Гуманитарлық білім” факультеті «География және қоғамдық пәндер» кафедрасы



бет2/30
Дата14.06.2016
өлшемі1.76 Mb.
#136023
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30

ОБСӨЖ №2



1. Сабақтың тақырыбы: Саяси ілімдердің қалыптасуы мен дамуы.
2. Сабақтың жоспары:
1. Құлдық дәуірдегі саяси ой-пікірлер.

2. жаңа заманғы саяси ой.

3. қазақ билерінің ел билеу тәртіптері.

4. Қазақ даласындағы саяси ой-пікірлер


3.Теориялық мәліметтер:
1. Адамзат қоғамы сияқты, ғылым мен білім, мәдениет пен әдебиет біркелді дами қоймайды. Олардың шарықтап шалқитын, құлдырап түсетін де кезеңдері болады. Тарихта белгілі ең алғаш өрелі өркениет-тіліктің ошағы болып, құлпырып гүлдену Ежелгі Шығыс- Мысыр (Египет), Вавилон (Ирак), Үндістан, Қытай, Парсы (Иран) елдеріне келеді. XV ғасырға дейін Шығыс мәдениеті Батыс мәдениетінен шоқтығы көш жоғары болып, өркениетіліктің үлгісін көрсетті. Мұнда ең алдымен математика, геометрия, астрономия, медицина сияқты нақты ғылымдар басым дамыды.

Шығыс елдерінде жоғарғы билік шектелместен монархтың (халиф, хан, патша, сұлтан, король, император және т.т.) қолында болды. »Жерге мемлекет иелік етеді, ал мемлекет бүкіл халықтың игілігі үшін қызмет етеді» деген көзқарас қалыптасты. Патша әлеуметтік жағынан аз қорғалған топтарға әкелік қамқорлық көрсетеді, ал оның қол астында-ғылардың оған ешқандай талап қоюға қақылары жоқ. Себебі, билеуші халық алдында емес, тек құдай алдында ғана есеп береді. Бұл елдердің тәртібі, саяси ойы өткен ұрпақтың дәстүр- салтына берік берілгендікті білдіретін . Қоғамда орнатылған тәртіп өмір бақи өзгерместей көрінді. Ондағы өзгерісті адамдардың құдай қағидаларын орындамағандықтан туып отыр деп ұқты. Билік орнатылған тәртіпті, шындықты, әділеттікті, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етудің құралы деп есептелінді.

Батыс елдерінің ішінде саяси идеялар Ежелгі гректерде қатты дамыды. Онда қоғам Шығыс елдерімен салыстырғанда көп жағдайда қарама- қарсы өрістеді. Греция ол кезде саяси бытыраңқы күн кешкен ел еді.Саяси ұйым түрін жеке мемлекет болып саналған қалалар (полистер) құрды. Патшалық өкіметтің орнына арстократиялық және құл иеленушілік демократия орын алды. Билеу түрі сан алуан болатын және жиі ауысып отырды. Саяси өмір қызу өрбіді, ол саяси сана теориясының терең дамуына әкелді. Сондықтан олардың саяси санасы мифтан теорияға тез ауысты.

Көне гректерде саяси ғылымға мол мұра қалдырған ойшылдар көп. Бірақ біз солардың ішінде ең көрнекті екі өкіліне – Платон мен Аристотельге тоқталамыз.



Платон. Б.з.б 427-347 жылдарда өмір сүрді. Шын аты- Аристокл. Жасында спортпен көп шұғылданды, жоғары көрсеткіштерге де жетті. Жауырыны кең болды. Сондықтан оны Платон (кең жауырынды). Деп атап кетті. Сол аспен ол адамзат тарихында мәңгілік қалды.

Ол кезде әр ірі ғалымның мектебі болатын. Платон атақты фәлсафашы Сократтың мектебінде оқып, оның үзіндік шәкірті болды. Ол қаза болғаннан кейін қатты қайғырып, біраз елдерді аралады. Кейін Афиныға келіп өз мектебін- академияны ашты.

Платонның екі жүздей еңбектері бар. Олардың ішінде біздің ғылымымызға тікелей қатысы бар шығармалары «Мемлекет», «Саясатшы», «Заңдар», «Софист»,»Парменид» және т.б.

Платонның ойынша, адамдар қажеттіліктерін жеке- дара өтей алмайды. Олар өмір сүру үшін тамақ, киім өндірулері, үй салулары және т.т. жасаулары керек. Біреулері егіншілікпен, екіншілері тігіншілікпен, үшіншілері құрылысшылықпен, төртіншілері етікшілік-пен және т.с.с. айналысады. Сөйтіп, олардың бәрі бірігіп қана қажет-тіліктерін өтейді. Осы бірігудің арқасында қоғам, мемлекет пайда болады. Мемлекет адамдарды алаламай, байына да, кедейіне де, азына да, көбіне де қарамай- бәріне бірдей әділ қызмет етуі керек. Бірақ бұдан Платон адамдардың бәрін теңдестірген екен деген ой тумауы керек. Керісінше, ол адамдарды үш үлкен әлеуметтік топқа (сословиеге): 1) әкімдер; 2) қорғаушылар; 3) өндірушілер етіп бөлді. Әкімдерге фәл-сафашыларды жатқызды. Олар табиғатынан шындықты, ақиқатты, игілік идеясын саралап, танып- білуге қабілетті, икемді болуы керек. Қорғаушылар әкімдердің ой, ниеттерін іске асырады, мемлекетті қорғайды. Өндірушілер (егіншілер мен қолөнер) өмірге керекті қаржыларды тауып, мемлекетті материалдық жағынан қамтамасыз етеді. Олар билеу ісіне араласпайды. Әр топ өзіне тиісті қызметті атқаруы керек. Сонда ғана әділдік орнайды. Бір таптан екінші тапқа (әсіресе, төменгі таптан жоғарғы таптарға) өтуге болмайды.Қай сословиеде тусаң, соның өкілі боласың. Адамдарды осылай жіктей келе, Платон оларды тым бай немесе өте кедейлікке жібергісі келмеді. Себебі, мұндайда қоғамда ортақ мүдде орнамайды. Сондықтан орта дегейді ұнатты.

Платон қоғамдық меншікті қолдап, жеке меншікке қарсы тұрды. Өйткені қоғамдағы кикілжндерді, дау- жанжал, қайшылықтарды тудыратын жеке меншік деп санады. Соған орай әкімдер мен жауынгер-лерде жеке меншік де санады. Соған орай әкімдер мен жауынгерлерде жеке меншік пен отбасы болмауын қалады. Олар ортақ игілік үшін еңбек етулері керек. Сондықтан оларды адамды қызықтыратын әзәзіл жеке мүдде, баю жолынан құтқарғысы келді. Сол себепті олардың әйелдері мен балалары ортақ болғанын жөн көрді. Оларды мемлекет өз қамқорлығына алуға тиіс.

Платон мемлекеттік құрылысты 5 түрге бөлді: аристократия, тимокра-тия, олигархия, демократия және тирания. Бұлардың ішінде ең жақсысына аристократиялық мемлекетті жатқызды.

Онда ақыл-естілік, парасаттылық билейді, оның принциптері - адам-гершілік, аброй, ар-намыс, деп санады.

Ертедегі гректердің саяси ой- пікірлерін одан әрі дамытып, фәлсафасын шыңына жеткізген ұлы ойшыл Аристотель (б.з.б. 384-322) болды. Ол 17 жасында аты шыққан Платон академиясын іздеп келіп оқуға түседі. Оны үздік бітірген соң 20 жыл бойы сонда ұстаздық етті. Платон дүние салған соң біраз елдерді аралады. Б.з.б. 342-340 жылдары Македония патшасы II Филиптің шақыруымен оның баласы, болашақ император Ескендірді (Александр Македонскийді) оқытып, тәрбиеледі. Кейін Афиныға оралып, өз мектебін (лицейді) ашты. Осында ол бірінші рет саяси ғылымды пән ретінде кіргізіп, өзі сабақ барді. Аристотельді саясаттанудың әкесі дейтіні содан.

Саясаттануға қатысты «Саясат», «Афиналық полития», «Этика», «Ри-торика» деген еңбектері бар.

Аристотель саясатқа кең мағына берді. Оған этиканы да, экономиканы да енгізді. Саясатты адам мен мемлекеттің жоғарғы игілігі, оның мақсаты- адамды, мемлекетті жақсы тұрмысқа, молшылыққа, бақытқа жеткізу деп білді. Сөйте тұра, ол құл иеленушілікті қолдады, құлдар мен ерікті кедейлерге саяси құқық бергісі келмеді.

Аристотельдің ойынша, мемлекет – қауымның дамыған түрі, ал- қауым отбасының дамыған түрі. Мемлекетке адамдар белгілі бір игілікке жету үшін бірігеді. Ол мемлекетті дұрыс және бұрыс түрлерге бөлді. Дұрыс түріне монархияны, аристократияны және политияны (Аристотель дәуіріндегі Грециядағы мемлекеттік құрылыс) жатқызды. Ал тирания, олигархия мен демократияны мемлекеттің бұрыс түрі деп санады. Мемлекеттің дұрыс түрінде әкімдер халық, ел пайдасын ойлайды, билік қоғамға қызмет етеді. Ал бұрыс түрінде олар өз бастарының пайдасын ойлайтын көрінеді.

Ұлы ойшыл саяси басқаруда адам емес заң басқарғанын дұрыс көрді. Себебі, әкім қаншалықты жақсы болғанымен, парасаттылығын жоймайды.

Аристотель Платон айтқан қоғамдық меншікке қарсы шығып, жнен меншікті жақтады. Сонымен қатар ол адамдардың аса байып немесе шектен тыс кедейленіп кетуін құптамады. Себебі, мұндайда қоғамның тұрақтылығы бұзылады дей келіп, орта деңгейді дұрыс көрді.

Саяси ойдың даму тарихында айтарлықтай із қалдырған Ежелгі Рим болды. Онда әсіресе атақты шешен, мемлекет қайраткері және ойшыл Марк Туллий Цицерон (б.з.б. 106-43) өмір сүрді. Оның «мемлекет туралы», «Заңдар туралы »,»Міндеттер туралы», деген еңбектері көпке әйгілі.

Цицерон мемлекеттің пайда болуының негізгі себебі-адамдардың бірігіп өмір сүруге тырысатын табиғи талабының және меншікті қорғау мақсатынан туындайды дейді. Қоғамға және жеке меншікке қол сұғуға болмайды. Бұлардың мызғымастығын бұзушылықты әділеттілік пен құқықты қорлаумен бірдей көрді.

Цицерон мемлекеттің құрылымы түрі оны басқарушының «мінезі мен еркіне» байланысты болады деп түсіндірді. Басқарушылардың санына қарай ол мемлекет басқаруды патшалық билік, аристократия (оптиматтардың билігі) және демократия (халық билігі) етіп үш түрге бөлді. Бұлардың әрқайсысының өзінің жақсы жақтарымен жұртқа ұнайды, бірақ мұнда басқа адамдар заң, шешім қабылдаудан сыртта қалады және бір адамның басшылығы зорлық- зомбылыққа оңай айналып кетуі мүмкін. Оптиматтар (аристократтар) даналығымен бағалы, бірақ олар үстемдік еткенде халық өз еркіндігін пайдалана алмайды, ақсүйектердің сұрқия тобының қолында қалуы мүмкін. Демократия болса бостандығымен жағымды, бірақ халықтың толық билігі зиянды зардаптарға »тобырдың зорлығымен есалаңдығына» әкеліп соқтыруы мүмкін.

Цицерон мүліктік теңдік идеясына қарсы болды, қоғамдық – саяси қатынастарда әлеуметтік жіктелу мен теңсіздікті әділеттілік деп санады.
2.XVII ғасырда буржуазиялық революция Еуропа Көлемінде ең бірінші Англияда болды. Ол феодализмге күйрете соққы беріп, капиталистік қатынастардың тез дамуына жол ашты.

Бұл дәуірдің көрнекті өкілдерінің бірі ағылшын ойшылы Томас Гоббс (1588-1679) еді. Оның ойынша, мемлекет қоғамдық келісімнің негізінде жалпыға бірдей бейбіт өмір мен қауіпсіздікті сақтау үшін пайда болды. Қоғамдық келісім бойынша патшаға (не мемлекет ұйымдарына) жеке адамдардың құқы тапсырылады. Адамдар өз тілектерімен еріктерін шектеп, барлық билікті мемлекетке берді. Ол монархиялық мемлекетті ұнатты.

Франциядағы буржуазиялық революцияның көрнекті өкілі Шарль Луи Монтескье (1689-1775) әр халықтың адамгершілік бейнесін, оның заңдарының айырмашылығын, қоғамның дамуын географиялық ортаға (ауа райына, топырағына, жер бедеріне, көлеміне, т.б.) байланыстырды. Бостандық- заң неге ерік берсе,соны істеу. Саяси бостандық экономиканың, өндірістің, сауданың дамуына әсер етеді. Ол сөз, баспасөз, ұждан бостандығын жақтады. Мемлекет азаматтарды өмірге қажетті қаражаттармен қамтамасыз етуге міндетті. Бостандықты баянды ету мақсатында және төңкерістерге жол бермеу үшін билікті заң шығаратын, атқарушы және сот билігі етіп бөлу керек деді.

Францияның ойшыл- ағартушысы Жан Жак Руссо (1712-1778) ұсақ буржуазияның, шаруалардың мүддесін қорғады. Ол еркіндік пен теңдікті ең жоғарғы игілік деп санады. Еркіндіктің кепілі теңдік, ал теңдік саясатта ғана емес, мүлікте де болуға тиіс. Мемлекет шектен тыс байлық пен кедейлікке жібермей, адамдар арасында теңдікті сақтауы керек.

Руссо тікелей халық билігін ұсынды. Егер елдің жері үлкен болса, халықтың өкілдігін қолдануға болады. Бірақ бұл ретте депутат халық қызметшісі болуға тиіс. Руссо оқтын- оқтын хылық жиналысын өткізіп, онда үкімет есеп беруін талап етті.

Жаңа заманды сөз еткенде ең алдымен Америка Құрама Штаттарын-дағы тәуелсіздік үшін күрес кезіндегі саяси ілімнің алатын орны зор.

XVII-XVIII ғасырларда Солтүстік Американың Атлантикалық жағаллауы Британия колонияларына айналды. Колониялар метрополия--лардан толық тәелді болатын. 1775-1783 жылдары Америка халқының ағылшындарға қарсы тәуелсіздік үшін азаматтық соғысы болды. Бұл соғыс демократиялық идеялардың дамуына қуатты түрткі болды.

АҚШ-тағы қиян-кескі таптық күрес идеологияда да жаңғырық тапты. Алдыңғы қатарлы саяси көзқарасын А. Гамильтон қорғады.

Америка халқының демократия жолында азаттық күресі Томас Джефферсонның (1743-1826) атына байланысты. Ол сол кездегі ұлы революциялық құжат- Америка Құрама Штаттарының «Тәуелсіздік Декларациясын» жазды. Мемлекеттік өкіметті құрып, оны бақылау құқынан еш адамды шеттетуге болмайды. Егер өкімет халық құқын қорласа, ондай үкіметті ауыстырып, өзінің қалауына сай өзгертуіне болады. Мұнда Джефферсон рақымсыз билеушіге қарсы халықтың көтеріліс жасауға құқы барлығын дәлелдеп, халық егемендігін жақтады. Бұл дүниежүзілік прогрестің рөлі АҚШ-тың Тәуелсіздік дек-ларациясында одан әрі дамытылды. Онда теңдік, бостандық, көтеріліс жасауға құқы барлық халықтың ажыратылмайтын табиғи құқы деп есептелді. Адамдадың табиғи құқы мемлекет белгілеген заңдардан жоғары тұруы керек. Декларацияда жаратушы барлық адамдарды тең етіп жаратты және олардың өмірге, бостандыққа, бақытқа тырысуына құқы бар делінген.

Джефферсон үкімет тарапынан жеке адамның құқын бұзу қаупі тұмауы үшін мемлекеттік биліктің міндеттерін шектеуді талап етті. Ол ұсақ өндірушілердің мақсатын көздеп, фермерлердің демократиялық республикасын аңсады.

Тәуелсіздік үшін күрес кезінде өзінің батыл идеяларымен Томас Пейн (1737-1809) көзге түсті. Ол Америка халқын азаттық күреске, отаршылдардан бөлініп шығуға шақырды. Адамның табиғи құқына еркіндікті, теңдікті, сөз, баспасөз, дінге сену бостандығын, рақатқа, бақытқа жету, т.б. жатқызды.

Пейн бірінші болып қоғам мен мемлекетті ажыратты. Мемлекетті қоғам тудырады. Үкіметтің мақсаты- қауіпсіздік пен бостандықты қамтамасыз ету. Оның саяси мұраты - жалпыға бірдей сайлау құқы, тең өкілдігі бар демократиялық республика.

Пейн соғысқа қарсы болды, бейбітшілікке шақырды. Бейбітшілікі сақтамайтын үкімет құлатылуы керек. Бірақ ол әділетті соғысты, азаттық үшін соғысты қолдады.

Т.Джефферсон мен Т. Пейннің қажырлы еңбегінің арқасында жазылып, 1776 жылы 4 шілдеде бекітілген Америка Құрама Штаттары-ның Тәуелсіздік Декларациясының негізгі қағидалары мынадай: барлық адамдардың жаратылысынан өмір сүруге, бостандыққа, меншікке, бақытқа және қауіпсіздікке құқы бар; халық- өкіметтің қайнар көзі және егемендік соған тән, үкімет- халықтың қызметшісі; барлық мемлекеттік билік халықтың пайдасына жұмыс істеуі керек, егер олай болмаса, халық өзіне ұнамсыз үкіметті жоюға еркі бар; билік заң шығаратын, атқарушы және сот өкіметі болып бөлінуі керек және т.б.

Жаңа заманда саяси санада айтарлықтай із қалдырған немістің классикалық философиясының негізін салушы Иммануил Қант (1724-1804). Оның саяси пікірлері «Космополиттік көзқарас жөніндегі жалпы тарихтың идеялары», «Өмірлік бейбітшілікке» деген еңбектерінде баяндалған.

Канттың әлеуметтік көзқарасының негізгі қағидалары: әрбір адам ар-намысының, шексіз құндылықтың иесі; қандай игілікті жоспар болмасын адам оны жүзеге асыру жолында әдіс, айла, құрал болуға тиіс емес. Адам бір іс істегенде өнегелік, адамгершілік заңын басшылыққа алуы керек. Кант мұны «категориялық императив» деп атайды. Оның мәні- әрбір адамның іс- әрекеті басқаға үлгі боларлықтай болуға тиіс.

Кант басып алушы, тонаушылық соғысты, оған дайындыты әшкерелейді. Ол әр түрлі мемлекеттер үшін өзара пайдалы халықаралық сауда мен өзара қарым- қатынасты, бейбітшілікті орнату мен сақтаудың құралы деп біледі.

XVIII ғ. Аяғы- XIX ғ. бірінші жаратысында Батыс Еуропада капиталистік мәдениет заманалық екі қозғаушы күштің әсерімен дамыды. Оның біріншісі – капиталистік қатынастарға жол ашқан Ұлы Француз революциясы. Екіншісі- алдымен Англияда, сосын Франция және басқа Батыс Еуропа елдеріндегі күрделі өнеркәсіп өзгерістері (ірі машиналы индустрияның мануфактуралық өндірісті алмастыру) капитализмді одан әрі нығайтты. Бұған орай жаңа қоғамдық құрылыс пайда болды. Өсіп келе жатқан буржуазия еркіндікке, жылдам алға дамуға, заңдылыққа тырысты. Сондықтан бұл кездегі буржуазиялық саяси идеологияның бас бағыты либерализм (ерікті, азат деген латын сөзінен шыққан) болды. Сонымен қатар капиталистер мен пролетариаттың арасындағы таптық күрестің үдеуіне байланысты кертартпалық пікірлер де туа бастады.

Пролетариат күресінің алғашқы кеезеңінде өз үмітін Сен-Симон, Фурье, Оуэн сияқты утопиялық социалистердің іліміне артты. Олар буржуазия орнатқан тәртіптерді қатты сынады. Жұмысшы табының өмірі қаншалықты ауыр екенін сипаттады. Сен- Симон бірінші болып әркім қабілетіне қарай жұмыс істейтінін және еңбегіне қарай ақы алатын қоғамдық құрылымның болу мүмкіндігі туралы пікір айтты. Фурьеге дейін еңбекті адамға жіберілген қарғыс, жаза деп санайтын . Ал Фурье еңбекті адам үшін рақатқа айнала алатыны және айналуға тиіс екені жайында мәселе көтерді. Ол еңбек ету құқын бірінші орынға қойды. Оуэн өнеркәсіп революциясының маңызын жоғары бағалады. Утопист- социолистер қала мен деревня арасындағы, дене еңбегі мен ой еңбегі арасындағы қарама- қарсылықты жоюдың қажеттілігін ұсынды. Олар матерриалдық игіліктерді әділ бөлу мәселесіне баса назар аударды.

Утопист- социолистердің озық ойларымен қатар кемшіліктері де болды. Олар қоғамдық дамудың заңдылықтарын түсінбеді, қоғамдық өмірді қайта құрудың шынайы жолдарын көрмеді, жұмысшы табына тек жапа шегуші тап деп қарады.



3.Қазақ хандығы мемлекет ретінде XV ғасырдың орта шенінде құрылды. Мұхамед Хайдар Дулати Қазақ хандығының бастауы Жәнібек және Керей сұлтандардың Жошы әулетінің ханы Әбілхайырмен жауласып, өздерінің соңдарына ерген тайпалармен бірге Арал төңірегімен Жетісуға, Моголстанның жеріне орналасуынан басталды деп баяндайды.

Тарихи уақиғалардың барысына қарағанда қазақ хандығы сол замандағы ел билеуші хандар мен сұлтандардың өзара қырқысуы, сонымен бірге сыртқы жауларға қарсы күрес жағдайында дүниеге келеді. Қазақ хандығы Қасым ханның, оның баласы Хақ- Назар ханның ұсында (XVI ғ.) іргесін бекітіп, Тәуке ханның тұсында (1680-1718ж.) одан әрі нығайып, халықаралық тұрғыда танылып, іргелі дербес мемлекетке айналады. Қазақ хандығында жүргізілген бірсыпыра саяси реформалар Тәукенің атымен байланысты. Олар Тәукенің заңдары немесе «Жеті жарғы» деп аталады. Олардың мәтіні қазақ билерінің аузынан жазып алған орыс шенеунігі Левшиннің жазбаларымен біздің заманымызға жетті.

Бұл заңдарды дүниеге келтірген Тәуке ханмен бірге қазақтың Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би бастаған жеті биі екен. Оған негізгі көз болған қазақ халқының ежелгі дәстүрі, Тәукеге дейінгі хандардың жазылмаған заңдары, монғолдардың Шыңғысхан кезінен бастау алған құқықтық ережелері болса керек.

« Жеті жарғы» әкімшілік- қылмыстық, азаматтық заңдарды, салық, дін және басқалар туралы ережелерді қамтиды, ол қазақ қоғамындағы саяси өмір туралы мағлұмат береді. «Жеті Жарғы» бойынша жоғарғы билік ханның қолында, ол сонымен бірге жоғарғы сот. Аса маңызды мемлекеттік мәселелерді шешу үшін ханның өзі бас болып, барлық сұлтандар, рулардың ағамандары мен билері жыл сайын күзде бір жерге жиналып, ақылдасып отыруды ұсынады. Жеті Жарғыда биліктің экономикалық негізі анықталған. Ол бойынша сұлтандардан басқа барлық адамдар ханға жыл сайын өз байлығының жиырмадан бір бөлігі мөлшерінде салық төлеп отыратын болған.

«Жеті Жарғыда» жеке адамға қарсы жасалған қастандық, қылмыс үшін жауапкершілік белгіленген, жеке адам деп қару ұстауға жарайтын ер адам танылған. Сол сияқты біреудің мүмкін, малын ұрлаған, отбасы-неке қатынастарына қиянат жасағандарға да жауапкершілік шаралары белгіленген. Жеті Жарғыда «Қанға- қан, қолға қол, көзге- көз» сияқты кек алу правосы сақталған. Бірақ олардың орнына құн төлеу мүмкіндіктері де қарастырылған. Күн мөлшері айыпкер мен зәбірлену-шінің әлеуметтік орнына қарай белгіленген. Мәселен, ердің құны 1000 қой, әйелдің құны 500 қой. Сұлттанның құны 7 адамның құнына теңестірілген. Құлдың құны бүркіттің немесе тазының құнына теңестірілген. Мал -мүлік ұрлағандар оның құнына үш тоғыз мөлшерінде асырап қайтаруға тиіс делінген. Өлім және басқа жазалармен бірге барымта қайтару енгізілген. Кей жағдайда қылмыс үшін ауыл, ағайын тұтас жауап беретін принцип те сақталған.

Отбасы – неке қатынастары жөніндегі қылмыстар үшін жауапкер-шілік те жан- жақты белгіленген. Мәселен, ата- анасына тіл тигізген баланы құрым кигізіп, қара сиырға теріс мінгізіп ауылды аралатып алып жүріп, масқаралау рәсімі сақталған.

Сот билігін Хан, билер, ру басылар шешу белгіленген, қылмысты анықтау үстінде екі жақтан екі ара ағайын қатыстырылған. Соттар мен ара ағайынға өндірілген айыпты оннан бірі тиісті болған. Кінәні мойындату үшін 2- ден 7 адамға дейін куә тартылған. Сот жарлығын орындату тартыста жеңген жаққа тапсырылған.

Жеті Жарғының кейбір маңызды жақтары осындай Мұны белгілен-ген шаралар хан, билер, ру басылар билігін күшейте берумен бірге қазақ қоғамында заңдылықты, тәртіпті күшейту, ру аралық тартыс-тарды, соғыстарды азайта түсу, тежеу, жол бермеу шаралары белгіленген. Тәуке хан тайпалар, рулар тобының көші – қон аймақтарын белгілеп беріп отырған.

«Жеті Жарғы» Қазақ мемлекетінің қалыптасуы жолында айтулы кезең болды, ол қоғамдағы саяси- әлеуметтік өмірдің мұнан кейінгі дамуына елеулі ықпалын тигізді. Тәуке хан билік жүргізген дәуірден кейінгі кезеңде хандықтың ішіндегі күрес- тартыс және сыртқы жаулардың шабуылы күшейе түсті. Жоңғар шапқыншыларының қазақ жеріне шабуылы ерекше күшейді. Міне осындай жағдайда кіші жүз ханы Әбілхайыр өз үстемдігін күшейту арқылы қазақ жүздерінің саяси бытыраңқылығын жоюға тырысты. Бұл үшін ол сырттан қолдау іздеді. Оны Ресей патшасымен одақ құру деп білді. 1731 жылы Әбілхайыр Ресей патшайымы Иоаннадан громатта алды. Мұндай одақты ол Жоңғар шапқыншылығынан қорғанумен бірге Россиямен экономикалық, сауда байланыстарын күшейтемін деп есептеді.

Қазақстанда XVIII ғасырда өмір сүріп, қызмет еткен саяси, әскери, мемлекет қайраткерлерінің ең көрнектісі орта жүз хыны Абылай еді. Ол 1771 жылы бүкіл үш жүздің ханы болып сайланды. Абылай ең алдымен елдің бөлшектенуін жойып, бүкіл үш жүздің басын біріктіру арқылы алдымен Жоңғар шапқыншыларын талқандауды, екіншіден Қазақстанның екі бүйіріне қадалып тұрған орыс, Қытай империясы-мен тату көршілік саясат жүргізу арқылы елдің тәуелсіздігін, дербестігін сақтап, нығайта беру үшін күресті. Абылай өзінің бұл мақсатына көзі тірісінде едәуір дәрежеде қол жеткізді: Қазақ мемлекеттігін нығайтты, өз төңірегіне ел қорғаны батырларын, үш жүздің Төле, Қазыбек, Әйтеке сияқты билерін, Бұхар жырау сияқты от ауыз жырауларын топтастырды. Абылай өзінің басқару, жауынгерлік қызметінде солардың ақыл- кеңесіне, іс- қимылына сүйенді.



4. Қазақ халқының рухани мұрасы да саяси ой- пікірлерге бай. Оның ішінде ең шоқтығы биігі ислам фәлсафасының негізін салушылардың бірі – біздің қандас бабамыз ұлы ойшыл әл- Фараби.

Қазақтың бірінші фәлсафашысы, әлеуметтанушысы, математигі, физигі, астрономы, ботонигі, логика және тіл маманы, музыка зерттеу-шісі Әбу Насыр Мухаммедибн Тархан әл – Фараби 870-950 жылдары өмір кешті. Ол Фараб (кейінгі Отырар) қаласында туды. Жасында сонда оқу- тәрбие алып, кейін Бұхара, Александрия, Каир, Дамаск, Бағдат қалаларында тұрып, білімін ұштап, қызмет атқарды. Оны әріптестері көзі тірісінде- ақ «екінші Аристотель» деп атаған болатын.

Бабамыз ғылымның сан саласы бойынша 160- тан астам трактаттар жазып, артына мол мұра қалдырды. Саясаттануға байланысты «Рақым-ды қала тұрғындарының көзқарастары туралы» «Азаматтық саясат», «Бақытқа жету жолдары»,»Саясат туралы» деген еңбектері бар.

Ұлы ойшыл «Рақымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы» деген саяси трактатында мемлекетті адамдардың өз қажетін бірлесіп қоғамдық жолмен жақсылап қанағаттандыру үшін жасаған ұйымы деп білді. Оның пайда болуына тіршілік үшін күрес айтарлықтай ықпал етеді. Сондықтан адамдарды бір- біріне көмектестіріп, барлық жұрттың жақсы тұрмысына қам жеп, қамқорлық жасаған мемлекет қана өз міндетін атқара алады.

Әл Фарабидың ойынша қоғамдағы барлық қиыншылықты жеңетін, бақытқа жеткізетін – ақыл- парасат, адамның ақыл-ойы. Сондықтан адам аянбай, тынбай ғылымды, білімді игеруі керек.

Әл-Фараби басқаруды қайырлы және қайырсыз етіп екіге бөледі. Қайырлы , білімді, мәдениетті басқару халықты бақытқа бастайды, олардың іс- әрекетін, ерік- қасиетін осы жолға бағыттайды. Ол үшін басқару заң күшіне, игі тәжірибеге негізделуі тиіс. Ал қайырымсыз, надан басқаруда теріс әрекеттер мен жаман қасиеттер бой алады. Сондықтан ол надан адам басқарған, озбырлыққа сүйенген, қайырым-сыз, қатал мемлекеттік тәртіпті өткір сынайды. Ол мінсіз мемлекетті уағыздайды.

Әл- Фараби алғашқылардың бірі болып адамды ардақтап, асқақтат-ты Оның айтуында, адам бақытты болуға лайықты, сол бақытын ол табуға тиіс. Оған өзінің іс- әрекетінің, жұмысының, танымсыз ізденуі мен оқу- үйрену нәтижесінде жетуге болады. Ал адам жақсы да дұрыс басқарылатын қоғамда ғана шын мәнінде бақытты өмір сүре алады деді.

Ұлы дана халықтар достығын насихаттады. «Бақытқа жету жолында барлық халық бір- біріне көмектесетін болса, жер беті түгелімен берекеге толады» деген сөздері тап бүгінгі күнге сәйкес келіп тұрғандай ғой (Әл- Фараби. Философиялық трактаттар. А., 1972, 305-б).

Бабамыздың «Ғылымды топтастыру және анықтау туралы кітап» деген еңбегін дүние жүзі ғалымдары жоғары бағалады.XI-XII ғасырларда ол көне грек, латын және т.б. тілдерге аударылып әлемге аян болды. Батыстың кейінгі зерттеушілері бұл трактатты орта ғасырдағы ғылымның энциклопедиясы деп атады.

Әл- Фарабидың бай мұрасы Шығыс халықтарының саяси санасын жетілдіріп, сан ғасырлар бойы ғылымның әр түрлі салаларын дамытуға игі әсерін тигізді.



Жүсіп Хасхаджиб Баласағұни (1021-1075) -аты әлемге әйгілі ақын, фәлсафашы, қоғам қайраткері болған. Оның өмірбаяны туралы дерек-тер аз. Жүсіп туралы мағлұматтарды біраз оның негізгі еңбегі «Құдатғу білік» («Бақытқа жеткізуші білік», кейбіреулер «Бақыттылық жәйлі ілім» деп те аударып жүр) дастанынан білеміз. Бұл еңбектің ерекшелігі – ол сол кездегі ресми араб тілінде емес, өзінің ана тілі – түрік тілінде жазылғандығы. Ол, біріншіден, араб, парсы тілдерін жете білетін Жүсіптің өз еліне, өз тіліне деген сүйіспеншілігін, ұлтжандылығын білдірсе, екіншіден, сол кезде Орта Азияда билік құрған қарахандықтар әулетіне (династиясына) түсінікті болу үшін жазылса керек.

Жүсіп дәуірінде қарахандықтардың жеке өлке билеушілері өзара билікке таласып бастары қосылмады. Сондықтан «Құдатғу білікте» мемлекетті орталықтандыру , оның бірлігі, мемлекетті басқару мәселе-леріне басым көңіл бөлінген. Ол- тек саяси трактат қана емес, онда өмірдің мән- мағынасына, адамның тағдыры, оның қоғамдағы орны мен рөлі, халықтың мінез- құлқы, салт- санасы, әдет ғұрпы және т.с.с. туралы көзқарастар жинақталған үлкен шығарма . Ол шындыққа, бақытқа жетудің адамгершілік жолдарын іздейді. Әділет, ақыл, рақымдылықты жырлайды. Өмірде әділ заңды, еркіндікті аңсайды.

Қазақ халқының ірі ойшылдарының біріне Қожа Ахмет Йассауи (1093-1157) жатады. Оның басты шығармасы «Диуани Хикмет» («Даналық кітабы»). Ол еңбегінде әділдікті, имандылықты, шыншыл-дықты, мейрімділікті жырлайды.

«Ғаріп пақыр, жетімдердің көңілін көтер



Қамқоршы бол жаныңды да пида етер »,- деп қара халықтың қамқоршысы болуға, адамгершілікке шақырады.

«Көңіл бөлмей дүниеге адамдықтан кешіңдер,

Хақты сүйген адал құлдар халайықпен бір болар»,- деп адал басшы халқымен бір болып, соның тілегін тілеу керектігін баса айтады.

«Ей, мұсылман, тағат қылсаң, танбағын,

Ғазиз жаның – аманаты Алланың.

Харамдықпен, ұқ, жиған мал – жалғанын,

Қарыш атты жылан қылар малыңды»,-
деп дүние қорлық, байлық соңына түспеуді, армандықпен мал жимауды уағыздайды, парақор әкімдердің о дүниеде тартар жазасын естеріне салады.

Қазақ халқының рухани мұрасында мәңгілік із қалдырған аты аңызға айналған ақын жырау Асанқайғы Сәбитұлы (XIVғ.аяғы-XVғ. басы). Ол алғашқы қазақ хандары Керей мен Жәнібекке ақылшы, жас мемлекет-тің жалынды жаршысы, ұраншысы болды. Оны Ш. Уалиханов « көшпелі-лер философы» деп атаған. Хан мен қарапайым халықтың арасында игілік үшін талас-тартыс, дау- жанжал туғанда, оны ұшықтырып, өрбітпей реттеудің жолын , «ымыраға келу» теориясын ұсынған. Ол еліне мәңгілік азық боларлық жер шүйгін, ырысы мол қоныс, сыртқы жаудан қорған боларлық қолайлы жер- «Жерұйықты» (« Жиделібайсын » деп те айтады) іздеген, халқының болашағын ойлаған. «Жерұйықтың» суы сүт, топырағы май, тасы алтын, ағаш басы толған жеміс- жидек, жұт болмайтын, қайғы- қасіреттен аулақ құтты қоныс; ол елді жау алмайды, онда ел аласы, ру таласы жоқ, жаугершілікті білмейді. Асанқайғының мұндай жерді іздеуі әйгілі утопиялық социолистер Томос Мордың «Утопиясы» мен Т. Кампанелланың «Күн қаласындағы» саяси идеялармен үйлесіп, жымдасып жатыр. Асанқайғы Жәнібек ханға арнауында:

«Ай», хан, мен айтпасам білмейсің,

Айтқаныма көнбейсің.

Шабылып жатқан халқың бар,

Аймағын көздеп көрмейсің.

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып қызып терлейсің.

Өзіңнен басқа хан жоқтай.

Елеуреп неге сөйлейсің?!

Қорған салдың бейнет қып,

Қызметшің жатыр ішіп- жеп.

... Оны неге білмейсің?!»-
деп шабылып жатқан халқын ойламай, өз күнін күйттеп жатқанын, қызметкерлердің елді талап ішіп- жеп жатқанын ханның бетіне басып, шенейді.

Қазақ халқының тарихында өшпес із қалдырған хандар да бар. Оларға Қасым, Есім хандар жатады. «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» деп халық олар жасаған заң, тәртіптерді көпке дейін ұмытпаған. Бірақ өкінішке орай, олар бізге дейін жетпеді. Ал Тәуке ханның «Жеті жарғысы» негізінен сақталған.

Жәңгірдің баласы Тәуке хан 1680 жылы таққа отырғанда қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси және экономикалық жағдайы ауыр еді. Рубасылар, сұлтандар өзінше бөлек билегісі келді. Орта Азия билеушілерімен қарым- қатынас тұрақсыз еді. Мұның бәрі қазақ мемлекет-тігінің тұтастығына, сырқы шапқыншылықтан қорғануға нұқсан келтірді. Сондықтан хандық өкімет билігінің беделін көтеріп, ақсүйектердің бөлініп, оқшаулануын тоқтату, халықты біріктіру үшін Тауке хан «Жеті жарғы» деп аталған қазақ әдет- ғұрып заңдарының жиынтығын жасатты. Онда құқықтық тәртіп пен мемлекеттік құрылымның негізгі принциптері айқындалды. Атап айтқанда, жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал- мүлік дауы, ұрлық- қарлық, айып- жаза, алым- салық және т.б. қаралады. «Жеті жарғы» нормалары қаулаған дау- дамайларды тежеп, рулар арасындағы тартыстарды бәсеңдетті, қоғам ішіндегі ала ауыздық азайып, ел бейбіт өмір сүрді.

Тәуке хан «Халық кеңесі» мен «Билер кеңесін» тұрақты орган ретінде қалыптастырып, рөлін арттырды. Өз кеңесінде халықтың өзекжарды мәселелерін: көшқон, ел тыныштығы мен бірлігі, сыртқы жаудан қорғану және т.с.с жүйелі түрде талқылып отырды.

Сайып келгенде, Тәуке хан қазақ қоғамына түбегейлі, өзгерістер әкелген ірі реформатор болды.

XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ даласында саяси идеология ретінде ағартушылық кең өріс алды.

Бұл кезде қазақтың ұлы ғылымы, ағартушы- демократ, саяхатшы, этнограф, Орта Азияның, Қазақстанның, Батыс Қытайдың тарихы мен мәдениетін зерттеуші Шоқан Уалиханов (1835-1865) өмір сүрді. Ол атақты Абылай ханның шөбересі еді.

Шоқан өз өмірінің негізгі мақсаты- халыққа қызмет ету, оның мақсат- мүддесін патша шенеуніктері мен жергілікті байлардың зорлық - зомбылығынан орғау, қолынан келгенше оның рухани және мәдени өркендеуіне ықпал жасау деп білді.

Шоқан Азия мен Қазақстан жағдайында халықты аяусыз қанап, соның нәтижесінде билеп - төстеушілердің орынсыз баюына жол ашатын нәрсе- олардың қолындағы шексіз билік деп ұқты. Сондықтан халықты қанаудан құтқару үшін бай- манаптардың билігін жою немесе тым болмаса олардың саяси үстемдігін шекеп, бұқара халықтың демократия-лық құқығы мен бостандығын кеңейтпек болды. Жалпы, ол билікті халықтың еркімен шектеуді дұрыс деп санады.

Ғалым сол кездегі қазақ еліндегі тәртіпті өзгертпек болып, қоғамдық құрылысты жаңартудың жолдарын іздеді.

Шоқан қоғамның прогресті түрде алға дамуы материалдық әл- ауқатты жетілдіруге байланысты екенін терең түсінді. Сондықтан ол экономикалық, әлеуметтік, саяси реформаларға үлкен мән берді. «Сот реформасы жайында хат» деген еңбегінде ол: «Біздің заманымызда халыққа етене жақын, ең маңызды, соның мұқтажына тікелей қатысты реформа- экономикалық және әлеуметтік реформа. Ал саяси реформалар экономикалық істерді жүзеге асыратын құрал ретінде көрінбек , өйткені әрбір жеке адам және бүкіл адам баласы қауымдасып өзінің түпкі мақсаты материалдық әл- ауқатын жақсартуға тырысады. Прогрес дегеніміз де осыған сай келеді»- дейді. (Ш. Уалиханов. Таңдамалы. Алматы, 1995, 127-бат)

Бұл еңбегінде Шоқан патша үкіметінің соттық реформасына қарсылық білдіріп, қазақтар арасында өз тілінде өтетін, ертеден етене тыныс билер сотының сақталуын талап етті. Оның ашықтығын, жариялылығын, демократиялық принциптерін жоғары бағалады.

Шоқан адамдардың адамгершілік қасиеттерін дамыту үшін олар еркін болуы шарт деді. Ол еркіндікті де дұрыс пайалана білу керек. Ол үшін халықтың сауаты жоғары болуы тиіс деп тұжырымдады.

Бұл кезде қазақ халқынан шыққан ұлы ұстаз Ыбрай Алтынсарин (1841-1889) де өмір сүрді. Ол халықты дүниеге «дұрыс көзқараспен» қарауға тәрбиелеуді өзінің негізгі мақсаты етіп қойды. Тек білім, ағартушылық қана бұқара халықты билеп- төстеушілердің қысым- қыспағынан құтқара алады деп, барлық күш- жігерін олардың білімін көтеруге арнады.

Ыбрай «Қазақ даласындағы жұт жөнінде» деген еңбегінде халқы-ның болашағы отырықшылыққа көшу және егін шаруашылығымен айналысуда деп атап көрсетті. Бірақ оны өз еркімен, ықтиярымен біртіндеп істеуге тиіс.

Ыбрай адамдарды іс- әрекетке ынталандырып, жұмылдыратын негізгі себеп- өмірлік қажеттіктер, атап айтқанда, өмір сүру, білім алу, мәдениетке ұмтылу және т.б. қажеттіліктер деп есептеді. Сондықтан да адамдар оларға талпынады.

Ыбырай қазақ қыздарын оқытуға ерекше көңіл бөлді. Сондықтан ол 1887 жылы Ырғызда 20 орындық интернат және қазақ қыздарына арнайы мектеп ашты. Ұлы ұстаздың қажырлы еңбегінің арқасында XIX ғасырдың 70-80 жылдарында қазақ даласында көптеген мектеп ашылды. Ол мектептердің мақсаты қазақ жастарын жоғары адамгершілік рухында тәрбиелеу деп ұқты.

Бұл кезде қазақтың кемеңгер данасы, заңғар ақыны, асқан ағартушы-сы, жазба әдебиетіміздің негізін салушы Абай Құнанбаев (1845-1904) та өмір сүрген еді.

Абай қазақ даласында барлық жақсылықтың, жаңалықтың жаршысы болды. Ол адамды «ақыл, білім, ерік» жоғары дәрежеге көтеріп, асқақтата-тындай қоғамның прогрестік дамуын аңсады. Игілікті, парасатты қоғам орнату Абай еңбектерінің басты бағытының бірі болды. Сондықтан ол барлық адамдарды өзінді өмірде қалай ұстадың, игілікке, ақылға сыйымды іс істедім бе деп күніне немесе аптасына, тым болмаса, айына бір рет өз- өзіне есеп беруге шақырды.

Абай қандай адамның болмасын әлеуметтік жағдайын жақсартып, рухани гүлдендіретін еңбек, соның арқасында ол бүкіл адамзат қоғамына қызмет етеді деп санады. Оның әрі ол:



«Жалға жүр, жерге кет, мал тауып кел,

Малың болса сыйламай тұра алмас ел»,-
деп еңбектің қандай түрі болса да пайдалы, одан арлануға болмай-тындығын үйретті.

Абай еңбекшілердің хал- ахуалын, өмірін жақсарту үшін қоғамның экономикалық негізін өзгерту керек деп түсінді. Сондықтан ол қазақтар-дың прогресті, дамуын егіншілік, қолөнері, сауда сияқты экономиканың үш тетігімен тығыз байланыстыра қарады. Данышпан атамыз:


«Түбінде баянды еңбек егін салған,

Жасынан оқу оқып, білім алған»,-
деп көрегендік ойын түйеді. Ал қолөнері қандай жағдайда болсын адам қолында қалатындығын көрсете келіп, «алдау қоспай адал еңбегін сауған қолөнері- қазақтың әулиесі сол» деп жоғары бағалайды.

Ақын өзгерістің негізгі күші ағартушылық деп ұқты, «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» сияқты кемшіліктерді көрсету арқылы халықты түзетуге тырысты. Ол үшін «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым – ойлап қой» деп ақыл берді. Әсіресе, жастарға үлкен үміт артты. Адамның адамгершілік қасиетін арттыруға жұмылдырды.


«Біріңді, қазақ, бірің дос,

Көрмесең істің бәрі бос»,-

деп, ұлттық бүтіндік, ішкі татулық, ынтымақтастыққа шақырды. Өз халқымыздың мүддесі үшін күресте достық, татуластық, бірлік керектігі-не назар аударды.

Демек, қазақ қауымына әлеуметтік реформаны да, экономикалық реформаны да бірінші ұсынған – ұлы Абай. Яғни, данышпан ақынымыз-дың айтқан өсиеттері, ақыл- кеңестері осы күнге дейін өз мағынасын жойған жоқ.

Қазақ халқының саяси санасының дамуына XIX ғасырдың аяғы XX ғасырдың басында пайда болған алғашқы зиялылар тобы да топ та зор ықпал етті. Оларға: Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мұстафа Шоқай, Мұхамеджан Тынышбаев, Мағжан Жұма-баев, Бақытжан Қаратаев, Халел және Жаһанша Досмұхамедовтар және басқалар жатады. Олар Ресейдің отаршыл саясатына қарсы ұлт- азаттық қозғалысын басқарып, қазақ халқының ұлттық білесуін мұрат етті.

Қазақстан мен Ресей рухани мұрасына байланысты туған саяси теорияның бірі- Еуразиялық идея. Оның негізін 1921 жылдың 3 маусымында Софияда орыс эмигранттарының діни- философиялық үйірмелерінің мәжілісінде Н.С. Трубецкой мен П.Н. Савицкийлер салған. Бұл идеяны белгілі орыс ғылымы, тарих, география ғылымдарының докторы, академик Л.Н.Гумилев (1912-1992) одан әрі дамытып, осы геокеңестіктегі ұлттардың мәдени дәстүрлерінің тарихи тағдырын ұғынуларына жәрдемдесті. Олар Еуразиядағы әрбір халықтың құқығы мен ерекшелігін мойындайды. Бұл идеяның негізін салушылар көп ұлтты еуразиялық мәдениеттің негізі « материалдық база» немесе « мемлекет алдында бас июшілік» емес, ең алдымен рухтың биіктігі деп түсінеді.

КСРО ыдырап, қоғамның демократияланып жатқан жағдайында Еуразиялық одақ құру идеясын 1994 жылдың 28 наурызында Мәскеудің Мемлекеттік университетінің (МГУ) профессорлары мен оқытушылары алдында сөйлеген сөзінде Н. Назарбаев көтерді. Оның мақсаты Кеңес Одағының құлауына байланысты күйреген сауда- экономикалық және адами байланыстарды қалпына келтіру, өзара түсіну, бірлесе қимыл жасау. 2000 жылдың 10 қазанында Астана қаласында Беларусь, Қазақстан, Қырғыстан, Ресей, Тәжікстан мемлекеттері құрған саяси- экономикалық, интеграциялық ( жинақтаушылық) ұйым- Еуразия экономкалық қауымдас-тығы құрылды. Бұл мемлекеттердің басшылары Кедендік одақ және біртұтас экономикалық кеңістік жөнінде келісім жасады.


4.Бақылау сұрақтары:

1. Ғылым мен білім, мәдениет пен әдебиет адам қоғамы сияқты біркелкі дамиды ма?

2. Ежелгі Римнің саяси ойдың даму тарихында қандай із қалдырды?

3. Буржуазиялық революция Еуропа көлемінде алғаш рет қай елде болды?

4. Франциядағы буржуазиялық революцияның көрнекті өкілдері?

5. Америка халқының демократия жолындағы азаттық күресінің өкілдері?

6. Жаңа замандағы саяси санада айтарлықтай із қалдырған немістің классикалық философиясының өкілдері?

7. Қазақ хандығының саяси жүйесі?

8.Қазақ халқының рухани мұрасы?

9.Қазақстан мен Ресей рухани мұрасына байланысты туған саяси теория?



5.Студенттің үй тапсырмасы:

Конспект
6.Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы:

Сұрақтарға жауап беру

Тест


Глоссарий
7.СӨЖ тапсырмасы: Қазақ мемлекеттілігінің құрылуы және

оның саяси құрылысы






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   30




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет