8 лекция. Тақырыбы Азаматтық құқықтағы өкілдік
Жоспары
Өкілдік ұғымы
Сенімхат
Өкілдік деп басқа адамның (өкілдік берушінің) атынан бір адамның (өкілдің) сенімхатқа, заңдарға, сот шешіміне, әкімшілік құжатқа негізделген өкілеттігі күшімен жасаған мәмілесін айтамыз. Бұл мәміле, яғни өкілдік берушінің азаматтық құқықтары мен міндеттерін тікелей туғызады, өзгертеді және тоқтатады.
Өкіл жасаған мәміле бойынша тікелей өкілдік берушіде құқықтар мен міндеттер пайда болады.
Сипаты жөнінен тек жеке өзі ғана жасауға болатын мәмілені, сондай-ақ заң құжаттарында көзделген реттердегі басқа да мәмілелерді өкіл арқылы жасауға жол берілмейді.
Іс-әрекеттердің бәрін өкіл арқылы істеуге бола бермейді. Заң бойынша олардың кейбіреулері үшін оның өзі қатысуы керек болады. Заңдылық әрекеттерді өзі ғана жасауы керектігі заңда айтылмаған немесе сол әрекеттердің сипатынан тумаған жағдайлардың бәрінде де өкілдікке рұқсат беріледі. Мәселен, өсиет қалдыру мәселесінде өкілдік болмайды, өйткені қағазға өсиет қалдырушы қол қоюы керек, некені тіркеуде, лекция оқу, сахнада ойнау сияқты жеке өзіндік міндеттерді орындауда арада өкілдік жүрмейді.
Өкілдік институтының мазмұны субьектілер құрамы туралы ережемен айқындалады, ал ол өз кезегінде құқықтар мен міндеттердің пайда болуына, олардың мазмұндарына, қорғану түрлеріне негізделеді. Аталған негізгі элементтердің сипаты өкілдік ұғымы арқылы көрінеді. Өкілдіктің субьектілерінің құрамы үш адамнан - өкілдік беруші, өкіл және үшінші жақтан тұрады. Өкілдік беруші өкілге іс-әрекеттерді жасауды тапсырып, тиісті сенімхат берген болса ғана немесе өкіл өзінің қызметтерін заң нұсқауы немесе заңды тұлғаның құжаттары бойынша істейтін болса ғана өкілдің іс-әрекеттері өкілдік беруші үшін құқықтар мен міндеттер тудыра алады.
Азаматтық құқықтың кез келген субьектілерінің бәрі бірдей өкіл бола алмайды. Азаматтық әрекет қабілеттілігі бар кез келген тұлға, яғни азаматтар мен заңды тұлғалар өкіл бола алады.
Өкілдік құқықтық қатынас бола отырып, төмендегі көрсетілген заңды фактілер негізінде туындайды.
1) өкілдік қатынастарды туындататын мәмілелер, мысалы, сенімхаттың берілуі (АК-тің 167 бабы), коммерциялық өкілдік туралы келісім шарттың жасалуы (АК-тің 166 бабы), тапсырма келісім шартының жасалуы, экспедитор, сатушы, касса қызметкері реттерінде жұмысқа қабылдау туралы еңбек келісім шартының жасалуы және т.б.).
2) заң бойынша өкілдік қатынастарын туындататын оқиғалар, мысалы, баланың туылуы заң бойынша оның әке-шешесінің өкілдік міндеттерін туындатады.
3) қатынастарды өкілдік арқылы қалыптастыратын сот шешімі,мысалы, азаматты әрекет қабілеттілігі жоқ деп және оған қамқоршы тағайындау туралы сот шешімі, әрекет қабілеттілігі шектелген азамат пен оның қамқоршысының арасында өкілдік қатынасты туындатады.
4) заңға сәйкес өкілдік қатынасын туындататын әкімшілік актісі, мысалы, асырап алушыны тағайындау.
Өкілдің өкілеттілік шеңбері тек өзіне ғана емес, онымен қатынасқа түсетін немесе болатын барлық субъектілерге де қатысты, яғни олар да сол өкілдің өкңлеттілігі шеңберінде құқықтық қатынаста болуы шарт.
Өкілдің өкілеттілігі өкілдік пайда болған заңды фактінің мазмұныннан шығады. Филиалдар мен өкілдіктердің басшыларын тағайындауға байланысты өкілдік, оларға өкілдік міндетін атқару үшін сенімхат берілуі талап етіледі.
Соттың шешіміне, оқиғаға негізделген өкілдік кезінде өкілдің өкілеттілігі сол өкілеттіліктің туындауы қарастырылған заңдық нормаға сәйкес туындайды. Мысалы, баланың туылуына байланысты өкілдік АК-тің 23-ші бабына сәйкес туындайды.
Өкілдік заңды және ерікті деп бөлінеді. Заңды өкілдік тікелей заңнан туындайды, әрі ол өкілдік берушінің еркіне байланысты емес.
Шартқа негізделген өкілдік ерікті өкілдік деп аталады. Мұның өзі өкілдік берушінің еркіне байланысты болады. Өкілдік беруші өкілді тауып қана қоймай, оның өкілеттігін де айқындайды. Сонымен бірге өкілдік берушінің атынанзаңдық әрекет жасарда өкілдің өзімен де келісім жасау талап етіледі. Өкілдік беріші мен өкіл арасында шарт жасалып, онда өздерінің ішкі қарым-қатынастарын айқындайды.
Кәсіпкерлер шарт жасасқан кезде олардың атынан үнемі және дербес өкілдік етуші адам (коммерциялық өкіл) өкілдің өкілеттігі көрсетілетін жазбаша шарт негізінде, ал ол көрсетілмеген жағдайда – сенімхат негізінде әрекет жасайды. Коммерциялық өкіл сонымен бір мезгілде өзінің қатысуымен жасалатын шарттың түрлі тараптарының мүдделерін білдіре алады. Бұл орайда ол өзіне берілген тапсырмаларды кәдімгі кәсіпкердің ыждағаттылығымен орындауға міндетті.
Коммерциялық өкілдік кәсіпкерлік қызметке жатады. Заңды тұлғалар да жеке тұлғалар да коммерциялық өкілдер бола алады.
2. Бір адамның (сенім білдірушінің) өз атынан өкілдік ету үшін екінші адамға (сенім білдірген) берген жазбаша уәкілдігі сенімхат деп танылады.
Сенімхатты пайдалану кезінде уәкілдік дегеніміз өкілдің өкілдік беруші атынан іс-әрекетке қатынасуы, ал өкілеттік - өкілдік беруші үшін өкілдің жасауға құқылы әрекеттерінің шеңбері болып табылады.
Заң жағынан қарағанда сенімхат беру - бір жақты мәміле, яғни бұл өкілеттікті беру үшін бір тараптың өкілдік берушінің ерік білдіруі қажет және жеткілікті, сондықтан да өкілдің келісімі талап етілмейді.
Мүлікке билік жасауға және нотариаттың куәландыруын талап ететін мәмілелер жасауға берілетін сенімхатты, егер заң құжаттарында өзгеше белгіленбесе, нотариат куәландыруға тиіс.
АК-тің 167-ші бабына сйкес нотариат куәландырған сенімхаттарға:
госпитальдарда, санаторийлер мен басқа әскери емдеу мекемелерінде емделіп жатқан әскери мен басқа әскери-емдеу мекемелерінің бастықтары, медицина бөлімі жөніндегі орынбасарлары, аға және кезекші дәрігерлері куәландырған сенімхаттар;
мемлекеттік нотариальдық кеңселер мен басқа да нотариалдық әрекет жасайтын органдары жоқ әскери бөлімдер, құрамалар, мекемелер және әскери-оқу орындары орналасқан мекендердегі осы бөлімдердің, құрамалардың, мекемелердің, оқу орындарының командирлері (бастықтары) куәландырған әскери қызметшілердің сенімхаттары, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілердің, олардың отбасы мүшелері мен әскери қызметшілер отбасы мүшелерінің сенімхаттары;
бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдардың бас бостандығынан айыру бастықтары куәландырған сенімхаттары;
халықты әлеуметтік қорғау мекемелеріндегі кәмелетке толған әрекет қабілеттігі бар азаматтардың осы мекеменің немесе тиісті халықты әлеуметтік қорғау орындарының басшысы куәландырған сенімхаттары теңестіріледі.
Хат-хабар, соның ішінде ақша және сәлемдеме алуға, жалақы және азаматтар мен заңды тұлғалардан өзге де төлемдер алуға сенімхатты сенім білдіруші тұратын аумақтың жергілікті басқару органдары, ол жұмыс істейтін немесе оқитын ұйым, тұрғылықты жері бойынша тұрғын үй пайдалану ұйымы, ол емделіп жатқан тұрақты емдеу мекемесінің әкімшілігі, сондай-ақ әскери қызхметшілерге сенімхат берілгенде тиісті әскери бөлімдердің командованиесі куәландыруы мүмкін. Құжат жіберуді байланыс қызметкері жүзеге асырған кезде телеграф арқылы, сондай-ақ байланыстың басқа да түрлері арқылы жіберілетін сенімхатты байланыс органдары куәландырады.
Үшінші жақтар сенім білдірілген адамға сенім білдіруші факсимилелік және өзге де байланыстар бойынша, ресми байланыс органдарының қатысуынсыз жолдаған өздеріне қатысты әрекеттер жасау үшін берілген сенімхатты түпнұсқа деп санауға құқылы.
Заңды тұлға атынан сенімхат оның басшысы немесе бұған оның құрылтай құжаттарымен уәкілдік берілген өзге де адамның қолы қойылып беріледі және сол ұйымның мөрімен бекітіледі.
Ақша және басқа бағалы мүлікті алуға немесе беруге мемлекеттік органның, коммерциялық ұйым мен коммерциялық емес ұйымның атынан берілетін сенімхатқа сол ұйымның бас (аға) бухгалтері де қол қоюға тиіс.
Өкілдің алған өкілеттігінің көлемі мен мазмұнына орай сенімхаттың үш түрі болады:
1) бас сенімхат – ол белгілі бір кезеңге арналып, әртүрлі мәмілелер жасайтын өкілге беріледі.
2) арнайы сенімхат - ол біртекті мәмілелер жасайтын өкілге беріледі;
3) бір мәрте берілетін сенімхат – ол тек бір әрекет жасау үшін беріледі.
Сенім білдірілген адам өзіне уәкілдік берілген әрекетті өзі жасауға тиіс. Алған сенімхат бойынша сенім ауыстыруға уәкілдік берілген не сенім білдірушінің мүдделерін қорғауға мәжбүр болған ретте ғана ол осы әрекеттерді жасау сенімін басқа адамға аудара алады.
Сенім білдірілген адамның өз өкілеттігін басқа адамға беруі жөніндегі сенімхатты, АК-тің 167-бабының 4-тармағында көзделгеннен басқа реттерде, нотариат куәландыруға тиіс.
Сенім ауыстыру жөнінде берілген сенімхаттың қолданылу мерзімі ол негізге алынып берілген алғашқы сенімхаттың қолданылу мерзімінен аспауы керек.
Өз өкілеттігін басқа біреуге берген сенім білдірілген адам бұл жөнінде сенім білдірушіні дереу хабардар етуге және оған әлгі адам туралы, оның тұрғылықты жері туралы қажетті мәліметтерді хабарлауға тиіс. Бұл міндеттің орындалмауынан, сенім білдірілген адамға нақ өз әрекеттері үшін жауапкершілік жүктелетіні сияқты, өз өкілеттігін берген адамның әрекеттері үшін де жауапкершілік жүктеледі.
Сенімхаттың күші мынадай жағдайларда жойылады:
сенімхат мерзімінің өтуі;
сенімхатта көзделген әрекеттердің жүзеге асуы;
сенімхатты беруші адамның оның күшін жоюы;
сенімхат берілген адамның одан бас тартуы;
өз атынан сенімхат берген заңды тұлғаның тоқтатылуы;
атына сенімхат берілген заңды тұлғаның таратылуы;
сенімхат берген адамның қайтыс болуы, оның әрекет қабілеттігі жоқ, әрекет қабілеттігі шектеулі немесе хабар-ошарсыз кетті деп танылуы;
сенімхат берілген азаматтың қайтыс болуы, оның әрекет қабілеттігі жоқ, әрекет қабілеттігі шектеулі немесе хабар-ошарсыз кетті деп танылуы салдарынан тоқтатылады.
Сенімхат тоқтатылған бойда, оны алған тұлға сенімхатты берген тұлғаға немесе оның заңды мирасқорына қайтаруы керек.
Сенімхатты берген адам сенімхаттың немесе сенім ауысуының күшін кез келген уақытта жоя алады, ал сенімхат берілген адам одан бас тарта алады. Бұл құқықтан бас тарту туралы келісім жарамсыз болады.
Сенімхат беруші сенімхаттың күшін жойғандығы туралы (АК 170-бабы) сенімхат берілген адамға, сондай-ақ сенімхат берілгендердің алдында өкілдік ету үшін өзіне белгілі үшінші жаққа хабарлауға міндетті. Сенімхат АК-тің 170-бабының 5 және 7-тармақтарында көрсетілген негіздерге сүйеніп тоқтатылған реттерде дәл сондай міндет сенімхат беруші адамның құқықты мирасқорларына да жүктеледі.
Сенімхаттың тоқтатылуына байланысты осы сенімхат бойынша басқа адамға өкілеттік беру де (сенім ауысуы) күшін жояды.
9 лекция. Тақырыбы Азаматтық құқықтағы мерзімдер
Жоспары
Азаматтық құқықтағы мерзімдердің түсінігі және маңызы
Мерзімдердің түрлері
Азаматтық құқықтарды қорғау мерзімдері
1. Азаматтық құқықтағы мерзім ұғымы заңдық салдармен байланысты сәт немесе шектеулі кезең деп түсіндіріледі. Демек, заң табиғаты тұрғысынан алып қарағанда, мерзім дегеніміз заңдық факт болып табылады. Азаматтық заңда мерзімді есептеуге байланысты арнайы белгіленген тәртіп бар. АК-тің 172-бабына сәйкес заңдармен, мәмілемен белгіленген не сот тағайындайтын мерзім күнтізбелік күнмен немесе сөзсіз болуға тиісті оқиға көрсетіліп белгіленеді. Мерзім жылдармен, айлармен, апталармен, күндермен немесе сағаттармен есептелетін уақыт кезеңі ретінде де белгіленуі мүмкін.
Уақыт кезеңімен белгіленетін мерзімнің өтуі күнтізбелік күннен немесе мерзімнің басталуы белгіленген оқиға болғаннан кейінгі келесі күннен басталады. Бірақ бұл ереже нақты күнтізбелік күн белгіленген (яғни уақыттың жылы мен айының күні нақты көрсетілген ретте) жағдайға қолданылмайды.
Егер мерзім кезеңмен белгіленсе, құқықты жүзеге асыру мен міндеттемені орындау мерзімі аяқталғанға дейінгі уақыттың кез-келген сәтінде орындала беруі мүмкін. Мысалы, мұрагер мұра аталған сәттен бастап алты ай ішінде мұраны қабылдау немесе одан бас тартуға шешім алуға құқылы.
Сөзсіз болуға тиісті оқиғаның салдары мерзімді белгілеуді талап етеді, мәселен, бұған азаматтың қайтыс болуын айтуға болады.
Мерзімді дұрыс есептеу үшін оның басталу сәтін ғана емес, аяқталу мерзімінде нақты айқындап алудың маңызы зор. Мерзімді есептеу мерзімді бастаған күннің келесі күні басталса, аяқталу сәті мерзім басталған айдың немесе аптаның соңғы күндерімен есептеледі.
Азаматтық кодекстің 174-бабында уақыт кезеңмен белгіленетін мерзімнің аяқталуы былайша тұжырымдалған:
1) жылдармен есептелетін мерзім – мерзімнің соңғы жылының тиісті айы мен күнінде бітеді. Жарты жылмен есептелетін мерзімге айлармен есептелетін мерзімнің ережелері қолданылады.;
2) жыл тоқсандарымен есептелетін мерзімге айлармен есептелетін мерзімнің ережелері қолданылады. Бұл орайда бір тоқсан үш айға тең деп есептеледі, ал тоқсандарды есептеу жыл басынан бастап жүргізіледі;
3) айлармен есептелетін мерзім – мерзімнің соңғы айының тиісті күнінде бітеді.
Жарты аймен белгіленетін мерзім күндермен есептелетін мерзім ретінде қаралады да, он бес күнге тең болып есептеледі. Егер айлармен есептелетін мерзімнің аяқталуы тиісті күн саны жоқ айға тура келсе, мерзім ол айдың соңғы күнінде бітеді.
4) апталармен есептелетін мерзім – мерзімнің соңғы аптасының тиісті күнінде бітеді.
Егер мерзімнің соңғы күні жұмыс істемейтін күнге тура келсе, содан кейінгі ең таяу жұмыс күні мерзімнің аяқталған күні болып саналады.
Азаматтық кодекстің 176-бабының талаптарына сәйкес, егер мерзім қандай да бір әрекет жасауға белгіленген болса, ол әрекет мерзімнің соңғы күніндегі сағат жиырма төртке дейін орындалуы мүмкін. Мекемелер мен ұйымдардағы аяқталуға тиісті әрекеттерді бұл ережеге бағындыру қиын, өйткені, мұндай ұйымдар мен мекемелерде жұмыстың тоқтатылуы олардың жұмысты ресми тоқтатуымен есептеледі немесе кейбір мекемелер жұмыс күні бітпесе де операцияларын белгілі бір уақытта тоқтатып тастайды, айталық, нотариалдық кеңсе депозитке ақша салуды қабылдауды күндізгі сағат 12-де аяқтайды.
Мерзімнің соңғы күніндегі сағат жиырма төртке дейінгі поштаға, телеграфқа немесе өзге де байланыс мекемесіне тапсырылған жазбаша мәмілелер мен хабарлама мерзімінде жасалған болып саналады. Мұндай әрекеттерді жасауда соңғы күннің мерзімі жергілікті уақытпен есептеледі (АК-тің 176-бабы).
Сонымен мерзім – азматтық-құқықты салдарларға әсер етуші заңдық факт болып табылады. Мерзімнің тиісті сәттерінде азаматтық құқықтар мен міндеттер пайда болады өзгереді немесе тоқтатылады.
2. Азаматтық құқықтық мерзімдерді әр түрлі негіздер бойынша топтастыруға болады. Мерзім тағайындауына байланысты үш түрлі болады: а) нормативтік; ә) шарттық; б) соттық.
Нормативтік мерзімдер тиісті нормативтік құқықтық актілерді нақты көрсетіледі. Шарттық мерзімдер мәміле жасаушы тараптардың өзара келісімі негізінде белгіленеді. Соттық мерзімдер арнайы соттың шешімдерінде көрсетіледі.
Профессор Ғ.Төлеуғалиев мерзімдерді өзінің құқықтық табиғатына орай мынадай түрлерге бөледі.
азаматтық құқықтарды жүзеге асыру мерзімі;
субъективті құқықты жүзеге асыру мерзімі;
үзік тастау мерзімі
кепілдік мерзімдер.
кінәрат қоятын мерзімдер
азаматтық-құқықтық міндеттерді орындайтын мерзімдер.
азаматтық құқықтарды қорғайтын мерзімдер.
3. Талап мерзімі – бұл уақыт кезеңі, яғни мерзімнің түрі. АК-тің 172-ші бабында көрсетілгендей, мерзім үш түрлі әдіспен анықталады: күнтізбелік күнді көрсету арқылы, қандай да бір оқиғамен байланыстыру арқылы және уақыттың өту мерзіміне байланысты. Осындағы уақыттың өту мерзімі талап мерзімімен сәйкес келеді.
Талап қою мерзімі - адам құқығының немесе заңмен қорғалатын мүдденің бұзылуынан туындайтын талаптың қанағаттандырылуы мүмкін болатын уақыт кезеңі. Яғни, талап қою мерзімі дегеніміз - бұл заңда белгілінген мерзім, бұл мерзім өткеннен кейін ақы талап ету құқығы жойылады. Басқаша айтқанда құқықты еріксіз жүзеге асыру мүмкіндігі жойлады.
Талап мерзімін АК-тің 240-шы бабындағы иелену мерзімінен ажырата білу қажет. Олар төмендегі белгілері бойынша ерекшеленеді:
1) талап мерзімі құқықтың және заңмен қорғалатын мүдделерді бұзылудан қорғау мақсатында қарастырылған, ал иелену мерзімінің құқық бұзушылықпен байланысы жоқ;
2) талап мерзімі тек сот арқылы қолданылады, алиелену мерзімі сот шешімінсіз де меншік құқығының пайда болуына негіз бола алады.
Талап қою мерзімін қолдану қажеттілігіне бірқатар себептер бар - бір жағынан, арада ұзақ уақыт өтіп кеткеннен кейін даулы құқықты анықтау сот органдарына, жалпы дәлелденуі қиын жұмыс, екіншіден, іс жүзінде ұзақ уақыт бойы болып келген қатынастарды бұзу шаруашылық жағдайына бірқатар іркіліс тудырып, тиімсіз салдарға әкелуі ықтимал.
Талап қоюды реттеу нормалары өктем сипатта болады. Яғни тараптар талап қою мерзімін өзара келісіп өзгерте алмайды, бекітілген талап қою мерзімі мен оны есептеу тәртібін бұрмалауға жол берілмейді. Талап қою мерзімдері жалпы және арнаулы болып бөлінеді. Жалпы талап мерзімі үш жыл. Талаптардың жекелеген түрлері үшін заң құжаттары мен талап қоюдың жалпы мерзіммен салыстырған қысқартылған немесе неғұрлым ұзақ арнаулы мерзімдері белгіленуі мүмкін.
10 лекция. Тақырыбы Меншік құқығы және өзге де заттық құқықтар
Жоспары
1. Заттық құқықтың түсінігі мен белгілері
2. Меншік құқығының ұғымы мен мазмұны
3. Меншік құқығының нысандары мен түрлері
4. Меншік құқығына және өзге де заттық құқықтарға ие болу негіздері
5. Меншік құқығы мен өзге де заттық құқықтардың тоқтатылуы
1. Заттық құқық деп белгілі бір тұлғаның өз қарамағындағы жеке заттарға үстемдік (қожалық) етуін айтады. Әдетте адамның затқа қатынасы әртүрлі болады, біріншіден, ол сол заттың меншік иесі, екіншіден, оны иеленуші, үшіншіден, өзгенің затын меншіктену құқығын еншілей алады.
Заттық құқық уәкілетті тұлғаның үстемдігіндегі тиісті затқа тікелей әсер ету арқылы мүддесін қанағаттандыруды қамтамасыз ететін субъективтік құқық. Заттық құқық - құқық иеленушіде үш түрлі құқықтық өкілеттіктің болуымен сипатталады: иелену, пайдалану жәе билік ету. Бұл құқықтардың үшеуі де немесе кейбіреулері, толық немесе жартылай да болуы мүмкін. Заттық құқықтың объектісі тек қана жеке анықталған зат бола алады. Материалдық емес құндылықтар мен ұқсастық белгілеріне байланысты анықталатын заттар заттық құқықтың объектісі бола алмайды.
Заттық құқық шексіз (абсолюттік) құқық түрінде сипатталады. Демек, бұл барлық басқа субъектілердің аталған құқық өкілеттілігін жүзеге асыруына бөгет жасамау міндетін алға тартады. Шексіз (абсолюттік) құқыққа мазмұны жағынан қарама-қарсы тұрған міндеттемелік құқық. Бұл құқық бойынша міндетті болатын бір ғана жақ немесе бірнеше жақтар. Мүліктік құқықтарды заттық және міндеттемелік деп бөлуді рим заңгерлерінің материалдары негізінде кейінгі кезеңдердегі ғалымдар жүргізді. Егер тұлға өзіне тиесілі затқа тікелей әсер ете алатын құқығы бар болса, ол заттық құқық, егер тұлға ол затқа тікелей әсер ете алатын құқығы болмай, ол затты өзіне беруге талап ете алатын құқығы болса , онда ол міндеттемелік құқық болады
Заттық құқықтың маңызды белгісі оның затқа тікелей үстемдік етуі болып табылады. Мұның өзі құқық объектісі араға үшінші бір адамды салып үстемдік етпейді дегенді білдіреді. Бұл арада затқа үстемдік толық күйінде болуы мүмкін, ал кейде заттық құқықтың шектелуіне орай шектелген түрінде де кездеседі.
Заттық құқықтың тағы бір ерекшелігі заттың иесі мүлкін басқа біреуге берген кезде өзінің құқығы иеленуші ретінде сақталып қалатындығы деуге болады. Азаматтық кодекстің 188-бабына сәйкес меншік иесі өзіне тиесілі мүлікке қатысты өз қалауы бойынша кез келген әрекеттер жасауына, соның ішінде мүлкін басқа адамадардың меншігіне беріп, иелігінен шығаруға, бірақ өзі меншік иесі болып қала беруіне құқылы. Басқаша айтқанда, мүлікке меншік құқығы сақталады.
Заттық құқық екі үлкен топқа бөлінеді. Олар, меншік құқығы және меншік иесі болып табылмайтын тұлғаның заттық құқығы. АК-тің 195-ші бабында заттық құқықтың негізгі түрлері көрсетілген. Бұл бапта заттық құқыққа меншік құқығымен қатар жерді пайдалану құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы, оралымды басқару құқығы және АК-те немесе өзге заң актілерінде көзделген басқа да заттық құқықтардың жататындығы көрсетілген. Басқа да заттық құқықтарға сенімді басқару құқығы; жеке меншіктегі жер учаскесін уақытша пайдалану құқығы; жер қойнауын пайдалану құқығы; сервитут; кепіл және басқалар жатады. Заң актілері бойынша меншік құқығынан келіп туындайтын басқа да заттық құқықтар қарастырылуы мүмкін.
Жер пайдалану құқығы заттық құқық болып табылады. Жер Кодексіне немесе заттық құқықтың мәніне қайшы келмейтіндіктен, жер пайдалану құқығына меншік құқығы туралы нормалар қолданылады (Жер Кодексінің 28-ші бабы).
Сервитут заттық құқық ретінде бөгденің мүлкін шектеулі пайдалану болып табылады. Жер құқығында сервитут кең қамтылған.
Заттық құқықтың ерекшелігі оның меншік құқығынан келіп (туындайтынында) шығатынында. Осыған байланысты заттық құқықтарға, егер заңдарда өзгеше көзделмесе немесе осы заттық құқықтың табиғатына қайшы келмесе, меншік құқығы туралы нормалар қолданылады.
Заттық құқықтың міндетті белгілерінің бірі құқықтың сақталуы мен құқықтың басымдығы. Демек, бірінші жағдайда заттық құқықты иеленуші тиісті затқа меншік құқығы ауысқанымен (Мысалы, шаруашылық жүргізу құқығы мен оралымды басқару құқығындағы заттарға мемлекеттің заттық құқығының сақталуы, кепілге салынған мүлікке меншік құқығы пайда болғанымен ол заттың иесінің меншік құқығы сақталады) оның иеленушісі меншік иесі болып қала алуы мен заттық құқық пен міндеттемелік құқық бәсекеде болғанда заттық құқыққа басымдық берілетіндігін айтуға болады.
2. Меншік құқығы азаматтық құқықтағы ең күрделі институттардың бірі.
АК-тің 188-бабына сәйкес меншік құқығы дегеніміз субъектінің заң құжаттары арқылы танылатын және қорғалатын өзіне тиесілі мүлікті өз қалауынша иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы.
Осындай үстемдікке қол жеткізу арқылы меншік иесі заттың табиғат берген қасиеттерінің бәрін пайдаланып, оны өзгертуге, өңдеуге, билік етуге, тіпті бөтен біреуге беруге, егер заң талаптары және заңмен қорғалатын басқа ӂұлғалардың құқықтары мен мүдделері бұзылмаса меншігіндегі затты жойып жіберуіне де толық құқығы бар. Затқа заң арқылы үстемдікті тану заң құжаттарында көрсетілген шекте жүзеге асады, өйткені затқа үстемдікті шектеу меншік иесінің еркіндігіне белгілі бір дәрежеде ықпал тигізеді, демек, затқа меншік иесінің билігі шексіз болуы мүмкін емес. Сондықтан да АК-тің 188-бабындағы меншік құқығын шектеу мұндай құқықтық шексіз еместігін көрсетеді, сол себепті де тұлғаның өз иелігіндегі затты иелену, пайдалану және билік ету құқығы заң арқылы айқындалады.
Меншік қандай да бір затты иеленуге байланысты қатынас. Иеленуге байланысты құқық нормаларымен реттелген қатынас меншік құқығы болып табылады. Меншік қатынасындағы субъектінің иелену, пайдалану және билік ету құқықтары мынандай ерекшеліктермен сипатталады:
бұл құқықтар заң актілері арқылы танылуы тиіс;
заң актілері бұл құқықтарды қорғауы тиіс;
меншік иесінің мүліктік құқықтарын өз қалауы бойынша жүзеге асыру мүмкіндігі;
меншік иесінің өз мүліктік құқықтарын сол өзіне тиесілі мүлкіне байланысты жүзеге асыруы.
Меншік құқығының мазмұнын - меншік иесіне тиесілі иелену, пайдалану және билік ету тәрізді өкілеттіктер (элементтер) құрайды. Бұл өкілеттіктердің әрқайсысы меншік құқығының қажетті элементтері болып табылады. Меншік иесі аталғандардың қай-қайсысын да үшінші бір тұлғаға бере алады, тіпті үш өкілеттіктің бәрін де беріп, өзі меншік иесі болып қала алады.
Иелену құқығы мүлікті нақты иелену мүмкіндігін заң жағынан толықтай қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Ол меншік иесіне затқа іс жүзінде үстемдік етуге мүмкіндік беріп, затты пайдалану үшін маңызды алғышарт жасайды.
Заң иеленуді заңды, заңсыз, адал ниетті және арам ниетті деп бөлінеді. Егер мүлікті иелену заңды негізде жасалса, онда ол заңды иелену болып табылады. Яғни құқық негізінде меншік құқығы жүзеге асырылуы тиіс. Затты заңсыз иелену егер оны зорлықпен немесе заңнан жасырын жасалса, немесе заңсыз иеленуші затты кездейсоқ иеленіп, оны қайтару жөніндегі талапты орындамаса, бұлда заң бұзу болып есептеледі. Егер затты иеленуші иеленген затының заңсыз екендігін білсе, білуге тиісті болса, онда ол арам ниетті иеленуші болады.
Пайдалану құқығы дегеніміз дегеніміз мүліктен оның пайдалы қасиеттерін алудың, сондай-ақ одан пайда табудың заң жүзінде қамтамасыз етілуі. Пайда кіріс, өсім, жеміс, төл алу және өзге нысандарында болуы мүмкін.
Меншік иесі өзінің пайдаланудың өкілеттік құқығын қалай жүзеге асыруды өзі шешеді. Бірақ, ол заңдарға қайшы келмеуі тиіс, яғни меншікті пайдалану қоғамдық игілікке қарсы келмеуі керек. Демек, қоғамдық маңызы бар обьектіні пайдаланғанда меншік иесі тек өзінің ғана емес, қоғамның да мүддесін ойлануына тура келеді. Меншік иесі басқа тұлғаға өзінің пайдалану құқығын беруіне құқылы.
Билік ету құқығы дегеніміз мүліктің заң жүзіндегі тағдырын белгілеудің заңмен қамтамасыз етілуі (АК-тің 188-ші бабы, 2-ші тар).
Билік етудің өкілеттігі меншік құқығының обьектілеріне қатысты заңды мәмілелер жасауға өкілетті. Мысалы, меншік иесі өзінің меншік құқығын өзгеге беріп, кепілдік құқық жасап, жалға беруді жүзеге асырса, онда ол билік құқығын жүзеге асырғаны болып табылады. Билік ету құқығы арқылы мәмілелер жасалған кезде меншік иесінің құқығы өзгеге толықтай не жекелеген түрде өтеді. Билік етудің өкілеттігін жүзеге асырудың маңызы түрі меншік иесінің мүлікті өз иелігінен шығарып, басқа адамдарға беруі болып табылады.
Меншік құқығының мерзімі шексіз болады. Мүлікке меншік құқығы азаматтық кодексте көзделген негіздер бойынша ғана ықтиярсыз тоқтатылуы мүмкін.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясының 6-шы бабының бірінші тармағында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылатындығы және бірдей қорғалатындығы айтылған. Азаматтық кодекс меншіктің екі нысанын - жеке (АК-тің 191-ші бабы) және мемлекеттік (АК-тің 192-ші бабы) деп бөліп қарастырады.
Меншік субъектісі мемлекет болса, онда ол мемлекеттік меншік, ал субъект мемлекеттік емес заңды тұлға немесе азаматтар болса ол онда жеке меншік болып табылады.
Меншіктің субьектілері мемлекет, әкімшілік-аумақтық бөліністер, заңды тұлғалар мен азаматтар бола алады. Мемлекеттік меншіктің өзі республикалық және коммуналдық болып екіге бөлінеді (АК-тің 192-ші бабы)
Мемлекет өкілеттігін жүзеге асыра отырып, қарауындағы мүліктерді өзінің органдары мен мемлекеттік заңды тұлғалары арқылы басқарады. Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарымен реттелетін қатынастарға осы қатынастардың өзге қатысушыларымен тең негіздерде қатысады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік өкімет билігі мен басқа органдары өздерінің осы органдардың мәртебесін айқындайтын заң құжаттарында ережелерде және өзге де құжаттарда белгіленетін құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының атынан өз әрекеттері арқылы мүліктік және мүліктік емес құқықтар мен міндеттерді алып, оларды жүзеге асырады.
Мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен азаматтар өздеріне қарасты барлық мүліктің меншік иесі болып, табылады. Меншік иесінің құқығын жүзеге асыру, яғни оның иелік етуі, пайдалану және билік етуі мүліктің мүддесі мен мақсатына орай заңға сәйкес шектелі мүмкін. Мысалы Қазақстан Республикасының “Тұрғын үй қатынасы туралы” заңы бойынша меншік иесінің үй-жайды, ортақ мүлікке қауіп төндіретін немесе оны нашарлататын жұмыстар жүргізуімен байланысты өзгертуіне, соның ішінде қайта жоспарлауына және қайта жабдықтауына тыйым салынады.
Жеке меншіктің ерекше түріне кондоминиум меншігі де жатады. Кондоминиум - үй-жай жеке, заңды тұлғалардың, мемлекеттің бөлек (жеке-дара) меншігінде болатын, ал ортақ мүлік оларға ортақ үлесті меншік құқығымен тиесілі болатын жағдайда бірыңғай мүліктік кешен ретіндегі жылжымайтын мүлікке меншіктің ерекше нысаны. Яғни, үй-жайлардың екі және одан да көп меншік иелеріне тиесілі тұрғын үйлерде меншіктің ерекше нысаны – кондоминиум құрылады. Бұл жерде үй-жайға тұрғын жайдағы жеке ішкі кеңістік жатады.
Үй-жай меншік иелерінің әрқайсысы өзіне бөлек (жеке-дара) меншік құқығы бойынша тиесілі үй-жайды өз қалауы бойынша иеленуге, пайдалануға, және оған билік етуге құқылы.
Үйдің бөлек (өзіндік) меншікке жатпайтын бөліктері (кіреберіс, баспалдақтар, лифтілер, төбелер, шатырлар, подвалдар пәтерден тыс не үйге ортақ инженерлік жүйелер мен жабдықтар, жер учаскісі, оның ішінде көріктендіру элементтері және ортақтасып пайдаланылатын басқа да мүліктер) үй-жай меншік иелеріне ортақ меншік құқығы бойынша тиесілі болады. Сонымен қатар тұрғын үй іргесіндегі жер учаскесі де үй-жай меншік иелеріне жерді ортақтасып пайдалану құқығы бойынша тиесілі болуы мүмкін.
Үй-жайдың әрбір меншік иесінің ортақ мүліктегі (ортақ меншіктегі) үлесі оған тиесілі үй-жайға бөлек (өзіндік) меншіктен бөлінбейді. Үлестің мөлшері, егер меншік иелерінің келісімінде өзгеше көзделмесе, бөлек (өзіндік) меншіктегі тұрғын үй-жайлардың немесе тұрғын емес үй-жайлардың пайдалы алаңының бүкіл үйдің жалпы алаңына қатынасымен анықталады. Мұндай үлесті заттай бөліп беруге болмайды.
Азаматтық Кодекстің 209-бабына сәйкес екі немесе бірнеше адамның меншігіндегі мүлік оларға ортақ меншік құқығымен тиесілі болады.
4. Меншік құқығы әртүрлі негіздер арқылы пайда болады. Сол негіздерді саралай отырып, олардың пайда болу ерекшеліктеріне байланысты оларды бастапқы және туынды деп бөліп қарастыруға болады. Бастапқы негіз бойынша ол затқа бұрын ешқандай меншік құқығы болмаған және алғаш рет меншік құқығы пайда болып оты рған жағдайлар жатады. Ал туынды негіз бойынша пайда болған меншік құқығына ол заттың бұрын меншік құқығы бастапқыда болған, бірақ әр-түрлі құқықтық қатынастарға байланысты меншік құқығының өзгеруі жатады.
Меншік құқығына ие болудың бастапқы негіздеріне мыналар жатады: жаңадан жасалып жатқан қозғалмайтын мүлікке меншік құқығының пайда болуы (236-бап, 1-тармақ); өңдеу (237-бап); иелену мерзімі (240-бап); олжа (245-бап); қараусыз жануарлар (246-бап); меншік иесінен алынған мүлікті иелену (247-бап).
Меншік құқығының пайда болуының туынды негіздеріне мыналар жатады: шарттар (сатып алу-сату, заем, несие және т.б.); мұрагерлік (заң және өсиет бойынша); мүлікті тәркілеуге (АК-тің 249-бабы 4-тармақшасы); жекешелендіру (АК-тің 249-бабы 3-тармағы); реквизациялау (АК-тің 249-бабы 3-тармағы); жер учаскесін алып қоюға байланысты қозғалмайтын мүлікті иеліктен айыру (АК-тің 249-бабы 5-тармақшасы) және заңда көзделген басқа да жағдайлар.
Егер шартта немесе заңдарда өзгеше көзделмесе, жаңа затқа меншік құқығы оны дайындаған немесе жасаған тұлғаға тиеді (АК-тің 235-ші бабы). Бұл баптағы норма ұсынбалы мазмұнда. Мәселен, затты дайындаған немесе жасаған тұлғаға, ал егер өзара шартта немесе заңда көрсетілсе, ол затқа меншік құқығы басқа тұлғаға, оның ішінде тапсырыс берген тұлғаға тиесілі болуы мүмкін.
АК-тің 236-бабына сәйкес салынып жатқан үйлерге, құрылыстарға, өзге де мүлік кешендеріне, сондай-ақ өзге де жаңадан жасалып жатқан қозғалмайтын мүлікке меншік құқығы осы мүлікті жасау аяқталған кезден бастап пайда болады. Егер заң құжаттарында немесе шартта құрылысы аяқталған объектілерді қабылдап алу көзделген болса, онда тиісті мүлікті жасау осылайша қабылдап алынған кезден бастап аяқталған болып есептеледі. Қозғалмайтын мүлік мемлекеттік тіркелуге тиіс реттерде, оған меншік құқығы осылайша тіркелген кезден бастап пайда болады.
Салынайын деп жатқан үйлерге, құрылыстарға, өзге де мүліктік кешендерне, өзге де жаңадан жасалайын деп жатқан қозғалмайтын мүліктерге архитектуралық-құрылыстың ережелерінің талаптары қатаң сақталуы және тиісті уәкілетті органдардың келісімі міндетті. Бұл талаптар мен тиісті ережелер арнайы заңмен реттеледі.
Мемлекеттік архитектуралық инспекция құрылысты жүргізетін ұйымның, тапсырыс беруші мен жобаны жасаушылардың өкілдерінің қатысуымен құрылыстың сапасын тексереді. Тексеру барысында мынандай мәселелер анықталады: бекітілген жобаға мемлекеттік сараптаманың (немесе басқа да сараптама жүргізуге мемлекеттік лицензиясы бар заңды және жеке тұлғалардың) оң қорытындысының болуы; құрылыс-сонтаждау жұмыстарын жүргізуге тиісті рұқсаттарының болуы; құрылыс-монтаждау жұмыстарының орындалуының және пайдаланылған материалдардың сапалылығының сәйкестігі мен тиісті нормативтік талаптардың сақталуы.
Аяқталмаған құрылыс объектілері мен мемлекеттік тіркеуден өтпеген жылжымайтын мүліктер құрылыс материалдары ретінде қарастырылады және бұл материалдарға меншік құқығы материалдың меншік иесіне тиесілі.
Қозғалмайтын мүлікті жасау аяқталғанға дейін, ал тиісті жағдайларда – оны мемлекеттік тіркеуден өткізгенге дейін мүлікек қозғалмайтын мүлік жасалатын материалдармен басқа мүлікке меншік құқығы туралы ережелер қолданылады.
Заң бастапқы негіздерге мүлікті пайдалану нәтижесінде алынған жемістерді, өнімді, табысты жатқызады (АК-тің 235-бабы 1-тармағы). Жемістер табиғи болуы мүмкін (ол табиғат не адам күшімен өндіріледі), сондай-ақ оны таза табиғи өнеркәсіп өнімі деп бөледі (бұйым, өнім және т.б.) немесе табыстар көзі болып табылады (мысалы, жалға ақы төлеу немесе пайыздар және т.б.). АК-тің 123-бабына сәйкес мүліктерді пайдалану нәтижесінде алынған түсім (жемістер, өнімдер, табыстар), егер заңдарда немесе бұл мүлікті пайдалану туралы шартта өзгеше көзделмесе, осы мүлікті заңды негізде пайдаланушы адамға тиесілі болады.
Меншік құқығының пайда болуының бастапқы негіздеріне өнімді жинауға, балық, аң аулауға арналған көпшілік қолды заттарды меншікке айналдыру да жатады. Заңдармен жергілікті әдет-ғұрыпқа немесе меншік иесі берген жалпы рұқсатқа сәйкес ормандарда, бөгендерде немесе басқа аумақта жидек теруге, балық аулауға, аң аулауға басқа нәрселерді жинауға немесе аулауға жол берілген ретте, тиісті заттарға меншік құқығын оларды жинауды және аулауды жүзеге асырған адам алады (АК-тің 241-бабы).
Меншік құқығының пайда болуының бастапқы негіздерінің келесі түрі - өңдеу.
Шартта өзгеше көзделмегендіктен, адам өзіне тиесілі емес материалды өңдеу арқылы дайындаған жаңа қозғалатын затқа меншік құқығын материалдардың меншік иесі алады. Егер өңдеу құны материалдардың құнынан едәуір асып кетсе, өңдеуді өзі үшін жүзеге асырған адам алады. Егер шартта өзгеше көзделмесе, өз материалдарынан дайындалған затқа меншік құқығын алған материалдардың меншік иесі ол затты өңдеуді жүзеге асырған адамға оның құнын өтеуге, ал ол адам жаңа затқа меншік құқығын алған ретте соңғысы материалдардың меншік иесіне олардың құнын қайтаруға міндетті (АК-тің 237-бабының 1, 2 тармақтары).
Меншік құқығының пайда болуының бастапқы негіздерінің келесі түрі – иелену мерзімі.
АК-тің 240-шы бабыны сәйкес мүліктің меншік иесі болып табылмайтын, бірақ өзінің жеке қозғалмайтын мүлкіндей он бес жыл бойы, не өзге мүлікті кем дегенде бес жыл адал, ашық және ұдайы иеленген азамат немесе заңды тұлға ол мүлікке меншік құқығын (иелену мерзімін) алады. Мемлекеттік тіркеуге жататын қозғалмайтын және өзге де мүлікке меншік құқығы бұл мүлікті иелену мерзіміне сәйкес алған тұлғада осындай тіркеу кезінен бастап пайда болады.
Иелену мерзіміне қарағанда, яғни АК-тің 240-шы бабына қарағанда иесіз заттарға (АК-тің 242 бабы), меншік иесі бас тартқан жылжымалы заттарға (АК-тің 243 бабы), олжаға (АК-тің 245 бабы), қараусыз жануарларға (АК-тің 246 бабы), көмбеге (АК-тің 247 бабы) меншік құқығын иелену басымдықта болады. Өйткені бұл жағдайларда ол заттың меншік иесінің бар немес жоқ екендігі алғашқы сәттен белгілі болады.
Сондықтан да иелену мерзімі бойынша меншік құқығын алуда тиісті тұлға затты адал иеленуі қажет, яғни ол сол затқа өзінің меншік құқығының жоқ екендігін білмеуі тиіс.
Мүлікке меншік құқығын алғанға дейін оларды өз мүлкіндей иеленуші азамат немесе заңды тұлға өз иелігін мүліктің меншік иелері болып табылмайтын, сондай-ақ заң құжаттарында немесе шартта көзделген өзге де негіздерге сәйкес оларды иеленуге құқығы жоқ үшінші жақтардан қорғауға құқылы.
Меншік иесі жоқ немесе меншік иесі белгісіз зат, неиесі оның меншік құқығынан бас тартқан зат иесіз болып табылады. Егер меншік иесі бас тартқан заттарға меншік құқығын алу туралы (АК-тің 243-бабы), олжа туралы (АК-тің 245-бабы), қараусыз жануарлар туралы (АК-тің 246-бабы), және қазына (АК-тің 247-бабы) туралы ережелер теріске шығармаса, иелену мерзіміне (АК-тің 240-бабы) сәйкес иесіз қозғалмалы заттарға меншік алынуы мүмкін.
Иесіз қозғалмайтын заттарды олар табылған аумақтағы жергілікті атқарушы органның мәлімдеуі бойынша қозғалмайтын мүлікті мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын орган есепке алады. Коммуналдық меншікті басқаруға уәкілдік берілген орган иесіз қозғалмайтын заттарды есепке алған күннен бастап бір жыл өткеннен кейін бұл затты коммуналдық меншікке түсті деп тану туралы талап қойып сотқа жүгіне алады.
Сот шешімі бойынша коммуналдық меншікке түсті деп танылмаған иесіз қозғалмайтын зат оны тастап кеткен меншік иесінің иелігіне, пайдалануына және билік етуіне қайта қабылдануы, не иелену мерзіміне орай меншікке алынуы мүмкін.
Меншік құқығынан бас тарту мақсатымен меншік иесі тастап кеткен немесе қалдырып кеткен жылжымалы заттар АК-тің 243-бабы 2-тармағына сәйкес басқа тұлғаның меншігіне өтуі мүмкін. Тұлға өзінің иелігіндегі не пайдалануындағы жер учаскесінде жатқан заттарды, тіпті оның құны жиырма айлық есептік көрсеткішінен кем бола тұрса да, ол тасталған металл сынықтары болсын, жарамсыз өнім болсын, оны өзінің меншігіне айналдыра алады.
Меншік құқығын алудың бастапқы негіздерінің келесі түрі – олжа. Олжа деп біреудің меншігіндегі, иелігіндегі жоғалған заттың екінші бір адамның тауып алуын айтады. Олжа ткралы АК-тің 245-ші бабында тиянақты көрсетілген.
Жоғалған затты тауып алушы бұл туралы оны жоғалтқан адамға немесе заттың меншік иесіне немесе оны алуға құқығы бар өзіне белгілі басқа адамдардың біреуіне дереу хабарлауға және табылған затты оған қайтаруға міндетті. Егер зат үй-жайдың ішінде немесе көлікте табылған болса, ол сол үй-жайдың немесе көліктің иесі болып табылатын адамға тапсырылуға тиіс. Мұндай ретте осы иеленуші затты тапқан адамның құқықтарын иеленіп, оның міндеттерін мойнына алады.
Олжа меншік иесі жоғалтып алған немесе есінен шығып қалдырып кеткен жылжымалы зат болып табылады. Олжаның иесіз заттардан айырмашылығы сонда, оның заңды меншік иесі бар, белгілі, тек ол өз затын жоғалтып алған болады.
Егер табылған затты алуға құқығы бар адамның өзі немесе оның тұрған жері белгісіз болса, затты тауып алушы олжа туралы полицияға немес жергілікті атқару органына мәлімдеуге міндетті. Затты тауып алушы оны өзінде сақтауға не полицияның, жергілікті атқарушы органның немесе олар көрсеткен адамның сақтауына тапсыруға құқылы. Тез бұзылатын затты немес сақтауға кететін шығындар оның құнына сәйкес келмейтін затты тауып алушы түсім сомасын растайтын жазбаша дәлелдемелер алып, сата алады. Табылған затты сатудан түскен ақша сақталуға және затты алуға заңды құқығы бар адамға қайтарылуға немес бұл заттың өзі үшін белгіленген тәртіп пен жағдайларда басқа адамдардың меншігіне берілуге тиіс. Затты тауып алушы оның жоғалтқаны немес бүлдіргені үшін өзінің жасыру ниеті болған немесе өрескел абайсыздық жасаған ретте ғана және сол заттың құны шегінде жауапты болады.
Егер олжа туралы полицияға немес жергілікті атқару органына мәлімделген кезден бастап алты ай өткенше жоғалған затты алуға заңды құқығы бар адам анықталмаса және затқа өзінің құқығы туралы оны тапқан адамға не полицияға немес жергілікті атқару органына мәлімделмесе, затты тауып алушы оған меншік құқығын алады. Заттты тауып алушы тапқан затын меншігіне алудан бас тартса, ол коммуналдық меншікке өтеді.
Затты тауып алушы затты алуға заңды құқығы бар адамнан зат құнының отыз проценті мөлшерінде сыйақы алуға құқылы. Егер табылған зат оны алуға заңды құқығы бар адам үшін ғана құнды болса, сыйақының мөлшері тараптар есептеп шығарған баға бойынша белгіленеді.
Көмбе, яғни жерге көмілген немес басқа әдіспен жасырылған, меншік иесін анықтау мүмкін болмайтын не заңдарға сәйкес оларға құқығынан айрылған ақша немес өзге де бағалы заттар көмбе жасырылған жер учаскесі иесінің немесе қозғалмайтын затты меншіктенушінің және көмбені тапқан адамның, егер олардың арасындағы шартта өзгеше белгіленбесе, меншігінетең мөлшерде түседі. Көмбе жасырылған жер учаскесін пайдаланушының немесе қозғалмайтын мүлікті меншіктенушінің келісімінсіз қазған немес бағалы заттар іздестірген адам көмбені тауып алған жағдайда көмбе сол меншік иесіне берілуге тиіс.
Көмбенің олжадан айырмашылығы сонда, оның меншік иесі белгісіз немесе заңдарға сәйкес оған меншік құқығы өз күшін жойған бағалы зат болуында.
Тарих және мәдениет ескерткіштеріне жататын заттардан тұратын көмбе табылған ретте олар Қазақстан Республикасының меншігіне берілуі тиіс. Бұл орайда ондай көмбе табылған жер учаскесін пайдаланушы немес қозғалмайтын мүлікті меншіктенуші және көмбені тапқан адам осы көмбе құнының елу проценті мөлшерінде сыйақы алуға құқылы.
Қараусыз жануарларға меншік құқығын алу да Азаматтық кодекстегі олжа туралы ережелерге ұсас келеді. Қараусыз немес қаңғып жүрген немесе қожайынының меншігінен әлдебір себептермен адасып қалған мал, қолға үйретілген үй жануарлары қараусыз жануарлар деп аталады. Егер мал, қолға үйретілген үй жануарлары басқа біреудің отарына, үйіріне барып қосылса, оны адасып жүрген деп есептейді.
Қараусыз немесе қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретілген жануарларды ұстап алған адам оларды меншік иесіне қайтаруға, ал егер оның өзі немес тұрған жері белгісіз болса, осындай жануарларды ұстаған кезден бастап үш күннен кешіктірмей табылған жануарлар туралы полицияға немес жергілікті атқару органына мәлімдеуге міндетті.
Егер жұмыс малы мен ірі қараны ұстап алғаны туралы мәлімделген кезден бастап алты ай ішінде және басқа үй жануарлары жөнінде - екі ай ішінде олардың меншік иесі табылмаса және оларға өзінің құқығы туралы мәлімдемесе, бұл жануарларға меншік құқығы жануарларды баққан және пайдаланған адамға көшеді.
Жануарларды меншік иесіне қайтарған ретте жануарларды ұстап алған адам және жануарларды бағып, пайдаланып келген адам сол меншік иесінен жануарларды пайдаланудан алынған пайданы есепке жатқыза отырып, оларды бағуға байланысты өз шығындарына өтем алуға құқылы. Қараусыз немес қаңғып жүрген малды және басқа да үй жануарларын немесе қолға үйретілген жануарларды ұстап алған адам олардың меншік иесінен АК-тің 245-бабының 6-тармағына сәйкес сыйақы төлеуді талап етуге құқылы.
Заңдарда белгіленген тәртіппен осындай мақсаттарға арнап бөлінбеген жер учаскесінде салынған, сондай-ақ қажетті рұқсат алынбай салынған тұрғын үй, басқа қора-қопсы, құрылыс, немесе өзге де қозғалмайтын мүлік өз бетімен салынған құрылыс болып табылады. Өз бетімен құрылыс салған адам оған меншік құқығын алмайды, ол құрылыс қозғалмайтын мүлік қатарына жатпайды, өйткені заңсыз болғандықтан ол тіркеуден өте алмайды. Өз бетімен салынған құрылысқа материалдарға меншік құқығы (АК-тің 236-бабы 4-тармағы) ережесі қолданылады.
Өзіне тиесілі емес жер учаскесіне құрылысты жүзеге асырған адамға бұл учаске салынған құрылысты орналастыру үшін осы адамға белгіленген тәртіп бойынша берілген жағдайда ғана өз бетімен салынған құрылысқа меншік құқығы танылады. Сот сондай-ақ құрылыс салынған жер учаскесі өзінің заңды пайдалануында болған адамның өз бетімен салынған құрылысқа меншік құқығын тануы мүмкін. Егер құрылысты сақтап қалу басқа адамдардың құқықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін бұзуға әкеліп соқтырса не азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін болса, аталған дамдардың өз бетімен салынған құрылысқа меншік құқығын тануға болмайды. Ерекше жағдайларда әлеуметтік-экономикалық тиімділігі ескеріле отырып, өз бетінше салынған құрылыс сот белгілеген мөлшерде құрылыс шығындары өтеліп, коммуналдық меншікке берілуі мүмкін.
Өз бетімен салынған құрылыс басқа реттерде оны жүзеге асырған адамның есебінен бұзылуға тиіс.
5. Азаматтық кодекстің 249-шы бабында меншік құқығының тоқтатылуының негізгі түрлері көрсетілген. Меншік құқығы меншік иесі өз мүлкін басқа адамдарға берген, меншік иесі меншік құқығынан бас тартқан, мүлік қираған немесе жойылған және заң құжаттарында көзделген өзге де реттерде мүлікке меншік құқығынан айырылған жағдайда тоқтатылады.
Төменде көрсетілген жағдайлардан басқа реттерде мүлікті меншік иесінен оның ықтиярынсыз алып қоюға жол берілмейді. Олар:
меншік иесінің міндеттемелері бойынша мүліктен өндіріліп алынатын ақы;
заң құжаттарына сәйкес белгілі бір адамға тиесілі бола алмайтын мүлікті ықтиярсыз иеліктен айыру;
реквизициялау;
тәркілеу;
жер учаскесін алып қоюға байланысты қозғалмайтын мүлікті иеліктен айыру;
күтімсіз ұсталған мәдени немесе тарихи қазыналардың сатып алынуы;
заңдарда қарастырылған басқа да реттер.
Азамат немес заңды тұлға өзіне тиесілі мүлікке меншік құқығынан бас тарта алады, бұл жөнінде ол жариялайды, не бұл мүлікке қандай да болсын құқықтарын сақтау ниетінсіз өзінің мүлікті иеленуден, пайдаланудан және оған билік етуден шеттейтінін айқын дәлелдейтін басқа да әрекеттер жасайды. Меншік құқығынан бас тартылған мүлік иесіз мүлік ретінде есепке алынады.
Меншік иесі меншік құқығынан бас тартқан жағдайда осы мүлікке басқа тұлға меншік құқығын алған кезге дейін тиісті мүлікке қатысты меншік иесінің құқықтары мен міндеттерін тоқтатпайды.
Заң меншік иесінен мүлікті ықтиярынсыз алуға байланысты қатынастарды жан-жақты реттейді. Меншік құқығын алып қою үшін заңда қарастырылған негіз және соттың шешімі болуы қажет.
Мүлікті меншік иесінен ықтиярынсыз алып қою заң құжаттарына сәйкес белгілі бір адамға тиесілі бола алмайтын жағдайда жүзеге алады. Мүлікті меншік иесінен оның ықтиярынсыз алып қою мына екі жағдайдан басқа реттерде қайтарымды негізде жүргізіледі. Олар: меншік иесінің міндеттемесі бойынша оның мүлкінен ақы өндіріп алу (АК-тің 251-бабы), тәркілеу (АК-тің 254-бабы).
Меншік иесінің міндеттемелері бойынша мүліктен ақы өндіріп алу, егер шартта өзгеше көзделмесе, сот тәртібімен жүргізіледі. Шарт бойынша мүліктен ақы өндіріп алуға - кепілге салынған мүліктен ақы өндіріп алуға (АК-тің 318-бабы) байланысты жағдайларды айтуға болады.
Егер заң құжаттарымен жол берілетін негіздер бойынша заң құжаттарына сәйкес адамның өзіне тиесілі бола алмайтын мүлік оның меншігінде болып шықса, бұл мүлікті меншік иесі, егер заң құжаттарында өзге мерзімдер белгіленбесе, осы мүлікке меншік құқығы пайда болған кезден бастап бір жыл ішінде иеліктен айыруға тиіс. Егер меншік иесі мүлікті көрсетілген мерзімде иеліктен айырмаса, ол сот шешімімен иеліктен ықтиярсыз айырылуға тиіс, бұл орайда меншік иесіне мүлікті иеліктен айыру жөніндегі шығындары шегеріліп, оның құны өтеледі (АК-тің 252-бабы 1 тармағы).
Меншік иесінен мүлікті оның ықтиярынсыз алып қою негіздеріне сонымен бірге реквизициялау және тәркілеу де жатады. Реквизициялауда дүлей апаттар, авариялар, жұқпалы аурулар, індеттер және төтенше сипаттағы өзге де жағдайлар болған ретте мүлік қоғам мүддесі үшін мемлекеттік органдар шешімі бойынша заң құжаттарында белгіленген тәртіп пен жағдайларда меншік иесінен оған мүліктің құны төлене отырып алып қойылуы мүмкін.
Реквизиция тек қана мына үш шарт болғанда ғана қолданылады: төтенше сипаттағы жағдайдың болуы; мемлекеттік органның шешімінің болуы; бұл алып қоюдың қоғам мүддесі үшін қажеттілігі. Мүлкі реквизицияланған адам реквизицтя жүргізуге байланысты жағдайлар тоқтатылған кезде сақтадған мүлікті өзіне қайтарып беруді сот арқылы талап етуге құқылы. Реквизицияны жүргізу арнайы заңмен реттелуі керек. Бірақ әзірге мұндай заң жоқ.
Тәркілеуге заң құжаттарында көзделген реттерде мүлік меншік иесінен жасаған қылмысы немесе өзге де құқық бұзушылығы үшін санкция түрінде сот тәртібімен тегін алынуы жатады. Тәркілеу еріксіз әрі қайтарымсыз негізде жүргізіледі. Тәркілеу қылмыстық іс бойынша үкімнің және азаматтық немес әкімшілік құқық бұзушылық үшін сот шешімі негізінде жүргізіледі.
Жерді және басқа табиғи ресурстарды алып қоюға байланысты қозғалмайтын мүлікке меншік құқығының тоқтатылуы мүмкін.
Мемлекеттік органның меншік иесінен мүлікті алып қоюға тікелей бағытталмаған шешіміне, соның ішінде меншік иесіне тиесілі үй, өзге де қора-қопсы, құрылыстар немесе өсімдіктер бар жер учаскесін алып қою туралы шешіміне байланысты қозғалмайтын мүлікке меншік құқығының заң құжаттарымен белгіленген реттер мен тәртіп бойынша ғана меншік иесіне құны тең мүлік беріп және өзге де келтірілген залалдарын өтей отырып немесе меншік құқығының тоқтатылуынан келтірілген залалдарын толық көлемінде өтей отырып тоқтатылуына жол беріледі (АК-тің 255-бабы 1 тармағы).
Достарыңызбен бөлісу: |