Халықаралық ТҮркі академиясы әлішер науаи хамса ләйлі – Мәжін



Pdf көрінісі
бет67/77
Дата20.05.2024
өлшемі3 Mb.
#501480
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   77
Әлішер-Науаи.-ХАМСА

Ескендірдің өз сарайына алып кетуі; тұтқынды тағы өз мейіріне бөлеуі, 
жеңіліске ұшырағандармен өз патшалығына қайтып оралып, бас қосып 
мәжіліс өткізуі.
Қозғаса көне сырды өткір қалам
Жарқылдар найзағайдай көк тураған.
Ескендір айбынымен жауын жасқап,
Лап қоймақ құмырсқаға қолын бастап.
Сонда да бас көтеріп күдік іштен,
Әскерін сәл тежеді дүбініскен.
Алаң ғып алда тұрған қырғын егес,
Тағы да даналармен құрды кеңес.
Түгелдей жиналғандар соғыс тілеп,
Ойлары бір арнаға тоғысты кеп.
Диюдай тау қопарған аударып тас,
Шетінен батыр еді жаудан ықпас.


462
Зобалаң төндіруге тағдыр ұста,
Құрсанды қалың жасақ қанды ұрысқа.
Кім білсін тұрғандығын қайда бастап,
Қаптаған құмырсқамен майдан ашпақ.
Көреміз десті қандай күн туса да,
Мейлі олар арыстандай ұмтылса да.
Бола ма қаскүнемнің түбін жоймай,
Қайтсе де қырмақ болды түгін қоймай.
Желкесі залымдардың қиылған күн,
Жеріне жол ашылмақ диюлардың.
Тәңірден құлап түссе ауып тұғыр,
Айқасқа аттанды Шах қауіпті бір.
Күн батып, көкжиектен тапты тірек,
Әлемді құмырсқадай жапты түнек.
Қалың қол тізгін тартып сонда ғана,
Тоқтады түнемекке шөл далаға.
Қатерлі шырт ұйқыда жатқанда аса,
Айнала күзет қойып сақтанбаса.
Қаптаса жер таппайсың жан сауғалар,
Саудырап құба шөлде қаңқаң қалар.
Таң атты тұңғиыққа түн қамалып,
Күн шықты алтын тәждей нұрға малып.
Межелеп алғаннан соң жетер жерді,
Әскерін шабуылға көтерді енді.
Тағы да қоя берді дабыл сарнап,
Түскендей жер мен көкке ауыр салмақ.
Оқыстан зәрені алып сансыратқан,
Естілді сұмдық дауыс қарсы жақтан.
Үндері жер жарады күңіренген,
Секілді қияметтің күні келген.


463
Көрінді диюлардың қарасы да,
Біреулер тұра ұмтылды аласұра.
Шой табан, тобан аяқ, кіл жойыт төс,
Түрлері жан шошырлық піл кейіптес.
Көтеріп қара дауыл жер шаңдатқан,
Көптігі әскерден көп самсап жатқан.
Дүрліккен айғай-шудан жаңғырды аспан,
Сықасты құмырсқалар тапжылмастан.
Бетпе-бет бастамаққа қатты ұрысты,
Сұстанып сарбаздар да сап құрысты.
Ұйтқыған қара күштің, құйын селі.
Алпауыт барлығы да дию-пері.
Бойларын қайрат қысып, желік керген,
Аумайды пілдер менен керіктерден.
Алыптар бет қаратпас ешбіреуді,
Көк көзді, күрең сақал, қошқыл өңді.
Құланның жарғақ киген терісінен,
Аң еті жегендері тегісімен.
Батырлар көздерінен атқан жалын,
Көтеріп атойласты шоқпарларын.
Ұшына ұзын сырық найза байлап,
Майданға кірмек олар найзағайлап.
Көрмеген соқтығыста қатар сөгіп,
Құрсанды қалың әскер қаһар төгіп.
Ұмтылды өңшең батыр андағайлап,
Түнеріп, азуларын жауға қайрап.
Саңқылдап майдан үстін жарған үні,
Сұғынды ұран тастап алға бірі.
Тап берді қайдасың деп қаскөй дұшпан,
Қою шаң будақтайды аспанға ұшқан.


464
Беймәлім болатыны нендей сұмдық,
Сұсты қол сүрең салды селдей сырғып.
Дүние азан-қазан, тапырық бір,
Ажалдың арыстаны ақырып тұр.
Айғайдан жер қозғалып, аспан көшкен,
Туғандай зұлмат күні астан-кестең.
Мызғымас пілдей ерлер тас тұлғалы,
Керіктей тұлпарлары астындағы.
Зіл-зала, қиян-кескі қырғын ойран,
Кім білсін шығарарын кімді қайдан?
Бітіспес екі дүние қырқысардай,
Арыстан айдаһармен жұлқысардай.
Қарамай көктен ажал жауғанына,
Қасарып қарсы шапты жау жағы да.
Екі жақ қан майданға кірді, міне,
Жатқандай тау соғылып бір-біріне.
Аспанды қасіреттің бұлты басты,
Аяспай арпалысып, жұлқыласты.
Бас салып өздеріне тақағанды,
Жыртқыштар аяғымен матап алды.
Шеңгелдеп сығысады, қылқындырып,
Балықтай торға түскен бұлқындырып.
Шырмады ат-матымен бүрістіріп,
Біржола қол-аяғын тырыстырып.
Тұтқындап өз тобына апарды да,
Тіленіп қайта келді қаһар қыла.
Батырлар тағы шапты қаны қайнап,
Шоқпар мен қанжар сілтеп, уа, құдайлап!
Атойлап шықты біреу елден ерек,
Күшіне бітімі сай ер керемет.


465
Қорқытар таудай тұрқы тажалды да,
Арыны жай түсірер ажалдыға.
Ат емес, тақымында шың тұрғандай,
Үстінде дәу айдаһар жұлқынғандай.
Мадақтап, арқасынан қаққан елі,
Есімі бұл батырдың Қахқара еді.
Ақырып мақұлыққа атылғанда,
Қыңбады, кірпік қағып Ахырман да.
Үміт пен күдік тағы қатар шауып,
Бастады сұмдық айқас екі алпауыт.
Сәттерін мүлт жібермей тая басқан,
Жұлқысты бірін-бірі аямастан.
Тап беріп, бетпе-бет кеп шүйілісіп,
Аңдысып, алысады үйірісіп.
Кенеттен жыртқыш бастап бір шатақты,
Иыққа шеңгел салып, жұлқа тартты.
Қиын ғой қолдамаса Хақтағала,
Топ етті қара шаңға Қахқара да!
Шаруасын бітірді де ол бөгелмей,
Қарады енді қайсың бар дегендей.
Ұмтылып тағы біреу қайрат қылды,
Бейшара көз алдыда жайрап тынды.
Мұнан соң шыққан ер де түк қылмады,
Оны да барған бетте тұтқындады.
Көрмеді шыбын құрлы бір батырды,
Әп-сәтте он үш адам шырматылды.
Мақұлық мығым қолды, тісті жебір,
Батырды қағып түсті күшті небір.
Бір пенде бәлекетке тең келмеді,
Жұтынып, жерді тарпып өңмеңдеді.


466
Ақырды жекпе-жекке шақырғандай,
Шайлықты шошыған жұрт жақын бармай.
Қоқаңдап, қорқау құсап тұр жалаңдап,
Ажалдың аузына кім тура бармақ?
Кенеттен көңілдегі үміт кеміп,
Ескендір елегзіді күдіктеніп.
Дағдарды таусылғандай айла-амалы,
Көрінеу апатқа елді айдамады.
Жері жоқ еш дұшпанға кегін берген,
Ұшырар масқараға шегінгенмен.
«Бірінің келеді өзі талайға әлі,
Қалғанын қайтпекпін?» – деп абайлады.
Табылар қиыннан жол ысылғанға,
Шақырды білгірлерін қысылғанда.
Ширықты іштей қатты шын түңіліп,
Тұрғанмен сыр білдірмей сырты күліп.
Сонда да көрмек болды ұрыс қылып,
Жыртқыштар қыса түсті ығыстырып.
Сол кезде саптан біреу алға атылды,
Анықтап танымады ел ол батырды.
Ақ жүзін жасырып тұр чин пердесі,
Әйтеуір жаратқанның бір пендесі.
Бастағы дулығасын күн шалады,
Көк темір өне-бойы құрсанады.
Аты сай азаматқа ер тұлғалы,
Апталған алтынменен ер-тұрманы.
Қолында жібек арқан сусыл қаққан,
Жамылғы желбірейді сыртын жапқан.
Алаңда дабыл қағып, жар салды да,
Шахтың кеп тағзым етті қарсы алдына.


467
Жыртқышқа шапты сосын атын бұрып,
Танытып ер түркідей батыл қылық.
Батырдың кім екені анықталмай,
Қалың жұрт дүрлігісті қағып таңдай:
«Қыршын жас, – десті бәрі, – қиылады-ау,
Дүлейден құтылар ма қиын, анау!»
Жауына ағындатып демде жетті,
Құйындай шырқ үйіріп дөңгелетті.
Тайсалмай жағаласып ерлікпенен,
Сұрапыл ұрыс салды ел күтпеген.
Қимылға керемет бір басып өзге,
Шоқпармен төбеледі басы-көзге.
Біріне-бірі алдырмай көп арбасты,
Аспанды ойран-топыр тозаң басты.
Жыртқыш-жау айналғанда жер құшарға,
Мойнына лып еткізіп салды шалма.
Шайқаста үстем етер айла адамды,
Тас қылып, тырп еткізбей байлап алды.
Сонан соң сүйреп кетті шаң қаптырып,
Күйретіп қабырғасын, қан жаптырып.
Тұлпардың тұяғында мылжаланып,
Тулақтай тоз-тоз болды жұлмаланып.
Сұлатты Шах алдына алып келіп,
Шуласты ғажайыпты халық көріп.
Байланып дию жатыр болып таудай,
Ырсылдап, ыңырсиды зорыққандай.
Серпіліп көк аспаны түн құлаған,
Ашылды Шах қабағы тұнжыраған.
Оңай ма жыртқышпенен сонша алысқан,
Батыр да қалжырапты арпалыстан.


468
Кідірмей алқа топқа қамалаған,
Табанда ғайып болды сол арадан.
Шайқастың көзбен көріп ойран селін,
Ескендір шықты аралап майдан шебін.
Оралды саулық тілеп батырына,
Жамшидтің сарайындай шатырына.
Кеңеске шақырды да баршама елді,
Іздетті жаңағы бір наушан ерді.
Жар салды керней даусы жігерленіп,
Батырлар Шахқа келді түгелденіп.
Ескендір таныды ерді көп ішінен,
Ол-дағы тағзым етті келісімен.
Шуласты қошаметтеп ел жиылып,
Шашудан інжу-маржан қалды үйіліп.
Шах айтты: «Ей, батырым, таңқап тұрмын,
Жыртқышты жалғыз өзің жер қаптырдың!
Сүйсініп ерлігіңе сергіді елің,
Батырым, аш бетіңді, сен кім едің?»
Пердесін алған бетте ол сыпырып,
Шыққандай болды бұлттан күн сытылып.
Жүзінде туған айдай нұр дірілдеп,
Чин қызы Шах алдында тұр күлімдеп.
Бұл қызды Хақан еді тарту еткен,
Дәріптеп аспандата жан түлеткен.
Деп еді: «Күндей сәуле шашып тұрған,
Дидары Зухрадан асып туған.
Кем емес батырыңнан алға салар,
Күн туса қиын-қыстау жауға шабар!»
Ескендір оған онша дес салмаған,
Жүргенде әбігермен еске алмаған.


469
Таң қалып қыздың ғажап ерлігіне,
Бөленді қуанышқа енді, міне.
Осынау сәтті қыз да күткен еді,
Сездірмей сырын ішке бүккен еді.
Шах үшін өлімнен де тайынбастай,
Бекінді көңілін еш уайым баспай.
Сынайтын күш-қуатын білегінің,
Мінеки, келді орайы тілегінің.
Көрсетті қыз басымен ерлікті шын,
Дұшпанның байлап алып ең мықтысын.
Ескендір ай келбетін көріп қыздың,
Толқыды сезіміне беріп тізгін.
Ғұмыры көрмеген Шах жаудан ығып,
Жаудырды аруға алғыс, тәуба қылып.
Қызға айтты: «Күн дидарлы, асыл өңді
Жүзіңді жұрт көзінен жасыр енді!
Төгілтіп ару таңдай ақ шұғыла,
Сыйларсың түн ләззатын тақсырыңа! 
Сұлу қыз кірпік сүзе қадалды да,
Жасырды жүзін қайта қараңғыға.
Дәстүрін Кейқұсырау ойлады да,
Ескендір кірісті үлкен той қамына.
Шалықтап шарап ішіп бой жазатын,
Асықты татқанынша той ләззатын.
Мұндайда төгіп-шашпай кім аянбақ,
Әйтеуір жеңді емес пе құдай оңдап!
Сұрауға жай-жапсарды керекті етіп,
Тұтқынды әкелдірді дедектетіп.
Ұсқынсыз, ала-бажақ үсті кілең,
Хайуанның жан шошырлық түс-түгінен.


470
Шынжырмен шандылыпты шырматылып,
Түк ұқпас тасыр дүлей, бір мақұлық.
Шах мұның мүскін болған көріп халін,
Байқады мұңға батып, торыққанын.
Кіріптар бейшараға жаны ашыды,
Кетіпті өлеусіреп қарашығы.
Бар екен екі пілдей бой тұрқы да,
Байлаудан босаттырып қойды ырқына.
Тойғанша тамақ беріп, сусындатты,
Тартынбай ашкөз тажал қылқылдатты.
Шаралап бергізді оған шарап тағы,
Тамсанып көл суындай сораптады. 
Жойыттың түрін көріп көсіп ішкен
Даяшы ұсынды енді қос ыдыспен.
Қылығы тым өрескел жұтқандағы,
Ол-дағы жұғынына жұқ болмады.
Ескендір құйғызды оған өзі қозғап,
Жайнады мақұлықтың көзі маздап.
Шарапты жұтқан сайын тағы үдетіп,
Бас қойды жомарт Шахқа тәжім етіп.
Сенімді бола бермес арқан біткен,
Дана Шах тұтқындады дархандықпен.
Ақыры бәрін жуып қайғысының,
Жер сүзе құлап түсіп, жайды сырын:
«Шөлдегі жабайымын қаңғып өскен,
Тағылық – тірлігіміз мәңгі кешкен.
Сиықсыз дөрекілік түрімде түр,
Мадақтап, майпаздауға тілім дөкір.
Өзіңдей мейірімдіден немді аяйын,
Қаласаң, құпияны мен жояйын».


471
Шах айтты: «Білгеніңді баяндай бер,
Сеніссе, сыйласудан аянбайды ер!»
Танытып жаңылмайтын бір беттігін,
Мас тұтқын сөйлеп кетті күрмеп тілін.
Ол айтты: «Жақсылығың өтті маған,
Есесін қайтара алсам, бек қуанам!
Тұрмасам айтқанымда – құм қабайын,
Келіссең, өле-өлгенше құл болайын!
Жүрейін жетегіңде әрқашанда,
Әлемнің бар түкпірін шарласаң да.
Біліп қой, ханы едім мен осы ұлыстың,
Куәсі болдым, міне, тосын істің.
Әскерің құмырсқадай қаптамаса,
Бүйтпес ем, байтағымды таптамаса.
Не керек, қол қусырып құр тұрысым,
Шайқасқа өзім шықтым жұртым үшін.
Қайтемін, бос мылжыңдап болған істі,
Басынан саған аян бар мәністі.
Болсам да қандай мықты қамал бұзған,
Тұтқынға түсіп қалдым амалсыздан.
Сен бірақ қандамадың қылышыңды,
Кеңейттің үзілерде тынысымды.
Пәниде қай ісіңе баға жеткен,
Өлшеусіз қайырымың маған еткен!
Босатсаң, өз жұртыма барып келем,
Екі етпен айтқаныңды, ант берем!
Отыр ғой олар, мені мерт болды деп,
Қан жұтып, қара тұтып, дерттен жүдеп.
Қуантып, кетірейін сол күмәнді,
Қайғыдан құтқарайын сорлыларды!»


472
Тұрған соң арттағы елін уайым қылып,
Ескендір мұрсат берді жайын біліп.
Жер сүзе құлдық ұрып, қайта тұрып,
Мас пілдей кете барды шайқатылып.
Тұтқынды көріп оңай құтқарғанды,
Біле алмай не болғанын жұрт дағдарды.
Шыққанмен күңкілдескен күбір ептеп,
Алайда жарлыққа кім қыбыр етпек?
Өзгерген Шах ойына табанда айнып,
Аңырды даналар да таға алмай жіп.
Халайық келтіргенмен қанша күмән,
Ескендір өкінбеді онша бұған.
Тәуекел жақпаса да қолайына,
Сенетін ерекше бақ-талайына.
Әлеумет елеңдеді тынышталмай,
Әлгіден көпке дейін сыбыс болмай.
Бір кезде айғай шықты абыр-дүбір,
Пілдей дәу қайта оралды салып дүбір.
Жетсін деп адалдыққа жұрттың көзі,
Әкепті алғандарын тұтқынға өзі.
Тұрған соң оңай екен бақ көтеріп,
Ерлерді табыстады Шахқа әкеліп.
Қуантып мына ісімен күллі көпті,
Бас қойып, құлыңмын деп құлдық етті.
Шаттықтан Шах төбесі көкке жетті,
Жарылқап тағдыр тағы өктем етті.
Мүсіркеп одан сайын ол байғұсты,
Көл-көсір сыйлық тартып, қолдай түсті.
Тұтқыннан құтылғандар жарқылдасып,
Жүздесті жұртыменен мауқын басып.


473
Солардың ішінен Шах таныды енді,
Баяғы қолды болған Барық ерді. 
Құшағын бір-біріне алып ұшып,
Табысты Шах пен батыр сағынысып.
Армансыз шер тарқатып, дидарласты,
Асқақтап әсем әуен, күй жалғасты.
Ішілді түні бойы шарап қанша,
Дүйім ел думандасты таң атқанша!
* * *
Шарапшы, толтыра құй, шабыттандыр,
Көтерші көңілімді жабыққан бір.
Зар заман, запы қылды ойран-талас,
Маза жоқ мәңгі ұйқыға қойғанша бас.
Уа, жыршы, кездесетін сәтті жырла,
Қағумен жаным менің батты мұңға.
Зарықтым, құлазыдым қиыр жайлап,
Маған да қауышатын бұйырғай бақ!
Ей, Науаи, үмітіңді үзіп алма,
Өмірдің көрсететін қызығы алда.
Заматта бақыт оты шалқып жанар,
Сағынып табысудан артық не бар?


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   63   64   65   66   67   68   69   70   ...   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет