Халықаралық ТҮркі академиясы әлішер науаи хамса ләйлі – Мәжін



Pdf көрінісі
бет70/77
Дата20.05.2024
өлшемі3 Mb.
#501480
1   ...   66   67   68   69   70   71   72   73   ...   77
Әлішер-Науаи.-ХАМСА

Ескендірдің көкті жайлаған күндей бүкіл әлемді өзіне бағындырған 
соң, жаңа-жаңа теңіздерді ашу үшін арман кемесіне мініп, құштарлық 
желкенін көтергені және данышпандардың ақыл-кеңесіне ден қойып, 
Үрім теңізінің жағалауына әлем патшаларының кеме жасаушы шебер-
ұсталарын жинап алып, кеме жасауға әмір еткені. Содан әр қайсысы 
жарты ай секілді үш мың кеме жасалып біткеннен кейін кемелердің 
жай оғындай зулап су бетіне шығуы және Ескендірдің осы кемелермен 
зымратып жүріп, мұхит жауынгерлік жырын оқығаны. 
Інжудей тұңғиықтан алған сүзіп,
Сөйлейін сөзден мен де маржан тізіп.


491
Ескендір жаулап түгел кең ғаламды,
Жарты әлем байлығымен елге оралды.
Бел шешіп, байтағында тыныстап ол,
Ел-жұртын кенелдірді ырысқа мол.
Бақыттың шешек атып нұр гүліндей,
Даңқтың тұғырында күлді күндей.
Дүниені шайқап аспан астындағы,
Шаттықтан бүкіл Үрім тасқындады.
Таңданды жаһандағы жалпы халық,
Тоғыз қат көктен асты даңқы жарып.
Осылай өз көңілін аулап бір уақ,
Елінде мауқын басты аунап-қунап.
Қиялмен өткенінің шолып бәрін,
Еске алды жаһан кезген жорықтарын.
Толғанып өзіне-өзі деді ішінен:
«Әлемді бағындырдым тегісімен.
Құшағын ашты дүние кең көлбеген,
Жалғанда керемет жоқ мен көрмеген.
Шарладым өзен-суды, аңғарды да,
Қызықтап не ғажайып аңдарды да.
Жұлдыздар жымың қағып ең әдемі,
Ақтарды құпиясын көк әлемі.
Адамда жүрген сайын арман үдер,
Жаһанда мен баспаған қалмады жер.
Батсам да рахатына жер мен көктің,
Теңіздің сыр-сипатын мен көрмеппін.
Аралап, шеше білген адамдарға
Жұмбақ көп жағалау мен аралдарда.
Шексіз су қарасаң да қай жағыңа,
Мұхиттың қиял жетпес аймағына.


492
Орасан әлемдегі су көлемі,
Білгенге құрлық оннан бір бөлегі.
Қақ жарып теңіз төрін жан баспаған,
Шықпасам арманымнан болмас маған.
Ғанибет – сапар шегу қиырларға,
Әркімнің мандайына бұйырған ба?
Адақтап дүниені келгеніммен,
Көп екен көрмегенім көргенімнен.
Құлашы жетсін кімнің кең ғаламға,
Жаһанды сүзіп шыққан пенде бар ма?
Жұлдызға аспандағы қол жете алмас,
Алайда ынтығудан ел де танбас.
Бос әуре кернегенмен бойды желік,
Білмесек ақиқатын ой жіберіп.
Әр іске керек барлау-шолғыншылық,
Түк шықпас отырғанмен қол қусырып.
Етсем де өз еркімде ғаламды тұл,
Бағынды жердің үсті маған бүкіл.
Тападым қарсы келген бақталасты,
Даңқыма басын иді аспан асты.
Әлемді танып-білмей кең аңғарып,
Қалайша бостан-босқа болам қарық?
Кезбеден айырмам не менің онда,
Басар ма бағым артып, жолым оңға?
Қалдырмай ешбір түкпір жер шарында,
Аралап, сүзіп шығам дер шағымда.
Жортқанда жолым болса бағым жанып,
Оятам қияндарды дабыл қағып.
Құрлықта Қызыр демеп, қолдап еді,
Теңізде Ілияс жебер, қорғап енді».


493
Сапарға Шах бекінді әлдеқандай,
Ішінен ел де тынды ләм дей алмай.
Тәңірден көріп алып ендігі істі,
Асығыс жол қамына ол кірісті.
Кім білсін не боларын алдағы күн,
Алмасып үміт, күдік арбады мың.
Аңдамай ағат кетсе жол таба алмас,
Көппенен кеңескен іс келте болмас.
Адамды адастырмас ақыл-шырақ,
Кеңесті даналарын шақыртып ап.
Болғанда өзі – тамшы, жұрт – телегей,
Ақтарды ішкі сырын бүкпелемей.
Көп жайды көңіліне салған сызат,
Байыппен баяндады армансыз-ақ.
Алқа топ ұқты Шахтың жүк артқанын,
Теңізге саяхатқа құмартқанын.
Ұнатпай әміршінің желпінгенін.
Ала алмай отырысты еркін демін.
Ұсынды тағдыр салған іске мойын,
Айта алмай ешкім ашық іштегі ойын.
Булығып іште бұқты күйікті шер,
Қип етсе Шах қаһары қиып түсер.
Еріксіз бата берді ақсақалдар:
«Ойыңа тәңірі салған мақсат оңдар.
Жебеушің жарылқасын жолыңды ашып,
Сайранда көк теңіздің төрін басып!»
Қашанда жасады Шах өз дегенін,
Екі етпей орындатып көздегенін.
Алайда шаруа бітпес егеспенен,
Опық жер көпшілікпен кеңеспеген.


494
Әмірші көп сөзіне бермесе ырық,
Болмай ма әумәсірлік, пендешілік. 
Сапарға шыққаныңмен арманы мол,
Емес пе беймағұлым алдағы жол.
Кеңеске құлақ қойған қалмас қапы,
Іске асар көкейдегі бар мақсаты.
Ұшырар өзеуреген әуреге,
Ожардың келмек, сірә, әлі неге?
Жалғыздың басы қаңғып қайда қалмас,
Тәңірге жалынғанмен пайда болмас.
Дана Шах не көрсе де көппен көрер,
Жалғанда ондай жанға жоқ тең келер.
Кірісер әрбір іске батыл басып,
Жаңылса қайта бастар ақылдасып.
Осылай Ескендірдің сөзі бекіп,
Жайланды ел жақсылыққа көзі жетіп.
Қолға алды жасатуды кемелерді,
Жинатып шеберлерді қолы өнерлі.
Керегін дайындатып келелі істің,
Құрауға жарлық етті кемені үш мың.
Жасатты мыңын өзі басында боп,
Ақылшы серіктері қасында боп.
Бұйырды ғалымдар мен уәзірлерге,
Тағы да мың кемені әзірлеуге.
Сегіз жүз жаршы кетті ең қашыққа,
Екі жүз кісі жүрді жөн-жосыққа.
Кемелер болсын деді кереметтей,
Жүзетін дауылдарда елең етпей,
Кеменің үсті болмақ қала-сынды,
Қарасаң қай жағынан жарасымды.


495
Секілді көк мұхиттың бір аралы,
Үйлері бой көтермек мұнаралы.
Жасалмақ үш жүз кеме және тынбай,
Әрбірі мың әскерге болатын жай.
Ішінде қару-жарақ, жабдығы да,
Жетерлік сегіз жылға барлығына.
Ұқсайтын үсті бейне кең жазыққа,
Арналмақ екі жүзі енді азыққа.
Жүз кеме тағы шықпақ асқақ тартып,
Ғылымға керек-жарақ аспапты артып.
Екі жүз кемеде ат пен түйе болмақ,
Жем-шөбін, ішер суын тиеп алмақ.
Шетінен кемелерді жарқыратпақ,
Безентіп – күміс күптеп, алтын аптап.
Кілемдей өрнектетіп гүлдеп төрін,
Зерлетпек зейнетпенен діңгектерін.
Екі айтпай Шах жарлығы орындалмақ,
Жұмылды ел қаурыт іске жанын жалдап.
Шебердің сап түзеді баршасы да,
Темірші, балғашы да, балташы да.
Тындырмай қоймас қауым қолға алғанын,
Кесілді жағадағы орман қалың.
Бейне бір басталғандай майдан қатты,
Жағалау бұрқ-сарқ етіп қайнап жатты.
Жарысып қимылдары қанша топтың,
Үнінен жер жаңғырды балта, шоттың.
Күндіз-түн жанталасты сәл бос тұрмай,
Ұсталар,ағашшылар он бес мыңдай.
Соншалық жүрді тағы шәкірттер де,
Аянбай арпалысып, батып терге.


496
Бағдарлап бас-аяғын сабылыстың,
Қосымша кісі жүрді тағы да үш мың.
Осылай үш жыл бойы қарқындады,
Тарсылдап, тыным таппай жарқылдады.
Теңіздің толып кенет үсті шуға,
Ақыры үш мың кеме түсті суға.
Жайғасып өз орнына әрбір адам,
Кемелер сап түзеді сән құраған.
Бәрі де керек заттың толтырылды,
«Ал енді жүр дегендей» толқын ұрды.
Теңіздей Шах көңілі шалықтады,
Аспандап ақша бұлттай қалықтады.
Елжіреп ет жүрегі балқып ерен,
Қоштасты, артта қалар халқыменен.
Жаудырып қарап тұрған топқа барды,
Қия алмай сұлуларды көп қадалды.
Баса алмай лапылдаған жан алауын,
Үрімнің атпен шолды жағалауын.
Шыққан соң кезіп байтақ жасыл қырды,
Теңізге жорғасының басын бұрды.
Жағаға сол бетінде келді жетіп,
Желкенін кеме тұрды желбіретіп.
Жұлдыздан көріпкелдер жол барлады,
Алдағы күн райын бағдарлады.
Оянып бір қимастық жүегінде,
Еліне Шах тіл қатты жүрерінде:
«Аман бол, қимас жұртым қадірлеген,
Жерім жоқ ешқашанда жәбірлеген.
Бәріңді тастап барам мен мұңайтып,
Күн жақсы көріскенше енді қайтып.


497
Кім білсін не тұрғанын күтіп алдан,
Сапардан тағдыр салған құтыла алман.
Мен барда сендерге көз кім алайтқан,
Сөзімді еске ұстаңдар мынау айтқан:
Қашырып алмаңыздар берекені,
Әркімді ала ауыздық қор етеді.
Білік пен бірлік туын бір жықпастан,
Тәртіпті сақтаңыздар бұлжытпастан.
Жау даяр өз өзінен жерігенге,
Қатер жоқ босағасы берік елге.
Ауыр жол, алмағайып жорықта бұл,
Жебесін тілектерің болып қабыл!»
Бұл сөзге көңілі босап ел жыласты,
Күңіренген дауыстары кеңге ұласты.
Жұрт сеңдей соғылысты жер қайысып,
Берісті баталарын қол жайысып:
«Құрлықта жүрсең-дағы не теңізде,
Мұратқа сенсіз біздер жетеміз бе?
Күніміз сен болмасаң қараң қалар,
Жанымыз қасіретке арандалар.
Жаһанның жайып салып бар қызығын,
Жаратқан жарылқасын жалғыз ұлын.
Адалмыз жарлығыңа жан шыққанша,
Жатса да таудай қайғы жаншып қанша.
Атыңа осы сапар бір сын болмақ,
Қиырда көп тілегі жүрсін қолдап!»
Бастаушы сөз біткенде алға шықты,
Жүруге белгі беріп, жолға асықты.
Жайнатты жұлдыз самсап көк пен жерді,
Сәулетті кеме үстінде Шах тербелді.


498
Аспанның айдынына толып арай,
Туыпты құптағандай оңынан ай.
Әуеден байқалмай-ақ бұлт реңі, 
Толассыз жас жаңбыры сіркіреді.
Қозғалды кеме төсін толқынға асып,
Қалың жұрт қала берді солқылдасып.
Кісіге лықа толған үш мың кеме,
Қаптады көк теңіздің үстін кере.
Жамырай кернейлетіп, толқын тербеп,
Сап түзеп жүзін берді еркін сермеп.
Ұрғанда кемелердің өр екпіні,
Шайқалып теңіз беті өрепкіді.
Жүргендей алып суда жүзіп шаһар,
Қойғандай ретімен тізіп қатар.
Желкендер жел көтерген шықты ойнақтап,
Бүркеген аспан жүзін бұлттай қаптап.
Көп кеме шексіз-шетсіз айдынды алды,
Теңізді баса-көктеп айбынданды.
Көзге жат қай жағына қараса да,
Жол шекті тылсым дүние – тамашаға.
Құшағын ашты мұхит жан жүдетпей,
Бір келген мейманына тарлық етпей.
Сермемес дауыл, сірә, текке құлаш,
Шаттықтан бұлттар жетті төккелі жас.
Мейманға жомарттықпен ашып жанын,
Ақтармақ інжу-маржан шашуларын.
Аялап ұлы Шахтың жанын текті,
Аямай ағыл-тегіл барын төкті.
Дүниенің әз қонаққа нарқы жетпес,
Жаныңды қисаң да оған артық етпес.


499
* * *
Уа, сахи, шарабынды көл-көсір ет,
Жуылсын жүректегі мол қасірет.
Жалғайын үмітімді үзген кейбір,
Шалқиын көк мұхитта жүзгендей бір.
Кел, жыршы, мұң-шерімді қозға менің,
Қайғының қажауынан тозған едім.
Нөсердей күрсіндірген аспан жанын,
Төгейін сорғалатып жас маржанын.
Ей, Науаи, шамаң қайсы мұңға күймей,
Заманың су үстінде тұрған үйдей.
Ұстатпас көлкіп көшкен мұнар-сағым,
Қайтесің әуреленіп, сынар сағың.
ҒИБРАТ


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   66   67   68   69   70   71   72   73   ...   77




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет