70
Бірақ «Аққұм» әні қазіргі уақытта Ахметтің де, Ақан серінің де мұрасы
қатарында аталмай, халық әні ретінде орындалып жүр.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі күйші Жанғали Жүзбай
«Айқаракөз» әнінде Ахмет мұрасының қатарында атайды. Қазақстан
Республикасының еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиева Өзбекәлі Жәнібековтің
жәрдемімен «Адырна», «Сазген» фольклорлық ансамбльдерінінің белді мүшесі
болып жүрген шағында, Алматыда өткен концерттердің бірінде «Айқаракөз» әнін
Торғай өңірінің фольклорлық әні ретінде орындаған. Сол уақытта «Айқаракөзді»
алғаш танып, Ахметтің әні деп айтқан Торғай облыстық қазақ музыкалық-драма
театрында ұзақ
жылдар бойын қызмет атқарған, Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері Жанат Қажиев болыпты. Ахаңның көзін көрген зиялы қауым өкілдері
бұл музыкалық туындының Ахмет әні екендігін айтқан.
«Сондықтан Ахмет Байтұрсынұлының сазгерлік мұрасының бір бізге
жеткен жәдігері деп «Айқаракөз» әнін айта аламыз» дейді Жанғали Жүзбай.
Ахметтің музыкалық мұрасының ішінде ешқандай күмән тудырмай,
ешқандай даусыз мойындалғаны «Арман» күйі. Ахаңның бұл күйін халық
ақыны Нұрхан Ахметбеков сақтап, жеткізіп 1960
жылы белгілі домбырашы
Жалмышев Сағынға үйреткен. Бұл жайында Сағынның өзі «Қайта оралған күй»
мақаласында былай деп жазады:
«Әнге маужыраған ақын бір кезде басын көтеріп, «Күміс көмей әншілер
мен бал бармақты күйшілер ғой осындай ғажайып әндер мен күйлерді
шығарған, солардан қалған мұраны есте сақтап, халық арасына таратып,
кейінгі ұрпаққа үйрету – бұл баға жетпес еңбек болар еді, - дей келіп: -
айтпақшы, еске түсіп кетті, менде жасырып жатқан, жарыққа шығаруға
қорқып жүрген, аты мен затын айтуға болмайтын бір тамаша күй бар. Ол
түбінде сендерге керек болар, соны үйретейін, - деді...
Бұл күй, - деп бастады Нұрекең сөзін, -
бұрмалаушылықтың шырмауында кеткен Ахмет Байтұрсыновтың
«Арман» атты күйі. Ол кісі ғұлама ғалым, аудармашы, ағартушы, қоғам
қайраткері болған, халқының болашағы үшін көп жұмыс істеген, халқы үшін
талай жақсы істің басын бастағанымен, сол кездегі саясат, тар заман
Ахаңды еркіне жібермей, қолын байлаған. Ойындағысы жүзеге аспаған соң
«Арман» деп күй шығарған.
Бұл күйді мен жас кезімде Ахметтің туып өскен жерінде тұратын
Әлімбет руынан шыққан Ғаббас деген ақсақалдан үйрендім. Ғаббас деген
ақсақал «Арман» күйін Ахаңның өз орындауында естіген... [ 8].
Шыныменде “Арман” күйін тыңдаған адам запыранды замандағы кіреуке
тартып, кірбің шалған көңілдің өкінішін, ойындағысына қолы жетпеген жанның
шер-наласын ұғынғандай болады. Бұл төкпе күй қалыбында шығарылғанымен,
болмыс-бітімі адамның жан дүниесіне
шым-шымдап тарап, тамыр жаятын
терең сезімге құрылған, өзінің нәзік әуезділігімен ерекшеленетін, лирикалық
сарыны бар күй.
71
Нұрханнан үйренген күйді Сағын отыз жылдан артық сақтап келіп,
1991 жылы өткен Ахаң мен Жақаңа арналған үлкен тойда жарыққа шығарған.
Кейін Тұрар Әліпбаев нотаға түсіріп,
қазір облыс, республика көлеміндегі
домбырашылар сиректе болса сахнаға алып шығып жүр.
Жоғарыда аталған Байтұрсын Ілиястың «Алтын бесік» кітабында
Ахметтің күй мұрасы жайлы да деректер келтірілген:
«...Ызбанға қоналқыға оралғанымыз сол еді, бізді сұрап Шорман Едіресов
дейтін жігіт келіп тұр. Ахметке жиендігі бар екен. Оның әкесі Едірес
Байтұрсынның інісі Сабалақтың бір қызынан туады екен.
Сіздер бізге кездесе бермейсіздер. Келіп жатыр деген соң әдейі
жолыққалы келдім. 1968 жылы Қарпықтың Ерғалиы Ақкөлде біздің үйде
қонақта болып, ас ішіп кетті. Сонда сол кісі Ахаң туралы әкейге көп әңгіме
айтқан. ...Екеуі де Ахметтің көзін көрген кісілер ғой. Осындайда бастары
қосылғанда Ахаңды еске түсірмей қайтсін. Ахаң тамаша домбырашы, күйші,
әнші де болған еді, өзі шығарған 12 күйі бар еді деп отырды.
Кітаптары, құдайға шүкір бар ғой. Өкіметтің бәрін де отқа жағып
жіберуге шамасы жетпеді. Біздің елде болмаса, шет мемлекеттерде
кітаптары табылады. Ал күйлерінің тағдыры не болар екен? Осыған
қайғырып жүрмін. Ол күйлерін таспаға бастырып шығару керек еді. Ол менің
қолымнан келер шаруа болмай тұр. Ахаңның атағы жер жарғанмен, Кеңес
үкіметі оны жау деп шығарды. Күйлерін пластинкаға түсіру керек еді.
Әндерінің өзі қаншама. Ол әндері де иесізденіп, халықтікі деп айтылып жүр.
Оған да шүкір әйтеуір. Алмас пышақ қап түбінде қашанғы жатар дейсің,
күндердің күнінде жарып шығар бір! – деп Ерғали біраз тарихты баяндады.
Осы әңгіменің ішінде болып едім, – деді Шорман [Б.Ілияс. «Алтын бесік»,
Қостанай, 1998 жыл. 64-65 б]. Осында айтылып отырған Ерғали Ахмет өскен
ақындық ортаның алтын қазығы болған Қарпық ақынның ұлы. Қарпық
шығарған бес жоқтау өлең Ахметтің «23 жоқтау» еңбегінде жарық көрген.
«Әдебиет танытқышта» да Қарпық өлеңдері мысал ретінде айтылады.
Қарпықтың Ерғалиы 1972 жылы Әулиекөлдегі Қазанбасы да дүние салды.
Бұл күнде Ахмет ән шығарған жоқ, Ахаңның сазгерлік қабілеті болмады,
ол тек әндерді жеткізуші ғана еді деген пікірлер кездесіп жатады. Біз жоғарыда
келтірген мысалдар Ахметтің сазгерлігінің айғағы болады деген ойдамыз.
Қолда бар деректерді ұсынғанымызда бұра тартқан жеріміз жоқ. Барынша
әділін айтуға тырыстық.
Шындығына келсек, Ахмет Байтұрсынұлы жеткізген
әндер, Ахаңның сөзіне шығарылған әуездер, оның өзінің авторлық ән-күйлері
Алаш арысының қазақ музыка мәдениетінде елемей кетер жан еместігін
көрсетеді. Болашақта өнер зертеушілері назар салып жатса, бұл тақырыпта әлі
де көптеген жұмыстар атқаруға болады деген сенімдеміз.
Достарыңызбен бөлісу: