6 лекция. Тақырыбы Азаматтық құқықтың обьектілері
Жоспары
Азаматтың құқықтың объектілерінің түсінігі мен түрлері.
Заттардың түсінігі және оны жіктеу.
Бағалы қағаздар, олардың түрлері мен ерекшеліктері.
Мүліктік емес өзіндік құқықтар.
1. Азаматтық құқықтың нормаларымен реттелетін қоғамдық қатынастар азаматтық құқықтың обьектісі деп аталады. Мүліктік және мүлікті емес игіліктері, сондай-ақ құқықтар азаматтық құқық обьектілері бола алады. Мұ落дағы құқық - мемлекетке, заңды ұйымдарға және азаматтарға тиесілі субъективтік құқықтар.
Азаматтық кодекстің 115-бабында азаматтық құқық обьектілерінің кең тізбегі көрсетілген.
Олар:
1) мүліктік игіліктер мен құқықтарға (мүлікке) жататындар: заттар, ақша, соның ішінде шетел валютасы, құнды қағаздар, жұмыс, қызмет, шығармашылық-интелектуалдық қызметтердің обьектіге айналған нәтижелері, фирмалық атаулар, тауарлық белгілер және бұйымды дараландырудың өзге де құралдары, мүліктік құқықтар мен басқа да мүлік жатады;
жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтарға мыналар жатады: жеке адамның өмірі мен денсаулығы, қадір-қасиеті, абырой, игі атақ, іскерлік, бедел, жеке өмірге қол сұқпаушылық, жеке құпия мен отбасы құпиясы, есім алу құқығы, автор болу құқығы, шығармаға қол сұқпаушылық құқығы және басқа материалдық емес игіліктер мен құқықтар;
Мүліктік құндылықтарға барлық материалдық пәндер мен құндылықтар, сонымен қатар азаматтық құқық нормаларымен реттелетін, құқық субъектілерінің материалдық және өзге қажеттіліктерін қанағаттандыратын энергия, жұмыс пен қызмет көрсетулер де жатады. Табиғаттың тек қана табиғи ресурс болып табылатын және адам қызметінің объектісі ретінде пайдаланылатын, меншік объектісі бола алатын табиғи объектілері ғана мүліктік құндылыққа жатады.
Мүлік әр түрлі күйде болуы мүмкін. Олар: қатты зат, энергия, сұйықтық, газ, жануарлар немесе өсімдік әлемі, тіпті табиғи ортадан бөлінетін вирустар мен бактериялар.
Мүліктік құқық болып мүліктік құндылыққа ие болу, пайдалану және иеліктен шығаруға байланысты субъективтік құқықтар жатады. Мүліктік құқықтар заттық (АК-тің 118 және 195 баптары) және міндеттемелік (АК-тің 268 бабы) болып бөлінеді. Азаматтық құқықтардың пайда болу негіздері АК-тің 7-ші бабында көрсетілген.
АК-те азаматтық құқықтың объектілерінің бірқатары көрсетілген. Бірақ ол көрсетілген тізіммен шектелмейді, мәселен, ақпарат та негізгі күрделі объектілердің бірі болып табылады.
2. Зат дегеніміз, азаматтық құқық тұрғысына алып қарағанда физикалық дене ретінде және оның адам еңбегімен жасалған, сол сияқты табиғи күйінде де кездесетін (болатын) сыртқы материалдық дүниенің бір бөлігі болып табылады.
АК-тің 117-бабына сәйкес заттардың өзі қозғалатын және қозғалмайтын болып екіге бөлінеді. Жылжымайтын мүлікке жер учаскелері, үйлер, ғимараттар, көпжылдық екпелер және жермен тығыз байланысты өзге мүлік, яғни орнынан олардың мақсатына сай емес шығынсыз ауыстыру мүмкін болмайтын мүлік жатады.
Затты қозғалмайтындар қатарына жатқызу екі жағдайға байланысы: яғни материалдық жағынан затты жерден айыруға болмайтындығына және оны орнынан қозғау үшін шығындану қажеттігіне байланысты. Яғни, мүлікті қозғалатын немесе қозғалмайтын топқа жатқызудың негізгі критериі – оның табиғи қасиетіне байланысты. Мәселен, көпжылдық болып табылатын жыл сайын егуді қажет етпейтін шөп, өсімдік, ағаштар мен өнім ағаштары жердің беткі қабаты ретінде жылжымайтын мүлікке жатады. Ал жыл сайын егіліп жүйелі түрде адам еңбегінің нәтижесінде алынатын астықтар қозғалатын мүлікке жатады. Көпжылдық екпелер жерден алынғаннан кейін қозғалатын мүлікке айналады.
