Айдана Тезекбайқызы
(Индира кенже қызынан туған ең кенже немере)
Атам мені көріп тұрған шығар ...
Атамды мен өте қатты сағынып жүрмін... Атам мен үшін
өмірдегі
қымбат адамдардың бірі еді. Кішкентай кезімде әрдайым еркелетіп, мойнына
мінгізіп алып жүретін. Мектептегі менің
барлық сайыстарымда қолдап,
жетістіктеріме қуанатын. Астанаға көшкеннен
кейін атам менен әжеме тек
демалыстарда ғана баратын болдым. Үйлеріне
келгенде,
құшағымен қарсы
алып, төсектің астындағы тәттілердің бәрін үстел үстіне қойып қояды. Күніге
қымыз, айран, құрт, ірімшік, қаймақпен тойғызатын. Ал жатар кезде апамның
ертектерінсіз ұйықтамайтынмын.
Атам өте мейірімді, ақкөңіл, қонақжай кісі болды. Үлкен-кішіні бірдей
көріп, немерелеріне үлгі-өнеге көрсетті. Қашан көрсең де күліп жүретін,
сонысына қарап өзімізді бақытты сезінетінбіз.
Атам – таныстарының арасында сыйлы әрі құрметті адам. Менің атам
өте әдемі, сұлу болатын. Елдің арасында атам тұрса, тез тауып алуға болатын
еді. Себебі ол биік және ерекше болып алыстан көрінетін. Жазда атам ылғи
да ақ көйлек, ақ шалбар, ақ туфли киетін. Мен атамның жыртық, жамау киім
кигенін, немесе кірлеу киім кигенін көрген емеспін.
Атам
біреулердің ісіне араласып,
ақылын айтып, не
болмаса ұрсып,
зекімейтін еді. Қателік жасап қойған немерелеріне салмақпен, даусын қатты
көтермей ақылын айтатын. Көбінде «балам» дейтін.
Қазір бізге атамның
мейірімі, даусы, биік тұлғасы жетпей тұр. Егер аруақтар көріп тұрады дегені
рас болса, атам мені көріп тұрған шығар?
Мен атамды қатты сағынып
отырмын...