Бақылау сұрақтары:
Поэзия тілінде қарсы мәндес сөздердің қызметін мысал арқылы түсіндір.
Прозада қарсы мәндес сөздердің жұмсалуын мысал арқылы түсіндір.
№ 8 дәрістің тақырыбы: Синонимдердің стильдік қолданысы.
Поэзия тілінде синонимдердің қызметі.
Прозада синонимдердің жұмсалуы.
Өлең мәтіндерін лингвистикалық талдау ерекшеліктері.
Дәрістің мақсаты: Көркем мәтіндегі синонимдердің стильдік қолданысын түсіндіру.
Синонимдер – кез келген тілдің байлығы мен оралымдығын көрсететін сөздік құрамның құнарлы да мәнді бір саласы. Әрі тілдің кемеліне келіп, қаншалықты жетілгендігін, оның образдылығы мен дамығандығын танытатын көрсеткіштердің бірі деп есептеледі. Синонимия тіл білімінде толық шешімін таба қоймаған күрделі мәселелер қатарынан орын алады. Ғалымдардың бірқатары синонимдерді мағыналары бірдей, тең сөздер деп қарастырады. Бірақ та синонимдер бір мағынаны білдіретін сөздер емес, әрқайсында өзіне тән мағыналық реңк бар, ұқсас мағыналы сөздер деген пікір басым түсіп жатады.
Синонимдердің стилистика үшін де мәні зор. Тұлғалары бөлек, мағыналары жуық сөздер болып табылатын синонимдер - поэзия тілінің ең бір қажетті құралы. Синонимдік қатардағы сөздердің біреуін таңдап алу ақынның айтпақ ойын(идеясын) дәл беру, ұсынбақ образды әсерлі етіп шығару сияқты шарттарды жүзеге асырады. Синонимдер бір-біріне сайма-сай мағынадағы сөздер емес, әрқайсында өзіне тән мағыналық реңкі бар, ұқсас мағыналы сөздер болса, олардың қолданысы көркем әдебиетте, әсіресе өлең тілінде ерекше орын алады.
Синонимдер бір-бірінен мағыналық реңкі мен стильдік бояуы тұрғысынан ажыратылады. Суреткер көркем бейне жасауда синонимдердің осы ерекшеліктерін ұтымды пайдаланады. Көркемдік мақсатқа сай сөз таңдауда, белгілі бір ұғымның түрлі қырларын ашып көрсетуде немесе экспрессивті-эмоционалды әсерін күшейту үшін де синонимдерге жүгінеді. Көркем әдебиет тілінің стилистикасында синонимия құбылысына деген көзқарас лингвистикалық тар шеңберге сыя бермейді. Лексикалық синонимдердің өзін мағыналық және стилистикалық деп бөледі. Мағыналық синонимдерді идеографиялық деп те атайды. Олар тілдегі стилистикалық құралдардың бірі ретінде қаралады. Әдетте тіл мәдениеті тұрғысынан қарағанда, синонимдердің мағыналық айырмашылықтары белгілі бір мөлшерде мәнді екені сөзсіз. Десек те, стильдік бояуы мен қолданылу аясы тұрғысынан ажыратылатын стилистикалық синонимдердің маңызы ерекше.
Абайға дейінгі қазақ поэзиясын барлағанда, синонимдерді белгілі бір стильдік мақсатқа сай қолдануды сирек ұшырастырамыз. Яғни халық ауыз әдебиетінде мәндес сөздерді көркемдеуіш құрал ретінде экспрессия тудыруда немесе градация үшін пайдалану жүйелі стильдік тәсіл болып табылмайды. Дегенмен синонимдер жекелеген ақын-жыраулар тілінде кездесіп қалады. Бірақ барлығында бірдей стильдік жүк арқалап тұрады деп айту қиын. Мысалы,
1. Қорғанды шаһар қаласын
Қазақ білмес, сарт білер.
Төс айылдың батқанын
Иесі білмес, ат білер
(Бұқар жырау)
2. Көк бедеуді бауырлап,
Шабамын деп сен тұрдың.
Исатай басшы білсін деп
Ауыр әскер қол тұрды.
(Махамбет)
3. Ханнан қайрат, байынан қайыр кетіп,
Телмірген теңдігі жоқ ел болған кез.
Қайғың – азық, ермегің – шер болған кез,
Елмен араз, татуың бір болған кез.
(Жанақ ақын)
Бұқар жырау мен Махамбетте синонимдер белгілі бір стильдік мақсаттан гөрі, өлеңдегі буын санын толтыру үшін жұмсалған сияқты. Ал Жанақ ақында қайғы, шер синонимдері экспрессияны күшейте түсу арнайы алынғаны байқалады.
Абай синонимдердің тілдік мүмкіндіктерін сезіне отырып, көркемдік мақсатына сай образ жасауда жүйелі пайдаланып отырған. Айталық, экспрессиясын күшейту мақсатында синоним сөздерді өлеңнің бір жолында қатар қолданады. Мысалы,
Кісі алдында кердеңдеп,
Шабан, шардақ және шау…
Мұндағы шабан, шардақ және шау синонимдері бір жолда келгенде, түйдегімен қолданылып, жағымсыз экспрессияны еселей түскен.
Ақын шәкірттерінің ішінде Ақылбай, Мағауия, Әріп және Көкбай шығармаларының тілінде Абайдың синонимдерді стильдік мақсатта қолданудағы дәстүрін анық тани аламыз. Абайда және оның ақын шәкірттерінде синонимнің мынадай стильдік қолданысы бар:
а) шығарманың экспрессивті-эмоционалды бояуын аша түсу үшін;
ә) белгілі бір ұғымды кеңейтіп, жан-жақты толықтырып айту үшін;
б) бейнелеуіш тәсіл ретінде градация тудыру үшін;
в) көркем мәтінде сөз таңдау, сондай-ақ сөз қайталауға ұрынбау үшін.
Достарыңызбен бөлісу: |