Қозғалмайтын заттарға жатпайтын мүлік, оның ішінде ақша мен бағалы қағаздар қозғалатын мүлік деп танылады.
Кейбір жағдайларда, заң қозғалатын мүліктерді, атап айтқанда ерекше мемлекеттік тіркеуге жататын әуе және теңіз кемелерін, ғарыш обьектілерін қозғалмайтын түрге жатқызады.
Қозғалмайтын заттарға меншік құқығы мен басқа да құқықтар, бұл құқықтарға шек қою, олардың пайда болуы ауысуы және тоқтатылуы мемлекеттік тіркелуге тиіс.
Жалпы ереже бойынша қозғалатын мүлікке құқық тіркелуге жатпайды. Бірақ заңда көрсетілген жағдайларда кейбір қозғалатын мүліктерге құқық тіркелуге жатады. Мәселен, автокөліктер тиісті инспекцияда, бағалы қағаздар эмиссиясы, бағалы қағаздар нарығы туралы заңға сәйкес, қаржы лизингі туралы заңға сәйкес қозғалатын мүлікке байланысты лизинг шарты міндетті мемлекеттік тіркеуден өтеді.
Қозғалмайтын заттарға меншік құқығы мен басқа да құқықтар, бұл құқықтарға шек қою, олардың пайда болуы, ауысуы және тоқтатылуы мемлекеттік тіркелуге тиіс.
Меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы, оралымды басқару құқығы, бір жылдан астам мерзімге жер пайдалану құқығы, бір жылдан астам мерзімге пайдалану құқығы, жылжымайтын мүлікті кепілге беру, жылжымайтын мүлікке рента, сенім білдіру арқылы басқару құқығы мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап пайда болады.
АК-тің 116 бабының талаптарына сәйкес заттар айналымнан еркін берілетін немесе ауысатын, алынып тасталған және айналымына шек қойылатын түрлерге бөлінеді.
АК-те айналымнан алынып тасталатын заттар азаматтық құқыққа объект бола алмайтын заттарды айтады. Бұл ретте адамдардың меншігінде болмайды деген тұжырым жасалады. Айналымнан алынып тасталған затқа мемлекеттік тәртіптің және қоғамдық қауіпсіздіктің қамын ойлап, иелік ету жолы айрықша жолға қойылған заттар жатады.
Оған көп жағдайда табиғи объектілер жатады. Табиғи объектілер мемлекеттік меншікте болғандықтан олар айналымнан алынап тасталған. Мысалы: жердің кейбір санаттары мен табиғи объектілердің жекелеген түрлері, мемлекеттік наградалар, жалған бағалы қағаздар және заңмен тікелей тыйым салынған заттар. Азаматтық құқықтың обьектілерінің көбі айналымда қабілетті болып келетіндіктен өзгеге еркін түрде беріліп, бір тұлғадан екіншісіне ауыса береді.
Айналымы шектелген заттарға (жұмыс пен қызмет көрсетуге) құқықтық қатынасқа қатысушылардың белгілі бір тобына ғана тиесілі бола алатын және алынуы мен берілуі арнайы рұқсат негізінде жүргізілетін заттар жатады.
Заттарды бөлінетін және бөлінбейтін деп бөлу оның табиғатына тән нәрсе. Бөлінетін зат бөлген кезде әрбір бөлігі өзінің бастапқы қасиетінен айрылмайды, өз мақсатын жоғалтпайды. Бөлінбейтін зат бөлінгенде мәнін (өзінің шаруашылық мақсатын) жоғалтып алады немесе заң құжатында ұйғарылуына қарай бөлуге жатпайды.
Егер әртекті заттар оны бірігу мәні белгілейтін мақсаты бойынша пайдалануға мүмкіндік беретін бүтін бір затты құрайтын болса, олар бір зат (күрделі зат) деп қаралады. Күрделі зат жөнінде жасалған мәміленің күші, егер шартта өзгеше белгіленбесе оның барлық құрамдас бөліктеріне қолданылады.
Күрделі заттың ұғымы бөлінбейтін затпен ұқсас келеді. Күрделі зат заңдық тұрғыдан бөлінбейтін зат. Сондықтан оған бөлінбейтін заттың құқықтық режимі тән. Сонымен қатар күрделі зат - әр түрлі заттардан тұратын, ерекше құқықтық режимі бар, әрі бөлінбейтін заттың ерекше бір түрі.
Азаматтық кодексте затты басты және керек-жарақ (қосалқы) деп бөледі. Басты зат деп дербес бола алатын және азаматтық құқықтық қатынастың тікелей мәні болатын затты айтады. Керек-жарақ зат басты затқа қызмет етеді, өйткені олардың шаруашылық мақсаты бір болады. Керек-жараққа жататындар; мысалы, автомашинаның қосымша доңғалағы, құрал саймандары, кілт, т.б.
3. Азаматтық құқықтық обьектілерінің бірі бағалы қағаздар болып табылады. Азаматтық кодекстің 129-бабына сәйкес, бағалы қағаз – мүліктік құқықты куәландыратын белгілі бір жазбалар мен басқа да белгілердің жиынтығы. Бағалы қағаздарға акциялар, облигациялар және бағалы қағаздардың азаматтық кодекспен және қазақстан Республикасының өзге де заң актілерімен айқындалған өзге де түрлері жатады.
Бағалы қағаздар шығарылым нысаны бойынша:
құжатты және құжатсыз;
эмиссиялық және эмиссиялық емес;
атаулы, ұсынбалы және ордерлік бағалы қағаздар болып бөлінеді.
Құжатты бағалы қағаздар - құжатты нысанда (бағалы қағаздың мазмұнын арнаулы техникалық құралдарды пайдаланбай-ақ тікелей оқу мүмкіндігі болатын қағаз немесе өзге де материалдық жеткізуші) шығарылыған бағалы қағаздар.
Құжатсыз бағалы қағаздар - құжатсыз нысанда (электрондық жазбалар жиынтығы түрінде) шығарылған бағалы қағаздар.
Эмиссиялық бағалы қағаздар – бір шығарылым шегінде осы шығарылым үшін бірдей жағдай негізінде орналастырылатын және айналымда болатын, біртекті белгілері мен реквизиттері бар бағалы қағаздар.
Эмиссиялық емес бағалы қағаздар – эмиссиялық бағалы қағаздарға сәйкес келмейтін бағалы қағаздар.
Атаулы бағалы қағаз – ол куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға тиесілігін растайтын бағалы қағаз.
Ұсынбалы бағалы қағаз – ол куәландырған құқықтардың бағалы қағазды ұсынушыға тиесілігін растайтын бағалы қағаз.
Ордерлік бағалы қағаз – ол куәландырған құқықтардың онда аталған тұлғаға, ал оларға осы құқықтар азаматтық кодекстің 132 бабының 3-тармағында көзделген тәртіппен берілген жағдайда, басқа тұлғаға тиесілігін растайтын бағалы қағаз.
Бағалы қағаздың ерекше сипаттары бар. Оның:
1) бағалы қағаз - түрі мен мазмұнымен заң талаптарына қатаң бағынатын құжат. Мәселен, бағалы қағаздармен куәландыратын құқықтардың түрлері, бағалы қағ萰здардың міндеті реквизиттері, бағалы қағазы нысанына талаптар және басқа да қажетті талаптар заң құжаттарымен немесе соларды белгіленген тәртіп бойынша бөлінеді. Ал, міндетті реквизиттерінің болмауы немесе бағалы қағаздың ол үшін белгіленген нысанға сәйкес келмеуі оның жарамсыз болуына әкеліп соқтырады.
2) бағалы қағаз оның иеленушісінің мүліктік құқығын куәландырады.
3) бағалы қағаздағы құқықты жүзеге асыру үшін оны көрсеткенде не бергенде ғана құқық іске асырылады.
4. Азаматтық құқықтық қатынас объектілерінің бірі мүліктік қатынастарға байланысты мүліктік емес жеке қатынастар болып табылады. (АК-тің 1-бабы). Мүліктік қатынастарға байланысы жоқ мүліктік емес жеке қатынастар азаматтық заңдармен реттеледі, өйткені, олар заң құжаттарында өзгеше көзделмеген, не мүліктік емес жеке қатынастар мәнінен туындамайды (АК-тің 1-бабының 2-тармағы).
Азаматтық кодекстің 115-ші бабанда азаматқа тиесілі мүліктік емес өзіндік игіліктер мен құқықтардың үлгі тізбесі келтірілген, оған жататындар: жеке адамның өмірі, денсаулығы, қадір-қасиеті, абыройы, игі атақ, іскерлік бедел, жеке өмірге қол сұқпаушылық, жеке құпия мен отбасы құпиясы, есім алу құқығы, шығармаға қолсұқпаушылық құқығы және басқа материалдық емес игіліктер мен құқықтар. Азаматтық құқық обьектілерінің бұл тобының ерекшелігі мынада: 1) бұл құқық өзіндік, яғни тиесілі тұлғадан ажырамайды; 2) мүліктік емес сипаты бар, яғни материалдық (мүліктік) мазмұны болмайды; 3) абсолютті құқықтың санатына жатады, яғни бұл құқықтарды ешкім де бұза алмайды; 4) бұл құқықтар ешкімге тапсырылмайтын, әрі өзгеге берілмейтін құқық.
АК-тің 143-бабына сәйкес ар-намысты, қадір-қасиетті және іскерлік беделді азаматтық-құқықтық қорғау былайша жүзеге асады, яғни азамат немесе заңды тұлға өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтарды, егер ондай мағлұматтарды таратушы адам олардың шындыққа сай келетіндігін дәлелдей алмаса, сот арқылы теріске шығаруды талап етуге құқылы.
Азаматтық кодекстің 143-бабына сәйкес сот арқылы мынадай мағлұматтар, атап айтқанда: 1) ар-намыс пен қадір-қасиетке кір келтіретін; 2) жауапкер арқылы таратылған; 3) шындыққа сәйкес келмейтін мағлұматтар теріске шығарылады.
Азаматтардың және ұйымдардың ар-намысына және абыройына кір келтіретін мәліметтерді тарату деп мына жағдайлар танылады: баспа жүзінде жарияланған, радиомен, теледидардан, жалпы басқа да бұқаралық құралдарды пайдалану арқылы хабарланған, қызметтік, партиялық және басқа да мінездемелерде, арыздарда, әртүрлі ұйымдарға жолдаған хаттарда көрсетілген, көпшілік алдында сөйлеу кезінде, лауазымды адамдарға, немесе басқада, оның ішінде бір немесе бірнеше адамға ауызша айтылған мәліметтер. Жеке айтылса, ондай әрекеттерді кір келтіретін мәліметтерді тарату деп есептеуге болмайды.
Абырой деген - өз рухани байлығы, рухани санасын, қоғамдағы маңыздылығын, орнын адамның өзінің іштей бағалауы.
Жұмыскерлік атақ немесе іскерлік бедел деген - адамның іскерлік (өндірістік мамандылық) беделдеріне қоғам пікірі бойынша дұрыс берілген баға.
Ар-намысқа және абыройға кір келтіретін мәліметтер шындыққа жатпайтыны анықталған жағдайда, ол мәліметтердің таратылуына кінәсі болмаса да, оларды теріске шығару міндеті жауапкерге жүктеледі.
Егерде жариялауда аты-жөні көрсетілмеген оның мағынасында кім жөнінде айтылып тұрғаны анық көрініп тұрса, сонымен қатар кір келтіретін мәлімдеме сол әулеттің қайтыс болған мүшесі жөнінде немесе заң жүзінде мұрагерге жататын жақын туысы жөнінде болса, мүдделі адам АІЖК-нің 8-бабы бойынша сот арқылы ар-намысты және абыройды қорғау туралы талап қоюға құқылы.
Кір келтіретін мәлімдеме кәмілетке толмаған немесе заң жүзінде ешбір қабілеті жоқ деп танылғандар жөнінде таратылған болса, олардың заңды өкілдері ар-намысты және абыройды қорғау жөнінде талап қоюға құқықты.
Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадыр-қасиетіне немесе іскерлік беделіне кір келтіретін мағлұматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында өз жауаптарын тегін теріске шығарылуға тиіс. Егер мағлұматтар ұйымнан шыққан құжатта болса, бұл ұжаттағы мағлұматтардың шындыққа сай келмейтіндігі туралы тиісті адамға міндетті түрде хабарлана отырып, мұндай құжат алмастырылуға немесе кері сұратып алынуға тиіс.
Бұқаралық ақпарат құралдары азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың құқықтарына немесе заңды мүдделеріне нұқсан келтіретін мағлұматтар жарияласа, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында өз жауаптарын тегін жариялауға құқылы.
Азаматтың жеке құпиясын, оның ішінде хат алысу, телефон арқылы сөйлесу, күнделіктер, естеліктер, жазбалар, ішкі жан сыры, бала асырап алу, туу құпиясын, дәрігерлік, адвокаттық құпияны, банктік салымдар құпиясын сақтауға құқығы бар. Жеке бас құпиясы заң құжаттарында белгіленген реттерде ғана ашылуы мүмкін.
Күнделіктерді, жазбаларды, естеліктерді және басқа құжаттарды жариялауға – олардың авторының келісімімен, ал хаттарды олардың авторы мен алысушысының келісімімен ғана жариялауға жол беріледі. Олардың қайсыбірі қайтыс болған жағдайда аталған құжаттар қайтыс болған адамның артында қалған жұбайының және балаларының келісімімен жариялануы мүмкін.
Қандай да бір адамның суреттік бейнесін оның келісімінсіз, ал ол қайтыс болған жағдайда – мұрагерлерінің келісімінсіз пайдалануға ешкімнің де құқығы жоқ.
7 лекция. Тақырыбы Мәмілелер
Жоспары
Мәміленің ұғымы.
Мәміленің түрлері мен нысаны
Жарамсыз мәмілелер мен мәміленің жарамдылық шарттары
Мәмілелер жарамсыздығының негіздері
1. Азаматтық кодекстің 147 бабында мәміле азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен міндеттерін белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттері деп белгіленген. Мәмілеге мынадай белгілер тән: 1) тұлғаның ерік (тілек немесе ниет) білдіруі; 2) рұқсат етілген ерік білдіру яғни құқыққа сәйкес әрекеті; 3) қандай да бір заңды құқық жасауға бағытталған азаматтық-құқықтық қатынастырдың пайда болуы, өзгертілуі және тоқтатылуы; 4) мәміленің әрқашанда құқықтық салдарды туғызуы.
Мәміленің маңыздылығы ондағы жақтардың еркі мен ерік (ниет тілек) білдіруінен тұрады. Ерік білдіруі ауызша, конклюденттік әрекеті арқылы, жазбаша (жай немесе нотариалдық) және үндемей қалу жолымен білдіреді.
Егер мәмілеге қатысушылар өздерінің еркін ауызша айтқан болса, онда бұл ауызша жасалған мәміле болады.
Конклюденттік әрекет (латынша жасау деген мағана білдіреді) - сол арқылы тұлғаның мәмілеге қатысуға ниет білдіру әрекеті.
Үндемей қалу заңдарды немесе тараптардың келісімінде көзделген реттерде мәміле жасауға ерік білдіру болып танылады.
Мәміленің жазбаша жасалуға тиіс түрлері АК-тің 152-ші бабында көрсетілген. АК-тің 155-бабына сәйкес тиісті кейбір мәмілелер мемлекеттік тіркеуге жатады. Ол тиісінше тіркеуден өткеннен кейін ғана жасалған болып саналады.
Мәміленің басқа да мінез-құлық сипаттағы әрекеттерден айырмашылығы, оның қандай да бір құқықтық салдар туындауына бағытталғандығында.
Мәміле – бұл заңның аясына сәйкес келетін, заңмен рұқсат етілген құқыққа сай мінез.
Мәміленің тағы бір ерекшелігі ол тиісті азаматтық құқық пен міндеттер туындатады. Құқыққа сай емес әрекеттер де азаматтық құқықтар мен міндеттер туындатқанымен, бұл жағдай мәміленің емес құқыққа қайшы әрекеттің салдарынан туындайды.
Мәміле – саналы және ерікті түрде жасалған әрекет, оны саналы әрі ерікті түрде жасаған әрекетіне заңдық сипат беріле алатын тұлға жасай алады.
Мәміледе азаматтық құқықтар мен міндеттер оны жасаған тараптарда пайда болса, ал әкімшілік актілерден азаматтық құқықтар мен міндеттер сол органға бағынышты тараптарда пайда болады.
2. Мәмілелер мынандай түрлерге бөлінеді:
біржақты, екі немесе көп жақты;
ақылы және ақысыз;
нақты және консуалды;
казуалды және абстрактілі;
шартпен жасалған;
биржалық.
Мәмілелер және екі немесе көпжақты (шарттар) болуы мүмкін. Заңдарға немесе тараптардың келісіміне сәйкес жасалуы үшін бір тараптың ерік білдіруі қажет және жеткілікті болатын мәміле біржақты мәміле деп есептеледі. Ал шарт жасасу үшін екі тараптың (екіжақты мәміле) не үш немесе одан да көп тараптың (көпжақты мәміле) келісілген ерік білдіруі қажет. Біржақты мәмілелер көп кездесе бермейді. Олардың жиі кездесетін түрі - өсиет. Біржақты мәміледе бір тараптың еркі болса жеткілікті.
Тиісті тарап өз міндеттемелерін орындағаны үшін ақы алатын болса немесе тараптар бір-біріне бір зат беруі керек болса, бұл ақылы мәміле болып табылады. Ал, бір тарап екінші тарапқа одан ақы алмай немес ешбір зат бермей бірнәрсені ұсынуды міндетіне алған мәміле ақысыз болып есептеледі.
Консенсуалды мәмілелер – тараптар келісімге келген сәттен бастап азаматтардың құқықтары мен міндеттері туындайтын мәмілелер, яғни сол сәттен бастап жасалды деп саналатын мәмілелер. Ал нақты мәміле, оны жүзеге асыру үшін, жасалды деп есептеу үшін келісіммен қатар тиісті затты тапсыру қажет.
Мәмілелерді азаматтық құқықтану ғылымында каузальдық (себепті) және абстракциялық деп те бөледі. Әрбір мәміле тараптардың алға қойған мақсатына орай құқықтық негіз бен құқықтық мақсатты еншілейді. Бір жағдайда мәміленің жарамдығы оның негізіне байланысты болса, екінші жағдайда оған байланысты болмайды (абстракциялық). Демек, каузальдық мәміледе оның тағдыры оның жасалуына негіз болған себепке байланысты. Егер себеп немесе негіз жойылса онда мәміленің заңдық мәні болмайды.
Егер тараптар құқықтар мен міндеттердің туындауын басталу-басталмауын белгісіз мән-жайға байланысты етіп қойса, мәміле кейінге қалдырылатын шартпен жасалды деп есептеледі. Тараптар құқықтар мен міндеттемелердің тоқтатылуын басталу-басталмауы белгісіз мән-жайға байланысты етіп қойса, мәміле кейін күші жойылатын шартпен жасалды деп есептеледі. Ал шарттың басталуы тиімсіз болатын тарап шарттың басталуына теріс пиғылмен кедергі жасаса, шарт басталды деп, шарттың басталуы тиімді болатын тарап шарттың басталуына теріс пиғылмен ықпал етсе, шарт басталмаған деп танылады.
Мәміленің нысаны АК-тің 151-ші бабында көрсетілген.
1.Мәмілелер ауызша және жазбаша нысанда жасалады (жай немесе нотариалдық).
2.Заңдармен немесе тараптардың келісімімен жазбаша (жай не нотариалдық) немесе өзге белгілі бір нысан белгіленбеген мәміле, атап айтқанда, олар жасалған кезде атқарылатын мәмілелердің бәрі ауызша жасалуы мүмкін. Мұндай мәміле адамның мінез-құлқынан оның мәміле жасау еркі айқын көрініп тұрған ретте де жасалған деп саналады.
3.Жетон, билет немесе әдеттегідей қабылданған өзге де растайтын белгі арқылы расталған мәміле, егер заңдарда өзгеше белгіленбесе, ауызша түрде жасалған болып табылады.
4.Үндемей қалу заңдарда немесе тараптардың келісімінде көзделген реттерде мәміле жасауға ерік білдіру деп танылады.
5. Жазбаша түрде жасалған шартты орындау үшін жасалған мәмілелер, егер заңдарға қайшы келмесе, тараптардың келісімі бойынша ауызша жасалуы мүмкін.
Жасалған сәтте орындалатын мәмілелерді ауызша жасауға болады. АК-те ауызша жасалуға тиісті деген мәміле пәнінің мөлшері көрсетілмеген. Демек, миллион тенгелік мәміле болса да, ол сол сәтте орындалатын болса, оны ауызша жасауға болады.
Мәміленің өзгеруі, орындалуы немесе тоқтатылуы әдетте ол мәміле қандай нысанда жасалса, олар да сондай нысанда жасалады. Бірақ кейбір жағдайларда, нормативтік құқықтық актілерде көрсетілген реттерде немесе тараптардың қалауы бойынша, жазбаша жасалған мәміле әрекет арқылы орындалады, яғни ол мәміленің орындалуы жазбаша түрде рәсімделусіз-ақ орындалады. Мәселен, заем шарты бойынша ақшаны қарызға беру жазбаша рәсімделсе, демек, қарыз алушы қарыз берушігі тіл хат жазып беру арқылы жасалса, ал қарызды қайтару кезінде, демек, мәмілені орындау кезінде оның орындалғаны туралы тараптар жазбаша рәсімдеу жүргізбей, тек тілхатты қайтару арқылы-ақ жүргізіледі.
Мәміленің жазбаша түрлері АК-тің 152-ші бабында қарастырылған.
егер мәмілелердің жекелеген түрлері үшін заңдарда өзгеше арнйы көзделмесе немесе іскерлік қызмет өрісінің әдеттегі құқықтарынан туындамаса, мәмілелерді жасау кезінің өзінде орындалатындарынан басқа, кәсіпкерлік қызмет үрдісінде жүзеге асырылатын;
мәмілелерді жасау кезінің өзінде орындалатындарынан басқа, жүз есептік көрсеткіш жоғары сомаға;
заңдарда немесе тараптардың келісімінде көзделген өзге де реттерде жазбаша түрде жасалуға тиіс;
Хат, жеделхат, телефонжазба, телетайпжазба, факс, электрондық құжаттар немесе субъектілерді және олардың ерік білдіруінің мазмұнын айқындайтын өзге де қжаттар алмасу, егер заңдармен немесе тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе, жазбаша түрде жасалған мәмілеге теңестіріледі.
Мәміленің жай жазбаша түрін сақтамау, заң құжаттарында немесе тараптардың келісімінде тікелей көрсетілген реттерді қоспағанда, оның жарамсыз болып қалуына әкеліп соқтырмайды, бірақ дау туған жағдайда тараптардың мәміленің жасалғанын, мазмұнын немесе орындалуын куәгерлік айғақтармен растау құқығынан айырады. Алайда тараптар мәміленің жасалғанын, мазмұнын немесе орындалғанын жазбаша немесе өзге, куәгерлік айғақтардан басқа дәлелдермен растауға құқылы.
Егер нотариаттың куәландыруын талап ететін мәмілені тараптар немесе тараптардың бірі іс-жүзінде орындаған болса, ол өзінің мазмұны жағынан заңдарға қайшы келмесе және үшінші жақтардың құқықтарын бұзбаса, сот мүдделі тараптың арызы бойынша мәмілені жарамды деп тануға құқылы. Бұл ретте мәмілені кейіннен нотариаттың куәландыруы талап етілмейді.
Бұндай ерекшелік жағдай жасалған мәміленің мазмұнының шын мәнінде заңдарға қайшы болмауымен қатар тараптардың мүдделерін бұзбайтындықтан, қайта сол тараптардың мүддесін қорғау үшін жасалады.
Бұл ерекшелік жағдайды қолдану үшін төмендегі үш шарт болуы тиіс:
жасалған мәміле заң бойынша оның жасалу нысанының талабын бұзғанымен, мазмұны бойынша заңға қайшы келмеуі;
мәмілені тараптар немесе олардың бірінің орындауы;
мәміленің үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауы.
3. Мәміленің нысанына, мазмұнына және қатысушыларына, сондай-ақ олардың ерік білдіру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған жағдайда мүдделі адамдардың, тиісті мемлекеттік органның не прокурордың талабы бойынша мәміле жарамсыз деп танылуы мүмкін.
Мәміле жарамды болуы үшін мынандай шарттар сақталуы тиіс;
мәміле мазмұнының заң талаптарына сәйкестігі;
мәмілеге қатысатын және оны жүзеге асыратын адамдардың әрекет қабілеттілігінің болуы;
қатысушылардың еркі мен ерік білдіру сәйкестігі;
мәмілелердің нысанының сақталуы.
Мәміле жарамсыз деп танылған жағдайда тараптардың әрқайсысы екінші тарапқа мәміле бойынша алынғанның бәрін қайтарып беруге, ал заттай қайтарып беру мүмкін болмаған жағдайда құнын ақшалай өтеуге міндетті.
Егер мәміле қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталып, екі тарапта да жымысқы ниет болған жағдайда олардың мәміле бойынша алғандарының немесе алуға тиісті болғандарының бәрі соттың шешімі немесе үкімі бойынша тәркіленеді. Тараптардың қайсібірі болсын мәмілені орындаған жағдайда да мәмілеге тиістінің бәрі тәркіленуге тиіс. Егер қылмыстық мақсатқа жету жөніндегі жымысқы ниет тараптардың бірінде ғана болған жағдайда, оның мәміле бойынша алғандарының бәрі екінші тарапқа қайтарылуы тиіс,ал соңғысының алғаны не оған мәміле бойынша тиесілісі тәркіленуге тиіс.
Жасалатын мәміленің мазмұны заң талаптарына қайшы келмеуі тиіс. Мазмұны заң талаптарына сәйкес келмейтін, сондай-ақ құқықтық тәртіп негіздеріне немесе адамгершілікке көрнеу қайшы келетін мақсатпен жасалған мәміле жарамсыз болады. Мұндай жағдайда мәміле мазмұнында қылмысқа итермелейтін немесе қылмыс жасауға бағытталған, заңның нақты талаптарын орындаудан жалтаратын, айналымнан алынған заттарды алу немесе сатуға байланысты сипаттар болуы мүмкін.
Заңмен тыйым салынған іс-әрекеттер негізінде мәміле жасалмауы тиіс. Заңға сәйкес келмейтін мәмілелерге жалпы құқықтық тәртіп негіздері мен адамгершілікке көрнеу қайшы келетін мақсаттармен жасалған мәмілелер де жатқызылады. Бұл қағиданың заңмен жетік реттелмеген қатынастарда қоғам мүддесін қорғау үшін маңызы зор. Мәселен, мемлекеттік кәсіпорын басшысы жеке кәсіпкермен кәсіпорын үшін тиімсіз, бірақ өзінің жақсы таныс кәсіпкер серігі үшін тиімді мәміле жасауы мүмкін.
Заң талаптарын, заңды тұлғаның жарғысын не оның органдарының құзіретін бұзатын мәмілені қасақана жасасқан адамның, егер мұндай талап пайдакүнемдік себептерден немесе жауапкершіліктен жалтару ниетінен туындаса, мәмілені жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы жоқ.
4. Қажетті лицензия алмай, не лицензияның қолданылу күшінің мерзімі біткеннен кейін жасалған мәміле жарамсыз болады. Кейбір кәсіпкерлік қызмет түрлерімен айналысу үшін құзіретті мемлекеттік органдардың арнайы рұқсаты, яғни лицензия алуы керек. Лицензия талап етілетін әрекетті лицензия алмай жүзеге асыру құқықбұзушылық болады. Сонымен бірге лицензия қайтарып алынған жағдайда, күші тоқтатылғанда және жарамсыз деп танылған жағдайларда жасалған мәмілелер де құқықбұзушылық болып табылады.
Теріс пиғылды бәсеке мақсатын көздейтін немесе іскерлік әдеп талаптарын бұзатын мәміле жарамсыз болады. Мұндай жағдайларда мәмілені жарамсыз деп тану туралы талапкер ретінде тиісті тұлғалармен қатар мемлекеттік органдар да қатыса алады.
Он төрт жасқа толған кәмелетке толмаған баланың ата-анасының (асырап алушыларының) немесе қамқоршыларының келісімінсіз жасаған мәмілесін, заң бойынша оның өзі дербес жасауға құқығы бар мәмілелерді қоспағанда, сот ата-анасының (асырап алушыларының) немесе қамқоршысының талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін. Мәмілені жарамсыз деп тануды тек ата-анасы немесе қамқоршысы талап ете алады. Мұндай талап болмаса мәміле өзінің заңдық күшін сақтап қалады. Ата-анасының немесе қамқоршысының келісімі мәміле жасауға мәміле жасалғанға дейін де, кейін де берілуі мүмкін.
Кәмелетке толған адамның мәміле бойынша шығындарын оның ата-анасы қайтаруы міндетті емес. Мәмілеге байланысты алынған заттарды иелеріне қайтару барысында кәмелетке толмаған тұлғаның келтірген залалдары мен шығындарының оның тарабынан орны толтырылмауы мүмкін.
Есуастық немесе ақыл-есі кем болуы салдарынан әрекет қабілеттілігі жоқ деп танылған адам жасасқан мәміле жарамсыз болады. Әрекет қабілеттілігі жоқ немесе 14 жасқа толмаған жасөспірім жасаған мәмілені, егер ол осы тұлғалардың пайдасына жасалса, сот ол мәмілені жарамды деп тануы мүмкін.
Елеулі мәні бар жаңылысу салдарынан жасалған мәмілені сот жаңылысу әсерімен әрекет еткен тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін. Мәміленің табиғатына, ұқсастығына немесе оны өз мақсатына пайдалану мүмкіндігін айтарлықтай төмендететін мәнінің сапасына қатысты жаңылысудың елеулі мәні болады.
Егер жаңылысу мәмілеге қатысушының өрескел бейқамдығының салдары болса, не оны кәсіпкерлік тәуекел билеген болса, сот нақты жағдайларды және мәмілеге қатысушы екінші жақтың мүдделерін ескере отырып, мәмілені жарамсыз деп тану туралы талаптан бас тартуға құқылы.
Алдау, зорлық, қорқыту ықпалымен жасалған мәмілені, сондай-ақ басқа тарап пайдаланған жағдайларға қарағанда адам өзі үшін мүлде тиімсіз ауыр мән-жайлардың салдарынан жасауға мәжбүр болған мәмілені (кіріптарлық) сот жәбірленушінің талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкін. Алдау саналы түрде мәміле шарттары, пәні және субъектілеріне байланысты бұрыс мәлімет беру арқылы жаңылыстыру нәтижесінде мәміле жасастыру болып табылады.
Сонымен келтірілген мәміленің жарамсыздығының негіздерін төмендегідй жүйелеуге болады.
Олар:
субъектілердің құрамының кемшілігі бар мәміле;
нысанының кемшілігі бар мәміле;
мазмұнының кемшілігі бар мәміле
қатысушылардың еркі мен ерік білдіруінде кемшілік бар мәміле.
Достарыңызбен бөлісу: |