Шаңғыға дайындық
Шаңғыға үйрету сабақтары сауықтыру және гигиеналық міндеттерді шешуде. Шаңғыға үйрету таза ауада өткізіледі, денсаулықты нығайтады, ағзаны шынықтырады. Шаңғымен жылжу бүкіл бұлшық ет топтарының қызметін дамытады, тыныс алу, қан жүйелерінің жұмысын жақсартады, ағзадағы зат алмасу қызметінің жұмысын күшейтеді. Шаңғыға үйрету сабақтары күш – қуат, ептілік, шыдамдылық, кеңістікті бағдарлай білу, табандылық, сенімділік қасиеттеріне тәрбиелейді.
Бастауыш мектеп бағдарламасында шаңғыға дайындыққа 12 сағат берілген. Үйрету міндеттері: сабаққа қажетті заттармен (шаңғы, аяқ киім, шаңғыны күту) таныстыру; шаңғыға үйретудің қарапайым түрлері – алға қарай жылжу әдістерін меңгерту; өрден және еңістен сырғанау, өрден түсіп бара жатып қарапайым бұрылыстар жасауға машықтандыру.
Шаңғыға дайындық өлшемі 100 – 40 м оқу алаңында іс жүзіне асырылады. Шаңғыға дайындықты жүзеге асыру үшін төмендегі талаптарды орындау міндет:
Шаңғышы еркін қозғалу үшін ықшам әрі арнаулы киім киюі керек (шаңғы киімі, бас киім, қолғап, бәтеңке немесе рима);
Шаңғы оқушының бойына лайықты, оның ұзындығы жоғары көтерген қолдың алақан деңгейінде, ал таяқтың ұзындығы қолтықтың тұсына келетіндей болуға тиіс;
Шаңғының ортасы көтеріңкі болады. Осы қалпын жоғалтпас үшін екі шаңғының табанын беттестіріп, екеуінің ортасын керіп тұратындай ағаш сына қысып қою қажет. Шаңғының ортасы мен басы екі жіппен байланады;
Шаңғыны үнемі майлып отыру қажет.
Оқушыларды шаңғыға дайындау қыс мезгілі болмай басталады. Күз айларында ашық алаңда әр түрлі жаттығулар орындалады. Жалпы дамыту жаттығуларына аяқты жартылай бүгу, алға қарай сырғанау, қолдарын қимылдату еліктеу жаттығулар, т.б. енеді.
Сонымен қатар, таяқшалармен еліктеу жаттығуларын жасау ерекше орын алады.
Сабақты жүзеге асыру қар түсе сала басталады.
Сабақтың бірінші бөлімінде шаңғамен сырғанаудың сан түрлі әдістері үйретіледі. Осы бөлімде жалпы дамыту жаттығуларын және тез арада қатарға тұру ойындарын өткізуге болады.
Сабақтың екінші бөлімінде шаңғымен жүрудің сан түрлі әдістері үйретіледі. Осы бөлімде шаңғысыз (жүгіру, лақтыру), шанамен ойналатын ойындар өткізуге болады.
Сабақтың үшінші бөлімінде оқушылар ұйымдасқан түрде мектепке оралады, сабаққа қорытынды жасалады. Оқушыларға сабақтан тыс уақытта шаңғымен айналысу жөнінде нұсқау беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |