Әдебиеттер тізімі
-
Қирабаев С. Көп томдық шығармалар жинағы, 7-т. –А.: Қазығұрт, 2007. – 496 б.
-
Қабдолов З. Өмірі – үлгі, өнері - өнеге.-Кіт.: Академик Зәки Ахметов және руханият мәселелері. –А.: Үш Қиян, 2003. -640 б.
-
Ахметов З.А. Казахское стихосложение. –А.: Наука, 1964. - 460 с.
4. Ахметов З.А. О языке казахской поэзии. –А.: Мектеп, 1970. - 180с.
5. Ахметов З.А. Өлең сөздің теориясы. –А.: Мектеп, 1973. - 212 б.
6. Ахметов З.А. Абайдың ақындық дәстүрі. –А.: Ана тілі, 1995. - 272 б.
7. Торайгыров С. Избранное. –А.: Казгосхудлит, 1958. - 166с.
І
З.АХМЕТОВ ЗЕРТТЕУЛЕРІ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТ
ТЕОРИЯСЫНЫҢ ЖАҢА КОНЦЕПЦИЯЛАРЫ
Ғұлама ғалым
Ә.Молдаханов,
ф.ғ.д., профессор
Қазақстан, Ақтөбе
Әрбір үздік талант алдымен өзі туған топырағында танылып, өз жерлестерінің шексіз құрметіне бөленуі заңды. Бүгінгі әдебиеттану ғылымының көшбасшысы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және ҚР ҰҒА Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, есімі біздің елімізде ғана емес, шет елдерде де кеңінен мәлім ғұлама ғалым Зәки Ахметов осындай құрметке әбден лайық адам.
Зәки Ахметұлы Ахметов 1928 жылы 4 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы Айыртаудың әсем табиғаты аясындағы бұрынғы Балғабай ауылында дүниеге келді.
Тумысынан ерекше зерделі жас 1943 жылы он бес жасында Қазақ мемлекеттік университетінің тіл мен әдебиет факультетіне (журналистика бөлімі) түсіп, 1947 жылы үздік бітіріп шығады. Осы іргелі оқу орнын аяқтаған бойда Зәкеңнің ғылымға деген зор қабілеттілігі ескеріліп, КСРО Ғылым академиясының Ленингардтағы шығыстану институтының аспирантурасына арнайы жолдамамен жіберіледі.
Сөйтіп, талантты жастың алдынан ғалым мамандардың талай тамаша буынын дайындап шығарған үлкен ғылым ордасының есігі айқара ашылады. Осы оқу орнындағы ғылыми жұмыстары аса жемісті болып, 23 жастағы аспирант Зәки Ахметов 1951 жылы «Лермонтов және Абай» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғады. Сәл кейінірек осы диссертация негізінде орыс тілінде «Лермонтов және Абай» кітабы басылып шығып, Зәки Ахметов ғылыми жұртшылыққа талантты әдебиет-зерттеуші-ғалым ретінде кеңінен танылды. Кітапта Абайдың орыс классиктерінің шығармаларын, әсіресе, Лермонтов туындыларын шығармашылық тұрғыда қабылдау мәселелері терең қарастырылып, алғаш рет Абай аудармаларының түп-тамыры нақтылы терең ғылыми сипатта анықталды. Абайдың Лермонтовтан аударған өлеңдері негізінде Абай поэзиясының Лермонтов поэзиясымен тең дәрежеде иық тіресіп тұрғандығын дәлелдеу, бейнелеп айтқанда, «тауды аласартпай, даланы асқақтату» еді. Бұрынғыдай «ұлы халық» шығармашылығын шектен тыс үлкейту, керісінше, одан басқанікін кішірейтіп көрсету емес, шын ғылыми әдісті әдеби зерттеуге табандылықпен енгізудің алғашқы батыл қадамы еді. Бұл көрініс З.Ахметовтың ғылымдағы кіршіксіз тазалық, әділдік, адалдық принциптерді әуел бастан берік ұстағандығын көрсетеді.
Академик ғалымның әдебиеттанудағы аса күрделі терең ғылыми ізденістерінің қадау боларлық басты нәтижесі – 1964 жылы орыс тілінде жарық көрген «Қазақ өлеңінің құрылысы» атты монографиясы және осы тақырыпта 1965 жылы қорғалған докторлық диссертациясы. Бұлар қазақ өлеңі құрылысының ғылыми заңдылықтарын алғаш ашып көрсеткен шын мәніндегі соны жаңалық болумен қатар, қазақ өлеңі теориясын негіздеген бірден-бір іргелі ғылыми зерттеу болып табылады.
Осы проблемалар жетпісінші жылдары ғұлама ғалымның «Қазақ поэзиясының тілі туралы» (1970), «Өлең сөздің теориясы» (1973) кітаптарында одан әрі терең ғылыми тұжырымдамалық шешімін табады. Бұл кездері ол қазақ поэзиясы тілінің, соның ішінде қазақ өлеңінің ырғақтық және синтаксистік құрылымының даму кезеңдерінің заңдылықтарын, көрнекті ақындар тілінің ерекшелігін зерделейді.
Халықтың тарихи өмір өзгешелігінен туындайтын қазақ поэзиясының ғасырлар бойы қалыптасқан және одан әрі дами беретін бейнелі сөз құралдарын сипаттай келіп, академик З.Ахметов төмендегідей тұжырымдар мен қорытындылар жасайды: «Қоғамдық құрылыс, халықтың өмір-тұрмысы, шаруашылығы, әдет-ғұрып, дүниетаным философиясы, эстетикасы – осының бәрі поэзияның мазмұнынан ғана көрініп қоймайды, сонымен бірге бұлар поэзияның, әдебиеттің көптеген көркемдік ерекшеліктерінің, тілдегі суреттеу, бейнелеу тәсілдерінің, сөз кестесіндегі әртүрлі құбылыстардың дамуына әсер етеді».
Аталған ғылыми зерттеулерде сонымен бірге көшпелі өмір мен тұрмыс ерекшеліктеріне, төрт түлік малға, табиғатқа байланысты және мифологиядан алынған түрлі көркем-поэтикалық салыстырулар туралы зерделі тұжырымдар жасалып, терең ой қозғалады. Автор қазақ әдебиетіндегі аса көрнекті ақындар поэзиясынан көптеген мысалдар келтіре отырып, ғасырлар бойы қалыптасқан бейнелі сөз құралдарының қазіргі поэзияны байытуға негіз болатындығын және дағдылы бейнелеу құралдарының жаңа түр мен мазмұнды білдіру үшін қолданылатындығын біртұтас әдеби процесс ретінде қарастырады.
Қазақ әдебиеттану ғылымындағы іргелі зерттеулердің қатарында З.Ахметовтің «Қазақ әдебиетінің қазіргі дамуы мен дәстүрлері» (1978) атты монографиясын ерекше атаған ләзім. Мұнда автор Абайдың идеялық көркемдік ізденістерін ұлы ойшыл ақынның шығармашылық тұлғасының қалыптасып дамуындағы ұлттық дәстүрлер мен көркемдік жаңашылдықтың сабақтастық жалғастығын Қазақстандағы әдеби процестің дамуының кең тұрғыдағы контексінде алып, терең пайымдайды.
Бұл ғылыми еңбекте қазақ әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдықтың өзара байланысы алғаш рет жан-жақты әдеби деректер негізінде, ғылыми деңгейде зерттеледі. Болашақ іргелі еңбектер үшін әдебиеттану ғылымының жаңа бір көкжиегін ашудағы соны да тың қадам болып табылады. Кітапта қазіргі қазақ әдебиетінің көкейтесті мәселелерімен бірге ұлт әдебиеттерінің өзара байланысы мен ықпалдастығы нақтылы контекстерде қарастырылады. Кітаптың ғылыми құндылығы осындай жақтарымен айқындалады.
Әдебиеттану ғылымының аса көрнекті теоретигі ретінде академик З.Ахметов абайтану және әуезовтану саласында ұзақ жылдар бойы үздіксіз жемісті еңбек етті.
Өткен ғасырдың елуінші жылдарының бас кезінде ғұлама абайтанушы М.Әуезовтің Қазақстаннан кетіп, Москваны паналауға мәжбүр болған қиын кезеңде З.Ахметов 1954 жылы Абайдың қайтыс болғанына жарты ғасыр толуына орай ұлы ақынның екі томдық шығармалар жинағын шығаруды жүзеге асырады. М.Әуезов бұл жинақ дайын болған кезде ғана Алматыға қайта оралуға мүмкіндік алады. Сол себепті аталған басылымға бас абайтанушы М.Әуезовтің алғысөзі жинақтың соңына, онда да ұсақ әріптермен теріліп басылғанын Зәкең естелік ретінде қызық етіп айтып отыратын.
Осындай заман ағымы мен қытымыр саяси жағдайларға қарамастан академик З.Ахметов ғылымның сара жолынан ешуақытта ауытқып көрген емес. Саясаттың ықпалымен бұра тарту әдеті бұл кісінің зерттеушілік табиғатына мүлде жат. Соның нәтижесінде ғылыми еңбектері арқылы ол әдебиеттану, абайтану, әуезовтану салаларында ұлттық менталитетті жоғары ұстап, сақтап, дамытып келеді. Сондықтан да академик З.Ахметов ұлы Абайдың әдеби мұрасын көзінің қарашығындай қорғап, әрбір сөзіне дақ түсірмей, оқырманына сол қалпында жүткізуге жанашырлық жасап, Абай шығармаларының 1954, 1957, 1970, 1995 жылдардағы 4 басылымын да құрастырушылардың және ғылыми түсініктеме берушілердің бірі болды.
1995 жылы Абайдың 150 жылдық мерейтойына орай З.Ахметовтің «Абайдың ақындық әлемі» атты монографиясы жарық көрді. Осы ғылыми басылымда поэзияны, сөз өнерін қазіргі күн деңгейінде түсіну тұрғысынан Абайдың ақындық тұлғасы, оның ерекшелігі ашылады. Автор Абай шығармаларын жүйелі түрде талдай келіп, ақынның ұлттық көркемдік дәстүрлермен тығыз байланысын, әрі оның жаңашылдығын, әлем әдебиеті жетістіктерін жете игеруін терең түйіндейді. Ғалымның көп жылдар бойғы ізденістеріне негізделген бұл еңбек Абай шығармашылығына байланысты көптеген маңызды мәселелерді қамтып, ғылыми көзқарастар деңгейінде зерделеуімен ерекшеленеді.
«Абай жолы» эпопеясының поэтикасы және оның жазылу тарихы» (1984), «Мұхтар Әуезовтің роман-эпопеясы» (1997, бұл екі кітап та орыс тілінде) монографияларында Абай тұлғасының көркем бейнесі мен ұлы ақын өмір сүрген тарихи дәуір принциптері жан-жақты зерттеледі. Мұнда поэтика проблемалары шығарманың соңғы баспа мәтіні негізінде ғана қарастырылмай, жазушының шығармашылық лабораториясын сипаттайтын архивтік материалдар: бастапқы нұсқалар, қолжазба мәтіндер, сондай-ақ жоба-жоспар негізінде айқындалады. Мұның барлығы ұлы қаламгер Мұхтар Әуезовтің шығармашылық лабораториясы туралы ұғымды байыта түсіп, «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу процесін алдағы уақытта тереңірек зерттеуге жол ашады.
Тәуелсіздікке енді ғана қолы жеткен халқымыздың рухани өміріндегі елеулі оқиға – заманымыздың заңғар жазушысы, ғұлама ғалым М.Әуезовтің елу томдық академиялық толық жинағының дайындалып, жарыққа шығару ісінің жүзеге асуы.
Осы ғылыми толық жинақтың бірінші томы әуезовтану тарихнамасының бас бастауы санатындағы аса көрнекті әуезовтанушы, ғалым-академик З.Ахметовтің алғы сөзімен жарық көруі заңды құбылыс.
Академик З.Ахметов – 11 монографияның, 15 ұжымдық еңбектің, көптеген оқу құралдары мен оқулықтардың авторы. З.Ахметов ғұлама ғалым болумен қатар ғылым әлемінде іскер ұйымдастырушы, талантты басшы ретінде де кеңінен танымал. Ол «Абай» энциклопедиясының ең белсенді авторы болып, осы еңбектің көптеген мақалаларын жазды. Абайдың әдеби мұрасын мұқият зерттеп, тиянақты жинап насихаттауда сіңірген зор еңбегі үшін З.Ахметов 1996 жылғы әдебиет, өнер және архитектура саласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты деген құрметті атаққа ие болды.
З.Ахметов М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты дайындаған көп томдық қазақ әдебиеті тарихын, орыс тілінде жарық көрген 3 томдық қазақ әдебиеті тарихын жазуға, сондай-ақ «Всемирная литература» (7 том, Москва, 1991) атты кітапты дайындауға белсене атсалысты. Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланғаннан кейін 1975-1981 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер нституты директорының орынбасары және директоры болып жұмыс істеді. 1975-1984 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясы қоғамдық ғылымдар бөлімшесінің академик-хатшысы, 1984-1986 жылдары Ғылым академиясының вице-президенті болды.
1986 жылдан М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының әдебиет теориясы және әдебиеттану методологиясы бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясы Президиумының мүшесі (1976-1986), М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты жанындағы докторлық диссертация қорғау жөніндегі мамандандырылған Кеңестің төрағасы (1981-1990) қызметтерін атқарды.
Кейін академик З.Ахметов ҚР ҰҒА-ның қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімшесінің бюро мүшесі, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер инстиутының, Әл-Фараби атындағы Қазақтың Мемлекеттік Ұлттық университетінің және Қырғыз Мемлекеттік университетінің докторлық диссертация жөніндегі диссертациялық кеңестің мүшесі болды.
Ол Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры (1993), Айтматов атындағы халықаралық қоғамдық академияның академигі атақтарына ие болды.
Зәки Ахметов – ұлағатты ұстаз. 1951-1975 жылдары ол Қазақстан Ғылым академиясының Тіл және әдебиет инстиутында ғылыми қызметкер бола жүріп, Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында қазақ әдебиеті кафедрасына басшылық етіп, лекция оқыды. Осы инстиуттың филология факультетінің деканы болып қызмет атқарды. З.А.Ахметов білікті ұстаз ретінде педагог және ғылыми кадрларды даярлау ісінде үлкен еңбек сіңіріп, жас ғалымдар жұмысына басшылық етті. Оның ғылыми жетекшілігімен жиырмаға жуық ізденушілер кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғады.
Зәки Ахметовтің аты әдебиет теориясы ғылымында алтын әріппен жазылып, тарихта мәңгі қалатыны анық.
Академик З.Ахметов – абайтанушы
С.Негимов,
ф.ғ.д., профессор
Қазақстан, Астана
Абай мұрасы – бір халықтың рухани-мәдени өмірінің шарайнасы, жазба әдебиеттің көшбасшы – атасы. Ұлтымыздың ақындық даналығын, өнерпаздық болмыс-жаратылысын мәшһүр еткен озық ойлы кемеңгер тұлға. Ойы мұхиттай толқыған, көкірек көзі көреген, арғы-бергі ғасырлар сырын мінсіз толғаған, халқының ұлттық ой-санасын оятқан Абайдың асыл туындыларының ағыс-толқындарын, астар-қабаттарын, түпсіз тереңдігін жарқырата ашу, шебер сөйлету, дәлелдеп көрсету – қиынның қиыны екені анық. Солай болса да, қазақ өлеңінің құрылыс-жүйесін, құдірет-қуатын, Абай поэзиясының орыс классиктерімен ұқсастығын қажырлықпен тексерген, Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының жазылу тарихын зерделеген және «Қазақ өлеңінің құрылысы» (1965), «Өлең сөздің теориясы» (1973) тәрізді күрделі еңбектер жазған академик Зәки Ахметовтың «Абайдың ақындық әлемі» атты зерттеуі ұлы Абайдың сұңғыла суреткерлігін, асқан ойшылдығын, нәзік сыршылдығын біліктілікпен, білгірлікпен парасаттайды.
Ұлттық поэтиканың, стилистиканың, риториканың майталман зерттеушісі Зәки Ахметов өз еңбегінде Абай шығармаларының адамзаттың рухани-көркемдік тәжірибелерімен, әрі болашақ замана белестерімен дәнекерлікте байланыстырады. Және де әрбір туындының сұлулық табиғатын басқа шығармалармен сабақтастыра, жалғастыра, тұтастықта қарастырып отырады. Яғни тарихи принципті мықтап ұстанады.
Ең алдымен, Абайтану ғылымының тарихнамасына назар аударады. Оның бастауында тұрған Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсыновтың, Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтың, Кәкітай Ысқақұлы мен Ілияс Жансүгіровтың және т.б. ой-пікірлеріне жүгінеді. Әсіресе, Зәки Ахметовтың Абай реализмі хақындағы ой-толғаныстарының орны бөлек. Сондықтан да ғалымның осынау пікіріне құлақ түрейік: «Абай реализмінің көркемдік әдіс ретіндегі ең басты өзгешеліктері, алдымен, айналадағы өмірді, болмысты, қоғамдық құбылыстарды мейлінше кең қамтып, нақтылы бейнелеу, ел тағдырының өміріне қатысты ең маңызды әлеуметтік мәселелерді халықтық мүдде, озат арман-мақсаттар тұрғысынан толғай білу дейміз. Яғни көркемдік, шыншылдық, шынайылық әдебиеттегі халықтық принциппен, озат идеялылықпен ұштасып келетінін атап айтамыз».
Ия, реализм ұғымы – кең ұғым. Ғалымның түйіндеуінше, оған алғырлық, шығармашылық қиял, арманшыл ой, тұспалдап, ишаралап сипаттау, көркемдік шарттылық, көрегендік, ұлттық сана секілді қасиет-белгілер тән.
Академик Зәки Ахметов Абайдың лирикалық поэзиясының ерекшеліктеріне көркемдік-эстетикалық ойдың айрықша өткірлігін, қуатты, күйлі сымбатты құйылатынын, сезімнің барынша нәзіктігін, оттылығын жатқызады. Сондай-ақ Абай поэзиясының лирикалық кейіпкерінің болмысына, тұлға-тұрпатына, ішкі жан дүниесіне, толғаныс-тебіреністеріне, күйініш-сүйініштеріне зер салып, «сол арқылы бүкіл бір ортаны, қоғамды, заманды сипаттап беретіні» жөнінде ой өрбітеді.
Зерделі зерттеуші «Келдік талай жерге енді», «Жүрегім, нені сезесің», «Жүрегім, ойбай, соқпа енді», «Жүрегім соқпа, кел тоқта», «Не іздейсің, көңілім, не іздейсің?», «Ем таба алмай», «Тайға міндік», «Жастықтың оты жалындап», «Жүрегім менің қырық жамау» сияқты сыршыл лирикасының нәзік реңк толқындарын, нақыш-кестелерін, сезім сәулелерін есілте, төгілте жеткізеді. Өз сөзімен айтқанда, «соққан желдей заманның» еркіне көнбейтін қайсар мінезді, өткір тілді текті тұлғаның поэзиясына тұнып тұрған қасиетті ой, мөлдір сезім, мінсіз таза ақыл тән. Ол ғайыпты болжаған, тұңғиықтан сыр тартқан, сұлулықтың сиқырын сезінген көреген абыз іспетті.
Осынау ірі, кесек зерттеуде Абайдың аударма саласындағы үздік өнеріне, сөз таңдау, сөз саптау шеберлігіне, көркемдік ойлау жүйесінің тегеурін-қуатына барынша терең талдау жасайды. Абайдың орыстың классик ақындары Пушкин мен Лермонтовпен иық теңестіріп тұратындығы әрі олардың шығармаларымен бәсекелес, рухтас, тамырлас екендігін, олардың жырларын қазақы әуенмен келістіріп сипаттағанда ерекше еркіндікпен, ұлттық рухани болмысына, эстетикалық қабылдау, дүниетаным ерекшеліктеріне, психикалық табиғатына үйлестіре аударатындығын келісті әңгімелейді. Қыруар салыстыруларды жүйе-жүйесімен келтіреді. Абай Лермонтовты ықыласпен аударғанының себебін ол « ерекше ызаның ақыны, махаббаты ашумен уланған ақын» деп өте-мөте бүйрегі бұрылып, ынтасы ауып, жүрегі қалап жақын тұтқанын зерделілікпен таразылап түсіндіреді.
Абай аударған Лермонтовтың «Ой» деген өлеңі жайында «Дүние, өмір жайлы тынымсыз ойға батып, бәрін сынап, ақылменен саралап, асқақ қиялға, үміт пен арманға, әбден берілген күйі де, жазықсыз жапа шеккен, ауыр бейнет тартқан, көптің атынан айтқан азулы күштілерге айтқан қатты наразылығы да – бәрі де осы өлеңнен молынан сезіледі» - деп жазғанында терең тамырластықты, еркіндестікті, сарындастықты аңғарған.
Академик Зәки Ахметов Абайдың әдеби мысал жанрын өрелілікпен өркендеткеніне көркемдік шарттылықты шебер ұйымдастыруына, тұспалдап айту тәсіліне, белгілі бір сюжетті, алуан-алуан тұспал-бейнелерді, алыстан орағытып, қиюластырып жеткізу, сөйтіп ғибратты ойлар ұсынғанына, қоғам өмірі, адам баласының ішкі-дүниесін қалтқысыз ашып көрсеткеніне білім-білігін жұмсайды. Нағыз поэзияның жаны – нәзіктік, құштарлық, сезімталдық, ынтықтық, ұшқыр қиял және адамзат тарихына екшелген, қорытындыланған, жинақталған көркемдік тәжірибелерді асқан ұсталықпен меңгеру, «шабыттың қуатымен тебіреніп еркін сөйлеу, жан-тәнімен сезінген жүрекжарды ой толғамын ортаға салу». Ол жалпы халықтық сөйлеу тілін, байырғы ақын-жыраулар тілін, ұлтының ақындық өнерінің асылдарын бойына жинап, көкірегіне тоқып, қазақ өлеңінің жадағай қыстырма сөздерден, қайталаулардан жауһардай мөлдіретіп, гауһардай құлпыртып, қазақ әдеби тілінің атасы болды. Әр сөздің өмірбаянын жаңалықты мағыналармен толықтырып жетілдірді. Сондай-ақ қазақ өлеңінің ұйқастық, ырғақтық, буындық, бунақтық, тармақтық, шумақтық, интонациялық кестесін бұрын-соңды болмаған өзгерістермен кемелдендіреді. Міне, осы жәйттар аталмыш монографияның «Тіл бейнелілігі», «Өлең өрнектері» бөлімдерінде нақтылы түрде сөз болады. Автор қара сөздердің жанрлық табиғатына ой жіберіп, кейде шешен сөзге, кейде әңгіме-сұхбатқа, бірде діни трактатқа немесе Мұхтар Әуезов пікіріне сүйеніп, сыншылдық, ойшылдық сыр сипаты басым өсиет-толғауға жатқызады.
Асылы, Абайдың қара сөздері ұлттық прозаның, публицистикалық әдеби тілдің кемел дамуына жойқын ықпал жасағанын біліктілікпен баяндайды.
Ол Абайды «ұлы ізашар ақын», мүлде жаңа реалистік жазба әдебиеттің ту ұстаушысы ретінде бағалай отырып, оның ұлылық пен сұлулықтан, ойлылық пен сыршылдықтан, сыншылық пен суреткерліктен құйылған ғажайып шығармаларының, қоғамдық-әлеуметтік, танымдық-тағылымдық, көркемдік-эстетикалық мәндерін егжей-тегжейлі ашып береді. Және де Абай дәстүрінің жанған шырақтай кең тарағанын, әсіресе, Шәкәрімнің ойшылдығын, Мағжанның әсем сыршылдығын, Сұлтанмахмұттың сыншылдығын: Ахметтің мысалшылдығын, тәмсілмен сөйлейтіндігін, Міржақыптың ағартушылық өнегесін сабақтастырғанын байыптайды.
Зерттеуші назарынан ақын шығармаларының текстологиясы да қағыс қалмаған. Ол 1905, 1907, 1910 жылдардағы Мүрсейіт Бікеұлының қолжазбаларын ақын туындыларының ең негізгісі, етек-жеңі жинақысы деп санайды. 1909 жылы Санкт-Петербургте жарияланған мәтіндерді түпнұсқа ретінде қараған жөн деп есептейді.
Академик З.Ахметов 1916 жылы Мұхтар Әуезов бастырған екі томдық академиялық жинақтарға дейін қамтыған. Бұрынғы басылымдар, тарихи-мәдени мәні ерекше қолжазбалар мейлінше ұқыптылықпен салыстырылып тексерілген.
Автор «Абайдың ақындық әлемі» монографиясында Абай аудармаларының түп тамырын іздеуі қуантарлық жәйт. Абайдың Крыловтан аударған «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңінің негізгі иесі неміс ақыны Р.Левенштейн екен. Мұны академик З.Ахметов Санкт-Петербург кітапханасынан он күн сарсыла іздеп, ақыр соңында Антон Рубенштейн романстарының жинағынан тауыпты.
Немесе «Жүректе көп қазына бар, бәрі жақсы» өлеңі М.Ю.Лермонтовтың 1891, 1893 жылғы жинақтарында және «Русский архив» журналында (1888, №1, 159-бет) жарық көрген. Сөйтсек, бұл өлең Я.Полонскийдің 1842 жылы «Подземные ключи» жинағында (13-бет) басылғандығын ескертеді.
Қорыта айтқанда, академик Зәки Ахметов ұлы Абайдың ақындық даналығы мен даралығын сонау 1949 жылдан бері қажырлылықпен шұғылданып, зерттеген-ді. Ұлттық поэзия табиғатын, оның ереже-қисындарын, қағидаларын және тарихын жетік, зерек түсінген әрі білім-ғылыммен мұздай қаруланған З.Ахметовтың «Абайдың ақындық әлемі» дейтін күрделі монографиясын ойлы, мағыналы қорытындылармен, сөз сұлулығы жайлы әсем талдаулармен ерекшеленетін абайтану ілімі тарихындағы елеулі еңбек.
Тұғыры биік тұлға
Қ.Қ.Алпысбаев,
ф.ғ.д., професоср
Қазақстан, Астана
Қазақ әдебиеттану ғылымындағы айтулы тұлғалардың бірі, Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі, Халықаралық қоғамдық Айтматов академиясының академигі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының, ғылым саласы бойынша берілетін Ш.Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты ғұлама ғалым, өнегелі ұстаз Зәки Ахметұлының өмір жолына көз салғанда өз тұстастарына қарағанда ғылым баспалдақтарына ерте көтерілгені, оның қия жол, қиын асуларын ерекше қабылет-қарыммен меңгеріп жүріп өткені байқалады. «Ат болатын құлынның мүшесінен белгілі» деп халық даналығында айтылғандай Зәки талантының ерте танылғанын көреміз. 1943 жылы он бес жасында Қазақ мемлекеттікуниверситетінің филология факультетіне түсіп, 1947 жылы үздік бітіріп шығады.
Ғылымға деген зор қабілетін ескерген сол кездегі қазақ әдебеиеті кафедрасының меңгерушісі Б.Кенжебаев бастаған ұстаздар қауымының қолдауымен КСРО Ғылым академиясының Ленинградтағы шығыстану институтының аспирантурасына арнайы жолдамамен жіберіледі.Ғылым әлеміне құлаш ұрған бұл кезең Зәки Ахметов үшін қажымас жігермен іске кіріскен, ізденіске толы жылдар еді. Аспирантурада оқыған жылдары дүние жүзіне мәшкүр түркітанушы ғалымдар С.Е.Малов пен И.М.Жирмунскийдің дәрістерін тыңдаудың нәтижесінде З.Ахметов әлемдік деңгейде ой тастай алатын академиялық сипаттағы оқымысты болып қалыптасады.
Студент кезінде-ақ алғырлығымен көзге түскенжас талант жиырма үш жасында кандидаттық, отыз жеті жасындадокторлық диссертация қорғап ғылыми ортаныерте мойындатып, көпшілік назарын өзіне аударта білді. Қырық жеті жасында Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондет мүшесі, елу бес жасында Қазақ ССР Ғылым академиясының академигі болып сайланып ғылым шыңына көтерілген, 1951-1975 жылдарда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтында доцент, кафедра меңгерушісі, декан; 1975-1984 жылдарда Қазақ ССР ғылым академиясы М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер иниституты директорының орынбасары,директоры, Қазақ ССР Ғылым академиясы қоғамдық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы, 1984-1986 жылдарда вице-президенті болған, 1985 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, биік дәрежелі қызметтер атқарған З.Ахметовтың атақ дәрежесінен шын мәнінде ат үркетіндей еді.
Студент кезімізден ғылыми еңбектері арқылы сыртынан жақсы танитын, әдеби кештерде, әдебиеттану ғылымына қатысты түрлі жиналыстарда, диссертациялық кеңес мәжілістерінде бірге болып сөйлеген сөздерін, жасаған баяндамаларын тыңдап жүргеніммен әлемге танымал ардақты ғалыммен жақын араласуым оның әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде мен басқарған әдеби шығармашылық және көркем аударма теориясы кафедарасында қосалқы қызмет атқарған жылдары еді. Кафедрамыз бұрынғы лингводидактика және аударма кафедрасының орнында қайта құрылған жаңа, жас кафедра болатын. Жаңадан ашылған әдеби шығармашылық, аударма мамандықтарына дәріс беретін теориялық білімі, кәсіби біліктілігі жоғары оқытушы-профессор құрамын жасақтау кафедра алдындағы басты міндет болып тұрды. Соған орай кафедра әлеуетін көтеру мақсатында 1997 жылғы қыркүйек айынан бастап жаңа ашылған «Әдеби шығармашылық»және «Көркем аударма» мамандықтары бойынша оқуға түскен студенттерге сапалы білім беріп, кәсіби тұрғыдан дұрыс бағыт-бағдар беретін оқытушы, ғалымдарды шақыруды қолға алып, З.Ахметов, Ж.Ысмағұлов, Ә.Тарази т.б. белгілі ғалымдар мен қаламгерлергеқосалқы қызмет арқылы дәріс бергізе бастадық. Академик З.Ахметов «Аударма теориясы», «Әдеби жұмыс» пәндерінен қазақ, орыс бөлімдеріне бірдей дәріс оқыды. Бұл пәндерді өмірінің соңына, 2002 жылғы желтоқсанның ортасына дейінжүргізген білікті ұстаз кафедраның әлеуетін арттыруға, студенттердің терең біліммен сусындауына, ғылым тұңғиығына бойлауға ұмтылуына шын мәнінде айтарлықтай үлес қосты, ықыласпен еңбек етті. Қазақша, орысша бірдей шешен сөйлейтін тұңғиық білімді ұстаз сабағынан белгілі бір себеп болмаса, бірде-бір студент қалмайтын.
Бірге қызмет істеген осы бір аз жылда ғалым ұстадың біз білмейтін көп қырларына қанықтық, қарапайым болмысынан тамыр тартатын ұлылығын сезіндік. Мен үшін ұлылықтың қарапайымдылықтан басталатынына бір мысал осы Зәки ағаның болмыс-бітімі болып көрінеді. Сырттай қарағанда қатал сияқты көрінетін ғалымның араласа келе жайлы мінезі, соншалықты кішіпейілдігі, қашан да қамқор көңілін ұсынатын адамгершілігі, жақсылық нұрын себетін асыл қасиетіжан-жүрегіңді еріксіз баурап алатын. Шәкіртке қатты талап қою қаталдық емес, терең білім қалыптастыруға жетелеу, дұрыс бағыт беру екендігін танытатын. Жиналыс мінберлерінде, әдеби талқылауларда, студенттер алдында ағыл-тегіл сөйлейтін, білмегеніңді білдіріп, олқы ойыңды толтырып, ұқпай жүргенніңді ұқтырып жіберуші еді.
Есімі өз еліміз бен шетелдерде әдебиет теориясының, өлең құрылысы саласының өте білікті маманы, ғылыми мектептің негізін салушы ретінде танымал болған ғалымның зерттеулерінің аясы барынша кең болды. Ғылым, оқу орындары саласында басшылық қызметтератқара жүріп, қарбалас жұмыс арасынан уақыт тауыпмаңызды зерттеулер жазды. Зерттеулері қазақ және орыс тілдерінде жазылған ғалымның еңбектері қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы мәселелеріне арналған. Қазіргі қазақ әдебиетіндегі дәстүр мен жаңашылдық, көркемдік пен шеберлік, поэтика, әдеби байланыс мәселелерін қамтыған ғылыми-зерттеулерді өмірге әкелді.
Аса көрнекті теоретик ретінде академик З.Ахметов абайтану және әуезовтану саласында ұзақ жылдар үздіксіз жемісті еңбек етіп, оны текстологиялық тарихилық тұрғыдан зерттеді.Абайдың әр жылдары (1954,1957,1970, 1995) басылған толық шығармалар жинақтарын дайындап, құрастырушыларының бірі болды. Ғылымдағы алғашқы қадамын Абай шығармашылығына қатысты бастаған оләдебиеттанудағы теориялық мәселелермен, әдеби байланыс, салыстырмалы әдебиеттанумен, М.Әуезов шығармашылығымен түбегейлі айналыса келіп өмірінің соңғы кезеңінде Абай мұрасын тереңдеп зерттеуді одан әрі жалғастырған еді. Бұған мысал ретінде басылып шыққан кітаптарының атауларын тізіп шығудың өзі жеткілікті. Олар: «Лермонтов және Абай»(1954, орыс тілінде), «Қазақ өлеңінің құрылысы»(1964,орыс тілінде), «Қазақ поэзиясының тілі туралы» (1970), «Өлең сөздің теориясы»(1973), «Қазақ әдебиетінің қазіргі дамуы мен дәстүрі»(1978, орыс тілінде), «Абай жолы» эпопеясының поэтикасы»(1984, орыс тілінде), «Абайдың ақындық әлемі»(1995), «Мұхтар Әуезовтың роман – эпопеясы(1997, орыс тілінде), «Позия шыңы – даналық» (2002)т.б.
Жас оқымысты «Лермонтов және Абай» атты алғашқы зерттеу еңбегінің өзінде Абай мен Лермонтов арасындағы байланыс сипатын, оның Абайға әсерін біліктікпен зерттеп көрсете білсе, «Қазақ өлең құрылысы» монографиясында қазақ әдебиеттану ғылымында кең ауқымда арнайы зерттелмеген ұлттық өлең құрылысынжүйелі теориялық ұғымдар арқылы тұжырымдап берді деуге болады.Бұл ретте ойымызды профессор Б.Майтанов айтқан мына бір пікірмен түйіндеуді жөн көреміз. «Әр кезде әр түрлі қазақ ғалымдары шола тоқталып, біраз түйінді тұстарын А.Байтұрсынов, М.ӘуезовҚ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев және өзімен қатарлас әріптестері жекелеген ақындар шығармашылығына қатысты арнайы саралап айта бастаған ұлттық өлең құрылысы жүйелі теориялық ұғымдар мен айқын тұжырымдарға зәру болатын. Ол парыз З.Ахметовтың әлем поэзиясындағы қалыптасқан үрдістермен, дүние жүзіне белгілі еңбектермен, тіл білімі, оның ішінде фонология, синтаксис, стилистика заңдылықтарын жетік меңгеруі нәтижесінде табысты орындала бастады» [1, 294-295]. Кезінде С.Е.Малов, В.М.Жирмунский, Г.И.Ломидзе, В.В.Кожинов, В.П.Гончаров т.б. сияқты әйгілі ғалымдар тарапынан жоғары бағаланған бұл еңбек ұлттық әдебиеттану ғылымындағы аса зор жетістік қана емес, кешегі кеңес Одағы, тіпті бүкілі түркілік әдебиеттануда айтарлықтай маңызы бар ірі табыс екені, түркітану ғылымына қосылған айырықша үлес екені даусыз.Қазақ өлеңінің сөз кестесін, өлең сөздің суреттілігін, бейнелілік сипат-қасиеттерінсөзету барысында ауыспалы, астарлы мағына туғызатын бейнелі сөздерге басым назар аударылатын, сол арқылы ұлттық поэзиямыздың, әдебиетіміздіңсөзді түрлендіріп, мағынасын өзгертіп, кеңейтіп пайдалану жағынан шексіз мол мүмкіндігін ашып көрсетуді мақсат еткен «Позия шыңы – даналық» атты ғалымның соңғы еңбегі бірнеше ондаған жылдар бойғы ғылыми ізденісінің қорытындысы деуге болады.
Ал Абайдың жүз елу, М.Әуезовтың жүз жылдық мерейтойларына орай жазған ұшан теңіз зерттеулері әлемдік ой таласына түсе алатын мәнді еңбектер дей аламыз. Бұл орайда ғалымның «Абайдың ақындық әлемі» (1995), «Мұхтар Әуезовтың роман – эпопеясы (1997, орыс тілінде) тәрізді еңбектерін ерекше атауға болады.«Абайдың ақындық әлемі» монографиясында таптаурын болған әдіс-тәсілден іргесін аулақ салған ғалым зерттеу бағытын өзіндік бағдарға құрып, мәселені жаңаша қойып, тың пайымдаулар жасайды. Ол «Абайды жай ғана шола салмайды, ұлы ақынды тану эволюциясын айқындайды» [2, 341]. Бұл орайда кітап мазмұнының «Абайтану белестері», «Ақындық тұлғасы, адамгершілік мақсат-мұраты», «Ғылым-білім, ақыл-парасат жайлы ойлар», «Сыршыл көңіл мұңаймас», «Махаббат сарындары, сұлулық сымбаты», «Суреткерлік шеберлігі (табиғат көріністері)», «Ойшылдық сарын, шеберлік қырлары», «Ақындық өнер мен ән-күй туралы толғаныстар», «Жолға жол жалғасады(орыс клкассиктерімен үндестік сарындары)», «Тіл бейнелілігі», «Өлең өрнектері», «Поэмалардың сыр-сипаты», «Қарасөздер – тақырыптық, жанрлық ерекшеліктері», «Дәстүр жалғастығы», «Текстология жайында бірер сөз» деген тақырыптарға бөлініп қарастырылуының өзінен монографиядағы ой ауқымының кеңдігі мен тереңдігін аңғару қиын емес.
«Абайдың ұлылығы өз тағдырын халық тағдырымен байланыстырып жырлай білуінде. Ал халық тағдыры – азаматтық мәселе. Абай поэзиясында жеке басының ғана емес, халқының жай-күйін, арма-аңсарын, күңірене жырлауы, оны бүкіл адамзат тағдырын ойлап, толғанған әдебиет алыптарының қатарына қосты. З.Ахметовтың монографиясының өн бойында осындай ойлар желі тартқан» [2, 243]. «Мұхтар Әуезовтың роман-эпопеясы» атты 1997 жылы орыс тілінде шыққан монографиясында да академик З.Ахметовке тән қарыммен, мол эрудиция деңгейінде талдау аясында әйгілі шығармаға қатыстыуақыт талабына жауап беретін, жаңа көзқарас жүйесіне сәйкес білікті де өміршең ой-толғамдары көрініс табады. Төрт бөлімнен тұратын монографияда ғалымның өмір шындығы мен көркем шындықтың,тарихи-құжаттық шығарма мен тарихи көркем шығарманың арақатынасы, өзіндік ерекшелігі, тарихи өмірдің бейнелену сипаттары қарастырылады. Қаламгердің алға қойған мақсаттарына орай кейбір өмірдегі болған оқиғалардың өңделуі сараланады. Сондай-ақ шығарманың композициясын,образдар жүйесін талдау барысында эпопеяның көркемдік сипаты ашылады.
Осылайша әдебиеттің қандай мәселесіне қалам тартса да З.Ахметовтың ғылыми ой-толғамдары теориялық терең пайымдармен әдіптеліп, кәсіби биік деңгейдегі талдау талабын орындап жатты.Оның қай зерттеуін алсаң да соны пікірге, жаңаша байыптауға, тың көзқарасқа толы еді. Амал қанша!Абай, Мұхтар секілді ұлылар туралы ұлағатты сөз айта білген аяулы азамат өзі де үлы тұлғаға айналған шағындақапияда қайтыс болды.
Жаны жайсаң ардақты ағамен соңғы рет кездескен сәт әлі көз алдымда, ақырғы рет ақтарыла айтқан әңгімесі, жағымды жұмсақ үні құлағымда жаңғырып, жадымда жатталып қалды.2002 жылғы желтоқсан айы, тәуелсіздік күнінің қарсаңы болатын. Сабақ жүріп жатқан кез. Тиісті шаруаммен айналысып кафедрада отырғанмын. Бір кезде кезекті дәрісін өткізіп болған Зәки аға келді. Алдағы күндері Семейде Шәкәрімге арналған шара болатыны, соған арнайы шақырылғанын айтып, сол күндерге сәйкес келетін сабақтарынан босатуға рұқсат сұрады. Мен қолма-қол З.Ахметұлының өтінген күндеріне сәйкес сабақтарды өткізуді жас оқытушылардың біріне тапсырдым да, ағаға алаңдамайбарып, шараны жақсы өткізіп қайтуға тілектестігімді білдірдім. Ықыласыма риза болып рахмет айтты да,киініп кетуге ыңғайланғанағамаған бірдеңе айтқысы келгенін аңғартып далаға шығарып салуымды өтінді. Қазұу-діңбас ғимаратынан шығып, Тимирязов көшесіндегі аялдамаға қарай келеміз. Далаға шығысымен әңгімесін бастаған аға аялдамаға жеткенше ғылымның болашағы, қазіргі студенттер, кафедрада тындырылып жатқан жақсы істер, келешекте жүзеге асырылуға тиіс кезекте тұрған мәселелер жөнінде, жалпы ел өміріндегі қуанатын жағдайларды да, кейбір келеңсіз әрекеттер жайлы біраз әңгіменің басын қайырып тастады. Аялдамада автобус күтіп тұрмыз. Бір кезде:
– Сен менің туған өлкем Шығысты көрдің бе? – деді. Мен:
– Өскеменді көргемін, аудандарын аралағам жоқ, – деп едім.
– Онда, амандық болса көресің Алтайдың сұлу табиғатын. Келесі жылы мен жетпіс беске келемін ғой. Елге бару жоспарым бар. Қасыма ертетіндердің бірі сен боласың, ән салуға дайын бол, – деген әзіл араластырған тілегін білдірді.Сол арада автобус та келе жатты. Ағаға риза көңілмен, жолыңыз болсын! – деп қош айтысып қала бердім. Алайда болған жағдай ағай айтқан тілекке жеткізбеді... Содан екі күн өткен соң таңертең «ағай машина қағып қайтыс болыпты» деген жүрек шымырлатқан суық хабар жетті. Ажалға кім араша бола алған?!..
Бір шүкіршілігі ғалымның артында өте құнды ғылыми мұрасы қалды. Оның артында қалған оннан астам монографиясы, 400-ден астам мақаласы келер күндерде де ұлт рухын көтеруге қызмет жасай беретіні сөзсіз. Ғалымдық пен ұстаздықты сабақтастыра жүргізген ғалымның жетекшілігімен 20-дан артық кандидаттық және докторлық диссертациялар қорғалғаны оның ғылыми ой-тұжырымдарының жалғастық табуы деп білеміз.
Достарыңызбен бөлісу: |