ТӨРТІНШІ ТАРАУ
Талып жатқан Қайыстың бұлбұлдай күрсініп өзіне-өзі
келуі, қайтадан естен тануы және әкесі келіп оны
алып кетуі хақында.
Қызарып ұясына күн батқанда,
Дүниені қара мақпал түн жапқанда,
Мамықтай бұлттар көкте мамырлады,
Тыным ап жапырақтар дамылдады.
Аспанда жұлдыз біткен жымың қағып,
Жайнады бақта гүлдер бүрін жарып.
Басына үйіріліп қайғы-нала,
Түнерген түн ішінде Ләйлі ғана.
Таба алмай маңайынан жанашырды,
Сия алмай өз үйіне аласұрды.
Батады үрейленіп ойдан-ойға,
Ес-түссіз Қайыс жатыр әлдеқайда.
Қансырап махаббаттың жарасынан,
Айырылған мүлдем ақыл-санасынан.
Самал жел гүлден сұрап білген болар,
Жеткізді түн жарымда жылдам хабар.
Шын сүйген ғашықтарда маза бар ма?
Қайыстың есі кірді не заманда.
Қоршаған айналасын көрді гүлді,
Жатқанын көк шалғында енді білді.
32
Жаны ашып әнші бұлбұл жас ғұмырға,
Қайғысын махаббаттың қосты жырға.
Септігін тигізер ме гүл тілегі,
Раушан басын шайқап күрсінеді.
Түнеріп нәркес гүлдің қас-қабағы,
Көзінен таңғы шықтай жас тамады.
Айналған үмітіндей азап ойға,
Қаралы күй кешіп тұр қожағай да.
Сілкініп шаң-тозаңнан жапырағы,
Қамығып қалың ағаш аһ ұрады.
Қалампыр тұншығады, тұнжырайды,
Өкініп, бір өксиді, бір жылайды.
Бір сәтке тоқтай қалып аққан бұлақ,
Ұқсайды бейшараға жатқан жылап.
Тартқандай іштен тынып о да күйік,
Бұтағын сауырағаш төмен иіп.
Махаббат ләззатына қанбай қалып,
Табиғат таңырқап тұр таңдай қағып.
Тым-тырыс түнгі дүние сыбырласқан,
Мұңына ғашық жанның мұңын қосқан.
Отына қасіреттің күйгені шын,
Өлімге басын тігіп сүйгені үшін.
Қайтеді табылмаса іздегенде,
Қайғының мұхитына жүзбегенде?
Бейнесі көз алдынан тайды қайда,
Құдай-ау, өзі қайда, Ләйлі қайда?
Ұшарға түн ішінде қанаты жоқ,
Басына төнді нағыз қара түнек.
33
Ләйліні ынтығады бір көрсем деп,
Жүрегі быт-шыт, бейне сынған шөлмек.
Қымбаттап өткен сайын әр сағаты,
Таусылды бойындағы бар тағаты.
Қалғандай күллі дүние бос қаңғырап,
Түскендей қара жерге аспан құлап.
Қайғының сапар шекті қиырына,
Түсіріп ауыр салмақ иығына.
Түсерін от пен суға сезгенімен,
Азаптың ашты есігін өз қолымен.
Белгісіз тартары енді қанша уайым,
Лаулаған өрт шарпыды жан сарайын.
Жабырқап, жалбарынды құдіретке,
Өртеніп, ұшатындай күйі көкке.
Күрсіне аспан астын пана қылмай,
Бүгілді сынған қурай сабағындай!
Жер мен көк дауысына жаңғырады,
Төбелеп басы-көзін зар жылады.
Сабалап тоқтамастан ұра берді,
Бет-аузы көкала боп шыға келді.
Күлкіге қаларын да мүлде ұмытты,
Еңіреп, азаптанып, қайғы жұтты.
Болар ма айырылысу қиын мұндай,
Қиналды бұл дүниені бұйым қылмай.
Түңіліп тіршіліктен махаббатсыз,
Тәңірден медет күтті ол тағатсыз.
Қасірет алды жаулап жан-жүрегін,
Ентігіп әзер-әзер алды демін.
34
Күйініш көкірегін мүлде қысып,
Жүрегі кететіндей күл боп ұшып.
Бүркеніп бейнеті мол қара түнді,
Қасында жаққан оттың таң атырды.
Таң келіп түннен қалған шоқты үрледі,
Шарпыды айналасын оттың лебі.
Сарғайып нұрлы аспанның ажары да,
Тарқады жұлдыздардың базары да.
Бозарып солғанменен көктің нұры,
Жердегі шешек атты бақтың гүлі.
Сепкенде таң сібірлеп тылсымға нұр,
Жай тауып ғашық жаны күрсінді ауыр.
Қызыл гүл оттай лаулап жалындаған,
Кенеттен Ләйлі болып көрінді оған.
Айғай сап, арпалысты алмай тыным,
«Ләйліден гүл қайда, – деп, – аумайтұғын?
Өспесе тікенегі тілгілеген,
Ләйлім ғой раушан гүл үлбіреген.
Сауырағаш тартқан сымдай қайда кеткен?
Ләйліні түсіретін ойға көптен.
Иісінен күлгін түсті нәзік гүлдің,
Мен оның жұпар иісін сезіп тұрмын.
Болғанда нәркес гүлдің қара көзі,
Емес пе мөлдіреген соның өзі?»
Майсаға түскен ізін көріп қалып,
Дірілдеп, есі кетті өліп-талып.
«Сүйіктім түнде мұнда үйден келген,
Табаны айналайын тиген жерден!
35
Тұнық су мөлдіреген, уа, құдірет,
Үңілді-ау Ләйлі саған талай рет!
Төнгенде айдыныңа айнадайын,
Ай жүзі қалған жоқ па сенде дәйім?»
Бұлбұлға: «Зарлама! – деп, – айғайлады,
Махаббат мұңын шертіп қай-қайдағы.
Саябақ рахатын күнде көріп,
Керемет салған ұяң гүлден өріп.
Есігі бау-бақшаның саған ашық,
Гүлдермен сырласасың араласып.
Саласың неге сонша қайғы-мұңға,
Сүйгеннен қасыңдағы айныдың ба?
Бақыттан айналды ма басың әлде,
Қалайша түстің айтшы, осы халге?
Шын болса махаббатты алдағаның,
Татымсыз тамылжытып салған әнің!
Сарнама, мүсәпірсіп, сұңқылдама,
Қайғырған ішің емес сыртың ғана.
Сенікі еріккендік білесің бе,
Еңіреу менің ғана үлесімде!
Бәрі бар бақта саған сайрандаған,
Бұйырсын ондай бақыт қайдан маған?
Жол салып сен жауласаң гүл жүрегін,
Кеудеме қайғы-тікен кірді менің!»
Шыңылдап жан дауысы кеудесінен,
Тынысы қусырылып, танды есінен.
Кетердей демі үзіліп әзір өліп,
Тығылды алқымына жаны келіп.
36
Қайыстың халді көріп басындағы,
Атқосшы шошып кетті қасындағы.
Болмады енді хабар салмасына,
Жөнелді әкесінің ордасына.
Келгенде атқосшының жетіп өзі,
Төрт болды үй-ішінің екі көзі.
Үрейден жүректері суылдады:
«Орнында Қайыс жоқ!» деп шуылдады.
Жан-жаққа іздеушілер шапқылады,
Құр қайтты, бос терлетіп атты бәрі.
Жандары отырғанда жараланып,
Күтпеген біреу келді хабар алып.
Ата-ана сұрақ қойды зәресі ұшып:
«Қаңғыбас қайда жүр, – деп – біздің Жүсіп
5
?»
Мұндайда айтылмайтын сөз қалмайды,
Жолаушы баяндады болған жайды.
Өтірік бір ауыз сөз қосылмады,
Бүкпеді, бар шындықты жасырмады.
Хабаршы жеткізген соң бәрін ашық,
Ата-ана жабырқады жаны жасып.
Баласы кеткен жаққа бұрып бетті,
Нөкерін жинап әке жүріп кетті.
Жүрегін Қайыс жатыр уға малып,
Тағдырдың табанында мылжаланып.
Не деген сорға батқан өмір еді?
Көре сап әке-шеше еңіреді!
Қайғыдан қақ жарылып көкірегі,
Бет-жүзі айғыз-айғыз, отыр еді.
5
Жүсіп пайғамбар
37
Нұсқады жұрттың бәрі оны бірден,
Жоқ еді ақыл-есі әлі кірген.
Қалдырмай қиыр шетті, еш түкпірді,
Кең дала оқиғаны естіп-білді.
Әкетті зембілге сап оны үйіне,
Таңқалма, тосырқама, уа, дүние!
Зембілін махаббаттың көтерген жан,
Жылдамдат, қас қаққанша өтер жалған.
Қозғалды қасірет көші сені көріп,
Ертерек еліңе жет, соңына еріп.
|