Білімді тексеруге арналған сұрақтар:
1.
«Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», Тәуке
ханның «Жеті жарғысының» тарихи сабақтастығы мен ерекшеліктерін талдау.
2.
Жазба және ауызша деректер бойынша Есім ханның тарихи портретін
талдап көрсетіңіз.
3.
Тұрсын Мұхаммед ханның Қазақ хандығының тарихындағы орны
және оның жүргізген саясатын деректер мен зерттеулер бойынша анықтап
көрсетіңіз.
4.
Есім хан тұсындағы Қазақ хандығының ішкі және сыртқы саяси
жағдайы.
§ 6. Жәңгір хан және қазақ-жоңғар қатынастары
Жәңгір хан – Есім ханның тарихта белгілі үш ұлының бірі. Есім ханның
үлкен ұлы - Жәнібек сұлтан, екіншісі – Жәңгір хан, ал үшінші ұлы – Сырдақ
сұлтан. Т.И.Сұлтановтың пікірі бойынша Есім ханның үлкен ұлы – Жәнібек XVII
ғасырдың 30-шы жылдарының басында хан тағына отырып, ойрат тайшыларымен
көп соғысқан және XVII ғасырдың 40 жылдарының басында ойраттармен болған
кезекті бір шайқастардың бірінде қаза тапқан. Ал Сырдақ сұлтаннан Хұсрау
сұлтан деген ұл туылады, оның ұлы тарихта белгілі – Қайып хан.
Ал енді нақты Жәңгір ханның нақты өзіне келсек, оның қай жылы туылғаны
белгісіз, ол жөнінде әзірге ғылымға белгілі деректерде ешқандай мәліметтер жоқ.
Бірақта оны болжаммен XVI ғасырдың соңы немесе XVII ғасырдың бас кезінде
дүниеге келген деп айтуға болады.
Жәңгірдің шын есімі - Жахангер (парсыша «әлемді бағындырушы,
билеуші»). Жәңгір (Жахангер) ханның есімі шығыс деректеріндегі және орыс
тіліндегі материалдарда XVII ғасырдың 30-шы жжылдарының ортасындағы
оқиғаларға байланысты алғаш рет кездесе бастайды. Ондағы деректердің
мәліметтерінде ол сұлтан лауазымымен айтылады. XVII ғасырдағы орыс-монғол
қатынастарының деректер жинағында да Жахангердің есімі кездесіп, онда 1635
237
жылы оның ойраттармен болған шайқастардың бірінде қолға түскендігі туралы
айтылады.
Ең алғаш Жәңгірдің жоңғарларға тұтқынға түскендігін И.Е. Фишер өзінің
Сібір тарихына арналған кітабында жазады. Онда автор 1635 жылы ойраттардың
көсемі Батыр хонтайшының Есім ханмен соғысқанын айта келе, оның ұлы Жәңгір
сұлтанды жоңғарлардың тұтқынға түсіргенін баяндап өтеді. 1959 жылы Мәскеу
қаласында жарық көрген орыс-монғол қатынастарының жинағында осы тарихи
оқиғаға қатысты мәлімет кездеседі. Ол мәлімет 1635 жылдың 19 шілдесінде
Тобольск приказдығының кеңсесінде ойрат тайшысы Абақтың елшілерінен
жазылып алынған. Ол мәліметте ойрат тайшыларының бір тобы 1635 жылдың қыс
айларында Қазақ Ордасына аттанғандығы, ал Қазақ Ордасы адамдарының
ойраттарға жорыққа шыққандығы, екі жақтың бір-бірімен кездесіп қалып, үлкен
шайқастың болғандығы, ойраттардың жеңіске жеткендігі, Есім ханның ұлы
Жәңгір сұлтанның (деректе Янгир царевич деп жазылады – ред.) тұтқынға
алынғандығы және қазіргі кезде ол сұлтанның ойраттардың қолында екендігі
айтылады. Дерек мәліметіне сүйенсек, қазақ-қалмақ (ойрат) шайқасының 1635
жылдың қыс айларының бірінде өткендігін, ал бұл кезде Жәңгірдің әлі сұлтан
дәрежесінде жүргендігін көреміз.
Жалпы, қазақ-жоңғар қатынастарының алғашқы 20 жылдай кезеңіндегі екі
жақтың қатысуымен болған ірі оқиғалар саны үшеу. Біріншісі, жоғарыда атап
өткен 1635 жылғы қазақ-жоңғар шайқасы және Жәңгір сұлтанның жоңғар
тұтқынына түсуі болса, екіншісіне – 1643 жылғы қазақ-жоңғар шайқасы жатады.
Ал үшінші ірі оқиға, ол - 1652 жылғы Жәңгір хан қаза табатын шайқас. Қарап
отырсақ, осы үш оқиғаға Жәңгір тікелей қатысып, оқиғалардың басында жүрген
екен. Жәңгір ханның өміріне қатысты ең көп кездесетін мәліметке – 1643 жылғы
шайқас туралы мәлімет жатады. Бұл кезде Жәңгір әлі сұлтан дәрежесінде болатын.
Жоңғарияға барып келген орыс елшілерінің есептерінде оның дәрежесін сұлтан
деп жазады. Мысалы, 1640 жылы қыркүйек айында жоңғар қоңтайшысының
ордасында қазақ сұлтаны Жәңгір сұлтанның елшісі болғандығын орыс деректері
хабарлайды.
1643-1644 жылғы қазақ-жоңғар соғысы туралы ең алғашқы хабарды Г.Ильин
береді. Ол 1644 жылы ақпан айында Батыр хонтайшының ордасынан Тобольскіге
қайтып оралып, воевода Куракинге осы соғыс туралы баяндайды. Дәл осы жылы
және сол айда Тобольскіге келген ойрат көсемдерінің бірі Абылай-тайшының
елшісі Бахтыйдың хабарламасында да 1643-44 жылғы қазақ-жоңғар соғысы
туралы айтылып, ол да Г.Ильиннің мәліметін растайды және оны толықтыра
түседі. Екі мәліметтің үзінділері И.Я. Златкиннің монографиясында
келтірілгендіктен, біз оның бәрін қайталап жатпай, тек осы соғысқа және Жәңгірге
қатысты жерлерін ғана сілтеме ретінде пайдаланамыз. Батыр хонтайшының
қазақтарға қарсы жорығы 1643 жылдың қысында басталып, 1644 жылдың
жазының ортасына дейін созылады. Жоңғар билеушісі жағында көптеген ойрат
238
тайшылары, Халха билеушісінің ұлы Омбо-Эрдени болып, жалпы саны 50 мың
әскер жорыққа шығады. Бұл жорыққа Жәңгірдің одақтастары Хұндулен тайшы,
Далай тайшының ұлдары қатысудан бас тартқанын елші Бахтыйдың мәліметі
дәлелдейді. Бір қызығы, Г.Ильиннің дерегінде Батыр хонтайшының Жәңгір
сұлтанға қарсы аттанғандығы баса айтылады. Сол кездегі қазақ ханы Жәңгірдің
ағасы Жәнібек болса да, ол туралы ешкім де сөз қылмайды. Барлық деректерде тек
Жәңгір сұлтанның есімі ғана айтылып отырады. Бұл жағдай XVIII ғасырдың 40-60
жылдарындағы қазақ сұлтаны Абылайдың тарихи ролін еске түсіреді. Енді шайқас
барысына тоқталалық.
Жәңгір сұлтан жоңғар әскерінің қазақтарға қарсы дайындығынан хабардар
болған сияқты. Мұны Жәңгірдің Хұндулен тайшымен достығының нәтижесі деп
білу керек. Жәңгір сұлтан Батыр хонтайшының жорық бағытын да алдын-ала
біліп, оларға қарсы тұратын ыңғайлы жерді таңдап та алады. Самарқандағы досы
Жалаңтөс батырға да хабар жібереді. Өзі 600 адамдық әскерімен жау әскеріне
қарсы аттанып кетеді. Жоңғар әскерінің бағытындағы тар тау шатқалының ішінде
окоп қаздырып, онда мылтықпен қаруланған 300 жасағын қалдырады да, өзі
қалған әскерімен қарсы беттегі тастардың артына жасырынады. Хонтайшы әскері
окоптағыларға жақындағанда Жәңгірдің 300 жасағы оларға оқ атып бетін
қайтарады. Екінші жақтан сұлтанның өзі соққы береді. Шатқалдың өте
тарлығынан қалмақ әскері сандық артықшылығын пайдалана алмайды, маневр
жасауға мүмкіндіктері болмайды. Батыр хонтайшы екі рет шабуыл жасайды, бірақ
ол екеуі де ешқандай нәтиже бермейді. Сол кезде Самарқан әкімі Жалаңтөс
батырдың 20 мыңдық әскері де келіп жетеді. 10 мыңдай адамынан айырылған
жоңғар әскері кері шегінуден басқа амал таппайды. Бұл соғыс Жәңгір сұлтанның
атақ-абыройы мен беделін қалай асқақтатса, Батыр хонтайшының беделіне зор
нұқсан келтіреді.
Орыс елшісі мен жоңғар елшісінің жазбаларына қарағанда, Батыр хонтайшы
бұл жорықтан еліне 1644 жылдың шілде айында оралған. Келе сала Жәңгір мен
Жалаңтөстен кек алу үшін жаңа жорыққа қатты даярланады. Сонымен бірге 1643
жылғы жорыққа қатысудан бас тартқан Хұндүлен тайшы бастаған қарсылас топты
жазалауды да ойластырады. Осыған байланысты ол Кузнецк уезінен көптеген
қару-жарақ сатқызып алады. Бірақ неге екені белгісіз, Батыр хонтайшының келесі
жылға жоспарлаған Жәңгірге қарсы жорығы жүзеге аспай қалады.Біздің
ойымызша, оның екі себебі болған сияқты. Бірінші себепке Жоңғарияның өз
ішіндегі саяси жағдайдың ушығып кетуі жатса керек. Хонтайшының
қарсыластарын жазалауға кірісуі оны Хұндүлен тайшымен ашық шайқасқа
шығуына алып келеді, бірақ хонтайшы өз мақсатына жете алмайды. Мұндай
жағдайда қазақтарға қарсы жаңа жорық жасау оны тағы да масқара жеңіліске
әкелері сөзсіз еді. Ал екінші себепке жататын жағдайға - осы кезден бастап
Жәңгірдің бүкіл қазаққа хан болуы Батыр хонтайшыны жаңа соғысқа барудан бас
тартқызған деп ойлаймыз.
239
Жәңгірдің дәл қай жылы хан болғаны белгісіз. Осыған байланысты
Т.И. Сұлтанов мынадай пікір білдіреді: «Ағасы Жәнібек ханның өлімінен кейін
шамамен XVII ғасырдың 40-шы жылдарының ортасына таман Жахангер бүкіл
қазаққа хан болады». Біз де осы пікірге қосыла отырып, Жәңгірдің таққа отырған
кезін 1643/44 жыл деп санаймыз. Хандық билікке келгенге дейін-ақ қазақ қоғамы
ішінде өте зор беделге ие болған Жәңгірдің ағасынан кейін Түркістандағы хан
тағын иеленгендігі заңды құбылыс. Оны бұл жерде дәлелдеп жатуды артық деп
санаймыз. Егерде Жәңгір билікке келгенге дейінгі сұлтандық дәрежедегі
қызметінің басты бағыты шығыстағы жоңғарлармен қарым-қатынас болса, енді
хан мәртебесіндегі міндетіне қазақ елінің ішкі-сыртқы өміріне қатысты барлық
бағыттағы мәселелер енеді. Өкінішке орай, осыған қатысты жазба деректердің
жетімсіздігі ол жөніндегі ой-пікірлерімізді толықтай негіздеуге, дәлелдеуге,
баяндауға мүмкіндіктер бермейді. Бірлі-екілі қысқа және үзік-үзік дерек
мәліметтеріне сүйеніп қана сол кезеңдегі тарихи даму туралы, оқиғалар жөнінде
болжаммен, шамалап қана ой айтуға болады. Сондай ой-пікірлерімізге Жәңгір хан
тұсындағы Қазақ хандығының Мауереннахрдағы аштарханилар әулетімен, Шығыс
Түркістандағы шағатайлық әулет өкілдерімен жүргізген қарым-қатынасына
қатысты тұжырымдарымыз жатады. Төменде сол мәселерге көңіл аударалық.
1611-1642 жылдары Мауереннахрда билікте болған атақты Имамқұли хан қайтыс
болғаннан кейін Бұхара тағына оның інісі Надирмұхаммед хан (1642-1645 жж.)
отырады. Жәңгір ханның әрі досы, әрі қарулас серігі Жалаңтөс батыр осы
жылдары Орта Азияның ірі қалаларының бірі – Самарқан қаласының әкімі
болатын. Сонымен бірге ол сол кезеңде Мауереннахрдың саяси өміріндегі ірі
көрнекті тұлғалардың бірі болып саналатын. Ол 30 жылдан астам уақыт бойы
Имамқұли ханмен жақын болады және аштарханилық әулеттің жас өкілдеріне
аталық қызмет атқарады. Оның мұндай қызметі мен беделі Қазақ хандығы мен
аштарханилық әулет арасындағы қарым-қатынастарды реттеуге, жақындастыруға
көп көмегін тигізеді, екі әулет арасында туыстық қатынастардың қалыптасуына,
оның жалғасуына септігін тигізеді. Кезінде Есім ханның бір қызы Имамқұли
ханға ұзатылса, кейін келе әулеттер арасындағы туыстық байланыстар одан әрі
жалғасын табады да, XVII ғасырдың 40-шы жылдары Жәңгір ханның Қазақ ханым
атты қызы болашақ Бұхара ханы, Жалаңтөс батырдың тәрбиеленушісі Абд ал-
Азиз сұлтанға ұзатылады. Жәңгір хан мен Жалаңтөс батыр арасындағы өзара
түсіністік пен сыйластыққа, достыққа негізделген қарым-қатынас 1643/44 жылдан
кейін де, яғни Жәңгірдің хан тағын иеленгенінен кейін де терең дамиды. Тіпті ол
қатынас екі ел арасындағы саяси байланыстарға да тікелей әсерін тигізеді.
Надирмұхаммед ханның үлкен ұлы, Жалаңтөстің шәкірті - Абд ал-Азиздің 1645
жылы хан тағына келуіне тікелей болмаса да жанама Қазақ хандығының қатысы
бар. Ал одан кейін 35 жыл бойы Абд ал-Азиз ханның тақта отыруына оның қазақ
елімен достық қатынастарға негізделген саясат жүргізуі де әсер етсе керек. Осы
жерде бір айта кетерлік нәрсеге, Абд ал-Азиздің билікке Надирмұхаммед хан
240
тақтан күштеп кетірілгеннен кейін келуі жатады. Жергілікті саяси күштердің
Надирмұхаммед ханға наразылығы, (оның ішінде Жалаңтөс батырдың да болуы
мүмкін) таққа басқа үміткерлерді отырғызуға алып келеді. Үміткерлер ішінен
Жәңгір ханның күйеу баласы және Жалаңтөс батырдың шәкірті Абд ал-Азиз жеңіп
шығады. Оған басқа да факторлармен бірге Жәңгір мен Жалаңтөстің ықпалдары
да әсер еткен деуге толық негіз бар. Ал Абд ал-Азиз хан билік құрған жылдары
қазақтармен қарым-қатынас бейбіт түрде дамиды. Жазба дерек мәліметтерінде екі
ел арасында есте қаларлықтай соғыстар, ұрыс-шайқастар кездеспейді. Мұндай
бейбіт қатынастардың бастауында Жәңгір ханның аштарханилық әулетпен
жүргізген бейбіт, туыстық саясаты жатыр деп толық сеніммен айта аламыз.
Жәңгір ханның билігі тұсында Қазақ хандығы Шығыс Түркістандағы моғол
билеушілерімен де жақсы қатынастар жүргізеді. Екі жақты қатынастардың тарихы
XVI ғасырдың басында қалыптасып, ол әртүрлі сипатта дамығаны белгілі.
Тәуекел, Есім хандар тұсында екі жақты қатынастар жақсарады да, Жәңгір ханның
кезінде ол одан әрі жалғасын тауып, жетілдіріле түседі. Шах Махмуд шорастың
«Тарихында» Жәңгір хан мен шағатайлық моғол ханы Абдаллахтың арасында
азғантай уақыт ішінде 5-6 елшіліктің барып қайтқандығы айтылады. Автордың
жазуы бойынша алғашқы елшілікті Шығыс Түркістанға Жәңгір хан жібереді.
Бірақ ол елшіліктің қандай мақсатпен барғандығы айтылмайды. Жауап ретінде
Абдаллах ханнан Сопы қожа бастаған елшілік Жәңгір ханға келеді. Оның да келу
мақсаты белгісіз. Жәңгір хан өз ұлдарының бірі, болашақ қазақ ханы Тәуке
сұлтанды Сопы қожаға ертіп, Шығыс Түркістанға аттандырады. Тәуке сұлтан
Шығыс Түркістанда зор құрметке бөленіп, Қошқар бек деген моғол елшісімен
бірге еліне аман сау оралады. Келесі кезекте Қошқар бекпен бірге Жәңгір ханның
үлкен ұлы Аппақ сұлтан моғол еліне жіберіледі. Сондай-ақ Жәңгір ханның бір
қызы Абдаллах ханның ұлы, Қашғар қаласының билеушісі Жолбарыс ханға
ұзатылады.
Жәңгір ханның моғол билеушілеріне қысқа уақыт ішінде бірнеше елшілік
жіберуінің өзіндік себептері болған. Бірінші себепке көршілес елмен бейбітшілікте
болу, сол арқылы екі жақты сауда - экономикалық байланыстарды жандандыру
жатса, екіншіге - болашақта жоңғарлармен болатын күресте моғолдармен
одақтастық қатынасты нығайтуды Жәңгір хан мақсат еткен дейміз. Болашақ
аштарханилық билеушіге бір қызын ұзатқаны секілді, болашақ моғол ханына да
бір қызын ұзатады. Сөйтіп, Жәңгір хан көршілес мұсылман елдеріндегі билеуші
әулет өкілдерімен туыстық қатынастарды нығайту, жаңарту арқылы XVII
ғасырдағы Қазақ хандығының ең басты қарсыласы – Жоңғарияға, оның билеушісі
– Батыр хонтайшыға қарсы одақ құруға күш салады деген қорытындыға келеміз.
Өйткені Батыр хонтайшының 1643/44 жылғы соғыста жеңілісінен кейін кек алу
үшін жаңа жорыққа дайындалып жатқанынан Жәңгір хан хабардар болатын.
Жәңгір ханның тақта отырып қандай саясат жүргізгені бізге беймәлім. Жазба
деректердің мәліметтеріне қарағанда ол үнемі ат үстінде, жаумен соғыста, алыс
241
жорықтарда жүргендей әсер береді. Оның өміріне қатысты соңғы дерекке – 1652
жылғы қазақ-жоңғар шайқасында Жәңгірдің қаза табуы туралы мәлімет жатады.
Осы дерек мәліметіне тереңірек тоқталып, 1652 жылғы ұрысқа, Жәңгір ханның
өліміне қатысты ойларымызды білдіріп көрелік.
Кейбір тарихи әдебиеттерде 1652 жылғы қазақ-жоңғар соғысы жеке, екі ел
арасындағы кезекті бір соғыстың бірі деп қарастырылады. Мәселеге тереңірек
үңілсек, оның 1643 жылғы қазақ-жоңғар соғысының жалғасы екндігіне көз
жеткіземіз. Бұған дейін жоғарыда айтып өткеніміздей, 1643/44 жылғы жеңілістен
кейін Батыр хонтайшы Жәңгірден кек алу үшін жаңа соғысқа дайындалады. Ол
үшін оған алдыменен Жоңғариядағы Жәңгірдің одақтастары – Хұндүлен
тайшыны, Далай тайшының ұлдарын жеңу керек болатын. Жоңғарияның екі саяси
серкесі арасындағы келіссөздер нәтижеге бермей, қатынас ушыға түседі де, ақыры
1646 жылы ол әскери қақтығысқа әкеп соқтырады. Жәңгір ханның одақтасы сол
қақтығыста 250 адамынан айырылады да, шегінуге мәжбүр болады. 1647 жылы
Зая Пандита соғысушы жақтарды татуластыруға күш салады. Оларды бір-бірімен
жолықтырып, бетпе-бет сөйлестіреді. Бірақ ол ойдағыдай нәтиже бермейді.
Одан кейінгі жылдары жоңғар тайшылары арасында бірнеше жылға созылған
қақтығыстар Батыр хонтайшыға қазақтарға қарсы аттануға қолбайлау жасайды.
Бірақ та жоңғарлар билеушісі жаңа жорыққа даярлығын тоқтатпайды. Біздің
ойымызша, дәл осы жылдары Батыр хонтайшының бұл әрекеттерінен хабардар
болып отырған Жәңгір хан оған қарсы мұсылман елдерінің одағын құруға, яғни
Шығыс Түркістандағы шағатайлық моғол хандарымен, Мауереннахрдағы
аштарханилар әулетімен саяси және туыстық қатынастарды нығайтуға күш салған.
Батыр хонтайшының қазақтарға жорығы ақыры 1652 жылы жүзеге асады. Оған
қарсы Жәңгір ханның өзі қазақ әскерін бастап шығады. Бірақ дерек мәліметтері
ұрыстың қалай жүргені туралы баяндамайды. Тек Батыр хонтайшының одақтасы,
хошоуыт тайпасының көсемі, Очирту-Цецен ханның 17 жасар ұлы Галдамның
Жәңгір ханды өлтіргенін ғана айтады. И.Я.Златкин дерек мәліметіне сүйеніп,
Жәңгір хан жекпе-жекте Галдамнан жеңіліп өлтірілді деп жазады. Бірақ мұндай
мәліметке сене қою қиын. Өйткені ұрыс басталар алдында жекпе-жекке тек екі
жақтың мықты, сенімді батырларының ғана шығатыны белгілі. Ал Жәңгір ханның
қалай қаза тапқаны туралы біз, өзіндік ойларымызды ортаға салып көрелік.
1643/44 жылғы соғыста орасан көп қолмен жеңіліс тауып, масқара болған Батыр
хонтайшы 1652 жылғы жрықта қалай болса да Жәңгір ханды өлтіруге бел буған.
Сол үшін де ол арнайы мерген- садақшылардан адамдар даярлап, оларға ұрыстың
қызған кезінде қазақ ханының жанына мүмкіндігінше жақын барып, өлтіруді
тапсырған. Бұл тапсырманы жоғарыда есімін атап өткен 17 жасар Галдам орындап
шыққан. Осылайша, бүкіл ғұмырын ат жалында өткеріп, елі мен жерінің азаттығы
мен тәуелсіздігін сақтау жолында жауларымен алысып, арпалысып өткен қазақ
ханы – Жәңгір хан нағыз ерлерше, нағыз батырлардай қан майданда қаза табады.
Оның денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесінің жанына қойылады.
242
Достарыңызбен бөлісу: |