Қызылорда облысының жер – су атаулары қызылорда, 2013 жыл сыр елі қызылорда облысы



бет13/15
Дата23.02.2016
өлшемі1.08 Mb.
#8504
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15

Оқшы ата мазары – көне архитектуралық ескерткіш. Шиелі ауданына қарасты 20-разъезде, Жөлек ауылынан 7 км жердегі темір жол торабында орналасқан. Күмбезі, құрылысы жағынан Қарасопы, Асан ата мазарларына ұқсас, бірақ көлемі шағындау. Соңғы жылдары қайта жөндеуден өткен. Мазарға жерленген кісінің шын аты – Ибрахим шайхы, лақап аты – Көгентүп, Оқшы ата – кейін ел қойған есімі. Ә. Қоңыратбаевтың көрсетуінше, Оқшы ата – қару, оқ жасаған оғыз батыры. Кезінде бұл аймақта үлкен шаһар болса, мазардың тұрған жері көне қорым. Архитектуралық жәдігер тарихы 9-10 ғасырлардан бастау алып, белгі 15-16 ғасырларда салынса керек.

Оңтолағай – төбе. Дариялық Тақыр жазығының шығыс бөлігінде. Абс. биіктігі – 139 м. «Оң жақтағы төбе» мәніндегі атау.

Орта – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. «Суы орта белінен келетін құдық» мәніндегі атау.

Ортақшыл – ауыл, ауылдық округ орталығы. Шиелі кентінен солтүстік-батысқа қарай 25 км жерде, Сырдария өзенінің оң аңғарында орналасқан. Іргесі 1943 жылы құрылған Сырдария ұжымшары негізінде қаланған. 1975-97 жылдары қаракөл қойын өсіретін «Телікөл» кеңшары бөлімшесінің орталығы болған. Кеңес дәуірінде қойылған атау.

Өгейлібұлақ - бұлақ. Қаратау жотасының солтүстік-батыс етегінде.

Парнебек – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария өзенінің аңғарында. Тереңдігі – 9 м, шығымы – 1000 л/с. Кісі есімінен қойылған атау.

Прогресс – ауыл. Шиелі кентінен оңтүстікке қарай 160 км жерде. Кеңес дәуірінде қойылған атау.

Сағатқалған – ауыл орны. Ауыл орны. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Сайқұдық – артезиандық құдық. Арысқұмның шығысында. «Сай табанындағы құдық» деген мағынадағы атау.

Сарыкөл – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде, Сырдария өзенінің аңғарында.

Сарысу – құрғақ арна. Дариялық Тақыр жазығының солтүстік-шығысында, Ащыкөл ойпаңының батыс бөлігінде. «Кең су» мәніндегі атау (Е. Қойшыбаев, 1985). Э. Мурзаев (1984) сөздігінде сарысу «майлы, сары балшық, сары саз аралас, мөлдір емес су» делінген.

Сасыққара – төбе. Қаратау жотасының солтүстік-батыс бөлігінде. Абс. биіктігі – 264 м. «Сасық руының төбесі» мәніндегі атау.

Сегіз – қоныс. Дариялық Тақыр жазығының шығысында, Ащыкөл ойпаңының батыс бөлігінде.

Сейсенбай – артезиандық құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Соркөл – көл. Дариялық Тақыр жазығының шығысында, Ащыкөл ойпаңының батыс бөлігінде.

Сорқұдық – құдық. Қаратау жотасының солтүстік-батысында.

Сұлутөбе – М. Шоқай ауылының (бұрынғы Сұлутөбе кеңшары) шығысындағы биік құм төбе. Ертеде бұл төңірек су табаны болып, су ортасындағы биік арал төбеге құстар қонатын болған. Әсіресе, олардың ішінде аққулар көп болса керек. Сондықтан «Қутөбе» деп те аталған. Кейіннен су тартылып, жер құрғап, айналасына ел қонып көріктенген кезде «Сұлутөбе» аталған. 1905 жылы осы жерден темір жолдың өтуіне байланысты осы аттас темір жол бекеті салынған.

Сүйіндіксай - өзен. Ұзындығы – 66 км, су жинайтын алабы – 666 шаршы км. Қаратаудың батыс бөлігінің салтүстік беткейінен басталып, Ақжайқын көлінің оңтүстігіндегі тақырда тартылып қалады. Арнасы жоғары бөлігінде тар, тік жарлы. Жауын-шашын суымен толығады. Көктемде бір аптадай ғана ағыны болады.

Тағайбектүскен – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Тартоғай – ауыл, темір жол бекеті, өзімен аттас ауылдық округтің орталығы. Шиелі кентінен солтүстік-батысқа қарай 102 км жерде орналасқан. Іргесі 1904 жылы Орынбор – Ташкент темір жолын салуға байланысты қаланған. Тартоғай жанына «Баспақ» каналы өтеді. Атауы осы маңда тораңғыл тоғайының көп өсуіне байланысты аталған

Таштоқ – ауыл. Шиелі кентінен оңтүстік-батысқа қарай 55 км жерде, Сырдария өзенінің сол жағасында.

Телікөл – канал. Дариялық Тақыр жазығының шығыс бөлігінде.

Телікөл – қоныс. Дариялық Тақыр жазығының солтүстік-шығыс бөлігінде.

Топырақ – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Тұрсынбай – артезиандық құдық. Дариялық Тақыр жазығының шығысында, Ащыкөл ойпаңының батыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Ұзынқұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Үрмеқұм – қоныс. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. «Желдің үріп үюінен пайда болған құмдағы қоныс» мағынасындағы атау.

Шейіт – құдық. Қаратау жотасының солтүстік-батысында.

Шекара – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Тереңдігі – 23 м, шығымы – 3000 л/с.

Шепте – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде.

Шиелі - өзен. Сырдарияның тармағы. Сырдария алабында, Шиелі ауданы жерімен ағады. Ұзындығы – 110 шақырым. Сырдариядан Төменарық темір жол стансасы тұсында бөлініп шығып, Жөлек ауылы тұсында қайта құяды. Аңғары кең, көбіне батпақты жазық, арнасы құмайтты болғандықтан тез өзгеріп отырады. Қар суымен деңгейі көтеріледі. Алабы – шабындық, жайылым. Суымен егістік алқап суарылады. Бастауын Қаратау жотасының батыс етегінен алады. Өзен жағасында шиенің қалың өсуіне байланысты қойылған атау.

Шиелі-Телікөл – канал. Жалпы ұзындығы – 90 км-ден астам, ені – 6-10 м. Тереңдігі – 3-4 м. Шиелі-Телікөл каналының орташа су ағымы – секундына 12 шекше метр, ең көбі – секундына 14,5 текше метр. Сырдария, Шиелі ауданыдарының 54 мың га-дан астам жайылым, шабындықтарын суландырады.

Шошқалы – құдық. Қызылқұмның солтүстік бөлігінде. Тереңдігі – 16 м, шығымы – 500 л/с. Құдықтың маңында шошқаның көп кездесуіне байланысты қойылған атау.

Шілмән – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Кісі не ру атынан қойылған атау.


ЖАҢАҚОРҒАН АУДАНЫ БОЙЫНША
Жаңақорған ауданы - Қызылорда облысының оңтүстік-шығысында орналасқан әкімшілік бөлініс. Ол шығысында және оңтүстік-шығысында Оңтүстік Қазақстан облысымен, оңтүстік-батысында Өзбекстанмен, батыс және солтүстік-батысында Шиелі ауданымен шекараласып жатыр.

Аудан 1928 жылғы 17 қаңтарда құрылған. Орталығы – Жаңақорған кенті. Қызылорда қаласынан 178 шақырым жерде орналасқан. 1928 жылы қаңтарда Сырдария губерниясының тарауына және губерния орнына Қызылорда, Сырдария округтерінің құрылуына байланысты Сырдария округіндегі уездер мен болыстықтардан аудандар құрылады. Осы кезде Төменарық, Жаңақорған, Сауран, Өзгент болыстарының ізімен Жаңақорған ауданы болып қайта құрылады. Ауданның жер көлемі - 16,6 мың шаршы шақырым, бұл облыс жер көлемінің 6,8 пайызы. Халықтың орташа тығыздығы – 1 шаршы шақырымға 4,5 адамнан келеді. Аудан - 2 кент, 24 ауылдық округтерге біріктірілген.

Аудан жерінің солтүстік-шығыс бөлігін Қаратау жотасының аласа келген солтүстік-батыс сілемдері алып жатыр. Ең биік жері – 1419 м (Бесарық өзенінің бойында). Орталық бөлігін Сыр бойы жазығы, оңтүстігін, оңтүстік-батысын Қызылқұм шөлі алып жатыр. Ауданның жер қойнауы кен байлықтарына бай. Қаратаудың Өгізмүйіз тауы етегінде Шалқия карьері орналасқан. Кен орнынан мырыш, қорғасын, күміс, кадмий, т.б. сирек кездесетін металл кентастары кездеседі. Сондай-ақ, ауданда құрылысқа жарамды тас, қиыршықтас, құм, саз (бентонит), т.б. кен қорлары бар. Климаты континенттік. Қысы біршама жұмсақ, жылымық күндері жиі болып тұрады. Жазы ыстық, аңызақ. Жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері – 150-200 мм. Өзен жүйесін Сырдария өзені және оның оң салалары (Бесарық, Ақұйық, Жиделі, т.б.) құрайды. Бортықкөл, Нарсоққан, Бозкөл, Қандыарал, Шұқырой, т.б.көлдері бар.

Жаңақорған кентінде балшықпен емдейтін елімізге белгілі санаторий орналасқан.



Аудандағы автомобиль жолының ұзындығы – 387 шақырым, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы – 100 шақырым. Жаңақорған ауданында Қарасопы, Қорасан ата, Құрбан ата, Сұнақ ата кесенелері, Ақтас мешіті сияқты тарихи-мәдени ескерткіштер бар. Ақ Орданың астанасы – Сығанақ қалашығының орны сақталған. Құм астында қалған Сауран, Өзгент, Аққорған, Ордакент сияқты ежелгі қалалардың орны бар.

Абызтөбе – көне қала орны. Сырдария өзені орталық ағысының сол жағында, Келінтөбе деп аталатын көне қала жұртынан солтүстікке қарай 25 шақырым қашықтықта орналасқан. 1969 жылы Отырар археологиялық экспедициясы (жетекшісі К.М.Байпақов) зерттеген. Қала жұртының қазіргі көрінісі, солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созылып жатқан ұзындығы – 105 м, көлденеңі – 30 м, биіктігі – 5 м, ұзын төртбұрышты жота. Төбесі тегіс. Жиналған құмыралардың сынықтары бойынша ғалымдар қаланың б.з. 1-ғасырдағы өркениет орталығы болғанын дәлелдеді.

Айғожа ишан күмбезі (18 - 19 ғ) – сәулет өнер ескерткіші. Жаңақорған ауданындағы Бесарық стансасының оңтүстігінде орналасқан. Күмбезді ишан қабірінің басына үлкен ұлы Ибадулла бұхаралық Хамит деген шеберге орнаттырған, кірпішін жергілікті халық құйған. Айғожа ишан халықты имандылыққа тәрбиелеген. 1778-1858 жылдар аралығында өмір сүрген. Күмбез шаршы пішіндес, ауданы – 9х9 м, биіктігі – 8 м, күйдірілген кірпіштен қаланған. Қабырғалары геометриялық және шырмауықты ою-өрнекпен безендірілген, 8 қырлы барабанды күмбезінде жарық түсетін 4 терезесі бар. Маңдайшасын бөренеден қиған. Ішіне сағана түрінде құлпытас жасалып, үстіне арқардың мүйізі қойылған. Қабырғалары сыртынан тепкішекті қалаумен бекітілген, іргетасының биіктігі – 4 м. 1989 жылы жергілікті тұрғындардың күшімен қайта жөндеуден өткізілді. Айғожа ишан күмбезіне қатысты құжаттар Алматыдағы «Қазақ жобалау – қалпына келтіру» институты мұражайында сақтаулы. Айқожа ишан кесенесі республикалық маңыздағы тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енгізілген.

Ақбастау – байырғы ауыл орны. Жаңақорған кентінен шығысқа қарай 24 шақырым жерде. «Суы мөлдір, таза ұстау» деген мағынаны білдіретін атау.

Ақбикеш мұнарасы – Қаратаудың батыс сілемдерінен Ақсүмбе кентінен оңтүстікке қарай орналасқан биік жота басындағы тарихи ескерткіш. Мұнара Дешті-Қыпшақ даласын бақылап отыру үшін Қаратау шыңына салынған қарауыл мұнарасы ретінде аталады. Жергілікті тұрғындар мұнараны Ақбикеш арудың есімімен байланыстырады. Мұнара жартас арасын ірі қиыршық тастармен толтырған іргеліктің үстіне шикі кірпіштен тұрығызлған. Пішімі жұмыр. Ішіне кіретін бір, айналаны бақылау үшін жасалған екі ойығы бар. Оның бірі – батысқа, екіншісі – шығысқа қараған.

Ақжол – ауыл, М. Нәлібаев атындағы ауылдық округ орталығы. Жаңақорған кентінен оңтүстік-батысқа қарай 20 шақырым жерде, Сырдарияның сол жағалық аңғарында орналасқан. Ауыл 1996 жылға дейін Политотдел ауылы деп аталған. 1966-96 жылдары күріш өсіретін «Задария» кеңшары бөлімшесінің орталығы болған. Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін тіршілік жасаған тұрғындардың біраз бөлігі «Қырөзгент» маңында соғысқа қажетті оқ-дәрі дайындаған. Сексеуілдік шоғы, ақ кебір, сор тұзды топыраққа тиісті дәрі қосып қайнатып, оқ дәрі жасаған, сол дәріні «Ақжол» (селитра) деп атаған. Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында елді мекенге «Ақжол» аты берілді.

Аққорған - ауылдық округ, Түгіскен елді мекенін қамтиды. Ауылдық округ 1993 жылы құрылған. Түгіскен елді мекенінің аумағында тарихтың тылсым сырларын ішіне бүгіп жатқан көне ғасырлардағы қамалды қалалардың бірі болған, зерттеуді қажет ететін Аққорған қалашығы бар. Қалашық аудан орталығынан оңтүстік-батысқа қарай 40 шақырымдай жерде орналасқан. Аққорған қалашығы шамамен ХҮ-ХҮІІ ғасырларда пайда болған. Аққорған қалашығы кезінде сол аймақтың саяси және экономикалық өмірінде үлкен рол атқарған.

Аққорған – орта ғасырлардағы қамалды қала орны. Жаңақорғаннан оңтүстік-батысқа қарай 40 шақырымдай жерде. Сырдарияның сол жағалауындағы қазіргі «Түгіскен» елді мекенінің аумағында болған. Бұл күнде қаланың төбеге айналған орны ғана қалған. Оны алғаш 1970 жылы Отырар археолог экспедициясы зерттеген. Жұрты осы күнге дейін Аққорған болып айтылады. Деңгейі едәуір трапеция тәріздес төбе. Басқа бөлігінен биік орналасқан цитаделінің ұзындығы – 150 м, ені – 110 м, биіктігі – 6 м. Қаланың қорғаныс қабырғасы мен оның сыртындағы ордың іздері анық сақталған. Жинастырылған деректерге қарағанда ХҮ-ХҮІІ ғасырларға тән.

Аққұм – темір жол бекеті, Ақүйік ауылдық округіне қарайды. Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 26 шақырым жерде, Сырдарияның сол жағалық аңғарында орналасқан. Іргесі 1902 жылы ауа райын бақылайтын алғашқы метеорологиялық станса ретінде қаланған.

Ақсуат – ауыл, Өзгент ауылдық округінің құрамында, ертеректе Сырдария өзенінің сол жақ бетінде қазіргі Өзгент ауылының солтүстік-шығыс жағында дариядай үлкен мал су ішетін суат болған. Сол мал су ішетін суатты халық Ақсуат деп атаған. Суаттың батыс жақ бетіне қоныстанып отырған ел де Ақсуат аталып кеткен.

Ақтас – ауыл орны. Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 49 шақырым жерде. Сол жердегі тау не төбе тасының ақшыл, шаңқан түсіне байланысты қойылса керек.

Ақтас қыстағы – ХҮІІ-ХІХ ғасырлардағы мекенжайлар. Жаңақорған ауданының оңтүстік-батысында 5-6 шақырым жерде, Сырдарияның оң жағалауында орналасқан. 1970 жылы археолог С. Жолдасбаев зерттеген. Қыстақ ортасында қызыл кірпіштен бір күмбезді мешіт салынған. Солтүстік-батысында қорым бар. Одан 100 метр жерде кірпіш күйдірген ошақ орны байқалады. Қазба жұмысы кезінде саз балшықтан соғылған екі үйдің орны ашылды. Қора жайлары тұрғын үйлерге жалғас салынған. Әріректе 20-дан астам тұрақжайдың төбе болып жатқан орындары байқалады. Қыстақ тұрғындары мал және егін шаруашылығымен айналысқан. Түрлі темір бұйымдар, табақшалар, кетпен сынықтары, т.б. табылды.

Ақтас мешіті – 1884 жылы салынған сәулет өнері ескерткіші. Бесарық темір жол бекетінен батысқа қарай 7-8 шақырым қашықтықта, Сырдария өзенінің жағалауында орналасқан. Мешіт маңында қазақтардың тұрақты мекенжайлары болғанға ұқсайды (16-19 ғ). Пішіні төрт бұрышты етіп салынған күмбезді мешіттің биіктігі – 10-12 м. Шығысқа қаратылған. Күйдірілген кірпіштен тұрғызылған. Мешіт күмбезіне 4 қырлы, 2 қабатты мойындық арқылы көтерілуге болады. Қабырғалары сәндік өрнектермен әшекейленген. Кіреберіс жағында 3 биік, сәнді аркасы бар, ортаңғы аркадан мешітке кіретін есік жасалған. Мешіттің михрабы батыс жақтағы қабырғаның орта тұсында. Солтүстік іргесіне жүргізілген қазба жұмыстарының барысында төрт бұрышты шағын бөлмелердің іргесі ашылды. Осыған қарағанда, мешіт жанында медресе болған секілді. 1982 жылы Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері тізіміне енгізіліп, мемлекеттік қорғауына алынған.

Ақтөбе – бұлақ атауы. Қосүйеңкі елді мекенінде. Бұл төбенің топырағы ақшыл, түбінде үлкен тастар бар, сол тастардың арасынан шығатын таза мөлдір су.

Ақүйік - өзен. Сырдария алабында, Жаңақорған ауданы жерімен ағады. Қаратау жотасының оңтүстік-батыс етегінен басталып, Сырдарияға жетпей тартылып қалады. Ұзындығы – 70 шақырым, су жиналатын алабы – 670 шаршы шақырым. Суы көктемгі қар, жауын-шашынмен толығады. Өзеннің жоғарғы бөлігінде бөгет салынған. Өзен бойы қыста жылы, жазда салқын құтты мекен болғандықтан «жер ұйығы» атанып, кейіннен «Ақұйық» - «Ақүйік» деп аталған деген әңгімелер бар. «Маңайы ағарып жатқан, ми батпақты ұйығы бар өзен» мәніндегі атау.

Ақүйік – ауылдық округ. Қаратау қойнауларынан бастау алатын Ақүйік өзені бар, осы өзеннің атымен ауылдық округтің аты аталған. Тау төбелерінде ақ тасты үйінділердің көп болуына байланысты «ақ үйік» деп аталған деген жорамал бар. Ақүйік ауылдық округінің жалпы жер көлемі 51801 га жерді алып жатыр. Ауылдық округ Бірлік елді мекенін қамтиды. Кезінде бірнеше елді мекендер қараған «Бірлік» совхозы құрылып, совхоз орталығы Бірлік ауылы болған. 1993 жылы облыс әкімияты мен облыстық мәслихаттың біріккен шешімімен Ақүйік ауылдық округі құрылды.

Ақшығанақ көлі – Байкенже ауылынан 7 шақырым жерде, Сырдария өзенінің жағасында орналасқан. Аумағы – 10-14 га.

Апанқақ – ауыл. Жаңақорған кентінен оңтүстікке қарай 45 шақрым жерде.

Арыстанбай – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Арыстанды - өзен. Қаратау жотасы Қаратау тауының Күрден асуынан бастау алып, Төменарық ауылы тұсында құмайтты жерге сіңіп кетеді. Ұзындығы – 45 шақырымдай. Ұзындығы 10-15 шақырым болатын бірнеше шағын салалары мен тармақтары бар. Жоғары ағысы тау шатқалымен өтеді, төменде жағалау жазық келеді. Алабы – мал жайылымы. Өзен маңында арыстанның көп кездесуімен байланысты не ру атынан қойылған атау болса керек.

Алғыр – салғыр – бекініс, жер атауы. «Молдақорған» бекінісінің шығыс жақ бетінде 3-4 шақырым қашықтықта орналасқан қорған. Қорған дуалының қалыңдығы 3-4 салт атты қатар жүретіндей, биіктігі ХХ-ғасырдың аяғына дейін 4-5 метрдей болған. Қырөзгент пен Алғыр-салғыр бекінісінің арасы – 20 шақырымдай.

Әбдіғаппар – ауыл. Жаңақорған кентінен оңтүстік-батысқа қарай 15 шақырым жерде. Бұрынғы атауы – Қыркеңсе ауылы. Кісі есімімен қойылған атау.

Байғабыл – ауыл орны. Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 47 шақырым жерде. Кісі есімімен қойылған атау.

Байкенже – ауыл, ауылдық округтің орталығы. Жаңақорған кентінен батысқа қарай 35 шақырым жерде, Сырдария өзенінің сол жағалық аңғарында орналасқан. Байкенже ауылдық округі 1993 жылы құрылған, Байкенже, Билібай елді мекендерін қамтиды. Елді мекеннің атауы сол жерде туып өскен, ауылдың құрылуына өзіндік үлес қосқан «Қоңқайұлы Байкенже» деген кісінің есімімен аталған. Ауыл 1962-96 жылдары бау-бақша өсірумен айналысатын «Алмалы» кеңшарының орталығы болған. Кеңшар негізінде Байкенжеде және округке қарасты Билікбай ауылында шаруа қожалықтары жұмыс істейді. Кісі есімінен қойылған атау.

Байман – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Кісі есімімен қойылған атау.

Баймырза – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығысында, Сырдария өзенінің аңғарында. Кісі есімімен қойылған атау.

Баймырза – қыстау. Қызылқұмның солтүстік-шығысында, Сырдария өзенінің аңғарында. Кісі есімімен қойылған атау.

Бақтияр – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Тереңдігі – 10 м, шығымы - 180 л/с. Кісі есімімен қойылған атау.

Бақсайыс ата кесенесі – Байкенже елді мекенінен 10 шақырым жерде, оңтүстік-батыс беткейде орналасқан. Бақсайыс ата шамамен ХҮІ-ХҮІІ ғасырларда өмір сүрген. Бұрын тұрғызылған кесене тозып, 1994 жылы ақ қыштан күмбезді кесене тұрғызылған. Кесене көлемі – 8 х 8 м, биіктігі – 12 м. Бақсайыс ата кесененсі жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі.

Барлыбайқұдық – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. «Барлыбайдың құдығы» мәніндегі атау.

Баспақкөл – ауыл. Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 75 шақырым жерде. Бұрынғы атауы – Қаратөбе ауылы.

Бесарық – Жаңақорған ауданының Бесарық ауылдық округі аумағындағы өзен. Қаратау жотасының батысында, Сырдария алабында. Ұзындығы – 85 шақырым. Өзеннің жылдық ағысы – 170 млн. текше метр. Қаратау жотасының оңтүстік-батыс баурайынан бастау алады. Тау шатқалдарынан бес арық (өзенше) ағып шығып, шатқалдан шыға берер тұстағы Байғабыл ауылы жанында бірігіп Бесарық деп аталады. Осы елді мекен тұсында 1974 жылы өзімен аттас бөген (су сыйымдылығы – 15 млн. текше метр) салынған. Бөгеннен шыққан өзен Кеңес ауылы тұсында егістіктерге таралып кетеді. Кезінде Бесарық суы Сатымсай сайымен Сырдарияға құятын. Бесарық өзенінің суын Талап және Кеңес шаруашылықтары пайдаланады. Атау сол жерде бес немесе бірнеше арық болуымен байланысты қойылған.

Бесарық – ауыл, өзімен аттас ауылдық округтің орталығы. Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 70 шақырым жерде, Бесарық өзенінің төменгі ағысында орналасқан. Ауыл 1999 жылға дейін Талап ауылы деп аталған. Ауыл 1962-96 жылдары қаракөл қойын өсіретін «Талап» кеңшарының орталығы болған. Кеңшар негізінде Бесарықта және округтегі Апанқақ, Кеңес, Манап және Талап темір жол стансалары, Сатымсай темір жол айырмасында ЖШС және 9 шаруа қожалығы жұмыс істейді.

Бескемпір – Қожакент елді мекенінің шығыс жақ бөлігінде, дария жағасында әжептәуір ауқымды елді мекен болған. Шынайы атауы – Ахметсопы қыстауы. Кешегі соғыс жылдарында ер кісілердің барлығы соғысқа аттанып кеткеннен кейін бес қария кемпір тұрғандықтан Бескемпір деп аталып кеткен.

Билібай – ауыл. 1991 жылға дейін Красная звезда (Сүттіқұдық ауылдық округі) совхозының №2 мал фермасы болып келген. 1992 жылы Байкенже ауылдық округінің құрамына кірді. Билібай елді мекені «Игіліктегі Билібай» деген кісі есімімен аталған. Округ аумағында уранның үлкен қоры табылып, бүгінде «Хорасан-1», «Хорасан-2» кеніштері уран өндірумен айналысуда.

Ботасоқты – жер атауы. Кезінде Ақүйік өзені бойында жолбарыстар жүрген қалың жыныс тоғай болған. Жолбарыстар түйенің соңынан ерген боталарды алып қала берген. Сол себепті бұл ну «Ботасоқты» аталған.

Бөріойнақ – темір жол бекеті. Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 17 шақырым жерде.

Бөртескен – темір жол бекеті. Жаңақорған кентінен солтүстік-батысқа қарай 14 шақырым жерде.

Бірлік – ауыл, Ақүйік ауылдық округінің орталығы. Жаңақорған кентінен оңтүстік-шығысқа қарай 20 шақырым жерде орналасқан. Іргесі 1929 жылы қаланған. Бұрынғы «Бірлік» қой шаруашылығы кеңшары негізінде қазір мал шаруашылығына маманданған 10 шаруа қожалығы (фермер) құрылған. Ауылдық округке Қызылмақташы, Қосүйеңкі, Аққұм ауылдары қарайды. Бірлік ауылы тұсынан Қызылорда – Шымкент автомобиль жолы өтеді. «Бірігіп, бірлесіп, ортақтасып қоғам құру, көпшілік боп бірігіп ұйымдасу» идеясымен байланысты қойылған атау.

Данабибі – жер атауы. Бұрынғы кезде Данабибі деген әйел үлкен әулие кісі болған. Қазіргі кезде осы жер сол кісінің атымен Данабибі аталып кеткен.

Екпінді – ауыл, ауылдық округ, Екпінді елді мекенін қамтиды. 1930 жылы Төменарық ауылдық кеңесіне қарасты «Екпінді» ұжымшары болды. 1962 жылы ірілендіру саясатымен «Красная звезда» ауылдық кеңесінің құрамына енді. 1965-2005 жылдар аралығында Сунақата ауылдық округінің бөлімшесі болып келді. 2005 жылы Екпінді ауылдық округі болып құрылды.

Екінші Әліп – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Тереңдігі – 15 м, шығымы – 700 л/с. Кісі есімінен қойылған атау.

Екінші Садық – құдық. Қызылқұмның солтүстік-шығыс бөлігінде. Кісі есімінен қойылған атау.

Еңбек – ауыл, Сунақата ауылдық округінің құрамында. 1950 жылдары Ескі Екпінді аталып, Сунақата кеңшарының бір бөлімшесі болған. 1997 жылы кеңшар таратылған кезде Еңбек шаруа қожалығы құрылып, тұрғындардың осы қожалыққа мүше болуына байланысты ауыл Еңбек ауылы атанған.

Есжан тоғайы – ауылдың солтүстік тұсында, дарияның иіріміндегі жер. Қайықшы Есжан деген кісінің атымен аталған. Елді мекенде арғы бетпен қатынас жасап отырған, қол қайықпен қызмет көрсеткен кісі.

Жайылма – ауыл, Шалқия кенттік әкімдігі құрамында болған. 2005 жылы «Жайылма» ауылдық окургі болып, Шалқия кентінен бөлініп шықты. аудан орталығынан 17 шақырым, Шымкент-Самара үлкен жол бойынан 7 шақырым жерде орналасқан. «Жайылма» атауы кезіндегі «Жиделі», «Шалхия», «Келте» атты кішкентай өзен суларының осы елді мекеннің ұлтанына келіп жайылуынан шыққан. 1926 жылы «Жайылма» колхозы, Жайылма ауылдық кеңесі болып құрылған. Колхоздарды ірілендіру кезінде, яғни 1949 жылы «Жайылма» және «Жаңақұрылыс» колхоздары қосылып /қазіргі Құттықожа ауылы/ «Ленин» колхозы болып ұйымдасқан. 1962 жылы Үкімет қаулысына сай «Красная звезда» совхозына бірікті. 1994 жылы шаруашылықтар таратылып «Красная звезда» совхозынан «Жайылма» өндірістік кооперативі болып бөлініп шыққан. 1995 жылы «Жайылма» ауылы Шалқия поселкелік кеңесінің құрамына енгізілді. 2005 жылы «Жайылма»ауылдық округі құрылды.

Жалаңаш ата кесенесі – аудан орталығынан 8 шақырым жерде, Кейден елді мекені жанында орналасқан. Үлкен күмбезді кесене. Жалаңаш ата кесенесі жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі.

Жаңарық – ауыл, ауылдық округ. Жаңақорған кентінен оңтүстік-батысқа қарай 10 км жерде. Бұрынғы атауы – Бірінші Май ауылы. «Жаңаарық» атауының шығу себебі, 1925 жылы қазіргі «Жаңаарық» ауылының байырғы тұрғындары шаруашылықпен айналысуға егістік көлемін кеңейтіп, қолдарымен арық қазған, оған ешқандай техника қолданбаған. Осы қазылған арықтың жаңа атауымен «Жаңа - арық» колхозы құрылған.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет