2. Педагогикалық технологиялар
2.1 Педагогикалық технологиялар дегеніміз не?
Бүгінгі таңда педагогика ғылымының лексиконында педагогикалық (оқыту) технология ұғымы терең тамыр жайды. Дегенмен де, осы ұғымды түсіну мен пайдалануда әр түрлілік басым.
Технология сөзі – techne- өнер, шығармашылық, logos- ілім деген мағынаны білдіретін грек сөзі.
«Технология – өндірістік процесті жүргізудің әдістері мен тәсілдері жайлы білім жиынтығы» деп, шетел сөздерінің қысқаша сөздігінде анықтама көрсетілген.
Педагогикалық технология ұғымына соңғы уақытта көптеген анықтамалар берілген. Белгілі ғалымдардың осы терминге берген анықтамаларын келтірейік:
Технология – дидактикалық жүйенің процессуалды бөлігі (М.Чошанов).
Педагогикалық технология – практикада іске асырылатын белгілі бір педагогикалық жүйенің жобасы (В.П.Беспалько).
Педагогикалық технология – педагогикалық мақсатқа жету үшін пайдаланатын барлық дара, инструменталдық және методологиялық құралдардың қолдану реті мен жиынтығының жүйесін білдіреді (М.В.Кларин).
Технология – оқушы мен ұстазға бірдей қолайлы жағдай тудырушы оқу процесін ұйымдастыру және жүргізу, бірлескен педагогикалық әрекетті жобалаудың жан-жақты ойластырылған үлгісі (В.М.Монахов).
Педагогикалық технология – оқытудың арнайы формаларын, әдістері мен тәсілдерін айқындайтын психологиялық-педагогикалық нұсқаулардың жиынтығы; ол педагогикалық процесті ұйымдастырудың әдістемелік аспабы (Б.Т.Лихачев).
Педагогикалық технология бүкіл оқу процесін жасаудың, қолданудың және анықтаудың жүйелі әдісі, білімді адами және техникалық ресурстарды ескере отырып игеру және білім берудің ең тиімді әдістеріне жету мақсатындағы олардың өзара ынтымақтастығы (ЮНЕСКО).
Сонымен, педагогикалық технология−оқу процесімен, яғни мұғалім мен оқушының іс-әрекетімен, оның құрылысымен, құралдарымен, әдістері және түрлерімен түбегейлі байланысқан.
Педагогикалық технология жайлы анықтамаларды алуан тұрғыда талдау нәтижесі олардың көпшілігінің жалпы қорытынды түрінде берілгенін көрсетеді. Қазіргі педагогикалық әдебиеттерде «педагогикалық технология» ұғымын қолдану барысында түрліше түсіндірілетін оқыту теориясы, оқыту әдістері, оқыту технологиясы, оқыту әдістемесі сияқты ұғымдар балама ретінде қарастырылады. Сондықтан осы ұғымдарға тоқтала кетейік.
Оқыту теориясы – педагогикалық оқыту процесінің заңдылықтары мен заңдарын зерттейтін, оқытуды ұйымдастырудың формалары мен әдістерін, қағидаларын сипаттайтын, оқытудың мазмұны мен міндеттерін ашып көрсететін құрамды бөлігі. Оқыту теориясы әдетте дидактика деп аталады.
Оқыту әдістері – оқытушы мен оқушылардың жұмыс істеу әдісі, оның арқасында білім,білік, дағды қалыптасып, оқушылардың дүниетанымдылығы мен қабілеттілігі артады (М.А.Данилов, Б.П.Есипов).
Оқыту технологиясы – оқыту процесінің алдын-ала жоспарланған, оқытудың диагностикалы қойылған мақсатына практикада жүйелілік және бірізділікпен жету құралдары.
Оқыту әдістемесі – пәнді оқытудың ғылыми дәлелденген әдістері, ережелері, тәсілдер жүйесі және оқыту теориясын қолдану.
Ал педагогикалық технологияда педагогикалық процеске қатысушылардың барлық көрінісінде белсенді іс-әрекетін көздейтін, алдын-ала белгіленген қасиеттері бар өнімді алуға мүмкіндік жасайтын процестер мен әдістердің бірізділігі және жиынтығы ретінде қарастырылады.
Осы мәселеге В.Зайцевтің берген пікірін келтірейік: «Педагогикалық технология әдістеме емес. Бұл−кеңірек ұғым. Педагогикалық технология төрт құраушыдан: нәтиже беретін белгіні бағалаудан, диагностикадан, әдістемеден және оқытуды қарқындатудан тұрады».
Олай болса, технология әдістемеге қарағанда кеңірек. Әдістеме білім беру технологиясын пайдалану элементтеріне негізделген. Педагогикалық технология – оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру тәсілдерінің жиынтығы немесе мұғалімнің нақты іс-ірекетіне байланысты және алдына қойған мақсаттарға жетуіне бағытталған белгілі ретпен орындалатын іс-шаралар.
Педагогикалық технология бірқатар белгілермен сипатталады: В.П.Беспальконың пікірінше оларға жататындар:
−нақты, бірізділікті педагогикалық, дидактикалық тұрғыдан оқу мақсатын анықтау;
−меңгеруге қажет ақпараттарды құрылымдау, реттеу, нығыздау;
−дидактикалық, техникалық, оның ішінде компьютерлік оқыту және бақылау құралдарын комплексті түрде қолдану;
−оқытудың диагностикалық функциясын нығайту;
−оқыту деңгейінің сапалы болуына кепілдік беру.
Демек, педагогикалық технологияның өзіндік ерекшелігі бар, яғни қойылған мақсатқа жету мүмкіндіктеріне кепілдік беретін оқыту процесін құрастыру және оны жүзеге асыру.
Достарыңызбен бөлісу: |