Халықаралық ТҮркі академиясы әлішер науаи хамса ләйлі – Мәжін



Pdf көрінісі
бет41/77
Дата20.05.2024
өлшемі3 Mb.
#501480
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   77
Әлішер-Науаи.-ХАМСА

Хауар – шығыс мемлекеті, бұл арада Хорасан жерін айтып отыр.
69
Шируан – Ирандағы қала.


252
Тартулар таудай болып қалды үйіліп,
Жүз жылда санап бітпес ел жиылып.
Сарайдың кілтшілері жылмаң қақты,
Қисапсыз қазынаны жинап жатты.
Бар еді небір пысық елпеңдеген,
Патшаның сеніміне енсем деген.
Шахтарға алтын тонды берілді ерік,
Жайғасып отыруға көңілденіп.
Айнала отырысты түзеп қатар,
Тік тұрды қолбасылар – күзет қатал.
Ұлылар болғаннан соң тынышталып,
Дара Шах сөз бастады қырыстанып:
«Патшаң бар, сұлтаның бар, хандарың бар,
Себебін дүрлігудің аңғарыңдар.
Файлақұс қаққан еді кеше ғана,
Дабылын келісімнің осы арада.
Есірген баласы оның құрық көрмей,
Жан-жағын жайпап жатыр ырық бермей.
Үш жылғы төлемеді салығын да,
Темірдей тізгін керек залым ұлға.
Мән-жайын білуге де елші барды,
Есірді зор билікке елтіп әлгі.
Насырға шаптырмай-ақ дау аяғын,
Әліптің артын бағып, оны аядым.
Аттады ол көргенсіз әдебінен,
Сөз тыңдап, бас тартпады әлегінен.
Қайталап тағы кісі салып едім,
Сандалып, тоқтатпады әбігерін.
Көкіді не дегенін өзі білмей,
Жаныма тиіп бітті көзіне ілмей.


253
Шығарып күл-паршасын дәулетінің,
Сазайын тартқызбақпын әулекінің.
Сол надан сабылдырып мұнша көпті,
Ақыры қол жинауға душар етті!»
Бір тұрып, әміршілер бір жығылып,
Кезекпен айтты ойларын құлдық ұрып:
«Қиқарды қиыс тартып қырындаған,
Етейік тезге салып, күнін қараң.
Қол жинап керегі не соншалықты,
Қорқардай ол сүмелек қанша мықты?
Жіберіп атты әскерді қырық мың-ақ,
Тұқымын құртпаймыз ба қырып бір-ақ!»
Дара айтты: «Оқталған соң ерінбейік,
Үрімде еркін жатып ерулейік.
Кісі сап Зәңгібар мен Фаранға да,
Күн бұрын сездірейік оларға да.
Жағалай сүзіп екі аралықты,
Жояйық ортадағы алалықты.
Жауызды басымыздан асырмайық,
Қорқақтап дегбірді бос қашырмайық!»
Аузына құдай салса нендей шара?
Тағдырдың құтылар ма ол бейшара?
Түгелі Шах сөзіне тәк тұрысты,
Үрімге аттануға бет бұрысты.
Еткендей жанталасып жанын көпір,
Таң ата қотарылды қалың нөпір.
Батысқа шаң аунады, көк тұмандап,
Хабары Ескендірге жетті демде-ақ.
Алардай сансыз әскер ақыл-есті,
Дауылдай төніп келе жатыр десті.


254
Ескендір бірақ одан қаймықпады,
Жүрегі секем алып, шайлықпады.
Сәт сайын шолғыншысын сабылдырып,
Отырды қылп еткеннің бәрін біліп.
Ер еді әм ұстамды, әм ақылды,
Қысылса қиыннан жол табатын-ды.
Дарадай әуре-сарсаң көріп тегі,
Әскерін әлекке сап желікпеді.
Семсердей жарқыл қағып ұрыс көрсе,
Шығатын сарбаздары Рүстемше.
Өзі де місе тұтпай жан баласын,
Ширықты көргенінше жау қарасын.
Жаңғыртып аспан астын ұрандады,
Дарамен айқасқанша тұра алмады.
Мынаны қатты шошып естігенде,
Дараның түмендері шөкті демде.
Сасқанын сарбазының іші біліп,
Дара да діңкеледі мысы құрып.
Күн сайын ара қашық тақай берді,
Көрініп қараң-құраң атой берді.
Ескендір дауылдатып шаң сапырды,
Аң көрген арыстандай қарсы атылды.
Дара да алдырмасқа қадам басты,
Екі жақ тағылардай табандасты.
Сескеніп Ескендірдің сыңайынан,
Қарсы жақ медет күтті құдайынан.
Күн батты түн көрпесін жамылғалы,
Аялдап, екі жақ та дамылдады.
Жорықта қосын қашан талғаған бап,
Қай жерге аты жетсе, сонда қонбақ.


255
Жалма-жан жүк түсіріп жасақ түгел,
Сардарлар күзет қойып, босатты бел.
Түсті ымырт, жұлдыз көкте шықты самсап,
Қақшиды қарауылдар тіпті сол сәт.
Тілдесіп түні бойы бір-бірімен,
Сақшылар шапқыласып жүрді кілең.
Сескенбей тау құласын, жер қозғалып,
Тұрысты кірпік ілмей, көзбен бағып.
Екі Шах келе жатты жырақты үңгіп,
Жол қалды түйісерге бір-ақ күндік.
Ортада бір тау тұрды аспанға өрлеп,
Кең дала қос қапталы жатқан көлбеп.
Сол таудың екі жағы тұнған мұнар,
Қайнаған қалың әскер ұмар-жұмар.
Ескендір жинап алып сардарларын,
Бұйырды жасаңдар деп қорған қамын.
Ғаламат алып дуал орнады кеп,
Аталды «Ескендірдің қорғаны» деп.
Ескендір көңілденіп шебін көрді,
Жайланып жасақтар да сенімге енді.
Қасына нөкерлерін алып мықты,
Аралап айналаны шолып шықты.
Көз салып тау басынан аумағына,
Қадала қарап тұрды жау жағына.
Тау-таста, жазықта да быжынаған,
Жау қолы құмырсқадай құжынаған.
Ұлғайып, үрей салып еміндейді,
Ойдым жер ине шаншар көрінбейді.
Кетердей жер жарылып, аспан құлап,
Тітірей, зәрең ұшар, бас қаңғырып.


256
Қара шаң – қара түтін қаптап ұшқан,
Аққан тер, әлем-тапыр ат қағысқан.
Зіл-зала әкетердей киіп-жарып,
Қарады Ескендірге дүйім халық.
Қиналды мұны сезіп, небір ой кеп,
Ел жайы екіталай жегідей жеп.
Ойлады: «Екі қосын аңдысады,
Айқасса арандайды, қан құсады.
Біреуге екеу-үшеу жабылса егер,
Шарпысар, сөнгенінше жалын төгер.
Бір адам жеңіп шықса аруақтанып,
Жүз кісі мол олжаға болмақ қарық.
Кімде-кім рахым күтсе жан сауғалап,
Мерт болып, өз мойнынан қан сауламақ.
Дандайсып, қарамадым табаныма,
Шайқастың кілем төсеп алаңына.
Мұндайда шегінуден түк шықпаған,
Айқассам, айдан анық быт-шыт болам!»
Уайымдап тұрған кезде жалғыз өзі,
Таласқан кекілікті шалды көзі.
Түте ғып мамықтарын бұрқыратып,
Бір-бірін жұлып жатыр шырқыратып.
Байқаса біреуі ірі, бірі кіші,
Кішіден үлкенінің мығым күші.
Күштісі өрепкиді көкіректеп,
Әлсіреп әлжуазы текіректеп.
Ескендір қадалды алмай көзін содан,
Ұқсатып Дара менен өзін соған.
Әлгіні көріп ойын саралады,
Өзінің шама-шарқын шамалады.


257
Тағдырдың жаншығандай ауыр жүгі,
Күйзеліп, қобалжыды, абыржыды.
Сонда да төзім қылып, сақтап сабыр,
Бел буды тәуекел деп мақсатқа бір.
Сол сәтте көктен сұңқар шүйілді кеп,
Сорғалап қанатымен үйірді леп.
Ірісін кекіліктің қармақша іліп,
Заңғарға шырқап кетті зар қақтырып.
Жемтік боп кете барды қаншеңгелде,
Әлсізі аман қалды дәл сол жерде.
Ескендір көзбен көріп бұл ғайыпты,
Еңсесін басқан мұңнан мүлде айықты.
Сезінді Жаратқанның дем берерін,
Жауының басы доптай дөңгелерін.
Жабығып, қамыққанда көңіл жүдеп,
Жорыды жақсылыққа көрінді деп.
Қосынға қайтты жаны тапқандай жай,
Тәтті ұйқы құшағында жатқан бей-жай.
Тыныстап қараңғыда тау да ақырын,
Тербетіп таптырғандай жанға тыным.
Дүние рақаттана мүлгиді үнсіз,
Манаурап маужырайды түн қимылсыз.
Еппенен ұйқыдағы жұртқа қарап, 
Әскерін қос нөкермен шықты аралап.
Даңқымен, ерлігімен сан шулатқан,
Сүйсінді сарбазына самсып жатқан.
Қырағы күзетшілер жол қараған,
Өткізбес тышқаныңды жорғалаған.
Бас бағып, қарайғаннан қорқып тұрмай,
Жүйткиді шолғыншылар жортып тынбай.


258
Сан саққа кетсе де ойы тыншы болмай,
Сыр сақтап, шыдап бақты үн шығармай.
Екі Шах ояу отыр екі жақта,
Ертеңгі шайқасты ішке тоқымаққа.
Білмеді Дара санын әскерінің,
Жеңбен деп ойламады әсте бүгін.
Бақ-дәулет оралып тек таққа ғана,
Көрінді қолдайтындай Хақтағала.
Төнерін қара түнек біле алмады,
Сиқырлап сағымды аспан бұлаңдады.
Алмады Ескендірді қаперіне,
Алланың шәк келтіріп қатеріне.
Мылжыңға Ескендірді жорыған бір,
Құдайдай қолбасысын көріп әрбір.
«Дараға, – десті олар, – кім бас имес,
Сый тартар, ақымақ та жынға тимес!»
Бірі айтты: «Әлі-ақ қара жамылады!»
Бірі айтты: «Өзі-ақ келіп жалынады!»
Ескендір болса көзбен таң атырды,
Уайымдап қорғанысты аласұрды.
Тұрмасаң табан тіреп тайсақтамай,
Сезбейсің түсіргенін жайпап қалай.
Ел мұңы сай-сүйегін сырқыратқан,
Шаршаған, неше күнгі ұйқы батқан.
Тәңірден тілеп көптің игі арманын,
Сол үшін шүберекке түйген жанын.
Жасымас жұрты барда асыл ері,
Түнімен қару-жарақ тасыды елі.
Көрінді бітпестей боп түн халыққа,
Қымбат қой шеккен ғұмыр күн жарықта.


259
Ыдырап бірте-бірте қараңғылық,
Жарқырап таң да келді алаң қылып.
Кеңітіп көкіректі дала сондай,
Айнала айқындалды алақандай.
Екі жақ екі өзендей төңкерілді,
Шуылдан тау сілкініп, жер сөгілді.
Басардай тұншықтырып зіл қара күн,
Көкжалдар қалды астында зіл-заланың.
Шығардай күл-талқаны жер бетінің,
Табардай қиналғандар демде тыным.
Оранып көк темірге бар тұрманы,
Жұлдыздай қылышкерлер жарқылдады.
Шегі жоқ сарбаздардың сапқа тұрған,
Түндегі найзағайдай көк сапырған.
Әскерін тізіп Дара дегеніндей,
Жылжыды тажал мұхит кемеріндей.
Сел дерсің қаптай ағып озандатқан,
Аспаннан күн көрінбес тозаң жапқан.
Көкжиек әскер шетін кетті басып,
Шығыстан күнбатысқа жетті ұласып.
Самсаған сап түзелді жеті қабат,
Жаһанның жеті ықылым бетін орап.
Машырық жері жатты бір басында,
Бір басы Самархан мен Чин-Машында.
Қосылды жүз мың өзбек тағы келіп,
Қалмағы жүз елу мың жанына еріп.
Жасқанбай атылатын жанған отқа,
Тұрды ерлер алты жүз мың оң қанатта.
Даңқты чиннің батыр түркілері,
Түрленіп гүлдей жайнап дүркіреді.


260
Кежімі аттарының мың түрге сап,
Түсіндей құлпырады кемпірқосақ.
Желкілдер дулығасы түгелімен,
Қытайдың шашақ таққан жібегінен.
Қалсын ба қатарынан қалмақ ханы,
Жасағын топтастырды жан-жақтағы.
Саусылдап найза-қылыш сораңдайды,
Тамұқтың алауындай жалаңдайды.
Сартылдап сауыт-сайман саңғырлайды,
Кең әлем күңіреніп, даңғырлайды.
Бұлардың ханы залым Тұқтап еді,
Соғуға ұрымталдан мықты-ақ еді.
Анталап монғолдар да лекілдеді,
Көптігі иттің жүні секілді еді.
Қаптаса аспан жерге қабысқандай,
Көсемі Манғу көкжал арыстандай.
Сарбазды сымдай тартып жарлық қатал,
Тізілді Өзбектер мен Маңғыт қатар.
Құрсанып мұздай темір шегеді айбат,
Жарқылдап Черкеш қылыш төбеде ойнап.
Әрірек Мауреннаһр сарбаздары,
Жиылған он қаланың сабаздары.
Жігерлі жолбарыстай, жойқын пілдей 
От шашар жанарынан қорқу білмей.
Жаһанда Самарханға жер тең бе екен,
Ескендір етер бәлкім ертең мекен.
Сіресті сол қанатта Мағрыб елі,
Буртас
70
пен Берберлер
71
де мағлұм еді.
70


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   37   38   39   40   41   42   43   44   ...   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет