Ж. Б. Кундакбаева, Шағатай ұлысындағы моңғол хандарының саясатындағы екі


Білімді тексеруге арналған сұрақтар



Pdf көрінісі
бет37/63
Дата02.03.2024
өлшемі7.94 Mb.
#494029
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   63
Қазақстан (Қазақ елі) тарихы 2-кітап

Білімді тексеруге арналған сұрақтар: 
1.Қазақ хандығының тарихында «уақытша әлсіреу» кезеңі деп қай жылдар 
айтылады? 
2. «Уақытша әлсіреудің» себептері қандай? 
3. «Уақытша әлсіреу» кезеңіндегі хандардың саясатына талдау жасаңдар. 
4. «Уақытша әлсіреу» кезеңінде қандай хандар билікте болды? 
5. «Уақытша әлсіреу» кезеңінің жалпы қорытындысы қандай? 


214 
§ 3. Хақ-Назар хан тұсындағы Қазақ хандығының саяси дамуы 
 Қазақ хандығының тарихында айбынды істерімен танымалы болған, атақты 
Қасым ханның жолын қуған ұлы – Хақназар ханның алатын орны ерекше. 
Зерттеушілердің барлығы дерлік Хақ-Назардың жоғарғы билікке келуімен 
мемлекеттің саяси және экономикалық жағдайының жаңа сатыға көтерілгендігін 
байланыстыра қарайды. О.Ф. Акимушкин, К.А. Пищулина, М.Х. Әбусеитова және 
т.б. зерттеушілер Хақназар хан тұсында Қазақ хандығы «қайта түледі» деп 
пайымдайды. Өйткені, «уақытша әлсіреуден» кейін мемлекет XVІ - ғасырдың 
екінші жартысында қайта жанданып, көрші елдерге қауіп төндірерлік күшке 
айналғандығын дерек мәліметтері де дәлелдей түседі. 
Қадырғали Жалайыр «Жами ат-тауарих» (Шежірелер жинағы) еңбегінде: 
«Оның (Қасым ханның) ұлы Хақназар хан Ханық сұлтан – ханымнан туған еді», - 
дейді. Зерттеуші А.И. Исин Ресей мемлекетінің архиві негізінде Қасым хан 1521 
жылдың басында қайтыс болды дейді, осы мәліметтің негізінде Хақназардың 1522 
жылдан кеш туылмағанын байқаймыз. 
Хақназардың жастық шағынан ақпарат беретін нарративті деректердегі 
мәліметтер мардымсыз, көбінесе аңыз іспеттес. Мәселен, Тахыр мен Бұйдаш 
үстемдік еткен жылдарда Хақназар бір ноғай мырзасының қолында тұрған деген 
мәліметтер де кездеседі. Сонымен қатар, Хақ-Назар хан тұсында қазақтардың үш 
жүзге бөлінгендігі жөнінде халық аузынан жеткен мағлұматтар да бар. 
Хақназардың хандық билікке келуіне байланысты деректерде әртүрлі 
мәліметтер мен пікірлер бар. Ахмед Ғаффар Казвинидің х.ж.б. 972 ж. (1564/65 
жыл) аяқталған «Тарихи джахан-ара» шығармасында: «Берді ханның ұлы, 
Жәнібектің ұлы, Сейдақ-ханның ұлы Қасым хан Дештінің патшасы болды. Ол 
(Қасым) 930 жылдың 1- айында (10.11.1523-28.10.1524 жж.) қайтыс болды. Қасым 
ханның баласы Хақ-Назар хан әкесінен кейін патшалықтың тағына отырды және 
енді Дештінің әміршісі болып табылады», - деген мәлімет бар. Әрине, бұл 
мәліметте Қасым ханның шығу тегін шатастырылу мәселесін В.В. Вельяминов-
Зернов, М.Х. Әбусеитовалар түсіндірген болатын. Бірақта, Қасым ханнан кейін 
билікке оның баласы Хақназардың келуі шындыққа жанаспайды. Өйткені, ол 
кезде Хақназар әлі бала еді. Сондықтанда, И.В. Ерофеева, М.Х. Әбусеитова,
Т.И. Сұлтанов және т.б. зерттеушілер Хақназар хандық билікті мұраланған жоқ 
деген қорытындыға келген. Зерттеуші О.Ф. Акимушкин Хақназар хан 1523-1524 
жылдары билікке келді десе, Н. Атығаев 1551-1556 жылдары келді дейді. Ал, 
зерттеуші Миллер: «50-жылдардың соңында Хақ-Назар хан болып жарияланды: 
ескі салт бойынша оның киіз үйіне ақ киізді әкеліп төседі; Молда хұтба оқып, төрт 
адам киіздің төрт жағынан ұстап, жаңа ханды көтерді. Хақ-Назардың патшалығы 
20 жылға созылды», - дейді Ал, Қойшығара Салғараұлы Хақ-Назар 1535 жылы-ақ 
билікке келген, өйткені, Бұйдаш ханның тұсында бірнеше ұсақ хандықтар болғаны 
белгілі деп пікір айтады. Т.И. Сұлтанов, И.В. Ерофеева билікке Хақ-Назар 1559-
1560 жылдары келді дейді. Зерттеуші Т.И. Сұлтановтың пікірінше, Хасан-бек 


215 
Румлудың «Ахсан ат-тауарих» шығармасында Хақ-Назар туралы ең алғашқы, ең 
ертеректегі хабар кездеседі. Онда 955 жылы, яғни, 1548-1549 жж. Хақ-Назар оғлан 
Пули-Хатун түбінде түркмендермен шайқасады. Бұл оқиға егжей-тегжейлі 
Махмұт ибн Уәлидің «Бахр ал-асрар» еңбегінде де кездеседі. Т.И. Сұлтановтың 
пікірінше, бұл екі деректегі екі мәліметте де Хақ-Назар оғлан, яғни, шыңғыс 
тұқымынан шыққан сұлтан делініп, хан атанбаған. Сондықтан, Хақ-Назар 1549 ж. 
кейін хан болған, 1559-1560 жылдары (967 ж.) деп қорытындылайды. Ал, 
ортағасырлық деректер бойынша Хақ-Назар билікке 1538 ж. келді делінген.
Хақ-назар хан Қазақстанның ортағасырлық тарихында белсенді, жаңа 
өзгерістерге тез бейімделетін және саяси көрегендігімен танымалы болған.
И.В. Ерофеева: «Хақ-Назар ханның барлық саяси қызметі қазақ қоғамын 
интеграциялауға және сыртқы жауларынан қорғап, өз еліне қауіпсіздікті 
қамтамассыз ету үшін болды», - деп көрстедеі. М.Ж. Көпеев Хақ-Назарды 
Қасымнан соң бытыраған елдің басын қосқан «даңқты хан» деп бағалайды: 
«Қасым хан өлген соң, балалары баққа, таққа таласып, ноғай, өзбек, қалмақ - 
үшеуі үш жақтан жау болып, бытшыт болыңқырап, Қасым ханның бел баласы 
Ақназарды хан көтеріп, бұл Ақназар қайратты кісі болып, «батыр хан» атанып, 
өзбек ханы Шайбаниларды жеңіп, Көшім ханды қорғалатып, орысқа тығылдырып, 
орыстың ол уақыттағы патшасы Қорқынышты Иван Ақназарға елші салып, сауда 
араластыру, керуен жүргізу үшін елдесіп, Ақназар қазақты Қасым хан 
уақытындағы қалпына бір түсірген», - деген екен. Т.И. Сұлтанов: «Хақ-Назар 
саяси жағдайды тез түсінетін, сезімтал және өз уақытын ұтымды пайдалана білген 
хан. … «Бахр ал-асрарда» Хақ-Назар қазақ және қырғыз ханы деп аталғанын»атап 
өтеді.
Осы тұста біз Хақназар хан тұсындағы Қазақ хандығының сыртқы саяси 
жағдайына жалпы тоқталып өтейік. Шах Махмұд Шорастың «Хроника», анонимді 
шығарма «Тарихи Қашқар», Махмұд ибн Уәлидің «Бахр ал-асрар» деректерінде 
Хақ-Назар хан тұсындағы қазақтар мен қырғыздардың біріккен қолы моғол ханы 
Әбді-Рашидтің ұлы Әбді-Латифті қарулы қақтығыста күйрете жеңіп, қақтығыс 
Әбді-Латифтің өлімімен аяқталғаны туралы мәліметтер бар. Және осындай
қақтығыстың бірінде (1555-1556 жж.) Хақ-Назар хан қаза тапты дейді. Әрине, 
зерттеуші М.Х. Әбусеитова бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтындығын атап 
өтеді. Сонымен қатар, моғол ханы Әбді-Рашид суық хабарды естіп, Наурыз Ахмет 
ханнан (Шайбанилық Барақ хан) көмек сұрап, соғысқа дайындалады. Жоғарыдағы 
айтылған қазақ-моғол қарым-қатынасына байланысты деректердің мәліметтері 
бір-біріне қарама-қайшы. 


216 
XVІ ғ. 50-жылдарының соңынан бастап 
Қазақ хандығы ноғайларға, Көшімнің Сібір 
хандығына, Орта Азия хандықтарына 
елеулі қауіп төндірді. Мәселен, 1558-1559 
жылдары Орта Азияда болған ағылшын 
көпесі А.Дженкинсон «мұсылман дініндегі 
қассақтар» туралы өте күшті және саны көп 
халық деген пікір айтқан. Ол өзі келерден 
бұрын қазақтар Ташкентті үш жылдан бері 
тықсырып келгенін және шабуыл жасау 
арқылы керуендердің еркін жүріп өтуіне 
кедергі жасап отырғанын хабарлаған. Бұл 
Ташкентке үнемі қатер төндірген Хақ-
Назар ханның қосындары болатын. 
XVІ ғ. қазақтар туралы мәліметтер 
башқұрт 
аңыздарында, 
ноғай 
мырзаларының Мәскеуге шағымдануында 
да, 
орыс 
елшілері 
мен 
саудагер 
көпестерінің жазбаларында және көптеген 
деректерде 
кездеседі. 
Мәселен,
П.И. Рычковтың «Орынбор тарихында» 
(1806 
ж.) 
башқұрт 
биі 
Қадыряс 
(Қадырілияс) Мұлақаевтың айтуында мынандай мәлімет берілген: «Ақназар 
(Хақназар) хан болғаннан кейін, хандық айтарлықтай нығайды. Ол тек ноғайлар 
мен Башкирияны өз құрамына енгізіп қойған жоқ, сонымен қатар Қазан, Сібір, 
Астрахань хандықтарын, Бұхара, Хиуа, Ташкент және басқа көптеген қалаларды 
өздеріне бағындырып, олардан алым-салық алып тұрды», - делінген. Алайда 
кейбір зерттеушілер бұл деректердің дұрыстығына күмән келтіреді. 
Зерттеуші А.Исиннің қазақ-ноғай қарым-қатынасына арналған ғылыми 
еңбегінде Хақназар хан тұсындағы Қазақ хандығының саяси тарихының кейбір 
қырлары қарастырылған. Сонымен қатар, 1557 ж. Ноғай мырзасы Ысмайыл Ресей 
патшасы ІV Иванға: «Қазір менің немерелерім Жайықтың арғы жағында қалып, 
қазақ патшасына қосылды, сөйтіп, менімен соғысу сәтін күтіп жүр», - деп шағым 
айтқан. Және 1569 жылы ІV Иван патшаның ноғай мырзаларына жіберген елшісі 
Семен Мальцев: «Қазақ ордасынан Ақ-Назар хан, Шығай ханзада мен Жалым 
ханзада олармен 20 сұлтандар Ноғайларға келіп шапты», - деп хабарлайды. Бұл 
хабар Хақназар бастаған қазақтардың саяси белсенділігінің өсе түскендігін 
дәлелдейді. 


217 
XVІ ғ. ІІ-ші жартысында Қазан (1552 ж.), Астраханды (1556 ж.) өзіне 
бағындырған Ресей Орта Азия хандықтарымен қарым-қатынастарды жолға қою 
үшін, Сібір арқылы қазақтармен де байланыс жасауға талпыныс білдірді. 
Сондықтан да көршілері туралы мәліметтерді орыс елінің елшілері, шетелдіктер, 
саудагерлері арқылы жинастырды. 1573 ж. ағайынды Строгоновтардың қатты 
өтінуімен Хақназар ханға Третьяк Чебуков бастаған орыс елшілігін жіберген 
кезде, Иван Грозныйдың елшілердің алдына Қазақ хандығымен тікелей байланыс 
орнату мақсаты ғана емес, онымен Сібір ханы Көшімге қарсы әскери одақ жасасу 
мақсатын да қойғаны кездейсоқ емес. Өйткені, ол кезеңде Қазақ ханы Хақназар 
мен Шайбанилық Сібір ханы Көшім арасында да күрестер болып жатты. Ал 
Көшім хан үшін де Хақназар өте елеулі қарсыласы болды. Мәселен, Мәскеу 
патшасының елшісі Иван Поздеевпен әңгімесінде Көшім өз билігі туралы 
сенімсіздікпен былай дейді: «Қазір сіздердің патша ағзамыңызға және ұлы князьге 
алым жинап, елшілер жіберемін, ал ертең мен қазақ патшасымен соғысамын да, 
мені қазақ патшасы жеңіп, Сібірге отырар болса, сөз басқа, ол патша ағзаға алым 
беруді ойламайды», - дейді. Осылайша, қазақтардың күш-қуатынан қорыққан 
Көшім хан Мәскеуден жіберген (1573 ж.) елшіні өлтіреді. Бұл жайында зерттеуші 
А. Миллер: «1573 жылы Иван Грозный Хақназарға өзінің алғаш елшісін жібереді. 
Елші қазақ жеріне дейін жетпейді, жолда Көшім әскерінің қолына түседі», - дейді. 
Әрине, бұл мәліметтерден Ресейдің қазақ елімен одақ құрып, байланыс жасау 
ниеті, сол кезеңдегі Қазақ хандығының күшті мемлекет болғандығының айғағы. 
Тарихшы В.Я. Басин: «Осындай Ресей сияқты көршісімен достасу қазақ халқына 
үлкен табыстар әкелетінін Хақназар хан түсінді», - дейді. 
Көрші елдерге қауып төндірген мықты Қазақ хандығы өзінің ішкі және 
сыртқы қарым-қатынастарын реттеуді жолға қойды. Хақназар хан жазба деректер 


218 
мен халық ауыз әдебиеті бойынша, зерттеушілердің бағалауынша саяси көреген 
және шебер дипломат болған. Сондықтан да Қазақ хандығы Хақназар ханның 
тұсында Қасым ханның уақытындағыдай қайта өрледі. Міне, осы айтылғандардың 
барлығын жинақтап, одан ортақ ой түйсек, Хақназар ханның кезінде Қазақ 
хандығының бір орталыққа бағынып қана қоймай, көрші сырт елге айбат көрсетіп, 
өзімен есептесуге мәжбүр еткен үлкен күшке айналғанын көреміз. 
Қалай дегенде де, XVІ ғ. 50 ж. Қазақ хандығының бірнеше майданда бірдей 
қабат әрекет жасауы, дәлірек айтқанда Тәуекел сұлтан бастаған қазақтардың 
шығыста қалмақтармен (1554 ж.) соғысуы, оңтүстік-шығыста Хақназардың (1555-
1556 жж.) моғолдармен соғысып, Әбділатифты өлтіруі, оңтүстікте Ташкент 
билеушісі Шайбанилық Барақ (Наурыз Ахмет) ханды үш жыл бойы (1557-
1558жж.) үрейде ұстауы, батыста Ноғай мырзаларын тықсырып, оларға қауіп 
төндіруі Хақ-Назар хан басқарған Қазақ хандығының қаншалықты күшейткенін 
көрсетсе керек.
XVІ ғ. ІІ-жартысында қазақтардың Шайбанилер әулетімен қарым-
қатынасының сипаты XVІ ғ. бірінші он жылдығындағыдан көп өзгере қойған жоқ. 
Бұл байланыстар өте тығыз және әралуан болды. Әскери қақтығыстар, одақтасу 
мен достық қатынастармен ауысып, некелік одақтар да орын алды. Бұл тұста айта 
кетерлік жәйт, Хақназар ханмен одақтасып оған жақындауға үлкен қызығушылық 
танытқан Шайбани әулетінен шыққан ІІ Абдолла хан еді. Шайбанилық Абдолла 
Ескендір ханның ұлы – Бұхара, Герат және Хорасанның ұлы билеушісі. Көрнекті 
мемлекет қайраткері және шебер дипломат болған ІІ Абдолла қазақтардан мықты 
әскери-саяси күшті көре білді. Бұл күшті Абдолла өзінің билігін нығайту 
мақсатында пайдаланғысы келді. Өйткені, қазақтармен шекаралас тәуелсіздікке 
ұмтылған вассалдарының көтерілістерін қазақтардың күші арқылы басып отыруды 
көздеді. 
1561 ж. Абдолла патшалықтың тағына өзінің әкесі Ескендірді отырғызып, 
өзінің қарсыластары, бөлек уәлияттардың билеушілерімен сәтті күрестерін 
жүргізді. Зерттеуші Т.И. Сұлтанов: «Шайбанилық Абдолла 1557 ж. бастап 
өзбектердің билеушісі болды», - дейді. Яғни, таққа әкесін отырғызғанымен іс 
жүзінде хандықты өзі басқарды. Сөйтіп, 1583 ж. әкесі Ескендір қайтыс болғаннан 
кейін, хандық билікті өз қолына алады да, 1598 жылға дейін, яғни, қайтыс 
болғанға дейін отырады. М.Х. Әбусеитованың жазуынша «Абдолла ханның билігі 
хандық биліктің күшеюімен сипатталды, ол тек қана сәтті жаулап алушылық 
жорықтардың негізінде ғана емес, сонымен бірге, ол барлық өзіне қарсы келген 
туыстарын жеңіп, оларды қырған». Бұл ханның билік құрған кезеңінде өзбек 
тайпаларының ақсүйектерінің өкілдері «қызметкер адамдардың» жағдайында 
болды, сөйтіп, ханда қызмет етіп белгілі бір күшке ие болса да, олардың өзіндік 
саяси рөлі болмады.
Жоғарыда атап өткендей, Абдолла хан қазақтардан әскери-саяси күшті 
көріп, сол арқылы өз билігін бүлікшіл Шайбанидтерді жеңу арқылы жетуді мақсат 


219 
етеді. Өзінің бәсекелес туыстарын жеңу мақсатында, Хақназар ханмен «ант беріп, 
одақ құрады». Ол арқылы екі ел бір-бірін қолдап, бейбіт қатынастарды сақтауға 
міндеткерлік алды. Ал Қазақ ханы Хақназар өзінен бұрынғы қазақ хандарымен 
жауласып келген Мауреннахрдағы Шайбани әулетімен одақтасуға ұмтылды. 
Сөйтіп, Шайбани әулетінен шыққан Абдолламен Қазақ ханы Хақназар достық 
қатынаста болып, өзара көмектесу жөнінде анттасып, шарт жасасты. Хақназардың 
бұл дипломатиялық шарасы өте орынды болды. Осы келісім шарттың нақты 
мазмұны белгісіз, тек қана «Біз қазір де мәртебелімен жасасқан шартымыз бен 
одағымызға адалмыз», - деген сөздерден 1579 ж. дейін қазақтар мен Бұқара 
ханының тығыз қарым-қатынаста болғанын көреміз. Мұндағы «анттасқан шарт» 
арқылы тек достық байланыстар ғана емес әскери одақтар да болғанын зерттеуші 
Т.И. Сұлтанов атап өтеді. 
Осы тұста XVІ ғ. 60-70 жылдары соғыс қимылдары тоқтап, қазақтар Орта 
Азия халықтарымен бейбіт сауда-экономикалық қатынастарын өрістеткендігін 
атап өткен жөн. Мұның өзі Қазақ хандығының ішкі жағдайын жақсартуға 
мүмкіндік берді. 
XVІ ғ. 70-жылдардың соңында қазақтарға сәтсіздік әкелген ірі оқиғалар 
болды. Бұл кезде Абдолла мен Барақтың ұлы Баба сұлтан арасында күрес 
басталды. Соғыстың басталуына себеп болған оқиға - Ташкенттің билеушісі етіп 
Абдолла ханның отырғызған Дервишті (Барақ сұлтанның үлкен ұлы) Баба 
сұлтанның өлтіріп, өзін билеуші етуі болды. 
Бұл күресте қазақтардың қандай бағытты ұстанатынын білу Абдолла хан 
үшін өте маңызды еді. Өйткені, біріншіден, қазақтар Баба сұлтан жағына шығып 
кетуі мүмкін деп ол қауіптенді. Екіншіден, өз күшіне ғана сенім арта алмады. 
Абдолла ханға сол кездің өзінде-ақ бүлікшілер қазақтармен сөз байласып, 
өздерінің заңды әміршісіне қарсы жорық жасамақ екен деген ақпар жеткен еді. 
Бірақта Қазақ ханы Абдолла ханмен жасасқан шарттан басқа да өзіндік мүддені де 
басшылыққа алды. Сондықтан да, Хақназар хан Абдолла ханды қолдады. Өйткені, 
Сырдария өзенінің орта ағысы бойында орналасқан басқа да қалалар сияқты 
Ташкент те XV ғ. соңынан бастап Шайбани ұрпақтары мен Қазақ хандары 
арасындағы күрестің себепшісі болғанын атап өту қажет. Сыр өңіріндегі қалалар 
Қазақ хандығы үшін әскери олжа және жеңіліс тапқан жағдайда сенімді пана 
ретінде, экономикасында да өмірлік маңызы зор болды. Сонымен бірге, Баба 
сұлтан Ташкенттің түпкілікті билеушісі болса, оның орталыққа бағынған мықты 
әскері болар еді және Қазақ хандары Ташкентке қауіп төндіре алмай, шұрайлы 
орталықты басып алу үміттері жоғалар еді. Ал Абдолла хан билеген бұқаралықтар 
үшін Ташкентті жоғалту маңызды сауда орталығын жоғалтумен тең еді. Сол үшін 
де қазақ хандары мен сұлтандары Абдолла ханға белсенді қолдау көрсетті. 
Хафиз Таныштың еңбегі бойынша Хақназар Абдолланың Баба сұлтанмен 
күресіне белсене араласты. Бұл көмек бүлікшілерді жеңуде шешуші рөлді 
атқарды. Сөйтіп, 1579 ж. сәуірде Ташкент маңында Баба сұлтан жеңіліс тапты. 


220 
Бірақта ол қашып кетіп, қазақ даласына тығылды. Қазақ ханы мен Шайбанилық 
Абдолла арасындағы одақты бұзу үшін Баба сұлтан арамдыққа барды. Ал 
Хақназар хан өзбек хандарының өзара алауыздығына араласып, бірде Баба 
сұлтанды, бірде Абдолланы екеуін де әлсіретуді ойлап, осылайша жағдайды өз 
пайдасына шешпек болды. 
1579 ж. мамырда Баба сұлтан өз ойын асыру үшін Абдолла ханның 
ордасына өз адамын (лазутчик) жіберіп, Қазақ ханы мен Баба сұлтан арасындағы 
Абдолла ханға қарсы құпия одақ әзірленіп және Бұқараны басып алуға 
дайындалып жатқанын біледі. Абдолла хан Баба сұлтанның адамына сенбей, оны 
зынданда ұстап, Хақназарға адам жіберіп, сұрау салады. Қазақ ханы ол жайында 
ешнәрсе білмейтінін хабарлайды. Сондықтан, Абдолла хан лазутчикті жалған 
мәлімет үшін жазалайды. Бұдан біз Бұқаралық Шайбан әулетінен шыққан 
Абдолланың қазақ ханының бір ауыз сөзіне сенгендігін көреміз. Яғни, олардың 
одағы көп уақытқа дейін берік болған секілді. Көп уақыт өтпей Абдолла ханға 
достыққа адалдығын жеткізу үшін Қазақ хандығынан елші келеді. Елші арқылы 
Хақназар Абдоллаға «анттасқан шартқа» беріктігі мен мызғымас достығын айтып, 
«біз қазір де жасасқан одақ пен шартымызға адалмыз» дейді. Сонымен қатар, 
«және де Баба сұлтанның балаларынан Ұбайдолла сұлтан, оның әмірлерінен Жан-
Мұхаммед – аталық найман және Шах-ғази-бий дұрман (Баба сұлтаннның) 
бірнеше ақсүйектерімен тұтқынға түсті. Егер (Абдолла хан) қаласа тұтқындарды 
оған жібереміз. Егер ол олардың бастарын жібер десе біз солай жасаймыз», - деп, 
уәдесін бекіте түседі. Абдоллаға осы мәлімет жеткенде, хан елшіні патшаға 
лайықты сыйлықтар мен қымбат халатпен сыйлап, елшіге қосып қазақтарға 
Сұрхын аталықтан сәлем айтып жібереді. Дұға оқылып болғаннан кейін, ондағы 
барлық хақандарға Түркістан уәлиятындағы төрт қыстақты сыйлаймыз, олар ары 
қарайда осы одаққа берік болып, адалдығынан таймасын, ал тұтқындарды тезірек 
бізге жіберсін дейді. 
М.Х. Әбусеитованың пікірінше Түркістанның төрт қыстағын сыйға тарту, 
анттасу шартының тармақтарының бірі болған. Абдолла хан 1579 ж. тамызда Баба 
сұлтанмен бітім жасасады. А. Миллердің пікірінше: «Біраз уақыт өткен соң Баба 
сұлтан жаңа арамдығын іске асырып, өз мақсатына жетті. Ол Абдоллаға бағынған 
кейіп танытып, 1579 ж. тамызда бейбіт бітім жасасты. Осымен бір уақытта ол 
қазақтарға маңызы зор аймақтар – Түркістан мен Сауранды беремін, егерде олар 
Абдоллаға қарсы шықса деп хабар береді. Хафиз Таныш: «(Баба сұлтан) қазақ 
сұлтандарының жер қайысқан әскеріне қарсы тұруға өзінің мүмкіндігі мен күші 
болмағандықтан олармен одақ жасасты, Яджуджам сияқты осы тобырға (Баба 
сұлтан) сойырғыл ретінде Иасы және Сауран уәлияттарын берді», – делінген. 
Бірақта бұл мәліметте қазақ ханының аты аталмайды. Сондықтан да біз бұл одақ 
Баба сұлтан мен кейбір жеңіл олжа тапқысы келген қазақ сұлтандары арасында 
болды деуімізге негіз бар. Ал Баба сұлтан өз кезегінде бұл уәлияттарды беру 
арқылы қазақ сұлтандарын Бұқараға бірлесіп шабуыл жасауға көндірмек ниетімен 


221 
болды. Ол бүлікші қазақ сұлтандарымен кеңесе келіп, қазақтан Сарбан сұлтан 
Сырдариядан жүзіп өтіп Бұқараның түмендеріне шабуыл жасауға, ал Бұзағыр 
сұлтан басқа бауырларымен Самарқанд уәлиятына аттану тиіс деп шешті. Бірақта, 
Бұзағыр сұлтан бірінші болып аттанып, Сырдариядан өтіп, жолындағының бәрін 
қиратып, талап-тонап Кенбай деген жерге дейін жетті. Көп олжа алып кері қайтты. 
Нақ сол кезде Сарбан сұлтан көп әскерімен Сырдариядан өтіп, Бұқара маңын 
шапты, олардың барлық малын айдап әкетті. 
Осылайша қазақ сұлтандары мен Баба сұлтан әскері одақтасып 1579 ж. 
соңында Бұқараны шауып, олардың малдарын айдап әкетті. Ал Бұқараның 
билеушісі бұл іске қатты наразы болды. Өйткені, Яссы мен Сауранды қазақтарға 
беру Абдолланың жоспарында болмады. Ол қазақтардың күшеюін қаламады, 
оларға тек уақытша әскери одақ ретінде қарады. Сөйтіп, Бұқараға шабуылдан 
кейін Абдолла хан қазақтарға қарсылығын күшейте бастады. А. Миллердің 
жазуынша «Осыдан кейін Абдолла мен Хақназар арасындағы одақ бұзылады».
Бірақта, қазақ хандығының Баба сұлтанмен одағы баянды болмады.1580 ж. 
Баба сұлтан Абдоллаға қарсы қарулы күресін қайталады. Тарихшы А.Миллердің 
пікірінше: «Хақназар осы тұста ешбір іс-қимылсыз болды, ол өзінің Баба 
сұлтанмен жақындасуын қателік екенін түсінген болар, бірақта, Абдоллаға да бас 
иіп барған жоқ және Түркістанды да өз ықтиярымен бергісі келмеді». Бұдан біз 
Хақназар ханның Баба сұлтанмен одақтаспағанын, оның Бұқара ханның алдында 
ешбір кінәсі жоқ екенін және кінәсіз өзімен тең одақтасына бас иіп кешірім 
сұраудың қажеті жоқ екенін түсініп, ешбір іс-қимылсыз болғанын көреміз. Ал 
Баба сұлтанмен одақтасқан қазақтың өзге сұлтандары болғаны сөзсіз. Осылайша 
ешбір кінәсіз болған Хақназар Баба сұлтанды өлтіруді ойластырады. 
1580 ж. сәуірде Ташкент әміршісі әскери күш жинап, қазақтарға Абдолла 
ханға қарсы бірігіп аттануды ұсынып, Жанқұлы биді елші етіп оларға жібереді. 
Осы кезде Хақназар, Баба сұлтанның қайын атасы Жалым сұлтандар Бабаны 
өлтірмек болып, қастандық ұйымдастырады. Бірақ қастандық кездейсоқ ашылып 
қалады. Өйткені, осының бәрін естіген Жанқұлы биді өлтіру тапсырылған адам 
оны аяп босатып жібереді де, ол Баба сұлтанды алдын ала ескертуге мүмкіндік 
берді. Осы уақытта Баба сұлтан Шерабхан өзенінің жағасында Хақназардың 
жіберген өкілдерімен сөйлесуге келеді. Онда Жалым сұлтан екі ұлымен және 
Хақназар ханның екі ұлы ешнәрседен күдіктенбей барады. Олар сөйлесіп болған 
соң, бірігіп Хақназарға бармақшы болады. Жол жөнекей Баба сұлтан күтпеген 
жерден ат үстіндегі сұлтанды ұстап алып, өз адамдарына белгі береді. Күдіксіз 
қазақ сұлтандарын қылышпен шауып өлтірді. Ол жайында Хафиз Таныш: 
«Олардың қызыл қаны бүкіл даланы бояп, қызғалдақтай жайылды», - деп 
көрсетіді. Осыдан кейін, Баба сұлтан Бұзағырға Хақназарды қуып жетіп, оны 
қылышпен өлтіруді бұйырады.
Хақназардың қалай, қай жерде, не себепті өлгені туралы еш бір деректе 
мәлімет жоқ. Бірақта Бұзағыр өзін Баба сұлтанның өлтірмек ниетін біліп қойып, 


222 
қашып кеткені ғана мәлім. Сонда Баба сұлтан оның ізімен Бөлтірік бидің баласы 
Достым биді жіберген. «Олар күтпеген жерден Бұзағыр сұлтан әскерінің 
Хақназардың мүлкі мен малын қолға түсіріп, оны қуып бара жатқан қосынына 
ұшырасты», - делінген. Бұл оқиғалардың барлығы кеш дегенде 1580 ж. мамырға 
дейін болған, өйткені, сол кезден бастап Хақназар туралы хабар ешбір деректе 
кездеспейді. Және де Хақназар ханның Баба сұлтан адамдарының қолынан қаза 
тапқаны айтпаса да түсінікті секілді. 
Осы оқиғадан кейін, мұны естіген Абдолла хан Баба сұлтанға елші жібереді. 
Онда: «Біздің бұрынғы және сендердің де дұшпандарың қазақтардың өліміне біз 
өте қуаныштымыз. Бірақта бізге сенің адалдығыңа сенімділігіміз нығаюы үшін сен 
Бұзағыр сұлтанды өлтір, сонда Ташкент уәлияты өз қолыңда қалады. Ал егер олай 
болмаса, сені де құртып, ешқашан кешірмейміз», - дейді. Қадырғали Жалайырдың 
бойынша «оның ұрпағы осыдан кейін патшалық етпеді». 
Хақназар ханның генеологиясына тоқталсақ, оның екі ұлын 1580 ж. Баба 
сұлтан өлтірген. Ал Мунгатай мен Дін Мұхаммед деген екі ұлы 1588 ж. 
Ташкенттегі көтеріліске белсене қатысқан екен.
Бұл мәліметтерден біз Хақ-Назардың халқының қамын ойлаған билеуші, 
шебер дипломат, көреген саясаткер және талантты қолбасшы болғанын көреміз.
Осылайша, Қазақ хандығы Хақназар ханның тұсында ішкі және сыртқы саяси 
жағдайы жақсарып, қазақ мемлекетімен көрші жатқан орыс, өзбек және т.б. елдер 
байланыс жасап, достық одақтар жасауға ұмтылды. Өйткені, XVІ ғ ІІ жартысында 
Қазақ хандығы Хақназар ханның тұсында шын мәнінде қайта түледі.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   33   34   35   36   37   38   39   40   ...   63




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет