2.Ауыз әдебиетінің өзіндік ерекшеліктері. Ауыз әдебиетінің жазба әдебиеттен айырмашылықтары болады.Олар мыналар:
1) Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің арасындағы басты айырмашылықтың бірі жеке авторлардың болу-болмауында.
Жазба әдебиетінің қандай туындысын алсақ та оның авторы белгілі. Соған қоса оның өмірбаяны, шығармаларының қашан, қандай тақырыпқа арналғандығы, қай кезде баспа жүзіне жарияланғаны т.б. көпшілікке мәлім болып отырады.
Ал ауыз әдебиетінің авторлары белгісіз болып отырады.Бұдан ауыз әдебиетінде автор болмайды деген ұғым тумайды.Әуел баста ауыз әдебиеті шығармаларын жеке адамдар туғызды, бірақ жазу-сызу болмаудың әсерінен авторлардың есімдері сақталмаған.Кейін олардың авторы халықтың өзі болып кеткен.Ауыз әдебиетін халық әдебиеті деп атаушылық, міне, осылай туған.
2) Ауыз әдебиетінің жазба әдебиеттен келесі бір айырмашылығы – ауыз әдебиеті шығармаларында нұсқалардың (варианттардың) көп болуында. Бұлай болу себебі шығарманың ауызша шығарылып, халық арасында ауызша айту арқылы тарауына байланысты. Мәселен, ертекші өзінің ертегісін көпшіліктің жиналған жерінде айтады. Сол арада тыңдаушы көпшіліктің арасынан ертегінің мазмұнын, оқиғасын ұғып алушылар болады. Енді олар сол ертегіні екінші бір жерге өзінше әңгімелейді, жаңалап айтады, алғашқы әңгімелерінің кей жерін қысқартып, кей жеріне тыңнан оқиға қосып ұлғайтады. Сөйтіп, ертегінің екінші бір түрі, нұсқасы (варианты) шығады.
Ал жазба әдебиетте мұндай жағдай кездесе бермейді. Әрбір жазушы не ақын шығармасын өз атынан жариялайды, оны екінші бір автор иемденіп кетпейді.
3) Ауыз әдебиетінің жазба әдебиеттен тағы бір айырмашылығы бар. Ол: ауыз әдебиетінде қалыптасқан дағдылы сөздер мен сөйлемдердің, тұрақталған ұқсастық пен ұйқастардың жиі кездесетіндігінен көрінеді.Мысалы, ертегілердің көпшілігі:
Ертек, ертек ерте екен,
Ешкі жүні бөрте екен,
Қырғауыл жүні қызыл екен,
Құйрық жүні ұзын екен,-
деп, немесе «Баяғыда бір бай болыпты,төрт түлікке сай болыпты», я болмаса «Баяғыда бір кедей болыпты, оның үш баласы болыпты»деп басталады.Көптеген ертегілердің басталуы ұқсас болып келгенімен, әңгімеленетін оқиғалардың мазмұны, дамуы әр түрлі болады.Ал жазба әдебиетте шығарма мұндай дағдыға айналған сөз тіркестерімен басталмайды.Әр жазушы шығармасын екінші бір жазушыға ұқсатпай өзінше бастап, өзінше аяқтайды.
4) Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасындағы айырмашылықты көрсететін келесі бір белгі - ауыз әдебиетінде бірнеше өнердің бірлесіп келуі.(Мұны, яғни бірнеше өнердің бірлесе көрінуін, синкретизм деп атайды.) Мәселен, жыршы ақын жырын көпшіліктің жиналған жерінде шығарған. Сонда ол домбыраның (гармонь немесе қобыздың) сүйемелдеуімен ән (күй) әуенін келтіріп алып, жыр әңгімесін белгілі бір сарынмен айта берген. Бірнеше өнер бірлесіп (ақындық өнер, ән (күй) әуені, көпшіліктің алдында жыр айтып отырған жыршы-ақын, жырды тыңдаушы қауым бар. Олар бірлесе келіп, жаңа бір ерлік жырдың тууына себепкер болып отырғандығын байқаймыз. Бұл сияқты жағдай жазба әдебиетте кездеспейді. Ол тек ауыз әдебиетіне ғана тән ерекшелік.
Достарыңызбен бөлісу: |