Ж. С. Абдукаримова Қазақстан республикасының азаматтық ҚҰҚЫҒЫ (жалпы бөлім) Дәрістердің қысқаша тезистері АҚтау 2017 1 лекция


лекция. Тақырыбы Мемлекеттік емес заңды тұлғалардың және олардың бірлестіктерінің меншік құқығы



бет5/7
Дата27.10.2019
өлшемі202.89 Kb.
#447323
1   2   3   4   5   6   7
Азаматтық общая тезисы лекций


11 лекция. Тақырыбы Мемлекеттік емес заңды тұлғалардың және олардың бірлестіктерінің меншік құқығы
Жоспары


  1. Мемлекеттік емес заңды тұлғалардың және олардың бірлестіктерінің меншік құқығының ұғымы мен негізгі түрлері

  2. Шаруашылық серіктестіктердің және акционерлік қоғамдардың меншік құқығы

3. Өндірістік кооперативтері мен тұтыну кооперативтерінің меншік құқығы

1. Мемлекеттік емес заңды тұлғалар мен олардың бірлестіктерінің меншігі жеке меншіктің кеңінен тараған түрінің бірі болып табылады.

Экономикамыз нарықтық жүйеге бастау алып жекешелендіру үрдісі кезінде жеке меншікке негізделген мемлекеттік емес заңды тұлғалардың қарауындағы мүліктерінің саны күрт өсіп кетті.

Азаматтық кодексте мемлекеттік емес заңды тұлғалардың ұйымдық-құқықтық түрлері мен олардың ерекшеліктері және мүліктерінің құқықтық жағдайы қарастырылған. Осыған байланысты мемлекеттік емес заңды тұлғалардың меншік құқығы институты шаруашылық серіктестіктері мен акционерлік қоғамдардың (компаниялардың) меншік құқығы және өндірістік кооперативтердің меншік құқығы деп бөлінеді.

Арнайы қабылданған заңдар, сондай-ақ кондоминиумдердің меншік құқығын, шетелдік заңды тұлғалардың, халықаралық ұйымдардың меншік құқықтарын, шетелдіктердің қатысуымен бірлескен кәсіпорындардың меншік құқығын қарастырады.

Мемлекеттік емес заңды тұлғаның өзі оған жататын мүліктің меншік иесі болып табылады. Құрылтайшылар (қатысушылар) АК-тің 36-бабының 2-ші және 4-ші тармақтарына сәйкес мүлік қатынасына мынандай құқықтарды иеленеді: 1) міндеттемелік құқығын (шаруашылық серіктестіктері, акционерлік қоғамдар (компаниялар), өндірістік кооперативтер); 2) не заттық, не міндеттемелік құқықтарын иеленбейді (қоғамдық бірлестіктердің, қоғамдық қорлар мен діни бірлестіктердің құрылтайшылары).

Шаруашылық серіктестігінің мүлкін негізгі қорлары мен айналым қаражаты, сондай-ақ серіктестіктің дербес балансында құны көрсетілген басқа да мүлік құрайды. Мүлік меншік құқығы негізінде шаруашылық серіктестігінікі болады.

Мемлекет құзыретті немесе өкілетті орган ретінде тек акционер ретінде акционерлік қоғамға мүше бола алады. Мемлекеттік органдардың жауапкершілігі шектелген серіктестікке қатысуға құқығы жоқ. Бұл олардың шаруашылық міндеттерінің сипатына сай келмейді. Сонымен бірге мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелер жауапкершілігі шектелген серіктестіктерге тек мемлекеттің өкілетті органының келісімімен қатыса алады, ал мекеме – егер заңда өзгеше көзделмесе, меншік иесінің келісімімен жүзеге асырады.

Азаматтар ғана толық серіктестікке қатысушылар және сенім серіктестігіндегі толық серіктес бола алады. Кез келген жеке және заңды тұлғалар жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушылары бола алады. Мемлекет озінің органдары арқылы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушысы бола алмайды, ал мемлекеттік кәсіпорындар уәкілетті мемлекеттік органдарының келісімі негізінде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысушысы бола алады.

Шет мемлекеттер, халықаралық ұйымдар, шетелдік заңды тұлғалар мен азаматтар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар, егер заң актілерінде өзгеше белгіленбеген болса, шаруашылық серіктестіктеріне жалпы негізде қатысады.

2. Шаруашылық серіктестіктері негізгі мақсаты пайда түсіріп, оны қатысушылары арасында бөлуді алдына негізгі міндет етіп қойған коммерциялық ұйым болып табылады.

Азаматтық кодекстің 188-ші бабы 2-тармағына сәйкес шаруашылық серіктестігіне өз қалауынша өз мүлкін иелену, пайдалану және оған билік ету құқығы беріледі. Демек серіктестіктің мүлкі оған қатысушылардың мүлкінен бөлектенеді, сондықтан да бұл меншік біртұтас меншік деп аталады. Серіктестіктердің өз қатысушыларынан осылайша тәуелсіз болуы оның шектеулі жауапкершілікпен заңды түрде қызмет етуін қамтамасыз етеді. Қосымша жауапкершілігі бар және акционерлік қоғамдар (компаниялар) бір немесе бірнеше құрылтайшымен құрылуы мүмкін (АК-тің 40-шы бабы 1-тармағы). Шаруашылық серіктестіктер жекелеген қызмет түрлерімен тек арнайы рұқсат – лицензия арқылы айналыса алады.

Қатысушылардың жарғылық капиталға салымдары, оның қызметінен алынған табыс және заң актілерімен тыйым салынбаған өзге де көздер серіктестіктің мүлкін құрайтын көздер болып табылады. Шаруашылық серіктестіктің жарғылық капиталына салым ақша, бағалы қағаздар, заттар, мүліктік құқықтар, оның ішінде жер пайдалану құқығы мен интеллектуалдық қызмет нәтижелеріне құқықтық және өзге де мүлік болуы мүмкін. Жеке мүліктік емес құқықтар және өзге де материалдық емес игіліктер түрінде салымдар енгізуге жол берілмейді.

Қатысушыларға шаруашылық серіктестіктерінің мүлкі емес, құқықтарын жүзеге асыру арқылы мүлкінің бір бөлігі ғана тиесілі. Кез келген негіз бойынша үлеске деген құқығын жоғалту қатысушының серіктестіктен шығуына әкеп соғады. Осыған байланысты шаруашылық серіктестігінің оның мүлкіне тек міндеттемелік құқығын сақтайды. Шаруашылық серіктестігінің мүлкіндегі қатысушылардың үлесі пайыздық шамамен, ал акционерлік қоғамда акция мөлшерімен есептеледі (“Шаруашылық серіктестігі туралы” Жарлықтың 7-бабы, 2-тармағы). Шаруашылық серіктестіктің мүлкіндегі барлық қатысушылардың үлестері ережеге сәйкес, жарғылық қорға салған салымдарына орай жүзеге асады.

Жарғылық қордың көлемінің өзгеруі серіктестікке жаңадан қатысушы алудан немесе одан бұрынғы қатысушының шығуынан болады, нәтижесінде әлгі қатысушылардың әрекетіне байланысты қайта есептеу жүргізіледі. Қатысушылар өздерінің салымдарының көлеміне сәйкес мынадай құқықтарды жүзеге асырады: а) серіктестіктің басқару ісіне қатысушылардың қатысу құқығы; ә) қатысушылардың арасында серіктестік түсірген пайданы (кірісті) бөлуге қатысу құқығы; б) серіктестіктің мүлкіндегі үлесіне орай қатысушының құқығы.

Шаруашылық серіктестіктерінің меншік иесі заң актілерінен және жарғылық құжаттарға сәйкес жұмыс істеп жатқан өзінің органдары арқылы өкілеттігін жүзеге асырады.

Шаруашылық серіктестігінің органы серіктестіктің айтқанын істейді және оның әрекеті өзіне берілген өкілеттік шеңберінде жүзеге асып, заңды тұлғаның атынан әрекет етеді.

Сонымен, шаруашылық серіктестік басқару түрін таңдауда, шаруашылық шешімдерін қабылдағанда, артық өнімді сату мен бағаны белгілегенде, еңбекке ақы төлеу мен таза табысты бөлгенде, толық шаруашылық дербестікке ие болады. Оның мемлекеттік кәсіпорыннан айырмашылығы, оның өзінен жоғары тұрған әкімшілік органы жоқ, ол барлық әрекетті заңға сәйкес шеше береді. Шаруашылық серіктестігінің өкілеттігі жарғыдағы айтылғандармен шектеліп қалмайды. Сол себепті де жарғыдан тыс, бірақ заңға қайшы келмейтін келісімдерді жүзеге асыра береді.

Шаруашылық серіктестігі мүлікті беру сәтінен бастап оған берілген мүлікке меншік құқығын алады.

Акционерлік қоғамның өз акционерлерінің мүлкінен оқшауланған мүлкі болады және олардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді. Қоғам өз міндеттемелері бойынша өз мүлкі шегінде жауап береді. Қоғамның акционері оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, өзіне тиесілі акциялардың құны шегінде қоғам қызметіне байланысты залалдарға тәуекел етеді.

Енді шаруашылық серіктестіктердің және акционерлік қоғамдардың заңды тұлға ретінде тарату кезінде мүлкін бөлу тәртібін қарастырайық. Бұл жерде әңгіме оған қатысушылардың міндеттемелік құқығы жөнінде болып отыр. Заңда және құрылтайшылы құжаттарында шаруашылық серіктестігінің қатысушысының оның құрамынан шығудағы жағдайы, тәртібі мен салдары айқындалады. Айталық, шаруашылық серіктестік таратылған жағдайда несие берушілермен есеп айырысқаннан кейін қалған серіктестік мүлкіндегі өздерінің үлесіне сәйкес мүліктің бір бөлігін немесе оның құнын алуға құқылы (АК-тің 61-бабы 4-тармағы).

Толық серіктестікке қатысушының өз үлесін (үлесінің бір бөлігін) оның басқа қатысушыларына немесе үшінші жақтарға қалған барлық қатысушылардың келісімімен ғана беруге болады.

Жауапкершілігі шектелген серіктестіктің қатысушысы серіктестіктен оның өзге қатысушыларының келісімінсіз кез келген үақытта шыға алады. Бірақ ол өзінің серіктестіктен шығуынан 6 ай бұрын қалған қатысушыларға ескертуі тиіс. Дегенмен, құрылтайшылық құжаттарда қатысушының шығуы жөніндегі өтінішінің берілуі мерзімі басқалай да қарастырылуы мүмкін. Қатысушы кетерде оған мүліктің құны төленіп, ол серіктестіктің қорындағы оның үлесіне сәйкес жүзеге асады. Қатысушы өзінің мүліктегі үлесін немесе кепілдік үлестегі тиесілісін серіктестікке міндеттемелік құқығын жүзеге асыруға орай үшінші тұлғаға құрылтайшылық құжаттарына сәйкес бере алады.

Шаруашылық серіктестігін таратуды оған қатысушылар тағайындаған тарату комиссиясы, ал банкрот болған жағдайда – соттың шешімі бойынша сот тағайындаған тарату комиссиясы жүргізеді. Тарату комиссиясы шаруашылық серіктестігінің қолда бар мүлкін бағалайды, кредиторларды анықтайды және олармен есеп айырысады, тарату балансын жасап, оны серіктестікке қатысушыларға табыс етеді.

Шаруашылық серіктестігінде қалған мүлік серіктестік қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеу, соның ішінде заң актілерінде көзделген өтемдік төлемдер жасау бойынша есеп айырысқаннан және бюджет пен кредиторлар алдындағы міндеттемелер орындалғаннан кейін қатысушылардың арасында серіктестіктің жарғылық капиталындағы олардың салымына қарай немесе құрылтай құжаттарында көзделген басқа тәртіп бойынша тең бөлінеді.

Қоғамды ерікті түрде тарату туралы шешім Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес кредиторлармен келісімдер бойынша және олардың бақылауымен тарату рәсімін белгілейтін акционерлердің жалпы жиналысында қабылданады. Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда қоғамды мәжбүрлеп таратуды сот жүзеге асырады.

Таратылатын қоғамның кредиторларының талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлкін акционерлер арасында бөлуді тарату комиссиясы мынадай кезектілікпен жүзеге асырады:

бірінші кезекте – осы заңға сәйкес сатып алынуға тиіс болатын акциялар бойынша төлемдер;

екінші кезекте – артықшылықты акциялар бойынша есептелген және төленбеген дивидендтерді төлеу;

үшінші кезекте – жай акциялар бойынша есептелген және төленбеген дивидендтерді төлеу;

төртінші кезекте – артықшылықты акциялардың құнын өтеу;

бесінші кезекте – жай акциялардың құнын өтеу.

Қалған мүлік барлық акция иелерінің арасында оларға тиесілі акциялардың санына қарай бөлінеді. Әрбір кезектің талаптары алдыңғы кезектің талаптары толық қанағаттандырылғаннан кейін қанағаттандырылады.

3. Қазақстан Республикасында өндірістік кооперативтерге кең жол ашылды, әсіресе ол ауыл шаруашылығында қарқынмен дамуда. 1996 жылы 15-ші қазандағы Қазақстан Республикасы Президентінің Заң күші бар “Өндірістік кооперативтер туралы” жарлығының 1-бабы мен Азаматтық кодекстің 96-бабына сәйкес өндірістік кооператив дегеніміз – азаматтардың бірлескен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін мүшелік негізінде олардың өз еңбегімен және қатысуына және өндірістік кооператив мүшелерінің мүліктік жарналарын (үлестерін) біріктіруіне негізделген ерікті бірлестігі.

Өндірістік кооператив ұйымдастыру жағынан бірлескен кәсіпкерлік қызметтің коммерциялық ұйымдарының бір түрі.

Өндірістік кооперативтердің негізгі белгілері мынадай:

а) жасы 16-ға толған тұлға өндірістік кооперативтердің мүшесі бола алады. Кооператив мүшелері екеуден кем болмауға тиіс;

ә) өндірістік кооперативтің қызметіне міндетті түрде жеке еңбек үлесін қосу;

б) төменгі көлемі бекітілмейтін мүліктік салым салу;

в) біріккен кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру;

г) өндірістік кооператив міндеттемелері бойынша кооператив мүшесінің өзінің жеке мүлкі мен қосымша жауапкершілік міндеттілігі;

ғ) өндірістік кооператив тарап кеткенде пайда мен басқа да мүліктер оның мүшелері арасында еңбекке қатысуына сәйкес бөлінеді, егер кооператив жарғысында өзгеше көзделмесе;

д) өндірістік кооперативтен шыққан мүшесі кооперативтің мүлкінен өз жарнасына қарай өз үлесін алуға құқылы.

Өндірістік кооператив құрылтайшы – жеке тұлғалардың жалпы жиналысының шешімімен құрылады.

Өндірістік кооператив таратылған немесе кооператив мүшесі одан шыққан жағдайда кооператив мүшесінің өз пайын бөліп алуға құқығы бар (АК-тің 98-бабы 3-тармағы).

Өндірістік кооператив мемлекеттік емес заңды тұлға ретінде өзінің міндеттемелері бойынша қарамағындағы барлық мүлік шеңберінде жауап береді.

Тұтыну кооперативі - қатысушылардың материалдық және өзге де қажеттерін қанағаттандыру үшін өз мүшелерінің мүліктік жарналарын біріктіру арқылы жүзеге асырылатын мүшелік негіздегі ерікті бірлестігі. Тұтыну кооперативі коммерциялық емес ұйымдар болып табылады және кәсіпкерлік қызметпен өздерінің жарғылық мақсаттарына сәйкес келетіндей дәрежеде ғана айналыса алады. Тұтыну кооперативі мүліктік (пайлық) жарналар есебінен, өз мүшелерінің мүдделерін қанағаттандыруға байланысты жекелеген міндеттерді орындау үшін құрылады.

Он сегіз жасқа толған азаматтар және заңды тұлғалар тұтыну кооперативінің мүшесі бола алады.

Тұтыну кооперативінің балансында тұрған мүліктің меншік иесі заңды тұлға ретінде тұтыну кооперативі болып табылады. Тұтыну кооперативінің мүлкі оның мүшелерінің мүліктік (пайлық) жарналарын біріктіру арқылы жасалады.

Мүліктік (пайлық) және қосымша жарналарды қоспағанда, тұтыну кооперативінің кәсіпкерлік қызметтен алатын кірістері мен Қазақстан Республикасының заңдарында тыйым салынбаған өзге де көздер тұтыну кооперативінің мүлкін қалыптастырудың көздері болып табылады.

Тұтыну кооперативі алған табысты оның мүшелері арасында бөлуге болмайды және жарғылық мақсаттарға жіберіледі. Тұтыну кооперативінің меншігіндегі мүлікке билік ету жалпы жиналыстың шешімі бойынша жүзеге асырылады. Тұтыну кооперативінің әрбір мүшесі өзінің қалауына қарай өз үлесін сатуға, сыйға беруге, мұраға қалдыруға, кепілге салуға не заңдарда және жарғыда көзделген талаптарды сақтай отырып, оған өзгеше түрде билік етуге құқылы.

Мүліктегі өз үлесімен қандай да бір операциялар жасау алдында тұтыну кооперативінің мүшесі тұтыну кооперативінің жарғысында белгіленген мерзімде атқарушы органға мүліктен өз үлесін бөліп беруді талап етіп арыз беруге міндетті.

Тұтыну кооперативінің мүшесі тұтыну кооперативінің мүлкіндегі өз үлесін немесе оның бір бөлігін өз таңдауы бойынша тұтыну кооперативінің бір немес бірнеше мүшесіне сатуға немес өзге де әдіспен беруге құқылы. Дәл осылайша тұтыну кооперативінің мүшесі басқа мүше алдындағы өз міндеттемесін қамтамасыз ету үшін үлесін кепілге салуға құқылы. Бұл мәмілелерді жасауға тұтыну кооперативінің келісімі немесе тұтыну кооперативінің басқа да мүшелерінің келісімі талап етілмейді.
12 лекция. Тақырыбы Мемлекеттік меншік құқығы
Жоспары


  1. Мемлекеттік меншік құқығының ұғымы мен мазмұны

  2. Мемлекеттік меншік құқығының субъектілері мен объектілері

  3. Мемлекеттік және комуналдық кәсіпорындарды мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру

  4. Шаруашылық жүргізу құқығы

  5. Оралымды басқару құқығы

1. Мемлекеттік меншік республикалық және коммуналдық меншік түрінде болады. Республикалық меншік мемлекеттік қазынадан және заң құжаттарына сәйкес мемлекеттік республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүліктен тұрады. Коммуналдық меншік жергілікті қазынадан және заң құжаттарына сәйкес коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүліктен тұрады. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейтін тәртіппен жүзеге асырылады.

Мемлекеттік меншік қатынасы теңдікті жариялай отырып, бірақ белгілі бір ерекшеліктерге ие:

1) мемлекет егеменді биліктің иесі, ол осыған орай заңдар қабылдап, әкімшілік актілерін шығарады;

2) мемлекет заңды тұлға болып табылмайды, сондықтан да оның атынан өкімет билігі мен басқару органдары әрекет етеді, олар өздерінің құзыреті шегінде, белгіленген заңдар мен ережелер шеңберінде әрекет етеді;

3) мемлекеттік меншіктің аумағы зор, ол кез келген мүлікті, оның ішінде айналымнан алынған немесе шектелгендерін де иелене алады;

4) мүлікті меншікке алуда әртүрлі тәсілдер қолданады, айталық, салық, баж салығы, жинау және т.б. бар;

5) мемлекеттік меншік негізінде әлеуметтік міндеттер жүзеге асады, яғни тұрғындарды күнкөріске қажеттілікпен қамтамасыз етеді;

6) мемлекет меншік субъектісі ретінде өзінің органдары арқылы әрекет етеді.

Мемлекеттік меншік құқығы субъективтік мағынада мүлікті иелену, пайдалану және билік ету жөнінде мемлекеттің өкілеттігіне жататын құқықтардан тұрады, мемлекет оны Қазақстан халқының мүддесі жолында өз қалауы бойынша жүзеге асырады.

Мемлекет Азаматтық кодекстің 192-ші бабы негізінде мемлекеттік мүліктің біртұтас меншік иесі болып табылады. Оның иелену, пайдалану және билік ету сияқты құқықтық өкілеттіктеріне ешкім де ешқашан шек қоя алмайды. Яғни мемлекет өзі үшін заң шығарып, мемлекеттік мүлікті пайдалану тәртібін айқындап отырады.

Қазақстан Республикасы азаматтық құқықтың субъектісі ретінде мемлекеттік меншікті өзінің органдары арқылы басқарады, солардың ішінде мемлекеттік заңды тұлғалар арқылы да басқарады.

Мемлекеттің иелену құқығы дегеніміз, қарамағындағы заңмен қорғалатын мемлекеттік мүліктерді мемлекеттік органдарға немесе кейбір бөліктерін кәсіпорындар мен мекемелердің шаруашылық жүргізу және оралымды басқару құқықтарына беруге қарамастан өзінің құзыретінде қала береді.

Мемлекет өзінің кәсіпорындарында, қазыналық кәсіпорындар мен мекемелерге мүлікті иелену құқығын бергенімен, мемлекет меншік иесі ретінде бұл мүлікті иҵлену құқығын сақтайды. Өйткені, мемлекеттік заңды тұлғалардың құқықтық өкілеттікті иеленуі мемлекет иелігін жоққа шығармайды, ол көлемі бойынша да, мақсаты бойынша да бір-біріне сай келмейді. Мемлекет заңды тұлғалардың иелену құқығы мемлекеттік иелену құқығымен салыстырғанда, оның бір бөлшегі, тұтас нәрсенің бір бөлігіндей ғана болады. Мемлекеттік кәсіпорын, қазыналық кісіпорын және мекемелер салалық мүліктік кешен ретінде мемлекеттік меншіктің объектісі болып табылады, демек оның иелігінде болады. (“Мемлекеттік кәсіпорын туралы” заң күші бар Жарлықтың 12-ші бабы).

Пайдалану құқығы дегеніміз, мемлекеттік мүліктен мемлекет пен жалпы қоғам мүддесі үшін пайданың бәрін алуға байланысты мемлекеттің өзіне тән мүмкіндігі болып табылады.

Мемлекеттің билік ету құқығы мемлекеттік мүлікті иелену мен пайдалану, мүлікті бөлу, ұтымды құқықтық әдістерді айқындау, сол арқылы мемлекеттік меншікті басқаруды өз дәрежесінде жүзеге асыру тәртібін белгілеуінен тұрады. Мемлекеттің билік ету құқығы жаңа нормаларды шығару, оларды өзгерту мен тоқтату, сондай-ақ ұйымдастыру жөніндегі әкімшілік актілердің көмегін пайдалана отырып жүзеге асырады.

2. Мемлекеттік меншік құқығының субъектісі мемлекет болып табылады. Мемлекеттік меншікті басқару және меншік иесінің құқықтық өкілеттігін жүзеге асыру мемлекеттік билік органдары арқылы жүзеге асады. Заңда көрсетілген немесе Қазақстан Республикасы тапсырмасы болған ретте оның атынан басқа мемлекеттік органдар, заңды тұлғалар мен азаматтар әрекет етеді. Конститутцияның 66-шы бабы, 4-ші тармақшасына сәйкес ҚР Үкіметіне мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастыру жүктелген. Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылы 18-желтоқсанда қабылдаған “Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы” конститутциялық заң күші бар Жарлығының 9-шы бабы 8-ші тармағына сәйкес Үкімет мемлекеттік меншікті басқару ұйымдастырады, оны пайдалану жөніндегі шарларды жасап әрі жүзеге асырады, Қазақстан Республикасы аумағында мемлекеттік меншіктің құқығын қорғауды қамтамасыз етеді. Яғни, Қазақстан Республикасы Үкіметіне мемлекеттік меншік құқығының субъектісі ретіндегі міндеті жүктелген. Демек, Үкімет мемлекеттік мүлікке қатысты кез келген әрекетті жасай алады, ҚР Үкіметіне конституциялық бекітілегн өкілеттілігіне орай өзіне мемлекеттік меншікті бҰсқаруды ұйымдастыру тапсырылғандықтан, оны өзі немесе өкілетті органдары арқылы жүзеге асырады, яғни осыған орай мемлекеттік меншікті иелену, пайдалану және билік ету мәселелерін шешеді.

“Мемлекеттік кәсіпорындар туралы” заң күші бар Жарлықтың 1-ші бабы негізінде мемлекеттік кәсіпорындар мынадай түрге бөлінеді:



  1. республикалық меншіктегі - республикалық мемлекеттік кәсіпорындар;

  2. коммуналдық меншіктегі - коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар.

Мемлекеттік меншік құқығының объектілеріне мыналар жатады:

1) қозғалмалы және қозғалмайтын заттар; 2) ақша, шетелдік валюта; 3) бағалы қағаздар; 4) міндеттемелік және басқалай заттық құқықтар мен міндеттер.

Жоғарыда айтылғандай, мемлекеттік меншік республикалық мемлекеттік меншік және коммуналдық мемлекеттік меншік болып бөлінеді. Азаматтық кодекстің 192-ші бабының 2-ші тармағына сәйкес республикалық мемлекеттік меншіктің объектісіне жататындар: республикалық меншік республикалық қазынадан және заң құжаттарына сәйкес мемлекеттік республикалық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүліктен тұрады. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қазынасына республикалық бюджет қаражаты, алтын-валюта қоры және алмас қоры, мемлекеттік меншіктің АК-тің 193-ші бабында аталған объектілері (жер, оның қойнауы, су, жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар) және мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де мемлекеттік мүлік жатады.

Қазынаға сондай-ақ мынадай мемлекеттік меншік объектілері де жатады: жер, оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар (ҚР АК-тің 193-ші бабы). Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін (Қазақстан Республикасының Конститутциясы 6-шы бабы, 3-ші тармағы).

Қазіргі заң республикалық кәсіпорындарға мүлікке шаруашылық жүргізу құқығын, ал қазыналық кәсіпорындарға, мемлекеттік мекемелерге оралымды басқару құқығын бекіткен.

Азаматтық кодекстің 192-ші бабы 3-ші тармағына сәйкес коммуналдық меншік жергілікті қазынадан және заң құжаттарына сәйкес коммуналдық заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мүліктен тұрады.

Жергілікті бюджет қаражаты мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілмеген өзге де коммуналдық мүлік жергілікті қазынаны құрайды.

Коммуналдық меншіктің ерекшелігі оның қызметінің жергілікті мәселелерге арналып, белгілі мақсатқа жұмылдырылатындығымен ерекшеленеді.

3. Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру үрдісі 1991 жылы 1-ші маусымдағы КСРО-ның “Мемлекет иелігнен алу және жекешелендірудің бастапқы негіздері туралы” заңы мен 1991 жылғы 22-ші маусымдағы Қазақ КСР-інің “Мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру туралы” заңына байланысты бастау алып, ол кезеңдік бағдарламалар арқылы жалғасты.

Мемлекет иелігінен алу дегеніміз, мемлекеттік кәсіпорындарды, басқа шаруашылық және тұтыну құрылымдарын әкімшілдік-әміршілік әрекет ықпалынан шығар болып табылады. Ал жекешелендіру дегеніміз - мемлекеттік меншікті жеке, заңды тұлғалардың және шетелдік заңды тұлғаларының меншігіне мемлекеттің келісімі арқылы заң бойынша жүзеге асуы (“Жекешелендіру туралы” Жарлықтың 1-ші бабы).

Қазақстан Республикасында жекешелендіру сатылы негізде өтуде. Қазақстандағы бірінші сатыда мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру салдары: кәсіпорындар еңбек ұжымдарына кейін сатып алу құқығымен жалға берілді, сөйтіп ол ұжымдық кәсіпорынға айналды; кейбір жағдайда еңбек ұжымдары мемлекеттік мүлікті тегін сатып алу мүмкіндігін иеленді; тұрғындарға жекешелендіруге жекешелендіру купондары арқылы тарту жүзеге асты (бірақ оның құқықтық тетіктері болмады).

Сонымен мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру негізінен мемлекеттік кәсіпорындарды жалға берумен ұжымдық кәсіпорындарға айналдыруымен немесе еңбек ұжымдарының меншігіне беруімен шектелді. Қазақ КСР-інің “Жалға беру туралы” 1990 жылғы 22-ші ақпандағы Заңы соның бір мысалы бола алады. Бұл заңда мемлекеттік кәсіпорындарды жалға беру үлкен орын алды. Мысалы, кәсіпорындарды жалға беру (аренда) еңбек ұжымының жалға берілетін мүлікті сатып алу арқылы кейін ұжымдық кәсіпорынға айналуға себеп болды.

Мемлекет меншігін еңбек ұжымдарының меншігіне беру экономикалық проблемаларды шеше қойған жоқ, өйткені, жұмыскерлер бұрынғысынша істі басқарудан тыс қала берді де өзінің күнделікті кірісіне көп онша ықыласты болған жоқ, сайып келгенде жеке адам тап осы әдістен қайыр көре алмады да, кәсіпорынның болашағына бас ауыртып жатпады. Соның салдарынан келіп ақыры “Жалға беру туралы”, “Мемлекет иелігінен алу және жекешелендіру туралы” бұрынғы Заңдар күшін жойды.

1993 жылы 5-ші наурызда Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен “Қазақстан Республикасындағы мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің Ұлттық бағдарламасы” 1993-1995 жылдарға арналып бекітілді (бұл 2-ші кезең). Оның ерекшеліктері мынадай еді: мемлекеттік секторды акционерлендіру; дербес жобалар бойынша жекешелендіру; шағын жекешелендіру; агроөнеркәсіптік кешенін де жекешелендіру.

Қазақстан Республикасы Президентінің “Мемлекеттік кәсіпорындарды акционерлік қоғамдарға айналдыру жөніндегі ұйымдастыру шаралары туралы” Жарлығы негізінде еңбек ұжымының қызметкерлері 10 пайызға дейінгі акцияны тегін алу құқығын алды. Жаппай жекешелендіру объектілері бойынша акциялардың көлемінде 51 пайызы купондық аукциондық инвестициялық жекешелендіру қорларына тұрғындардың жекешелендіру инвестициялық купондарына сатылуы тиіс болып, ал акциялардың қалған бөлігі (39пайызы) қор биржалары, аукциондар, конкурстар арқылы ақшаға сатылып, кәсіпорын басшылары Президенттің жеке шешімі бойынша акциялардың 5 пайызының номиналдық құнын алу мүмкіндігіне ие болды.

Жекешелендіру туралы заңның одан әрі дамуы Қазақстан Республикасы Президентінің 1995 жылғы 23-ші желтоқсандағы заң күші бар “Жекешелендіру туралы” Жарлығы аясында жүзеге асты. Бұл Жарлық 1996 жылдың 1-ші қаңтарынан бастап күшіне еніп Қазақстан Республикасындағы жекешелендірудің шын мәніндегі үшінші кезеңін бастады. Жарлық нормаларын жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі кезең-кезеңімен жекешелендіру бағдарламаларын қабылдап соның негізінде жекешелендіру жүріп жатыр (1996-1998, 1999-2000 жылдар т.б.).

“Жекешелендіру туралы” Жарлыққа сәйкес жекешелендіру мынадай түрлерде жүзеге асырылды: 1) сауда-саттықта сату (аукцион, тендер); 2) тікелей бәсірелі сату (Жарлықтың 12-бабы).

4. Шаруашылық жүргізу құқығы мүлікті мемлекеттен меншік иесі ретінде алған және бұл мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқықтарын Азаматтық кодекспен және өзге де заң құжаттарымен белгіленген шекте жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорынның заттық құқығы болып табылады (АК-тің 196-шы бабы).

Мүлікке шаруашылық жүргізу құқығын тек қана мемлекеттік кәсіпорын иелене алады. Тіпті акционерлік қоғам мен шаруашылық серіктестікте мемлекет жалғыз құрылтайшы болса да ол мемлекеттік кәсіпорын бола алмайды, ал оның баланысындағы мүліктер жеке меншіктің құқықтық режимінде болады.

Шаруашылық жүргізу құқығына негізделген кәсіпорынның мүлкі және азаматтық айналымның нәтижесінде алынған мүлік мемлекеттің меншігі болып табылады. Бұл мүліктер сонымен бірге мемлекеттік кәсіпорынның шаруашылық жүргізу құқығында болады.

Мемлекеттік кәсіпорынның мүліктік базасын құрал-жабдық, еңбек құралы, ақша қаражаты құрайды. Кәсіпорын шаруашылық жүргізу және өнім өндіру құқықтарын иеленеді. Мемлекеттік кәсіпорынның мүлкі бөлінбейді және де салымдар бойынша (үлес, жарна) бөлініске түспейді, бұл кәсіпорынның жұмыскерлері арасындағы қатынасқа да қатысты.

Шаруашылық жүргізу құқығының объектісі, егер заңда өзгеше көзделмесе, кез келген мүлік болып табылады (АК-тің 197-ші бабы және “Мемлекеттік кәсіпорын туралы” Жарлықтың 20-шы бабы).

Заңдарда тыйым салынған, оның жарғысында көзделмеген, қызметті жүзеге асырудан кәсіпорынға түскен табыс, сондай-ақ сатылатын тауарлардың (жұмыспен қызмет) бағасын көтеру нәтижесінде түскен табыс Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен республикалық немес жергілікті бюджетке алып қойылады. Кәсіпорынның қарамағында тек өзінің жарғылық мақсаттарында көзделген қызметті қамтамасыз ету үшін қажетті, не осы қызметтің өнімі ретінде алынған мүлік қана бола алады.

Шаруашылық жүргізудегі мүліктің меншік иесі “Мемлекеттік кәсіпорын туралы” Жарлықтың талаптарына сәйкес мынадай құқықтарға ие болады: а) кәсіпорынды құру, тарату және қайта құру; ә) оның қызметінің атқаратын жұмысы мен мақсаты; б) кәсіпорын қарамағындағы мүліктерді мақсатты пайдалануға және сақтауға бақылау жасау; в) кәсіпорынның шаруашылық жүргізудегі мүліктерді пайдаланудан табыс түсіру.

Шаруашылық жүргізу құқығының субъектілері заңға сәйкес мына төмендегідей деп танылады: 1) республикалық меншіктегі кәсіпорындар; 2) коммуналдық меншіктегі кәсіпорындар; 3) шарушылық жүргізу құқығының негізінде еншілес кәсіпорындар да құрылуы мүмкін (Жарлықтың 1-ші бабының 3-ші тармағы).

Шаруашылық жүргізу құқығының мазмұны өзінің қарауындағы мүлікті иелену, пайдалану және билік ету құқықтарынан тұрады. Дәлірек айтсақ, мемлекеттік кәсіпорынның заттық құқығы мен оларды жүзеге асыру шекарасы заңға сәйкес және меншік иесі - мемлекетпен айқындалды.



Шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын мынандай қызметтер аясында құрылуы (бұрын құрылғандарды іс-әрекет жасауы) мүмкін:

  1. қару-жарақты және оның оқ-дәрісін, қорғаныс құралдарын, әскери-техникасын, қосалқы бөлшектерді, санатталатын элементтер мен оның приборларын әзірлеу, өндіру, жөндеу және сату; босатылған әскери-техникалық құралдарды қайта өңдеу және жою (құрту, ұқсату, көму);

  2. уранды және басқа бөлшектенетін материалдарды, сондай-ақ одан жасалатын бұйымдарды алу, өндіру, тасымалдау, қайта өңдеу, көму және сату; арнаулы қорғаныс құралдарын қолданбай-ақ пайдалануға болатын нормадан асатын мөлшерде радиоактивті заттары бар өнім шығару және сату;

  3. дәрі-дәрмектер, дәрілік заттар мен емдеу препаратарын, медициналық жабдықтар мен құрал-сайман жасау және сату;

  4. энергияман, жылумен, сумен жабдықтау, желілік көлік, байланыс, коммуникация, коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығы саласында, республикалық және жергілікті инфрақұрылымда тіршілкте қамтамасыз ететін басқа жүйелерде өзінің табиғи монополия жағдай мен әлеуметтік экономикалық маңыздылығы жағынан тікелей мемлекеттік басқаруын қажет ететін шаруашылық қызметін жүзеге асыру;

  5. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің өзіне жүктелген міндеттерін жүзеге асыруына жәрдемдесетін және (немесе) қаржы рыногы инфрақұрылымның бір бөлігі болып табылатын;

  6. заңдарда қаржыландырудың арнайы тәртібі белгіленген мемлекеттік автомобиль жолдарының және басқа инфрақұрылым объектілерінің желісін ұстану мен дамыту;

  7. почта байланысы мен телекоммуникация, жалпы республикалық және халықаралық байланыс желілерін пайдалану;

  8. денсаулық сақтау, табиғатты қорғау, білім беру, әлеуметтік қорғау, ғылым, мәдениет, туризм және спорт саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру;

  9. бұқаралық ақпарат құралдары, баспа және полиграфия қызметі саласындағы өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру;

  10. қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы өндірістік қызметӂі жүзеге асыру;

  11. мемлекеттік құқық және жер кадастарларын, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін жүргізуді қамтамасыз ететін қызметті жүзеге асыру;

  12. Қазақстан Республикасының мемлекеттік материалдық резервін қалыптастыру және сақтау саласында шаруашылық қызметті жүзеге асыру.

Шаруашылық жүргізу құқығы меншік иесінің өз еркімен шектеледі. Әрі ол азаматттық және басқа заң құжаттары шеңберінде жүзеге асады. Мәселен, республикалық кәсіпорындар Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен құрылады, ал коммуналдық меншік болса, жергілікті әкімшіліктің шешімімен құрылады, ал оның тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді. Мемлекеттік кәсіпорынның құрылтайшысы өкілетті орган болып табылады. Мемлекеттік кәсіпорынның жарғысы оның құрылтайшысымен (өкілетті органымен) бекітіледі. Жарғылық қордың көлемі де оның құрылтайшысымен айқындалады, бірақ ол кәсіпорынға берілген мүліктің жалпы құынынан аспауы тиіс.

Мемлекеттік кәсіпорынның мүліктік құқықтарын жүзеге асырудың өзіндік ерекшеліктері бар. Шаруашылық жүргізу құқығын жүзеге асыратын мемлекеттік кәсіпорынның меншік иесінің немесе ол өкілдік берген мемлекеттік органның келісімінсіз кәсіпкерлік қызметтің мынадай түрлерін жасауға:

1) өзіне тиесілі үйлерді, құрылыстарды, жабдық және кәсіпорынның басқа да негізгі қорларын өзге адамдарға сатуға және беруге, айырбастауға, ұзақ мерзімді (үш жылдан астам) жалға беруге, уақытша тегін пайдалануға беруге;

2) филиалдар және еншілес кәсіпорындар құруға, жеке кәсіпкерлермен бірге кәсіпорындар мен бірлескен өндірістер құруға, оларға өзінің өндірістік және ақша капиталын салуға, оған тиесілі акцияларға, сондай-ақ дебиторлық берешекке билік етуге;



  1. заемдар беруге;

  2. үшінші тұлғалардың міндеттемелері бойынша кепілдеме немесе кепілдік беруге құқығы жоқ.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын уәкілетті мемлекеттік органның келісімімен шаруашылық жүргізу құқығындағы еншілес кәсіпорын құра алады.

Шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру мемлекеттік басқару органының уәкілетті органмен келісілген ұсынысы бойынша Қазақстан Рсепубликасы Үкіметінің шешімімен, коммуналдық кәсіпорынды қайта құру жергілікті атқарушы органның шешімімен жүргізіледі.

Мынандай жағдайларда шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынды қазыналық кәсіпорын етіп қайта құру міндетті:


  1. кәсіпорынның бөлінген мемлекеттік мүлік пен қаражатты нысаналы пайдаланбауы;

  2. соңғы екі жыл бойы кірістердің болмауы;

  3. негізгі қорға жататын мүліктерді заңда көрсетілген ережелерді бұза отырып пайдалануы.

5. Оралымды басқару құқығы меншік иесінің қаражаты есебінен қаржыландырылатын мекеменің, мемлекеттік мекеменің, меншік иесінен мүлік алушы және өз қызметінің мақсатына, меншік иесінің тапсырмаларына және мүліктік мақсатына сәйкес заң құжаттарымен белгіленген шекте сол мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын жүзеге асырушы қазыналық кәсіпорындардың заттық құқығы болып табылады (АК-тің 202-ші бабы).

Оралымды басқару құқығының мазмұнының шаруашылық жүргізу құқығына қарағанда аясы тарлау келеді. Мысалы, мемлекет кәсіпорынды құрылған сәттен бастап оны қаржыландыруды тоқтатады, бұл мемлекеттік мекемеден басты айырмашылық болып есептеледі. Мемлекеттік кәсіпорын кейбір жағдайда болмаса негізінен өз мүлкіне деген құқықтық тәртіпті өзі айқындайды.

Оралымды басқару құқығы шаруашылық жүргізу құқығынан келесі негіздер бойынша ажыратылады (ерекшеленеді):

1) қазыналық кәсіпорын мен мекеме меншік иесі арқылы тұрақты қаржыландырылады, ал шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын шаруашылық қызметінің нәтижесіндегі кірістерінің негізінде жұмыс істейді;

2) қазыналық кәсіпорын мен мекеме өз қаражаттарын смета бойынша пайдаланса, ал шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорын өз табыстарын пайдалану бағыттарын өздері шешеді;

3) қазыналық кәсіпорын мен мекеме меншік иесінің тапсырмаларын басшылыққа алуға міндетті. Жалпы ереже бойынша, егер заңдарда немесе жарғыда өзгеше көзделмесе меншік иесінің тасырмалары шаруашылық жүргізу құқығындағы кәсіпорынға міндетті емес.

Қазыналық кәсіпорынның мекемеден айырмашылығы, ол коммерциялық кәсіпорын. Қазыналық кәсіпорын мен мекеменің тек олардың жарғылық мақсаттарын қамтамасыз етуге қажетті мүліктерге ғана оралымды басқару құқығы болады. Қазыналық кәсіпорын, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, өзі өндірген өнімді дербес сатады.

Сонымен, оралымды басқару құқығы дегеніміз, заттық құқық екен, қазыналық кәсіпорын мен мекеменің өзінің шаруашылық қызметін жүзеге асыру мақсатында меншік иесінің мүлкін заң талабына, өз қызметінің мақсатына, меншік иесінің тапсырмасына және мүліктің мақсатына сәйкес заттық құқықты пайдалану болып табылады.

Қазыналық кәсіпорындар “Мемлекеттік кәсіпорын туралы” заңның 32-ші бабына сәйкес мына мақсаттарға арналып құрылады:


  1. төтенше және авариялық жағдайларда кен-құтқару және өзге де арнаулы жұмыстарды орындау, өрттен, су тасқынынан және басқа да табиғи зілзаладан қорғау;

  2. қылмыстық-атқару жүйесі саласындағы өндірістік қызметті жүзеге асыру;

  3. топографиялық-геодезияялық және картографиялық жұмыстар жүргізу;

  4. денсаулық сақтау, табиғатты қорғау, білім беру, әлеуметтік қорғау, ғылым, мәдениет және спорт саласында өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру;

  5. мемлекеттік органдардың қызметтік ғимараттарын пайдалануды, оларға көлік қызметін көрсетуді және оларды жабдықтау функцияларын орындауды жүзеге асыру;

  6. кеме жүзетін жолдар мен гидротехникалық құрылыстарды (шлюздерді) күтіп-ұстау мен дамыту;

7) мемлекеттік монополияға жатқызылған салалард萰ғы қызметті жүзеге асыру үшін құрылуы мүмкін.

Қазыналық кәсіпорын меншік иесінің міндеттемелері үшін жауап бермейді. Қазыналық кәсіпорынның тиісті қызмет етуіне ақша қаражаты жеткіліксіз болған жағдайда олардың міндеттемелері бойынша субсидиялық (қосымша) жауапкершілік Үкімет пен жергілікті әкімшілік-аумақтық бірлік мойнына алады да, республикалық немесе жергілікті бюджет есебінен төленеді.

Сонымен, қазыналық кәсіпорынның меншік иесі мемлекет болып табылады, мемлекеттік меншік құқығы қазыналық кәсіпорынға беріледі. Мұның өзі мүлікке оралымды басқару құқығы мемлекеттің айтқанымен орындалатындығын көрсетеді.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет