Денсаулық сақтау министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) стратегиялық жоспарының шеңберінде 33 бюджеттік бағдарламаны іске асыруға 379,7 млрд.теңге бөлініп, оның 3,1 млрд.теңгесі игерілмеген.
Министрлік «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін қамтамасыз етуге және кеңейтуге берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер» бюджеттік бағдарламасы бойынша қаражатты толығымен игергенімен, жергілікті атқарушы органдар 364,4 млн.теңгені игермеген. Нәтижесінде вирусты гепатиттің бар-жоғы мәніне скринингтік тексеріп қарауға жататын 324,6 мың баланың 80,3 мыңы тексерумен қамтылмаған. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарына 2521 әлеуметтік қызметкерді алу жоспарланғанымен, 291 қызметкер алынбаған.
«Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне денсаулық сақтау объектілерін салуға және қайта жаңартуға, Алматы облысының облыстық бюджетіне және Алматы қаласының бюджетіне денсаулық сақтау объектілерінің сейсмотұрақтылығын күшейтуге берілетін нысаналы даму трансферттері» бюджеттік бағдарламасына әкімшілік ету жеткілікті дәрежеде болмағандықтан, жергілікті атқарушы органдар 1,9 млрд.теңгені игермеген. Соның ішінде 1076,4 млн.теңге – Қызылорда қаласындағы 200 төсектік қалалық перинаталдық орталықты, 431,2 млн.теңге – Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы 100 төсектік перзентхананы, 117,4 млн.теңге – Маңғыстау облысының Ақтау қаласындағы 150 төсектік бала мен ананы қорғаудың өңірлік орталығын, 130,0 млн.теңге – Жамбыл облысындағы ауысымында 250 адам қабылдайтын аудандық емхананы салған кезде игерілмеген.
«Денсаулық сақтау объектілерін салу және реконструкциялау» бюджеттік бағдарламасын іске асыру кезінде 238,6 млн.теңге игерілмеген және 127,8 млн.теңге дебиторлық берешектерге жол берілген.
Бақылау барысында анықталғандай, құны 6,4 млрд.теңге болатын «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» РМК» объектісі пайдалануға берілмегендіктен, 1,8 млрд.теңгеге сатып алынған медициналық жабдық пайдаланылмауда [2.22., 239-бет].
Медициналық, технологиялық жабдық пен мүлікті 4 есеге жоғары бағаға сатып алу, жеткізу және монтаждау бойынша орындалмаған жұмыстардың актілеріне қол қою фактілері анықталды.
2011 жылы Мәдениет министрлігінің стратегиялық жоспарының шеңберінде 22 бюджеттік бағдарламаны іске асыру барысында 71,2 млрд.теңгеге 65 көрсеткішті орындау көзделген болатын. Оның 12 көрсеткіші немесе 18,5 %-ы орындалмаған, 858,1 млн.теңге игерілмеген.
Игерілмеген қаражаттың 0,5 млрд.теңге мөлшеріндегі басым бөлігі (60,8%) «Мәдениет саласындағы мемлекеттік ұйымдардың күрделі шығыстары» бюджеттік бағдарламасының үлесінде. Аталмыш бағдарлама бойынша жоспарланған 7 көрсеткіштің 6-сына қол жеткізілмеген. Сөйтіп, мұражай экспонаттарын, бағдарламалық қамтамасыз ету өнімін, 870 кітапты және 174 бірлік жабдықты сатып алу қамтамасыз етілмеген. Сонымен бірге, жоспарланған 56 пәтердің орнына 36 пәтер сатып алынған [2.11., 209-бет].
Ауыл шаруашылығы министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) стратегиялық жоспарының шеңберінде 76 бюджеттік бағдарламаны іске асыру үшін жоспарланған 560 көрсеткіштің 427-сі немесе 76,3%-ы орындалған, бұл ретте бөлінген 344,0 млрд.теңгенің 1,5 млрд.теңгесі игерілмеген.
Астана қаласында С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің техникалық факультетінің оқу корпусын салу жөніндегі құрылыс жұмыстарын орындау кешіктірілгендіктен, «Ауыл шаруашылығы саласындағы білім беру объектілерін салу және реконструкциялау» бюджеттік бағдарламасы бойынша бөлінген қаражаттың 88,4%-ы игерілген.
«Ветеринариялық зертханаларды, биосақтау орны мен ведомстволық бағыныстағы мекеменің ғимаратын салу, реконструкциялау және жарақтандыру» бюджеттік бағдарламасының шеңберінде вивариялары және бір биосақтау орны бар ветеринариялық зертхананың 37 объектісінің құрылысы аяқталмаған. Бұған қоса, 6 зертхана пайдалануға берілмеген. Бұл ретте 231,1 млн.теңге (7,3%) игерілмей, кредиторлық (120,4 млн.теңге) және дебиторлық (56,4 млн.теңге) берешек пайда болған.
Министрлік «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне сумен жабдықтау жүйесін дамытуға берілетін нысаналы даму трансферттері» бюджеттік бағдарламасы бойынша 29,6 млрд.теңгені толық игергенімен, жергілікті атқарушы органдар 191,8 млн.теңгесін игермеген және ауылдық елді мекендерде ауыз сумен қамтамасыз етудің 29 объектісі пайдалануға берілмеген.
«Сумен жабдықтау жүйесін, гидротехникалық құрылыстарды салу және реконструкциялау» бюджеттік бағдарламасына әкімшілік ету тиісті дәрежеде жүргізілмегендіктен, ауыз сумен жабдықтаудың 13 объектісінің 3-і пайдалануға берілмеген. Нәтижесінде, Маңғыстау облысында «Бесқұдық-Бекі» топтық су құбыры, Солтүстік Қазақстан облысында Булаев топтық су құбыры реконструкцияланбаған, Атырау облысында Қоянды топтық су құбырының 3-кезегі салынбаған.
Есеп комитетінің бақылау-талдамалық іс-шаралары барысында Нысаналы трансферттер жөніндегі нәтижелер туралы келісімдерде көзделмеген мақсаттарға (су бөлу, тұрмыстық кәріз жүйелерін реконструкциялау және жүргізу) қаражат жұмсау фактілері анықталды. Жобалардың қымбаттауына жол беріліп, сорғы станцияларына және кешенді тазарту құрылысының объектілеріне орнатылған жабдықтар жұмыс істемеуде. Жобалық құжаттамаларды әзірлеу бойынша орындалмаған жұмыстарды қабылдап, оларға төлем жүргізілгені, жобалардың мемлекеттік сараптаманың қорытындысынсыз қаржыландырылғаны анықталды [2.24., 243-бет].
Жергілікті атқарушы органдер жер учаскелерін кеш алғандықтан, «Шортанды-Щучинск» учаскесінде «Астана-Щучинск» автомобиль жолының бойында орман екпе ағаштарын отырғызуға Ақмола облысының бюджетіне берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде «Жер дайындау» көрсеткіші бойынша 380,7 га алаңдағы жұмыс көлемі орындалмаған, бұл 42,7 млн.теңгенің (8,7%) игерілмеуіне алып келген.
«Агроөнеркәсіптік кешенді дамытуды ынталандыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру үшін «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ жарғылық капиталын ұлғайту» бюджеттік бағдарламасы бойынша бөлінген 50,9 млрд.теңге толығымен игерілгенімен, 42 көрсеткіштің 25-інің нәтижесіне қол жеткізілмеген. Сөйтіп, 667 тонна ет пен ет өнімдерін, 300 тонна жүн және 38 тонна тері шикізатын сатып алу қамтамасыз етілмеген, микрокредиттердің 50%-ы берілмеген [2. 37., 269-бет].
«ҚазАгроИнновация» АҚ-ның агроөнеркәсіптік кешенін ғылыми-техникалық дамытуға бағытталған бюджеттік бағдарламаның 15 көрсеткіші бойынша нәтижелерге қол жеткізілмеген, бұл көкөніс шаруашылығындағы агроменеджмент бойынша сервистік компанияны және картоптың шағын түйнегін өндіру зауытын іске қосудың кешіктірілуіне алып келген. Тұқым шаруашылығын дамыту үшін 43 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығын сатып алу қамтамасыз етілмеген, «Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның және «Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-ның ғылыми-техникалық инфрақұрылымы қайта жаңғыртылмаған, ауыл шаруашылығы машиналарын жасаудың тәжірибелік-эксперименталдық орталығын құруға ЖСҚ әзірленбеген.
«Фитосанитария» РМК-нің материалдық-техникалық базасы 52 бірлік арнайы техникамен, 8 бірлік жабдықпен және бір базамен жаңартылмаған және жасақталмаған.
Құрылыс және мелиоративтік техникалардың, сондай-ақ технологиялық жабдықтардың бағасы қымбаттағандықтан, Министрліктің Су ресурстары комитетінің су шаруашылығын пайдаланатын республикалық мемлекеттік кәсіпорындары 35 бірлік техникамен толық жасақталмаған, бұл жоспарланғанның 29%-ын құрайды.
Жергілікті атқарушы органдар «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдауға берілетін ағымдағы нысаналы трансферттер» бюджеттік бағдарламасы бойынша бөлінген 450 млн.теңгені игермеген. Нәтижесінде тауар өндірушілер 1200 бас (11%) асыл тұқымды ірі қара малды, 24,6 мың доза (12%) аталық бұқа ұрығын, 71 мың дана асыл тұқымды құстың жұмыртқасын сатпаған, сондай-ақ 1173 бас шетелдік селекциялы асыл тұқымды ірі қара мал төлін сатып алуды қамтамасыз етпеген.
Министрлік «Дипломмен ауылға» жобасын жеткілікті дәрежеде тиімді іске асырмаған. Жергілікті атқарушы органдар «Мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдарға бюджеттік кредиттер» бюджеттік бағдарламасы бойынша 677 млн.теңге және «Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыруға нысаналы ағымдағы трансферттер» бюджеттік бағдарламасы бойынша 71 млн.теңге қаражаттың игерілмеуіне жол берген. Нәтижесінде, жоспарланған 4,6 мың маманның тек 2,1 мыңы немес 46%-ы жұмысқа тартылған.
Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) стратегиялық жоспарында 12 бюджеттік бағдарламаны іске асыруға 90 көрсеткіш бойынша 21,9 млрд.теңгені игеру көзделген. Бұл ретте 80 көрсеткіш іске асырылып (88,9%), 436,2 млн.теңге игерілмеген.
Министрліктің конкурстық комиссиясы «Щучинск-Бурабай курорты аймағының су айдынын (Щучье, Бурабай, Қарасу көлдерін) тазалау» жобасын іске асыру үшін әлеуетті өнім берушілердің берген өтінімдерін қабыл алмай және сотта қаралғаннан кейін, «Қоршаған орта объектілерін салу және реконструкциялау» бюджеттік бағдарламасының барлық көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген. Бюджетті нақтылау кезінде бюджеттік бағдарлама қаражатының көлемі 8,8 есеге төмендеп, 317,6 млн.теңгені құраған. Аталмыш қаржы игерілмей қалған.
Бақылау барысында Ақтөбе облысындағы бірқатар жобалар «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңмен көзделген авторлық қадағалаусыз іске асырылып жатқаны анықталды. Мәселен, «Ақтөбе қаласының Елек өзеніндегі кәріздік тазарту ғимараттарын реконструкциялау» объектісі бойынша авторлық қадағалауға 2,5 млн.теңге бөлінгенімен, ол 2011 жылдың ақпан айынан бастап жүргізілмеуде.
Табиғат қорғау объектілерін салу кезінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарына негізсіз төлем жасау фактілері анықталды. Атап айтқанда, Атырау қаласының сол жағалауында кәріздік тазалау ғимараттарының кешенін салу кезінде Атырау облысының құрылыс басқармасы шартты бұза отырып, жұмыстар орындалмастан, сатып алған су жүргізетін құбырлар үшін «СнабОйлСтрой» ЖШС-ға 702,6 млн.теңге аударған.
Қазақстан Республикасының 2004-2015 жылдарға арналған Экологиялық қауіпсіздігі тұжырымдамасында көзделген тарихи ластануларды жою міндеті төмен деңгейде шешілуде.
«Тарихи ластануларды жою» бюджеттік бағдарламасы бойынша Ақтөбе облысындағы Елек өзеніне қабысатын аймақтағы №3 тәжірибелік-өнеркәсіптік жер асты суларын алты валентті хроммен ластанудан тазарту жөніндегі объектінің ЖСҚ-сына мемлекеттік сараптама жасау ұзақ уақыт жүргізілгендіктен, 2011 жылдың соңында бюджетті нақтылау кезінде 880,3 млн.теңге бюджетке қайтарылған. Қалған 5,6 млн.теңге ЖСҚ жасауға жұмсалғандықтан, бастапқыда қарастырылған «Іске асырылып жатқан жобалар бойынша «тарихи» ластанулардан аумақтарды тазалау деңгейі» 13,8% деген көрсеткіш аталмыш бағдарлама бойынша «0%» деген көрсеткішке өзгертілген. Сөйтіп, халықтың өміріне қауіпті жағдайларды жою міндеті орындалмаған.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) стратегиялық жоспарының негізгі миссиясы жаңа, жоғары технологиялық, бәсекеге қабілетті өндірістерді дамытуға ықпал ететін жағдай жасау.
Министрлік 313 көрсеткіштің 47-сін немесе жалпы санының 15%-ын орындамаған, бөлінген 329,4 млрд.теңгенің 2,8 млрд.теңгесі игерілмеген.
Мәселен, индустриялық-инновациялық дамуға жағдай жасау жөніндегі стратегиялық бағыттың шеңберінде енгізілген қазіргі заманғы басқару технологияларының санын ұлғайту бойынша негізгі көрсеткішке қол жеткізілмеген, 0,6 млрд.теңге игерілмеген. Нәтижесінде, өндірісте шығындарды қысқартудың есебінен өндіріске арналған шығыстарды 30%-ға төмендету көрсеткішіне қол жеткізілмеген. Бұған «Өнімділік – 2020» бағдарламасының операторы «Қазақстан индустрияны дамыту институты» АҚ-ның өтініштерді қарау мерзімін кешіктіруі және кешенді жоспарлардың кеш бекітілуі (2011 жылғы қараша-желтоқсан айларында) себеп болған.
«Уран кеніштерін консервациялау және жою, техногендік қалдықтарды көму» бюджеттік бағдарламасы бойынша қаражаттың 79,3%-ы немесе 24,9 млн.теңгесі игерілген. Сөйтіп бұрынғы Ертіс химия-металлургия зауытының радиоактивті қалдықтары бар контейнерлерін сақтау алаңы салынбаған, қазіргі кезде радиоактивті қалдықтардың бір бөлігі жерді және жер асты суларын ластай отырып, Курчатов қаласының полигонында ашық жерде сақтаулы жатыр. Сонымен бірге, 2012 жылға арналған республикалық бюджетте аталмыш іс-шараға қаражат көзделмеген, бұл қоршаған ортаның одан әрі радиоактивті ластануына қатер төндіріп, халықтың денсаулығына зиянын тигізеді.
«Бурабай» геофизикалық обсерваториясын көшіру» бюджеттік бағдарламасының шеңберінде жаңа обсерваторияның құрылысының орындалмау қаупі туындап отыр. Аталмыш бағдарлама бойынша қаражаттың 34,6%-ы игерілген, 0,8 млрд.теңгесі игерілмеген, шарт бойынша алдын ала төлемге байланысты дебиторлық берешек 0,3 млрд.теңгені құрайды. Құрылыс-монтаж жұмыстары 8%-ға орындалған және қазіргі кезде олар тоқтатылып, жосықсыз өнім берушімен сот талқылауы жүріп жатыр.
Екі бюджеттік бағдарлама бойынша қаражат толығымен игерілмеген және жоспарланған көрсеткіштердің нәтижелеріне қол жеткізілмеген, атап айтқанда:
1) «Халықаралық ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылатын жобаларды зерттеуді іске асыруды қамтамасыз ету» бюджеттік бағдарламасы – 200 млн.теңге. Аталмыш бағдарламаның шеңберінде Үкімет пен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы арасындағы келісімге сәйкес іске асырылатын «Тікелей шетелдік инвестициялар үшін қазақстандық ресурстарды әртараптандыру және секторалдық инвестицияларды дамыту бойынша бағдарламаларды жетілдіру» жобасына Қазақстан Республикасының жарнасын жүзеге асыру жоспарланған болатын. Аталмыш бағдарламаның орындалмауы Қазақстанның инвестициялық климатының тартымдылығына, сондай-ақ экономика секторларының шетелдік тауарлармен салыстырғанда бәсекеге қабілеттілігіне теріс әсерін тигізеді;
2) «Қазақстан Республикасында өндіру салалары қызметінің ашықтығы бастамасын іске асыру» бюджеттік бағдарламасы – 16,1 млн.теңге. Министрлік есептерді салыстырып тексеру бойынша халықаралық компанияны тартуға техникалық тапсырма әзірлемегендіктен, өндіруші компаниялар мен Үкіметтің деректерінің негізінде бюджетке түсетін түсімдер мен төлемдер туралы аудиттелген есепті дайындау жүзеге асырылмаған.
Бақылаудың қорытындысында анықталғандай, Министрлік индустриялық-инновациялық инфрақұрылымды дамыту үшін заңды тұлғалардың жарғылық капиталын ұлғайтуға бөлінген қаражаттың атаулылығы мен нысаналы сипатының қамтамасыз етілуін бақылауды тиімсіз жүзеге асырған. Жоспарланған іс-шаралар белгіленген мерзімде орындалмаған, ҮИИДМБ-ның және Министрліктің стратегиялық жоспарының бірқатар бағыттарының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізілмеген [2.13., 213-бет].
«Индустриялық-инновациялық инфрақұрылымды дамытуға арналған заңды тұлғалардың жарғылық капиталын ұлғайту» бюджеттік бағдарламасы бойынша 1,8 млрд.теңге толығымен игерілгенімен, инновациялық өнім көлемін 30 млн.теңгеге арттыру, инновациялық сипаттағы қызметтерді 10 млн.теңгеге ұлғайту, жүз жұмыс орнын құру жөніндегі негізгі сапалық көрсеткіштерге қол жеткізілмеген.
Сонымен, Министрліктің стратегиялық жоспарын іске асыру кезінде индустриялық-инновациялық технологияларды және басқаларын енгізу жолымен ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар толыққанды іске асырылмаған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі - Министрлік) стратегиялық жоспарының шеңберінде 24 бюджеттік бағдарламаны іске асыруға қаржыландыру көлемі 80,9 млрд.теңге болатын 83 көрсеткішті орындау көзделген еді. Оның ішінде 22 көрсеткіш орындалмаған, 6,5 млрд.теңге игерілмеген.
Бюджетті нақтылауға және түзетуге байланысты, стратегиялық жоспарға есепті жылы үш мәрте өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Бюджет кодексінің 62-бабының нормаларын бұза отырып, стратегиялық жоспарға өзгерістер енгізу мерзімдері бір айдан асып кеткен.
Үш бюджеттік бағдарлама бойынша бюджет қаражаты толығымен игерілгенімен, нәтиженің бірде-бір көрсеткішіне қол жеткізілмеген.
«Облыстық бюджеттерге, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне халықты, объектілер мен аумақтарды дүлей табиғи зілзалалардан қорғау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге берілетін ағымдағы нысаналы даму трансферттері» бюджеттік бағдарламасы бойынша 109,1 млн.теңге толығымен игерілген. Кеш қаржыландырылғандықтан, бюджеттік бағдарламаның тікелей және түпкілікті нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген.
«Министрліктің ведомстволық бағыныстағы мекемелерінің күрделі шығыстары» бюджеттік бағдарламасы бойынша үш тікұшақты күрделі жөндеу көзделген болатын. Жобаны қаржыландыру 2011 жылғы қазан айында республикалық бюджетті нақтылау кезінде қарастырылған. Бұл ретте оның көрсеткіштері Министрліктің стратегиялық жоспарына енгізілмеген. Нәтижесінде 1,2 млрд.теңге игерілмеген, 0,5 млрд.теңге мөлшерінде дебиторлық берешек пайда болған.
Министрлік стратегиялық жоспарындағы халқының саны 5 мың және одан да көп адамды құрайтын қалалар мен елді мекендерді өртке қарсы қызмет күштерімен қамту жөніндегі көрсеткішіне қол жеткізілуін бақылауды қамтамасыз етпеген. Нәтижесінде, Атырау облысының Ганюшкино ауылында және Алматы облысының Достық кентінде өрт депосы салынбаған, «Төтенше жағдайлардан қорғау объектілерін салу және реконструкциялау» бюджеттік бағдарламасы бойынша 1,7 млрд.теңге игерілмеген.
Мердігер «Вертолеты России» АҚ КА-32 тікұшақтарын жеткізу жөніндегі шарттық міндеттемелерін орындамағандықтан, Министрлік «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде іс-шаралар жүргізу» бюджеттік бағдарламасы бойынша бөлінген 2,8 млрд.теңгені игермеген.
2011 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) стратегиялық жоспары шеңберінде 27 бюджеттік бағдарламаны іске асыруға 1 052,2 млрд.теңгемен 157 көрсеткішті орындау қарастырылған. Солардың 26 көрсеткіші немесе 17%-ы орындалмаған, 493,1 млн.теңге игерілмеген.
Арнайы мемлекеттік жәрдемақыларды (37,3 мың адамға ұлғайған), балалы отбасыларға берілетін жәрдемақыларды (23,5 мың адамға ұлғайған) алушылардың орташа жылдық саны бойынша мониторинг тиісті дәрежеде жүргізілмегендіктен, бюджетті нақтылау кезінде осы мақсатқа 10,1 млрд.теңге мөлшерінде қосымша қаражат бөлінген.
«Әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін құру» бюджеттік бағдарламасын іске асыру кезінде Министрлік құны 120,2 млн.теңгені құрайтын компьютерлік жабдықтардың және лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз ету өнімдерінің 428 жиынтығын жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық меншігіне беруді жүзеге асырған. Бұл ретте Министрліктің стратегиялық жоспарында және бюджеттік өтінімінде жергілікті атқарушы органдарды республикалық бюджет қаражаты есебінен жарақтандыру қарастырылмаған болатын [2.17., 225-бет].
Электрондық үкімет порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың автоматтандырылған ақпараттық жүйесін және Әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін жаңғырту бағдарламасын әзірлеу жөніндегі міндет іске асырылмаған. Бөлінген қаражат толығымен игерілмеген (58 млн.теңге), өйткені қаржы бюджетті нақтылау кезінде есепті жылдың соңында жіберілген болатын.
Көлік және коммуникация министрлігінде (бұдан әрі – Министрлік) жүргізілген бақылау барысында бюджеттік бағдарламаларда жоспарланған 94 көрсеткіштің 20-сының (21,3%) іске асырылмағаны анықталды. Бөлінген 352,3 млрд.теңге қаржының 131,9 млн.теңгесі игерілмеген, анықталған қаржылық бұзушылықтардың жалпы сомасы 2,7 млрд.теңгені құрады, 11,7 млрд.теңге бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалған.
Есепті кезеңнің соңында жалпы дебиторлық берешек – 35,6 млрд.теңгені (10,1%), жалпы кредиторлық берешек 7,1 млрд.теңгені құрады.
Министрлікке ведомстволық бағынысты су жолдары кәсіпорындары нормативтік құқықтық актілерінің болмауына байланысты, өздерінің қызметтерін жүзеге асыру барысында Ресей Федерациясының нормативтерін басшылыққа алуда. Республикалық бюджеттен кемелерді жасауға қаражат бөлу кезінде жарақтандыру нормативтері ескерілмеген, қажетті есептеулер жүргізілмеген. Отандық заңнаманы әзірлеу бойынша шаралар қабылданбаған.
Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының су жолдары кәсіпорындары ұлттық өндірістік базаны пайдалана отырып, көмекші кемелерді жасау бойынша жан-жақты шаралар қабылдамаған. Бақылау барысында Министрліктің көмекші кемелерді жасау процесінде мемлекеттік сатып алуды құқықтық реттеудің отандық өндірушілерді қолдау бөлігіндегі принципін ұстанбай отырғаны анықталды. Жалпы сомасы 791,8 млн.теңгеге жасап шығарылған 5 кеме пайдаланылмай отыр, осы кемелерді Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарының су жолдары кәсіпорындарының балансына беру мәселесі бойынша мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісу жүргізілмеген.
Мемлекеттік сатып алу конкурсының қорытындысында әлеуетті өнім жеткізушілердің болмауына байланысты, «Әуе кемелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету» бюджеттік бағдарламасы бойынша 51,9 млн.теңге толығымен игерілмеген. Сол себептен, азаматтық авиация саласындағы басшылыққа алынатын құжаттардың базасы қалыптастырылмаған, қызметкерлердің біліктілігін арттыру қамтамасыз етілмеген.
«Жетісу» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының әкімшілік ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілмеген, сөйтіп, «Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің күрделі шығыстары» бюджеттік бағдарламасы бойынша 6,9 млн.теңге игерілмеген.
«Облыстық бюджеттерге мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін алып қоюға нысаналы трансферттер» бюджеттік бағдарламасы бойынша Министрлік 0,9 млрд.теңгені толығымен игергенімен, өңірлер бөлінген соманың 30,3%-ын ғана игерген. Ақмола және Қостанай облыстарының әкімдіктеріне автожолдардың бөлінген белдеуіне жататын жер учаскелерін және құрылыстарды мемлекет мұқтажы үшін алып қоюға бөлінген 0,5 млрд.теңге нысаналы трансферттер іс жүзінде игерілмей қалған. Сонымен, Министрлік пен әкімдіктер арасында нысаналы трансферттер бойынша нәтижелер туралы тиісті келісімдердің тікелей және түпкілікті нәтижелерінің көрсеткіштеріне қол жеткізілмеген.
Бақылау барысында «Астана қаласының бюджетіне Жаңа көлік жүйесі жобасын іске асыру үшін заңды тұлғалардың жарғылық капиталын ұлғайтуға берілетін нысаналы даму трансферттері» бюджеттік бағдарламасы бойынша 2011 жылы «Астана LRT» ЖШС-ға бөлінген 10,3 млрд.теңгенің пайдаланылмағаны, жобалау-сметалық құжаттаманың әзірленбегені анықталды. Бұл ретте бөлінген қаражат «Альянс Банк» АҚ-ның филиалында депозиттік шотқа салынып, банктік сыйақы 283,9 млн.теңгені құрады [2.15., 220-бет].
Мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларын әзірлеудің қалыптасқан тәжірибесі формальды сипатқа ие болуда. Оларда бюджеттік бағдарламалар көрсеткіштерінің стратегиялық бағыттардың көрсеткіштерімен, жұмсалған бюджет қаражатының көлемімен өзара байланыстырылмағандықтан, стратегиялық жоспарлардың да, сол сияқты бюджеттік бағдарламалардың да іске асырылуын бағалау қиындық туғызады. Осылайша, нәтижеге бағдарланған бюджеттеу мемлекеттік басқару буындарының жауапкершілігі мен бастамашылдығы деңгейін, бюджет қаражатын үнемдеудегі мүдделілігін арттыру бойынша бастапқы белгіленген мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізе алмауда. Бұған қоса, стратегиялық жоспарлардың мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізбегені үшін атқарушыларға жауаптылық қарастырылмаған.
Есеп комитеті стратегиялық жоспарларды әзірлеудің қолданыстағы тетігін бюджеттік бағдарламалар паспорттарын жасаудың бұрынғы оң тәжірибесіне сүйеніп, олардың рәсімдерімен байланыстыра отырып жетілдіруді ұсынады, мұнда жоспарланған көрсеткіштері, өлшемдері мен күтілген нәтижелері көрсетіліп, бөлінетін бюджет қаражатының көлемі негізделген болуы тиіс.
3.2. НЫСАНАЛЫ ТРАНСФЕРТТЕРДІ ПАЙДАЛАНУДЫҢ ТИІМДІЛІГІН БАҒАЛАУ
2011 жылы өңірлердің бюджеттеріне республикалық бюджеттен – 1 598,1 млрд.теңге, 2010 жылы – 1 452,0 млрд.теңге, 2009 жылы – 1 280,4 млрд.теңге трансферттер бөлінді және олардың көлемі 2010 жылмен салыстырғанда – 10%-ға, 2009 жылмен - 24,9 %-ға өскен.
Мына облыстардың жергілікті бюджеттерінде трансферттердің үлесі көп: Оңтүстік Қазақстан – 81,8%, Жамбыл – 80,3%, Қызылорда – 79,7%, Солтүстік Қазақстан – 77,2%, Ақмола – 74,1% және Шығыс Қазақстан - 71,7% [1.10., 175-бет].
2010 және 2009 жылдармен салыстырғанда, есепті жылы субвенциялар, тиісінше, 22,4%-ға және 49,9%-ға, нысаналы даму трансферттері 12,1%-ға және 17,6%-ға ұлғайып, ағымдағы нысаналы трансферттер 24,1%-ға және 15,1%-ға төмендеген (20-диаграмманы қараңыз).
20-диаграмма
Достарыңызбен бөлісу: |