Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы


-бап. Қандастардың, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және өзге де адамдардың құқықтары мен міндеттері



бет3/3
Дата03.01.2022
өлшемі418.54 Kb.
#450534
түріКодекс
1   2   3
Кодекс (1)

83-бап. Қандастардың, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және өзге де адамдардың құқықтары мен міндеттері

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!


      1-тармақтың "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 22-тармағының 1) тармақшасы қолданысқа енгізілгенге дейінгі редакциясын осы Кодекстің 276-бабы 4-т. қараңыз - ҚР 07.07.2020 № 360-VI Кодексімен.

      1. Қандастардың, босқындардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей алуға құқығы бар.

      2. Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, баспана іздеген адамдардың, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулар кезінде уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша және көлемде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!


      3-тармақтың "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 22-тармағының 1) тармақшасы қолданысқа енгізілгенге дейінгі редакциясын осы Кодекстің 276-бабы 4-т. қараңыз - ҚР 07.07.2020 № 360-VI Кодексімен.

      3. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген қандастар, босқындар және баспана іздеген адамдар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар денсаулық сақтау саласында Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей міндеттерді атқарады.

13-тарау. ҚОҒАМДЫҚ ДЕНСАУЛЫҚТЫ САҚТАУДЫ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

84-бап. Аурулардың профилактикасы және саламатты өмір салтын қалыптастыру

      1. Аурулар профилактикасының мақсаты аурулардың пайда болуының немесе өршуінің, сондай-ақ олардың салдарлары мен асқынуларының алдын алу болып табылады.

      2. Аурулардың профилактикасы бастапқы, екінші және үшінші болып бөлінеді.

      Аурулардың бастапқы профилактикасы (жаппай және жеке) аурулардың пайда болуының алдын алу мақсатында тыныс-тіршіліктің қолайлы жағдайларын жасауға бағытталған.

      Аурулардың екінші профилактикасы аурулардың ерте сатыда өршуінің және олардың салдарларының алдын алуға бағытталған.

      Аурулардың үшінші профилактикасы өршіп кеткен асқынуларды, ағзалар мен тіндердің зақымдануларын бақылауға бағытталған.

      3. Профилактикалық және сауықтыру іс-шаралары халықтың барлық тобына қатысты бүкіл өмір бойы жүргізіледі және жыныстық-жастық, психологиялық және әлеуметтік аспектілерді ескереді.

      4. Саламатты өмір салтын қалыптастыру дене жаттығуымен ұдайы шұғылдануды, саламатты өмір салтын насихаттауды, дұрыс тамақтануды және денсаулықты нығайту және өмір салтымен байланысты аурулардың алдын алу мәселелерінде халықты ақпараттық қамтамасыз ету, гигиеналық оқыту және тәрбиелеу арқылы аурулардың профилактикасын қамтиды.

      Ұйымдарда дене жаттығуы жұмыс күндері жүргізіледі.

      Дене жаттығуымен шұғылдануды жүргізудің үлгілік қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

85-бап. Профилактикалық екпелерді жүргізу

      1. Профилактикалық екпелер - инфекциялық ауруларға өзіндік ерекше қарсылық жасау мақсатында иммундық профилактика үшін адам организміне иммундық-биологиялық дәрілік препараттарды енгізу.

      2. Профилактикалық екпелер міндетті және ерікті болып бөлінеді.

      3. Міндетті профилактикалық екпелердің мынадай түрлері айқындалады:

      1) жоспарлы профилактикалық екпелер;

      2) эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық екпелер.

      4. Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты болатын жеке тұлғалар инфекциялық және паразиттік ауруларға қарсы міндетті профилактикалық екпелерді алуға міндетті

      5. Медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде оларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесін, екпелерді жүргізу тәртібін, мерзімдерін және халықтың профилактикалық екпелерге жататын топтарын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      6. Оларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесіне сәйкес жасқа толған, медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жоспарлы профилактикалық екпелерге жатады.

      7. Профилактикалық екпе жүргізу алдында медицина қызметкері егілетін адамды қарап-тексеруді жүргізеді. Медицина қызметкері оған не оның заңды өкіліне профилактикалық екпе туралы, оның ықтимал қолайсыз көріністері мен одан бас тартудың салдарлары туралы толық және объективті ақпарат береді.

      Профилактикалық екпелерді жүргізуге медициналық қарсы көрсетілімдердің тізбесін уәкілетті орган бекітеді.

      8. Медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ жеке тұлғалар тізбеге сәйкес эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша профилактикалық екпелерге жатады.

      9. Оларға қарсы міндетті профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулардың тізбесіне кірмейтін профилактикалық екпелерді жүргізу ерікті болып табылады және ақылы негізде жүзеге асырылады.

      10. Иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністерді тіркеу мен тергеп-тексеру тәртібін уәкілетті орган белгілейді.

      11. Жоспарлы профилактикалық екпелерді алмаған балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу мектепке дейінгі ұйымдағы ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейіне жеткен кезде ғана жүзеге асырылады.

      Ұжымдық иммунитет - вакциналармен алдын алатын инфекцияларға қарсы халықты жоспарлы профилактикалық екпелермен қамтудың шекті деңгейіне жеткізу есебінен егілмеген адамдарды жанама қорғау.

      Жоспарлы профилактикалық екпелерді алмаған балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға жіберу қағидаларын және ұжымдық иммунитеттің шекті деңгейін уәкілетті орган айқындайды.

86-бап. Медициналық қарап-тексеру

      1. Медициналық қарап-тексеру ауруларды, оның ішінде кәсіптік ауруларды, улануларды, жазатайым оқиғаларды анықтауға және олардың таралуының алдын алуға, сондай-ақ жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігін және денсаулығын сақтауды қамтамасыз етуге бағытталған уақтылы медициналық зерттеп-қарауды қамтамасыз ету үшін жүргізіледі.

      2. Медициналық қарап-тексерулердің түрлері: міндетті және профилактикалық.

      3. Міндетті медициналық қарап-тексерулер алдын ала, мерзімдік, ауысым алдындағы (рейс алдындағы), ауысымнан кейінгі (рейстен кейінгі) болып бөлінеді.

      Алдын ала міндетті медициналық қарап-тексерулер жұмысқа орналасу немесе оқуға түсу кезінде кәсібі немесе оқуы бойынша міндеттерді орындауға жарамдылығын анықтау, сондай-ақ жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды таратпау мақсатында жүргізіледі.

      Мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулер жұмыс істейтіндердің денсаулық жағдайына динамикалық байқауды қамтамасыз ету, аурулардың бастапқы белгілерін уақтылы анықтау, жалпы, кәсіптік аурулардың алдын алу мен инфекциялық және паразиттік ауруларды таратпау мақсатында жүргізіледі.

      Ауысым алдындағы (рейс алдындағы) міндетті медициналық қарап-тексерулер жеке тұлғада аурудың бар екенін немесе жоқ екенін анықтау немесе растау, денсаулық жағдайын, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздығын, түсетін ауысымда (рейсте) жұмысқа кәсіби жарамдылығын, оның ішінде алкогольдік, есірткілік немесе өзге де уыттық мастықты және осындай мастықтың қалдық құбылыстарын айқындау мақсатында жүргізіледі.

      Ауысымнан кейінгі (рейстен кейінгі) медициналық қарап-тексерулер жұмыс ортасы мен еңбек процесінің зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторларының жұмыскерлердің денсаулық жағдайына әсер ету, жіті кәсіптік ауру немесе улану белгілерін, алкогольдік, есірткілік немесе өзге де уыттық мастық белгілерін анықтау мақсатында жұмыс күні (ауысым, рейс) аяқталған соң жүргізіледі.

      4. Зиянды және (немесе) қауіпті өндірістік факторлардың, жұмысқа орналасқан кезде орындау кезінде міндетті алдын ала медициналық қарап-тексерулер және мерзімдік міндетті медициналық қарап-тексерулер жүргізілетін кәсіптер мен жұмыстардың тізбесін уәкілетті орган бекітеді.

      5. Жұмыс берушілер Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда, машиналар мен механизмдерде жұмыс істейтін жұмыскерлердің ауысым алдындағы (рейс алдындағы), ауысымнан кейінгі (рейстен кейінгі) міндетті медициналық қарап-тексерулерден уақтылы өтуін өз қаражаты есебінен қамтамасыз етеді.

      Халықтың декреттелген тобы міндетті медициналық қарап-тексерулерден өз қаражаты есебінен не тараптардың келісімі бойынша жұмыс берушінің қаражаты есебінен өтеді.

      6. Міндетті медициналық қарап-тексерулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ оларды жүргізу тәртібі мен мерзімділігін, зертханалық және функционалдық зерттеулердің көлемін, медициналық қарсы көрсетілімдерді уәкілетті орган айқындайды.

      7. Жұмыс берушілер жұмыскерлердің медициналық қарап-тексерулерден өтуі үшін жағдай жасайды, сондай-ақ жұмыскерлерді олардан өту үшін жұмыс уақыты кезеңінде жұмыс орнын (лауазымын), жалақысын сақтай отырып, кедергісіз босатуға міндетті.

      8. Жұмыс берушілер міндетті медициналық қарап-тексерулерден өтпеген және денсаулық жағдайы бойынша жұмысқа жарамсыз деп танылған адамдарды жұмысқа жібермейді. Міндетті медициналық қарап-тексерулердің нәтижелері жеке медициналық кітапшаларға енгізіледі.

      9. Жеке медициналық кітапшаларды беру, есепке алу және жүргізу тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.

      10. Профилактикалық медициналық қарап-тексерулер балалар арасында жүргізіледі және кейіннен динамикалық байқау және сауықтыру арқылы аурулардың пайда болуының алдын алуға және оларды ерте диагностикалауға бағытталған медициналық және өзге де іс-шаралар кешенін қамтиды.

      11. Мектепке дейінгі, мектеп жасындағы балаларды, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының білім алушыларын қоса алғанда, халықтың нысаналы топтарына профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді жүргізу қағидаларын, көлемі мен мерзімділігін уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      12. Профилактикалық және міндетті медициналық қарап-тексерулердің жүргізілуі мен олардан өтудің уақтылылығын, сапасын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бақылайды.

87-бап. Скринингтік зерттеулер

      1. Скринингтік зерттеулер халықтың нысаналы топтары арасында ауруларды ерте сатыларда анықтау және аурулар дамуының, аурулардың пайда болуына ықпал ететін тәуекел факторларының алдын алу, халықтың денсаулығын қалыптастыру және нығайту мақсатында жүргізіледі.

      2. Скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтары скринингтік зерттеулерден уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, көлемде және осы зерттеулерді жүргізу мерзімділігімен өтуге тиіс.

      3. Жүргізілген скринингтік зерттеулердің нәтижелерін осы зерттеулерді жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілері электрондық денсаулық паспортына енгізеді.

      4. Жұмыс берушілер осы қарап-тексерулерге жататын адамдарға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде скринингтік зерттеулерден өту үшін жағдайлар жасайды, сондай-ақ жұмыскерлерді олардан өту үшін жұмыс уақыты кезеңінде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыс орнын (лауазымын), орташа жалақысын сақтай отырып, кедергісіз босатады.

      5. Скринингтік зерттеулердің уақтылылығы мен сапасын медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган бақылайды.

88-бап. Динамикалық байқау

      1. Динамикалық байқау созылмалы аурулары бар пациенттерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жүзеге асырылады.

      2. Динамикалық байқауға жататын созылмалы аурулардың тізбесін уәкілетті орган бекітеді.

      3. Созылмалы аурулары бар адамдарға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру қағидаларын, байқаудың мерзімділігі мен мерзімдерін, диагностикалық зерттеулердің міндетті минимумы мен еселігін уәкілетті орган бекітеді.

89-бап. Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама

      1. Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жеке тұлғаның еңбекке жарамсыздығын ресми тану және оны ауыру кезеңіне еңбек міндеттерін орындаудан уақытша босату мақсатында жүргізіледі.

      2. Еңбекке уақытша жарамсыздыққа сараптама жүргізу, сондай-ақ еңбекке уақытша жарамсыздық парағын немесе анықтамасын беру тәртібін уәкілетті орган белгілейді.

90-бап. Алғашқы көмек

      1. Алғашқы көмек - бұл оқиға орнында зардап шегушінің өзі (өзіне-өзі көмек көрсету) немесе жақын жердегі басқа адам (өзара көмек) медицина қызметкерлері келгенге дейін жүргізетін, шұғыл жағдайлар кезінде адамның өмірін құтқаруға, асқынулардың алдын алуға арналған, сондай-ақ кезек күттірмейтін жағдай кезінде зардап шегушінің денсаулығы мен өміріне қауіп-қатерді төмендету мақсатындағы жедел базалық іс-шаралар кешені.

      Алғашқы көмекті медициналық білімі жоқ, оның ішінде уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тиісті даярлықтан өткен адамдар көрсете алады.

      2. Қазақстан Республикасының азаматтарын алғашқы көмек көрсету дағдыларына оқыту үшін сертификатталған жаттықтырушыларды даярлауды уәкілетті орган айқындайтын талаптарға сәйкес келетін денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.

      3. Алғашқы көмек курстарынан міндетті түрде өтуге жататын жұмыскерлер контингенті көрсетілген кәсіптер тізбесін, сондай-ақ олардан өту мерзімділігін уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп бекітеді.

      4. Қазақстан Республикасының азаматтарын алғашқы көмек көрсету дағдыларына оқыту қағидаларын, сондай-ақ алғашқы көмек көрсетілетін шұғыл және кезек күттірмейтін жағдайлар тізбесін уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      5. Алғашқы көмек көрсету дағдыларына оқыту бюджет қаражаты, жұмыс берушінің қаражаты немесе Қазақстан Республикасы азаматтарының өз қаражаты есебінен жүргізіледі.

      6. Алғашқы көмек көрсету стандартын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

91-бап. Мектепке дейінгі және мектеп медицинасы

      1. Мектепке дейінгі және мектеп медицинасының қызметі тәрбиеленушілер мен мектеп оқушыларының денсаулығын сақтауға және олардың денсаулық жағдайын динамикалық байқауға бағытталған.

      2. Тәрбиеленушілер мен мектеп оқушыларының денсаулығын сақтау жөніндегі іс-шаралар:

      1) тікелей мектепке дейінгі және оқу орындарында, оның ішінде мамандардың көшпелі бригадаларын тарта отырып, профилактикалық медициналық қарап-тексерулер жүргізуді;

      2) оқу кезеңінде және каникул кезінде сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыруды;

      3) мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарында аурулардың профилактикасына, ұтымды тамақтану қағидаттарын ендіруге және сақтауға, репродуктивтік денсаулықты сақтауға бағытталған денсаулық сақтау технологияларын ендіруді;

      4) психикалық денсаулықты сақтауды, темекі бұйымдарын тұтынудан, психикаға белсенді әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтынудан, сондай-ақ құмар ойындарға патологиялық елігуден туындаған суицидтік мінез-құлық пен тәуелділіктің профилактикасын;

      5) мектеп оқушыларын профилактикалық қарап-тексерулердің нәтижелері бойынша тереңдетілген медициналық зерттеп-қарауға жіберуді;

      6) Ұлттық екпелер күнтізбесіне сәйкес вакцина егуді;

      7) мектеп оқушылары арасында аурулардың профилактикасы, саламатты өмір салтын насихаттау мен қалыптастыру, алғашқы көмек көрсету бойынша оқыту семинарларын, тренингтер мен дәрістер ұйымдастыруды және өткізуді;

      8) білім беру және түсіндіру іс-шараларын жүргізе отырып, ата-аналармен және педагогтарды тәрбиеленушілер мен мектеп оқушыларының денсаулығын сақтауға тартуды;

      9) санитариялық қағидалардың талаптарын сақтауды;

      10) кезек күттірмейтін жағдайлар кезінде жедел медициналық жәрдем көрсететін медицина қызметкерлері келгенге дейін алғашқы көмек көрсетуді қамтиды.

      3. Тәрбиеленушілерге және мектеп оқушыларына медициналық көмекті ұйымдастыруды қызмет көрсету аумағында мектепке дейінгі және орта (бастауыш, негізгі орта, жалпы орта) білім беру ұйымдары орналасқан, медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілері жүзеге асырады.

      4. Мектепке дейінгі және мектеп медицинасының қызметін ұйымдастыруды денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асырады.

92-бап. Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастарға репродуктивтік және психикалық денсаулықты сақтау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну ерекшеліктері

      1. Денсаулық сақтау субъектілері он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастарға медициналық, психикалық-әлеуметтік және заң қызметтерін қамтитын құпия кешенді көмек береді.

      2. Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулықты сақтаудың көрсетілетін қызметтері мен құралдарына қол жеткізуі денсаулық сақтаудың бастапқы буын мамандарының жолдамасынсыз жүзеге асырылады.

      3. Он жастан он сегіз жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар мен жастардың репродуктивтік және психикалық денсаулықты сақтау бойынша медициналық көмекті ұйымдастыру қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

14-тарау. ХАЛЫҚТЫҢ САНИТАРИЯЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ САЛАМАТТЫЛЫҒЫ САЛАСЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТ

93-бап. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жүйесі

      Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің бірыңғай жүйесіне:

      1) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган және оның аумақтық бөлімшелері;

      2) өзге де мемлекеттік органдардың халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшелері;

      3) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар кіреді.

94-бап. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау

      1. Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің жұмысы болып табылады және мыналарды қамтиды:

      1) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарын негіздеу жөніндегі бірыңғай талаптарды әзірлеу және олардың әзірленуін бақылау;

      2) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарын әзірлеу (қайта өңдеу), сараптау, бекіту және жариялау;

      3) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарын зерделеу, қолдану практикасын қорыту, қолданылуын бақылау;

      4) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарының бірыңғай деректер банкін қалыптастыру және жүргізу;

      5) санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарын жалпыға бірдей қабылданған халықаралық талаптармен үндестіру.

      2. Санитариялық қағидалар, гигиеналық нормативтер, техникалық регламенттер, Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларға қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптары, нұсқаулықтар, әдістемелік ұсынымдар, әдістемелік нұсқаулар, әдістемелер, бұйрықтар, қағидалар мен стандарттар санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттары болып табылады.

      3. Санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесінің құжаттарын әзірлеу мен бекіту тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.

      4. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге санитариялық қағидалар, гигиеналық нормативтер, қағидалар, техникалық регламенттер және Еуразиялық экономикалық одақтың тауарларға қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптары жатады.

      5. Мемлекеттік органдар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мәселелерге қатысты нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу мен бекіту кезінде оларды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісуге міндетті.

95-бап. Санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

      1. Санитариялық қағидалар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауға жататын объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды белгілейді және мыналарға:

      1) объектіні салу үшін жер учаскесін таңдауға;

      2) жаңа объектілерді жобалауға, салуға, қолданыстағыларын реконструкциялауға, қайта жабдықтауға, қайта жоспарлауға және кеңейтуге, объектілерді жөндеуге және пайдалануға беруге;

      3) өндірістік, қоғамдық, тұрғын және басқа да үй-жайларды, ғимараттарды, құрылысжайларды, жабдықты, көлік құралдарын күтіп-ұстау мен пайдалануға;

      4) объектілерді сумен жабдықтауға, су бұруға, жылумен жабдықтауға, жарықтандыруға, желдетуге, ауабаптауға;

      5) шикізатты қабылдауға, сақтауға, қайта өңдеуге (өңдеуге);

      6) тағамдық өнімдерді өндіру, өлшеп орау, тасымалдау, сақтау, өткізу, кәдеге жарату, темекі өнімін кәдеге жарату жағдайларына;

      7) иммунологиялық дәрілік препараттарды (иммундық-биологиялық дәрілік препараттарды) өндіру, өлшеп орау, тасымалдау, сақтау, өткізу, кәдеге жарату және жою жағдайларына;

      8) ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттарды (оның ішінде уытты, радиоактивті, биологиялық және химиялық заттарды, улар мен улы заттарды, биологиялық және микробиологиялық организмдер мен олардың токсиндерін, биологиялық заттар мен материалдарды) қолдануға және пайдалануға, кәдеге жаратуға, тасымалдауға, сақтауға, көмуге және олармен жұмыс істеу жағдайларына;

      9) адамға әсер ететін физикалық факторлардың көздерімен жұмыс істеу жағдайларына;

      10) дәрілік заттарды өнеркәсіптік өндіру жағдайларына;

      11) өндірістік-техникалық мақсаттағы өнімге;

      12) шаруашылық-тұрмыстық және гигиеналық мақсаттағы тауарларға және оларды өндіру, кәдеге жарату технологияларына және жоюға;

      13) халықтың әртүрлі топтарын тәрбиелеу, оқыту, олардың өмір сүруі және өндірістік практикасы, дене бітімінің дамуы, еңбек етуі, демалуы, тамақтануы, сумен жабдықталуы және медициналық қызмет көрсетілуі жағдайларына;

      14) білім беру ұйымдарындағы оқу-еңбек жүктемесі мен сабақтар режиміне;

      15) медициналық бұйымдарды стерилизациялау мен дезинфекциялауды жүргізу жағдайларына;

      16) халықтың арнайы (балалар, диеталық емдік және диеталық профилактикалық), емдік-профилактикалық, қоғамдық тамақтануын ұйымдастыруға;

      17) су көздеріне (шаруашылық-ауызсу мақсаттары үшін су жинау орындарына), шаруашылық-ауызсумен жабдықтауға және мәдени-тұрмыстық су пайдалану орындарына және су объектілерінің қауіпсіздігіне;

      18) өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге;

      19) дезинфекция, дезинсекция және дератизация құралдарын, жабдықты, материалдар әзірлеуді, сынауды, дайындауды, өндіруді, сақтауды, тасымалдауды, өткізуді, қолдануды, дезинфекциялық қызмет объектілерін күтіп-ұстау мен пайдалануды, сондай-ақ жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің тиімділігі мен қауіпсіздігін бақылауды қамтитын жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;

      20) жолаушыларды тасымалдау жағдайларына;

      21) объектілерді таратуға, консервациялауға, қайта бейіндеуге;

      22) өндірістік бақылауды жүзеге асыруға;

      23) еңбек, тұрмыстық қызмет көрсету, медициналық қамтамасыз ету, арнайы диеталық емдік және диеталық профилактикалық тамақтану жағдайларына;

      24) халықты гигиеналық тәрбиелеуге және оқытуға;

      25) санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруға және жүргізуге, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғауды жүзеге асыруға, инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын науқастарға қатысты шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізуге, халықты медициналық қарап-тексерулерді, оларға профилактикалық екпелерді жүргізуге;

      26) санитариялық қорғау аймақтары мен санитариялық-қорғаныш аймақтарына, санитариялық бөліктерге;

      27) жұмыс орындарындағы шудың тұрғын үй, қоғамдық ғимараттардың үй-жайларындағы және тұрғын үй құрылыс салу аумағындағы шудың жол берілетін деңгейінің оңтайлы деңгейлеріне;

      28) халыққа профилактикалық екпелерді ұйымдастыруға және жүргізуге, иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністер жағдайларын тергеп-тексеруге;

      29) инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарының аумағында, сондай-ақ инфекциялық аурулардың ошақтарында дезинфекцияны, дезинсекцияны және дератизацияны ұйымдастыруға және жүргізуге қойылатын талаптарды қамтиды.

      2. Гигиеналық нормативтер зиянды заттардың (химиялық, биологиялық), физикалық әсерлердің жол берілетін шекті шоғырлануының, радиациялық әсердің жол берілетін деңгейлерінің нормативтерін белгілейді, оларды сақтау адамға өмір сүру үшін қолайлы және денсаулыққа қауіпсіз мекендеу жағдайларын қамтамасыз етеді.

      3. Гигиеналық нормативтер:

      1) жұмыс аймағының микроклиматына, ауа алмасуына, ауасына, өндірістік, тұрғын және басқа да үй-жайлардың, өнеркәсіптік құрылыс салу аумағының физикалық факторларына;

      2) өнімнің (тауарлардың) және мекендеу ортасының радиациялық, химиялық, микробиологиялық, токсикологиялық, паразитологиялық қауіпсіздігіне;

      3) қалалық және ауылдық елді мекендердегі, өнеркәсіп ұйымдарының аумақтарындағы атмосфералық ауаға;

      4) қоршаған ортаға зиянды заттардың физикалық факторларына, жол берілетін шекті шығарындылары мен жол берілетін шекті төгінділеріне;

      5) өнімнің, технологиялық жабдықтың жаңа түрлеріне, процестерге белгіленеді.

15-тарау. ИНФЕКЦИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ ЕМЕС АУРУЛАРДЫҢ ПРОФИЛАКТИКАСЫ

1-параграф. Инфекциялық аурулардың профилактикасы

96-бап. Халықты гигиеналық оқыту

      1. Халықтың декреттелген тобын гигиеналық оқыту - инфекциялық және паразиттік, кәсіптік аурулардың профилактикасы, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілер (объектілерді күтіп-ұстау, пайдалану және орналастыру, жеке және қоғамдық гигиенаны сақтау) бойынша білім алушылардың кәсіптеріне сәйкес оқыту.

      Гигиеналық оқытуға жататын халықтың декреттелген тобының тізбесін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.

      2. Гигиеналық оқыту үшін ақы төлеуді декреттелген адамдар дербес не тараптардың келісімі бойынша жұмыс беруші жүзеге асырады.

      3. Халықтың декреттелген тобына гигиеналық оқытуды жүргізудің сапасын бақылауды мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары:

      1) қызметінің басталғаны және тоқтатылғаны туралы хабарламаларды мониторингтеу;

      2) гигиеналық оқытуды жүргізу тәртібі мен бағдарламасының сақталуын тексеру;

      3) тексерулер, профилактикалық бақылау мен қадағалау барысында декреттелген топқа жататын адамдардың білімін тексеру арқылы жүзеге асырады.

97-бап. Гигиеналық оқыту жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын талаптар

      1. Халықтың декреттелген топтарын гигиеналық оқыту жөніндегі қызметті санитариялық-гигиеналық (медициналық-профилактикалық) бейіндегі жоғары білімі бар жеке тұлғалар немесе заңды тұлғалардың өкілдері жүзеге асырады.

      2. Жеке және заңды тұлғалар гигиеналық оқытуды жүргізу жөніндегі қызмет басталғанға дейін және тоқтатылғаннан кейін бұл туралы "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесін хабардар етуге міндетті.

      3. Гигиеналық оқыту жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалар:

      1) оқытудың сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуге;

      2) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді сақтауға;

      3) оқытуды халықтың декреттелген топтарының кәсіптеріне сәйкес келетін, оқыту бағдарламаларына сәйкес мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарының негізінде жүргізуге;

      4) гигиеналық оқытуды жүргізу тәртібін сақтауға;

      5) халықтың әртүрлі декреттелген топтарын гигиеналық оқытуды біріктіруге жол бермеуге міндетті.

98-бап. Туберкулез профилактикасы

      1. Туберкулез профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:

      1) халық арасында туберкулездің таралуына эпидемиологиялық қадағалау жүргізу;

      2) Ұлттық екпелер күнтізбесіне сәйкес вакцина егуді қамтитын өзіндік ерекшелікті профилактика;

      3) туберкулезді ерте анықтау;

      4) активті туберкулезді және латентті туберкулез инфекциясын емдеу;

      5) қоршаған ауа арқылы мекендеу ортасына туберкулез қоздырғышының берілуін болғызбауға бағытталған инфекциялық бақылау шаралары кешенін қолдану;

      6) әлеуметтік профилактика: халықтың тұрғын үй-тұрмыстық өмір сүру жағдайларын және тамақтану сапасын жақсарту; психикаға белсенді әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтынуға, темекі шегуге қарсы күрес; халыққа тұрмыста жеке гигиена дағдыларын сіңіру; дене шынықтыру мен спортты дамыту;

      7) халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы туберкулез бойынша эпидемиялық ахуал туралы және профилактика шаралары туралы ақпарат беру;

      8) халықтың әртүрлі топтары үшін туберкулездің профилактикасы жөніндегі ақпараттық материалдарды әзірлеу мен тарату, оның ішінде әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарату;

      9) үкіметтік емес ұйымдар арқылы мемлекеттік әлеуметтік гранттар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орналастыру және іске асыру арқылы жүзеге асырылады.

      2. Туберкулез профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

99-бап. АИТВ инфекциясының профилактикасы

      1. АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:

      1) халық арасында, оның ішінде халықтың негізгі топтары арасында АИТВ инфекциясының таралуына эпидемиологиялық қадағалау жүргізу;

      2) халықтың әртүрлі топтарына ақпараттық материалдар, әлеуметтік желілер және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы АИТВ инфекциясы мәселелері жөнінде ақпарат беру;

      3) АИТВ инфекциясының профилактикасы мәселелерін білім беру жүйесіне және жұмыс орындарында интеграциялау;

      4) сенім пункттерінде, достық кабинеттерінде халықтың негізгі топтарына емдеу-профилактикалық көрсетілетін қызметтерді ұсыну арқылы жүзеге асырылады.

      Достық кабинеті - АИТВ инфекциясын жұқтырғандарға және халықтың негізгі топтарына жыныстық жолмен берілетін инфекциялық аурулар кезінде еріктілік және құпиялылық қағидаттары бойынша тегін негізде профилактикалық және емдік-диагностикалық көмек берудің арнайы ұйымдастырылған пункті;

      5) үкіметтік емес ұйымдар арқылы мемлекеттік әлеуметтік гранттар мен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстарды орналастыру және іске асыру;

      6) донорлықтың және трансплантаттаудың, сондай-ақ халыққа тері қабаттары мен сілемейқабық бүтіндігінің бұзылуымен байланысты қызметтер көрсету кезінде инфекциялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      7) АИТВ инфекциясының анадан ұрыққа және балаға берілуінің алдын алу;

      8) қатынасуға дейінгі және қатынасудан кейінгі профилактиканы ұсыну;

      9) АИТВ инфекциясының берілу тәуекелін төмендету үшін диагноз қойылған кезден бастап антиретровирустық терапияны ұсыну арқылы жүзеге асырылады.

      2. АИТВ инфекциясының профилактикасы жөніндегі іс-шараларды жүргізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

100-бап. Медициналық қалдықтардың айналысы

      1. Медициналық қалдықтар медициналық қызметтер көрсету және медициналық манипуляциялар жүргізу процесінде пайда болатын өндіріс және тұтыну қалдықтарының бір түріне жатады.

      2. Медициналық қалдықтар қауіптілік дәрежесі бойынша қауіптіліктің 5 сыныбына бөлінеді:

      1) А сыныбы - тұрмыстық қатты қалдықтарға ұқсас, қауіпті емес медициналық қалдықтар;

      2) Б сыныбы - қауіпті (эпидемиологиялық жағынан) медициналық қалдықтар;

      3) В сыныбы - төтенше (эпидемиологиялық жағынан) қауіпті медициналық қалдықтар;

      4) Г сыныбы - құрамы бойынша өнеркәсіптік қалдықтарға жақын, токсикологиялық қауіпті медициналық қалдықтар;

      5) Д сыныбы - радиоактивті медициналық қалдықтар.

      Б - Д сыныптарының медициналық қалдықтары қауіпті қалдықтар болып табылады.

      3. Медициналық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сақтауға, залалсыздандыруға, пайдалануға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган бекітетін санитариялық қағидаларда айқындалады.

      4. Қалдықтардың меншік иелері Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға медициналық қалдықтарды Өндіріс және тұтыну қалдықтарының мемлекеттік кадастрына енгізу үшін олармен жұмыс істеу саласындағы жыл сайынғы есеп (бұдан әрі - есеп) түрінде ақпарат береді.

      5. Медициналық қалдықтар жөніндегі ақпарат жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 1 наурызға дейін электрондық және (немесе) қағаз жеткізгіштерде беріледі.

      6. Қалдықтардың меншік иелері есептер деректерінің толықтығын, үздіксіздігін және анықтығын қамтамасыз етеді.

      7. Медициналық қалдықтар жөніндегі ақпаратты беру тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.

101-бап. Медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, көму және (немесе) пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғаларға қойылатын талаптар

      1. Медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, пайдалану жөніндегі қызметті жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.

      2. Медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, көму және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар қызмет басталғанға дейін Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен рұқсат беру құжаттарын алуға міндетті.

      3. Медициналық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сақтау, залалсыздандыру, көму және пайдалану жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғаларға қойылатын біліктілік талаптарын халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.

102-бап. Санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар

      1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуы мен таралуының, халықтың улануының алдын алу мақсатында санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғауды жүзеге асыру, инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын адамдарға қатысты шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізу бойынша, халықтың декреттелген тобына жататын адамдарды және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін адамдарды медициналық қарап-тексерулерді, профилактикалық екпелерді, гигиеналық оқытуды жүргізу бойынша іс-шаралар жүргізіледі.

      2. Санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шаралар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің әзірленетін құжаттарына енгізілуге жатады.

      3. Инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын адамдар, сондай-ақ инфекциялық және паразиттік аурулармен ауырады деп күдік туғызатын адамдар, бактерия таратушылар оқшаулануға және (немесе) емделуге, ал олармен қарым-қатынаста болған адамдар - медициналық байқауға алынуға және қажет болған кезде оқшаулануға және (немесе) емделуге жатады.

      4. Айналасындағыларға қауіп төндіретін созылмалы инфекциялық және паразиттік аурулармен (АИТВ инфекциясын жұқтырғандарды қоспағанда) ауыратын адамдар, созылмалы бактерия таратушылар Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмыстан уақытша шеттетілуге жатады.

103-бап. Қазақстан Республикасының аумағын санитариялық қорғау

      1. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде (санитариялық-карантиндік пункттерде) санитариялық-карантиндік бақылауды халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшелері жүргізеді.

      2. Әкелуге тыйым салынған қауіпті жүктер мен тауарларды, сондай-ақ санитариялық-карантиндік қадағалау жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының аумағына әкелу инфекциялық аурулардың немесе жаппай инфекциялық емес аурулар мен уланулардың пайда болу және таралу қаупін төндіретіні белгіленген жүктер мен тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге жол берілмейді.

      3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде жүк пен тауарды, жолаушыларды радиологиялық бақылауды Қазақстан Республикасының мемлекеттік кіріс органдары жүргізеді.

104-бап. Эпидемиялардың, инфекциялық аурулардың пайда болу қаупі төнген жағдайда шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізу жағдайлары

      1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың Қазақстан Республикасының аумағына әкеліну және (немесе) Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралу қаупі төнген жағдайда, Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасымен тұспа-тұс келетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерінде немесе Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметтің және халықтың өмір сүруінің ерекше жағдайларымен шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізеді.

      2. Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) инфекциялық және паразиттік аурулардың таралу қаупі төнген жағдайда, бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметтің және халықтың өмір сүруінің ерекше жағдайларымен шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантин енгізеді.

      3. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің немесе тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің (көліктегі) бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен, сондай-ақ өзге де мемлекеттік органдардың ведомстволық объектілерінде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің шешімімен енгізіледі (күшін жояды).

      Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысы бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға (таратылуға) және міндетті түрде орындалуға жатады.

      4. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген жағдайларда, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, жеке және заңды тұлғалардың қызметін үйлестіру жөніндегі жедел басшылық төтенше ахуалдардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияға және төтенше ахуалдар жөніндегі аумақтық комиссияларға жүктеледі.

      5. Шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді жүзеге асыру тәртібін және пайда болу және таралу қаупі төнген кезде шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілетін инфекциялық аурулардың тізбесін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілейді.

      6. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин уәкілетті орган белгілейтін, Қазақстан Республикасының аумағына шетелден инфекциялық аурулардың әкеліну және (немесе) инфекциялық аурулар жағдайларының пайда болу тәуекелдерін айқындаудың өлшемшарттарына сәйкес аумақтық ерекшеліктерге, жұқпалылыққа, берілу жолдарына, өлім деңгейіне және инфекциялық аурулар таралуының басқа да эпидемиялық мәні бар факторларына қарай енгізіледі.

      7. Шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин мыналарды:

      1) Қазақстан Республикасының аумағына шетелден кіруді (Қазақстан Республикасының аумағынан шығуды) және жекелеген өңірлерде (облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада) көлік құралдарының (әуе, теміржол, автомобиль көлігінің) жүріп-тұруын шектеуді;

      2) кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызмет объектілерінің қызметін шектеуді;

      3) бейбіт жиналыстарды, ойын-сауық, спорттық, діни және басқа да бұқаралық іс-шараларды, сондай-ақ бала тууға, үйлену тойына, қазаға байланысты отбасылық ғұрыптарды ұйымдастыруға және өткізуге шектеу қоюды;

      4) Қазақстан Республикасының аумағында халықтың пайдалануы мен қолдануына, сондай-ақ кәсіпкерлік және (немесе) өзге де қызметте пайдалану мен қолдануға арналған өнімдерді өндіруге, әкелуге, әкетуге, қолдануға және өткізуге шектеу қоюды;

      5) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде жанаспайтын термометрияны, зертханалық зерттеп-қарауды жүргізуді және қажет болған жағдайда инфекциялық аурулар бойынша қолайсыз елдерден келетін адамдарды оқшаулауды;

      6) инфекциялық аурулармен ауыратындарды зертханалық зерттеп-қаралуға, оқшаулануға және емдеуге жатқызуға (немесе үйде оқшаулануға), медициналық байқауға алынуға, емделуге жіберуді;

      7) инфекциялық ауруларды таратудың ықтимал көздері болып табылатын адамдарды, инфекциялық науқастармен байланыста болған адамдарды, сондай-ақ инфекциялық ауруға күдікті адамдарды зертханалық және медициналық зерттеп-қаралуға және оқшаулануға жіберуді;

      8) инфекциялық аурулардың жеке және ұжымдық профилактикасы шараларын қолдануды;

      9) үй-жайларда және көлік құралдарында, аумақтарда, инфекциялық аурулар ошақтарында профилактикалық және ошақтық дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізуді қамтиды.

105-бап. Инфекциялық, паразиттік аурулар және (немесе) улану оқиғаларын тіркеу және тергеп-тексеру

      1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың және (немесе) уланудың, иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністердің барлық оқиғалары олардың анықталған жері бойынша денсаулық сақтау субъектілерінің тіркеуіне, санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдары мен ұйымдарының мемлекеттік есепке алуына және есептілік жүргізуіне жатады.

      2. Инфекциялық және паразиттік аурулар және (немесе) халықтың улану оқиғалары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган мамандарының тергеп-тексеруіне жатады.

      3. Инфекциялық, паразиттік аурулар және (немесе) улану оқиғаларын, иммундаудан кейінгі қолайсыз көріністерді тіркеу және тергеп-тексеру, есепке алу мен есептілігін жүргізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізіледі.

      4. Халық арасында АИТВ инфекциясын жұқтыру оқиғаларын тергеп-тексеруді уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен АИТВ инфекциясының профилактикасы саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің мамандары жүргізеді.

      5. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері шұғыл хабархат келіп түскен күннен бастап күнтізбелік жеті күн ішінде инфекциялық және паразиттік аурулар және (немесе) халықтың улану оқиғаларын эпидемиологиялық тергеп-тексеруді жүргізеді.

      6. Әскерлерде, бөлімшелерде және ведомстволық ұйымдарда карантиндік және аса қауіпті аурулар тіркелген жағдайда, уәкілетті орган бекітетін эпидемиологиялық тергеп-тексерулер жүргізу мерзімдері, тіркелген жеріне қарай халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын өзге де мемлекеттік органдардың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің шешімімен өзгертілуі мүмкін.

106-бап. Кәсіптік аурулар және (немесе) улану оқиғаларын тіркеу және тергеп-тексеру

      1. Кәсіптік аурулардың және (немесе) уланудың, оның ішінде жұмыскердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін не жұмыс берушінің мүддесі үшін өз бастамасы бойынша өзге де әрекеттерді орындауына байланысты жұмыскерге зиянды өндірістік факторлардың әсер етуіне байланысты кәсіптік ауруларға және (немесе) улануға күдіктенудің барлық оқиғалары уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен олардың анықталған жері бойынша денсаулық сақтау субъектілерінің тіркеуіне жатады.

      2. Кәсіптік аурулар және (немесе) улану оқиғалары кәсіптік патология және сараптама саласында мамандандырылған медициналық көмек көрсететін мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында есепке алынуға және санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органдары мен ұйымдарының мемлекеттік есепке алуына және есептілік жүргізуіне жатады.

      3. Жұмыскердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін не жұмыс берушінің мүддесі үшін өз бастамасы бойынша өзге де әрекеттерді орындауына байланысты жұмыскерге зиянды өндірістік факторлардың әсер етуіне байланысты кәсіптік аурулар және (немесе) улану оқиғалары тергеп-тексерілуге жатады.

      4. Жұмыс беруші жұмыскердің өз еңбек (қызметтік) міндеттерін не жұмыс берушінің мүддесі үшін өз бастамасы бойынша өзге де әрекеттерді орындауына байланысты кәсіптік аурулардың және (немесе) уланудың барлық оқиғалары туралы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген нысан бойынша бір тәулік ішінде дереу хабарлайды.

      5. Өндірістегі кәсіптік ауруларды және (немесе) улануды тергеп-тексеруді ұйымдастыру үшін жұмыс беруші жауаптылықта болады.

      6. Жұмыс беруші кәсіптік ауруларды және (немесе) улануды тергеп-тексеруді жүргізу үшін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның лауазымды адамдарын кедергісіз кіргізеді.

      7. Іссапарға жіберілген жұмыскерлермен болған кәсіптік аурулар және (немесе) улану оқиғаларын тергеп-тексеруді ұйымдастыру жұмыс беруші өкілінің қатысуымен, жұмыскер іссапарға жіберілген заңды тұлғаға жүктеледі.

      8. Сараптама қорытындысын талап ететін мәселелерді шешу үшін кәсіптік ауруларды және (немесе) улануды тергеп-тексеру жөніндегі комиссияның жұмысына жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік патология және сараптама саласында мамандандырылған медициналық көмек көрсететін ғылыми-зерттеу ұйымдарының және (немесе) денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары тартылады.

      9. Тергеп-тексеру кезінде осы кәсіптік ауруды туындатқан зиянды өндірістік фактормен қатынасы жоқ адамдарда, оның ішінде жұмыс істемейтін адамдарда созылмалы кәсіптік аурудың және (немесе) уланудың пайда болу мән-жайлары мен себептерін тергеп-тексеру барлық жұмыс берушілердің әрбір жұмыс берушідегі зиянды жағдайлардағы жұмыс өтіліне пропорционалды жауапкершілігі ескеріле отырып, зиянды өндірістік факторы бар бұрынғы жұмыс орны бойынша жүргізіледі.

      10. Режимдік объектілерде еңбек қызметіне байланысты кәсіптік ауруларды және (немесе) улануды тергеп-тексеру шарттары осы объектілерде болу үшін оған кіру ерекшеліктері ескеріле отырып айқындалады.

107-бап. Дезинфекция, дезинсекция және дератизация

      1. Инфекциялық және паразиттік аурулардың пайда болуының, таралуының алдын алу мақсатында жеке және заңды тұлғалар өз қаражаты есебінен мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық нормалау құжаттарына сәйкес жүйелі негізде профилактикалық, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша дезинфекция, дезинсекция және дератизация жүргізуге міндетті.

      2. Эпидемиялық төтенше ахуалдар туындаған кезде халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның ұсынуы бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының шешімімен бюджет қаражаты есебінен кезектен тыс міндетті дезинфекция, дезинсекция немесе дератизация жүргізіледі.

      3. Профилактикалық дезинсекция мен дератизацияны (инфекциялық аурулардың табиғи ошақтарының аумағындағы, сондай-ақ инфекциялық аурулардың ошақтарындағы дезинсекция мен дератизацияны қоспағанда) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жүргізеді.

      4. Адамның инфекциялық және паразиттік аурулары ошақтарындағы және инфекциялық және паразиттік аурулардың табиғи ошақтарындағы ошақтық дезинфекцияны, дезинсекцияны, дератизацияны инфекциялық және паразиттік аурулардың профилактикасы және (немесе) оларды жою мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары мен медициналық ұйымдар жүргізеді.

2-параграф. Инфекциялық емес аурулардың профилактикасы

108-бап. Инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде кәсіптік аурулардың және жарақаттанудың профилактикасы

      1. Инфекциялық емес аурулардың, оның ішінде кәсіптік аурулардың профилактикасы:

      1) аурулар тәуекелінің мінез-құлық факторларының профилактикасын және мыналар:

      саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды насихаттау;

      аурулардың профилактикасы мәселелері бойынша оқыту бағдарламаларын ендіре отырып, халықты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар ету жолымен халықтың хабардар болуын арттыруды;

      2) созылмалы инфекциялық емес ауруларды басқару бағдарламаларын ендіруді;

      3) медициналық-санитариялық алғашқы көмек мамандарының бекітілген халықтың аурулары тәуекелі факторлары, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік органдар мамандарының - жұмыскерлердің еңбекке қабілеттілікті уақытша жоғалтатын кәсіптік аурулары мониторингін;

      4) мемлекеттік органдардың өз өкілеттіктері шегінде, өзге де органдар мен ұйымдардың, сондай-ақ дара кәсіпкерлердің аурулар тәуекелінің өндірістік факторларының әсерін барынша азайтуды және өндірістік зиянды және (немесе) қауіпті факторлардың бағалануын ескере отырып, олардың әсер етуі салдарынан денсаулық үшін тәуекелдерін бақылауды;

      5) халыққа скринингтік зерттеулер, профилактикалық медициналық қарап-тексерулер жүргізу, ерте қаралуға ынталандыру арқылы созылмалы инфекциялық емес, оның ішінде кәсіптік аурулары бар адамдарды анықтауды;

      6) Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етуді, медициналық оңалтуды қоса алғанда, созылмалы, оның ішінде кәсіптік аурулары бар адамдарды динамикалық байқауды және уақтылы сауықтыруды;

      7) денсаулық жағдайы бойынша медициналық қорытындыда көрсетілген мерзімге уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен неғұрлым жеңіл жұмысқа уақытша ауыстыруды қамтиды.

      2. Жарақаттану мен кәсіптік аурулар профилактикасын сектораралық деңгейде өз өкілеттіктері шегінде мемлекеттік органдар, жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.

      3. Ұйымның медицина қызметкерінің:

      1) еңбек гигиенасы жөнінде, жұмыскерлердің кәсіптік қызметімен және еңбек жағдайларымен байланысты кәсіптік аурулар туралы білімі болуы;

      2) еңбекке қабілеттілікті уақытша жоғалтатын сырқаттанушылыққа талдау жүргізуі;

      3) міндетті алдын ала және кезеңдік медициналық қарап-тексерулерге жататын жұмыскерлердің кәсіптік қызметінің және еңбек жағдайының сипаттамасын міндетті медициналық қарап-тексерулер жүргізуді жүзеге асыратын медициналық ұйымға беруі міндетті.

109-бап. Психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктің профилактикасы

      1. Психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктің профилактикасы:

      1) психикаға белсенді әсер ететін заттардың зияны, сондай-ақ оларды тұтынудың медициналық-әлеуметтік-құқықтық аспектілері туралы білімді насихаттауды;

      2) есірткіні, психотроптық заттар мен сол тектестерді, оның ішінде оларды әзірлеу, дайындау және пайдалану тәсілдері, әдістері, алу, өндіру және тарату орындары туралы ақпаратты насихаттауға тыйым салуды;

      3) медицина және фармацевтика қызметкерлері үшін есептелген мамандандырылған баспасөз басылымдарынан басқа, Қазақстан Республикасында бақылауға жататын есірткінің, психотроптық заттар мен прекурсорлардың тізіміне енгізілген есірткі, психотроптық заттар мен сол тектестердің жарнамасына, оның ішінде құрамында есірткі немесе психотроптық заттар бар дәрілік препараттардың үлгілерін жарнамалау мақсатында таратуға тыйым салуды;

      4) психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелді адамдарды ерікті түрде, жасырын емдеуді;

      5) наркологиялық науқастарды ерікті медициналық-әлеуметтік оңалтуды қамтиды.

      2. Психикаға белсенді әсер ететін заттарға тәуелділіктің профилактикасын барлық жеке және заңды тұлға өздерінде бар құқықтар шегінде жүзеге асырады.

110-бап. Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды және алкогольді тұтыну профилактикасы және оны шектеу

      1. Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды, сондай-ақ алкогольді тұтыну профилактикасы және оны шектеу халық денсаулығын оларды тұтыну салдарынан қорғауға және тәуелділіктің, оның ішінде никотинді жеткізу және темекіні, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін, қорқорды тұтыну құралдарының жаңа түрлерінен пайда болатын тәуелділіктің туындауын алдын алуға, темекі бұйымдарын сатып алу құқығы бар адамдар үшін жас шегін енгізуге, халықтың темекі бұйымдары мен алкогольді тұтынуға көзқарасын өмірі мен денсаулығы үшін жоғары тәуекел факторы ретінде қалыптастыруға, халықаралық міндеттемелерге сәйкес алкоголь мен темекі бұйымдарын тұтынудың таралу профилактикасы жөніндегі келісілген іс-қимылдар жүргізуге бағытталған.

      2. Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды:

      1) жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға сатуға;

      2) он сегіз жасқа дейінгі адамдардың сатуына;

      3) темекі бұйымының ашық қораптарынан немесе темекі бұйымдарын даналап сатуға;

      4) сатушының тікелей қатысуынсыз, сауда автоматтары, өзге де электрондық немесе механикалық құрылғылар арқылы;

      5) денсаулық сақтау, білім беру ұйымдарының, дене шынықтыру-сауықтыру, спорттық және спорттық-техникалық құрылысжайлардың, стадиондардың ғимараттары мен аумақтарында;

      6) өнім сапасын растайтын тиісті құжаттарсыз;

      7) темекі бұйымының қорабына акциздік марка жапсырылмаса;

      8) егер темекі бұйымының қорабында жиырма сигареттен кем болса;

      9) темекі бұйымының қорабына, темекі бұйымының қаптамасына орналастырылатын кемінде үш зиянды қосынды -жүйелік улар, канцерогендік және мутагендік заттар туралы мәліметтер темекі бұйымының қорабына, темекі бұйымының қаптамасына жазылмаса;

      10) темекі бұйымының, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдардың, қорқорға арналған темекінің, қорқор қоспасының, темекі қыздыруға арналған жүйелердің қорабына темекі бұйымдарын тұтынудың және никотиннің зияны туралы ескерту жазылмаса;

      11) темекі бұйымының қорабына, тұтыну қаптамасына, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдардың, қорқорға арналған темекінің, қорқор қоспасының, темекі қыздыруға арналған жүйелердің, тұтынудың электрондық жүйелерінің және оларға арналған сұйықтықтардың тұтыну қаптамасына жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға сатуға және он сегіз жасқа дейінгі адамдардың сатуына тыйым салынғаны туралы жазба жазылмаса;

      12) тұтынушыны тікелей немесе жанама түрде жаңылыстыруға алып келетін ақпарат, оның ішінде "құрамында шайыр аз", "жеңіл", "өте жеңіл", "жұмсақ", "экстра", "ультра" деген сөздер не басқа бұйымдармен және (немесе) тұтыну тәсілдерімен салыстырғанда белгілі бір бұйымдар және (немесе) тұтыну тәсілдері зиянының аз екені туралы жалған әсер қалдыратын, сондай-ақ тағамдық өнімдердің (тағамдық қоспалардың), оның ішінде жемістердің, жидектердің, кондитерлік бұйымдардың дәмі бар дегенді білдіретін өзге де сөз тіркестері, оның ішінде шет тілдердегі сөз тіркестері, кез келген терминдер, сипаттамалар, белгілер, символдар немесе өзге де белгіленімдер болса;

      13) басқа да тауарлармен жиынтық құрамда болса;

      14) өзіне-өзі қызмет көрсету сөрелерінен;

      15) балалар ассортименті тауарларымен сауда жүзеге асырылатын сауда ұйымдарының үй-жайларында;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      16) тармақша 01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 07.07.2020 № 360-VI Кодексімен.

      16) темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтарды шығарып және ашық көрсете отырып, сатуға тыйым салынады. Бөлшек сауданың жүзеге асырылуы кезінде темекі өнімі, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдар, қорқорға арналған темекі, қорқор қоспасы, темекі қыздыруға арналған жүйелер, тұтынудың электрондық жүйелері және оларға арналған сұйықтықтар туралы ақпарат сатылатын өнімнің тізбесін орналастыру арқылы сатып алушылардың назарына жеткізіледі, оның мәтіні қандай да бір графикалық бейнелер мен суреттер пайдаланылмай, сатылатын темекі өнімінің бағасы көрсетіле отырып, бір сауда орнына 40х30 сантиметрден аспайтын көлемде ақ фонда қара түсті бірдей өлшемдегі әріптермен орындалады және әліпбилік ретпен жасалады. Сауда объектісінде сатып алушыға темекі өнімін, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды көрсету сатылатын темекі өнімінің, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтардың тізбесімен танысқаннан кейін оның талап етуі бойынша жүзеге асырылуы мүмкін;

      17) теміржол вокзалдарының, автовокзалдардың, әуежайлардың, теңіз порттарының, өзен порттарының аумақтары мен үй-жайларында (бажсыз сауданы қоспағанда), жолаушылар тасымалдау бойынша қызметтер көрсетуге арналған метрополитен станцияларында, тұрғын үй және қонақүй қызметтерін, уақытша орналастыру және (немесе) уақытша тұруды қамтамасыз ету бойынша көрсетілетін қызметтерді, тұрмыстық көрсетілетін қызметтерді ұсынуға арналған үй-жайларда сатуға тыйым салынады.

      3. Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сату жүзеге асырылатын орындарда көрінетін жерде мынадай мазмұндағы: "Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға сатуға тыйым салынады" деген жазба, сондай-ақ темекі шегудің зияны туралы уәкілетті орган бекіткен ескерту орналастырылуға тиіс.

      4. Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сатуды жүзеге асыратын адамдар:

      1) жеке басты куәландыратын құжатты көрсетуді талап етуге;

      2) егер жеке басты куәландыратын құжат көрсетілмесе, темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды сатудан бас тартуға міндетті.

      5. Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынуға:

      1) білім беру ұйымдарының үй-жайлары мен аумағында, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың демалуына арналған ұйымдарда;

      2) денсаулық сақтау ұйымдарының үй-жайларында;

      3) қоғамдық тамақтану пункттерінде;

      4) мәдениет объектілерінде, музейлерде, кітапханаларда және лекторийлерда, кинотеатрларда, театрларда, цирктерде, концерт, көру және көрме залдарында, спорт ұйымдары мен дене шынықтыру-сауықтыру ұйымдарында, спорт ареналарында және көпшіліктің демалуына арналған басқа да құрылысжайларда;

      5) түнгі клубтарда, дискотекаларда;

      6) жергілікті және алыс қатынастағы пойыздарда, әуе, теңіз және өзен көлігі кемелерінде, сондай-ақ қалалық, қала маңындағы және қалааралық автомобиль қоғамдық көлігі салондарында, метрода, жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты және тұрақты емес тасымалдауды жүзеге асыратын жалпыға ортақ пайдаланылатын көлікте, таксиде;

      7) әуежайлардың, теміржол, автомобиль және су вокзалдарының ғимараттарында, қоғамдық көліктің жабық аялдамаларында;

      8) мемлекеттік органдар мен ұйымдарда;

      9) жұмыс орындары және жұмыс аймақтары болып табылатын үй-жайларда;

      10) үйлердің кіреберістерінде;

      11) автожанармай құю станцияларының үй-жайлары мен аумағында;

      12) балалар алаңдарында;

      13) жерасты өткелдерде;

      14) автомобиль көлік құралында кәмелетке толмаған адамдар болған кезде тыйым салынады.

      6. Осы баптың 5-тармағының 3) және 7) тармақшаларында көзделген нормалар, егер темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтыну үшін арнайы жабдықталған орындар бөлінсе, қолданылмайды.

      7. Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтыну үшін арнайы бөлінген орындар халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган белгілеген талаптарға сәйкес жабдықталуға тиіс.

      8. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын, құрамындағы никотин мен шайырлы заттардың шекті жол берілетін деңгейінен асып түсетін шегілетін темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық талаптар белгіленбеген темекі бұйымдарын әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады.

      9. Шегілмейтін темекі бұйымдарын әкелуге, өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады.

      10. Темекі бұйымдарын имитациялайтын тауарларды өндіруге, сатуға және таратуға тыйым салынады.

      11. Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынуға тыйым салынған орындарда, оның ішінде кіретін жерде айыппұл мөлшері көрсетіле отырып, оларды тұтынуға тыйым салу туралы белгілер орналастырылуға тиіс.

      12. Шегілетін темекі бұйымының қорабында, шегілетін темекі бұйымының қаптамасында Еуразиялық экономикалық одақтың Темекі өніміне арналған техникалық регламентінде бекітілген талаптарға сәйкес темекі бұйымдарын тұтынудың зияны туралы ескерту болуға тиіс.

      Темекі бұйымдарының, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдардың, қорқорға арналған темекінің, қорқор қоспасының тұтыну қаптамасында темекі бұйымдарын тұтынудың және никотиннің зияны туралы ескерту болуға тиіс, ол мынадай талаптарға сәйкес келуге:

      1) темекі бұйымы қорабының, темекі бұйымы, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдардың, қорқорға арналған темекінің, қорқор қоспасы қаптамасының ауданы бойынша әрбір үлкен жағының кемінде алпыс бес пайызын алып тұруға;

      2) мөлдір орауыш пленкаға немесе қандай да бір басқа сыртқы орауыш материалға басылмауға;

      3) мәтінді қамтитын түрлі-түсті суреттер (пиктограммалар, графикалар) немесе фотобейнелер түрінде орындалуға тиіс.

      Темекі бұйымдарын тұтынудың және никотиннің зияны туралы ескертулердің эскиздерін уәкілетті орган бекітеді.

      Өндіруші, импорттаушы темекі өнімінің тұтыну қаптамасына ескертулердің эскиздерін олар бекітілген күннен бастап он екі айдан аспайтын мерзімде эскиздерге сәйкес салуды қамтамасыз етуге тиіс.

      Ескертулердің эскиздері темекі өнімінің, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдардың, қорқорға арналған темекінің, қорқор қоспасының тұтыну қаптамаларының тең санына салынады.

      13. Темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, тұтынудың электрондық жүйелерін және сұйықтықтарды өндіруші, импорттаушы темекінің және темекі бұйымдарының, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдардың, тұтынудың электрондық жүйелерінің және оларға арналған сұйықтықтардың барлық маркаларында никотиннің шекті жол берілетін құрамы бойынша зертханалық зерттеулердің нәтижелері туралы есептерді жыл сайын, есепті кезеңнен кейінгі жылдың 1 ақпанына дейін уәкілетті орган бекіткен тәртіппен ұсынуға міндетті.

      14. Темекі бұйымдарындағы, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдардағы, қорқорға арналған темекідегі, қорқор қоспасындағы, тұтынудың электрондық жүйелеріндегі және оларға арналған сұйықтықтардағы никотиннің және басқа да зиянды қосындылардың, канцерогендік және мутагендік заттардың болуын зерттеуді темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды өндіруші, импорттаушы өз қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес аккредиттелген зертханаларда жүргізеді.

      15. Бөлшек саудада:

      1) жиырма бір жасқа дейінгі адамдарға алкогольді өнімді;

      2) мейрамханаларда, барларда және дәмханаларда өткізуді қоспағанда, алкогольді өнімді:

      сағат 23-тен келесі күнгі 8-ге дейін;

      этил спиртінің отыз пайыздан асатын көлемдік үлесі болса, сағат 21-ден келесі күнгі 12-ге дейін;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайларда өткізуге тыйым салынады.

      16. Темекіге, темекі бұйымдарына демеушілік етуге және алкогольді сусындарды имитациялайтын өнімді жарнамалауға тыйым салынады.

      Темекі әкелуді, өндіруді, сатуды және таратуды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қайырымдылық көмек көрсетуіне жол беріледі.

      17. Кәмелетке толмаған адамдардың алкогольді сусындарды, темекі және темекі бұйымдарын, оның ішінде қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, қорқорға арналған темекіні, қорқор қоспасын, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, сондай-ақ тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды тұтынуына тыйым салынады.

      Кәмелетке толмағандардың ата-анасы мен өзге де заңды өкілдері кәмелетке толмаған адамдардың алкогольді сусындарды тұтынғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әкімшілік жауаптылықта болады.

      18. Алкогольді өнімді сату кезінде алкогольді өніммен сауданы жүзеге асыратын адамдар:

      1) жеке басты куәландыратын құжат көрсетуді талап етуге;

      2) егер жеке басты куәландыратын құжат көрсетілмесе, алкогольді өнімді сатудан бас тартуға міндетті.

111-бап. Темір тапшылығы жай-күйінің профилактикасы

      1. Темір тапшылығы анемиясы - организмге тағамдық өніммен темірдің жеткіліксіз түсуінен, организмде темірдің жеткіліксіз қорытылуынан және асқазан-ішек жолдарының, несеп-жыныс жүйесінің және қан жүйесінің кейбір созылмалы аурулары кезінде темірді жоғалтудың ұлғаюынан, темірге деген қажеттіліктің артуынан болатын организмнің патологиялық процесі.

      2. Темір тапшылығы жай-күйінің профилактикасы жөніндегі іс-шаралар:

      1) мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасында байытылған тағамдық өнімдерді өндіруге, әкелуге, әкетуге, өткізуге және айналымының басқа да сатыларындағы қозғалысына қойылатын талаптарды қамтамасыз ету мен сақтауға жауапкершілігі;

      2) халықтың нысаналы топтарын құрамында темір бар препараттармен профилактикалық қамтамасыз ету;

      3) ұнды және өзге де тағамдық өнімдерді құрамында темір бар дәрумендермен, минералдармен және басқа да заттармен байыту (фортификациялау) қағидаттарында жүзеге асырылады.

      3. Қазақстан Республикасының аумағында өткізілетін (айналымдағы) жоғары және бірінші сортты бидай ұны құрамында темір бар дәрумендермен, минералдармен және басқа да заттармен байытуға (фортификациялауға) жатады.

      Міндетті фортификациялауға жататын тағамдық өнімді байыту (фортификациялау) және оның нарығындағы айналысы тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды.

112-бап. Йод тапшылығы ауруларының профилактикасы

      1. Йод тапшылығы аурулары - организмге йодтың жеткіліксіз түсуіне байланысты қалқанша без функциясының бұзылуынан болатын организмнің патологиялық жай-күйі;

      2. Йод тапшылығы ауруларының профилактикасы - мыналарға:

      1) халық денсаулығын қорғауға;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында йод тапшылығы ауруларының профилактикасы жөніндегі келісілген іс-шараларды жүргізуге;

      3) йод қосындыларымен байытылған тағамдық өнімдер өндіруді дамытуға және өткізуге бағытталған йод тапшылығы ауруларының алдын алу жөніндегі іс-шаралар жүйесі.

      3. Йод тапшылығы ауруларының профилактикасы жөніндегі іс-шаралар мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың Қазақстан Республикасында йодталған ас тұзы және жемдік тұзды өндіруге, әкелуге, әкетуге, өткізуге қойылатын талаптарды қамтамасыз етуге және сақтауға жауапкершілігі қағидаттарында жүзеге асырылады.

      4. Тұз өндіруге, оның айналымына және қауіпсіздігіне мынадай талаптар белгіленеді:

      1) мыналарға:

      йодталған тұз қолдануға қарсы көрсетілімдері бар адамдарға;

      өндірісінде йодталмаған тұз қолданылатын жекелеген тағамдық өнім түрлерін өндіруге арналған тұзды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін, онда өндірілетін және (немесе) өткізілетін ас тұзы және жемдік тұз йодталған болуға тиіс.

      Йодталмаған ас тұзын әкелу, өндіру және өткізу тәртібін халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайды;

      2) тұздағы йод құрамының нормалары, оның сапасы, қауіпсіздігі, йодтау әдістері, йод құрамы төмендеген кезде қайта йодтау процесі халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкес келуге тиіс;

      3) осы баптың 4-тармағы 1) тармақшасының екінші және үшінші абзацтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында йодталмаған тұзды өндіруге, әкелуге, сондай-ақ өткізуге тыйым салынады;

      4) жалған тұзды өндіруге, әкелуге, әкетуге және (немесе) өткізуге тыйым салынады.

      5. Йодталған ас тұзына мынадай талаптар қойылады:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында өткізуге арналған йодталған ас тұзы Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес сәйкестігін міндетті растауға жатады;

      2) йодталған ас тұзын Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасына сәйкес берілген сәйкестік сертификатынсыз әкелуге және өткізуге жол берілмейді.

      6. Йод қосындыларымен байытылған тағамдық өнімдерді өндіру, сондай-ақ сақтау, тасымалдау және өткізу шарттары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

      7. Йод қосындыларымен байытылған тағамдық өнімдерді өндіру мен өткізуді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар тұтынушыларға олардың сапасы мен қауіпсіздігіне, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерге сәйкестігіне кепілдік беруге тиіс.

113-бап. Халық денсаулығы және қоршаған орта

      1. Мемлекеттік жоспарлаудың стратегиялық құжаттарын әзірлеу кезінде стратегиялық экологиялық сараптама шеңберінде адам денсаулығына тәуекелдерді бағалау жүргізілуге тиіс.

      2. Қоршаған ортаның жай-күйін жақсарту мақсатында уәкілетті орган қоршаған орта жай-күйінің, оның ішінде үй-жайлар ішінің және ластаушы заттардың халық денсаулығына әсер ету тәуекелдерінің жаңартылған бағалауын дайындау мониторингі жүйесін құрады.

      3. Мемлекеттік органдар және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәртіпке сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізеді.

      Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг нәтижелері (қоршаған орта объектілерінің жай-күйі) Қоршаған орта мен табиғи ресурстар мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесіне енгізіледі.

      4. Жергілікті өкілді органдар қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін бекітеді.

      Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері өңірдің экологиялық проблемалары ескеріле отырып айқындалады және олар ластануды азайту жөніндегі шаралар кешенін әзірлей отырып, атмосфералық ауаның жай-күйі көрсеткіштерін көздейді.

      5. Халықтың хабардар болуын арттыру мақсатында уәкілетті орган атмосфералық ауаның ластану деңгейіне және қоршаған ортаның басқа да факторларына қарай халықтың әрекеттері туралы ұсынымдар әзірлейді және жергілікті атқарушы органдарға жібереді.

      Жергілікті атқарушы органдар халықты атмосфералық ауаның жай-күйі туралы хабарлауды қамтамасыз етеді.

      6. Халық денсаулығы мен қоршаған орта мәселелері мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өзара іс-қимылы шеңберінде қаралады.

      7. Жергілікті атқарушы органдар халықтың демалуы үшін қолайлы жағдайлар жасауды қамтамасыз етеді.

      Халық денсаулығына шудың теріс әсерін азайту мақсатында қатты шу шығаратын, шұғыл қажеттілікпен байланысты емес, жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығына кедергі келтіретін қызмет тұрғын ғимараттардың үй-жайларында және олардың сыртында күндізгі уақытта жүзеге асырылады және тәулігіне 8 сағаттан аспауға тиіс.

      8. Тұрғын ғимараттардың үй-жайларында және тұрғын үй құрылысы аумақтарында қатты шу шығаратын қызмет сағат 22-ден таңғы сағат 9-ға дейін, ойын-сауық орындарында - жұмыс күндері сағат 22-ден таңғы сағат 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23-тен таңғы 10-ға дейін шектеледі.

      Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган шуға санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізуді ұйымдастырады.

      Жергілікті атқарушы органдар санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг нәтижелеріне сәйкес тұрғын кварталдардағы шу карталарын әзірлеуді және оны іске асыруды қамтамасыз етеді.

      9. Аумақтағы эпидемиологиялық жағдайға бағалау жүргізу және халықтың шаруашылық-ауызсу мұқтажы үшін пайдаланатын судың халық денсаулығына әсерінің ықтимал қауіптілігін анықтау мақсатында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган суға санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді.

      Халықтың жеке меншіктегі аумақта орналасқан сумен жабдықтау көздерінен суды шаруашылық-ауызсу мұқтажы үшін пайдалануына су қауіпсіздігінің көрсеткіштері белгіленген гигиеналық нормативтерге сәйкес келген кезде жол беріледі.

114-бап. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг

      1. Халық денсаулығы мен мекендеу ортасының жай-күйіне, оларды талдауға, бағалауға және болжауға, сондай-ақ халық денсаулығының жай-күйі мен мекендеу ортасының әсері арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды анықтауға мемлекеттік байқау жүйесі санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг болып табылады.

      2. Мекендеу ортасының (химиялық, физикалық, биологиялық факторлардың) адам денсаулығына әсері туралы анық ақпарат алу, уланулардың туындауы мен инфекциялық, паразиттік және кәсіптік аурулардың тұтануының алдын алу жөніндегі орындалатын іс-шаралардың тиімділігін бағалау, олардың туындауын болжау мүмкіндігі санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізудің мақсаты болып табылады.

      3. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг және орындалатын іс-шаралардың тиімділігін бағалау санитариялық-эпидемиологиялық нормалаудың мемлекеттік жүйесі құжаттарының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жүргізіледі.

      4. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг зертханалық және аспаптық зерттеулердің (өлшеулердің), инфекциялық, паразиттік, инфекциялық емес және кәсіптік сырқаттанушылық көрсеткіштерінің нәтижелері бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға және қадағалауға жататын объектілер мен өнімдерге, қоршаған орта объектілеріне (топырақ, су, ауа) қатысты жүргізіледі.

      5. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті мемлекеттік органдар және санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ұйымдары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік орган айқындайтын тәртіппен және жиілікпен жүзеге асырады.

      6. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг объектіге бару арқылы (қоршаған орта объектілерінен үлгілерді іріктеу, физикалық факторларды өлшеу үшін) және бармай жүргізілуі мүмкін. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг нәтижелері тексерулер, профилактикалық бақылау және қадағалау жүргізуге негіз болып табылмайды.

      7. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторингті жүргізу кезең-кезеңмен жүзеге асырылады және ол:

      1) зерттеудің зертханалық және аспаптық әдістері қолданыла отырып, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға және қадағалауға жататын объектілерге жүргізілген санитариялық-эпидемиологиялық зерттеп-қарау нәтижелері бойынша халық денсаулығы мен адамның мекендеу ортасының жай-күйі туралы деректерді (цифрлық, талдамалық) жинауды, өңдеуді, жүйелеуді;

      2) санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және қадағалау өнімдері мен объектілерін зертханалық және аспаптық зерттеу нәтижелері негізінде адам денсаулығының жай-күйі мен мекендеу ортасы арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығының өзгеру себептері мен жағдайларын талдауды және анықтауды;

      3) санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүйесіндегі зертханалық бақылауды оңтайландыру үшін мекендеу ортасы факторларын сәйкестендіруді және денсаулықтың бұзылуының жетекші көрсеткіштерін іріктеуді;

      4) инфекциялық және жаппай инфекциялық емес аурулар (уланулар) анықталған жағдайда олардың туындау және таралу себептері мен жағдайларын белгілеуді;

      5) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу жөніндегі ведомствоаралық өзара іс-қимылды;

      6) адамның мекендеу ортасының өзгеруіне байланысты халық денсаулығы жай-күйінің өзгеруін бағалауды және болжауды;

      7) зиянды факторлардың халық денсаулығына әсерінің алдын алу және жою жөніндегі кезек күттірмейтін және ұзақ мерзімді іс-шараларды айқындауды;

      8) ауданның, қаланың, облыстың және республиканың санитариялық-эпидемиологиялық мониторингінің ақпараттық-талдау жүйелерін, желілерін, бағдарламалық материалдарын және дерекқорын жасауды және санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг деректерін сақтауды қамтиды.

      8. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг деректері санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдарының, жергілікті атқарушы және басқа да мемлекеттік органдардың жұмысында пайдаланылады.

      9. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг нәтижелері бойынша:

      1) өзгерістердің даму серпінін, бағыттылығын және қарқындылығын сипаттайтын жиынтық ақпар, баяндамалар, ұсынымдар, ғылыми болжамдар, диаграммалар, кестелер жасалады;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілердің бұзылушылықтарын жою мақсатында басқарушылық шешімдер қабылданады.

      10. Санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг нәтижелері жартыжылдықтың, жылдың қорытындысы бойынша халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның және оның аумақтық органдарының ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

      11. Сырқаттанушылық көрсеткіштері артқан, бақылаудағы объектілер мен қоршаған орта объектілері жай-күйінің көрсеткіштері нашарлаған жағдайларда, санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг нәтижелері басқарушылық шешімдер қабылдау үшін мүдделі мемлекеттік органдардың қарауына шығарылады.

3-БӨЛІМ. МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ

16-тарау. МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУДІҢ ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕРІ

115-бап. Медициналық көмекті ұйымдастыру

      1. Медициналық көмек ұйымдастыруды уәкілетті орган, әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелері бар орталық атқарушы органдар мен өзге де орталық мемлекеттік органдар, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асырады, медициналық көмек көрсетуді осы Кодексте белгіленген тәртіппен денсаулық сақтау субъектілері жүзеге асырады.

      2. Медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілері:

      1) уақтылы және сапалы медициналық көмек көрсетуді;

      2) барынша дәлелденген тиімділігі мен қауіпсіздігі бар профилактика, диагностика, емдеу және медициналық оңалту әдістерін қолдануды;

      3) төтенше ахуал, әскери қақтығыс және терроризм актісі жағдайларындағы жұмысқа әзірлікті;

      4) айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың, сондай-ақ кәсіптік аурулардың профилактикасы, алдын алу, диагностикасы, оларды емдеу және медициналық оңалту жөнінде іс-шаралар жүргізуді;

      5) адамдарға медициналық көмектің нысандары мен түрлері туралы тегін, жедел және анық ақпарат беруді;

      6) халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы нормативтік құқықтық актілерді және гигиеналық нормативтерді сақтауды;

      7) басқа да денсаулық сақтау субъектілерімен өзара іс-қимылды және өз қызметіндегі сабақтастықты;

      8) саламатты өмір салтын және дұрыс тамақтануды қалыптастыруды;

      9) "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын және қызмет ерекшелігін ескере отырып, бастапқы медициналық құжаттаманы жүргізуді және уәкілетті орган белгілеген нысандар бойынша және тәртіппен есептер ұсынуды;

      10) ақпаратты:

      халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға - айналадағыларға қауіп төндіретін инфекциялық ауру, улану жағдайлары туралы;

      медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік органға - жүкті, босанатын әйелдердің, босанғаннан кейін күнтізбелік қырық екі күн ішінде босанған әйелдердің қайтыс болу, пациенттерге жоспарлы медициналық көмек (медициналық-санитариялық алғашқы көмек және мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек) көрсеткен кезде олардың кенеттен қайтыс болу жағдайлары туралы;

      азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органға - төтенше ахуалдардың медициналық-санитариялық салдарының туындау қатері туралы және (немесе) туындауы туралы;

      ішкі істер органдарына - жаңа жарақаттар, жаралар, жүктілікті жасанды үзуді заңсыз жүргізу, тұрмыстық зорлық-зомбылық себебі бойынша жүгінген адамдар туралы, айналадағыларға қауіп төндіретін ауру жағдайлары туралы мәліметтерді беруді (шұғыл хабарлауды) қамтамасыз етуге міндетті.

      3. Денсаулық сақтау субъектілері медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына, медициналық көмек көрсету қағидаларына, сондай-ақ клиникалық хаттамаларға сәйкес медициналық көмек көрсетеді.

116-бап. Медициналық көмек көрсету деңгейлері

      Қазақстан Республикасында медициналық көмек көрсетудің үш деңгейлі жүйесі белгіленген:

      1) бірінші деңгей - медициналық-санитариялық алғашқы көмек мамандарының амбулаториялық, стационарды алмастыратын жағдайларда және үйде медициналық көмек көрсету деңгейі;

      2) екінші деңгей - мамандандырылған медициналық көмекті жүзеге асыратын бейінді мамандардың амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда, оның ішінде бірінші деңгейде медициналық көмек көрсететін мамандардың жолдамасы бойынша медициналық көмек көрсету деңгейі;

      3) үшінші деңгей - жоғары технологиялық медициналық көрсетілетін қызметтерді қолдана отырып, мамандандырылған медициналық көмекті жүзеге асыратын бейінді мамандардың амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда, оның ішінде бірінші және екінші деңгейлердегі мамандардың жолдамасы бойынша медициналық көмек көрсету деңгейі.

117-бап. Медициналық көмек нысандары

      Медициналық көмек мынадай нысандарда беріледі:

      1) шұғыл - денсаулыққа елеулі зиянды болғызбау және (немесе) өмірге төнген қатерді жою үшін кезек күттірмейтін медициналық араласуды қажет ететін кенеттен болған жіті аурулар мен жай-күйлер, созылмалы аурулардың асқынуы кезінде көрсетілетін медициналық көмек;

      2) кезек күттірмейтін - пациенттің өміріне анық қатер төндірмейтін, кенеттен болған жіті аурулар мен жай-күйлер, созылмалы аурулардың асқынуы кезінде көрсетілетін медициналық көмек;

      3) жоспарлы - көмек көрсетуді белгілі бір уақытқа кейінге қалдыру пациент жай-күйінің нашарлауына алып келмейтін, пациенттің өміріне қатер төндірмейтін аурулар мен жай-күйлер кезінде, сондай-ақ профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде көрсетілетін медициналық көмек.

118-бап.Медициналық көмек көрсету жағдайлары

      Медициналық көмек:

      1) тәулік бойы медициналық байқау мен емдеу көзделмейтін амбулаториялық жағдайларда, оның ішінде тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлардың қабылдау бөлімшелерінде;

      2) тәулік бойы медициналық байқау, емдеу, күтім, сондай-ақ тамақпен бірге төсек-орын беру көзделетін стационарлық жағдайларда, оның ішінде емдеу басталғаннан кейін алғашқы тәуліктер ішінде тәулік бойы байқау көзделетін "бір күннің" терапиясы және хирургиясы жағдайларында;

      3) тәулік бойы медициналық байқау мен емдеу қажет етілмейтін және төсек-орын беріле отырып, күндізгі уақытта медициналық байқау мен емдеу көзделетін стационарды алмастыратын жағдайларда;

      4) үйде: медицина қызметкерін, мобильдік бригаданы шақырған, медицина қызметкерлерінің белсенді патронажы кезінде, емдеу үйде (үйдегі стационар) ұйымдастырылған кезде;

      5) санаторийлік-курорттық ұйымдарда;

      6) медициналық ұйымнан тыс: жедел медициналық жәрдем бригадасы шақырылған жерде, тасымалдау кезінде санитариялық автокөлікте және медициналық авиацияда, сондай-ақ медициналық пойыздарда, жылжымалы (далалық) медициналық кешендерде, далалық госпитальдарда, трассалық медициналық-құтқару пункттерінде және қашықтықтан медициналық қызметтер көрсету кезінде көрсетіледі.

      2. Бейіндер бөлінісінде бірінші, екінші және үшінші деңгейлерде пациенттерге медициналық көмек көрсету маршрутын медициналық көмек көрсету қағидалары мен стандарттарына сәйкес облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары белгілейді.

      3. Денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық көмек жай-күйінің ауырлық дәрежесі мен санитариялық-эпидемиологиялық тәуекелге қарай, триаж (пациенттерді медициналық немесе санитариялық сұрыптау) негізінде көрсетіледі.

      Медициналық ұйымдарда медициналық ұйымның ішінде инфекциялық аурулардың туындауы мен таралуының алдын алуға бағытталған инфекциялық бақылау қағидаттары сақталады.

119-бап. Ауылдық денсаулық сақтау деңгейінде медициналық көмекті ұйымдастыру ерекшеліктері

      1. Денсаулықты нығайту, профилактика, емдеу және оңалту бойынша көрсетілетін қызметтер ауылдық денсаулық сақтаудың барлық деңгейлерінде ауыл халқы үшін қолжетімді болуға тиіс.

      2. Ауылдық денсаулық сақтау деңгейінде медициналық-санитариялық алғашқы көмек және мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жылжымалы медициналық кешендер, медициналық пойыздар және қашықтықтан медициналық қызметтер көрсету құралдары пайдаланылады.

      3. Ауылдық денсаулық сақтау үшін медициналық көмек көлемдерін жоспарлау кезінде географиялық шалғайлығы, халықтың тығыздығы, демографиялық көрсеткіштер, жыныстық-жас құрамының ерекшеліктері және медициналық көмектің қолжетімділігіне әсер ететін өзге де өлшемшарттар ескеріледі.

      4. Медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейлерінде ауыл халқына медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуді денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асырады.

120-бап. Медициналық көмек түрлері

      Медициналық көмек түрлері мыналар болып табылады:

      1) жедел медициналық жәрдем;

      2) дәрігерге дейінгі медициналық көмек;

      3) медициналық-санитариялық алғашқы көмек;

      4) мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек;

      5) медициналық оңалту;

      6) паллиативтік медициналық көмек.

121-бап. Жедел медициналық жәрдем

      1. Жедел медициналық жәрдем - өмірге қатер төндіретін жіті аурулар мен жай-күйлер кезінде, сондай-ақ оқиға орнында және (немесе) медициналық ұйымға бару жолында денсаулыққа елеулі зиянды болғызбау үшін шұғыл және кезек күттірмейтін нысандағы медициналық көмекті ұйымдастыру жүйесі.

      2. Медициналық авиацияны тарта отырып, жедел медициналық жәрдем:

      1) пациент тұрған жердегі медициналық ұйымда медициналық бұйымдардың және (немесе) тиісті біліктілігі бар мамандардың болмауынан медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған кезде;

      2) медициналық көмек көрсетудің екінші және үшінші деңгейлеріндегі мамандарды межелі жерге жеткізу қажет болған кезде;

      3) пациент тұрған жердегі медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған және тиімсіз болған кезде науқасты медициналық көмек көрсетудің екінші және үшінші деңгейлеріндегі медициналық ұйымдарға тасымалдау үшін;

      4) кейіннен трансплантаттау үшін ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) тиісті медициналық ұйымға тасымалдау үшін көрсетіледі.

      3. Медициналық авиация:

      1) ауыр жағдайдағы пациентті шетелдік клиникалардан отандық клиникаларға жеткізу;

      2) медициналық сүйемелдеуге мұқтаж пациентті емдеуді жалғастыру үшін медициналық көмек көрсетудің екінші және үшінші деңгейлеріндегі медициналық ұйымдардан тұрғылықты жеріндегі медициналық ұйымдарға жеткізу жағдайларында пайдаланылуы мүмкін.

      4. Жедел медициналық жәрдем, оның ішінде медициналық авиацияны тарта отырып көрсету қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      5. Жедел медициналық жәрдем көрсетудің қолжетімділігі мен уақтылығын қамтамасыз етуді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асырады.

122-бап. Дәрігерге дейінгі медициналық көмек

      1. Дәрігерге дейінгі медициналық көмек - орта медицина қызметкерлері дербес немесе денсаулықты насихаттауды, пациенттің жай-күйін бағалауды, дәрігерге дейін диагноз қоюды, дәрігерге дейінгі араласу жоспарын тағайындауды, дәрігерге дейінгі манипуляциялар мен емшараларды орындауды және науқастарға, мүгедектер мен хал үстіндегі адамдарға күтімді қамтитын мультипәндік команда құрамында көрсететін медициналық көмек.

      2. Орта медицина қызметкерлері медициналық көмекті уәкілетті орган бекіткен дәрігерге дейінгі медициналық көмек көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.

      3. Дәрігерге дейінгі медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асырады.

123-бап. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек

      1. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек - адам, отбасы және қоғам деңгейінде көрсетілетін, аурулар мен жай-күйлердің профилактикасын, диагностикасын, оларды емдеуді, оның ішінде:

      1) анағұрлым кең таралған аурулардың диагностикасын, оларды емдеуді және басқаруды;

      2) халықтың нысаналы топтарын (балаларды, ересектерді) профилактикалық қарап-тексеруді;

      3) аурулар тәуекеленің мінез-құлықтық факторларын ерте анықтау мен олардың мониторингін және анықталған тәуекел факторларын төмендету дағдыларына оқытуды;

      4) иммундауды;

      5) саламатты өмір салтын қалыптастыру мен насихаттауды;

      6) репродуктивтік денсаулықты сақтау жөніндегі іс-шараларды;

      7) жүкті әйелдерді және босанған әйелдерді босанғаннан кейінгі кезеңде байқауды;

      8) инфекциялық аурулар ошақтарындағы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шараларды қамтитын, халықтың мұқтажына бағдарланған медициналық көмекке алғашқы қол жеткізу орны.

      2. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының жұмыс қағидаттары:

      1) қызмет көрсетудің отбасылық қағидаты;

      2) медициналық-санитариялық алғашқы көмектің аумақтық қолжетімділігі;

      3) осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес аумақтық қолжетімділік шегінде медициналық ұйымды еркін таңдау;

      4) пациенттің медициналық көмек сапасына қанағаттануы;

      5) меншік нысанына және ведомстволық тиесілігіне қарамастан, тең құқықтылық және адал бәсекелестік;

      6) профилактиканы, диагностиканы және емдеуді қамтитын медициналық-санитариялық алғашқы көмектің көрсетілетін қызметтері пациенттердің тұрған жеріне қарамастан, олардың барлығына қолжетімді болуы.

      3. Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті жалпы практика дәрігерлері (отбасылық дәрігерлер), учаскелік терапевтер, педиатрлар, фельдшерлер, акушерлер, кеңейтілген практика (жалпы практика) мейіргерлері, учаскелік мейіргерлер, әлеуметтік жұмыскерлер, денсаулық сақтау саласындағы психологтар көрсетеді.

      4. Жеке тұлғалар медициналық-санитариялық алғашқы көмек алу үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау субъектілеріне бекітіледі.

      Жеке тұлғаны медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымына бекіту тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек алу құқығын іске асыру және денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық көмек көрсету бойынша міндеттемелерін орындау үшін негіз болып табылады.

      Жеке тұлғаларды медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарына бекіту қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      5. Кезек күттірмейтін көмек көрсету үшін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарында кезек күттірмейтін көмек бөлімшелері (пункттері) құрылады.

      6. Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етуді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асырады.

124-бап. Мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек

      1. Мамандандырылған медициналық көмекті бейінді мамандар диагностиканың, емдеудің, медициналық оңалтудың арнайы әдістерін қажет ететін аурулар кезінде, оның ішінде қашықтықтан медициналық қызметтер көрсету құралдарын пайдалана отырып көрсетеді.

      2. Мамандандырылған медициналық көмек медициналық көмек көрсетудің екінші және үшінші деңгейлерінде амбулаториялық жағдайлардағы консультативтік-диагностикалық көмек, стационарды алмастыратын және стационарлық көмек түрінде көрсетіледі.

      3. Жоғары технологиялық медициналық көмек бейінді мамандар тиімділігі мен қауіпсіздігі ғылыми дәлелденген диагностика мен емдеудің инновациялық және (немесе) бірегей әдістерін және медицина ғылымының және ғылым мен техниканың сабақтас салаларының жетістіктері негізінде әзірленген технологияларды қолдануды қажет ететін аурулар кезінде көрсететін мамандандырылған медициналық көмектің бір бөлігі болып табылады.

      4. Жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерін айқындау тәртібін және олардың тізбесін, сондай-ақ жоғары технологиялық медициналық көмек түрлерінің мамандандырылған медициналық көмектің көрсетілетін қызметтерінің тізбесіне өту өлшемшарттарын уәкілетті орган айқындайды.

      5. Мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек көрсету қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

125-бап. Медициналық оңалту

      1. Уәкілетті орган бекіткен тізбе бойынша медициналық оңалту туа біткен аурулары бар адамдарға, жіті жай-күйлерден, хирургиялық араласудан, жарақаттардан, сондай-ақ олардың салдарынан кейін көрсетіледі.

      2. Туа біткен аурулары бар адамдарға жіті жай-күйлерден, хирургиялық араласудан және жарақаттардан кейін медициналық оңалту бірінші, екінші және үшінші деңгейлердегі медициналық ұйымдардың амбулаториялық, стационарлық, стационарды алмастыратын жағдайларында негізгі ауруды емдеу кезінде көрсетіледі.

      3. Туа біткен ауруларды, жіті жай-күйлердің, хирургиялық араласудың және жарақаттардың салдарын медициналық оңалту уәкілетті орган айқындаған тәртіппен пациентті оңалтудың жеке бағдарламасының медициналық бөлігіне сәйкес оңалту ықтималы ескеріле отырып, бірінші, екінші және үшінші деңгейлердегі медициналық ұйымдардың амбулаториялық, стационарлық, стационарды алмастыратын жағдайларында, сондай-ақ үйде және санаторийлік-курорттық ұйымдарда көрсетіледі.

      4. Мультипәндік топтың қорытындысы бойынша оңалту ықтималы жоқ пациентке медициналық оңалту көрсетілмейді.

      5. Медициналық абилитация - мүгедек балалардың қалыптаспаған функциялар мен дағдыларды меңгеруге немесе алмастыруға және оларды қоғамға интеграциялауға бағытталған медициналық оңалту процесі. Медициналық абилитация туа біткен функционалдық шектеулері бар балаларға олар үш жасқа толғанға дейін жүргізіледі.

      6. Медициналық оңалтуды көрсету тәртібін уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

126-бап. Паллиативтік медициналық көмек

      1. Паллиативтік көмек - ауыр және жазылмайтын аурулары (жай-күйлері) бар пациенттердің, сондай-ақ олардың отбасыларының және күтім жасайтын адамдардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған, медициналық, арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді, рухани қолдауды қамтитын көрсетілетін қызметтер кешені.

      2. Паллиативтік медициналық көмек - радикалды емдеу жүргізуге көрсетілімдері болмаған кезде жазылмайтын ауру пациенттің ауырсынуын және ауруының (жай-күйінің) ауыр көріністерін жеңілдетуге бағытталған медициналық көрсетілетін қызметтер кешені.

      Паллиативтік медициналық көмек уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін денсаулық сақтау саласындағы стандарт негізінде көрсетіледі.

127-бап. Мейіргерлік қызмет

      1. Мейіргерлік қызмет мейіргерлер мен кеңейтілген практика мейіргерлері дербес немесе мультипәндік командалар шеңберінде жүзеге асыратын мейіргерлік күтімді қамтиды.

      Мейіргер - мейіргер ісі саласында техникалық және кәсіптік медициналық білімі бар, мейіргерлік күтімді дербес немесе кеңейтілген практика мейіргерінің немесе дәрігердің супервизиясымен жүзеге асыратын маман.

      Кеңейтілген практика мейіргері - мейіргер ісі саласында орта білімнен кейінгі немесе жоғары білімі бар, мейіргерлік күтім шеңберінде кеңейтілген функцияларды жүзеге асыратын маман.

      2. Мейіргерлік күтім тәулік бойы дәрігерлік байқауды қажет етпейтін жағдайларда, денсаулық сақтау ұйымдарының мамандандырылған құрылымдық бөлімшелерінде (бөлімдерде, палаталарда, төсектерде, кабинеттерде), дербес мамандандырылған медициналық ұйымдарда (мейіргерлік күтім ауруханаларында) стационарлық, стационарды алмастыратын жағдайларда және үйде, оның ішінде мобильдік бригадаларды пайдалана отырып жүзеге асырылады.

      3. Мейіргерлер мен кеңейтілген практика мейіргерлері мейіргерлік күтімді Қазақстан Республикасының заңнамасына, мейіргерлік күтім көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырады, сондай-ақ клиникалық мейіргерлік нұсқауларды басшылыққа алады.

      4. Клиникалық мейіргерлік нұсқаулар кәсіптік медициналық қауымдастықтар әзірлейтін және жүйелі негізде жаңартып отыратын, белгілі бір клиникалық саладағы озық практика бойынша ғылыми дәлелденген ұсынымдарды білдіреді.

      5. Кеңейтілген практика мейіргерлерінің клиникалық хаттамаларға және клиникалық мейіргерлік нұсқауларға сәйкес пациенттің (клиенттің) жай-күйін мейіргерлік бағалауды, мейіргерлік диагноз қоюды, мейіргерлік араласу жоспарын тағайындауды және тиімділік мониторингін қамтитын тәуелсіз кәсіптік мейіргерлік күтімді жүзеге асыруға құқығы бар.

      6. Мейіргерлік күтім көрсету қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді. Көрсетілген қағидаларға сәйкес мейіргерлік күтімді жүзеге асыру кезіндегі мейіргерлер мен кеңейтілген практика мейіргерлерінің құқықтары мен міндеттері белгіленеді.

      7. Мейіргерлік күтімнің қолжетімділігін қамтамасыз етуді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асырады.

128-бап. Медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған моделі

      1. Медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған моделі - өмір сүру ұзақтығын арттыру мақсатында аурудың асқынуының алдын алу, уақтылы анықтау, емдеу және өршу тәуекелін азайту үшін адамның өмір бойына медициналық және әлеуметтік қызметтер кешенін көрсетуді ұйымдастыру моделі.

      2. Медициналық көмек көрсетудің интеграцияланған моделі клиникалық хаттамаларға, медициналық көмек көрсету стандарттары мен қағидаларына сәйкес мультипәндік тәсіл арқылы іске асырылады.

129-бап. Қашықтықтан медициналық қызметтер көрсетудің ерекшеліктері

      1. Қашықтықтан медициналық көрсетілетін қызметтер:

      1) консультативтік көмек, оның ішінде ғылыми-зерттеу институттары, ғылыми орталықтар, университеттік ауруханалар мамандарының, сондай-ақ шетелдік клиникалардың көрсетуі;

      2) пациентті медициналық көмек көрсетудің жоғары тұрған деңгейлеріне жүзбе-жүз консультацияға жіберудің орындылығы;

      3) бірінші деңгейдегі және ауылдық денсаулық сақтау мамандарына екінші және үшінші деңгейлердегі мамандардың практикалық көмек көрсетуі;

      4) емдік-диагностикалық іс-шаралардың, пациент денсаулығының жай-күйін медициналық байқаудың тиімділігін бағалау;

      5) диагнозды нақтылау, пациентті байқап отырудың алдағы тактикасын түзету мен айқындау және емдік-диагностикалық іс-шараларды тағайындау;

      6) пациентті медициналық көмек көрсетудің жоғары тұрған деңгейлеріне тасымалдау мүмкіндігін, оның ішінде медициналық авиация құралдарын пайдаланудың орындылығын айқындау;

      7) қашықтықтан консилиумдар ұйымдастыру;

      8) медициналық оңалту қызметтерін көрсету үшін ұсынылады.

      2. Қашықтықтан медициналық көрсетілетін қызметтерді ұсынатын дәрігерлердің пациент денсаулығының жай-күйі және диагнозы туралы қорытындысы ресми құжат болып табылады және дәрігердің электрондық цифрлық қолтаңбасы пайдаланыла отырып, ал осы баптың 1-тармағының 8) тармақшасында көзделген жағдайларда медициналық оңалту қызметтерін көрсеткен маманның электрондық цифрлық қолтаңбасы пайдаланыла отырып, пациенттің электрондық денсаулық паспортына енгізуге жатады.

      3. Сертификатталған тасымалданатын медициналық құрылғылар пациенттің физиологиялық өлшемдері мен денсаулығының жай-күйін бағалау үшін пайдаланылады.

      4. Қашықтықтан медициналық көрсетілетін қызметтер Қазақстан Республикасының дербес деректерді қорғау саласындағы заңнамасында белгіленген талаптар сақтала отырып және медицина қызметкері құпиясы сақтала отырып жүзеге асырылады.

      5. Қашықтықтан медициналық көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыру, ұсыну және ақы төлеу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

130-бап. Зертханалық диагностика

      1. Зертханалық диагностика - пациенттерден алынған, аурудың диагностикасына, емдеу тиімділігін бақылауға және емдеуді түзетуге бағытталған биоматериалдарды зертханалық зерттеулер кешені.

      2. Зертханалық диагностика жүргізуді ұйымдастыру стандартын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      3. Зертханалық зерттеулер өлшемдерінің сапасын сыртқы бағалауды уәкілетті орган айқындаған тәртіппен референс-зертханалар бақылайды және орындайды.

      4. Референс-зертханалардың тізбесін, олардың қызметі туралы ережелерді, сондай-ақ оларды таңдауға қойылатын өлшемшарттар мен талаптарды уәкілетті орган бекітеді.

      5. Зертханалық диагностиканың қолжетімділігін қамтамасыз етуді облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары жүзеге асырады.

131-бап. Патологиялық-анатомиялық диагностика

      1. Патологиялық-анатомиялық диагностика пациенттердің хирургиялық операция және (немесе) биопсия (операциялық-биопсиялық материал) жолымен алынған ағзаларындағы (ағзаларының фрагменттеріндегі), тіндері мен жасушаларындағы, сондай-ақ патологиялық-анатомиялық ашып-қарау барысында мәйіттің тіндеріндегі, ағзалары мен жасушаларындағы өзгерістердің жиынтығын талдау арқылы диагнозды анықтау мақсатында жүргізіледі.

      2. Патологиялық-анатомиялық ашып-қарау уәкілетті орган бекітетін нысан бойынша қайтыс болу фактісін куәландыратын құжат беріле отырып, қайтыс болу себептерін анықтау және аурудың диагнозын нақтылау мақсатында жүргізіледі.

      3. Патологиялық-анатомиялық диагностика тікелей қарап-тексеру (макроскопиялық зерттеулер), үлкейткіш аспаптар (микроскопиялық зерттеулер) пайдаланылатын зерттеулер, өзге де технологиялар, сондай-ақ клиникалық-анатомиялық салыстыру нәтижелеріне негізделеді.

      4. Ана, сәби өлімін немесе өлі тууды қоспағанда, өлімнің зорлық-зомбылықтан болғанына күдік болмаған кезде мәйітті патологиялық-анатомиялық ашып-қарау жүргізілместен беруге рұқсат етіледі.

      Өлімнің тікелей себебі анықталмаған кезде патологиялық-анатомиялық диагностика жұбайының (зайыбының) немесе жақын туыстарының бірінің немесе заңды өкілінің жазбаша келісімі болған кезде жүзеге асырылады.

      5. Қайтыс болған адамның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының немесе заңды өкілінің талап етуі бойынша патологиялық-анатомиялық ашып-қарауды уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тәуелсіз сарапшы (сарапшылар) жүргізуі мүмкін.

      6. Қайтыс болу себебі және аурудың диагнозы туралы патологиялық-анатомиялық қорытындыны жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына немесе заңды өкілдеріне, ал олар болмаған кезде өзге де туыстарына, сондай-ақ осы Кодекстің 273-бабы 4-тармағының 3) тармақшасында көзделген жағдайларда құқық қорғау органдарының және (немесе) соттың талап етуі бойынша медициналық қызметтер (көмек) көрсету саласындағы мемлекеттік орган береді.

      7. Патологиялық-анатомиялық диагностика көрсетуді ұйымдастыру стандартын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      8. Патологиялық-анатомиялық ашып-қарау нәтижелері туралы қорытындыға қайтыс болған адамның жұбайы (зайыбы), жақын туысы немесе заңды өкілі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа шағым жасауы мүмкін.

      9. Патологиялық-анатомиялық ашып-қарау қайтыс болған адамның денесіне ізгі ықтияттылықпен қарай отырып және оның сыртқы анатомиялық қалпын барынша сақтай отырып жүргізіледі.

132-бап. Дәстүрлі медицина. Емшілік

      1. Дәстүрлі медицина - халық медицинасының көпғасырлық дәстүрлеріне негізделген және медициналық қолдануға рұқсат етілген, профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және оңалтудың кодификацияланған әдістерінің жиынтығы.

      2. Медициналық білімі бар, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты және Қазақстан Республикасының рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес лицензиясы бар адамдардың дәстүрлі медицина саласындағы қызметке құқығы бар.

      3. Емшілік - емшілік құралдар, тәсілдер, дағдылар туралы эмпирикалық мәліметтердің жиынтығы және денсаулыққа әсер ету мақсатында оларды практикалық қолдану.

      4. Екі және одан көп адамдарды тарта отырып, оның ішінде бұқаралық ақпарат құралдарын пайдаланып, емшілік сеанстарын жүргізуге тыйым салынады.

      5. Емшілік әдістерін қолдану кезінде адамның денсаулығына зиян келтірген адам Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

133-бап. Денсаулық сақтау технологияларын бағалау

      1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қолдануға ұсынылатын денсаулық сақтау технологиялары денсаулық сақтау технологияларын бағалау объектілері болып табылады.

      2. Денсаулық сақтау технологияларына бағалау жүргізу тәртібін және оларды қолдануды уәкілетті орган айқындайды.

134-бап. Пациенттердің құқықтары

      1. Пациенттің осы Кодекстің 12-тарауында көрсетілген құқықтардан басқа:

      1) профилактика, диагностика, емдеу процесінде өзіне лайықты қарауына, өзінің мәдени және жеке басының құндылықтарына құрмет көрсетілуіне;

      2) қандай да бір кемсітушілік факторларының ықпалынсыз, тек қана медициналық өлшемшарттар негізінде айқындалатын кезектілікпен медициналық көмекке;

      3) шұғыл және кезек күттірмейтін көмек көрсету жағдайларын қоспағанда, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрігерді немесе медициналық көмек ұсынатын медициналық ұйымды таңдауға, ауыстыруға;

      4) медициналық ұйымда аудио-, және (немесе) бейнебайқау және жазба жүргізілетіндігі туралы құлақтандырылуына;

      5) медициналық технологиялардың қолда бар деңгейінің қаншалықты мүмкіндігі болса, сондай шамада дерт азабының жеңілдетілуіне;

      6) өз денсаулығының жай-күйі туралы ақпарат (пациентке қолжетімді нысанда ұсынылатын және балама емдеу әдістерінің ықтимал тәуекелі мен артықшылықтары туралы деректер, емделуден бас тартудың ықтимал салдары туралы мәліметтер, диагноз, емдік іс-шаралардың болжамы мен жоспары туралы ақпарат, сондай-ақ оны үйіне шығару немесе басқа медициналық ұйымға ауыстыру себептерінің түсіндірмесі) және тәуелсіз пікір алуға және консилиум өткізілуіне;

      7) көру және (немесе) есту қабілеттері бұзылған адамдар үшін қолжетімділік ескеріле отырып, өз құқықтары мен міндеттері, көрсетілетін қызметтер, ақылы көрсетілетін қызметтердің құны және бірлесіп төлеу мөлшері, олардың ұсынылу тәртібі; тағайындалатын дәрілік зат; өзіне медициналық қызметтер көрсететін медицина қызметкерлері туралы ақпаратты алуға;

      8) оқу процесіне қатысудан, сондай-ақ емдік-диагностикалық емшаралардың жүргізілуі кезінде үшінші тұлғалардың қатысуынан бас тартуға құқығы;

      9) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтары бар.

      2. Пациенттің құқықтары туралы ақпарат медициналық ұйымдардың көрнекі үгіт орналасатын жерлерінде орналастырылады.

      3. Медициналық көмек медициналық көмек алуға пациенттің хабардар етілген келісімі алынғаннан кейін ұсынылады. Инвазиялық араласулар кезінде пациенттің хабардар етілген келісімі уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша жасалады.

      4. Пациент өз денсаулығының жай-күйі туралы ақпаратты хабарлау қажет болатын адамды тағайындай алады. Денсаулығының жай-күйі туралы ақпарат пациенттен оның денсаулығының жай-күйі ескеріле отырып, жасырылуы және пациенттің жұбайына (зайыбына), оның жақын туыстарына немесе заңды өкілдеріне хабарлануы мүмкін.

      5. Пациенттердің құқықтарын қорғауды мемлекеттік органдар, денсаулық сақтау ұйымдары, қоғамдық бірлестіктер өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.

135-бап. Пациенттердің міндеттері

      1. Пациент осы Кодекстің 12-тарауында көрсетілген міндеттерден басқа:

      1) өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға шаралар қолдануға;

      2) медицина қызметкерлерімен қатынаста құрмет пен сабырлық танытуға;

      3) ауруға диагноз қою және оны емдеу үшін қажетті барлық ақпаратты дәрігерге хабарлауға; медициналық араласуға келісім бергеннен кейін медицина қызметкерлерінің тағайындауын мүлтіксіз орындауға;

      4) медициналық көмек алу кезінде медициналық ұйымның ішкі тәртіптеме қағидаларын сақтауға және мүлкіне ұқыпты қарауға, медицина персоналымен ынтымақтастықта болуға;

      5) диагностика мен емдеу процесінде, сондай-ақ айналадағыларға қауіп төндіретін аурулар не оларға күдік туындаған жағдайларда, өз денсаулығы жай-күйінің өзгерісі туралы медицина қызметкерлеріне уақтылы хабарлауға;

      6) басқа пациенттердің құқықтарын бұзатын әрекеттер жасамауға;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

      2. Пациенттердің осы баптың 1-тармағының 2), 3) және 5) тармақшаларында көрсетілген міндеттері стационарда ауру балаға күтімді тікелей жүзеге асыратын ата-анасына немесе өзге де адамдарға қолданылады.

136-бап. Медициналық көмектен бас тарту құқығы

      1. Осы Кодекстің 137-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, пациенттің немесе оның заңды өкілінің медициналық көмектен бас тартуға құқығы бар.

      2. Медициналық көмектен бас тартқан кезде пациентке немесе оның заңды өкіліне медицина қызметкері пациентке немесе оның заңды өкіліне қолжетімді нысанда ықтимал салдары туралы түсінік береді.

      3. Медициналық көмектен бас тарту ықтимал салдары көрсетіле отырып, медициналық құжаттарда жазбамен, оның ішінде электрондық форматта ресімделеді және оған пациент не оның заңды өкілі, сондай-ақ медицина қызметкері қол қояды.

      Пациент не оның заңды өкілі медициналық көмектен бас тартуға қол қоюдан бас тартқан жағдайда, бұл жөнінде медициналық құжаттамада тиісті жазба, оның ішінде электрондық форматта жүзеге асырылады және оған медицина қызметкері қол қояды.

      4. Кәмелетке толмаған не әрекетке қабілетсіз адамның заңды өкілдері аталған адамдардың өмірін сақтап қалу үшін қажетті медициналық көмектен бас тартқан кезде медициналық ұйым олардың мүдделерін қорғау үшін қорғаншылық және қамқоршылық органына және (немесе) сотқа жүгінуге құқылы.

137-бап. Пациенттің келісімінсіз медициналық көмек көрсету

      1. Пациенттің келісімінсіз медициналық көмек көрсетуге:

      1) өз еркін білдіруге мүмкіндік бермейтін есеңгіреген, ес-түссіз күйдегі;

      2) айналадағыларға қауіп төндіретін аурулары бар;

      3) ауыр психикалық бұзылушылықтары (аурулары) бар;

      4) қоғамға қауіпті іс-әрекет жасаған психикалық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға қатысты жол беріледі.

      2. Осы Кодекстің 78-бабының 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, кәмелетке толмағандарға қатысты медициналық көмек көрсетуге келісімді және сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдар үшін келісімді олардың заңды өкілдері береді.

      3. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдарға қатысты келісімсіз медициналық көмек көрсету туралы шешімді - консилиум, ал консилиумды жинау мүмкін болмаған кезде медициналық ұйымның лауазымды адамдарын кейіннен хабардар ете отырып, тікелей медицина қызметкері қабылдайды.

      4. Пациенттің келісімінсіз медициналық көмек көрсету осы баптың 1-тармағында көзделген негіздер жойылғанға дейін жалғастырылады.

138-бап. Медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарын әзірлеуге қойылатын талаптар

      1. Медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты - Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру процестеріне қойылатын талаптар мен қағидаларды белгілейтін нормативтік құқықтық акт.

      2. Медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты аурулардың (қызметтердің) бейіндері бойынша әзірленеді және мынадай талаптарды:

      1) жалпы ережелерді;

      2) медициналық көмек көрсететін ұйымдардың құрылымын;

      3) медициналық көмек көрсететін ұйымдар қызметінің негізгі міндеттері мен бағыттарын;

      4) медициналық көмек көрсету деңгейлері, түрлері, нысандары мен жағдайлары бөлінісінде оны көрсету тәртібін;

      5) қызметкерлердің ұсынылатын штатын;

      6) медициналық бұйымдармен ұсынылатын жарақтандыруды;

      7) ауру (қызмет) бейінінің ерекшеліктерін ескере отырып өзгелерді қамтиды.

      3. Медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

17-тарау. ВЕДОМСТВОЛЫҚ МЕДИЦИНА

139-бап. Әскери қызметшілерді, ғарышкерлікке кандидаттарды, ғарышкерлерді, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, олардың отбасы мүшелерін, құқық қорғау органдарының зейнеткерлерін, сондай-ақ әскери қызметтен, арнаулы мемлекеттік органдар қызметінен босатылған азаматтарды әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету

      1. Әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету - әскери-медициналық (медициналық) көмекті ұйымдастыру мен көрсетуді, медициналық қарап-тексерулер жүргізуді, санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз етуді, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен жабдықтауды, денсаулық сақтау саласында сараптама жүргізуді, сондай-ақ жеке құрамның жауынгерлік қабілеті мен еңбекке қабілеттілігін қалпына келтіру мақсатында әскерлердегі, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының бөлімшелері мен ведомстволарындағы әскери медицина бойынша ғылыми-әдістемелік әзірлемелер мен оқытуды қамтитын іс-шаралар кешені.

      2. Әскери қызметшілерді, ғарышкерлікке кандидаттарды, ғарышкерлерді, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, олардың отбасы мүшелерін, құқық қорғау органдарының зейнеткерлерін, сондай-ақ әскери қызметтен, арнаулы мемлекеттік органдар қызметінен босатылған азаматтарды әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда медициналық қарап-тексерулерді ұйымдастыру және жүргізу, әскери-медициналық (медициналық) көмек көрсету, санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылықты қамтамасыз ету, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен жабдықтау тәртібі әскери қызметтің ерекшеліктері ескеріле отырып белгіленеді.

      Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде медициналық көмек көрсету кезінде Қазақстан Республикасында тіркелген және тізбесін қорғаныс саласындағы мемлекеттік орган бекітетін әскери-медициналық мекемелердің (ұйымдардың) дәрілік формулярына енгізілмеген дәрілік заттарды пайдалануға жол беріледі.

      4. Осы баптың 2-тармағында аталған адамдар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге денсаулық сақтау субъектілерінде медициналық көмек алуға құқылы.

140-бап. Әскери-дәрігерлік сараптама

      1. Әскери-дәрігерлік сараптама - Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында медициналық қамтамасыз етуді оңтайлы жасақтау мен жетілдіру және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәселелерді шешу мақсатында жүзеге асырылатын ғылыми, әдістемелік, ұйымдастырушылық және практикалық іс-шаралар кешенін білдіретін медициналық қызмет түрі.

      2. Әскери-дәрігерлік сараптама Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарда, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында:

      1) денсаулығының жай-күйі бойынша азаматтардың әскери қызметке немесе арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметке, сондай-ақ әскери жиындарға, арнаулы мемлекеттік органдардың жиындарына немесе есепке алу мақсатында жарамдылық санаттарын;

      2) Қазақстан Республикасы азаматтарының әскери қызметті, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы және әскери жиындардағы, арнаулы мемлекеттік органдардың жиындарындағы қызметті өткерумен (мiндеттердi атқарумен) байланысты ауруының, мертiгуiнiң (жаралануының, жарақаттануының, контузия алуының) (бұдан әрi - мертiгу) және қаза болуының (қайтыс болуының) себептi байланысын;

      3) әскери қызметшілер немесе қызметкерлер қызмет, әскери қызмет міндеттерін (қызметтік міндеттерін) атқару кезінде алған, мүгедектікке алып келмеген мертігудің ауырлық дәрежесін;

      4) арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарына қызметке кіретін Қазақстан Республикасы азаматтарының, олардың қызметкерлерінің, сондай-ақ мемлекеттік авиацияға кіретін Қазақстан Республикасы азаматтарының, авиация персоналының жеке басының психофизиологиялық қасиеттерін айқындау үшін жүргізіледі.

      3. Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдары, арнаулы мемлекеттік органдар және ішкі істер органдары жанынан штаттық және штаттан тыс (тұрақты және уақытша жұмыс істейтін) әскери-дәрігерлік комиссиялар құрылады.

      Арнаулы мемлекеттік органдар үшін әскери-дәрігерлік сараптаманы Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары мен Мемлекеттік күзет қызметінің әскери-дәрігерлік комиссиясы жүргізеді.

      Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызметі үшін әскери-дәрігерлік сараптаманы Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының әскери-дәрігерлік комиссиясы жүргізеді.

      Азаматтардың әскери қызметке жарамдылық дәрежесін айқындау үшін облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада, қалаларда және аудандарда жергілікті атқарушы органдардың шешімімен тұрақты негізде медициналық комиссиялар құрылады.

      4. Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу тәртібі, сондай-ақ әскери-дәрігерлік сараптама комиссиясының құрамы мен өкілеттігі Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларында және Әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережеде айқындалады.

      5. Азаматтардың Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарындағы әскери қызметке, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы, сондай-ақ мемлекеттік авиациядағы қызметке, әскери қызметке жарамдылық санаты медициналық куәландыруды жүргізу арқылы айқындалады.

      Медициналық куәландыруды жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарында, сондай-ақ мемлекеттік авиацияда қызмет өткеру үшін азаматтар денсаулығының жай-күйіне қойылатын талаптар қолданылады.

141-бап. Сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркологиялық сараптамалар

      1. Сот-медициналық, сот-психиатриялық және сот-наркологиялық сараптамаларын тағайындау мен жүргізудің процестік тәртібі Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінде, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде белгіленеді.

      2. Көрсетілген сот сараптамасының түрлерін ұйымдастыру және сот-сараптамалық зерттеулер жүргізу тәртібі Қазақстан Республикасының сот-сараптама қызметі туралы заңнамасында белгіленеді.

142-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері мен азаматтарының жекелеген санаттарына медициналық көмек көрсету

      1. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері мен азаматтарының жекелеген санаттарына медициналық көмек көрсету Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы бекіткен тізбеге сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдарға медициналық көмек:

      1) осы Кодекске сәйкес тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде;

      2) "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде;

      3) Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы айқындайтын түрлер бойынша және көлемдерде бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.

      3. Осы баптың 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларына сәйкес медициналық көмек көрсеткені үшін көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуді әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жүзеге асырады.

      4. Осы баптың 1-тармағында аталған адамдар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде өзге денсаулық сақтау субъектілерінде медициналық көмек алуға құқылы.

143-бап. Бас бостандығы шектелген, соттың үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген, ұсталған, күзетпен қамауға алынған және арнаулы мекемелерге орналастырылған адамдарға медициналық көмек көрсету

      Бас бостандығы шектелген адамдарға, сондай-ақ соттың үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген, ұсталған, күзетпен қамауға алынған және арнаулы мекемелерге орналастырылған адамдарға медициналық көмек уәкілетті органмен келісу бойынша ішкі істер органдары айқындайтын тәртіппен көрсетіледі. Аталған адамдар медициналық көмек алу кезінде Қазақстан Республикасы азаматтарының осы Кодекстің 134-бабында көрсетілген құқықтарын пайдаланады.

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, бас бостандығы шектелген, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген, ұсталған, күзетпен қамауға алынған және арнаулы мекемелерге орналастырылған шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың уәкілетті орган айқындайтын тізбеге сәйкес және көлемдерде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.

144-бап. Спортшылар мен жаттықтырушыларға медициналық көмек көрсету

      1. Спортшылар мен жаттықтырушыларды медициналық қамтамасыз ету және оларға медициналық көмек көрсету уәкілетті органмен келісу бойынша дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекітетін спорттық іс-шараларды өткізу кезінде, спортшылардың денеге аса күш түсіруінен, ауруларынан және жарақаттануларынан кейін қалпына келтіру іс-шаралары кезеңінде спортшылар мен жаттықтырушыларды медициналық қамтамасыз ету және оларға медициналық көмек көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      2. Уәкілетті органмен келісу бойынша дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган бекітетін спорттық жарыстарға қатысу үшін спортшыларды медициналық зерттеп-қарау қағидаларына сәйкес медициналық зерттеп-қараудан өтпеген спортшылар спорттық жарыстарға жіберілмейді.

      3. Спорттық медициналық ұйымдар денсаулық сақтау ұйымдарына жатады.

18-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ЖЕКЕЛЕГЕН ҚАТЫНАСТАРДЫ РЕТТЕУ

145-бап. Хирургиялық араласу, қан, оның компоненттерін құю және диагностиканың инвазиялық әдістерін қолдану тәртібі

      1. Хирургиялық араласу, қан, оның компоненттерін құю және диагностиканың инвазиялық әдістерін қолдану пациенттердің хабардар етілген келісімімен қолданылады.

      Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарға және кәмелетке толмағандарға хирургиялық араласу, қан мен оның компоненттерін құю, диагностиканың инвазиялық әдістері олардың заңды өкілдерінің хабардар етілген келісімімен жүргізіледі.

      2. Медицина қызметкерлері өмірлік көрсеткіштері бойынша хирургиялық араласуға кірісіп кеткен және пациенттің өмірі мен денсаулығына қатер төнуіне байланысты оны тоқтату мүмкін болмайтын жағдайларды қоспағанда, келісім кері қайтарып алынуы мүмкін.

      3. Хирургиялық араласуды, қан мен оның компоненттерін құюды, диагностиканың инвазиялық әдістерін орындауды кідірту пациенттің өміріне қатер төндіретін, ал пациенттің немесе оның заңды өкілдерінің келісімін алу мүмкін болмаған жағдайларда, емдеуші дәрігер немесе консилиум пациентті немесе оның заңды өкілдерін қолданылған шаралар туралы кейіннен хабардар ете отырып, шешім қабылдайды.

146-бап. Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар

      1. Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологиялар - бедеулікті емдеу әдістері (жасанды инсеминациялау, жасанды ұрықтандыру және эмбриондарды импланттау), оларды қолдану кезінде ұрықтанудың және эмбриондардың ерте дамуының жекелеген немесе барлық кезеңдері ана организмінен тыс (оның ішінде донорлық және (немесе) криоконсервацияланған жыныстық жасушаларды, репродуктивтік ағзалардың тіндерін және эмбриондарды, сондай-ақ суррогат ана болуды пайдалана отырып) жүзеге асырылады.

      2. Некеде тұратын әйел мен ер адамның медициналық араласуға екіжақтың хабардар етілген келісімі болған кезде қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға құқығы бар.

      3. Некеде тұрмайтын әйелдің немесе ер адамның медициналық араласуға әйелдің (ер адамның) хабардар етілген келісімі болған кезде қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды қолдануға құқығы бар.

      4. Қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды жүргізу тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.

      5. Жыныспен байланысты аурулардың тұқым қуалау ықтималдығы жағдайларын қоспағанда, қосалқы репродуктивтік әдістер мен технологияларды пайдалану кезінде болашақ баланың жынысын таңдауға жол берілмейді.

      6. Адамның эмбрионын коммерциялық, әскери және өнеркәсіптік мақсаттар үшін пайдалануға болмайды.

      7. Жыныстық жасушаларды, адам эмбрионын коммерциялық, әскери немесе өнеркәсіптік мақсаттарда Қазақстан Республикасынан әкетуге жол берілмейді.

147-бап. Клондау

      Қазақстан Республикасында адамды клондауға - генетикалық жағынан бірдей түрлерді өсіруге тыйым салынады.

148-бап. Жыныстық жасушалардың, репродуктивтік ағзалар тіндерінің донорлығы

      1. Он сегіз жастан отыз бес жасқа дейінгі, тәні мен психикасы сау, медициналық-генетикалық зерттеп-қараудан өткен Қазақстан Республикасы азаматтарының жыныстық жасушалардың, репродуктивтік ағзалар тіндерінің донорлары болуға құқығы бар.

      2. Донорлардың өздерінің донорлық жыныстық жасушаларының, репродуктивтік ағзалар тіндерінің кейінгі тағдыры туралы ақпаратқа құқығы жоқ.

      3. Жыныстық жасушалардың, репродуктивтік ағзалар тіндерінің донорлығын жүргізу тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.

149-бап. Контрацепцияны пайдалану

      1. Азаматтардың контрацепция, оның ішінде медициналық контрацепция әдістері мен құралдарын таңдауға, сондай-ақ олардан бас тартуға құқығы бар.

      2. Азаматтарға денсаулығының жай-күйін, жасын және жеке ерекшеліктерін ескере отырып, контрацепцияның қолайлы әдістері мен құралдарын жеке іріктеу бойынша медициналық көмек көрсетіледі.

150-бап. Жүктілікті жасанды үзу

      1. Әйелдің жүктілікті жасанды үзуге құқығы бар.

      2. Әйелдің қалауы бойынша жүктілікті жасанды үзу жүктіліктің он екі аптаға дейінгі мерзімінде жасалады.

      Жүктілікті жасанды үзудің алдын алу мақсатында дәрігерлер моральдық-этикалық, психологиялық және теріс физиологиялық салдарын, ықтимал асқынуларды түсіндіруге бағытталған әңгімелесу өткізуге міндетті.

      3. Әлеуметтік көрсетілімдер бойынша жүктілікті жасанды үзу -жүктіліктің жиырма екі аптаға дейінгі мерзімінде, ал жүкті әйелдің және (немесе) шарананың өміріне қатер төндіретін медициналық көрсетілімдер мен жай-күйлер болған кезде (шарананың дамуы мен жай-күйінің өмірмен сыйыспайтын моногендік генетикалық аурулары, түзелмейтін туа біткен кемістігі болған кезде), жүктіліктің мерзіміне қарамастан жасалады.

      4. Кәмелетке толмаған адамның жүктілікті жасанды үзуі олардың ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің келісімімен жасалады.

      5. Заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған кәмелетке толған адамның жүктілігін жасанды үзу, егер ол өзінің жай-күйіне байланысты қалауын білдіре алмаса, заңды өкілінің өтініші бойынша және заңда белгіленген тәртіппен әрекетке қабілетсіз деп танылған кәмелетке толған адамның қатысуымен қабылданатын сот шешімі бойынша мүмкін болады.

      6. Медициналық ұйымдарда әйелдің қалауы бойынша жүктілікті жасанды үзуге дейін және одан кейін, контрацепция әдістері мен құралдарын жеке іріктеуді қоса алғанда, медициналық-әлеуметтік консультация өткізіледі.

      7. Жүктілікті жасанды үзуді жасаудың тәртібін, медициналық және әлеуметтік көрсетілімдерінің, сондай-ақ қарсы көрсетілімдерінің тізбесін уәкілетті орган айқындайды.

151-бап. Хирургиялық стерилизация

      1. Қаламаған жүктіліктің алдын алу әдісі ретінде хирургиялық стерилизация отыз бестен жастан асқан немесе кемінде екі баласы бар пациентке қатысты, ал кәмелетке толған азаматтың медициналық көрсетілімдері мен келісімі болған кезде - жасына және баласының бар-жоғына қарамастан жасалуы мүмкін.

      2. Хирургиялық стерилизацияны осы қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар денсаулық сақтау субъектілері осы операцияның біржола жасалатыны туралы міндетті түрде алдын ала хабардар ете отырып, пациенттің хабардар етілген келісімімен ғана жасалады.

      3. Хирургиялық стерилизация жасау тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.

152-бап. Химиялық кастрациялау

      1. Химиялық кастрациялау - пациенттің жыныстық құмарлығын төмендететін препараттарды қабылдауы, ол сот шешімі негізінде медициналық ұйымда жүзеге асырылады.

      2. Сот белгілеген медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасының қолданылу мерзімі шеңберінде пайдаланылатын дәрілік препараттың түрін, оны енгізу мерзімділігін, сондай-ақ бұл шараны қолдану тәртібін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен және Ішкі істер министрлігімен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайды.

153-бап. Биологиялық өлімді, мидың біржола семуін анықтау. Ағзалардың функцияларын демеу жөніндегі жасанды шараларды жалғастыру, тоқтату жағдайлары

      1. Биологиялық өлім өмірлік маңызды функциялар біржола өшіп, организмнің тіршілік етуінің тоқтауын білдіреді.

      2. Биологиялық өлімді медицина қызметкері мынадай белгілердің жиынтығы негізінде анықтайды:

      1) жүрек қызметінің тоқтауы;

      2) тыныс алудың тоқтауы;

      3) орталық жүйке жүйесі функцияларының тоқтауы.

      3. Мидың біржола семуі ағзалардың функцияларын демеу жөніндегі жасанды шаралар жүргізілуі мүмкін кезде ми қатпарларының семуіне байланысты ми қызметінің тоқтауын білдіреді.

      4. Мидың біржола семуін медициналық ұйымның консилиумы орталық нерв жүйесі функцияларының тоқтау белгілерінің жиынтығы, сондай-ақ клиникалық тестілер мен өзге де диагностикалық зерттеулер негізінде уәкілетті орган айқындаған тәртіппен растайды.

      5. Егер миының біржола семуі расталған адам тірі кезінде ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) трансплантаттау мақсатында алуға келісімін білдірген болса, ағзалардың функцияларын демеу жөніндегі жасанды шаралар жалғастырылады.

      Адамның тірі кезінде ерік білдіруі болмаған жағдайда, ағзалардың функцияларын демеу жөніндегі жасанды шаралар жұбайының (зайыбының), ол болмаған кезде адамның жақын туыстарының бірінің ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау мақсатында алуға келісімі болған жағдайда жалғастырылуы мүмкін.

      6. Тіршілікті демеу жөніндегі жасанды шаралар тек:

      1) биологиялық өлім расталған;

      2) консилиум тіркеп-белгілеген, уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қажетті диагностикалық және өзге де зерттеулермен расталған ми біржола семген кезде жұбайының (зайыбының), ол болмаған кезде жақын туыстарының бірінің және (немесе) заңды өкілінің жазбаша келісімі болған кезде ғана тоқтатылуы мүмкін.

154-бап. Эвтаназия

      Қазақстан Республикасында эвтаназияны жүзеге асыруға тыйым салынады.

155-бап. Анатомиялық сый

      1. Анатомиялық сый - әрекетке қабілетті адамның өз ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін), тірі кезінде де, қайтыс болғаннан кейін де өз еркімен құрбандық етуі, адам оны тиісінше ресімделген шарт немесе өсиеті арқылы жүзеге асырады.

      2. Анатомиялық сый туралы мәліметтер жария етуге жатпайды.

      3. Жеке басы анықталған, медициналық ұйымда қайтыс болған күннен бастап жиырма күн ішінде жерлеу үшін сұрауы болмаған адамның мәйіті, өсиет етілген ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) қоспағанда, анатомиялық сый ретінде танылады.

      Танылмаған мәйіттер анатомиялық сый ретінде танылмайды.

      4. Анатомиялық сый биомедициналық зерттеулер жүргізу үшін ғылыми, ғылыми-практикалық және оқу мақсаттарында пайдаланылуы мүмкін.

      5. Анатомиялық сыйды жасау және денсаулық сақтау ұйымдарына беру тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.

156-бап. Жыныстық тиістілігін өзгерту

      1. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдардан басқа, жиырма бір жасқа толған, әрекетке қабілетті, жыныстық сәйкестендіру ауытқушылықтары бар адамдардың өз жынысын ауыстыруына құқығы бар.

      2. Жыныстық сәйкестендіру ауытқушылықтары бар адамдар үшін медициналық куәландыру және жынысын ауыстыруды жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

19-тарау. НЕГІЗГІ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ АУРУЛАР КЕЗІНДЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ

1-параграф. Туберкулезбен ауыратын адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету

157-бап. Туберкулезбен ауыратын адамдарға медициналық көмек көрсету

      1. Мемлекет туберкулезбен ауыратын адамдарға:

      1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмекке және дәрілік қамтамасыз етуге;

      2) әлеуметтік және құқықтық қорғауға;

      3) ауруының сипатына байланысты қандай да бір кемсітушілік нысандарына жол бермеуге;

      4) балалар арасында туберкулездің ауыр, жіті өршитін түрлерімен ауруды төмендету жөніндегі профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруға кепілдік береді.

      2. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын адамдар міндетті емдеуге жатқызуға, емделуге және оңалтылуға жатады.

      3. Адамды туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп тану зертханалық зерттеулердің нәтижелері ескеріле отырып, денсаулық сақтау ұйымының қорытындысы негізінде жүзеге асырылады.

      4. Адамды туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп тану мақсатында медициналық зерттеп-қарауды жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      5. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауырады деп танылған адам денсаулық сақтау ұйымының шешіміне Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен шағым жасай алады.

158-бап. Туберкулезбен ауыратын адамдарды мәжбүрлеп емдеуге жiберу негiзi мен тәртiбi

      1. Туберкулезбен ауыратын адамдарды мәжбүрлеп емдеу пациенттерді фтизиопульмонологиялық ұйымдарда оқшаулаумен бірге туберкулезге қарсы және симптоматикалық емдеуді қамтиды және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады.

      2. Туберкулезбен ауыратын адамдарды мәжбүрлеп емдеуге мыналар негіздер болып табылады:

      1) пациенттің медициналық құжаттамасында тіркеп-белгіленген, туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын науқастың емделуден бас тартуы;

      2) пациенттің медициналық құжаттамасында тіркеп-белгіленген, өз бетінше кетуі және күнтізбелік бір ай ішінде туберкулезге қарсы препараттардың жеті тәуліктік дозасын қабылдауды себепсіз өткізу түрінде емдеу режимін бұзуы.

      3. Туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуде болған адамдар фтизиопульмонологиялық ұйымдардан шығарылғаннан кейін тұрғылықты жері бойынша медициналық ұйымға есепке тұруға міндетті.

      Туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуге жіберілген адамдарға медициналық көмек көрсету қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      4. Туберкулезбен ауыратын және емделуден жалтарып жүрген адамдарды мәжбүрлеп емдеу туралы шешімді сот Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес денсаулық сақтау ұйымдарының арызы бойынша қабылдайды.

      5. Туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуде жүрген адамдар Қазақстан Республикасы азаматтарының барлық құқықтарын фтизиопульмонологиялық ұйымдарда болу режимін сақтау қажеттігіне байланысты шектеулермен пайдаланады.

      6. Туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуге жіберілген адамның жұмыс орны сақталады.

      Мәжбүрлеп емдеуде болу уақытында еңбек өтілі үзілмейді және жалпы еңбек өтіліне есепке жазылады.

      7. Фтизиопульмонологиялық ұйымға мәжбүрлеп емдеуге жіберу сотталғандыққа алып келмейді.

      8. Туберкулезбен ауыратын, мәжбүрлеп емдеуге жіберілген, мемлекеттік тұрғын үй қорының тұрғынжайында тұратын адамның емдеуде болған бүкіл уақытында тұрғын үйі сақталады.

159-бап. Туберкулезбен ауыратын немесе бұрын ауырған адамдарды әлеуметтік және құқықтық қорғау

      1. Жергілікті атқарушы органдар:

      1) туберкулезбен ауыратын, амбулаториялық емдеуде жүрген адамдарға әлеуметтік қолдау;

      2) туберкулезбен бұрын ауырған адамдарға жұмысқа орналасуына және тұрмыста жайласуына жәрдем көрсетеді.

      2. Туберкулезбен ауыратын балалардың фтизиопульмонологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының орталық-дәрігерлік консультациялық комиссиясының шешімі бойынша жалпы негіздерде мектепте және басқа оқу орындарында оқуына жол беріледі.

      3. Туберкулезбен ауыратын немесе бұрын ауырған адамдардың әскери қызметке, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметке, фельдъегерлік қызметке кіру, өткеру және одан босату ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

      4. Туберкулезбен ауырған және бұрын ауырған адамдар туралы мәліметтерді жария еткен адамдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

2-параграф. АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсету

160-бап. АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдарға медициналық көмек көрсету

      1. Мемлекет АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдарға:

      1) тегін негізде құпия медициналық зерттеп-қаралудың қолжетімділігі мен сапасына, динамикалық байқауды қамтамасыз етуге, психоәлеуметтік, заңгерлік және медициналық консультациялар беруге;

      2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмекке және дәрілік қамтамасыз етуге;

      3) АИТВ инфекциясының анадан ұрыққа және балаға берілу тәуекелін төмендету жөніндегі профилактикалық іс-шараларды жүзеге асыруға;

      4) әлеуметтік құқықтық қорғауға кепілдік береді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2-тармақтың "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 22-тармағының 1) тармақшасы қолданысқа енгізілгенге дейінгі редакциясын осы Кодекстің 276-бабы 4-т. қараңыз - ҚР 07.07.2020 № 360-VI Кодексімен.

      2. АИТВ инфекциясын жұқтырған Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, босқындар және АИТВ инфекциясын жұқтырған аналардан туылған, диагнозы белгіленбеген балалар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде динамикалық байқауға және дәрілік заттармен қамтамасыз етуге жатады.

      3. АИТВ инфекциясының қатынасудағы және қатынасудан кейінгі профилактикасына мұқтаж адамдар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық байқауға және дәрілік заттармен қамтамасыз етуге жатады.

      4. Бас бостандығы шектелген, сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген, ұсталған, күзетпен қамауға алынған және арнаулы мекемелерге орналастырылған, АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдардың, оның ішінде шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.

161-бап. АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдарды әлеуметтік және құқықтық қорғау

      1. АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдарға білім беру ұйымдарында оқуға, санаторийлік-курорттық ұйымдарда және сауықтыру білім беру ұйымдарында болуына шектеу қойылмайды.

      2. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, еңбек шартын тоқтатуға, еңбек шартын жасасуға, білім беру ұйымдарына және әлеуметтік мекемелерге қабылдауға тыйым салуға, сондай-ақ АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге, сол сияқты олардың жақын туыстарының тұрғын үй және өзге де құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіруге жол берілмейді.

      3. Алдын ала және мерзімдік медициналық қарап-тексеруге жататын қанмен, басқа да биологиялық сұйықтықтармен және биоматериалдармен жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінен басқа, жұмыс берушінің АИТВ инфекциясына зерттеп-қарау нәтижелерін сұратуына жол берілмейді.

      4. АИТВ инфекциясы анықталған жағдайда, "АИТВ инфекциясы" диагнозы белгіленген жұмыскерлер тері қабаттарының немесе сілемейқабық бүтіндігінің бұзылуымен байланысты емес басқа жұмысқа жұмыс берушінің ауыстыруына жатады.

      5. АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдардың әскери қызметке, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызметке кіру, өткеру және одан босату ерекшеліктері Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалады.

      6. АИТВ инфекциясын жұқтыру медицина қызметкерлерінің және тұрмыстық қызмет көрсету саласы жұмыскерлерінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан болған адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянның орнын толтыртуға құқығы бар.

162-бап. АИТВ инфекциясына зерттеліп-қаралу

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      1-тармақтың "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 22-тармағының 1) тармақшасы қолданысқа енгізілгенге дейінгі редакциясын осы Кодекстің 276-бабы 4-т. қараңыз - ҚР 07.07.2020 № 360-VI Кодексімен.

      1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, қандастардың, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты және уақытша тұратын шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, босқындар мен пана іздеген адамдардың уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен АИТВ инфекциясының профилактикасы саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша ерікті түрде анонимдік және (немесе) құпия медициналық зерттеп-қаралуға және консультация алуға құқығы бар.

      2. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде АИТВ инфекциясының бар-жоғына міндетті құпия медициналық зерттеп-қарауға:

      1) қанның, оның компоненттерінің, ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің), жыныстық жасушалардың донорлары мен реципиенттері;

      2) прокуратура, тергеу органдарының және (немесе) соттың сұрау салуы негізінде адамдар;

      3) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен клиникалық және эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша адамдар;

      4) бас бостандығы шектелген, сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеп жүрген, күзетпен қамауға алынған және арнаулы мекемелерге орналастырылған адамдар жатады.

      АИТВ инфекциясының бар-жоғына міндетті құпия медициналық зерттеп-қарау уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен АИТВ инфекциясының профилактикасы саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында жүзеге асырылады.

      3. Кәмелетке толмағандарды АИТВ инфекциясына медициналық куәландыру - олардың заңды өкілдерінің келісімімен немесе олардың қалауы бойынша, әрекетке қабілетсіз адамдарды олардың заңды өкілдерінің келісімімен жүргізіледі.

      4. Шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің қызметкерлері, шетелдік консулдық мекемелердің жұмыскерлері мен Қазақстан Республикасының аумағында артықшылықтар мен иммунитеттерді пайдаланатын өзге де адамдар АИТВ инфекциясының бар-жоғына зерттеп-қараудан өздерінің келісімімен ғана өткізіледі. Оларды зерттеп-қарау қажеттігі туралы ұсынысты уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігімен алдын ала келіседі.

      5. Медициналық зерттеп-қарау кезінде АИТВ инфекциясы фактісін анықтаған денсаулық сақтау ұйымдары зерттеп-қаралатын адамды алынған нәтиже туралы жазбаша хабардар етеді, оған өз денсаулығын және айналадағылардың денсаулығын сақтауға бағытталған сақтық шараларын сақтау қажеттігі туралы ақпарат береді, сондай-ақ емделуден жалтарғаны және басқа адамдарға жұқтырғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауаптылығы туралы ескертеді.

20-тарау. НЕГІЗГІ ИНФЕКЦИЯЛЫҚ ЕМЕС АУРУЛАР КЕЗІНДЕ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТУ

1-параграф. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсету

163-бап. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдардың құқықтары

      1. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдар азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясында және осы Кодексте көзделген барлық құқықтары мен бостандықтарына ие болады.

      Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарына (ауруларына) байланысты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруды шектеуге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ғана жол беріледі.

      2. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсетілген кезде олардың:

      1) тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ қажет болған жағдайда тұрған жері бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек алуға;

      2) емдеудің кез келген сатысында медициналық құралдар мен әдістерді пайдаланудан, ғылыми зерттеулерден немесе оқу процесінен, фото-, бейне- немесе кинотүсірілімдерден бас тартуға;

      3) дәрігерлік комиссияда жұмыс істеу үшін психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсетуге қатысатын маманды (соңғысының келісімімен) шақыруға;

      4) егер пациент он сегіз жасқа толмаған болса, жалпы білім беретін мектептің немесе интеллектуалдық дамуы бұзылған балаларға арналған арнаулы мектептің бағдарламасы бойынша білім алуға;

      5) хат-хабар алысуға, жіберілімдер, бандерольдер, ақша, пошта аударымдарын алуға және жіберуге, телефон пайдалануға, келушілерді қабылдауға, мерзімді баспа басылымдарына жазылуға;

      6) бірінші кезектегі қажетті заттарды иеленуге және сатып алуға, өз киімін пайдалануға;

      7) күнделікті серуендеуге құқығы бар.

      3. Қарқынды байқау жасалатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық ұйымдарда өздеріне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылатын, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдардың осы баптың 1 және 2-тармақтарында көрсетілген құқықтардан басқа:

      1) қосымша тамақ сатып алуға;

      2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс медициналық көрсетілетін қызметтер алуға;

      3) жеңіл керек-жарақтар, киімдер, аяқ киімдер сатып алуға;

      4) қалааралық телефон байланысын пайдалануға;

      5) қолма-қол ақшаны бақылау шотын пайдалануға құқығы бар.

      Көрсетілген құқықтарды іске асыру осылар берілетін адамның қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

164-бап. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғау

      1. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдар өздеріне психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсетілген кезде өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау үшін өз таңдауымен өкіл шақыруға құқылы. Өкілдікті ресімдеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүргізіледі.

      2. Кәмелетке толмаған адамның немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды оның заңды өкілі жүзеге асырады.

      3. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды олардың заңды өкілдері жүзеге асырады.

      4. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін медициналық ұйым, осы Кодекстің 166-бабының 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, адвокатты немесе заңды өкілді шақыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

165-бап. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмекті ұйымдастыру

      1. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмекті ұйымдастыру мақсатында мемлекет:

      1) еңбек терапиясына, жаңа кәсіптерге оқытуға арналған емдік- өндірістік объектілер мен құрылымдық бөлімшелер, сондай-ақ мүгедектерді қоса алғанда, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарды осы ұйымдарда жұмысқа орналастыру үшін еңбек жағдайлары жеңілдетілген арнайы өндірістер, цехтар немесе учаскелер құрады;

      2) психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға медициналық-әлеуметтік оңалтуды тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ қажет болған жағдайда тұрған жері бойынша ұйымдастыруды және жүргізуді қамтамасыз етеді, пациенттің қалауы бойынша анонимді түрде жүзеге асырылуы мүмкін.

      2. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар кәмелетке толмаған адамдарға, сондай-ақ сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдарға медициналық-әлеуметтік оңалту олардың заңды өкілдерінің келісімімен жүргізіледі.

166-бап. Психиатриялық куәландыру

      1. Психиатриялық куәландыру зерттеп-қаралатын адамның психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарын (ауруларын) анықтау, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсету қажеттігін айқындау мақсатында, сондай-ақ қорғаншылық, еңбекке уақытша жарамсыздықты айқындау, кәсіптік жарамдылығы сараптамасы туралы, оның ішінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу кезіндегі мәселелерді шешу үшін жүргізіледі.

      2. Психиатриялық куәландыруды, сондай-ақ профилактикалық қарап-тексеруді:

      1) куәландыру себептерін көрсете отырып, зерттеп-қаралатын адамның жазбаша келісімімен немесе оның заңды өкілдерінің жазбаша өтініші бойынша;

      2) кәмелетке толмаған адамға немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамға қатысты оның заңды өкілінің жазбаша келісімімен;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу кезінде психиатр-дәрігер жүргізеді.

      Зерттеп-қаралатын адамның психиатриялық куәландыру деректері мен психикалық денсаулығының жай-күйі туралы қорытындысы медициналық құжаттамада тіркеп-белгіленеді, онда психиатр-дәрігерге жүгіну себептері мен медициналық ұсынымдар да көрсетіледі.

      3. Зерттеп-қаралатын адам немесе кәмелетке толмаған адамның заңды өкілі қарсылық білдірген немесе келісімін бермеген жағдайда, куәландыру қорғаншылық және қамқоршылық органының шешімі бойынша жүргізіледі, оған сотқа шағым жасалуы мүмкін.

      4. Осы баптың 5-тармағының 1) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, психиатриялық куәландыру жүргізетін дәрігер зерттеп-қаралатын адамға және оның заңды өкіліне өзін психиатр ретінде таныстыруға міндетті.

      5. Зерттеп-қаралатын адам өзінде психикалық бұзылушылықтың (аурудың) ауыр түрі бар деп ұйғаруға негіз болатын әрекеттер жасаған жағдайда, бұл:

      1) оның өзіне және айналадағыларға тікелей қауіп төндіруіне;

      2) оның дәрменсіздігіне, яғни тиісінше күтім болмаған кезде негізгі тіршілік қажеттігін өз бетінше қанағаттандыруға қабілетсіздігіне;

      3) егер адам психикалық денсаулық саласындағы медициналық көмексіз қалатын болса, психикалық жай-күйінің нашарлауы салдарынан денсаулығына елеулі зиян келуіне байланысты жағдайда, адамды психиатриялық куәландыру өзінің келісімінсіз немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз жүргізілуі мүмкін.

      6. Егер зерттеп-қаралатын адам осы Кодекстің 176-бабының 2-тармағында көзделген тәртіппен динамикалық байқауда болса, адамды психиатриялық куәландыру оның заңды өкілінің келісімінсіз жүргізілуі мүмкін.

      7. Адамға психиатриялық сараптама және психиатриялық куәландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

      8. Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларда психиатриялық куәландыру туралы шешімді психиатр-дәрігерлер комиссиясы адамның заңды өкілін хабардар ете отырып, қабылдайды.

      9. Осы баптың 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, адамды өзінің келісімінсіз немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз психиатриялық куәландыру туралы шешімді психиатр-дәрігер осы баптың 5-тармағында санамаланған мұндай куәландыру негіздерінің бар екендігі туралы мәліметтер қамтылған өтініш бойынша қабылдайды.

      10. Психиатриялық куәландыру туралы өтініш жазбаша түрде болуға, мұндай куәландырудың қажеттігін негіздейтін толық мәліметтерді және адамның (не оның заңды өкілінің) психиатр-дәрігерге жүгінуден бас тартатыны туралы деректерді қамтуға тиіс. Психиатр-дәрігер өтініште осы баптың 5-тармағында көзделген мән-жайлардың жоқ екенін анықтай отырып, шешім қабылдау үшін қажетті қосымша мәліметтер сұратуға немесе психиатриялық куәландырудан жазбаша түрде негіздей отырып бас тартуға құқылы.

      11. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымға орналастырылған кәмелетке толмаған адам немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адам осы бапта көзделген тәртіппен психиатр-дәрігерлер комиссиясының міндетті куәландыруына жатады.

      12. Алғашқы алты ай ішінде кәмелетке толмаған адам немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адам емдеуге жатқызуды ұзарту туралы мәселені шешу үшін айына бір реттен сиретпей психиатр-дәрігерлер комиссиясының куәландыруына жатады. Емдеуге жатқызуды алты айдан астам мерзімге ұзарту туралы шешім Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен психиатр-дәрігерлер комиссиясының жолданымы негізінде соттың шешімі бойынша жүргізіледі.

      13. Психиатр-дәрігерлер комиссиясы немесе психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның әкімшілігі кәмелетке толмаған адамның немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамның заңды өкілдері емдеуге жатқызу кезінде жол берген теріс пайдалануларды анықтаған жағдайда, ұйымның әкімшілігі көрсетілген мән-жайлар анықталған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде бұл жөнінде қамқорлыққа алынған адамның тұрғылықты жері бойынша прокурор мен қорғаншылық және қамқоршылық органына хабарлайды.

167-бап. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға медициналық көмек көрсету

      1. Мемлекет:

      1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде психикалық денсаулық саласында шұғыл және жоспарлы медициналық көмекке;

      2) психиатриялық сараптамаға, еңбекке уақытша жарамсыздықты айқындауға;

      3) психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға әлеуметтік-тұрмыстық көмекке және жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге;

      4) ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталған медициналық бағдарламалар мен шараларды жүзеге асыруға кепілдік береді.

      2. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылық (ауру) диагнозын аурулардың халықаралық сыныптамасының өлшемшарттарына сәйкес психиатр-дәрігер анықтайды.

      Медициналық-санитариялық алғашқы көмек дәрігерінің пациенттің жазбаша келісімімен, уәкілетті орган белгілеген көлемде шекаралық психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтардың диагностикасына және оны емдеуге құқығы бар. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек дәрігерінің қорытындысы пациенттің құқықтары мен бостандықтарын шектеуге, сондай-ақ психиатриялық куәландыруға негіз болып табылмайды.

      3. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның диагностикасы және оны емдеу үшін Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында рұқсат етілген медициналық құралдар мен әдістер қолданылады.

      4. Медициналық құралдар мен әдістер аурулы бұзылушылықтардың сипатына сәйкес диагностикалық және емдік мақсаттарда ғана қолданылады және оларды адамды жазалау түрінде пайдалануға тыйым салынады.

      5. Дәрігер психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамға, егер ол жазылған ақпараттың мәнін дұрыс қабылдай алатын болса, немесе оның заңды өкіліне психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтың (аурудың) сипаты, емдеу мақсаттары мен әдістері туралы жазбаша ақпаратты, сондай-ақ ұсынылатын емдеудің ұзақтығы, ықтимал ауырсынуды сезіну, жанама әсерлері туралы және күтілетін нәтижелер туралы деректерді психиатриялық куәландыру жүргізілген кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде береді. Берілген ақпарат туралы медициналық құжаттамада жазба жасалады. Қалған жағдайларда бұл ақпарат осы Кодекстің 273-бабының 4-тармағына сәйкес берілуі мүмкін.

      6. Осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамды емдеу өзінің немесе оның заңды өкілінің келісімі алынғаннан кейін жүргізіледі.

      7. Емдеу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздер бойынша медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған кезде, сондай-ақ осы Кодекстің 137-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша мәжбүрлеп емдеуге жатқызылған кезде ғана психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз жүргізілуі мүмкін. Шұғыл емдеуге жатқызуды қоспағанда, мұндай жағдайларда емдеу психиатр-дәрігерлер комиссиясының шешімі бойынша жүзеге асырылады. Адамды оның келісімінсіз емдеуге жатқызған кезде психиатр-дәрігерлер комиссиясының емдеу тәртібі туралы шешімді қабылдауы ол емдеуге жатқызылған кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде қамтамасыз етілуге тиіс.

      8. Осы баптың 7-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның немесе оның заңды өкілінің ұсынылып отырған емдеуден бас тартуға немесе оны тоқтатуға құқығы бар.

      9. Емделуден бас тартқан адамға не оның заңды өкіліне емдеуді тоқтатудың ықтимал салдарлары түсіндірілуге тиіс. Емделуден бас тарту ықтимал салдарлары туралы мәліметтер көрсетіле отырып, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның немесе оның заңды өкілінің және психиатр-дәрігердің қолтаңбасы қойылып, медициналық құжаттамада жазбамен ресімделеді.

168-бап. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның стационарына емдеуге жатқызу

      1. Адамның психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығының (ауруының) болуы және психиатр-дәрігердің зерттеп-қарау жүргізу немесе стационар жағдайында емдеу қажеттігі туралы шешімі стационарға емдеуге жатқызуға негіздер болып табылады.

      2. Осы Кодекстің 137-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, адамды стационарға емдеуге жатқызу оның өтініші бойынша немесе оның жазбаша келісімімен ерікті түрде жүзеге асырылады.

      3. Кәмелетке толмаған адам стационарға оның заңды өкілінің жазбаша келісімімен емдеуге жатқызылады.

      4. Заңды өкіл қарсылық білдірген немесе болмаған жағдайда, кәмелетке толмаған адамды стационарға емдеуге жатқызу қорғаншылық және қамқоршылық органының шешімі бойынша жүргізіледі, бұған емдеуге жатқызу туралы шешім қабылданған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде прокурорды жазбаша хабардар ете отырып, сотқа шағым жасалуы мүмкін .

      5. Адамнан емдеуге жатқызуға алынған келісім адамның немесе оның заңды өкілінің және психиатр-дәрігердің қолтаңбасы қойылып, медициналық құжаттамада жазбамен ресімделеді.

      6. Стационарға мәжбүрлеп емдеуге жатқызуға соттың шешімі негізінде жол беріледі.

      Сот шешім шығарғанға дейін адамды стационарға мәжбүрлеп емдеуге жатқызуға осы Кодекстің 137-бабы 1-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда ғана жол беріледі.

      Сот шешімінсіз мәжбүрлеп емдеуге жатқызудың әрбір жағдайы бойынша психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның әкімшілігі адам стационарға орналастырылған кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес прокурорға жазбаша хабарлама жібереді, сондай-ақ жұбайы (зайыбы), жақын туыстары және (немесе) заңды өкілдері туралы мәліметтер болған кезде оларға ақпарат береді.

      7. Адамның стационарда мәжбүрлеу тәртібімен болуы емдеуге жатқызу жүргізілген негіздер сақталатын уақыт ішінде ғана жалғастырылады.

      8. Стационарға мәжбүрлеу тәртібімен емдеуге жатқызылған адам емдеуге жатқызуды ұзарту туралы мәселені шешу үшін алғашқы алты ай ішінде айына бір реттен сиретпей психиатр-дәрігерлер комиссиясының куәландыруына жатады. Емдеуге жатқызуды алты айдан астам мерзімге ұзарту психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның мәжбүрлеп емдеуге жатқызу және емдеу мерзімін ұзарту қажеттігі туралы арызы негізінде сот шешімі бойынша жүргізіледі, оған психиатр-дәрігерлер комиссиясының қорытындысы қоса беріледі.

      9. Мәжбүрлеу тәртібімен емдеуге жатқызылған адамды кезектен тыс куәландыру пациенттің өзінің немесе оның заңды өкілінің қалауы бойынша жүргізілуі мүмкін.

      Осы Кодекстің 137-бабының 1-тармағында көзделген негіздер бойынша стационарға емдеуге жатқызылған адам емдеуге жатқызылған кезден бастап қырық сегіз сағат ішінде психиатр-дәрігерлер комиссиясының міндетті куәландыруына жатады, ол емдеуге жатқызудың негізділігі туралы шешім қабылдайды. Емдеуге жатқызу негізсіз деп танылған және емдеуге жатқызылған адам стационарда қалуға ниет білдірмеген жағдайларда, ол дереу шығарылуға жатады.

      10. Мәжбүрлеп емдеуге жатқызумен келіспеген жағдайда, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам немесе оның заңды өкілі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінуге құқылы.

169-бап. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның стационарынан шығару

      1. Стационардан шығару адам сауыққан немесе оның психикалық жай-күйі одан әрі стационарлық емдеуді қажет етпейтіндей жақсарғаннан кейін, сондай-ақ стационарға орналастыруға негіз болған зерттеп-қарау немесе сараптама аяқталғаннан кейін жүргізіледі.

      2. Стационарда өз еркімен жатқан адамды шығару өзінің жеке өтініші, оның заңды өкілінің өтініші бойынша немесе оны емдеуші дәрігердің шешімі бойынша жүргізіледі.

      3. Стационарға мәжбүрлеу тәртібімен емдеуге жатқызылған адамды шығару психиатр-дәрігерлер комиссиясының қорытындысы, сот шешімі не прокурордың қаулысы бойынша жүргізіледі.

      4. Соттың ұйғарымымен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамды шығару сот ұйғарымы бойынша ғана жүргізіледі.

      5. Стационарға өз еркімен орналастырылған адамға, егер психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның психиатр-дәрігерлер комиссиясы мәжбүрлеу тәртібімен емдеуге жатқызу үшін осы Кодекстің 137-бабының 1-тармағында көзделген негіздерді анықтайтын болса, шығарудан бас тартылуы мүмкін. Мұндай жағдайда оның стационарда болуы, емдеуге жатқызуды ұзарту және стационардан шығару туралы мәселелер осы Кодекстің 168-бабының 7 - 9-тармақтары мен осы баптың 3-тармағында белгіленген тәртіппен шешіледі.

170-бап. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамға қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары

      1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар, қоғамға қауіпті іс-әрекеттер жасаған адамға қатысты сот шешімі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген негіздер бойынша және тәртіппен қолданылады.

      2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарда:

      1) амбулаториялық жағдайларда психиатрдың мәжбүрлеп байқауы және емдеуі;

      2) жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу;

      3) мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу;

      4) қарқынды байқау жасалатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түрінде жүзеге асырылады.

      3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшін стационарға орналастырылған адам стационарда болған бүкіл кезеңінде еңбекке жарамсыз деп танылады.

      4. Мәжбүрлеп емдеуде жатқан психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдардың пайдалануы үшін қарқынды байқау жасалатын мамандандырылған үлгідегі мемлекеттік психиатриялық ұйымның қолма-қол ақшаны бақылау шотына есепке жатқызылатын, жеке және заңды тұлғалардан түсетін ақшалай қаражатты, оның ішінде зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды пайдалану қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      5. Қарқынды байқау жасалатын мамандандырылған үлгідегі мемлекеттік психиатриялық ұйымның қолма-қол ақшаны бақылау шотының қаражатын пайдалану жөніндегі есепке алу мен есептілік, сондай-ақ олардың пайдаланылуын бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      6. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынудан туындаған психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарды мәжбүрлеп емдеу түрінде психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымды күзету осы ұйымның әкімшілігіне жүктеледі және Қазақстан Республикасының күзет қызметі саласындағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Қарқынды байқау жасалатын мамандандырылған үлгідегі мемлекеттік психиатриялық ұйымды күзету уәкілетті органмен бірлесіп, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі айқындаған тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.

      8. Қарқынды байқау жасалатын мамандандырылған үлгідегі мемлекеттік психиатриялық ұйымды күзетудің инженерлік-техникалық құралдарымен жабдықтауды уәкілетті органмен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі айқындаған тәртіпке сәйкес уәкілетті орган жүзеге асырады.

171-бап. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары

      1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қылмыстық құқық бұзушылық жасаған, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар, емделуге мұқтаж деп танылған адамға қатысты, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылық жасаған және өз еркімен емделуден жалтарып жүрген адамға қатысты сот шешімі бойынша қолданылады.

      2. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарға мәжбүрлеп емдеуге жіберу сотталғандыққа алып келмейді.

      Мәжбүрлеп емдеуде болу уақытында еңбек өтілі үзілмейді және жалпы еңбек өтіліне есепке жазылады.

      3. Мәжбүрлеп емдеуге жіберілген, мемлекеттік тұрғын үй қорының тұрғынжайында тұратын адамның емдеуде болған бүкіл уақытында тұрғын үйі сақталады.

      4. Мәжбүрлеп емдеуде жатқан, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның:

      1) мәжбүрлеп емдеуге арналған ұйымдардың ішкі тәртіптеме қағидаларымен және осы ұйымда болу тәртібін регламенттейтін өзге құжаттармен танысуға;

      2) хат-хабар алысуға, жіберілімдер, бандерольдар, ақша, пошта аударымдарын алуға және жіберуге, телефон пайдалануға, келушілерді қабылдауға, мерзімді баспа басылымдарына жазылуға;

      3) тамақ, материалдық-тұрмыстық және медициналық қызмет алуға;

      4) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жұмысқа орналасуға;

      5) дербес жеке шотындағы қаражат есебінен тамақ өнімдерін және бірінші кезекте қажетті заттарды, сондай-ақ мәжбүрлеп емдеуге арналған ұйымның аумағында сақтауға және пайдалануға тыйым салынбаған өзге де заттарды сатып алуға;

      6) ішкі тәртіптеме қағидаларында айқындалған тәртіппен жақын туыстарымен кездесуге;

      7) шектеусіз хат-хабар алысуға;

      8) ішкі тәртіптеме қағидаларында айқындалған тәртіппен сәлемдеме алуға, жіберілімдер жіберуге және алуға;

      9) өзінің жеке шотына есепке жатқызылатын ақша аударымдарын алуға;

      10) күнделікті серуендеуге;

      11) ұйым қызметкерлерінің әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен уәкілетті органға, прокуратура органдарына, сотқа шағым беруге құқығы бар.

      5. Ұйымда мәжбүрлеп емдеуде жатқан, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам:

      1) белгіленген ішкі тәртіптеме қағидаларын сақтауға;

      2) мәжбүрлеп емдеуге арналған ұйым әкімшілігінің және медицина персоналының заңды талаптарын орындауға;

      3) тағайындалған емді қабылдауға;

      4) ұйымның мүлкіне ұқыпты қарауға;

      5) мәжбүрлеп емдеуге арналған ұйымда тазалық пен тәртіпті ұстануға, сондай-ақ оның аумағында аптасына екі сағаттан аспайтын жинастыруды жүзеге асыруға;

      6) жеке гигиенаны сақтауға міндетті.

172-бап. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамды мәжбүрлеп емдеуге ресімдеу

      1. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығына (ауруына) орай мәжбүрлеп емдеуге рәсімделетін адамға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның медициналық куәландыру күні мен орны туралы хабарланады.

      Хабархат табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен, жеделхатпен жіберіледі.

      2. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйым медициналық куәландыру күні мен орны туралы тиісті түрде (дәлелді себептердің болуын қоспағанда) хабардар еткен және медициналық куәландырудан жалтарып жүрген адамға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның уәжді қорытындысы негізінде мәжбүрлеп зерттеп-қарау үшін ішкі істер органдары әкелуді қолданады.

      3. Әкелу медициналық куәландырудан жалтарып жүрген адамды мәжбүрлеп зерттеп-қарау жүргізілетін орынға тек жұмыс күндері сағат тоғыздан он сегізге дейін үш сағаттан аспайтын мерзімге мәжбүрлеп жіберу жолымен жүзеге асырылады.

      4. Адамның келу мүмкіндігінен айыратын ауру, жақын туыстарының қайтыс болуы, дүлей зілзала, белгіленген мерзімде келу мүмкіндігінен айыратын өзге де себептер оның медициналық куәландыруға келмеуінің дәлелді себептері деп танылады. Жіберілетін адам белгіленген мерзімде шақырту бойынша келуге кедергі келтіретін дәлелді себептерінің бар екендігі туралы мәжбүрлеп әкелудің бастамашысын хабардар етуге міндетті.

      5. Әкелу туралы қорытынды әкелінетін адамға оны орындау алдында хабарланады, бұл қорытындыдағы оның қолтаңбасымен куәландырылады.

      Жіберілетін адам қолтаңба қоюдан бас тартқан жағдайда, бұл жөнінде қорытындыда белгі жасалады.

173-бап. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамды мәжбүрлеп емдеуді ұйымдастыру

      1. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда мәжбүрлеп емдеуде жатқан, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам азаматтардың Қазақстан Республикасының Конституциясында көзделген барлық құқықтары мен бостандықтарына ие болады.

      2. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда мәжбүрлеп емдеуде жатқан, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруды шектеуге Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда ғана жол беріледі.

      3. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда мәжбүрлеп емдеуде жатқан, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам өзінің қалауы бойынша жұмыспен қамтамасыз етіледі, оған Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының күші қолданылады.

      4. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда мәжбүрлеп емделу кезеңінде зерттеп-қарау үшін мәжбүрлеп емдеуге жатқызу уақыты есепке жазылады.

      5. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамды мәжбүрлеп емдеу үшін психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда ұстау шарттары уәкілетті орган бекітетін ішкі тәртіптеме қағидаларында белгіленеді.

      6. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда мәжбүрлеп емдеуде жатқан, ішкі тәртіптеме қағидаларын бұзатын немесе емделуден жалтарып жүрген, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам, егер оның әрекеттері айналадағылардың өмірі мен денсаулығына немесе тікелей өзіне қатер төндірсе, арнайы палатаға орналастырылады. Арнайы палатаға орналастыру адамды орналастырған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде прокурорды хабардар ете отырып, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйым басшысының жазбаша өкімі бойынша он тәулікке дейінгі мерзімге жүргізіледі. Басшы жұмыс орнында болмаған жағдайда, арнайы палатаға орналастыру туралы шешімді психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның лауазымы бойынша аға қызметкері қабылдап, кейіннен басшыға хабарлайды, ол арнайы палатада ұстау мерзімдерін жазбаша өкіммен айқындайды.

      7. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымнан өз бетінше кетуі, сол сияқты ұйымға белгіленген мерзімде келмеуі емдеуден жалтару болып табылады және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа алып келеді. Оны мәжбүрлеп емдеуге жеткізуді Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары сот қаулысы негізінде жүзеге асырады.

      Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда өз бетінше болмаған кезеңі емдеу мерзіміне есепке жазылмайды.

      8. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда мәжбүрлеп емдеуде жатқан, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам құқық бұзушылықтар жасағаны және (немесе) материалдық залал келтіргені үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

174-бап. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамды психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымнан шығару

      1. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам:

      1) сот айқындаған мәжбүрлеп емдеу мерзімі өткеннен кейін;

      2) мәжбүрлеп емдеу жүргізуге кедергі келтіретін ілеспе ауыр аурулардың анықталуына байланысты сот қаулысымен;

      3) сәтті жазылуына байланысты мерзімінен бұрын, бірақ кемінде алты ай өткен соң сот қаулысымен мәжбүрлеп емдеуді тоқтатады және психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымнан шығарылады.

      2. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда жатқан, психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адам емдеуден жалтарған жағдайда, болу мерзімі психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйым әкімшілігінің медициналық қорытындыға негізделген жолданымы негізінде сот шешімімен, бірақ бір жылдан аспайтын мерзімге ұзартылуы мүмкін. Бұл ретте психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда болу уақыты екі жылдан аспауға тиіс.

      3. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымнан шығарылған адамға алып қойылған және ұйымның сақтау камерасында сақталған құжаттары, ақшасы мен заттары қайтарылады.

      4. Психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамдардың еңбек жағдайлары Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында айқындалады.

      5. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымнан босатылатын адамдар туралы психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйым әкімшілігі тұрмыста жайласуына және жұмысқа орналасуына жәрдем көрсету үшін тұрғылықты жеріндегі жергілікті атқарушы органға және байқауды қамтамасыз ету үшін тұрғылықты жеріндегі денсаулық сақтау ұйымына хабарлайды.

      6. Мерзімінен бұрын жазылып шыққан ретінде сот қаулысымен шығарылғандардан басқа, мәжбүрлеп емдеуде болған адамдар психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымнан шығарылғаннан кейін тұрғылықты жері бойынша психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарға психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда есепке тұруға және уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен оларда демеп емдеуден өтуге міндетті.

      Есепке қоюдан және демеп емдеуден өтуден жалтарған жағдайда адамды ішкі істер органдары мәжбүрлеп әкелуі мүмкін.

      7. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымнан шығарылған адамды жұмысқа орналастыру және тұрмыста жайластыру тұрғылықты жері бойынша жүзеге асырылады және жергілікті атқарушы органдарға жүктеледі.

175-бап. Психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсету кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары

      1. Стационарлық жағдайларда психикалық денсаулық саласындағы медициналық көмек емдеуге жатқызылған адам мен басқа да адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің неғұрлым аз шектеулі жағдайларында, медицина персоналы оның құқықтары мен заңды мүдделерін сақтай отырып жүзеге асырылады.

      2. Стационарға мәжбүрлеп емдеуге жатқызылған және онда болған кезде күш қолданып қысым жасау және оқшаулау шаралары, психиатр-дәрігердің пікірінше, емдеуге жатқызылған адамның өзіне немесе басқа адамдарға тікелей қауіп төндіретін әрекетіне өзге әдістермен жол бермеу мүмкін болмаған жағдайларда, нысандарда және сол уақыт кезеңіне ғана қолданылады және ол медицина персоналының тұрақты бақылауымен жүзеге асырылады. Күш қолданып қысым жасау немесе оқшаулау шараларының нысандары мен қолданылу уақыты туралы оның заңды өкілі хабардар етіле отырып, медициналық құжаттамада жазба жасалады.

      3. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері мәжбүрлеп куәландыруды, мәжбүрлеп емдеуге жатқызуды жүзеге асыру кезінде медицина қызметкерлеріне жәрдем көрсетуге, емдеуге жатқызылатын адамды қарап-тексеру мақсатында оған бару үшін, сондай-ақ емдеуге жатқызылған адам (емдеуге жатқызылуға жататын адам) тарапынан айналадағылардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жағдайларда қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.

176-бап. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарды динамикалық байқау

      1. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарды динамикалық байқау осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларда психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылығы (ауруы) бар адамның немесе оның заңды өкілінің келісіміне қарамастан белгіленуі мүмкін және психиатр-дәрігердің тұрақты қарап-тексеруі арқылы адамның психикалық денсаулығының жай-күйін байқауды және оған қажетті медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді көздейді.

      2. Динамикалық байқау ауыр, өзгермейтін сипат алған, асқынған ауру белгілері жиі болатын созылмалы немесе ұзаққа созылған бұзылушылықтан зардап шегетін адамға белгіленуі мүмкін.

      3. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарды динамикалық байқау, сондай-ақ динамикалық байқауды тоқтату қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      4. Психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адам психикалық жай-күйі өзгерген кезде осы Кодекстің 166-бабының 5-тармағында көзделген негіздер бойынша және тәртіппен өзінің келісімінсіз немесе оның заңды өкілінің келісімінсіз куәландырылуы мүмкін. Мұндай жағдайларда психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар адамдарды динамикалық байқау психиатр-дәрігерлер комиссиясының шешімі бойынша қайта басталуы мүмкін.

2-параграф. Орфандық аурулар кезінде медициналық көмек көрсету

177-бап. Орфандық аурулар кезінде медициналық көмек көрсету

      1. Орфандық (сирек кездесетін) ауруларға адам өміріне қатер төндіретін немесе мүгедектікке алып келетін, болу жиілігі ресми айқындалған деңгейден аспайтын сирек кездесетін ауыр аурулар жатады.

      2. Орфандық ауруларды емдеу тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады.

      3. Орфандық аурулардың және оларды емдеуге арналған дәрілік заттардың (орфандық) тізбесін мынадай өлшемшарттарды ескере отырып, уәкілетті орган бекітеді:

      1) Қазақстан Республикасында таралуы;

      2) жүргізу үшін Қазақстан Республикасының аумағында әзірленген және тіркелген дәрілік заттар бар жүйелі емдеу қажеттілігі (курабелді пациенттер);

      3) әзірленген және әлемде бар, бірақ Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға тіркелмеген дәрілік заттарды қолдана отырып, жүйелі емдеу қажеттігі;

      4) емдеу үшін әлемде әзірленген дәрілік заттар жоқ аурулардың болуы;

      5) радикалды терапияның болмауына байланысты паллиативтік медициналық көмек көрсету қажеттігі (инкурабелді пациенттер).

      4. Орфандық аурулардың және оларды емдеуге арналған дәрілік заттардың тізбесін қалыптастыру қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

21-тарау. УАҚЫТША БЕЙІМДЕУ ЖӘНЕ ДЕТОКСИКАЦИЯ ОРТАЛЫҚТАРЫ

178-бап. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтары

      1. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтары жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құрылады.

      2. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарының қызметін ұйымдастыру тәртібі мен уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының ішкі тәртіптеме қағидаларын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайды.

179-бап. Адамдарды уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастыру негіздері

      Орналастырылатын адамның алкогольдік масаң (интоксикациялық) күйде болғандығы туралы психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның персоналы жүргізген медициналық куәландыру қорытындысы адамдарды уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастыру негізі болып табылады.

180-бап. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылатын адамдарды қабылдау және тіркеу

      1. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылатын адамдарды қабылдау және тіркеу, жеке тексеріп-қарауды, медициналық куәландыруды жүргізу тәртібі, сондай-ақ алып қоюға жататын заттардың тізбесі уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарының қызметін ұйымдастыру қағидаларына сәйкес айқындалады.

      2. Алкогольдік масаң (интоксикациялық) күйдегі адамдарды уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастыру туралы тұрғылықты жері бойынша жақын туыстарына дереу хабарланады.

      Шетелдікті уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына орналастырған кезде медицина персоналы бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне хабарлайды.

181-бап. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарында ұстау режимі

      1. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарында ұсталатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін және олардың өздігінен кетіп қалу мүмкіндігін болғызбайтын режим белгіленеді. Үй-жайларды күтіп-ұстау шарттары, оларды жабдықтауға қойылатын талаптар уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының ішкі тәртіптеме қағидаларында айқындалады.

      2. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылған ер адамдар әйелдерден бөлек орналастырылады.

      3. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылған кәмелетке толмағандар өздерінің заңды өкілдерінің келісімімен тиісті медициналық ұйымның бейінді бөлімшелеріне емдеуге жатқызылады.

      4. Инфекциялық және паразиттік аурулармен ауыратын адамдар уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылған басқа адамдармен бірге ұсталмайды.

182-бап. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылатын адамдардың құқықтары мен міндеттері

      1. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылатын адамдардың:

      1) өздерінің құқықтары мен міндеттері, ұстау режимі туралы ақпарат алуға;

      2) уақытша бейімдеу және детоксикация орталығында болу кезеңінде жеке басының қауіпсіздігіне;

      3) материалдық-тұрмыстық және медициналық-санитариялық қызмет алуға;

      4) өздерінің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылу мәселелері бойынша психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымның медицина персоналына, сондай-ақ полиция, прокуратура органдарына, сотқа жүгінуге құқығы бар.

      2. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылған адамдар Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігімен келісу бойынша уәкілетті орган бекітетін уақытша бейімдеу және детоксикация орталығының ішкі тәртіптеме қағидаларын орындауға міндетті.

183-бап. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылған адамдарды босату

      1. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылған адамдар орталық жағдайларында одан әрі байқау мен емдеуді қажет етпейтін жай-күйінің жақсаруына қол жеткізгеннен кезде түскен кезінен бастап бір тәулік ішінде жоспарлы түрде дереу босатылуға жатады.

      2. Босатылған адамдарға олардан сақтауға алып қойылған, сақталуы заңсыз болып табылатын заттардан басқа, құжаттар, ақша мен заттар қолхатпен қайтарылады.

      3. Уақытша бейімдеу және детоксикация орталықтарына орналастырылатын адамдар атыс қаруын немесе суық қаруды, жарылғыш, күшті әсер ететін немесе улы заттарды, есірткі, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларын заңсыз сақтаған кезде шешімдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қабылданады.

      4. Шығару кезінде адамға оның уақытша бейімдеу және детоксикация орталығында болғаны туралы анықтама беріледі.

22-тарау. ҰЛТТЫҚ АЛДЫН АЛУ ТЕТІГІ

184-бап. Ұлттық алдын алу тетігі

      1. Ұлттық алдын алу тетiгi ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қызметі арқылы жұмыс істейтін, азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерiнiң алдын алу жүйесі түрінде қолданылады.

      2. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары өз қызметі шеңберінде мәжбүрлеп емдеуге арналған ұйымдарға (туберкулезге қарсы мамандандырылған ұйымдарға, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануға арналған психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымдарға (мәжбүрлеп емдеу үшін - жалпы үлгідегі психиатриялық стационарға, мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарға, қарқынды байқау жасалатын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық стационарға) және осы қатысушылардың баруы үшін Қазақстан Республикасының заңдарында айқындалатын өзге де ұйымдарға барады.

      3. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл, сондай-ақ Үйлестіру кеңесі іріктейтін, Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтарын, заңды мүдделерін қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық байқау комиссияларының және қоғамдық бiрлестiктердiң мүшелерi, заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, дәрігерлер ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары болып табылады.

      4. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қызметін үйлестіреді, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының қажетті әлеуеті мен кәсіптік білімін қамтамасыз ету үшін шаралар қолданады.

      5. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала бару жөніндегі шығыстарын өтеу Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен бюджет қаражатынан жүзеге асырылады.

185-бап. Үйлестіру кеңесі

      1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қызметін тиімді үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің жанынан Үйлестіру кеңесі құрылады.

      Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлді қоспағанда, Үйлестіру кеңесінің мүшелерін Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл құратын комиссия Қазақстан Республикасының азаматтары қатарынан сайлайды.

      2. Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл:

      1) Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің жанындағы Үйлестіру кеңесі туралы ережені;

      2) ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушыларын іріктеу қағидаларын;

      3) алдын ала бару үшін ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушыларынан топтар құру қағидаларын;

      4) алдын ала бару жөніндегі әдістемелік ұсынымдарды;

      5) алдын ала бару қорытындысы бойынша жыл сайынғы жинақталған баяндаманы дайындау қағидаларын бекітеді.

      3. Үйлестіру кеңесі Біріккен Ұлттар Ұйымы Азаптауға қарсы комитетінің Азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу жөніндегі кіші комитетімен өзара іс-қимыл жасайды.

186-бап. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына қойылатын талаптар

      1. Мыналар:

      1) Қазақстан Республикасының заңында белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар;

      2) қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікті немесе айыпталушы;

      3) сот әрекетке қабiлетсiз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп таныған;

      4) судьялар, адвокаттар, мемлекеттік қызметшілер және әскери қызметшілер, сондай-ақ құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;

      5) психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйымда есепте тұрған адамдар ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бола алмайды.

      2. Қасақана қылмыс жасағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылған; теріс себептер бойынша мемлекеттік немесе әскери қызметтен, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдарынан, соттардан босатылған немесе адвокаттар алқасынан шығарылған; адвокаттық қызметпен айналысуға берілген лицензиядан айырылған адамдар да ұлттық алдын алу тетігінің қатысушылары бола алмайды.

187-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының құқықтары

      1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушысы:

      1) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдардың саны, осындай ұйымдардың саны және олардың орналасқан жері туралы ақпарат алуға;

      2) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жасауға, сондай-ақ оларды ұстау жағдайларына қатысты ақпаратқа қол жеткізе алуға;

      3) құрылған топтардың құрамында белгіленген тәртіппен алдын ала баруды жүзеге асыруға;

      4) алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен және (немесе) олардың заңды өкілдерімен куәларсыз, жеке немесе қажет болған кезде аудармашы арқылы, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының пiкiрi бойынша тиiстi ақпарат бере алатын кез келген басқа адаммен әңгімелесу жүргізуге;

      5) алдын ала баруға жататын ұйымдарды кедергісіз таңдауға және оларға баруға;

      6) азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы хабарлар мен шағымдарды қабылдауға құқылы.

      2. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы заңды қызметін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болып табылады.

188-бап. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының міндеттері

      1. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы өз өкілеттігін орындау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауға міндетті.

      2. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының алдын ала баруға жататын ұйымдардың қызметіне араласуына жол берілмейді.

      3. Алдын ала бару жөніндегі топқа кіретін ұлттық алдын алу тетігі қатысушысының бейтараптығына күмән туғызатын мән-жайлар болған кезде ол алдын ала баруға қатысудан бас тартуға міндетті.

      4. Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы қабылданатын хабарлар мен шағымдарды Адам құқықтары жөнiндегi уәкiл айқындайтын тәртіппен тіркеуге міндетті.

      Қабылданған хабарлар мен шағымдар Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен Адам құқықтары жөнiндегi уәкiлдің қарауына беріледі.

      Қабылданған және берілген хабарлар мен шағымдар туралы ақпарат алдын ала бару нәтижелері жөніндегі есепке енгізіледі.

      5. Осы Кодекстің ережелерін бұзған ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

189-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының өкілеттігін тоқтату

      Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушысының өкілеттігі:

      1) осы Кодекстің ережелері бұзылған;

      2) өз өкілеттігін доғару туралы жазбаша өтініші;

      3) ол қайтыс болған не оны қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген;

      4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен;

      5) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан;

      6) соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;

      7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де жағдайлар басталған кезде тоқтатылады.

190-бап. Алдын ала барудың түрлері мен мерзімділігі

      1. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала баруы былайша бөлінеді:

      1) төрт жылда бір реттен сиретпей тұрақты негізде жүргізілетін мерзімдік алдын ала бару;

      2) алдыңғы мерзімдік алдын ала бару нәтижелері бойынша ұсынымдардың іске асырылуына мониторинг жүргізу, сондай-ақ ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары әңгімелесу жүргізген адамдарды алдын ала баруға жататын ұйымның әкімшілігі тарапынан қудалаудың алдын алу мақсатында, мерзімдік алдын ала бару аралығындағы кезеңде жүргізілетін аралық алдын ала бару;

      3) азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің қолданылғаны туралы келіп түскен хабарлардың негізінде жүргізілетін арнаулы алдын ала бару.

      2. Үйлестіру кеңесі бөлінген бюджет қаражаты шегінде алдын ала бару мерзімдерін және алдын ала баруға жататын ұйымдардың тізбесін айқындайды.

191-бап. Алдын ала бару тәртібі

      1. Алдын ала баруды Үйлестіру кеңесі Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан құратын топтар жүргізеді.

      2. Алдын ала бару үшін топтарды құру кезінде ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының ешқайсысын тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша қандай да бір кемсітушілікке ұшыратуға болмайды.

      3. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету алдын ала баруға жататын ұйымның әкімшілігіне жүктеледі. Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының құқыққа сыйымсыз әрекеттері орын алған жағдайда, алдын ала баруға жататын ұйым әкімшілігінің басшысы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге жазбаша ақпарат береді.

      4. Әрбір алдын ала барудың нәтижелері бойынша топтың атынан Үйлестіру кеңесі бекіткен нысан бойынша жазбаша есеп жасалады, оған алдын ала баруды жүзеге асырған топтың барлық мүшелері қол қояды. Ерекше пікірі бар топ мүшесі оны жазбаша түрде ресімдейді және есепке қоса береді.

192-бап. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы

      1. Үйлестіру кеңесі ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын олардың алдын ала бару нәтижелері бойынша есептерін ескере отырып дайындайды.

      2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасында:

      1) уәкілетті мемлекеттік органдарға алдын ала баруға жататын ұйымдарда ұсталатын адамдармен қарым-қатынас жағдайларын жақсарту және азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерінің алдын алу бойынша ұсынымдар;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар да қамтылады.

      Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасына өткен жылғы алдын ала бару жөніндегі қаржылық есеп қоса беріледі.

      3. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасы қарау үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға жіберіледі және оны Үйлестіру кеңесі бекіткен күннен бастап бір айдан кешіктірілмейтін мерзімде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің интернет-ресурсында орналастырылады.

193-бап. Құпиялылық

      1. Ұлттық алдын алу тетiгiнің қатысушылары алдын ала бару барысында өздеріне белгілі болған адамның жеке өмірі туралы мәліметтерді осы адамның келісімінсіз жария етуге құқылы емес.

      2. Ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының алдын ала бару барысында өздеріне белгілі болған адамның жеке өмірі туралы мәліметтерді осы адамның келісімінсіз жария етуі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

194-бап. Уәкілетті мемлекеттік органдардың ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларымен өзара іс-қимылы

      1. Мемлекеттік органдар және олардың лауазымды адамдары ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына олардың заңды қызметін жүзеге асыруына жәрдем көрсетеді.

      Бірде-бір мемлекеттік орган немесе лауазымды адам азаптаудың және қатыгездік, адамшылыққа жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын басқа да қарекеттер мен жазалау түрлерiнің қолданылу фактілері туралы ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларына хабарлағаны үшін Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын шектеуге құқылы емес.

      Ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының заңды қызметіне кедергі келтіретін лауазымды адамдар Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады.

      2. Уәкілетті мемлекеттік органдар ұлттық алдын алу тетiгi қатысушыларының жыл сайынғы жинақталған баяндамасын алған күннен бастап үш ай ішінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілге алынған баяндамаларды қарау нәтижелері бойынша қолданылған шаралар туралы жазбаша нысанда ақпарат береді.

      3. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ұлттық алдын алу тетігі қатысушыларының алдын ала бару нәтижелері бойынша есептері негізінде Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті мемлекеттік органдарға немесе лауазымды адамдарға адамның және Қазақстан Республикасы азаматының құқықтары мен бостандықтарын бұзған лауазымды адамға қатысты тәртіптік немесе әкімшілік іс жүргізуді не қылмыстық іс қозғау туралы өтінішхатпен жүгінуге құқығы бар.

23-тарау. МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕКТІҢ КӨЛЕМІ

195-бап. Медициналық көмектің көлемі

      Медициналық көмек мынадай көлемде ұсынылады:

      1) осы Кодекстің 196-бабына сәйкес ұсынылатын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін білдіретін ең төмен көлем;

      2) "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес ұсынылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмекті білдіретін базалық көлем;

      3) медициналық көмектің:

      жеке және заңды тұлғалардың ерікті жарналарының қаражаты есебінен көрсетілетін ерікті медициналық сақтандыру шеңберіндегі;

      ақылы қызметтер көрсету және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен ұсынылатын;

      әскери-медициналық (медициналық) мекемелерде (ұйымдарда) әскери қызметшілерге, ғарышкерлікке кандидаттарға, ғарышкерлерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, олардың отбасы мүшелеріне, құқық қорғау органдарының зейнеткерлеріне, әскери қызметтен, арнаулы мемлекеттік органдар қызметінен босатылған адамдарға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері мен азаматтарының жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қаражат есебінен көрсетілетін медициналық көмекті қамтитын қосымша көлемі.

196-бап. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!


      1-тармақтың бірінші бөлігі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 22-тармағының 1) тармақшасы қолданысқа енгізілгенге дейінгі редакциясын осы Кодекстің 276-бабы 4-т. қараңыз - ҚР 07.07.2020 № 360-VI Кодексімен.

      1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, босқындарға, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға бюджет қаражаты есебінен ұсынылады, барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ дәрілік қамтамасыз етуді қамтиды.

      Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, пана іздеген адамдардың айналадағыларға қауіп төндіретін аурулары болған кезде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында немесе Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша және көлемде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар.

      2. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретін медициналық көмекті Қазақстан Республикасының аумағында клиникалық практикаға жіберілген медицина қызметкерлері клиникалық хаттамалар негізінде көрсетеді.

      3. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне мыналар кіреді:

      1) жедел медициналық жәрдем;

      2) медициналық-санитариялық алғашқы көмек;

      3) мынадай:

      АИТВ инфекциясы және туберкулез профилактикасы мен диагностикасы жөнінде қызметтер көрсету кезінде;

      жарақаттар, уланулар немесе басқа да кезек күттірмейтін жай-күйлер кезінде;

      әлеуметтік мәні бар аурулар кезінде;

      уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша динамикалық байқауға жататын созылмалы аурулар кезінде амбулаториялық жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек;

      4) мынадай:

      әлеуметтік мәні бар аурулар кезінде;

      уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша динамикалық байқауға жататын созылмалы аурулар кезінде стационарды алмастыратын жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек;

      5) мынадай:

      уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша, айналадағыларға қауіп төндіретін инфекциялық немесе паразиттік аурумен ауыратын науқаспен қарым-қатынаста болған адамдарды, сондай-ақ бактерия таратушыларды, вирус таратушыларды және айналадағыларға қауіп төндіретін инфекциялық немесе паразиттік ауруға күдікті адамдарды оқшаулау кезінде;

      уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша инфекциялық, паразиттік ауруларды және айналадағыларға қауіп төндіретін ауруларды емдеу кезінде;

      уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін қызметтерді тұтынушылар болып табылмайтын адамдар үшін шұғыл нысанда, оның ішінде тәулік бойы стационар жағдайларында емдеуді қажет етпейтін диагнозды анықтағанға дейін тәулік бойы стационардың қабылдау бөліміндегі емдік-диагностикалық іс-шаралар жүргізу;

      уәкілетті орган айқындайтын аурулар тізбесі бойынша жоспарлы нысанда стационарлық жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек;

      6) негізгі ауруды емдеу кезіндегі медициналық оңалту, сондай-ақ туберкулезбен ауыратындарды медициналық оңалту;

      7) уәкілетті орган айқындайтын аурулар тізбесі бойынша паллиативтік медициналық көмек;

      8) қан препараттарымен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету;

      9) патологиялық-анатомиялық диагностика;

      10) ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау мақсатында қайтыс болғаннан кейінгі донорды ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) алуға дайындау, ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу, консервациялау, дайындау, сақтау, тасымалдау.

      4. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, арнайы емдік өнімдермен, иммундық-биологиялық дәрілік препараттармен қамтамасыз ету:

      1) денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларына сәйкес жедел жәрдем, сондай-ақ стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған көмек, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызметтер көрсету кезінде;

      2) қарсы профилактикалық екпелер жүргізілетін аурулар тізбесіне сәйкес медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету кезінде;

      3) белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікпен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесіне сәйкес амбулаториялық жағдайларда медициналық-санитариялық алғашқы көмек және мамандандырылған көмек көрсету кезінде жүзеге асырылады.

      5. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін ұсыну кезінде денсаулық сақтау субъектілері Қазақстан Республикасында тіркелген дәрілік заттарды, медициналық бұйымдар мен арнайы емдік өнімдерді пайдаланады. Дәрілік заттар Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға енгізілген болуға тиіс.

      Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нақты пациенттің өмірлік көрсетілімдері бойынша медициналық көмек көрсету не сирек кездесетін (орфандық) аурулары және (немесе) жай-күйлері бар пациенттердің шектеулі контингентіне медициналық көмек көрсету үшін уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қолдануға жол беріледі.

197-бап. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қалыптастыру қағидаттары

      1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі әмбебаптық, қолжетімділік, дәлелділік, шынайылық және реттеушілік қағидаттары негізінде қалыптастырылады.

      2. Әмбебаптық қағидаты осы Кодекстің 196-бабының 1-тармағында аталған адамдардың кіріс деңгейіне және әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, медициналық көмектің ең төмен көлемімен жалпыға бірдей және тең қамтуды білдіреді.

      3. Қолжетімділік қағидаты осы Кодекстің 196-бабының 1-тармағында аталған адамдардың Қазақстан Республикасының аумағында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу мүмкіндігі болып табылады.

      4. Дәлелділік қағидаты медициналық көрсетілетін қызметтердің, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тиімділігі мен қауіпсіздігі туралы дәлелденген ғылыми және клиникалық деректердің болуын білдіреді.

      5. Шынайылық қағидаты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің бюджет өлшемдеріне сәйкестігін білдіреді.

      6. Реттеушілік қағидаты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін көрсету кезінде ұсынылатын медициналық көрсетілетін қызметтерге тарифтерді, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға бағаларды мемлекеттік реттеу болып табылады.

198-бап. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек көрсету мақсаттары

      Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық көмек көрсетудің мақсаттары мыналар болып табылады:

      1) аурулардың диагностикасы және оларды емдеу;

      2) созылмалы аурулардың асқынуын, ағзалар мен тіндердің зақымдануын бақылау;

      3) аурулардың ерте сатыларда өршуінің және олардың салдарының алдын алу;

      4) жүктілік және босану кезіндегі медициналық күтім;

      5) пациентте өз денсаулығын бақылау дағдыларын қалыптастыру;

      6) жазылмайтын науқастарға аурудың терминалдық (соңғы) сатысында медициналық күтім жасау.

199-бап. Денсаулық сақтау саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар

      Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі, денсаулық сақтаудың көрсетілетін қызметтерінің халыққа қолжетімді болуын қамтамасыз ету "Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес денсаулық сақтау саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар болып табылады.

200-бап. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек

      1. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде:

      1) мыналарды:

      тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде профилактикалық қарап-тексерулерді қоспағанда, уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімділікпен профилактикалық медициналық қарап-тексерулерді;

      медициналық-санитариялық алғашқы көмек дәрігерлерінің жолдамасы бойынша пациенттерді бейінді мамандардың қабылдауы мен консультацияларын;

      созылмалы аурулары бар адамдарды уәкілетті орган белгілеген тәртіппен және мерзімділікпен бейінді мамандардың динамикалық байқауын;

      уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша халықтың жекелеген санаттарына шұғыл және жоспарлы нысанда стоматологиялық көмек көрсетуді;

      уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша диагностикалық көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде зертханалық диагностиканы;

      уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша емшаралар мен манипуляцияны қамтитын амбулаториялық жағдайлардағы мамандандырылған медициналық көмек;

      2) стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда);

      3) жоспарлы нысанда стационарлық жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда);

      4) шұғыл нысанда стационарлық жағдайларда мамандандырылған көмек, оның ішінде тәулік бойы стационар жағдайларында емдеуді қажет етпейтін диагноз анықталғанға дейін тәулік бойы стационардың қабылдау бөлімінде емдік-диагностикалық іс-шараларды жүргізу (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ауруларды емдеу жағдайларын қоспағанда);

      5) уәкілетті орган айқындайтын аурулардың тізбесі бойынша медициналық оңалту;

      6) патологиялық-анатомиялық диагностика;

      7) ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау мақсатында қайтыс болғаннан кейінгі донорды ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) алуға дайындау, ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу, консервациялау, дайындау, сақтау, тасымалдау ұсынылады.

      2. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, арнайы емдік өнімдермен, иммундық-биологиялық препараттармен қамтамасыз ету:

      1) денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларына сәйкес стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық көмек;

      2) уәкілетті орган бекітетін белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар азаматтардың жекелеген санаттарына арналған дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың тізбесіне сәйкес амбулаториялық жағдайларда медициналық-санитариялық алғашқы және мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде жүзеге асырылады.

      3. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілері Қазақстан Республикасында тіркелген, Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға енгізілген дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды және иммундық-биологиялық препараттарды пайдаланады.

201-бап. Ерікті медициналық сақтандыру шеңберіндегі медициналық көмек

      Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің көлеміне, сондай-ақ шығыстарын сақтандыру ұйымы өтейтін қосымша бағдарламаларға енгізілген медициналық көрсетілетін қызметтерді алуға мүмкіндік беретін жеке сақтандыру түрі ерікті медициналық сақтандыру болып табылады.

      Ерікті медициналық сақтандыру бағдарламасында:

      жалпы сақтандыру сомасын немесе көрсетілетін медициналық қызметтердің әрбір түрі бойынша жекелеген сақтандыру сомаларын көрсете отырып, сақтанушы ақы төлейтін, ерікті сақтандыру шарты шеңберіндегі медициналық көрсетілетін қызметтердің;

      сақтанушы (сақтандырылушы) медициналық көрсетілетін қызметтерді алатын денсаулық сақтау ұйымдарының тізбесі көзделеді.

      Медициналық көрсетілетін қызметтердің тізбесін сақтандыру ұйымы сақтанушымен (сақтандырылушымен) келісу бойынша белгілейді.

202-бап. Ақылы қызметтер көрсету және өзге де көздер есебінен ұсынылатын медициналық көмек

      1. Ақылы негізде ұсынылатын медициналық көмекті (ақылы медициналық көрсетілетін қызметтерді) денсаулық сақтау субьектілері шарт негізінде стандарттарға сәйкес көрсетеді.

      2. Азаматтардың өз қаражаты, ерікті медициналық сақтандыру қаражаты, жұмыс берушілердің қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер ақылы медициналық көрсетілетін қызметтерді қалыптастыру көздері болып табылады.

      3. Ақылы медициналық көрсетілетін қызметтер адамдарға:

      1) өздерінің бастамасы бойынша, оның ішінде бірінші және екінші деңгейлердегі мамандардың жолдамасынсыз медициналық көмек көрсету;

      2) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету;

      3) денсаулық сақтау ұйымының дәрілік формулярына енгізілмеген дәрілік заттармен емдеу;

      4) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесіне кірмейтін және (немесе) медициналық көрсетілімдерсіз медициналық зерттеулер жүргізу;

      5) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінен тыс және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде санаторийлік-курорттық ұйымдарда көрсетілетін қалпына келтіру емі және медициналық оңалту;

      6) медициналық көрсетілімдерсіз медициналық-генетикалық зерттеулер;

      7) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде көзделмеген және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру көлемінен тыс медициналық зерттеп-қарау;

      8) шарт бойынша, оның ішінде ерікті медициналық сақтандыру бойынша медициналық көмек көрсету;

      9) осы Кодекстің 83-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға медициналық көмек көрсету кезінде ұсынылады.

      4. Ақылы медициналық емес көрсетілетін қызметтер адамдарға қосымша сервистік көрсетілетін қызметтер (жайлылығы жоғары палаталарда болуды қоса алғанда, қосымша тұрмыстық және сервистік көрсетілетін қызметтер; медициналық көрсетілімдермен байланысты емес қосымша күтім; қосымша тамақтандыру; палаталар мен кабинеттерді медициналық емес қосымша жабдық түрлерімен жарақтандыру: телефон, теледидар, ұйымдастыру техникасы, тоңазытқыш; көліктік және басқа да көрсетілетін қызметтер) кезінде ұсынылады.

      5. Ақылы көрсетілетін қызмет түрлерін және оларға бағалар прейскурантын денсаулық сақтау субъектілері көрнекі ақпарат арқылы, оның ішінде интернет-ресурстарда халық назарына жеткізеді.

      6. Ақылы қызметтер көрсету кезінде денсаулық сақтау субъектілері уәкілетті орган бекіткен нысандар бойынша денсаулық сақтаудың медициналық ақпараттық жүйелерінде бастапқы есепке алу мен есептік құжаттама жүргізуді жүзеге асырады.

      7. Денсаулық сақтау ұйымы адамдарға ақылы медициналық қызметтерді уақтылы және сапалы көрсеткені үшін олар жүгінген кезден бастап Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жауапты болады.

      8. Денсаулық сақтау субъектілерінің ақылы қызметтер көрсету тәртібін осы Кодекске және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес уәкілетті орган айқындайды.

      9. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде көрсетілетін медициналық көмекті ақылы негізде ұсынуға тыйым салынады.

24-тарау. ДОНОРЛЫҚ ЖӘНЕ ТРАНСПЛАНТАТТАУ

1-параграф. Қан мен оның компоненттерінің донорлығы

203-бап. Донорлық, қанды, оның компоненттерін дайындау және қан препараттарын өндіру

      1. Донорлық функцияны жүзеге асыру арқылы азаматтардың денсаулығын сақтауға донорлардың ерікті түрде қатысуы қанның, оның компоненттерінің донорлығы болып табылады.

      2. Донорлық функцияны жүзеге асыру үшін донорларды тарту өтеусіз немесе өтеулі негізде жүргізіледі.

      Донорларды өтеулі негізде тарту донорлық функцияны өтеусіз негізде орындайтын донорлар болмаған кезде жүзеге асырылады.

      3. Қанды, оның компоненттерін дайындау процесі:

      1) донорлық қанды алу процесі болып табылатын қанды;

      2) жекелеген қан компоненттерін (плазманы, жасушаларды) алу процесі болып табылатын қан компоненттерін донациялауды қамтиды.

      4. Қанды дайындау мен қайта өңдеу процесінде:

      1) жасушалар және жасушасыз орта түрінде бөлінетін қанның құрамдас бөліктері болып табылатын қан компоненттері;

      2) донорлық қанды қайта өңдеу кезінде өндірілген дәрілік заттар болып табылатын қан препараттары алынады.

204-бап. Донорлық, қанды, оның компоненттерін дайындау және қан препараттарын өндіру саласында қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар

      1. Аллогендік донорлардан алынатын қанды, оның компоненттерін дайындауды, қайта өңдеуді, сақтауды және өткізуді тиісті лицензиясы бар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асырады.

      2. Қан препараттарын өндіруді тиісті лицензиясы бар ұйымдар жүзеге асырады.

      3. Донорлық, қанды, оның компоненттерін және препараттарды дайындау саласында қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен өзге де ұйымдар олардың сапасы үшін жауапты болады, сондай-ақ қанды, оның компоненттерін мынадай мақсаттар үшін өткізеді:

      1) клиникалық қолдану;

      2) қан препараттарын өндіру;

      3) тірі организмнен тыс (in vitro) диагностика үшін медициналық бұйымдарға реагенттер және (немесе) жұмсалатын материалдарды (оның ішінде клиникалық қолдануға жарамсыз қан компоненттерінен) дайындау үшін пайдалану.

      4. Қазақстан Республикасының аумағында төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген жағдайда, донорлықты ұйымдастыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

205-бап. Донорлық қанның, оның компоненттері мен препараттарының қауіпсіздігі мен сапасын қамтамасыз ету

      1. Донорлық қанның, оның компоненттері мен препараттарының қауіпсіздігі уәкілетті орган бекіткен донорларды медициналық куәландыруға, медициналық қолдану үшін қан өнімдерін өндіру кезіндегі қауіпсіздік пен сапаға қойылатын белгіленген талаптарды сақтау арқылы қамтамасыз етіледі.

      Қан қызметі саласында қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда орындалатын зертханалық зерттеулер сапасына бағалау жүргізуді республикалық қан қызметінің референс-зертханасы жүзеге асырады.

      2. Тиісінше таңбаланбаған донорлық қанды, оның компоненттерін, препараттарын пайдалануға және өткізуге тыйым салынады.

      3. Донорлық қанды, оның компоненттері мен препараттарын құюды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары мен медицина қызметкерлері оларды қауіпсіз қолдану жөніндегі тиісті талаптардың, сондай-ақ трансфузиялық көмек көрсету тәртібінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

206-бап. Қан мен оның компоненттері донорларының құқықтары мен міндеттері

      1. Он сегіз жасқа толған, тиісті медициналық куәландырудан өткен және қарсы көрсетілімдері жоқ, медициналық мақсаттар үшін қан мен оның компоненттерін донациялауды жүзеге асыруға ерікті түрде ниет білдірген жеке тұлға донор болуға құқылы.

      2. Донор:

      1) қан мен оның компоненттерін донациялауды өтеусіз жүзеге асыруға;

      2) қан мен оның компоненттерін донациялауды ақыға жүзеге асыруға;

      3) медициналық зерттеп-қарау нәтижелерімен танысуға;

      4) осы Кодекске сәйкес көтермеленуге құқылы.

      3. Донор қазіргі және бұрын ауырған барлық аурулары туралы өзіне белгілі мәліметтерді, сондай-ақ есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды тұтынуы туралы хабарлауға міндетті.

207-бап. Донорды медициналық зерттеп-қарау

      1. Қан мен оның компоненттерін донациялау алдында донор уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті медициналық зерттеп-қараудан өтеді.

      2. Донорлық функцияны жүзеге асыру үшін денсаулықтың жай-күйі туралы анықтамалар мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында ақысыз негізде беріледі.

      3. Қан мен оның компоненттерінің донорларын медициналық куәландыру тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүзеге асырылады.

208-бап. Донорға берілетін кепілдіктер, жұмыс берушілер мен ұйымдардың қан мен оның компоненттерінің донорлығын дамыту бойынша құқықтары мен міндеттері

      1. Жұмыскер жұмыс күндері медициналық зерттеп-қаралу және қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялау кезінде орташа жалақысы сақтала отырып, жұмыстан босатылады.

      2. Қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялауды өтеусіз негізде жүзеге асырған донорға орташа жалақысы сақтала отырып, қосымша бір демалыс күн беріледі, бұл жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкін. Осы кепілдіктер донациялау кезінен бастап бір жыл бойы жарамды.

      Қан мен оның компоненттерін донациялау болмаған кезде қосымша демалыс күні берілмейді.

      3. Егер донор болатын жұмыскер жұмыс берушімен келісім бойынша қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялау күндері жұмысқа шықса, оның орташа жалақысы сақтала отырып, өзінің қалауы бойынша басқа демалыс күні беріледі не бұл күн жыл сайынғы еңбек демалысына қосылуы мүмкін.

      4. Донор болатын жұмыскерді қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялау күндері түнгі уақыттағы жұмыстарға, үстеме жұмыстарға, ауыр жұмыстарға, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарға тартуға жол берілмейді.

      5. Донорлар болатын әскери қызметшілер, құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, сондай-ақ студенттер (оқушылар) қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялау күндері нарядтарда, вахталарда тұрудан және қызметтің басқа да түрлерін атқарудан және оқу-тәрбие процесінен босатылады.

      6. Донорларды көтермелеу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялауды өтеусіз негізде жүзеге асырған донор қан және (немесе) оның компоненттері донацияланғаннан кейін өз қанының көлемі мен организмінің энергетикалық шығындарын толтыру үшін таңдауы бойынша тегін тамақ не уәкілетті орган белгілейтін мөлшерде оның ақшалай баламасын алады.

      Қанды және (немесе) оның компоненттерін донациялау болмаған кезде қан және (немесе) оның компоненттері донацияланғаннан кейін өз қанының көлемі мен организмінің энергетикалық шығындарын толтыру үшін тегін тамақ не оның ақшалай баламасы берілмейді.

      8. Қан мен оның компоненттерін донациялауды өтеулі негізде орындайтын қанның, оның компоненттерінің донорына қанды, оның компонентерін дайындау саласында қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымы төлем жүргізеді.

      9. Қан мен оның компоненттерін донациялауды өтеулі негізде орындайтын донорларға төленетін төлемдердің тәртібін, өлшемшарттарын және мөлшерін уәкілетті орган белгілейді.

      10. Жұмыс берушілер мен ұйым басшылары донорлықты дамытуды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау мақсатында:

      1) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына, мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарына Қазақстан Республикасының азаматтарын донорлар қатарына тартуда жәрдем көрсетуге;

      2) қанды, оның компоненттерін алу үшін қажетті үй-жайларды өтеусіз беруге және жағдай жасауға;

      3) донор болатын жұмыскерді зерттеп-қарау және қан мен оның компоненттерін донациялау күні жұмыстан кедергісіз босатуға;

      4) донор болып табылатын жұмыскерге осы Кодексте белгіленген кепілдіктерді беруге міндетті.

      11. Жұмыс берушілер мен ұйым басшыларының донорларды қосымша көтермелеуге құқығы бар.

2-параграф. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау

209-бап. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау және оларды алу шарттары

      1. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау донордан реципиентке жүргізіледі және мынадай кезеңдерден тұрады: ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу, консервациялау, сақтау, тасымалдау және ауыстырып салу.

      2. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу, консервациялау, сақтау, тасымалдау және ауыстырып салу медициналық қызмет бейініне сәйкес ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау қызметтерін көрсету жөніндегі медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы болған кезде мемлекеттік медициналық ұйымдарда жүзеге асырылады.

      3. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) адамға (ықтимал реципиентке) одан әрі трансплантаттау мақсатында алу тірі адамнан (тірі кезіндегі донордан) немесе қайтыс болған адамнан (қайтыс болғаннан кейінгі донордан) жүргізіледі.

      4. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантациялаған кезде:

      1) адамнан ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) мәжбүрлеп алуға;

      2) адамды өзінің ағзасын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) беруге мәжбүрлеуге;

      3) адамның ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) сатып алуға-сатуға;

      4) кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабiлетсiз адам болып табылатын тірі кезіндегі донордан немесе қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерiн (тінінің бөлігін) алуға;

      5) қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға трансплантаттау үшін алуға;

      6) денсаулығының жай-күйі, жасы немесе өзге де себептер бойынша өзінің жеке басы туралы деректерді хабарлай алмаған және қайтыс болуын растау кезінде жеке басы анықталмаған адамдардан ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) алуға тыйым салынады.

      5. Инфекция жұқтырған тірі кезіндегі донордан немесе қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) реципиентке трансплантаттау үшін алуға тыйым салынады.

      Донордан ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) трансплантаттауға рұқсат етілетін инфекциялық аурулардың тізбесін уәкілетті орган бекітеді.

      6. Ағзаларды (ағзаның бөлiгін) және (немесе) тiндердi (тіннің бөлігін) трансплантаттауды қамтамасыз ету үшін:

      1) ағзалардың (ағза бөлiгінің) және (немесе) тiндердің (тін бөлігінің) ықтимал реципиенттерінің;

      2) ағзалар (ағзаның бөлiгі) және (немесе) тiндер (тіннің бөлігі) реципиенттерінің;

      3) ағзалар (ағзаның бөлiгі) және (немесе) тiндер (тіннің бөлігі) донорларының;

      4) ағзалардың (ағза бөлiгінің) және (немесе) тiндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейінгі донорлығына құқығын білдірген азаматтардың тіркелімі қалыптастырылады.

      7. Тіркелімді қалыптастыру және жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      8. Ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейінгі донорлығына құқығын білдірген азаматтардың тіркелімінде Қазақстан Республикасы азаматының қайтыс болғаннан кейін оның ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) трансплантаттау мақсатында алуға келісімі немесе одан бас тартуы туралы ерік білдіруін тіркеу медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тікелей жүгінген кезде немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталында жүргізілуі мүмкін.

      Ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейін донорлығына құқығын білдірген азаматтардың тіркеліміне уәкілетті орган айқындаған тәртіппен Трансплантаттау жөніндегі үйлестіру орталығының уәкілетті адамдарының ғана қол жеткізуі мүмкін болады.

210-бап. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) тірі кезіндегі донордан трансплантаттау тәртібі

      1. Он сегіз жастағы және одан үлкен, әрекетке қабілетті, реципиентпен генетикалық байланыстағы және (немесе) онымен тіні үйлесетін, ағзасын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) одан әрі трансплантаттау үшін алуға жазбаша нотариат куәландырған келісімін білдірген адам ағзаның (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) тірі кезінде доноры бола алады.

      2. Трансплантаттау үшін тірі кезіндегі донордан алынуы денсаулықтың біржола бұзылуына алып келмейтін жұп ағзаның бірі, ағзаның бөлігі немесе тін ғана алынуы мүмкін.

      3. Тірі кезіндегі донор уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жан-жақты медициналық зерттеп-қараудан өтуге тиіс.

      4. Ықтимал реципиент пен тірі кезіндегі донор арасындағы генетикалық байланысты анықтау үшін Этикалық комиссия құрылады. Этикалық комиссияның құрамын және ережесін уәкілетті орган бекітеді.

211-бап. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттауды үйлестіру және сүйемелдеу

      1. Трансплантаттау жөніндегі үйлестіру орталығы - ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттауды үйлестіру және сүйемелдеу мәселелерімен айналысатын денсаулық сақтау ұйымы, ол туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.

      2. Трансплантаттау кезінде тіндердің иммунологиялық үйлесімділігін айқындау донорлық, қанды, оның компоненттері мен препараттарын дайындау саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік медициналық ұйымдардың жанындағы құрылымдық бөлімше ретінде жұмыс істейтін тіндік типтеу зертханаларында (HLA-зертханалары) орындалады.

      Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау кезінде тіндердің иммунологиялық үйлесімділігін айқындау қағидаларын және HLA-зертханаларының қызметі туралы ережені уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      Трансплантаттау кезінде тіндердің иммунологиялық үйлесімділігін айқындау ағзаларды (ағазаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау қызметтерін көрсету жөніндегі медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйымның зерттеуге арналған жолдамасы негізінде жүзеге асырылады.

      3. Тіндер банктерінің қызметі биологиялық материал запастарын түзуге және трансплантаттауды жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарын олармен қамтамасыз етуге бағытталады.

      4. Тіндер банкінің қызметін жүзеге асыру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

212-бап. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлгін) қайтыс болғаннан кейінгі донордан трансплантаттау тәртібі

      1. Он сегіз жастағы және одан үлкен, миының біржола семуі расталған, ағзалары (ағзасының бөлігі) және (немесе) тіні (тінінің бөлігі) реципиентке трансплантаттау үшін пайдаланылуы мүмкін адам қайтыс болғаннан кейінгі донор болуы мүмкін.

      2. Ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейінгі донорлығына адамның тірі кезінде ерік білдіруін беру және бұл жөнінде жұбайын (зайыбын) немесе жақын туыстарының бірін хабардар ету тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      3. Қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерiн (тінінің бөлігін) трансплантаттау үшін алуға, егер алу кезінде медициналық ұйым осы адам тірі кезінде не ол қайтыс болғаннан кейін осы тармақтың екінші бөлігінде аталған өзге адамдар оның ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) алуға өзінің келіспейтіні туралы мәлімдегенінен хабардар болса, жол берілмейді.

      Адамның тірі кезіндегі ерік білдіруі болмаған жағдайда, оның ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) трансплантаттау үшін алуға өзінің келіспейтіні (келісімі) туралы жазбаша мәлімдеуге жұбайының (зайыбының), ол болмаған кезде жақын туыстарының бірінің құқығы бар.

      4. Трансплантаттау мақсатында мәйіттерден көру ағзаларын алу және консервациялау сот-сараптама қызметі саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган айқандайтын тәртіппен патологиялық анатомия және сот-медицина сараптамасы қызметін жүзеге асыратын ұйымдарда жүргізіледі.

      5. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу, консервациялау, сақтау, тасымалдау және ауыстырып салу тәртібі мен шарттарын уәкілетті орган айқындайды.

      6. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) кейіннен трансплантаттау үшін алуды жүргізетін адамдардың мидың біржола семуін растауға қатысуына тыйым салынады.

      7. Осы баптың күші, репродуктивтік тіндерді (жыныстық жасушаларды) қамтитын, адамның өсіп-өну процесіне қатысы бар ағзаларға (ағзаның бөлігіне) және (немесе) тіндерге (тіннің бөлігіне), сондай-ақ қанға, оның компоненттеріне, гемопоэздік дің жасушаларына, биомедициналық мақсаттарда пайдалану үшін адам және (немесе) жануар организмінің жасушаларына қолданылмайды.

213-бап. Ағзалар (ағзаның бөлігі) және (немесе) тіндер (тіннің бөлігі) доноры мен реципиентінің құқықтары

      1. Донор:

      1) денсаулық сақтау ұйымдарынан ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу бойынша алдағы араласуға байланысты өзінің денсаулығы үшін ықтимал асқынулар туралы толық ақпаратты талап етуге;

      2) ағзалар (ағзаның бөлігі) және (немесе) тіндер (тіннің бөлігі) донорларының тіркеліміне енгізу үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық зерттеп-қараудан өтуге;

      3) ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу бойынша жүргізілген араласуға байланысты денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ем алуға, оның ішінде дәрі-дәрмек емін алуға;

      4) трансплантаттауға байланысты хирургиялық араласу басталғанға дейін бас тартуға құқылы.

      2. Реципиент:

      1) денсаулық сақтау ұйымынан ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау бойынша алдағы араласуға байланысты өзінің денсаулығы үшін ықтимал асқыну туралы толық ақпаратты талап етуге;

      2) ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) ықтимал реципиенттерінің тіркеліміне енгізу үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық зерттеп-қараудан өтуге;

      3) донорлық ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу және ауыстырып салу бойынша жүргізілген араласуға байланысты денсаулық сақтау ұйымында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ем алуға, оның ішінде дәрі-дәрмек емін алуға;

      4) трансплантаттауға байланысты хирургиялық араласу басталғанға дейін бас тартуға құқылы.

      3. Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина және өзге де қызметкерлеріне донор және (немесе) реципиент туралы мәліметтерді жария етуге тыйым салынады.

214-бап. Жұмыс берушілер мен ұйым басшыларының ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) донорлығын дамытуды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау жөніндегі міндеттері

      1. Жұмыс берушілер мен ұйым басшылары ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) донорлығын дамытуды қамтамасыз ететін жағдайлар жасау мақсатында ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) доноры болып табылатын жұмыскерді жұмыстан кедергісіз босатуға міндетті.

      2. Ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) доноры болып табылатын жұмыскерге орташа айлық жалақысы сақтала отырып, ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау мақсатында алу жүргізілетін медициналық ұйымға және тұратын жеріне дейін кері жол жүру уақыты ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес еңбекке уақытша жарамсыздық парағы беріледі.

      3. Жұмыс берушілер мен ұйым басшыларының ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) донорларын қосымша көтермелеуге құқығы бар.

215-бап. Гемопоэздік дің жасушалары (сүйек кемігі) донорларының тіркелімі

      1. Гемопоэздік дің жасушаларын трансплантаттауды қамтамасыз ету мақсатында гемопоэздік дің жасушалары (сүйек кемігі) донорларының тіркелімін қалыптастыру және жүргізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      2. Гемопоэздік дің жасушалары донорын, оның ішінде халықаралық тіркелімдерден іздеу мен жандандыру және гемопоэздік дің жасушаларын реципиентке дейін тасымалдау тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

216-бап. Жасанды ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау

      1. Жасанды ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау:

      1) ағза жеткіліксіздігі;

      2) донорлық ағзалар (ағза бөлігі) және (немесе) тіндер (тін бөлігі) болмаған;

      3) жасанды ағзалар мен тіндерді трансплантаттау үшін қарсы көрсетілімдер болмаған кезде жүзеге асырылады.

      2. Жасанды ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау үшін көрсетілімдер мен қарсы көрсетілімдер тізбесін уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      3. Жасанды ағзалары (ағзасының бөлігі) және (немесе) тіндері (тінінің бөлігі) бар Қазақстан Республикасының азаматтары қажет болған кезде уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) ықтимал реципиенттерінің тіркеліміне енгізіледі.

3-параграф. Адам ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін), гемопоэздік дің жасушаларын (сүйек кемігін), қан мен оның компоненттерін, адам жасушаларының, биологиялық сұйықтықтары мен секреттерінің үлгілерін әкелу, әкету

217-бап. Адам ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін), гемопоэздік дің жасушаларын (сүйек кемігін), донорлық лимфоциттерді, жыныстық жасушаларды, эмбриондарды әкелу, әкету үшін негіздер

      1. Адам ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін), гемопоэздік дің жасушаларын (сүйек кемігін), донорлық лимфоциттерді Қазақстан Республикасының аумағына әкелу:

      1) денсаулық сақтау ұйымдарында трансплантаттау қажет болған;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында диагностикалық зерттеулер қажет болған;

      3) бiрлескен ғылыми зерттеулер жүргiзілген кезде жүзеге асырылады.

      2. Адам ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін), гемопоэздік дің жасушаларын (сүйек кемігін), донорлық лимфоциттерді Қазақстан Республикасының аумағынан әкету:

      1) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі Қазақстан Республикасының азаматына медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;

      2) диагностикалық зерттеулер қажет болған кезде;

      3) бiрлескен ғылыми зерттеулер жүргiзілген кезде;

      4) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда;

      5) Қазақстан Республикасының аумағында тұратын донордың гемопоэздік дің жасушаларын (сүйек кемігін), донорлық лимфоциттерін шетелде тұратын және трансплантаттауды күтіп жүрген реципиентке трансплантаттауды жүргізу қажет болған кезде жүзеге асырылады.

      3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында және 2-тармағының 1) мен 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда адам ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуге лицензияны адам ағзалары (ағзасының бөлігі) және (немесе) тіндері (тінінің бөлігі) экспорт немесе ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімдерімен орналастырылған жағдайларда уәкiлеттi орган медициналық қызметке арналған лицензияға сәйкес "трансплантология", "гематология" мамандығы бойынша қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының өтiнiшi бойынша бередi.

      4. Адам ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуге қорытындыны (рұқсат беру құжатын) олар кедендік аумақта қайта өңдеу, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу, ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімдерімен орналастырылған жағдайларда және кедендік аумақта қайта өңдеу, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу және ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімдерінің қолданысын аяқтау мақсатында кері экспорт пен кері импорт кедендік рәсімдерімен орналастырылған жағдайда уәкілетті орган береді.

      5. Гемопоэздік дің жасушаларын (сүйек кемігін), донорлық лимфоциттерді Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкету олар туыстық емес трансплантаттауды жүргізу мақсатында өткізілген жағдайда уәкілетті орган берген қорытынды (рұқсат беру құжаты) негізінде жүзеге асырылады.

      6. Жыныстық жасушалар мен эмбриондарды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкету:

      1) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ұйымдарында экстракорпоралдық ұрықтандыру қажет болған;

      2) диагностикалық зерттеулер қажет болған;

      3) бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізілген;

      4) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі Қазақстан Республикасының азаматын экстракорпоралдық ұрықтандыру қажет болған;

      5) Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі жақын туыстары мен жұбайын экстракорпоралдық ұрықтандыру қажет болған;

      6) Қазақстан Республикасының аумағында тұратын донорды, шетелде тұратын реципиентті экстракорпоралдық ұрықтандыру жүргізу қажет болған кезде;

      7) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда уәкілетті орган берген қорытынды (рұқсат беру құжаты) негізінде жүзеге асырылады.

      7. Адам ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін), жыныстық жасушалар мен эмбриондарды, гемопоэздік дің жасушаларын (сүйек кемігін), донорлық лимфоциттерді жеке тұлғалардың әкелуіне және әкетуіне жол берілмейді.

      8. Әкелуге және әкетуге арналған адам тiндерін (тіндерінің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлігін) биологиялық қауiпсiздiк тұрғысынан зерттеу, консервациялау және тасымалдау тәртiбiн уәкiлеттi орган айқындайды.

218-бап. Қан мен оның компоненттерін, адамның биологиялық материалдарының үлгілерін әкелу, әкету негіздері

      1. Қазақстан Республикасының аумағына қан мен оның компоненттерін, адамның биологиялық материалдарының үлгілерін әкелу:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында медициналық көмек көрсету қажет болған;

      2) Қазақстан Республикасының аумағында диагностикалық зерттеулер қажет болған;

      3) бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізілген;

      4) шетелде тұратын донор мен Қазақстан Республикасында тұратын реципиенттің тін үйлесімділігін растау үшін НLА-жүйесі бойынша зертханалық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ гемопоэздік дің жасушаларын трансплантаттау шеңберінде реципиенттің иммундық стимуляциясын жүргізу қажет болған кезде жүзеге асырылады.

      2. Қазақстан Республикасының аумағынан қан мен оның компоненттерін, адамның биологиялық материалдарының үлгілерін әкету:

      1) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жердегі Қазақстан Республикасының азаматына, сондай-ақ шетелде тұратын реципиенттерге медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;

      2) Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының шегiнен тыс жердегi жақын туыстары мен жұбайына медициналық көмек көрсету қажет болған кезде;

      3) диагностикалық зерттеулер қажет болған кезде;

      4) бiрлескен ғылыми зерттеулер жүргiзілген кезде;

      5) Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларда;

      6) Қазақстан Республикасының халқын қан препараттарымен қамтамасыз ету (келісімшарттық фракциялау) мақсатында Қазақстан Республикасының қан қызметі саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында дайындалған қан компоненттері шетелдік өндірушінің зауыттарында плазмалық қан препараттарын өндіру үшін шетелге жіберу кезінде;

      7) Қазақстан Республикасында тұратын донор мен шетелде тұратын реципиенттің тін үйлесімділігін растау мақсатында НLА-жүйесі бойынша зертханалық зерттеулер, сондай-ақ гемопоэздік дің жасушаларын трансплантаттау шеңберінде реципиенттің иммундық стимуляциясын жүргізу қажет болған кезде;

      8) қан компоненттерін және (немесе) адамның биологиялық материалдарының үлгілерін шетелге тірі организмен тыс (in vitro) диагностика үшін медициналық бұйымдарға реагенттер және (немесе) жұмсалатын материалдарды дайындау кезінде пайдаланылатын шикізат ретінде жіберу кезінде жүзеге асырылады.

      3. Осы баптың 1 және 2-тармақтарында көзделген жағдайлардан басқа, қан мен оның компоненттерін, адамның биологиялық материалдарының үлгілерін әкелу және әкету қажетті биологиялық қасиеттері бар қан мен оның компоненттері болмаған жағдайларда ғана жүзеге асырылатын алмасу тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін.

      4. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында және 2-тармағының 1), 2) мен 5) тармақшаларында көзделген жағдайларда, қан мен оның компоненттерін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуге лицензияны қан мен оның компоненттері экспорт немесе ішкі тұтыну үшін шығару кедендік рәсімдерімен орналастырылған жағдайларда, уәкілетті орган медициналық қызметке арналған лицензияға сәйкес "қан дайындау" мамандығы бойынша қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдарының өтiнiшi бойынша береді, ал осы баптың 2-тармағының 6) тармақшасында көзделген жағдайларда уәкілетті орган заңды тұлғаның өтініші бойынша бередi.

      5. Қан мен оның компоненттерін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуге қорытындыны (рұқсат беру құжатын) олар кедендік аумақта қайта өңдеу, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу немесе ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімдерімен орналастырылған жағдайларда және кедендік аумақта қайта өңдеу, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу және ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімдерінің қолданысын аяқтау мақсатында кері экспорт пен кері импорт кедендік рәсімдерімен орналастырылған жағдайда уәкілетті орган береді.

      6. Диагностикалық және ғылыми мақсаттарда пайдаланылатын, зерттеулердің сапасына сыртқы бақылау жүргізуге, оның ішінде референс-зерттеулер жүргізуге арналған немесе биомедициналық зерттеулер және (немесе) клиникалық зерттеулер жүргізу процесінде алынған адамның биологиялық материалдарының үлгілерін Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Қазақстан Республикасының аумағынан әкету уәкілетті орган берген қорытынды (рұқсат беру құжаты) негізінде жүзеге асырылады.

      7. Осы баптың 1-тармағының 4) тармақшасында және 2-тармағының 7) тармақшасында көзделген жағдайларды қоспағанда, қан мен оның компоненттерін, адамның биологиялық материалдарының үлгілерін жеке тұлғалардың әкелуіне және әкетуіне жол берілмейді.

219-бап. Адам ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін), қан мен оның компоненттерін әкелу, әкету тәртiбi

      1. Осы Кодекстiң 217-бабының 3-тармағында және 218-бабының 4-тармағында көрсетiлген денсаулық сақтау ұйымдарының адам ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін), қан мен оның компоненттерін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттерден Қазақстан Республикасының аумағына әкелуі және Қазақстан Республикасының аумағынан осы мемлекеттерге әкетуі "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған тәртіппен берілетін лицензия немесе қорытынды (рұқсат беру құжаты) негізінде жүзеге асырылады.

      2. Уәкілетті орган адам тіндерін (тіндерінің бөлігін), қан мен оның компоненттерін әкелуге, әкетуге лицензия беру немесе беруден бас тарту туралы шешімді - үш жұмыс күні ішінде, ал адам ағзаларын (ағзасының бөлігін) әкелуге, әкетуге бір жұмыс күні ішінде қабылдайды.

      3. Адам ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін), қан мен оның компоненттерін әкелуге, әкетуге қорытынды (рұқсат беру құжатын) беру немесе беруден бас тарту туралы шешімді адам ағзалары мен тіндері, қан мен оның компоненттері кедендік аумақта қайта өңдеу, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу немесе ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімдерімен орналастырылған жағдайларда және кедендік аумақта қайта өңдеу, кедендік аумақтан тыс қайта өңдеу және ішкі тұтыну үшін қайта өңдеу кедендік рәсімдерінің қолданысын аяқтау мақсатында кері экспорт пен кері импорт кедендік рәсімдерімен орналастырылған жағдайда уәкілетті орган үш жұмыс күні ішінде қабылдайды.

4-БӨЛІМ. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІ МЕН ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТ

25-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ БІЛІМ БЕРУ ҚЫЗМЕТІ

220-бап. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметінің субъектілері және оны жүзеге асыру шарттары

      1. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі медициналық және фармацевтикалық білім беру ұйымдарында, денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдарда және денсаулық сақтау саласындағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын өзге де білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады.

      2. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру:

      1) медициналық мамандықтар бойынша іске асырылатын медициналық білім беру бағдарламаларын;

      2) фармацевтикалық мамандықтар бойынша іске асырылатын фармацевтикалық білім беру бағдарламаларын;

      3) қоғамдық денсаулық мамандарын және өзге де денсаулық сақтау мамандарын даярлау бағдарламаларын қамтиды.

      Денсаулық сақтау саласындағы білім беру бағдарламаларын іске асыратын, коммерциялық емес акционерлік қоғамның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтің барлық салаларында дербес болады және оқыту, зерттеу және шығармашылық еркіндігі қағидаттарын басшылыққа алады.

      3. Медициналық мамандықтар бойынша денсаулық сақтау саласындағы білім беру бағдарламаларын іске асырудың міндетті шарттары мыналар болып табылады:

      1) денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының құрылымында симуляциялық кабинеттің (орталықтың) болуы;

      2) дәрігерлерді даярлау кезінде - жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымында интеграцияланған және жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламаларын (резидентура, докторантура) іске асыру;

      3) білім алушыларды клиникалық базаларда даярлау кезеңінде білікті медицина қызметкерлері арасынан тәлімгерлер тарту;

      4) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында денсаулық саласындағы ғылыми ұйымдармен және денсаулық сақтау ұйымдарымен жасалған шарттар негізінде жұмыс істейтін университеттік ауруханаларды және (немесе) интеграцияланған академиялық медициналық орталықтарды қалыптастыру.

      4. Клиникалық базалар, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының клиникалары, университеттік ауруханалар, резидентура базалары денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының ғылыми-практикалық базалары болып табылады.

      Клиникалық база, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымының клиникасы, университеттік аурухана, резидентура базасы, интеграцияланған академиялық медициналық орталық туралы ережелерді және оларға қойылатын талаптарды уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

      Көрсетілетін медициналық қызметтердің денсаулық сақтау саласындағы белгіленген талаптар мен стандарттарға, сондай-ақ клиникалық базаларға, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының клиникаларына, университеттік ауруханаларға, резидентура базаларына қойылатын талаптарға сәйкестігін тану мақсатында клиникалық базалар, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының клиникалары, университеттік ауруханалар, резидентура базалары осы Кодекстің 25-бабының 2-тармағында белгіленген аккредиттеу рәсіміне жатады.

      5. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдар мен білім беру ұйымдарының орнықты дамудың стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу шеңберінде шетелдік жоғары оқу орындарымен және медициналық ұйымдарымен білім беру, ғылыми, клиникалық қызмет саласында шарттар жасасуға құқығы бар.

      Медициналық білім беру мен ғылым саласындағы стратегиялық әріптестікті жүзеге асыру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      6. Уәкілетті орган аккредиттеген денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары бірлестіктерінің денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметінің сапасын қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіру үшін:

      1) Денсаулық сақтау саласындағы білім беру деңгейлері бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттар, денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметінің сапасын қамтамасыз етуге бағытталған үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламалар, нұсқаулар мен ұсынымдар әзірлеуге;

      2) уәкілетті орган қалыптастыратын консультативтік-кеңесші және сараптама органдарында, жұмыс топтарында денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметі субъектілерінің мүдделерін білдіруге құқығы бар.

221-бап. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметінің ерекшеліктері

      1. Денсаулық сақтау жүйесі үшін кәсіптік ғылыми-педагог, медицина және фармацевтика кадрларын, қоғамдық денсаулық мамандарын және өзге де мамандарды даярлау және олардың біліктілігін арттыру денсаулық сақтау саласындағы білім беру қызметінің міндеттері болып табылады.

      2. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру деңгейлері бойынша мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарды уәкілетті орган бекітеді және олар оқу жүктемесінің көлеміне (кредиттер санына) және түлектің құзыреттілігіне қойылатын жалпы талаптардың жиынтығын айқындайды.

      Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттардың талаптарына сәйкес, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік стандарттарда белгіленген біліктілік деңгейіне қойылатын талаптарды ескере отырып, білім беру бағдарламаларын дербес әзірлейді.

      Білім беру бағдарламаларының тізбесі денсаулық сақтау саласындағы білім беру деңгейлері бойынша білім беру бағдарламаларының тізілімінде қамтылады. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру деңгейлері бойынша білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу және тізілімге енгізу тәртібі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      3. Дәрігер кадрларды даярлау үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламалары бойынша жүзеге асырылады. Үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтағаннан кейін қорытынды аттестаттаудан өткен түлекке "медицина магистрі" дәрежесі беріледі. Интернатурадағы оқуды аяқтағаннан кейін кәсіптік даярлық бағалауынан өткен түлекке "дәрігер" біліктілігі беріледі.

      Интернатура үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру шеңберінде клиникалық мамандықтар бойынша білім алушыларды даярлау нысаны болып табылады, оның шеңберінде олар тәлімгердің қадағалауымен жалпы медициналық практикадан өтеді, соның нәтижесінде жалпы медицина саласында білім мен клиникалық тәжірибе алады.

      4. Резидентурада оқу кезеңіндегі резидент-дәрігерлерді қоспағанда, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын меңгерген адамдар үшін мемлекеттік үлгідегі білім туралы құжат, ал медициналық мамандықтар бойынша денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты да денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік қызметті жүзеге асыруға негіз болып табылады.

      5. Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық және фармацевтикалық білім беру резидентураны, магистратураны және докторантураны қамтиды.

      "Магистр" дәрежесі бар адамдардың клиникалық емес бейіндегі докторантураға түсуге құқығы бар.

      Резидентурада оқуды аяқтаған адамдардың клиникалық бейіндегі докторантураға түсуге құқығы бар.

      Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру ұйымдарында резидентура және клиникалық бейіндегі докторантура бағдарламаларын қамтитын үздіксіз жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру бағдарламалары іске асырылуы мүмкін.

      6. Денсаулық сақтау саласындағы мамандардың қосымша білім мен дағдылар көлемін алуы қосымша және формальды емес білім беру арқылы жүзеге асырылады.

      Қосымша білім беру қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын және танылған аккредиттеу органдарының тізіліміне енгізілген аккредиттеу органдарында институционалдық аккредиттеуден өткен білім беру және ғылыми ұйымдарда жүзеге асырылады.

      Медициналық мамандықтар бойынша қосымша білім беруді және медицина қызметкерлеріне формальды емес білім беруді жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары, ұлттық және ғылыми орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары, жоғары медициналық колледждер аккредиттелген клиникалық базалардың, денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары клиникаларының, университеттік ауруханалардың базасында жүзеге асырады.

      Денсаулық сақтау саласындағы мамандарға қосымша және формальды емес білім беру тәртібін, денсаулық сақтау саласындағы қосымша және формальды емес білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын, сондай-ақ қосымша және формальды емес білім беру арқылы денсаулық сақтау саласындағы мамандар алған оқудың нәтижелерін тану қағидаларын уәкілетті орган айқындайды.

      7. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары ғылыми-педагог кадрларды аттестаттау тәртібін және оларға қойылатын талаптарды айқындайды. Ғылыми-педагог кадрларды аттестаттау бес жылда бір реттен сиретпей жүргізілуге тиіс. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары ғылыми-педагог кадрлардың педагогикалық, зерттеу және кәсіптік құзыреттілігін тұрақты арттыруды қамтамасыз етеді.

      Мемлекет жүз пайыз қатысатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру ұйымдарының ғылыми-педагог кадрларының бюджет қаражаты есебінен біліктілігін арттыруға құқығы бар.

222-бап. Резидентура

      1. Резидентура бағдарламаларын іске асыруды жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының аккредиттелген клиникаларында, университеттік ауруханаларда, сондай-ақ резидентура базалары ретінде аккредиттелген ұлттық және (немесе) ғылыми орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары жүзеге асырады. Резидентура бағдарламалары тізбесін уәкілетті орган бекітетін медициналық мамандықтар бойынша іске асырылады.

      2. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы, ұлттық және (немесе) ғылыми орталықтар, ғылыми-зерттеу институттары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының талаптарына сәйкес, сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік стандарттарда белгіленген біліктілік деңгейлеріне қойылатын талаптарға сәйкес резидентураның білім беру бағдарламаларын дербес әзірлейді.

      Резидентураның білім беру бағдарламаларының тізбесі денсаулық сақтау саласындағы білім беру деңгейлері бойынша білім беру бағдарламаларының тізілімінде қамтылады.

      3. Кәсіптік біліктілігін өзгерту мақсатында резидентурада білім алушы адам формальды білім беруді оқуда бұрын қол жеткізген нәтижелерінің танылуы ескеріле отырып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты және түлектердің біліктілік деңгейіне қойылатын талаптар негізінде жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары дербес әзірлеген қысқартылған білім беру бағдарламаларына сәйкес бағдарламаны меңгереді.

      4. Резидентурадағы даярлық резидент-дәрігерлерді медициналық көрсетілетін қызметтерді ұсынуда өзін қатыстыруға тарта отырып, теория мен клиникалық практиканы интеграциялау және тәлімгердің қадағалауымен пациенттерге көмек көрсету жөніндегі қызмет үшін жауаптылық негізінде жүзеге асырылады. Даярлық процесінде дағдыларды, білім мен тәжірибені меңгеруіне қарай резидент-дәрігердің тәуелсіз жауаптылығының өспелі дәрежесі қамтамасыз етіледі.

      Резидентурада мемлекеттік тапсырысты орналастыру, оқуға қабылдау және медицина кадрларын даярлау қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.

      5. Резидент-дәрігерді оқытудың және көрсетілетін қызметтерді ұсынуға тартудың құқықтық негізі мыналар болып табылады:

      1) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының резидентурасы базасында - жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы, резидентура базасы және резидент-дәрігер арасында жасалатын оқыту туралы шарт;

      2) резидентура базалары ретінде аккредиттелген ұлттық және (немесе) ғылыми орталықтарда, ғылыми-зерттеу институттарында - ұлттық және (немесе) ғылыми орталық, ғылыми-зерттеу институты және резидент-дәрігер арасында жасалатын оқыту туралы шарт.

      Резидентура бағдарламасы бойынша оқыту туралы үлгілік шарттың нысанын уәкілетті орган бекітеді.

      Резидентурада оқыту резидентура базасының, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының, сондай-ақ ұлттық және (немесе) ғылыми орталық, ғылыми-зерттеу институтының тең жауапкершілігі жағдайында резидент-дәрігерге жұмыс орнын беруді көздейді.

      Оқу кезеңінде резидент-дәрігерге резидентура базасының, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының, ұлттық және (немесе) ғылыми орталықтың, ғылыми-зерттеу институтының еңбек тәртіптеме қағидалары, еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі талаптары қолданылады.

      6. Резидентураның кәсіптік оқу бағдарламасын меңгеру үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беру бағдарламасын бітірген және "дәрігер" біліктілігін алған азаматтарға дербес клиникалық практикаға жіберудің міндетті шарты болып табылады.

223-бап. Медициналық білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларды, түлектерді және денсаулық сақтау саласындағы мамандарды бағалау

      1. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру бағдарламалары білім алушыларының білімі мен дағдыларын және түлектерінің кәсіптік даярлығын бағалау:

      1) тиісті мамандықтың білім беру бағдарламалары түлектерінің құзыретіне қойылатын талаптарға;

      2) біліктіліктердің салалық шеңберіне және кәсіптік стандартқа негізделеді.

      2. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылардың білімі мен дағдыларын бағалау оқудың нәтижелеріне сәйкес жүргізіледі.

      3. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру бағдарламалары түлектерінің кәсіптік даярлығын бағалау тиісті білім беру бағдарламасы бойынша оқытудың түпкі нәтижелеріне сәйкес жүргізіледі.

      Денсаулық сақтау саласындағы білім беру бағдарламалары түлектерінің кәсіптік даярлығын бағалау қорытынды аттестаттау (мемлекеттік емтихан), қорытынды бақылау құрылымына кіреді. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру бағдарламаларының түлектерін қорытынды аттестаттаудың (мемлекеттік емтиханның), қорытынды бақылаудың оң нәтижелері білім туралы құжатты және денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатын алуға құқық береді.

      4. Денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіптік даярлығын бағалау кәсіптік стандарт талаптарына сәйкес жүргізіледі.

      5. Білім алушылардың білімі мен дағдыларын, түлектердің және денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіптік даярлығын бағалауды білім беру бағдарламалары бойынша білім алушылардың білімі мен дағдыларына және түлектердің, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіптік даярлығына бағалау жүргізуге уәкілетті орган аккредиттеген ұйым жүргізеді.

      6. Денсаулық сақтау саласындағы білім беру бағдарламалары білім алушыларының білімі мен дағдыларын бағалау, түлектерінің кәсіптік даярлығын бағалау, денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіптік даярлығын бағалау қағидаларын уәкілетті орган айқындайды.

224-бап. Қазақстан Республикасы медицина қызметкерінің кәсіптік анты

      Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және үздіксіз интеграцияланған медициналық білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының түлектері мынадай мазмұндағы Қазақстан Республикасы медицина қызметкерінің кәсіптік антын қабылдайды:

      "Медицина қызметкерінің мәртебелі атағын ала отырып, өз ұстаздарым мен әріптестерімнің алдында адам денсаулығын сақтау жолындағы ұлы іске адал әрі қалтқысыз қызмет етуге салтанатты түрде ант етемін. Өз қызметімде денсаулығы ең жоғары құндылық болып табылатын өз пациенттерімнің мүдделерін ғана басшылыққа аламын деп ант етемін. Жасына, жынысына, ұлтына, діни сеніміне, әлеуметтік жағдайы мен азаматтығына қарамастан, медициналық көмекке мұқтаж әрбір адамға бірдей ынта-жігермен және шыдамдылықпен көмек көрсетуге ант етемін. Медицина қызметкері құпиясын сақтауға, оны ешқашан пайдакүнемдік мақсатта пайдаланбауға ант етемін. Өз білімім мен дағдымды ұдайы жетілдіріп отыруға, өзіме де, өз шәкірттеріме де талапшыл болуға, ешқашан риясыз көмек көрсетуден бас тартпауға және егер пациенттің мүддесі талап етсе, әріптестеріммен кеңесуге ант етемін. Қазақстандық медицинаның игі дәстүрлерін сақтауға және байытуға, мені медициналық өнерге баулыған адамдарға алғыс білдіре отырып, оларды құрметтеуге ант етемін".

26-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТ

225-бап. Ғылыми қызметтің субъектілері

      1. Биомедициналық зерттеулерді жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызмет субъектілері болып табылады.

      Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымдарға денсаулық сақтау саласындағы ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметті, сондай-ақ ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізуді жүзеге асыратын заңды тұлғалар жатады.

      Денсаулық сақтау ұйымына ғылыми орталық және ғылыми-зерттеу институты мәртебесін уәкілетті орган береді. Уәкілетті орган денсаулық сақтау ұйымының ғылыми орталық және ғылыми-зерттеу институты мәртебесін сақтап қалуы туралы шешімді ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің нәтижелілігін бағалау нәтижелері бойынша қабылдайды.

      Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми ұйымға мәртебе беру және оны қайта қарау тәртібін, сондай-ақ ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық қызметтің нәтижелілігіне бағалауды жүргізу тәртібін ғылым саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган айқындайды.

      2. Денсаулық сақтау саласындағы ғылыми қызмет субъектілері биомедициналық зерттеулерді халықаралық деңгейде және Қазақстан Республикасында қабылданған биомедициналық зерттеулер стандарттарын және оларды жүргізуге қойылатын талаптарды, биоэтикалық нормаларды сақтай отырып жүргізеді.

226-бап. Ғылыми қызметті басқару

      1. Уәкілетті орган биомедициналық зерттеулерді дамытуды үйлестіруді және оның мониторингін жүзеге асырады.

      2. Уәкілетті орган:

      1) қолданбалы ғылыми зерттеулер бағдарламаларының жобаларына;

      2) аяқталған ғылыми-медициналық бағдарламалардың нәтижелеріне;

      3) Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын алуға ұсынылатын ғылыми жұмыстарға;

      4) денсаулық сақтау практикасына енгізу үшін жоспарланып отырған ғылыми-медициналық әзірлемелерге ғылыми-медициналық сараптама жүргізуді ұйымдастырады.

      Ғылыми-медициналық сараптама жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

227-бап. Биомедициналық зерттеулер

      1. Биомедициналық зерттеулер тірі адамдарға және жануарларға (зерттеу субъектілеріне), тірі және қайтыс болған адамның және жануардың биологиялық үлгілеріне, сондай-ақ клиникалық-эпидемиологиялық деректер мен өзге де медициналық ақпаратты пайдалану негізінде жүргізілуі мүмкін.

      Биомедициналық зерттеулер іргелі және қолданбалы биомедициналық зерттеулерді қамтиды. Қолданбалы биомедициналық зерттеулер медициналық-биологиялық эксперименттерді, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулерді, клиникалық зерттеулер мен қоғамдық денсаулық саласындағы зерттеулерді қамтиды.

      2. Биомедициналық зерттеулердің мақсаттары үшін адам эмбриондарын жасауға және адамды клондауға тыйым салынады.

      3. Адам эмбриондарына немесе адамның шаранасына жүргізілу кезінде немесе одан кейін адам эмбрионы немесе адамның ұрығы бұзылатын биомедициналық зерттеулерге тыйым салынады.

      4. Клиникалық зерттеулер медициналық-биологиялық эксперименттердің, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулердің оң нәтижелері алынған жағдайда жүргізіледі.

      5. Қолданбалы биомедициналық зерттеулер мынадай талаптар бір мезгілде сақталған:

      1) биомедициналық зерттеулер жаңа ғылыми деректер алуға және оларды практикалық денсаулық сақтауға енгізуге бағытталған;

      2) зерттеу субъектісінің мүдделерін қорғау және оның медициналық ақпаратының құпиялылығы қамтамасыз етілген;

      3) зерттеу субъектісінің немесе оның заңды өкілінің зерттеуге қатысуға немесе оның биологиялық үлгілерін және медициналық ақпаратын, оның ішінде ғылыми мақсаттарда биобанкті толтыру үшін пайдалануға келісімі алынған;

      4) дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың интервенциялық клиникалық зерттеулері уәкілетті органның рұқсатымен жүргізілетін кезде ғана жүргізілуі мүмкін.

      6. Адамдардың мынадай санаттары:

      1) кәмелетке толмағандар;

      2) жүкті әйелдер;

      3) әрекетке қабілетсіз адамдар;

      4) биомедициналық зерттеулерге қатысуы өздерінің оқуымен байланысты жағдайларда білім алушы адамдар;

      5) бөгденің көмегіне мұқтаж, жасына байланысты зейнеткерлер;

      6) әскери қызметшілер мен құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері;

      7) биомедициналық зерттеулер жүргізілетін медициналық ұйымдардың персоналы;

      8) қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдар үшін биомедициналық зерттеулер өзге адамдарға жүргізілмейтін және мұндай биомедициналық зерттеулерге қатысу оларға биомедициналық зерттеумен байланысты тәуекелдер мен қолайсыздықтардан басым түсетін тікелей пайда әкеледі деп күтуге ғылыми негіздер болған жағдайда ғана жүргізіледі.

      Осы баптың 6-тармағының 1), 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында аталған адамдардың санаттарына интервенциялық клиникалық зерттеулер емдік әсерін зерделеу үшін ғана жүргізіледі.

      Осы баптың 6-тармағының 6), 7) және 8) тармақшаларында аталған адамдардың санаттарына интервенциялық клиникалық зерттеулер жүргізуге тыйым салынады.

      7. Биомедициналық зерттеуге қатысуға жазбаша келісім алынған кезде еріктіге немесе пациентке, кәмелетке толмаған адамның заңды өкіліне, әрекетке қабілетсіз адамның қорғаншысына:

      1) медициналық технология, фармакологиялық немесе дәрілік зат, медициналық зерттеудің мәні мен ұзақтығы туралы;

      2) медициналық технологияның, фармакологиялық немесе дәрілік заттың қауіпсіздік дәрежесі, тәуекелдері және күтілетін тиімділігі туралы;

      3) медициналық технологияны, фармакологиялық немесе дәрілік затты қолданудың денсаулықтың жай-күйіне болжанбаған әсер етуі жағдайындағы әрекеттер туралы;

      4) денсаулықты сақтандыру шарттары туралы ақпарат берілуге тиіс.

      Бұл ретте зерттеулер басталғанға дейін ерікті немесе пациент, кәмелетке толмаған адамның заңды өкілі, әрекетке қабілетсіз адамның қорғаншысы зерттеудің кез келген сатысында биомедициналық зерттеулерден бас тарту мүмкіндігі туралы хабардар болуға тиіс.

      8. Биомедициналық зерттеулер:

      1) зерттеулерге қатысатын кәмелетке толмаған адамның, оның заңды өкілінің, әрекетке қабілетсіз адамның қорғаншысының, пациенттің немесе еріктінің талап етуі бойынша;

      2) еріктінің немесе пациенттің, кәмелетке толмаған адамның, әрекетке қабілетсіз адамның өміріне, денсаулығына қатер төнген жағдайда кез келген сатыда тоқтатылады.

      9. Биомедициналық зерттеулер жүргізу үшін биоэтика жөніндегі комиссияның оң қорытындысы, ал интервенциялық клиникалық зерттеулер үшін зерттеуге қатысушының өмірі мен денсаулығын сақтандыру туралы құжаттарды ресімдеу де міндетті шарттар болып табылады.

      10. Биомедициналық зерттеулер жүргізу қағидаларын және зерттеу орталықтарына қойылатын талаптарды уәкілетті орган айқындайды.

      11. Диагностиканың, емдеу мен медициналық оңалтудың жаңа әдістерін қолдану қағидаларын уәкілетті орган айқындайды.

228-бап. Биоэтика жөніндегі комиссиялар

      1. Биоэтика жөніндегі комиссия биомедициналық зерттеулерге қатысушылардың қауіпсіздігін және құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында биомедициналық зерттеулер жүргізумен байланысты құжаттарға оларды жоспарлау кезеңінде, орындалу барысында және аяқталғаннан кейін биоэтикалық сараптама жүргізетін тәуелсіз сараптама органы болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасында Биоэтика жөніндегі орталық комиссия және биоэтика жөніндегі жергілікті комиссиялар жұмыс істейді.

      3. Биоэтика жөніндегі орталық комиссия мынадай міндеттерді орындау үшін уәкілетті органның жанынан құрылады:

      1) қазіргі заманғы денсаулық сақтауды дамыту және инновациялық медициналық технологияларды енгізу тұрғысынан биоэтика мәселелері бойынша талдау және мамандар мен халыққа хабарлау;

      2) шетелде өндірілген дәрілік заттарға, медициналық бұйымдарға интервенциялық клиникалық зерттеулер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан екі және одан көп зерттеу орталықтарында жүргізілетін дәрілік заттарға, медициналық бұйымдарға интервенциялық және интервенциялық емес клиникалық зерттеулер жүргізуге қорытындылар беру;

      3) жүргізуге Биоэтика жөніндегі орталық комиссияның қорытындысы және уәкілетті органның рұқсаты берілген биомедициналық зерттеулер барысына биоэтикалық мониторингті жүзеге асыру;

      4) биоэтика жөніндегі жергілікті комиссиялардың қызметін үйлестіру және олардың қызметінің Биоэтика жөніндегі орталық комиссия бекіткен стандарттарға сәйкестігін бағалау;

      5) биоэтика мәселелері бойынша құжаттарды әзірлеуге қатысу;

      6) биоэтика жөніндегі жергілікті комиссияларды сертификаттауды жүзеге асыру.

      4. Биоэтика жөніндегі орталық және жергілікті комиссиялар пәнаралық негізде қалыптастырылады және медициналық, гуманитарлық кәсіптердің, қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен және құқық саласындағы мамандардан тұрады.

      5. Биоэтика жөніндегі орталық комиссияның құрамын және ол туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.

      6. Биоэтика жөніндегі жергілікті комиссиялар мынадай міндеттерді орындау үшін денсаулық сақтау ұйымдарының жанынан құрылады:

      1) осы баптың 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, биомедициналық зерттеулер жүргізуге қорытындылар беру;

      2) жүргізуге осы биоэтика жөніндегі жергілікті комиссияның қорытындысы және уәкілетті органның рұқсаты берілген биомедициналық зерттеулер барысына биоэтикалық мониторингті жүзеге асыру;

      3) Биоэтика жөніндегі орталық комиссияға ол айқындаған тәртіппен жыл сайынғы есепті ұсыну.

      7. Биоэтика жөніндегі жергілікті комиссияның құрамы және ол туралы ереже Биоэтика жөніндегі орталық комиссиямен келісу бойынша, жанынан осы комиссия құрылатын денсаулық сақтау ұйымы бірінші басшысының бұйрығымен бекітіледі.

      8. Биоэтика жөніндегі жергілікті комиссиялардың Биоэтика жөніндегі орталық комиссия беретін биоэтикалық комиссиялар қызметінің стандарттарға сәйкестігі сертификаты болған жағдайда биомедициналық зерттеулер жүргізуге қорытындылар беруге құқығы бар.

      9. Биоэтикалық сараптаманың нәтижелерімен келіспейтін өтініш берушінің апелляциясын өтініш берушінің өзінің қатысуымен және тәуелсіз сарапшыларды тарта отырып, комиссия қарайды.

      10. Биоэтикалық комиссиялар қызметінің талаптарға сәйкестігі сертификатының қолданылу мерзімін және оны беру тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

229-бап. Биобанктер

      1. Биобанк Биоэтика жөніндегі орталық комиссияның оң қорытындысы негізінде денсаулық сақтау ұйымының, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының және ғылыми ұйымның базасында құрылады.

      2. Биобанктерде сақталатын биологиялық материалдар сынама дайындауға, тасымалдауға, зертханалық өңдеуге және сақтауға қойылатын барлық талаптар сақтала отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына, биоэтика нормаларына сәйкес жиналуға тиіс.

      3. Биобанктер құру тәртібін және қызметінің қағидаларын уәкілетті орган айқындайды.

5-БӨЛІМ. ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ, ДӘРІЛІК ЗАТТАР МЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ БҰЙЫМДАРДЫҢ АЙНАЛЫСЫ

27-тарау. ФАРМАЦЕВТИКАЛЫҚ ҚЫЗМЕТ

230-бап. Фармацевтикалық қызмет түрлері

      Фармацевтикалық қызмет мынадай түрлерді қамтиды:

      1) дәрілік заттарды өндіру;

      2) медициналық бұйымдарды өндіру;

      3) дәрілік препараттарды дайындау;

      4) медициналық бұйымдарды дайындау;

      5) дәрілік заттарды көтерме саудада өткізу;

      6) медициналық бұйымдарды көтерме саудада өткізу;

      7) дәрілік заттарды бөлшек саудада өткізу;

      8) медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізу.

231-бап.Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру

      1. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сериялық шығару үшін қажет, шикізатты, материалдарды, жартылай фабрикаттарды, жабдықтарды, жиынтықтауыштарды сатып алуға және технологиялық процеске, оның ішінде оның сатыларының бірін жүзеге асыруға, өндірілген өнімді сақтауға, өткізуге, сондай-ақ оларға қоса жүретін барлық бақылау түріне байланысты барлық жұмыстардың жиынтығын қамтитын фармацевтикалық қызмет дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру болып табылады.

      2. Қазақстан Республикасының аумағында дәрілік заттар өндіруді дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер Қазақстан Республикасының және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті өндірістік практикасына (GMP) сәйкес және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен алынған лицензия негізінде жүзеге асырады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!


      2-тармақтың екінші бөлігі дәрілік заттарды өндіру жөніндегі ұйымдар, дәріхана қоймалары үшін 01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 07.07.2020 № 360-VI Кодексімен.

      Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер дәрілік заттарды өндіру кезінде тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарын сақтауға міндетті.

      3. Дәрілік затты өндіруші дәрілік заттардың тұрақтылығын зерттеулерді, оларды сақтау және қайта бақылау мерзімін белгілеуді уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізеді.

      Медициналық бұйымдарды өндіруші медициналық бұйымдардың тұрақтылығын зерттеулерді, оларды сақтау мерзімін белгілеуді халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізеді.

      4. Мынадай:

      1) мемлекеттік тіркеу, жабдықтар мен технологиялық процестерді баптау және іске қосу кезінде сараптама, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулер жүргізуге, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды келісімшарттық өндіруге және экспортқа өндіруге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, сондай-ақ пациенттің немесе оған тікелей таңдап алынған донорынан аутологиялық биологиялық материалдарын пайдалана отырып, жеке қолдану үшін өндірілген озық терапияның дәрілік заттарын қоспағанда, Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген;

      2) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру құқығына лицензиясыз;

      3) тиісті өндірістік практика мен медициналық бұйымдарды өндіру қағидаларын бұза отырып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіруге тыйым салынады.

      5. Өндірілген және әкелінетін дәрілік заттар:

      1) өзінің құрамында тізбесін уәкілетті орган бекітетін, Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған бояуыштар мен қосалқы заттар болмауға тиіс;

      2) дәрілік заттарды өндіруші әзірлеген және уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен дәрілік заттарға сараптама кезінде мемлекеттік сараптама ұйымымен келісілген дәрілік заттардың сапасы жөніндегі нормативтік құжатқа сәйкес бақылауға жатуға тиіс;

      3) Қазақстан Республикасының және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті өндірістік практикасының (GMP) талаптарынан төмен емес жағдайларда өндірілген және дәрілік затты мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және оның тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу кезінде мәлімделген фармацевтикалық субстанциядан (белсенді фармацевтикалық субстанциядан) өндірілуге тиіс.

      Қазақстан Республикасының аумағында экспортқа ғана өндірілетін дәрілік заттар Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуге және өткізуге жатпайды.

      6. Өндірілген және әкелінетін медициналық бұйымдар медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және оның тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу мақсаттары үшін медициналық бұйымға сараптама жасау кезінде медициналық бұйымды өндіруші ұсынған медициналық бұйымның нормативтік құжатына сәйкес бақылауға жатуға тиіс.

      Қазақстан Республикасының аумағында экспортқа ғана өндірілетін медициналық бұйымдар Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуге және өткізуге жатпайды.

      7. Патенттелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру және өткізу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      8. Диагностика немесе емдеу жүргізуге арналған медициналық бұйымдарды өндіру олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оларды функционалдық мақсатына сәйкес пайдалануды көздеуге және диагностиканың немесе емдеудің алынған нәтижелерін түсіндіру кезінде пайдаланушының қателесу тәсілін болғызбауға тиіс.

      9. Дәрілік заттарды өндіруші штатында Қазақстан Республикасының және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті өндірістік практикасының (GMP) талаптарына сәйкес міндеттерді орындауға жауапты болатын өндірушінің кемінде бір уәкілетті адамының болуын қамтамасыз етеді.

232-бап. Дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды дайындау

      Дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдар дайындауды уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдарды дайындауға лицензиясы бар, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер жүзеге асырады. Дайындалған дәрілік препараттар уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен дәріханаішілік бақылауға жатады.

233-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізу

      1. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме саудада өткізуді дәріхана қоймаларында көтерме саудада өткізуге тиісті лицензия алған не "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен медициналық бұйымдар қоймасы арқылы қызметін бастағаны туралы хабардар еткен дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектiлер жүзеге асырады.

      2. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткiзудi дәріханаларда, дәріхана пункттерінде, жылжымалы дәріхана пункттерінде бөлшек саудада өткізуге тиісті лицензия алған не "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен оптика және медициналық бұйымдар дүкендері арқылы қызметін бастағаны туралы хабардар еткен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектiлер жүзеге асырады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!


      3-тармақтың бірінші бөлігі дәріханалар үшін 01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 07.07.2020 № 360-VI Кодексімен.

      3. Дәрілік заттарды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер тиісті дәріханалық практика (GРP) талаптарын сақтауға міндетті.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      3-тармақтың екінші бөлігі дәрілік заттарды өндіру жөніндегі ұйымдар, дәріхана қоймалары үшін 01.01.2021 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 07.07.2020 № 360-VI Кодексімен.

      Дәрілік заттарды көтерме саудада өткізуді жүзеге асыратын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер тиісті дистрибьюторлық практика (GDP) талаптарын сақтауға міндетті.

      Лицензия алған не "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен қызметін бастағаны туралы хабардар еткен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілерге уәкілетті орган бекітетін тізбеге сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға жатпайтын тауарларды көтерме және бөлшек саудада өткізуге рұқсат етіледі.

      4. Мынадай:

      1) Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген;

      2) сапасы Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасында белгіленген тәртіппен сәйкестік сертификатымен расталмаған;

      3) Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін;

      4) жарамдылық мерзімі өткен;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      5) тармақша 01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 07.07.2020 № 360-VI Кодексімен.
      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы 5) тармаақшаның қолданысқа енгізілгенге дейінгі редакциясын осы Кодекстің 276-бабы 2-т. қараңыз - ҚР 07.07.2020 № 360-VI Кодексімен.

      5) денсаулық сақтау ұйымдарында медицина қызметкерлерінің;

      6) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды уақытша сақтау қоймалары арқылы дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды көтерме және бөлшек саудада өткізуге тыйым салынады.

      5. Дәрігердің рецептісі бойынша босатуға арналған дәрілік заттарды рецептісіз өткізуге тыйым салынады. Рецептілер қағаз және (немесе) электрондық түрлерде жазып беріледі.

      Дәрілік затқа қағаз түріндегі рецептінің сақталу мерзімі, құрамында есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлар және улы заттар бар, бір жыл сақталатын дәрілік затқа, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде босатылатын, сақталу мерзімі екі жылды құрайтын дәрілік затқа рецептіні қоспағанда, кемінде күнтізбелік отыз күнді құрайды.

      Дәрілік препараттардың құрамына кіретін әсер етуші заттарды ескере отырып, оларды рецептісіз және рецепт бойынша босатылатын дәрілік препараттардың санаттарына жатқызу қағидаларын, рецепттерді жазып беру, есепке алу және сақтау қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      6-тармақ 31.12.2022 дейін қолданыста болады - ҚР 07.07.2020 № 360-VI Кодексімен.

      6. Аудан орталығынан шалғайдағы, дәріханалары жоқ елді мекендерде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өткізуді жеке және заңды тұлғалар медициналық-санитариялық алғашқы көмек, консультативтік-диагностикалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарындағы дәріхана пункттері және жылжымалы дәріхана пункттері арқылы жүзеге асыра алады. Дәріхана пункттері болмаған кезде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізуді медициналық-санитариялық алғашқы көмек, консультативтік-диагностикалық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары арқылы жүзеге асыруға болады. Фармацевтикалық білімі бар мамандар болмаған жағдайда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыру үшін оларды өткізу үшін оқудан өткен, медициналық білімі бар мамандарға рұқсат етіледі.

      7. Тіркеу куәлігінің мерзімі өткенге дейін Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген және өндірілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар Қазақстан Республикасының аумағында шектеусіз қолданылады, айналыста болады және пайдаланылады.

28-тарау. ДӘРІЛІК ЗАТТАР МЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ БҰЙЫМДАРДЫҢ АЙНАЛЫСЫ

234-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының жүйесі

      Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласының бірыңғай жүйесіне:

      1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган және оның аумақтық бөлімшелері;

      2) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы және оның аумақтық бөлімшелері;

      3) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер кіреді.

235-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әзірлеу

      1. Дәрілік заттарды әзірлеу жаңа белсенді заттарды немесе олардың жаңа құрамаларын іздеуді және (немесе) жасауды, фармакологиялық қасиеттерін кейіннен зерделеуді, фармацевтикалық әзірлеуді, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулерді, сондай-ақ дәрілік заттарды өнеркәсіптік өндіру технологияларын әзірлеуді қамтиды.

      2. Дәрілік заттарды әзірлеу олардың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ететін тиісті фармацевтикалық практикалардың талаптары сақтала отырып жүзеге асырылады.

      3. Медициналық бұйымдарды әзірлеу техникалық шешімді іздеуді және (немесе) жасауды, тәжірибелік үлгілерді ойлап табуды, жобалауды, конструкциялауды және сынауды, сондай-ақ медициналық бұйымдарды өнеркәсіптік өндіру технологияларын әзірлеуді қамтиды.

      4. Медициналық бұйымдарды әзірлеу олардың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ететін халықаралық стандарттардың талаптары сақтала отырып жүзеге асырылады.

      5. Дәрілік зат пен медициналық бұйымды әзірлеушінің құқықтары Қазақстан Республикасының заңнамасымен қорғалады.

236-бап. Дәрілік заттарды клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулер және медициналық бұйымдардың биологиялық әсерін бағалауды зерттеулер (сынаулар)

      1. Дәрілік заттарды клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулердің мақсаты олардың фармакологиялық белсенділігі мен қауіпсіздігінің дәлелдемелерін ғылыми әдістермен алу болып табылады.

      Медициналық бұйымдардың биологиялық әсерін бағалауды зерттеулер (сынаулар) медициналық бұйым материалдарының адам организмімен жанасуы нәтижесінде туындайтын кез келген ықтимал жағымсыз биологиялық қарсылықтың орындылығын айқындау үшін жүргізіледі.

      2. Клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулерді жүргізу тәртібін және медициналық бұйымдардың биологиялық әсерін бағалаудың клиникаға дейінгі базаларына қойылатын талаптарды уәкілетті орган айқындайды.

      Клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулер Қазақстан Республикасының және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті зертханалық практикасына (GLP) сәйкес жүзеге асырылады.

      Клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулердің материалдарын және оларды жүргізу шарттарының Қазақстан Республикасының және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті зертханалық практиканың (GLP) талаптарына сәйкестігін бағалау уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен фармацевтикалық инспекция шеңберінде жүзеге асырылады.

237-бап. Медициналық бұйымдарды техникалық сынаулар

      1. Медициналық бұйымдарды техникалық сынаулар оларды медициналық бұйымды өндірушінің құжаттамасында көзделген мақсатына сәйкес пайдалану кезінде сапасы мен қауіпсіздігін тексеру үшін сынаулар және (немесе) деректерді бағалау мен талдау нысанында жүргізіледі.

      2. Медициналық бұйымдарды техникалық сынау Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасында айқындалған тәртіппен техникалық сынауларды жүргізуге аккредиттелген ұйымдарда жүргізіледі.

      3. Техникалық сынаулар жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды

238-бап. Дәрілік заттарды, медициналық бұйымдарды клиникалық зерттеулер және тірі организмнен тыс (in vitro) диагностика үшін медициналық бұйымдарды клиникалық-зертханалық сынаулар

      1. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды клиникалық зерттеулер зерттелетін фармакологиялық немесе дәрілік заттың клиникалық және (немесе) фармакологиялық-динамикалық әсерлерін анықтау немесе растау және (немесе) жағымсыз реакцияларды анықтау үшін және (немесе) дәрілік заттардың сіңірілуін, таралуын, биотүрленуін және шығарылуын зерделеу, медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін және (немесе) функционалдық сипаттамаларын және (немесе) қауіпсіздігі мен тиімділігін белгілеу үшін медициналық бұйымның қолайсыз оқиғаларын бағалау мақсатында субъект ретінде адамның қатысуымен жүргізіледі.

      Тірі организмнен тыс (in vitro) диагностика үшін медициналық бұйымдарды клиникалық-зертханалық сынаулар медициналық бұйымның тірі организмнен тыс (in vitro) диагностика үшін сәйкестігін белгілеу үшін талдамалық сипаттамаларына, клиникалық тиімділігіне (егер қолдануға болатын болса) жүргізіледі.

      2. Клиникалық зерттеулер Қазақстан Республикасының және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті клиникалық практикасы (GCP) қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      3. Клиникалық зерттеулердің жеделдетілген сараптамасы (бұдан әрі - жеделдетілген рәсім):

      1) төтенше ахуалдарды болғызбауға арналған дәрілік заттарға;

      2) орфандық препараттарға;

      3) пациенттің немесе оған тікелей таңдап алынған донорының аутологиялық биологиялық материалдарын пайдалана отырып, жеке қолдану үшін өндірілген озық терапияның дәрілік заттарына жүргізіледі.

      4. Жеделдетілген рәсімді жүргізу кезінде дәрілік заттардың қауіпсіздігіне, тиімділігі мен сапасына қойылатын талаптар төмендетілмейді.

      5. Өтініш беруші жеделдетілген рәсім бойынша сараптама жүргізу қажеттілігі мен мүмкіндігінің уәкілетті орган растаған негізді дәлелдемелерін ұсынады.

      6. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға клиникалық зерттеулер, тірі организмнен тыс (in vitro) диагностика үшін медициналық бұйымдарға клиникалық-зертханалық сынаулар жүргізу тәртібін және клиникалық базаларға қойылатын талаптарды уәкілетті орган айқындайды.

239-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сараптама

      1. Тіркеу дерекнамасының материалдары, регламенттелетін сапаға сәйкестігіне зертханалық сынаулар, фармакологиялық қадағалау деректері, медициналық бұйымдар қауіпсіздігінің, сапасы мен тиімділігінің мониторингі, клиникалық зерттеулерді бағалауға арналған материалдар, медициналық бұйымның оңтайлы техникалық сипаттамаларын және клиникалық-техникалық негіздемесін бағалауға арналған материалдар негізінде жүзеге асырылатын, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін, сапасы мен тиімділігін, "пайда-тәуекел" арақатынасын кешенді бағалау, оларға клиникалық зерттеулер жүргізуге арналған материалдарды бағалау, медициналық бұйымның оңтайлы техникалық сипаттамалары мен клиникалық-техникалық негіздемесін бағалау дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сараптама болып табылады.

      2. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарға сараптама мемлекеттік монополияға жатады және оны дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы жүзеге асырады.

      Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.

      3. Фармацевтикалық субстанциялардың (белсенді фармацевтикалық субстанциялардың), дәрілік шикізаттың, дәрілік өсімдік шикізатының, дәрілік заттардың немесе медициналық бұйымдардың балк-өнімдерінің, оригинал дәрілік препараттардың, биологиялық жолмен жасалған дәрілік препараттардың, биотехнологиялық дәрілік препараттардың, иммунологиялық дәрілік препараттардың (иммундық-биологиялық дәрілік препараттардың), қайта өндірілген дәрілік препараттардың (генериктердің), гомеопатиялық дәрілік препараттардың, биоаналогтық дәрілік препараттардың (биоаналогтардың, биотектес дәрілік препараттардың, биосимилярлардың) және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігіне, сапасы мен тиімділігіне талаптар уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға сараптама кезінде қойылады.

      4. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сараптамасының теріс қорытындысына мыналар негіз болып табылады:

      1) сараптама жүргізу процесінде өтініш берушіге ескертулер берілгеннен кейін тіркеу дерекнамасының толық жиынтығын уәкілетті орган айқындаған тәртіппен белгіленген мерзімдерде ұсынбау;

      2) өтініш берушінің анық емес мәліметтер ұсынуы;

      3) күтілетін пайданың дәрілік препаратты қолдануға байланысты ықтимал тәуекелдерге қатынасының қолайлы болып табылмауы;

      4) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясында немесе Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады деп танылған фармакопеяларда регламенттелген немесе бұрын тіркелген аналогтарымен салыстырғанда сапасы мен қауіпсіздігінің неғұрлым төмен көрсеткіштері;

      5) дәрілік заттың құрамында Қазақстан Республикасында қолдануға тыйым салынған заттар мен материалдардың болуы;

      6) қатты дәрілік нысандардың құрамында консерванттардың болуы;

      7) сараптама кезеңдері бірінің теріс нәтижелерін және (немесе) бейінді ұйымдар сарапшыларының теріс қорытындыларын алу;

      8) өндірістің нақты жағдайлары мен сапаны қамтамасыз ету жүйесінің сапаны қамтамасыз ету жүйесін бағалау нәтижелері бойынша мәлімделген қауіпсіздікті, тиімділік пен сапаны қамтамасыз ететін талаптарға сәйкес келмеуі;

      9) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес сапаны қамтамасыз ету жүйесін бағалау мақсатында кәсіпорында (өндірістік алаңда) болуды ұйымдастырудан өтініш берушінің бас тартуы;

      10) дәрілік заттардың ұтымсыз құрамаларын анықтау;

      11) дәрілік препараттың клиникалық тиімділігі мен қауіпсіздігін өтініш берушінің дәлелдемеуі;

      12) дәрілік препарат сапасының расталмауы;

      13) тіркеуден кейінгі кезеңде "пайда-тәуекелдің" дәлелденген қолайсыз арақатынасы немесе дәрілік препараттың бекітілген жалпы сипаттамасында сипатталған дәрілік препаратты қолдану шарттары сақталған кезде терапиялық тиімділіктің болмауының анықталуы;

      14) фармакологиялық қадағалау деректері бойынша анықталған, дәрілік заттардың "пайда-тәуекел" қолайсыз арақатынасын, оның ішінде дәрілік препараттың бекітілген жалпы сипаттамасында көрсетілген деректермен салыстырғанда жағымсыз реакцияларды репортациялау жиілігінің артуын көрсететін фактілер;

      15) препараттың сапалық және сандық құрамының мәлімделгенге сәйкес келмеуі немесе нарықта айналыста болу кезеңінде дәрілік препарат сапасының оны тіркеу кезінде мәлімделгенге бірнеше рет сәйкес келмеуі;

      16) тіркеу куәлігін ұстаушының фармакологиялық қадағалау бойынша міндеттемелерді орындамауы;

      17) енгізілетін өзгерістердің дәрілік препараттың "пайда-тәуекел" арақатынасына теріс әсерін тигізуі.

240-бап. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясы

      1. Қазақстан Республикасының фармацевтика нарығындағы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік фармакопеясының талаптарында белгіленеді.

      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясы әлемнің жетекші фармакопеяларының талаптарымен үйлесімді болады және олардың стандарттарының өзгеруі мен Қазақстан Республикасының фармацевтика нарығының даму ерекшеліктеріне байланысты мерзімділікпен жаңартылуға жатады.

      3. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясында тиісті құжаттар (монографиялар) болмаған кезде уәкілетті орган таныған әлемнің жетекші фармакопеяларының ағымдағы басылымдары қолданылады.

      4. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік фармакопеясының жалпы құжаттарында:

      1) фармацевтикалық субстанциялардың (белсенді фармацевтикалық субстанциялардың), дәрілік заттардың сапасына;

      2) реагенттерге, стандартты үлгілерге, олардың сапасын бақылау үшін қолданылатын сынау әдістері мен әдістемелеріне;

      3) қаптама материалдарына және контейнерлерге қойылатын жалпы талаптар айқындалады.

      5. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік фармакопеясының жекеше құжаттары фармацевтикалық субстанциялардың (белсенді фармацевтикалық субстанциялардың), дәрілік заттардың сапасына қойылатын нақты талаптарды айқындайды.

      6. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясы дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар өндіруді, дайындауды, өткізуді, сақтауды, сапасын бақылауды, сараптамасын жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар үшін мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу кезінде міндетті талап болып табылады.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!


      7-тармақ 01.06.2021 бастап қолданысқа енгізіледі - ҚР 07.07.2020 № 360-VI Кодексімен.

      7. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы әзірлейді.

      Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясын әзірлеу, ресімдеу, келісу, бекіту және оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік фармакопеясы құрылымы, монографиялардың ресімделуі, бөлімдер мен фармакопеялық құжаттардың (монографиялардың) нөмірленуі, символдары, формулалардың бейнеленуі бойынша уәкілетті орган таныған әлемнің жетекші фармакопеяларына сәйкес болуға тиіс.

241-бап. Қазақстан Республикасында тіркелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын бағалау

      1. Қазақстан Республикасында тіркелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын бағалау дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сапасының оларды Қазақстан Республикасында тіркеуге негіз болған тіркеу дерекнамасының, дәрілік заттардың сапасы жөніндегі нормативтік құжаттардың деректеріне сәйкестігін айқындау арқылы жүргізіледі.

      2. Қазақстан Республикасында тіркелген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сапасын бағалау мемлекеттік монополияға жатады және оны дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы жүзеге асырады.

      Мемлекеттік монополия субъектісі өндіретін және (немесе) өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды монополияға қарсы органмен келісу бойынша уәкілетті орган белгілейді.

242-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды таңбалау

      1. Дәрілік заттар қаптамасына (бастапқы және қайталама) қазақ және орыс тілдерінде жақсы оқылатын қаріппен басылған таңбамен, медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулығымен (қосымша парақ) айналысқа түсуге тиіс.

      2. Медицина қызметкерлері үшін уәкілетті органның және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымының интернет-ресурстарында мемлекеттік тіркеу кезінде бекітілген дәрілік заттың жалпы сипаттамасы орналастырылады.

      3. Медициналық бұйымдар тікелей медициналық бұйымдарға және (немесе) қаптамасына басылған таңбамен, медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулығымен немесе медициналық бұйымға арналған пайдалану құжатымен айналысқа түсуге тиіс.

      4. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды таңбалау қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.

      Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықты жасау және ресімдеу тәртібін, дәрілік заттың жалпы сипаттамасын уәкілетті орган айқындайды.

243-бап. Озық терапияның дәрілік заттарын қолдану

      1. Озық терапияның дәрілік заттары өндірілу және қолданылу тәсілі бойынша:

      1) сериялық қағидат бойынша фармацевтикалық өндіріс жағдайларында өнеркәсіптік тәсілмен (әдеттегі тәсіл) өндірілгендер;

      2) пациенттің немесе оған тікелей таңдап алынған донорының аутологиялық биологиялық материалдарын пайдалана отырып жеке қолдану үшін өндірілгендер болып бөлінеді.

      2. Озық терапияның дәрілік заттарын қолдануға жіберу, қолдану және қолданудың тиімділігі мен қауіпсіздігінің мониторингі тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      3. Озық терапияның дәрілік заттары осы Кодекстің 238-бабында белгіленген тәртіппен клиникалық зерттеулерге жатады.

      4. Өнеркәсіптік жағдайларда өндірілген, өздеріне қатысты клиникалық зерттеулердің оң нәтижелері алынған озық терапияның дәрілік заттары медициналық қызметтер көрсету нарығына жіберу үшін осы Кодекстің 23-бабында белгіленген Дәрілік затты немесе медициналық бұйымды мемлекеттік тіркеу тәртібіне сәйкес мемлекеттік тіркеуге жатады.

      5. Жеке қолдану үшін өндірілген, өздеріне қатысты клиникалық зерттеулердің оң нәтижелері алынған озық терапияның дәрілік заттары медициналық қызметтер көрсету нарығына мемлекеттік тіркеу рәсімінсіз дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы сараптама ұйымының қорытындысы негізінде жіберіледі.

      6. Айрықша жағдайларда, жеке қолдану үшін өндірілген озық терапияның дәрілік заттары:

      1) Биоэтика жөніндегі жергілікті комиссияның оң қорытындысы болған;

      2) озық терапияның дәрілік затын қолдану пациентке тікелей пайда алып келетінін күтуге ғылыми негіздер болған;

      3) озық терапияның дәрілік затын қолдануға пациенттің немесе оның заңды өкілінің хабардар етілген келісімі алынған жағдайда, дәрілік затты нарыққа жіберудің стандартты рәсімінен шегініс шеңберінде клиникалық зерттеулер жүргізілмей қолданылады.

      Озық терапияның дәрілік затын тағайындайтын дәрігер көрсетілген шарттардың сақталуын қамтамасыз етеді және дәрілік затты нарыққа жіберудің стандартты рәсімінен шегініс шеңберінде озық терапияның дәрілік затын қолдану нәтижелері бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымына және Биоэтика жөніндегі комиссияға есеп ұсынады.

      7. Дәрілік затты нарыққа жіберудің стандартты рәсімінен шегініс шеңберінде озық терапияның дәрілік заттарын пайдалану тәртібін, сондай-ақ Hospital exemption шеңберінде емдеуді жүзеге асыру құқығы бар медициналық ұйымдардың тізбесін уәкілетті орган айқындайды.

244-бап. Тиісті фармацевтикалық практикалар жөніндегі фармацевтикалық инспекторат

      1. Тиісті фармацевтикалық практикалар жөніндегі фармацевтикалық инспекторат - дәрілік заттарға тиісті фармацевтикалық практикалардың және қолданылуының ықтимал тәуекеліне қарай медициналық бұйымдар сапасының менеджменті жүйесін енгізуге, қолдауға және бағалауға қойылатын талаптардың сақталуына инспекцияны жүзеге асыратын, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелері, оның аумақтық бөлімшелері және (немесе) уәкілетті орган айқындайтын ұйым.

      2. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган тиісті фармацевтикалық практикалар жөніндегі фармацевтикалық инспектораттың қызметін үйлестіреді.

      Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік орган және оның аумақтық бөлімшелері тиісті фармацевтикалық практикалардың талаптарына сәйкестік сертификаттарын (қорытындыларды) береді немесе кері қайтарып алады.

      3. Фармацевтикалық инспекция мынадай жағдайларда:

      1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектінің сертификат (қорытынды) алуға немесе оның қолданысын ұзартуға өтінімі негізінде, сондай-ақ тиісті фармакологиялық қадағалау практикасына (GVP) сәйкес;

      2) фармацевтикалық инспекцияны жүргізу бағдарламасына сәйкес дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектінің өтініші негізінде, сондай-ақ дәрілік заттарды лицензиялау, тіркеу, қайта тіркеу, сараптама жүргізу немесе дәрілік препараттардың қауіпсіздігіне, сапасы мен тиімділігіне байланысты тергеп-тексерулер жүргізу мақсатында;

      3) анықталған сәйкессіздіктердің жойылғанын растау мақсатында бұрын жүргізілген фармацевтикалық инспекцияның нәтижелері бойынша;

      4) объектінің дәрілік заттардың айналысы саласындағы тиісті фармацевтикалық практикалардың талаптарына сәйкестігін растайтын сертификатты (бұдан әрі - сертификат) алған субъектілердің дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органның басшысы бекіткен инспекциялар графигіне сәйкес екі жылда бір реттен сиретпей растауы үшін;

      5) тиісті клиникалық практика бойынша мынадай:

      дәрілік затты тіркеуге байланысты клиникалық есептерге сараптама жүргізу барысында дәрілік заттарға жүргізілген клиникалық зерттеулерге (сынауларға) қатысты өтініш беруші ұсынған тіркеу дерекнамасындағы мәліметтердің анықтығына күмән тудыратын фактілер анықталған;

      қолданудың ықтимал тәуекелінің 3, 2б сыныптарындағы дәрілік заттарға, медициналық бұйымдарға және имплантталатын медициналық бұйымдарға клиникалық зерттеулер басталғанға дейін, барысында немесе аяқталғаннан кейін;

      Қазақстан Республикасының және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті фармакологиялық қадағалау практикасы қағидаларында көзделген жағдайларда тіркеу куәлігін ұстаушының фармакологиялық қадағалау жүйесіне инспекция жағдайларында жүргізіледі.

      4. Объектінің мынадай талаптарға сәйкестігі туралы сертификаттың қолданылу мерзімі:

      1) тиісті өндірістік практика (GMP) - үш жылды;

      2) тиісті дистрибьюторлық практика (GDP), тиісті зертханалық практика (GLP) - үш жылды;

      3) тиісті дәріханалық практика (GPP) - алғашқы екі ретте бес жылды құрайды, кейіннен растау кезінде мерзімсіз болады.

      5. Фармацевтикалық инспекцияға дәріханалар - тиісті дәріханалық практика (GPP) талаптарына сәйкестігі тұрғысынан, дәріханалық (дистрибьюторлық) қоймалар - тиісті дистрибьюторлық практика (GDP) талаптарына сәйкестігі тұрғысынан, дәрілік заттарды өндіру жөніндегі ұйымдар - тиісті өндірістік практика (GMP) талаптарына сәйкестігі тұрғысынан, клиникаға дейінгі (клиникалық емес) зерттеулерді жүзеге асыратын ұйымдар - тиісті зертханалық практика (GLP) талаптарына сәйкестігі тұрғысынан, денсаулық сақтау ұйымдары жүзеге асыратын клиникалық зерттеулер - тиісті клиникалық практика (GCP) талаптарына сәйкестігі тұрғысынан, дәрілік заттарды тіркеу куәліктерін ұстаушылар - тиісті фармакологиялық қадағалау практикасы (GVP) талаптарына сәйкестігі тұрғысынан жатады.

      6. Фармацевтикалық инспекциялар жүргізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      7. Фармацевтикалық инспекция шеңберінде дәрілік заттарды іріктеу және сараптама, қауіпсіздігі мен сапасына бағалау жүргізу жүзеге асырылуы мүмкін.

      8. Дәрілік заттардың іріктелген үлгілерін сақтау және тасымалдау шарттары, дәрілік заттардың осы үлгілеріне сараптама, қауіпсіздігі мен сапасына бағалау жүргізілетін өлшемдерді өзгертпеуге тиіс.

      Тиісті фармацевтикалық практикалар жөніндегі фармацевтикалық инспектор дәрілік заттар үлгілерінің сақталуын және сараптама, қауіпсіздігі мен сапасына бағалау жүзеге асырылатын орынға уақтылы жеткізуді қамтамасыз етеді.

      9. Медициналық бұйымдарға инспекциялар жүргізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қолданылуының ықтимал тәуекеліне қарай медициналық бұйымдар сапасының менеджменті жүйесін енгізуге, қолдауға және бағалауға қойылатын талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.

      10. "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төтенше жағдай кезеңінде дәрілік заттардың қауіпсіздігіне, сапасы мен тиімділігіне байланысты тергеп-тексеру жүргізу үшін фармацевтикалық инспекциялар дәрілік заттар мен медицинаналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік органның шешімі бойынша жүргізіледі.

245-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға бағаларды мемлекеттік реттеу

      1. Бағаларды мемлекеттік реттеу уәкілетті орган айқындаған тәртіппен, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберіндегі және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі Қазақстан Республикасында тіркелген және айналыстағы дәрілік заттарға, сондай-ақ медициналық бұйымдарға жүзеге асырылады.

      2. Уәкілетті орган есепті жартыжылдықтан кейінгі айдың оныншы күнінен кешіктірмей жартыжылдықта бір реттен жиілетпей дәрілік заттың саудалық атауына өндірушінің шекті бағаларын, бөлшек және көтерме саудада өткізу үшін дәрілік заттың саудалық атауына шекті бағаларды бекітеді.

      3. Уәкілетті орган тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттың немесе медициналық бұйымның саудалық атауына шекті бағаны, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттың халықаралық патенттелмеген атауына немесе медициналық бұйымның техникалық сипаттамасына шекті бағаны бекітеді.

      4. Уәкілетті орган осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген ақпаратты есепке алуды және жүйеге келтіруді электрондық түрде, енгізілген өзгерістерді ескере отырып және алдыңғы нұсқаларды сақтап, осы мәліметтерге электрондық форматта ашық қол жеткізу мүмкіндігін бере отырып, хронологиялық тәртіппен тұрақты негізде жүргізеді.

      Осы баптың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген ақпарат дәрілік заттарға шекті бағалар бекітілген жылдан кейінгі жылдан бастап бес жыл бойы сақталады.

      5. Шекті бөлшек сауда бағасы өндірушінің шекті бағасына жиынтық көтерме және бөлшек сауданың үстеме бағасы сақталмай бекітілмейді.

      6. Уәкілетті орган саудалық атаулары бойынша дәрілік заттардың шекті бағаларының сақталуына мониторингті және бақылауды жүзеге асырады.

      7. Саудалық атаулары бойынша дәрілік заттарға шекті бағасыз дәрілік заттарды көтерме саудада өткізуге жол берілмейді.

246-бап. Медициналық көмектің ең төмен, базалық және қосымша көлемдерін көрсетуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу

      1. Медициналық көмектің ең төмен, базалық және қосымша көлемдерін көрсетуге арналған дәрiлiк заттар - халықаралық патенттелмеген атауларымен, ал пациенттің жеке көтере алмау жағдайында Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр шеңберінде дәрігерлік-консультативтік комиссияның қорытындысы және облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті өкілді органының шешімі негізінде дәрілік заттардың саудалық атауларымен сатып алынады. Көпкомпонентті дәрілік зат сатып алынған жағдайда оның құрамы көрсетіледі.

      2. Уәкілетті орган берген қорытындының (рұқсат беру құжатының) негізінде Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген, тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қоспағанда, тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемi шеңберінде дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу үшiн бөлiнетiн бюджет қаражатын және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражатын оңтайлы және тиiмдi жұмсау мақсаттарында дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдар уәкiлеттi орган белгiлегеннен аспайтын бағалар бойынша сатып алынады.

      3. Тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемiн және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсетуге арналған дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен және тәсілдермен, оның ішінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу, денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

      4. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде шарттар жасасуға артықшылық құқыққа объектінің:

      1) дәрілік заттарды сатып алу және дәрілік заттарды берудің ұзақ мерзімді шарттарын жасасу кезінде тиісті өндірістік практика (GMP);

      2) дәрілік заттарды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау жөніндегі ұзақ мерзімді шарттарды жасасу кезінде тиісті дистрибьюторлық практика (GDP);

      3) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде тиісті дәріханалық практика (GPP) талаптарына объектінің сәйкестігі туралы сертификаты бар, дәрілік дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер, оның ішінде препараттарды дайындауға құқығы бар дәріханалар ие болады.

247-бап. Бірыңғай дистрибьютор

      Мыналар бірыңғай дистрибьютор қызметінің негізгі нысаналары болып табылады:

      1) өнім берушілерді таңдау;

      2) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды беруге, сондай-ақ плазмалық қан препараттарын, оның ішінде келісімшарттық фракциялау шеңберінде өндірістік плазмалық қан препараттарын беруге және өндіруге шарттар жасасу;

      3) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды беруге, сондай-ақ плазмалық қан препараттарын, оның ішінде келісімшарттық фракциялау шеңберінде өндіруге және беруге, сондай-ақ өндірушіден, оның ішінде шетелдік өндірушіден плазмалық қан препараттарын өндіру (келісімшарттық фракциялау) жөніндегі көрсетілетін қызметтерге ұзақ мерзімді шарттар жасасу;

      4) уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету;

      5) уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, плазмалық қан препараттарын, оның ішінде келісімшарттық фракциялау шеңберінде, сақтау және тасымалдау жөніндегі көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ өндірушіден, оның ішінде шетелдік өндірушіден плазмалық қан препараттарын өндіру (келісімшарттық фракциялау) жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      6) фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      7) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды есепке алу және өткізу жөніндегі көрсетілетін қызметтерді сатып алу;

      8) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық бұйымдарды сатып алуды ұйымдастыру;

      9) Қазақстан Республикасының азаматтық қорғау туралы заңнамасында көзделген, жұмылдыру резервінің дәрілік заттары мен медициналық бұйымдарын беру, сақтау және жаңарту мен номенклатура өзгерген жағдайларда броньнан шығару тәртібімен оларды шығару.

248-бап. Бірыңғай дистрибьютордың дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу қағидаттары

      Мыналар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сатып алу қағидаттары болып табылады:

      1) сатып алуды жүргізу рәсіміне қатысу үшін әлеуетті өнім берушілерге тең мүмкіндіктер беру;

      2) әлеуетті өнім берушілер арасында адал бәсекелестік;

      3) сатып алу процесінің жариялылығы мен ашықтығы;

      4) отандық тауар өндірушілерді қолдау.

249-бап. Бірыңғай оператордың өкілеттігі

      Бірыңғай оператор:

      1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу веб-порталын құруды, дамытуды, қолдап отыруды және оған жүйелік-техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асырады;

      2) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу веб-порталын дамыту жөніндегі жобаларды басқаруды жүзеге асырады;

      3) денсаулық сақтау субъектілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу веб-порталын пайдалану бойынша қызметтер көрсетеді;

      4) денсаулық сақтау субъектілеріне дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу веб-порталының жұмыс істеу мәселелері бойынша консультациялық көмек көрсетеді;

      5) мемлекеттік сатып алу жүйесі субъектілерінің дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу веб-порталында орналастырылған электрондық ақпараттық ресурстарын сақтаудың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;

      6) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, денсаулық сақтау субъектілерінен көрсетілетін қызметтерді сатып алу веб-порталын ақпараттық толықтыруды жүзеге асырады;

      7) уәкілетті субъектілермен мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін, мемлекеттік электрондық ақпараттық ресурстарды интеграциялау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды.

250-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау, тасымалдау және жою

      1. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдар уәкілетті орган бекiткен дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды сақтау және тасымалдау қағидаларына сәйкес олардың қауiпсiздiгiн, сапасы мен тиiмдiлiгiн сақтаудықамтамасыз ететiн жағдайларда сақталады және тасымалданады.

      2. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жарамдылық мерзімін ұзартуға тыйым салынады.

      3. Дәрілік заттарды тасымалдауды және сақтауды жүзеге асыратын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер тиісті дистрибьюторлық практика (GDP) немесе тиісті дәріханалық практика (GPP) талаптарын сақтауға міндетті.

      4. Жарамсыз болып қалған, жарамдылық мерзімі өткен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар, жалған және Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін басқа да дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар өткізуге және медициналық қолдануға жарамсыз деп есептеледі және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер өз иелігіндегі осындай дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жоюға тиіс.

251-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу тәртібі

      1. Қазақстан Республикасының аумағына дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды әкелу Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік реттеу саласындағы халықаралық шарттары мен актілеріне сәйкес, уәкілетті орган айқындайтын тәртiппен жүзеге асырылады.

      Қазақстан Республикасында тіркелген дәрілік препараттарды уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, оларды Қазақстан Республикасында бекітілген шекті көтерме және бөлшек сауда бағасынан төмен өткізу үшін қазақ және орыс тілдерінде жақсы оқылатын қаріпі бар стикерлер пайдаланыла отырып, медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулығымен (қосымша парақ) қоса әкелуге жол беріледі.

      2. Осы баптың 3-тармағында және осы Кодекстің 253-бабында көрсетілген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге рұқсат етілмейді.

      3. Қазақстан Республикасының аумағына Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, егер олар:

      1) клиникалық зерттеулер жүргізуге;

      2) мемлекеттік тіркеу, қайта тіркеу және тіркеу дерекнамасына өзгерістер енгізу кезінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар сараптамасына;

      3) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыруға;

      4) медициналық қолдану және сатып алу мүмкіндігімен нақты бір пациенттің тіршілік көрсеткіштері бойынша медициналық көмек көрсетуге не сирек кездесетін және (немесе) аса ауыр патологиясы бар пациенттердің шектеулі контингентіне медициналық көмек көрсетуге;

      5) оларды одан әрі өткізу құқығынсыз көрмелер өткiзуге;

      6) гуманитарлық көмекке (жәрдемдесуге), төтенше ахуалдарды болғызбауға және (немесе) олардың салдарын жоюға;

      7) инновациялық медициналық технологияларды енгізуге;

      8) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды берудің ұзақ мерзімді шарттары шеңберіндегі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қоспағанда, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас ассамблеясы құрған халықаралық ұйымдар беретін және (немесе) Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы терең саралаудан өткізген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бірыңғай дистрибьютордың сатып алуына;

      9) медициналық бұйымның құрамына немесе құрылғысына кіретін және медициналық бұйымның құрамынан немесе құрылғысынан тыс дербес пайдалануға арналмаған жиынтықтауыш ретінде пайдалануға;

      10) радиоактивті, биологиялық және химиялық заттардың (вакциналардың, антидоттардың) әсерінің профилактикасына және оның салдарын емдеуге арналған болса, уәкілетті орган берген қорытынды (рұқсат беру құжаты) негізінде әкелуге жол беріледі.

      4. Уәкілетті орган айқындайтын жекелеген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік тіркеуден өтпеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды гуманитарлық көмек ретінде Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге тыйым салынады.

      5. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтiн, Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнген дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдар тәркiлеуге және жоюға жатады.

252-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге рұқсат етілген тұлғалар

      Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағына әкелудi мыналар жүзеге асыра алады:

      1) дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды өндіруге лицензиясы бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер;

      2) қызметін бастағаны туралы хабарлама бойынша, дәрiлiк заттарды көтерме саудада өткiзуге лицензиясы бар не медициналық бұйымдарды көтерме саудада өткiзуді жүзеге асыратын денсаулық сақтау субъектілерінің тізіліміне енгізілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер;

      3) осы Кодекске сәйкес дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды әзiрлеу және мемлекеттiк тiркеу үшiн ғылыми-зерттеу ұйымдары, зертханалар;

      4) мемлекеттiк тiркеу кезiнде сараптама жүргізу, клиникалық зерттеулер және (немесе) сынаулар үшiн және Қазақстан Республикасында дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды өндiрушiлердiң көрмелерiне қатысу үшiн дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды шетелдiк өндiрушiлер, олардың уәкiлеттi өкiлдiктерi (филиалдары) немесе олардың сенiм бiлдiрген жеке және заңды тұлғалары;

      5) медициналық қызметтi жүзеге асыру үшін денсаулық сақтау ұйымдары.

253-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, сондай-ақ клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулердің биологиялық материалын, фармацевтикалық субстанциялардың (белсенді фармацевтикалық субстанциялардың) стандартты үлгілерін және олардың қоспаларын жеке пайдалану және өзге де коммерциялық емес мақсаттар үшін Қазақстан Республикасының аумағына әкелу

      1. Дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдар, егер олар:

      1) жеке тұлғалардың өзі пайдалануына;

      2) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына келген көлік құралдарының жолаушылары мен экипаж мүшелерін, пойыз бригадаларын және көлік құралдарының жүргізушілерін емдеуге;

      3) халықаралық мәдени, спорттық іс-шараларға қатысушыларды және халықаралық экспедицияларға қатысушыларды емдеуге арналған болса, Қазақстан Республикасының аумағына уәкілетті органның рұқсатынсыз әкелінеді.

      2. Осы баптың 1-тармағында көзделген жағдайларда, Қазақстан Республикасының аумағына Қазақстан Республикасында тіркелмеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды әкелуге жол беріледі.

      3. Клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулердің биологиялық материалы, фармацевтикалық субстанциялардың (белсенді фармацевтикалық субстанциялардың) стандартты үлгілері және олардың қоспалары Қазақстан Республикасының аумағына уәкілетті органның рұқсатынсыз әкелінеді.

      4. Клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулердің биологиялық материалын, фармацевтикалық субстанциялардың (белсенді фармацевтикалық субстанциялардың) стандартты үлгілерін және олардың қоспаларын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуді мыналар жүзеге асырады:

      1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілер;

      2) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шетелдік өндірушілер, олардың уәкілетті өкілдіктері (филиалдары) немесе олардың сенім білдірген жеке және заңды тұлғалары;

      3) денсаулық сақтау, білім және ғылым саласындағы ғылыми-зерттеу ұйымдары, зертханалар.

254-бап. Уәкілетті орган мен кеден ісі саласындағы уәкілетті органның өзара іс-қимылы

      1. Осы Кодекстің 251-бабының 3 және 4-тармақтары мен 253-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды Еуразиялық экономикалық одақтың Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасымен тұспа-тұс келетiн кедендiк шекарасы арқылы өткізу кезінде кеден ісі саласындағы уәкілетті органға мемлекеттiк тiркеу күнi мен нөмiрi көрсетiле отырып, әкелiнетін дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдардың әрқайсысының мемлекеттiк тiркелгенi туралы уәкiлеттi орган растаған мәлiметтер ұсынылуға тиiс.

      2. Кеден iсi саласындағы уәкiлеттi орган дәрiлiк заттар мен медициналық бұйымдарды Еуразиялық экономикалық одақтың Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасымен тұспа-тұс келетiн кедендiк шекарасы арқылы Қазақстан Республикасының аумағына әкелу және Еуразиялық экономикалық одақтың Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк шекарасымен тұспа-тұс келетiн кедендiк шекарасы арқылы Қазақстан Республикасының аумағынан әкету туралы мәлiметтердi уәкiлеттi органға ұсынады.

255-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, сондай-ақ клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулердің биологиялық материалын, фармацевтикалық субстанциялардың (белсенді фармацевтикалық субстанциялардың) стандартты үлгілерін және олардың қоспаларын Қазақстан Республикасының аумағынан әкету тәртібі

      1. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағынан әкету уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      2. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар:

      1) Қазақстан Республикасының аумағынан шығатын жеке тұлғалардың емделу курсына қажетті мөлшерде өзі пайдалануы үшін;

      2) алғашқы көмек дәрі қобдишасының құрамында;

      3) көрмелер өткізу үшін уәкілетті органның рұқсатымен әкелінген көрмелік үлгілер;

      4) клиникаға дейінгі (клиникалық емес) немесе клиникалық зерттеулер жүргізу үшін әкелінген медициналық бұйымдар;

      5) уәкілетті органмен келісу бойынша қорғаныс саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері пайдаланатын медициналық дәрі қобдишасының құрамында Қазақстан Республикасының аумағынан уәкілетті органмен келісілмей әкетілуі мүмкін.

      3. Төтенше ахуалдарды жоюға қатысу үшін Қазақстан Республикасының аумағынан шығатын медициналық және авариялық-құтқару ұйымдары мен құралымдарының материалдық-техникалық құралдарының құрамында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағынан әкету уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      4. Клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулердің биологиялық материалдары, фармацевтикалық субстанциялардың (белсенді фармацевтикалық субстанциялардың) стандартты үлгілері және олардың қоспалары Қазақстан Республикасының аумағынан уәкілетті органның рұқсатынсыз әкетілуі мүмкін.

      5. Клиникаға дейінгі (клиникалық емес) және клиникалық зерттеулердің биологиялық материалын, фармацевтикалық субстанциялардың (белсенді фармацевтикалық субстанциялардың) стандартты үлгілерін және олардың қоспаларын Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуді мыналар жүзеге асырады:

      1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілер;

      2) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды шетелдік өндірушілер, олардың уәкілетті өкілдіктері (филиалдары) немесе олардың сенім білдірген жеке және заңды тұлғалары;

      3) денсаулық сақтау, білім және ғылым саласындағы ғылыми-зерттеу ұйымдары, зертханалар.

256-бап. Медициналық техниканы монтаждау, жөндеу, оған техникалық және метрологиялық қызмет көрсету

      1. Медициналық техниканы монтаждауды, жөндеуді, оған техникалық және метрологиялық қызмет көрсетуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес осындай жұмыстарды орындауға құқығы бар жеке немесе заңды тұлғалар жүзеге асырады.

      2. Медициналық техниканың жөндеуден кейінгі қауіпсіздік деңгейі медициналық бұйымдардың техникалық паспортында белгіленген қауіпсіздік деңгейінен төмен болмауға тиіс.

      3. Денсаулық сақтау ұйымдарында пайдаланылатын медициналық мақсаттағы өлшем құралдарын метрологиялық қамтамасыз етуді ұйымдастыру Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес реттеледі.

      4. Өлшем құралы болып табылатын медициналық техника Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізіліміне енгізуге жатады және оны Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз ету туралы заңнамасына сәйкес қолдануға жол беріледі.

      Өлшем құралы болып табылатын медициналық техниканың тізбесін техникалық реттеу және метрология саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органмен келісу бойынша уәкілетті орган бекітеді.

257-бап. Медициналық бұйымдардың тиімділігіне, қауіпсіздігі мен сапасына қойылатын жалпы талаптар

      1. Медициналық бұйымдар өндіруші айқындаған олардың мақсатына сәйкес келетін жағдайлар мен мақсаттарда пайдаланылған кезде және қажет болған жағдайда пайдаланушының техникалық білімі, тәжірибесі, білімі немесе арнайы даярлығы, клиникалық және физикалық жағдайы ескеріле отырып, олар өндіруші айқындаған мақсатқа сәйкес әрекет ететіндей және оларды қолдануға байланысты тәуекел пайдаланушы үшін пайдамен салыстыру кезінде қолайлы болып табылатын жағдайда пайдаланушы мен үшінші тұлғалар үшін қауіпсіз болатындай етіп жобаланады және дайындалады.

      2. Медициналық бұйымдар тасымалдау кезінде және қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес сақтау процесінде олардың пайдалану сипаттамалары мен тиімділігі бұзылмайтындай етіп жобаланады, дайындалады және қапталады.

      3. Медициналық бұйымдар өндіруші көздегендей тиімді болуға тиіс, қалыпты пайдалану жағдайларында олар өндірушінің айқындаған мақсаттарына сәйкес болатындай етіп жобаланады және дайындалады.

      4. Медициналық бұйымның пайдалану сипаттамалары мен тиімділігі медициналық бұйым қалыпты пайдалану жағдайларында туындауы мүмкін әсерлерге ұшыраған және техникалық қызмет көрсету қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүргізілген жағдайда өндіруші айқындаған пайдалану мерзімі ішінде пайдаланушылардың және үшінші тұлғалардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретіндей деңгейге дейін өзгермеуге тиіс.

      5. Әрбір медициналық бұйым үшін осы медициналық бұйымды және оның өндірушісін, шығарылған елін сәйкестендіру үшін қажет ақпарат, сондай-ақ медициналық бұйымның қауіпсіздігіне, оның функционалдық қасиеттері мен пайдалану сипаттамаларына қатысты пайдаланушыға (кәсіби немесе кәсіби емес) арналған ақпарат беріледі. Мұндай ақпарат медициналық бұйымның өзінде, қаптамада немесе қолдану жөніндегі нұсқаулықта орналастырылады.

258-бап. Қолданудың ықтимал тәуекелі дәрежесіне қарай медициналық бұйымдардың қауіпсіздігін сыныптау және қауіпсіздігін қайта сыныптау

      1. Қазақстан Республикасында қолданылатын медициналық бұйымдар қолданудың ықтимал тәуекелі дәрежесіне қарай сыныптарға және Қазақстан Республикасының медициналық бұйымдар номенклатурасына сәйкес түрлерге бөлінеді.

      2. Қолданудың ықтимал тәуекелі дәрежесіне қарай медициналық бұйымдарды сыныптау қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.

      3. Қолданудың ықтимал тәуекелі дәрежесі бойынша медициналық бұйымдардың сыныбын уәкілетті орган мемлекеттік тіркеу кезінде бекітеді. Әрбір медициналық бұйым бір сыныпқа ғана жатқызылуы мүмкін.

      4. Қазақстан Республикасының медициналық бұйымдар номенклатурасын қалыптастыру және жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      5. Уәкілетті орган сыныптамаға медициналық бұйымдар жұмысының негізіне алынған қағидаттарды, құбылыстарды, медициналық әдістемелерді егжей-тегжейлі есепке алуға негізделген өзгерістерді енгізуі мүмкін.

259-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдануды тоқтата тұру, тыйым салу немесе айналыстан алып қою не шектеу

      1. Уәкілетті орган:

      1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмеген;

      2) дәрілік затты медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілмеген, дәрілік заттардың адам денсаулығы үшін қауіпті жағымсыз реакциялары анықталған немесе нұсқаулықта көрсетілген елеулі жағымсыз реакциялары немесе терапиялық тиімділігі төмен (терапиялық әсердің болмауы) жағдайларының анықталу жиілігі артқан немесе "пайда-тәуекелдің" қолайсыз арақатынасы бар елеулі жағымсыз реакциялардың анықталуына байланысты оны тоқтата тұру және (немесе) басқа елдердің нарығынан кері қайтарып алу туралы ақпарат болған;

      3) медициналық бұйымдарды қолдану процесінде оларды қолдану қауіпсіздігіне әсер ететін, конструкциясының, жұмыс істеу қағидатының, өндірістік орындалуының ақаулары анықталған;

      4) қолдану қауіпсіздігіне, сапасы мен тиімділігіне әсер ететін, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірудің бекітілген процесі бұзылған;

      5) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдануға байланысты пациенттің немесе тұтынушының денсаулығына зиян келтіргені туралы деректер болған;

      6) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолданудың қауіпсіздік деңгейін төмендетуді қамтамасыз ететін, өндіру технологиясы мен сапаны бақылаудың ғылыми-техникалық деңгейінің жеткіліксіздігі туралы деректер алынған;

      7) тіркеу куәлігін ұстаушы дәрілік зат пен медициналық бұйымды қолдануды тоқтата тұру туралы, тіркеу куәлігін кері қайтарып алу немесе айналыстан алып қою не шектеу туралы өтініш жасаған;

      8) дәрілік заттар фармацевтикалық инспекция нәтижелері бойынша анықталған, Қазақстан Республикасының және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті фармацевтикалық практикаларының талаптарына сәйкес келмеген;

      9) дәрілік заттың тіркеу куәлігін ұстаушы фармакологиялық қадағалау жөніндегі және медициналық бұйымды өндіруші медициналық бұйымдар қауіпсіздігінің, сапасы мен тиімділігінің мониторингі жөніндегі міндеттемелерді орындамаған жағдайларда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдануды, өткізуді немесе өндіруді тоқтата тұруы немесе тыйым салуы, сондай-ақ айналыстан алып қою немесе қолдануын шектеу туралы шешім қабылдауы мүмкін.

      2. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды қолдануды тоқтата тұру, тыйым салу немесе айналыстан алып қою не шектеу қағидаларын уәкілетті орган бекітеді.

260-бап. Жалған, контрафактілік дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар

      1. Қазақстан Республикасының аумағында жалған, контрафактілік дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіруге, әкелуге, сақтауға, қолдануға және өткізуге тыйым салынады.

      2. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жалғандығына (сипаттамалары туралы және (немесе) шығу көзі туралы анық емес мәліметтер ұсыну) жалған өнім өндіру үшін дайындалған және соған арналған аксессуарлар, бөліктер мен материалдар да жатады.

      3. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жалғандығын болғызбауды және оған қарсы күресті уәкілетті орган мүдделі мемлекеттік органдармен, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілердің ұйымдарымен, денсаулық сақтау субъектілерімен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырады.

      4. Уәкілетті орган жалған, контрафактілік дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.

261-бап. Фармакологиялық қадағалау және медициналық бұйымдар қауіпсіздігінің, сапасы мен тиімділігінің мониторингі

      1. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының аумағында фармакологиялық қадағалау жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз етеді және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігіне, сапасы мен тиімділігіне мониторинг жүргізеді.

      2. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы халық денсаулығын қорғауды және пациенттердің қауіпсіздігін арттыруды қамтамасыз ету мақсатында:

      1) денсаулық сақтау субъектілерінен және дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілерден, тұтынушылардан келіп түсетін, дәрілік заттың жағымсыз реакциялары, медициналық бұйымның қолайсыз оқиғалары туралы хабарларды жинауды, талдауды, бағалауды және верификациялауды;

      2) Қазақстан Республикасындағы фармакологиялық қадағалау және медициналық бұйымдар қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігі мониторингінің деректері, дәрілік заттардың тіркеу куәліктерін ұстаушылар, медициналық бұйымдарды өндірушілер беретін деректер, басқа да дереккөздерден алынатын деректер негізінде дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың "пайда-тәуекел" арақатынасына бағалауды жүргізеді.

      3. Фармакологиялық қадағалау және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігіне, сапасы мен тиімділігіне мониторинг жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      4. Фармакологиялық қадағалауды және медициналық бұйымдардың қауіпсіздігіне, сапасы мен тиімділігіне мониторингті денсаулық сақтау субъектілері, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер, сондай-ақ дәрілік заттардың тіркеу куәліктерін ұстаушылар және медициналық бұйымдарды өндірушілер, медициналық бұйымдарға сервистік қызмет көрсету жөніндегі ұйымдар жүргізеді.

      5. Денсаулық сақтау субъектілері жағымсыз реакциялардың, оның ішінде дәрілік препаратты қолдану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілмеген жағымсыз реакциялардың байқалу фактілері туралы, дәрілік препараттың басқа дәрілік препараттармен өзара әсерінің ерекшеліктері туралы, дозадан асыра қолдану, дәріге тәуелділік, теріс пайдалану туралы, дәрілік препарат тиімділігінің болмауы немесе төмен болуы туралы және медициналық бұйымдардың қолайсыз оқиғалары туралы уәкілетті органға жазбаша және уақтылы хабарлауға міндетті.

      Дәрілік заттың тіркеу куәлігін ұстаушы және медициналық бұйымды өндіруші дәрілік препараттың қауіпсіздігі туралы мәліметтерді уәкілетті органға толық көлемде ұсынуға, сондай-ақ дәрілік препаратты немесе медициналық бұйымды қолдану кезіндегі жағымсыз реакциялардың және (немесе) қолайсыз оқиғалардың байқалу фактілері туралы уәкілетті органға уақтылы хабарлауға міндетті.

      6. Уәкілетті орган дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды Қазақстан Республикасының аумағында қолдануды тоқтата тұру, тыйым салу туралы немесе айналыстан алып қою не шектеу туралы шешімдер қабылдау кезінде басқа елдердегі фармакологиялық қадағалаудың және медициналық бұйымдар қауіпсіздігі, сапасы мен тиімділігі мониторингінің деректерін ескереді.

262-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар туралы ақпарат

      Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға және пайдалануға жол берілген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар туралы, мемлекеттік тіркеуден өтпеген, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін дәрілік заттар туралы, мемлекеттік тіркеу туралы шешімді кері қайтарып алу туралы, сондай-ақ дәрігердің рецептісі бойынша босатылатын дәрілік препараттар туралы ақпарат медицина және фармацевтика қызметкерлеріне арналған мамандандырылған баспа басылымдарында беріледі.

263-бап. Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр

      1. Қазақстандық ұлттық дәрілік формуляр дәрілік заттардың фармакологиялық-терапиялық және (немесе) анатомиялық-терапиялық сыныптамасы негізінде әзірленеді.

      2. Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды қалыптастыру үшін Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімі пайдаланылады.

      3. Дәрілік зат Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярға Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген дәрілік заттың әрбір саудалық атауы көрсетіле отырып, дәрілік заттың халықаралық патенттелмеген атауымен енгізіледі.

      4. Қазақстандық ұлттық дәрілік формулярды қалыптастыру қағидаларын уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

264-бап. Дәрілік заттарды ұтымды пайдалану

      1. Дәрілік заттарды ұтымды пайдалану формулярлық жүйені дамыту арқылы медициналық көмек сапасын және емдеу нәтижелерін жақсарту үшін жүргізіледі.

      2. Формулярлық жүйе қауіпсіз, тиімді, экономикалық тұрғыдан қолжетімді дәрілік заттарды оңтайлы пайдалауды қамтамасыз етеді. Формулярлық жүйенің қызметі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      3. Денсаулық сақтау ұйымдары дәрілік заттарды ұтымды пайдалануды, клиникалық фармакологтарды, клиникалық фармацевтерді даярлауды және дәрілік заттарды ұтымды пайдалану бойынша денсаулық сақтау саласындағы мамандардың біліктілігін үнемі арттыруды қамтамасыз етеді.

265-бап. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілету этикасы

      1. Қауіпсіз, сапалы және тиімді дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды дәрілік затты немесе медициналық бұйымды әзірлеушіден және (немесе) өндірушіден бастап тұтынушы қолданғанға дейін ілгерілету процесінде жүзеге асырылатын, барлық қатысушы тараптардың адал бәсекелестігі мен жауаптылығына негізделген қызмет дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілету этикасы болып табылады.

      2. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілету этикасы уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүзеге асырылады.

      3. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ұтымды пайдалану мақсатында денсаулық сақтау субъектілері, кәсіптік қауымдастықтардың мүшелері, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы субъектілер дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілету этикасының мынадай шарттарын сақтауға міндетті:

      1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарыққа ілгерілету қауіпсіз, сапалы және тиімді дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қатысты берілетін ақпараттың толықтығы мен дәлдігін қамтамасыз етуге тиіс;

      2) пациенттер, фармацевтика және медицина қызметкерлері дәрілік заттар туралы және олардың жанама әсерлері туралы қажетті және қолжетімді ақпарат алуға тиіс;

      3) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарыққа ілгерілету этикалық нормалар сақтала отырып, объективті болуға және Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.

      4. Күн сайынғы дәрігерлік конференциялар, ғылыми-практикалық конференциялар және (немесе) мамандандырылған семинарлар өткізуді қоспағанда, медициналық ұйымдарда және денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың өндірушілері және (немесе) дистрибьюторлар өкілдерінің дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілетуіне тыйым салынады.

      Күн сайынғы дәрігерлік конференция - өткен тәуліктің қорытындысын шығару, клиникалық жағдайларды талқылау және талдау, сондай-ақ ұжымға медицина ғылымы мен клиникалық практиканың жаңа жетістіктері туралы ақпарат беру мақсатындағы медициналық ұйымның жоспарлы кеңесі.

6-БӨЛІМ. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ КАДР САЯСАТЫ

29-тарау. ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫНДАҒЫ КАДР РЕСУРСТАРЫ

266-бап. Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын ұлттық есепке алу жүйесі

      1. Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын ұлттық есепке алу жүйесі (кәсіптік тіркелім) дербестендірілген есепке алуды қамтамасыз ету мақсатында тіркеу, есепке алу, көші-қон, кету, сондай-ақ денсаулық сақтау қызметкерлерін үздіксіз кәсіптік дамыту үшін база болып табылады.

      Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын есепке алу (кәсіптік тіркелімді жүргізу) тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

      2. Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіптік тіркелімінің деректері негізінде еңбек нарығы мен адами ресурстардың мониторингі және даму болжамы, кадрлар даярлауды жоспарлау жүзеге асырылады.

      3. Денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты бар адамдар Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын ұлттық есепке алу жүйесінде міндетті тіркеуге жатады. Денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын ұлттық есепке алу жүйесінде тіркелген жағдайда жарамды болады.

      4. Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстары жөніндегі ұлттық үйлестірушіні уәкілетті орган айқындайды.

267-бап. Денсаулық сақтау саласындағы салалық біліктілік жүйесінің ерекшеліктері

      1. Денсаулық сақтау саласындағы салалық біліктілік жүйесі - еңбек нарығы тарапынан денсаулық сақтау қызметкерлерінің біліктілігіне сұранысты және денсаулық сақтау саласындағы білім беру жүйесі тарапынан біліктілік ұсынысын құқықтық және институционалдық реттеу тетіктерінің жиынтығы, ол мыналарды қамтиды:

      1) денсаулық сақтау саласындағы салалық біліктілік шеңбері;

      2) денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік стандарттар;

      3) денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары;

      4) денсаулық сақтау саласындағы мамандарды сертификаттау;

      5) денсаулық сақтау қызметкерлерін үздіксіз кәсіптік дамыту жүйесі.

      2. Денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік стандарттар медицина және фармацевтика мамандықтары бойынша әзірленеді.

268-бап. Денсаулық сақтау саласындағы кадр саясатын іске асыру қағидаттары

      1. Денсаулық сақтау саласындағы кадр саясатын іске асыру мынадай қағидаттарға негізделеді:

      1) медициналық көмектің уақтылы және сапалы көрсетілуіне, мемлекеттің және кәсіптік медициналық қауымдастықтарды, жұмыс берушілерді, медицина және фармацевтика қызметкерлерін қоса алғанда, кәсіптік медициналық қоғамдастықтың ортақ жауапкершілігі;

      2) саланың нақты қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын реттеу;

      3) денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын оқытуды (даярлауды) бақылау және оның жүзеге асырылуына жәрдемдесу;

      4) денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарының әлеуетін ұтымды және тиімді іске асыру;

      5) денсаулық сақтау саласындағы әкімшілік кадр ресурстарының мәртебесін нығайту;

      6) денсаулық сақтау жүйесінің ағымдағы және болашақтағы қажеттіліктерін ескере отырып, денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын даярлау;

      7) денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын даярлау бағдарламаларын үздіксіз жетілдіру;

      8) денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарының білімін, құзыреттіліктерін, кәсіптік даярлығын тәуелсіз бағалау;

      9) кәсіптік медицина қауымдастықтарын дамыту;

      10) медицина қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуы;

      11) денсаулық сақтау саласындағы қажетті кадр ресурстарының қолжетімділігі;

      12) қызметкерлердің тиісті құзыреттілігі мен дағдыларын қалыптастыру;

      13) үздіксіз кәсіптік даму (өмір бойы білім алу);

      14) денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарының өнімділігін арттыру;

      15) әлеуметтік тұрғыдан танылу.

      2. Денсаулық сақтау саласындағы кадр саясатын:

      1) республикалық деңгейде - денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын ұлттық басқару саясатын бекітетін уәкілетті орган;

      2) өңірлік деңгейде - денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын өңірлік басқару саясатын бекітетін, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары;

      3) денсаулық сақтау ұйымдары деңгейінде - корпоративтік кадр саясатын іске асыратын денсаулық сақтау ұйымдары қалыптастырады.

      3. Медицина және фармацевтика кадрларын даярлауды жоспарлауды өз құзыреті шегінде уәкілетті орган, әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелері бар орталық атқарушы органдар және өзге де орталық мемлекеттік органдар, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары саланың қажеттілігін ескере отырып, жүзеге асырады.

269-бап. Денсаулық сақтау қызметкерлерін үздіксіз кәсіптік дамыту

      1. Медицина және фармацевтика қызметкерлерін үздіксіз кәсіптік дамыту медициналық көмектің қауіпсіздігін арттыру мақсатында мамандардың қажеттіліктерін ескеретін кәсіптік білім мен шеберлікті жетілдіруге, қосымша құзыреттіліктерді меңгеруге бағытталады.

      2. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің үздіксіз кәсіптік даму нәтижелері қосымша және формальды емес білім алу, кәсіптік даму бойынша өзге іс-шаралар, құзыреттілік деңгейі, жұмысының практикалық өтілі туралы кәсіптік тіркелімнің есепке алу деректері негізінде расталады.

      3. Медицина және фармацевтика қызметкерінің үздіксіз кәсіптік даму нәтижелерін растау кәсіптік стандартта белгіленген біліктілік деңгейіне қойылатын талаптар және денсаулық сақтау қызметкерлерінің лауазымдық міндеттеріне қойылатын біліктілік талаптар ескеріле отырып жүргізіледі.

      4. Кәсіптік медициналық қауымдастықтар кәсіптік стандарттарды және қосымша және формальды емес білімнің білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысады.

30-тарау. МЕДИЦИНА ЖӘНЕ ФАРМАЦЕВТИКА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ МӘРТЕБЕСІ

270-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесі және олардың құқықтары

      1. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында және өзге де нормативтік құқықтық актілерде көзделген негізгі кепілдіктерге, оның ішінде:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қажетті медициналық бұйымдармен қамтамасыз етуді қоса алғанда, қызметкердің еңбек міндеттерін орындауы үшін тиісті жағдайлардың жасалуына;

      2) жұмыс берушінің немесе осы мақсаттарға Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген бюджет қаражаты есебінен біліктілігін арттыруға немесе денсаулық жағдайына байланысты еңбек міндеттерін орындау мүмкін болмаған кезде және қызметкерлер санының немесе штатының қысқартылуына байланысты, ұйымның таратылуына байланысты қызметкерлер жұмыстан босатылған кезде кәсіптік біліктілігін өзгертуге;

      3) біліктілік деңгейіне сәйкес келетін еңбегіне ақы төленуге;

      4) біліктілік деңгейіне, жұмыстың ерекшелігі мен күрделілігіне, еңбек көлемі мен сапасына, сондай-ақ қызметтің нақты нәтижелеріне сәйкес еңбегінің ынталандырылуына;

      5) кәсіптік бірлестіктер құруға және оларға қатысуға;

      6) медицина қызметкері тарапынан ұқыпсыз немесе немқұрайлы қарау болмаған кезде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтірілгені үшін кәсіптік жауапкершілікті сақтандыруға;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, лауазымдық міндеттерін орындау кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеттіруге;

      8) медициналық және фармацевтикалық қызметке рұқсат беру құжаттары болған кезде жеке медициналық практиканы және фармацевтикалық қызметті жүзеге асыруға;

      9) жеке және заңды тұлғаларға тиесілі байланыс құралдарын шұғыл медициналық көмек көрсету үшін пациентті жақын жердегі медициналық ұйымға тасымалдаған жағдайда кедергісіз және тегін пайдалануға;

      10) жол жүруге байланысты көлік шығыстарының орнын толтыртуға құқығы бар.

      2. Медициналық қызметпен айналысу құқығына денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатымен расталған техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білімі бар қызметкерлер ие болады.

      3. Оқу кезеңінде резидент-дәрігерлердің денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатына сәйкес медициналық ұйымдарда тәлімгердің қадағалауымен жұмыс істеуге құқығы бар.

      4. Шетелде медициналық білім алған адамдар нострификациялаудың оң нәтижелерінен, денсаулық сақтау саласындағы маман сертификатын бере отырып, уәкілетті орган аккредиттеген ұйымда кәсіптік даярлығы бағаланғаннан кейін медициналық немесе фармацевтикалық қызметке жіберіледі.

      Шетелде медициналық білім алған адамдардың кәсіптік даярлығын бағалау медициналық білім беру бағдарламалары бойынша түлектердің кәсіптік даярлығын бағалау қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

      5. Медициналық оқыс оқиға - Қазақстан Республикасының әкімшілік және қылмыстық заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарттарына сәйкес медициналық көмек көрсетумен және технологияларды, жабдықтар мен құралдарды пайдаланумен байланысты, организмнің қалыпты жұмыс істеуінің ауытқуынан туындайтын, пациенттің өмірі мен денсулығына зиян келтіруі, сондай-ақ пациенттің қайтыс болуына алып келуі мүмкін оқиға.

      Медициналық оқыс оқиғаны талдау медициналық ұйымның ішкі аудиті арқылы жүзеге асырылады, сондай-ақ оны облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары, медициналық қызметтер (көмек) көрсету, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айнлысы саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдар, уәкілетті орган жүзеге асырады.

271-бап. Медицина және фармацевтика қызметкерлерінің міндеттері

      1. Медицина және фармацевтика қызметкерлері қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырады және медициналық этика мен деонтология қағидаттарын басшылыққа ала отырып:

      1) аурулар профилактикасына, денсаулықты нығайтуға жәрдемдесуге, Қазақстан Республикасының халқы арасында саламатты өмір салтын насихаттауға;

      2) өзінің біліктілігіне, қызметтік және лауазымдық міндеттеріне сәйкес медициналық көмек көрсетуге;

      3) қажет болған жағдайларда консультация үшін басқа бейіндегі немесе біліктілігі неғұрлым жоғары мамандарды тартуға;

      4) медицина қызметкері құпиясын ұстауға және сақтауға, пациенттің аурулары, интимдік және отбасылық өмірі туралы мәліметтерді жария етпеуге;

      5) кәсіптік деңгейін үздіксіз арттыруға;

      6) Денсаулық сақтау саласындағы кадр ресурстарын ұлттық есепке алу жүйесінде тіркелуге;

      7) дәрілік заттарды тағайындаған кезде, пациенттің жеке көтере алмау жағдайларын қоспағанда, тиісті медициналық көрсетілімдер болған кезде өз құзыреті шегінде халықаралық патенттелмеген атауларымен дәрiлiк заттарға рецептілер жазып беруге міндетті.

      2. Медицина және фармацевтика қызметкерлері, медициналық ұйымдардың басшылары:

      1) дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жарнамалауға қатысуға;

      2) өзі көрсететін қызметтер үшін сыйақы алуға жеке мүдделі болу мақсатында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды бөлшек саудада өткізетін белгілі бір объектілерді пациенттерге ұсыным жасауға;

      3) күн сайынғы дәрігерлік конференциялар, ғылыми-практикалық конференциялар және (немесе) мамандандырылған семинарлар өткізуді қоспағанда, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндірушілердің өкілдері және (немесе) дистрибьюторлар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды ілгерілетуге құқылы емес.

272-бап. Әлеуметтік кепілдіктер. Медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қорғау

      1. Ауылдық жерде және кенттерде, аудандық маңызы бар қалаларда жұмыс істейтін, мемлекеттік медициналық ұйымдардың медицина қызметкерлеріне мынадай әлеуметтік қолдау шаралары көзделеді:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың шешімімен міндетті түрде тұрғынжай, оның ішінде қызметтік тұрғынжай беру;

      2) жергілікті атқарушы орган белгілеген тәртіппен жәрдемақылардың міндетті түрде төленуі;

      3) жергілікті атқарушы органдардың шешімімен коммуналдық шығыстарды өтеу бойынша әлеуметтік қолдау көрсету және басқа да жеңілдіктер;

      4) өзге де шаралар.

      2. Мемлекеттік медициналық ұйымдардың медицина және фармацевтика қызметкерлерінің жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен әлеуметтік қолдау шараларын, қосымша жеңілдіктер мен ынталандырушы төлемдерді алуға халықтың әлеуметтік әлсіз топтарынан кейін басым құқығы бар.

      3. Жергілікті атқарушы органдар медицина қызметкерінің беделін арттыру және оның жеке және кәсіптік өсуін арттыруды қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен оған ынталандырушы төлемдер бере отырып, "Кәсібі бойынша үздік" мәртебесін береді.

      4. Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік қызметіне мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары тарапынан араласуға тыйым салынады.

      5. Медицина немесе фармацевтика қызметкері кәсіптік қызметін жүзеге асырған кезде:

      1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны кәсіптік міндеттерімен байланысты емес жұмыс түрлеріне тартуға;

      2) одан Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген есептілікті не ақпаратты талап етіп алдыруға;

      3) оған тауарларды (жұмыстарды) және көрсетілетін қызметтерді сатып алу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделмеген міндеттерді жүктеуге жол берілмейді.

273-бап. Медицина қызметкері құпиясы

      1. Дербес медициналық деректер, медициналық көмекке жүгіну фактісі, адам денсаулығының жай-күйі, оның ауруының диагнозы туралы ақпарат және оны зерттеп-қарау және (немесе) емдеу кезінде алынған өзге де мәліметтер медицина қызметкері құпиясын құрайды.

      2. Осы баптың 3 және 4-тармақтарында белгіленген жағдайлардан басқа кезде, медицина қызметкері құпиясын құрайтын мәліметтерді оқу, кәсіптік, қызметтік және өзге де міндеттерді орындау кезінде бұлар өзіне белгілі болған адамдардың жария етуіне жол берілмейді.

      3. Пациенттің немесе оның заңды өкілінің хабардар етілген келісімімен медицина қызметкері құпиясын құрайтын мәліметтерді ғылыми зерттеулер жүргізу, осы мәліметтерді оқу процесінде пайдалану үшін беруге жол беріледі.

      4. Медицина қызметкері құпиясын құрайтын мәліметтерді адамның келісімінсіз беруге мынадай жағдайларда:

      1) заңды өкілі болмаған жағдайда, өзінің жай-күйіне байланысты өз еркін білдіруге қабілетсіз адамды зерттеп-қарау және емдеу мақсатында;

      2) айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың таралу қатері кезінде, оның ішінде қан, оның компоненттерінің донорлығы, ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау кезінде;

      3) тергеп-тексеру немесе сот талқылауын жүргізуге байланысты анықтау және алдын ала тергеу органдарының, прокурордың, адвокаттың және (немесе) соттың сұрау салуы бойынша;

      4) кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабілетсіз адамға медициналық көмек көрсету кезінде оның заңды өкіліне хабар беру үшін;

      5) Қазақстан Республикасы азаматының денсаулығына зиян құқыққа қарсы іс-әрекеттер салдарынан келтірілді деп ұйғаруға негіздер болған кезде;

      6) адамның психикалық ауытқушылықтары мен сексуалдық зорлық-зомбылыққа бейімділігі анықталған кезде;

      7) медициналық қызметтер (көмек) көрсету сапасына мемлекеттік бақылау, медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасы мен көлемі жөніндегі шарттық міндеттемелерге мониторинг жүргізу кезінде;

      8) "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен прокуратура органдары тексерулер жүргізу кезінде;

      9) қарсы барлау қызметінің міндеттерін шешу мақсатында арнаулы мемлекеттік органдардың сұрау салуы бойынша жол беріледі.

      5. Мыналар медицина қызметкері құпиясын жария ету болып табылмайды:

      1) электрондық ақпараттық ресурстың резервтік көшірмесін ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртіпке және мерзімдерге сәйкес электрондық ақпараттық ресурстарды резервтік сақтаудың бірыңғай платформасына сақтауға беру, бұған мұндай электрондық ақпараттық ресурстар барлау, қарсы барлау қызметімен және күзетілетін адамдар мен объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі күзет іс-шараларымен байланысты, берілуі Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын ақпаратты қамтитын жағдайлар кірмейді;

      2) медициналық көмек көрсету және құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар қызметін жүзеге асыру мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалана отырып ақпарат алмасу.

      6. Қан мен оның компоненттерінің, ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) донорлығымен, сондай-ақ құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік органдардың психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтары (аурулары) бар есепте тұрған адамдардың жай-күйі туралы медициналық құпияны құрайтын электрондық құжат нысанындағы ақпаратты беру жөніндегі сұрау салуларымен байланысты жағдайлардан басқа кезде, олардың жеке өміріне қатысты дербес медициналық деректерді пайдаланғанда, жеке тұлғалардың дербес медициналық деректерін қамтитын электрондық ақпараттық ресурстарды басқа дерекқорлармен байланыстыратын телекоммуникация желілеріне жеке тұлғалардың келісімінсіз қосуға жол берілмейді.

      7. Пациенттің денсаулығы туралы деректер медицина қызметкеріне қатысы жоқ себептер бойынша жалпыға қолжетімді болған жағдайлар медицина қызметкері құпиясын бұзу болып табылмайды.

274-бап. Қазақстан Республикасының медицина және фармацевтика қызметкерлерінің ар-намыс кодексі

      1. Қазақстан Республикасы медицина және фармацевтика қызметкерлерінің ар-намыс кодексі (бұдан әрі - Ар-намыс кодексі) Қазақстан Республикасы медицина және фармацевтика қызметкерлерінің өз қызметі үшін қоғам алдындағы моральдық-этикалық жауапкершілігін белгілейді.

      2. Ар-намыс кодексін уәкілетті орган әзірлейді және бекітеді.

7-БӨЛІМ. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

275-бап. Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық

      Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа алып келеді.

276-бап. Осы Кодексті қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Кодекс:

      1) 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 39-бапты, 55-баптың 10-тармағының 1) тармақшасын;

      2) дәрілік заттарды өндіру жөніндегі ұйымдар, дәріхана қоймалары үшін 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 231-баптың 2-тармағының екінші бөлігін және 233-баптың 3-тармағының екінші бөлігін;

      3) 2021 жылғы 1 маусымнан бастап қолданысқа енгізілетін 240-баптың 7-тармағын;

      4) 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 110-баптың 2-тармағының 16) тармақшасын, 27-баптың 1-тармағының 2), 3) тармақшаларын, 4-тармағының 2), 3) тармақшаларын, 7 және 8-тармақтарын;

      5) 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 55-баптың 10-тармағының 2) тармақшасын;

      6) дәріханалар үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 233-баптың 3-тармағының бірінші бөлігін;

      7) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін 233-баптың 4-тармағының 5) тармақшасын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      2. Осы Кодекстің 233-бабы 4-тармағының 5) тармақшасы қолданысқа енгізілгенге дейін осы тармақша мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "5) осы баптың 6-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, денсаулық сақтау ұйымдарында медицина қызметкерлерінің;".

      3. Осы Кодекстің 233-бабының 6-тармағы 2022 жылғы 31 желтоқсанды қоса алғанға дейін қолданылады деп белгіленсін.

      4. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 1-бабы 22-тармағының 1) тармақшасы қолданысқа енгізілгенге дейін осы Кодекстің мазмұнындағы 83-баптың тақырыбының, 83-бабы тақырыбының, 1 және 3-тармақтарының, 160-бабы 2-тармағының, 162-бабы 1-тармағының және 196-бабы 1-тармағы бірінші бөлігінің қолданылуы тоқтатыла тұрсын, тоқтатыла тұру кезеңінде осы нормалар мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      1) мазмұнындағы 83-баптың тақырыбы:

      "83-бап. Оралмандардың, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және өзге де адамдардың құқықтары мен міндеттері";

      2) баптың тақырыбы, 83-баптың 1 және 3-тармақтары;

      "83-бап. Оралмандардың, шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың және өзге де адамдардың құқықтары мен міндеттері

      1. Оралмандардың, босқындардың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей алуға құқығы бар.";

      "3. Қазақстан Республикасының аумағында жүрген оралмандар, босқындар және пана іздеген адамдар, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар денсаулық сақтау саласында Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей міндеттерді атқарады.";

      3) 160-баптың 2-тармағы:

      "2. АИТВ инфекциясын жұқтырған Қазақстан Республикасының азаматтары, оралмандар, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер, азаматтығы жоқ адамдар, босқындар және АИТВ инфекциясын жұқтырған аналардан туылған, диагнозы белгіленбеген балалар тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде динамикалық байқауға және дәрілік заттармен қамтамасыз етуге жатады.";

      4) 162-баптың 1-тармағы:

      "1. Қазақстан Республикасы азаматтарының, оралмандардың, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты және уақытша тұратын шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, босқындар мен пана іздеген адамдардың уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен АИТВ инфекциясының профилактикасы саласында қызметті жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде АИТВ инфекциясы мәселелері бойынша ерікті түрде анонимдік және (немесе) құпия медициналық зерттеп-қаралуға және консультация алуға құқығы бар.";

      5) 196-баптың 1-тармағының бірінші бөлігі:

      "1. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға, босқындарға, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға бюджет қаражаты есебінен ұсынылады, барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ дәрілік қамтамасыз етуді қамтиды.".

      5. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) 2009 жылғы 18 қыркүйектегі "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2009 ж., № 20-21, 89-құжат; 2010 ж., № 5, 23-құжат; № 7, 32-құжат; № 15, 71-құжат; № 24, 149, 152-құжаттар; 2011 ж., № 1, 2, 3-құжаттар; № 2, 21-құжат; № 11, 102-құжат; № 12, 111-құжат; № 17, 136-құжат; № 21, 161-құжат; 2012 ж., № 1, 5-құжат; № 3, 26-құжат; № 4, 32-құжат; № 8, 64-құжат; № 12, 83-құжат; № 14, 92, 95-құжаттар; № 15, 97-құжат; № 21-22, 124-құжат; 2013 ж., № 1, 3-құжат; № 5-6, 30-құжат; № 7, 36-құжат; № 9, 51-құжат; № 12, 57-құжат; № 13, 62-құжат; № 14, 72, 75-құжаттар; № 16, 83-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 7, 37-құжат; № 10, 52-құжат; № 11, 65-құжат; № 14, 84, 86-құжаттар; № 16, 90-құжат; № 19-I, 19-II, 96-құжат; № 21, 122-құжат; № 23, 143-құжат; 2015 ж., № 1, 2-құжат; № 7, 33-құжат; № 10, 50-құжат; № 19-II, 102-құжат; № 20-IV, 113-құжат; № 20-VII, 115-құжат; № 22-I, 143-құжат; № 22-V, 156-құжат; № 23-II, 170-құжат; 2016 ж., № 6, 45-құжат; № 8-II, 67, 70-құжаттар; № 23, 119-құжат; 2017 ж., № 1-2, 3-құжат; № 4, 7-құжат; № 9, 22-құжат; № 13, 45-құжат; № 22-III, 109-құжат; № 23-III, 111-құжат; № 24, 115-құжат; 2018 ж., № 10, 32-құжат; № 14, 42-құжат; № 15, 47-құжат; № 19, 62-құжат; № 23, 91-құжат; № 24, 93, 94-құжаттар; 2019 ж., № 7, 36-құжат; № 8, 46-құжат; № 21-22, 90-құжат; № 23, 106-құжат; 2020 жылғы 5 мамырда "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2020 жылғы 14 мамырда "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 13 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы; 2020 жылғы 26 мамырда "Егемен Қазақстан" және "Казахстанская правда" газеттерінде жарияланған "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жұмылдыру дайындығы мен жұмылдыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 25 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы);

      2) "Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертiне шалдыққан ауруларды ерiксiз емдеу туралы" 1995 жылғы 7 сәуiрдегі Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Жаршысы, 1995 ж., № 3-4, 32-құжат; Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2004 ж., № 23, 142-құжат; 2010 ж., № 24, 152-құжат; 2012 ж., № 8, 64-құжат; 2013 ж., № 13, 62-құжат; 2014 ж., № 19-I, 19-II, 96-құжат; 2018 ж., № 24, 93-құжат);



      3) "Йод тапшылығы ауруларының алдын алу туралы" 2003 жылғы 14 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңы (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2003 ж., № 19-20, 149-құжат; 2006 ж., № 1, 5-құжат; 2007 ж., № 4, 95-құжат; 2011 ж., № 11, 102-құжат; 2012 ж., № 14, 92-құжат; 2013 ж., № 14, 75-құжат; 2014 ж., № 1, 4-құжат; № 23, 143-құжат; 2018 ж., № 24, 93-құжат).

      Қазақстан Республикасының
Президенті

Қ. ТОҚАЕВ


© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты» ШЖҚ РМК

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет