46
Денесін
бораған құм көме салып,
Көзінің баттасыпты сорасы ағып.
Көргендер бір-біріне: «Өлген, – деді, –
Өлтіріп әлдебіреу көмген», – деді.
Тұрғанда күдер үзіп тірі жаннан,
Дыбысын естіді олар ыңыранған.
«Тірі екен, тірі екен – деп, – уа, Жаратқан!»
Қайысты салды иыққа жерде жатқан.
Барғандар кері қайтты жаны қалмай,
Жүрегі ата-ананың жарылардай.
Қайысқа қалжыраған кім не десін,
Үйіне келгенде әрең жинады есін.
Айтқанмен жауап болмас сандырағы,
Ұяттан басы төмен салбырады.
Сөзбенен бірі сөгіп,
бірі сойып,
Жабыла жамырады ел сұрақ қойып:
«Мастанба, қызға басың құл болғанға,
Ғашық жан жалғыз сен бе бұл жалғанда?
Қарағым, нәпсіңді тый, есіңді жи,
Еркекше биік ұста басыңды ылғи!»
Өтеді сөз сүйектен, таяқ еттен,
Құр бекер – қымбат ақыл зая кеткен.
Жатқандай сөзбен емес таспен ұрып,
Қамықты жанарынан жас төгіліп.
Айтты олар: «Оңбайды, – деп –
тілді алмаса,
Сәл қайтып райынан тым болмаса.
Кісендеу керек», – десті, – бәрі кейіп,
Үн-түнсіз Қайыс тұрды меңірейіп.
Іштегі өрши түсті лаулап өрті,
Ләйліге жету болып есіл-дерті.
47
Аспанда жайнап тұрған күнді ұмытып,
Жан таппай тықыршыды түнді күтіп.
Кеш батып, ымырт түсіп, көз байланып,
Орнына отырғанда ел жайланып,
Тағы да өз үйінен шықты қашып,
Жұлдыздар жымыңдады нұрын шашып.
Ата-ана түсті
тағы әбігерге,
Ертесін қайта хабар салып елге.
Кім, сірә, туған ұлдан күдер үзген?
Тағы да тауып келді құла түзден.
Ақылға Қайыс көнбей тайталасты,
Жамылып қара түнді қайта қашты.
Сезінді әке-шеше алғаш рет,
Түскенін бастарына зор қасірет.
Есінен адасқанға сөз қона ма,
Жөн айтып, жетелесең қозғала ма?
Шақыртты ат шаптырып жер түбіне,
Бәлігер, дәрігерді, емшіні де.
Жиналып ақыл қосты білгір біткен,
Үміті ақталмады елдің күткен.
Дертіне ем қонбады, азаптады,
Балалар соңына еріп мазақтады.
Жайнаған
жалыны жоқ көзіндегі,
Көргеннің бәрі мұны «Мәжін!» деді.
Құтылмас өле-өлгенше бұл сорынан,
Қалмады «Мәжін!» аты қыр соңынан...
Не шара тағдыр естен тандырған соң,
Тобырдың мазағына қалдырған соң.
Мәңгірді өзгеменен ісі болмай,
Ойына өз атын да түсіре алмай.
48
Туған жер есінде жоқ, қайғылы ана,
Жадында жалғыз есім – Ләйлі ғана.
Бір жақтан дауыс шықса «Ләйлі!» деген,
Мәжін деп біледі жұрт қайғы жеген.
Жүреді
ертелі-кеш еңіреп тек,
Ләйлінің тұрған үйін төңіректеп.
Ауаны жұту үшін Ләйлі жұтқан,
Қаңғырып өлем деген ойды ұмытқан.
Шықпайтын шыр айналып жасқағанша,
Таяқтап, түзге қуып тастағанша.
Адастым, кеземін деп шаңды аймақты,
Мүсірке, уа, Жаратқан, мен бейбақты!
Жалғандық патшалығы жабырқатты,
Жол сілте,
жалғыз қалдым, жаным тәтті!