ОБСӨЖ №14
1.Сабақтың тақырыбы: Саяси бейімделу.
2.Сабақтың жоспары:
1. Саяси бейімделудің кезеңдері.
2. саяси бейімделуге байланысты көзқарастар.
3. Қоғамдағы саяси бейімделудің өлшемі.
3.Теориялық мәліметтер:
1. Қоғам әрқашан өзгеріп, дамып, жылжып отыратындығы белгілі. Соған орай саяси жүйелер де өзгеріп, бір жәй- күйден екінші қалыпқа келіп, жетіліп жатады. Саяси даму деп саяси іс- қимылдар, саяси мәдениетте және жалпы саяси жүйеде өзгерістерге әкелетін процесті айтады. Соның нәтижесінде саяси жүйе әлеуметтік мақсат- мүдделердің жаңа үлгілеріне бейімделеді және жаңа жағдайларға икемделген институттар пайда болады.
Саяси дамуды саяси прогреспен шатастырмаған жөн. Себебі, соңғысы қоғамдық- саяси дамудың барысында бір нәтижеге жетуді, бір кезеңнен екіншісіне өтуді білдіреді. Ал саяси даму бейтарап ұғым, ол тек даму процесін, өзгерісті ғана бейнелейді.
Саяси дамудың эволюциялық және революциялық түрлері бар. Эволю-циялықта қоғамдық- саяси өмір біртіндеп, баяу дамиды.Көбіне күнделікті өмірге тығыз байланысты болғандықтан, олар сырт көзге онша байқала бермейді. Революцияда қоғамның барлық әлеуметті- экономикалық саяси құрылымы түбегейлі сапалы төңкеріске ұшырайды. Ол қарулы және бейбіт жолмен жүзеге асуы мүмкін. Сонымен қатар революцияға қоғамдағы үлкен бетбұрысты да жатқызады.
Әлеуметтану біздің заманымыздағы қоғам дамуын дәстүрлік және қазіргі етіп екі түрге бөледі. Дәстүрлік дегенде әдетте рулық, феодалдық қоғамдарды айтады.оның экономикасы жалпы алғанда әлсіз. Негізінен, аграрлық шаруашылықпен айналысады.
Бұл қоғамның саяси жүйесі де ескіше. Қандық, діни, әдет- ғұрыпқа негізделген рулық, тайпалық билік түрі басым. Саяси институттар қызмет-терінің ара жігі онша ажыратылмаған. Олар діни, мәдени, билік құрылымдарымен жымдасып жатады. Онда жеке адамның саяси мақсат-мүддесі онша дамымаған. Адам өзін ру, тайпамен біртұтас санады, олардың мүддесін өз мүддесіндей көрді.
Қазіргі қоғам индустриалды, жоғарғы индустриалды (постиндус-триалды) қоғам болып есептеледі. Ол рационализмге, ақыл- парасатқа, баяндылыққа негізделеді.
Саяси даму тұжырымдамасында басты рөлді саяси бейімделу (модер-низация) теориясы атқарады. Ол осы ғасырдың 50 жылдарында пайда болған. Батыс елдері алғашында бұл ұғымды отарлық езгіден құтылып, азаттық алған елдердің одан кейінгі жерде қалай дамуына байланысты пайдаланған. Кейін ол өркениеттілікке өтудегі әлемдік процестің жалпы үлгісінің негізіне айналды. Оның мәні дәстүрлік қоғамнан қазіргі қоғамға өтудің сипатын және бағытын бейнелеу болатын.
Дәстүрлік қоғамнан қазіргі қоғамға өтудің, соған бейімделудің әр түрлі қыры бар.
1. Құрылымдық бейімделу. Ол қазіргі қоғамның әлеуметтік- экономи-калық, саяси және басқа институттар жүйесінің қалыптасуын қамтиды. Оған индустриализацияландыру, қазіргі нарықтық капитализмнің қалыптасуы, адамдардың сауаттылығы, жұмыс бастылық құрылымның түбегейлі өзгер-уі, білікті мамандар, орта және әкімшілік қызметкерлер үлесінің көбеюі, қоғамның әлеуметтік жіктелу құрылымының өзгеруі және т.б. жатады.
2.Азаматтық . Жаңғыру барысында дәстүрлік қоғамның саяси жүйесі де құрылымдық өзгерістерге ұшырайды. Солардың ішінде елеулі саяси көрінісі- азаматтылық, азаматтық құқықтар.Бұл принцип барлық ересек адамдарды мемлекет басқару ісіне тартып, қатынастыруға бағытталған. Мұндай тәжірибе бұрын да
2. Дәстүрлік қоғамнан қазіргі қоғамға бейімделу тұжырымдамасының екі тұрпаты (типі) бар. Біріншісі- өзіндік ішкі себептерден пайда болып, соған бейімделу. Бұған Англия, АҚШ сияқты ұзақ жылдар бойы біртіндеп баяу даму нәтижесінде қоғамның баянды құрылысына өтуді басынан кешірген елдер жатады. Олар дамудың жоғарғы деңгейіне табиғи түрде жеткен болып есептеледі. Ал осы жолды кейін өтетін елдерге даму деңгейі, өмір сапасы жағынан жоғарыдағылардың жолын қуушы, « қуалай дамушы» мемлекеттер ретінде қарайды.
Басқа елдердің Батыс үлгісін бойына сіңіріп, өзгеру, соған икемдеу жөнінде әр түрлі көзқарастар бар. Солардың ішінде бұрыннан келе жатқан және кең тарағанының бірі- бейімделудің сызықтық теориясы. Бұл теорияны жақтаушылардың ойынша, дәстүрлік деңгейдегі елдер ерте ме, кеш пе капиталистік даму жолына түседі. Оларда соған лайық әлеуметтік- экономикалық және саяси құрылым, саяси жүйе орнайды. Соның нәти-жесінде олар да қазіргі жоғарғы индустриалды жағдайға жетеді, мәде-ниеті және басқа салалары да өркениетті елдердің даму жолын бұлжыт-пай қайталайды дейді.
Осы ғасырдың 50 жылдарында қазіргі мемлекеттің Білаша үлгісі ретінде Американың «еркін» қоғамын айтатын. Азия, Африка, Латин Америкасы елдері өмірдің барлық саласында Батыс бастауларына еліктеу, солардың істегенін қайталау сияқты көрінді. Мысалы, саяси салада парламенттік жүйе және партиялық институттарды орнату, би лікті тармақ-тау, он заң шығарушы және атқару органдарын , көппартиялық жүйені жаңғырту. Бұл мағынада бейімделу – осы жолға түскен елдердің әлеу-меттік- экономикалық және саяси дамуының алғашқы шарте. Себебі, дамудың өзі қоғам өмірін неғұрлым батыс үлгісінің негізгі ерекшелік-терін, белгілерін тезірек ұйымдастырған сайын жеделдей түсетін.
Бұл теория бойынша саяси бейімделу алғашында а) дамып келе жатқан елдердің батыс үлгісі бойынша демократиялануы; ә) Батысқа бейімделу «үшінші елдердің» табысты әлеуметтік- экономикалық өсуіне жағдай жасайды және соның салдары болады; б) бұл елдер дамыған Батыс Еуропа елдерімен және АҚШ-пен белсенді қарым-қатынасының, ынтымақ-тастығының нәтижесі ретінде қабылданған.
«Қуалай дамуды» жүзеге асырудың басты амал- әдісі- Батыс мемлекет-терінің көмегінің арқасы деп есептеледі. Бұл теорияны жақтаушылардың ойынша, жан басына шаққанда белгілі бір деңгейге жету Батыстағы әлеуметтік және экономикалық қоғамның жүйесіндегі өзгерістерге әке-леді. Басқа сөзбен айтқанда, жаңа жағдайға бейімделудің шешуші жайты- ақша.Ол әлеуметтік технологияларды, қазыналарды, демократиялық инсти-туттарды таратуға көмектеседі. Сол арқылы тұтыну деңгейін көтеруге, адам құқықтарын бұрмалауды тотатуға, мәдениеттің құлдырауын жеңуге болады деп ұйғарды.
Бірақ жаңа жағдайға өтудің «сызықтық қозғалыс» теориясы Африка, Азия, Латын Америкасы елдерінің Батыстың билікті ұйымдастыру, мем-лекет пен азамат қатынастарының үлгі өнегесі ойлаған жерден шыққан жоқ. Нақтылы өмірде демократиялану, либералдық құндылықтардың инс-титуционалдануы, парламент жүйесін орнату және басқа Батыстың билік түрлерін орнату үлгілері мемлекетті басқаруда тиімділік әкелмеді. Керісінше, олар шенеуніктердің сатылғыштығы мен жемқорлығына, бюрократияның қызмет бабын пайдаланып, баю жолын көздеген зорлық – зомбылық, кикілжіңдер өрістеді. Ғалымдардың көбі оны дамып келе жат-қан елдердің мұндай өзгеріске дайын еместігінен деп түсіндірді. Бірақ гәп бұл теоиялық үлгінің біржақтылығында еді.
60 жылдардың аяғына қарай бейімделудің сызықтық теориясын сынаушылар көбейді. Олардың ойынша, әр түрлі елдердің бейімделуі құры-лым жағынан болсын, мәдениет жағынан болсын біріңғай болмайды. Тарихи тәжірибе көрсеткендей, қазіргі капиталистік өмір салтына өту ба-рысында бұл салаларда түрлі ерекшеліктер пайда болады. Сондықтан ғалымдар соған әкелетін себептерді іздестіре бастады. Олар бірқатар жағдайларға байланысты болады.
1. Әр түрлі елдердің жаңа жағдайға көшу, институционалдық құрылымға өту үшін жұмылдырып, іске тартарлық қорлары, мүмкіндіктері бірдей емес.
2. Әр түрлі қоғамдық тарихи дәстүрлері, әлеуметтік- экономикалық құрылымы өзгеше.
3. Ұлттық элиталар арасындағы ұйымдастырылу және мәдени ерекше-ліктері. Соған орай олар қазіргі тарихи жағдайды, оның әлеуметтік- мәдени мәнін, мазмұнын әр түрлі қабылдайды.
Сондықтан 70-80 жылдары жаңа жағдайға бейімделу мен келешектегі дамудың арасындағы байланысқа қатысты көзқарас қайта қаралды. Бейім-делуді дамудың шарты ретінде емес, қызметі ретінде қарайтын болды. Бұл саладағы басым бағытқа, мақсатқа әлеуметтік, экономикалық, саяси құрылымдардың өзгеруі жатқызылды. Онда Батыстың үлгісін қайталаудың қажет еметігі мойындалды. Бұрын дәстүрлік институттар мен құнды-лықтарды өркениетті жолға түсудің кедергісі деп қараса, енді әмбебап өлшемдер , құндылықтар, мақсаттар сақталса болды, ұлттық түрде бейім-делудің өзі дұрыс деуге шықты
Жаңа өмір салтына бейімделуді тұтас және ұзақ кезең ретінде қарайтын болды. Ол жолда дамумен қатар бұрынғы құрылымды қайталау, тоқырау болуы мүмкін. «Қуалай дамумен» қатар « жарым- жартылай» , »тығырыққа тірейтін» бейімделушіліктер жөнінде де айтыла бастаған.
Бұл мәселені зерттеушілер өтпелі процесс пен өзгерістерді сипаттайтын басты элемент деп әлеуметтік- мәдени ерекшеліктерді айтады. Атап айт-қанда, мұның бәрі тұлғаның тұрпатына, саяси дамудың әмбебап ережелері мен мақсатын қабылдап, түсіндіретін, ұғындыратын ұлттық мінез- құлық байланысты. Қазіргі демократиялық өмірге көшу үшін халықтың қазына тұтатын бағдарының өзгеруі, соған орай туатын қоғамның саяси мәдениетінің дағдарысын жеңе білуі деп танылады.
Кейінгі кезде демократиялануды экономикалық өсудің қажетті шарты ретінде қарау дұрыстыққа жатпайды деп жүр. Бұл жолда ең алдымен саяси тұрақтылыққа үлкен мән берілуде. Онсыз айтарлықтай әлеуметтік- экономикалық жетістіктерге жету қиын.
3. Әр түрлі елдердің бейімделу жағдайларын талдап, қорыта келіп, ғалымдар бұл жолда белгілі бір жүелілік болуы керек дегенді айтады. Біреулері бейімделуді қоғамды индустриаландырудан бастағанды, екіншілері ауыл шаруашылығын реформалаудан, үшіншілері дамыған елдердің қарқынды, ауқымды көмегінен, төртіншілері елдімекендерді қала-ландырудан және т.с.с. бастаған жөн деп санайды.
Теориялық жақтан алғанда бұл мәселеге екі түрлі: либералдық және консервативтік көзқарастар бар. Либералдар (Г. Алмонд, Р. Даль,Л. Пай) жаңа жағдайға көшуде ора тапқа, халықтың білім дәрежесіне баса назар аударады. Бейімделудің сипаты мен серпінділігіне еркін төбе топтың ( эли-талардың) бәсекелестігі, қатардағы азаматтардың бұл саяси процеске тартылу деңгейі шешуші рөл атқарады. Себебі, солардың арқасында саяси реформалар атқарылады. Бұл процеске авторитарлық тәртіп жарамайды, ол секіріссіз, біртіндеп жасалуға тиіс дейді.
Консерваторлар (С. Хантингтон, Дж. Нельсон, Х. Линдз) бұған керісін-ше қарайды. Олардың ойынша, демократиялық үрдісті тәрбиеленбеген, билік институттарын дұрыс пайдаланып басқара білмейтін халықты билікке араластырып керегі шамалы. Ол қоғамды саяси дамуға емес, құлдырауға әкеледі. Егер экономиканы реформалау үшін басты көрсеткіш өсу болса, саяси реформа үшін тұрақтылық қажет. Сондықтан дейді олар, дамып келе жатқан елдердің жаңа жағдайға бейімделуі үшін мықты саяси тәртіп, тұрақсыздықты тежей алатын заңды, беделді саяси партия, авторитарлық тәртіп болуға тиіс. Солар ғана билікке саяси басшылық жасай алады, мемлекетте мықты бюрократия қалыптасады, реформаларды кезең – кезеңмен жүйелі түрде жүзеге асыруға болады. Авторитарлық тәртіп әр түрлі кездесетіндіктен бейімделу де әр түрлі болуы мүмкін деп пайымдайды консерваторлар.
Тарих көрсетіп, дәлелдеп отырғандай, дамып келе жатқан елдердің басым көпшілігі индустриалды, постиндустиалды жолмен жүруде. Оны бүкіл әлемдегі мемлекеттердің өсу жолы айғақтап отыр. Әр елдің даму сатысына, әлеуметтік- саяси құрылымына, әдет- ғұрпына және т.с.с. байланысты бұл процесс әр түрлі рең алуы мүмкін. Кейбір ғалымдар балама түрін де жоққа шығармайды. Дегенмен, әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай , бейімделу жолына түскен елдердің бәріне тән әмбебап талаптар мен принциптерге жауап беру керектігі мойындалды.
Әрине, бұл көрсетілген әмбебап талап, принциптерді еріксіз сырттан теліп, міндетті түрде айналдыруға болмайды. Бұлар бағдар сияқты. Соған орай әр ел өзінің ішкі жағдайларына, ұлттық, тарихи ерекшеліктеріне, әдет- ғұрып, салт- санасына байланысты әрекет етеді. Егер халық бұл тарихи құбылысты түсініп, қабыл алса, оған өту оңайырақ болады. Ал оны орынсыз жылдамдатпақ болушылық жергілікті менталитетке сай келмесе, реформа тоқырап, шиеленістерге әкелуі мүмкін. Сондықтан ғалымдар бұл жолға түсушілерге алды – артын байқап, терең саралап іс істеуге кеңес береді.
Көп жылдар бойы Оңтүстік Кореяда авторитарлық тәртіп үстемдік еткен. Олар демократиялық жолға көшті. Филиппинде президент Мар-костың отыз жылдық билігі құлады. 1989 жылы Шығыс Еуропада «барқыттық революция» қантөгіссіз, бейбіт жолмен жүзеге асты. Бұрынғы социалистік елдер бірінен кейін бірі тоталитарлық жүйеден бас тартып, демократиялық жолға түсті.
Варшава университетінің (Польша) көрнекті профкссоры, саясат-танушы, әлеуметтанушы Ежи Вятрдың ойынша, демократияға революция арқылы келуге болмайды. Себебі революция кезінде зорлыққа жол ашылады, ол зорлық қарсы жақтан да зорлықты тудырады. Сондықтан оған тек бейбіт жолмен ғана жетуге болады. Оның үш түрі бар.
Біріншісінде, реформа жоғарыдан басталады. Мұнда авторитарлық басқарушылар жағдайды түсініп, ешкімнің зорлығынсыз, өз еріктерімен саяси жүйені өзгертеді.
Екіншісінде, амалсыздықтан биліктен бас тарту. Мысалы, Грецияда басқарып тұған полковниктер 1974 жылы Кипрде әскери төңкеріс жасамақ болды.Оған жауап ретінде Туркия Кипрге әскер кіргізіп, нәтижесінде арал екіге бөлінді. Туркия мен Грецияның арасы соғыс жағдайына келді. Греция АҚШ-қа арқа сүйемек болып еді, бірақ олар қолдамады Сондықтан билік басындағы грек полковниктері амалсыздан билікті азаматтық үкіметке берді.
Үшіншіден, билік басындағылар оппозициядағылармен келісімге келу арқылы авторитарлық тәртіптен демократияға өтеді. Мысалы, Испания ( Франко өлгеннен кейін), Оңтүстік Корея, Польша, Венгрия және т.б.
Қазіргі кезде демократияның басқа елдерге кең тарауы - тарихи шындық. Ондай мәселе біздің еліміздің алдында да тұр.
Біреулер Батыстың үлгісіне жүгінеді, екіншілері Шығыс үлгісін алға тартады.
Батыс деген не? Біреулер үшін ол жамандықтың, бәленің басы. Ол адамды жекелендіреді, дараландырады, адамшылықтан аздырады, бұзады дейді. Басқалар үшін ол өркениетті өмір сүрудің көзі. Адамдарға еркіндік пен бостандық әкеледі, әділдікті, демократияны орнатады, материалдық және рухани байлыққа қол жеткізеді.
Әрине, Батыстан көп нәрсені үйренуге болады. Әсіресе, жеке адамның еркіндігі мен бостандығы жоғары қою, оны мемлекеттің езгісінен босату, олармен сауда- саттықты өрістету, тәжірибесін саралап, жақсы жағын қабылдау, мәдениетін бағалау жөн және т.б. десе де Қазақстанның түп тамыры Шығыспен байланысты.
Егер республикамыз өркениетті елдердің даму жолын, тәжірибесін терең саралап, орынды пайдалана білсе, олардың жіберген қателіктерін қайталамай, реформаны жылдам жүргізуге болар еді. Тарих көрсетіп отырғандай, Батыс елдері реформаны жасағанда халықпен кеңесе отыра істейді. Оны сан түрлі жүзеге асыруға болады.
Біздің халықтың санасына авторитарлық тәртіп сіңіп қалған. Сондық-тан халықтың саяси мәдениетін көтеру басты мақсаттардың бірі болуға тиіс. Олар өз құқықтарын, бостандықтарын қорғай білулері керек. Бұл жолда алдымен Конституцияда көрсетілген қағидалар: құқықтық мемлекеттің принциптері, оның демократиялық негіздері, мемлекеттік биліктің бірден- бір бастауы- халық екендігі, оның құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуы, биліктің заң шығарушы, атқарушы, сот билігіне шын мәнінде (сөз жүзінде емес) тармақталуы және т.б. ережелердің қалтқысыз орындалғандары шарт.
Сайып келгенде, либералдық демократиялық жолға түсу- бүгінгі таңда дамудың ең басты бағыты. Ол жалпыадамзаттық құндылққа жатады. Саяси бейімделу барысында қоғамның жаңа экономикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына тиімді жауап қайтарарлықтай ашық саяси жүйе құры-лады. Біздің мақсатымыз- ата- бабамыздың дәстүр ерекшеліктерін сақтай жүре, алдыңғы қатарлы елдердің өркениетті тәжірибесін бойға сіңіре отырып, нағыз демократиялық жолға тезірек түсу.
4.Бақылау сұрақтары:
1. Саяси дамудың эволюциялық және революциялық түрлері.
2. Дәстүрлі қоғамнан қазіргі қоғамға өтудің, соған бейімделудің әр түрлі қырлары?
3. Дәстүрлік қоғамнан қазіргі қоғамға бейімделу тұжырымдамасының екі тұрпаты?
4.Әр түрлі елдердің бейімделу жағдайлары?
5.Демократияға өтудің жолдары?
6. Қазіргі кездегі демократиялық басқа елдерге кең тарауы?
7. Бүгінгі таңдағы дамудың басты бағыты?
5.Студенттің үй тапсырмасы:
Конспект
6.Студенттің аудиторияда орындайтын тапсырмасы:
Сұрақтарға жауап беру
Тест
Глоссарий
7.СӨЖ тапсырмасы: Саяси шиеленісті шешудің жолдары мен әдістері
Достарыңызбен бөлісу: |