қарағым-ай, осыншама жүдегенiң-ай, бала бауыр етiң ғой, шырағым,
бiрақ сабыр етсең керек едi. Кiмнiң басына келмеген қасiрет бұл? Сенiң
күйеуiң соғыста шейiт болды, менiң күйеуiм, өз үйiмде, қақ төрiмде көзiн
ашып-жұмды да, жарық дүниенi де, жапырақтай екi баласын да тастап жүре
бердi. Қолымнан түк келген жоқ. Берген де бiр Алла, алған да бiр Алла. Оған
амал бар ма? Балаңды көрерсiң-ау, бiрақ жаралы жүрегiң тағы да жыртылып,
парша-паршасы шығады ғой, жаным-ау. Одан да көрмей, көңiлiңдi
суытсаңшы.
–
Ой, әпке-ай, көрсем мауқым басылып, тынышталатын шығармын.
–
Тыныштала алмайсың ғой. Жараның аузы қайта қанап, мазаң кетедi ғой.
–
Әпке, менiң ақыл-есiм бүтiн. Бiр сағыныш қана өлтiрiп бара жатқан.
Балам кейде шырқырап жылап жатқан сияқты, кейде үлкен арыққа құлап
кеткен сияқты болады. Ендi бiрде балам бұл өмiрде жоқ сияқты, маған хабар
бермеген шығар деп ойлағанда жынданып кете жаздаймын. Бiр көрейiншi.
–
Е-й, қарағым-ай, балаң аман-есен ғой, жаным, анасың ғой, саған кiнә
жоқ. Ертең қайынағаның көңiлiн сұрап барып, жағдайды көрiп қайтайын. Сен
үйде бол.
Ертеңiне Сәду шалдың үйiне бардым. Нұржан далада ойнап жүр екен.
Бұлдыраңдап жүгiрiп жүр. Жүрегiм езiлiп кеттi.
–
Нұржан, – деп едiм жалт қарады да, жатырқап бiраз тұрды.
–
Келе ғой, келе ғой, – деп шақырып едiм, жүгiрмей жай басып келдi.
Қолына кәмпит ұстаттым. Қуанып қалды.
–
Нұржан, атаң қайда?
–
Ата үйде, – дедi тәп-тәттi болып.
–
Жүр атаға барайық.
Менiмен iлесiп үйге кiрдi. Сәду қайнаға шай iшiп отыр екен. Сәлем
жасадым.
–
Көп жаса, шырағым. Қалбүбi келiнбiсiң?
–
Иә, қайнаға, қалай бақуатсыз ба?
–
Шүкiр, Аллаға. Рақымбайдан қалған екi тұяқ аман ба?
–
Аман, аман.
–
Е-е, өлi арыстаннан тiрi тышқан артық деген осы. Бауырым Рахымбай
қандай адам едi?.. Амал бар ма? – деп, терең күрсiндi. Тiрi тышқанның бiреуi
–
мынау, қара сенiң қасыңнан шықпай қалғанын. Қаны тартып тұр-ау, ә?
Ешкiмге жоламаушы едi.
–
Жоқ, қайнаға, бала ғой, жаңа кәмпит берiп едiм ғой, – деп, ақтала
бастадым.
55
–
Келiн шырағым, баланың күйiгi ғой, жасыма жетпей морт сындым.
Дұрыс жасадым ба, бұрыс жасадым ба, өзiм де бiлмеймiн. Мынау жетiмектi
тас жетiм етiп алдым ба? – деп қорқамын.
Ажарды елден шығармай, баласынан айырмай отыру керек пе едi?
Қаратаудың арғы бетiнде анасы зарлап, бергi бетiнде жетiм қалған қозысы
маңырап, ол екеуiнiң зарынан құлағым тұнып отырған түрiм мынау. Ертең
қисайып қалсам, не болады?
Сәду қайнаға жылап жiбердi.
–
Босамаңыз қайынаға, сабыр етiңiз. Нұржан, бар сен далаға бара ғой.
–
Қайнаға, кеше кешкiсiн бiздiң үйге Ажар келдi.
Сәду шалдың көзi жарқ етiп қуанғандай болды.
–
Аман ба екен? Сорлы балам, соншама балажан едi. Уайымнан шөгiп
кетпеп пе?
–
Бұрынғы Ажар жоқ, қайнаға. Шашы қудай аппақ, өзi әбден жүдептi.
–
Нұржанды алып кетем дей ме?
–
Жоқ, қайнаға. Бiр көрiп, маңдайынан иiскесем болды дейдi.
Сәду шал еңкiлдеп жылады.
–
Апар, апар анасына. Алып кетсе де өкпем жоқ.
–
Қайнаға, көршi-қолаңға не дейсiз? Ажар келдi демеңiз, бiр-екi күн бiздiң
үйде болсын, немереңізге жейде, күртеше, желеткi тiгiп берейiн. Көршiлерге
де солай деңiз. Ажардың ақылы бар ғой, баласын алып кетпес, бiр-екi күн
қасында болып мауқын бассын.
–
Көрерсiң ендi. Нұржанды шақыра ғой.
–
Нұржан сен мына апаңның үйiне қонақ болып барып кел. Саған киiм
тiгiп бередi.
Нұржан сенер сенбесiн бiлмей, атасына таңданып қарап тұр.
–
Сен өлiп қалмайсың ба?
–
Жоқ, өлмеймiн.
–
Сен айттың ғой, бiр күн болмасаң өлiп қаламын, – деп.
–
Рас, айтқанмын. Ендi сен жiгiт болдың қонаққа баруың керек қой. Бiр-екi
жылда мектепке де барасың. Апаңның үйiне барасың ба?
–
Жарайды, барайын.
Атасы немересiн бауырына тартып құшақтап, шашынан иiскедi.
–
Келiн, ендi өздерiң бiлiңдер. Егер алда жалда баламмен бiрге боламын
десе ойланар, мен бейбақты аяса, қайтып келiп осында тұрар. Басы жас қой,
мұнан да теңi табылар. Сәлем айт!
–
Сау болыңыз, мықты болыңыз.
56
Үйге келсем Ажар үйдi айнадай етiп тазалап, бауырсақ пiсiрiп қойыпты.
Баладан бұрын үйге өзiм кiрдiм. Ажардың көзi бақырайып; “Келмедi ме?” –
дедi.
–
Келдi, сен жылама, шошытып аласың.
–
Жарайды әпке, шақырыңызшы.
–
Нұржан, келе ғой, Төрге шық. Ендi сен үлкен қонақсың, – дедiм.
Жатырқап тұр. Жан-жағына жалтақ-жалтақ қарап, кiрiп келедi.
Ажар екi қолын бiрiктiрiп, аузын басып алған. Бас салған жоқ. Шыдады.
–
Нұржан отыр, мен қазiр саған шай беремiн, кәмпит беремiн. Содан кейiн
саған киiм тiгемiз.
Үшеумiз шай iшiп отырмыз. Нұржан Ажарға қарап қояды. Ажарда үн жоқ.
Шай iшiп болдық.
–
Ендi, Ажар қол мәшиненi әкел, Нұржанға екеумiз жейде, желетке тiгейiк.
“Ажар” деген кезде бала елең ете қалды. Әпке, мен әкелген заттардың
iшiнде Нұржанға шақ келетiн киiмдер де бар сияқты. Алып келейiншi.
Ажар шығып кеттi. Нұржан сұраулы көзбен маған қарады.
–
Қане, көрейiк. О-о, шынымен-ақ көп екен ғой.
Балаға бiрiнен соң бiрiн кигiзiп жатыр. Құйып қойғандай.
–
Нұржан, айнаға қарашы, – деп Ажар мәз.
–
Сiз саудагерсiз бе? – дедi Нұржан.
Ажар тағы үндемедi.
–
Нұржан, мына бөрiктi киiп көршi.
–
Мұның бәрiн алмаймын ғой.
–
Неге, бұның бәрi сенiкi, – деп айтып қалғанын Ажардың өзi де байқамай
қалды.
–
Сiздiң атыңыз кiм?
–
Менiң атым – Ажар.
–
Менiң мамамның да аты – Ажар. Бiрақ ол әдемi. Ол жақында келедi.
Атам айтты, ол өте жақсы адам деп.
Ажарда үн жоқ. Екi көзiнен көл боп аққан жасты сүртуге шамасы жоқ,
бұрылып үйден шығып кеттi.
–
Апа, ана кiсiге не болды? Неге жылайды?
–
Бiлмеймiн ғой, балам.
–
Апа, ол кiсiнiң баласы бар ма?
Мен не айтарымды бiлмедiм. Нұржан жауап күтiп тұр.
–
Баласы болған екен. Бiрақ жоғалтып алыпты.
–
А-а, онда мына киiмнiң бәрi сол баласынiкi шығар, ә?
–
Жоқ, жаңа киiмдер ғой. Саған берiп тұр ғой. Ала сал, әйтпесе Ажардың
жүрегi ауырып қалады. Сен киiп алғанда қандай қуанды көрдiң ғой жаңа?
–
Иә, қазiр баласын ойлап, жылап отырған шығар, ә?
57
–
Дұрыс айтасың, сенiң ақылың бар ғой, барып айт. – Ажар әпке, мен сiз
берген киiмнiң бәрiн-бәрiн киемiн, – деп айт.
–
Жарайды.
–
Ажарға барып, орамалынан тартып:
–
Рақмет, мен бәрiн киемiн. Қалбы апа маған айтты, сiз балаңызды бәрiбiр
тауып аласыз, жыламаңыз ендi.
Ажар (Нұржанды) баласын құшақтап алып, жылады-ау дейсiң.
Екi шерлi жүрек қосылды.
Кешке дейiн күн қалай өтiп кеткенiн бiлмедiк. Ажар мен Нұржан тiл
табысып кеттi. Неше түрлi ойын ойнап, үйдiң iшiнде ары-берi жүгiрiп,
тығылыспақ ойнады.
–
Нұржан, Нұржан, мен сенi таптым, сен сандықтың iшiндесiң. Нұржан
сандықтың қақпағын басымен көтерiп!
–
Тағы айтшы.
–
Не деп?
–
Нұржан, Нұржан, – деп айтшы.
–
Нұржан, Нұржан, мен сенi таптым.
Нұржан сандықтан шығып, Ажарға жақындады.
–
Сен менiң мамамсың ба? Сенiң даусың мамамның даусы ғой. Сен менiң
мамамсың ғой.
Ажар үн-түнсiз тағы жылады.
–
Мама, мама...
–
Жоқ, сенiң мамаң әдемi ғой...
–
Сенiң көзiң де менiң мамамның көзiне ұқсайды.
Ажар баласын құшақтап алып, сүйiп жатыр.
Мен бәрiн көрiп тұрмын. Екеуi бiрiн-бiрi босатар емес.
–
Құлыным, жарығым, қошақаным, балапаным, мен сенiң анаңмын.
–
Мама, мама, неге келмедiң? Қайда болдың? Мен сенi көп сағындым ғой.
Мен сенi шақырдым ғой, неге келмедiң?
–
Келдiм, келдiм. Ендi ешқайда кетпеймiн.
–
Шын айтасың ба? Онда үйге барайық. Атама барайық. Атам да қуансын.
Мен жылап тұрмын.
–
Нұржантай, бүгiн бiздiң үйге қоныңдар. Атаға ертең барасыңдар.
–
Бүгiн барғым келедi.
–
Апаң өкпелеп қалады ғой, саған арнап тамақ жасап жатыр, – дедi Ажар.
–
Жарайды. Онда бiр-ақ күн қонамыз. Нұржан ерте ұйықтады.
–
Әпке, қалай әкелдiңiз? Атам бiлген жоқ па?
–
Атаңа бәрiн айттым, – деп атасымен болған әңгiменi түгелдей айтып
бердiм.
58
–
Ендi өзiң бiлесiң. Нұржан қолыңда.
–
Әпке, мен қаламын. Нұржансыз атасы да, мен де өмiр сүре алмаймыз.
Содан ертеңiне Ажар мен баласын атасының үйiне ертiп апардым. Сәду
шал келiнi емес, туған қызын көргендей, маңдайынан иiскеп, емiренiп; “Ендi
Аллаға разымын, бүгiн алса да разымын, өшкенiм жанып, өлгенiм тiрiлдi”, –
деп қуанды.
Ажар атасын ардақтап, баласын аялап, қорасына мал байлап, жақсы ғұмыр
кештi. Елi сыйлап, есiкте отырғызбады, бас иедей көрiп, сый-құрмет көрсеттi.
Ана мен бала арасындағы сезiмнiң қандай болатынын сонда сезгенмін.
Апамның әңгiмесiн тыңдап отырып, жылап отырдым.
Апамды түсiнiп отырмын, Мәлiк ағам Қаратаудың арғы бетiнде емес,
дүниенiң шетiнде, Тынық мұхиттың дәл өзiнде. Жыласа даусы жетпейдi, хат
жаза алмайды. Бiреуге жазғызған хатқа не айтып жарытады?
Шерлi болған, шерлi анашым-ай...
Уақыт шiркiннiң сенiң жылап жүргенiңмен де, күлiп жүргенiңмен де
шаруасы жоқ. Сырғанап, жылжып барады. Зарыға күткен Мәлiк ағам да
келдi. Апамның қуанышында шек жоқ. Бiрақ ол да уақыттың шеңберiнде.
Уақыт өте келе бәрi артта қалады, жүректi сыздатқан сағыныш басылып, түк
болмағандай, түк көрмегендей, Мәлiк ағам тiптi армияға да бармағандай
күндер келдi...
Апа, сен маған керек едің... Апа, “сен ауырып қалды”, – деп хабар
келгенде, қатты қорықтым. Сонда шынымен өліп қалуы мүмкін бе? “Апам-
ау, сен мықты едің ғой, өлмеші, өлмеші”, – деп ауылға жеткенше Құдайдан
сұрап бардым. Жан апам-ау, сен қатты ауырыпсың, миыңа қан кетіп, бір қол,
бір аяғың жұмыс істемей қалыпты. Бірақ сөйлеп жатыр екенсің. Алматыдан
сенің Сайын балаң, Үтән келінің, Жібек әпкем, Шәріп ағам да Алматыда
емделіп жүрген болатын, Ербол бәріміз бардық. Көңліңді сұрап ауылдың
үлкен-кішісі, орыс-орманы түгел келіп жатыр екен. Бәрін танып жаттың. Бір
құлағы жоқ Петро да келді.
–
Қалеке, қалай? Жарамайды. Ауырма, – деді.
–
Нешауа, Петро! Сендер аман болыңдар. Балаларым аман болсын.
Меніңкі свадба, той ғой.
–
Қалеке, рано. Асықпайтын керек.
Апам қолын көтеріп: “Хорошо, хорошо” деп жатыр.
Қайран, апатайым, ол үшін жас та, кәрі де бір. Бәрімен тіл табысады.
Төлеген ақынның өлеңіндегі омырауынан бір сәуір шайқап есіп жүретін
жары нағыз менің апам еді. Той-думанда билеп, салиқалы сөзін айтып,
қайғыда езіліп отырғанға екпінді сөзін айтып, тоқтатып, тәубесіне келтіретін.
Апамның айналасында жиырма шақты адам, төргі үлкен бөлмеде одан да
көп адамдар отыр.
59
Қарлығаш кемпірдің (апам дәл қарлығаш құс болатын елдің бәріне
көмектесетін) мынадай мүсәпір болып қалғанына мұңайып отырған халықты
сергіту үшін бе екен? Білмеймін ғой. Аяғын уқалап отырған маған көзін
қысып қойып:
–
Ерболжан, – деді.
–
Ау, апа.
–
Ерболжан:
Насыбайлы, Насыбайлы жігіттің басы байлы,
Есің болса Ерболжан, екі қатын ал,
Жалғыз Гүлтас арқаңды қасымайды, – деді.
–
Ерболжан, естідің бе?
–
Естідім, естідім, апа!
–
От так! – деді, өзі күлмейді, отырған жұрт қыран-топан. Апама керегі де
сол еді...
Апамның қасында бір-екі күн болып, Алматыға қайтып кеттік. Қыз бала
күйеуге тиген соң, бір мұңлық екен ғой. Өз билігің өзіңде емес.
Үй-ішінің қас-қабағына қарадым да қалдым. Апамның одан кейiн бiр-ақ
ай ауыратынын, соңғы рет көрiп тұрғанымды, осы жаңағы қалжыңы соңғы
қалжыңы екенiн бiлсем ғой... Амалым не? 8-наурыз, мереке күнi достарымыз
бiздiң үйге жиналды.
Бiләл досымыз Төлеген Момбековтің “Салтанат” атты – күйiн тартты. Екi
көзiмнен тоқтаусыз жас ақты. Iшiмнен күйдiң сөзiн сөйлеп отырмын.
“Апа, апатайым кетпешi, тастамашы менi, апа, сағындым сенi, апа, неге
бармадым? Жан апам-ау, сағындым-ау, сарғайдым-ау, Гүлтасым кеге келмедi
деп, iшiңдегi зарыңды айтатын пенде таппай, шерменде болдың ба, апа?
Барамын, кiшкене күтшi, каникулға екi-ақ апта қалды, барамын, қасыңда
болам, кетiп қалмашы, мен сенсiз қалай өмiр сүремiн? Ол кезде
аспирантураның күндізгі бөлімінде оқимын. Аягүл әпкем Миразова боларда
болмай 11 сыныпқа қазақ әдебиетінен сабақ бересің деп шақырып алған.
Он бiрiншi март күнi таңертең сабаққа бардым. Телефонға шақырды. Кiм
звондады, есiмде жоқ. Есiмде тек апамды кетiп қалды дегенi. Мектептен
шыға салып жыладым. Дүние түк болмағандай тұр. Жарық дүниенi
қолыммен итерiп жiбергiм келедi, Апа-а-а-а-а-у, деймiн. Неге, неге, неге?
Менi неге тоспадың? Әлде менi келмедi деп өкпелеп кетiп қалдың ба?
Артыңнан қуып жетердей ауылға бардық. Сен ол дүниенiң шекарасын аттап
кетiпсiң, мен бұл шетiнде қалып қойдым. Бетiңнен, шашыңнан ұстадым,
құшақтадым, менiң жылуымды сезсең, оянатын шығар деп ойладым. Сен
оянбадың. Адамдар менi шекарадан өткiзбей тартып алды. Көп күткенiң
көрiнiп тұрды.
60
Апа-ау, сен өлмеймiн деп едiң ғой. Есiңде ме, “мен әлi керек екенмiн” деп
едiң ғой. Мен келмеген соң “Керек емес шығармын”, – деп ойладың ба?
Бекер олай ойладың. Сен маған керек едiң ғой, апа.
Әке-шешем жайлауда, қыстауда жүредi. Көбiнде үйде апам екеумiз ғана
боламыз. Мен оныншы класта оқимын. Кешке қарай апам бiр түрлi көңiлсiз
болды. Кiтаптарымды портфелiме салып жатыр едiм.
–
Гүлтас, – дедi.
Мен қарадым.
–
Берi кел.
Апамның даусы да бiр түрлi:
–
Апа, басың ауырып тұр ма? Алдында ғана мұрнынан қан аққан болатын.
–
Басылды, басылды ғой. Гүлтас, сен мен өлгенде қайтiп жоқтайсың?
–
Қойшы, апа, қай-қайдағыны айтпай.
–
Рас айтам, қызық болсын, айтшы қалай жоқтайсың?
–
Қайдан бiлейiн, бұрын апам өлiп көрiп пе?
–
Айтшы ендi, не деп жылайсың?
–
Кiм айтты саған жылайды деп. Жыламаймын, – дедiм қырсығып.
Апам бiр түрлi болып қалды.
Түрiне қарадым, күндегiден басқашалау көрiндi.
–
Апа, айтшы, саған не болды? Өкпелеп қалдың ба? Әрине, жылаймын.
Апа, бірақ сен өлме, сен өлсең мен де өлемiн.
–
Қой, олай деме.
–
Апа, мен сен жоқ болсаң қалай өмiр сүремiн? Әй, қайдам, өмiр сүре
алмаймын ғой, апа.
–
Бiр күнi сен келсең, мен жоқпын, – дедi апам.
Өзiм шоши бастадым. Мұндай сөздi апам өмiрi айтпайтын.
Апам күтiп отыр ғой, шынымен Гүлтасым қалай жоқтар екен, тiрi күнiмде
естiсем екен, – деп отыр ғой, деп ойладым да, көңiлi үшiн айтайын деп бастап
едiм:
–
Асыл да апам, ардақтым-ау,
Қайда да кеттiң жан-жақтым-ау?
Жадырап, жаз боп жүрушi едiң,
Еркелеп мәз боп күлушi едiм.
Шықпадың неге алдымнан, апа,
Қайдасың, қайда жан апам менiң?
Сапарың ұзақ болды ма, апа?
Қайтпадың қайтып ауылға неғып?
61
Атымтайымдай жомарт та едiң,
Қарлығаш құстай қайырымдым менiң,
Мейiрiмi теңiз телегейiм едiң.
Суалды бүгiн теңiзiм менiң.
Күлгенде күмiс күлкiң де шуақ,
Жан апа-ау, неге кеттiң сен жырақ?
Сағынады деп ойламадың ба?
Тыраулап тырна ұшып келгенде,
Данышпаным-ау, бiлушi ең бәрiн
Құстардың сырын ұшып жеткенде.
Жырлап та жүрiп, жыр айтқан апам,
Күлiп те жүрiп, сыр айтқан апам.
Кетiп те қалып, сағынтқан апам,
Келмей де қойып жылатқан, апам.
Орныңда сенiң отырар кiм бар?
Сағынған қызың қайтiп те шыдар?
Жылайды қызың, апам-ау менiң,
Жыласын деп те кеткен де шығар.
Бой жетiп қызың, бой түзеп апа,
Алысқа кетер, арманға жетер.
Iздеп бiр сонда келмейтiн бе едiң,
Қызыңды сүйiп, көрмейтiн бе едiң?
Шаршап та жүрер, шалдығар қызың,
Бұйырса оған алыстан тұзың.
Қайдасың апа, келмейсiң неғып?
Дегенде апа, не дейсiң, оған?
Өле салғанға ұялмайсың ба?
Әлде сен, апа, қиялдайсың ба?
Гүлтасың гүл боп егiлген жоқ қой,
Қызығын көрiп тұра алмайсың ба?
Асығып қайда барғың келiп тұр?
Орынсыз келген қандай желiк бұл?
Апа-чау, сенiң тәттi наныңды
Жүзге келгенше жегiм келiп тұр.
62
Өлмешi, апа, өлмеймiн дешi,
О дүниенi әзiр көрмеймiн дешi.
Жылама, қызым, жылама дешi,
Қызыңды мұңға бермеймiн дешi,
Апам-ау, менiң, өлмеймiн дешi.
Мен де, апам да жылап отырмыз. Апам шынымен өлiп қалатындай, құшақтап
жыладым-ау дейсiң. Ақырында апам менi әрең жұбатты.
–
Өлмеймiн, жылама, мен әлi керек екенмiн ғой, бiлмей қалыппын. Болды,
болды, жаным-ау сол, апаң шын өлгендей жоқтадың ғой.
–
Өзiң ғой, – деп, өксiгiмдi баса алмай отырмын.
–
Апа, түк өлмешi, жарай ма?
–
Жарайды, құлыным, ендi түк өлмеймiн.
Апам одан кейiн он сегiз жыл өмiр сүрдi.
Он сегiз жыл. Сен бәрiн көрдiң. Менiң оқуға түскенiмдi, тiптiм сен
олимпиаданы да, 1980 жылы Мәскеуде өткен олимпиаданы да көрдiң ғой.
Телевизордың iшiне кiрiп кете жаздап отырамыз. Советтiң спортшылары
жеңiлiп қалса, ашуланып, күйiнiп өле жаздаймыз-ау. Апам: кiм жеңдi? – деп
сұрайды.
–
Америка, – деймiз.
–
Жақсы, тiптiм жақсы болды, – дейдi қуанып.
–
Апа, не деп отырсың? Қайдағы жақсы? Түк те жақсы болған жоқ, – деп
спортшының ашуын апамнан аламын.
–
Жақсы болды. Алдай салу керек. Әмерике жеңе берсiн. Солар-ақ алсын.
Сонда бiзге тиiспейдi. Әнекүнi ғана айтып едiң ғой, ең күштi ел Әмерике деп.
Күштiден сақтану керек. Ерегiсiп керегi жоқ.
–
Ту-у, апа, қойшы, бас десе құлақ дейсiң, – деп ашуланамын.
Тараздан шыққан атақты боксер Серiк Қонақбаев жеңiлiп, екiншi орын
алып қалғанда, жылап жiбердiк. Апам үндемей отыр. Кейде солай бедiрейе
қалатыны бар. Бiздi жақтырмай отыр.
–
Шәйлеріңді әкелмейсiңдер ме, төбелескенге естерiң кетiп, – дедi.
–
Жаңағы баланың шешесi бар ма?
–
Кiмнiң?
–
Жеңiлген баланың?
–
Бар ғой, сонда отыр ғой.
–
Ай, соры қайнаған бiреу екен. Баласын тоқпақтатып қойып, жүрегi
жарылып кетпей неғып отыр?
–
Апа, ол спорт қой.
63
–
Өйткен спорты құрысын. Секiрсiн, жүгiрсiн, билесiн, күрессiн – бәрi
жақсы. Соққылап ұрған деген не сұмдық!? Дұрыс болды, жеңiлгенi жақсы
болды. Бетi қайтты, ендi төбелеспейтiн болады.
Апам өзiнен-өзi ашуланып отырды. Бәрiмiз үндемей-үндемей бiр-екi шыны
шәйiмiздi iшiп, тұрып кеттiк.
Табиғатында ұрыс-керiс, төбелес дегендi жек көретiн. “Бiр күнгi ұрыс,
қырық күнгi берекеңдi қашырады”, “Ас тасыса, майы төгiледi, ашу тасыса
ақыл төгiледi”. “Балаға шаңқылдап ұрса берген дұрыс емес”, – деп отыратын
жарықтық.
Менi ұзатып, балалы-шағалы болғанымды да көрдi. Апамның тағы бiр аты
–
“Жедел жәрдем”. Бүкiл немере, шөберелерiн қарап, қырқынан шығарып,
бiр жасқа дейiн бағып берiп жүредi.
Мен Алматыдағы №86 мектепте мұғалiммiн. Мектептiң жиналысы, iс-
шарасы көп, одан қала берсе, оқушыларды театрға апарамыз. Есiктi ашқанда
өзi ашады, егер Ербол ашса, қабаттасып ол да шығады.
–
Ербол-ау, келiншегiңнiң кеш келетiнi жаман ғой, құрысын, бұл не
сұмдық? – дейдi. Ербол үндемей кетiп қалады.
Апам маған дайындаған асын беріп, шәйін береді. Жаңағы айтқан сөзін
ұмытып кеткендей.
–
Апа, қызықсың ғой, жаңағы сөзің не сөз? Әлде маған Ербол ұрыссын деп
тұрсың ба?
–
А, солай ма? Сен түсінбедің бе? Е-е, қарағым, саған ұрыссын демеймін
ғой. Еркек адамның алды тар, арты кең болады деуші еді ғой. Менің көзімше
саған қатты сөйлеп тастаса, менің көңілім қалады. Одан бұрын өзім
айтқаным ғой.
–
Шешесінің өзі ұрысты ғой, мен үндемейін, – деп, көрдің бе, кетіп қалды.
Енді сәлден соң ол сені аяй бастайды. Өзі шаршап келгенде, апам ұрсып,
дұрыс жасамады ғой, – деп өзі-ақ келеді.
Расында да: – Апа, қызыңызға ұрсып болдыңыз ба?, – деп шай ішуге
келеді.
Апам: – Келе ғой, Ерболым болмаса, бүгін кетіп қалар едім. Ербол-ау,
қызыма бекер ұрсыппын. Жиналыстары көп қой, жиналыс бопты, таңертеңгі
шайден кейін нәр татпапты. Енді апасы ұрсады, түк етпейді, енесінің тепкені
құлынға дарымайды деген. Құдай бере салған ғой маған. Гүлтас болмаса,
Ербол-ау, сені қайдан танимын? Алматыны қайдан көрем? Солай емес пе?
–
Дәл солай, апа. Дұрыс айтасыз, – дейді Ербол.
Апам жарықтық келіндерін, күйеу балаларын ылғи мақтап отыратын. “Өз
балаң өзекке тепсең де кетпейді. Кісі баласын кісендеп қойсаң да тұрмайды.
Қайта бұлар көніп тұрып жатыр ғой”, – дейтін оңашада.
64
Ағайын араздаспай тұрмайды. Бір жолы сондай жағдай біздің отбасымызда
да болды. Сонда апам бар әңгімені ауыз үйде отырып есітіп отырыпты.
Апам айтпақшы ашу тасып, ақыл төгілді.
Жолдасым да, мен де туысымызға өкпеледік. Әрине, болар-болмас нәрсе.
Бірақ...
Апам ас үйде қыбыр-қыбыр етіп, бірдеңе жасап жүр.
Апам:
–
Бері кел, – деп мені ас үйге шақырды. Бардым.
–
Отыр, – деді. Отырдым.
–
Гүлтас, ақылың бар ғой, қызым. Ойлан. Бәрін естідім. Ағайынның азары
болса да, безері болмайды. Ақ пен қараны бір Алла көріп тұр, балам.
Шырағым, саған айтар ақылым, мынау: ағайындылардың арасын ашпа,
жақындат. Ағайын деген – ет пен тырнақ. Тырнағыңды етіңнен бөліп көрші.
Қатты ауырады. Ол да сондай. Ертең-ақ татуласасыңдар. Бір-біріңе кешірімді
болыңдар, одан ештеңелерің кетпейді.
Апамның сөзі жүрегімнің ағып тұрған қанын тоқтатқандай болды.
Кешірдім, Ербол да кешірді. Жазда ауылға барарда үйде апам қалады. Онда
да: – Қызым, ақылың бар ғой. Сөз қуған бәлеге жолығады. Беттескеннің беті
күйсін, жүздескеннің жүзі күйсін деген, керегі жоқ, түк болмағандай ойнап-
күліп барып келіңдер дейтін.
–
Қарақтарым-ау, сендер қонақсыңдар, бір-бірлеріңе қонақсыңдар.
Тіршілікте сыйласқанға еш нәрсе жетпейді. Қараңдаршы маған, мен бәрінен
кішімін ғой. Тіпті, мынау сендердің тілі шықпаған Саяттарыңнан да кішімін.
Ол да маған “Апа, жататат, аю жейді”, – деп қорқытады.
Сөйткен апамның сөзі қалды, өзі жоқ. “Шешеңді жаныңа байлап өтейін
деп пе ең?” – деп, дауыстап айтпаса да, ішінен айтатындар табылады.
Шешемді, асыл апамды жаныма, жүрегіме байлап алдым.
Апа, сен менімен мәңгі біргесің. Бірақ мен мәңгілік емеспін ғой.
Сондықтан мен сен жайында айта да берем, жаза да берем.
•
Апа, бір қауым ел болдың. Шалың қасыңда, балаларың қасыңда,
Сырымтайым да сендердің қастарыңда шығар? Бауыржан немерең мен
Жәмилә келінің де сонда ғой. Әзірше командаң түгел. Менің командама
тиіспеңдер. Қолдарыңнан келсе, сүрінсе сүйеп, құласа тұрғызып жүріңдер.
Сендерге үлкен тапсырма – сол.
Достарыңызбен бөлісу: |