10-дәріс
АДЪЕКТИВАЦИЯ МӘСЕЛЕСІНІҢ ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕ ҚОЙЫЛЫСЫ
Адам баласының сөйлеу тілі, әдетте, қозғалыс, даму күйіндегі құбылыс болып табылады. Тілдің ғасырлар бойындағы тарихи даму барысында оның лексикалық құрамы мен грамматикалық құрылысы өзгеріссіз қала алмайды. Сөздердің лексикалық табиғатында да, грам-матикалық құрылысында да үнемі алуан түрлі өзгерістер болып жатады. Олар атқаратын қызметіне қарай, қолданылу ыңғайына қарай сараланады, белгілі бір лексикалық-грамматикалық категорияларға топтасады. Тілдің бүкіл құрылымдық жүйесінде үздіксіз болып оты-ратын мұндай өзгерістердің сырын ашып, ғылыми тұрғыдан түсіндіріп беру - тіл ғылымының басты міндеті. Тілдегі осындай "түрлі өзгерулер мен жаңаруларды" зерттеу барысында тіл ғылымының өзі де жетіліп, мазмұнын әрдайым кеңейтіп отырады.
Қозғалыс, даму күйіндегі тілді танып білу, зерттеу ісі, әсте, тоқталмақ емес. Себебі, үрдіс дамып бара жатқан ғылымның қол жеткен табыстары мен шыққан биігі тіпті әлі де болса зерттелмей, соны жатқан проблемаларды былай қойғанда, ғылымда әбден пысықталып, аксемаға айналып кеткен тұжырымдар мен қағидалардың өзін әлсін-әлсін қайта бір қарауға, тағы бір ой елегінен өткізуге жетелейді. Сондықтан да тілдік құбылыстар өзінің проблемалық қалпын сақтап отырады. Бұған, әрине, алдымен тілдің табиғи жаратылысы, одан кейін оның даму заңдылығы себеп болады.
Сол себепті тілдік құбылыстарды, әр кезде сол тұстағы тіл білімі ғылымының дамымайтыны, лингвистикалық 1958 жылы Т.Ерғалиевтің авторлығымен "Қазақ тіліндегі есімше категориясы" деген атпен басылып шығыпты. Міне, содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтсе де, есімше категориясы әр жылдарда баспа бетін көрген кейбір оқулықтар да, базбір зерттеу еңбектерде жол-жөнекей, атүсті сөз болғаны болмаса, (онда да бұрыннан мәлім пікірлерді қайталаудан аспайды), ол қайтадан зерттеу нысанасы болмапты. Әрине, мұндай жағдайда біздің есімше категориясы жөніндегі таным-түсінігіміздің, өреміздің өспейтіндігі айдан анық. Өкінішке орай, қазақ тіл білімінде мұндай "бір қайнауы ішінде жатқан" мәселелер бір емес, ондап саналады. Сондай актуальды, өзекті мәселелердің бірі - басқа сөз таптарының адъективациялануы яғни өзге лексика-грамматикалық категорияларға тән сөздердің сын есімдер тобына ауысуы. Бұл проблема қазақ тіл білімінде еш уақытта арнайы зерттеу объектісі болған жоқ, тың жатқан, қол тимеген тақырып. Рас, қазақ тіл білімінде өз алдына жеке сөз табы болып табылатын сын есім және оның өзіне тән лексикалық-грамматикалық ерекшеліктері жайында, оған тән бірден-бір грамматикалық категория - шырайлар туралы бірсыпыра зерттеулер бар. Мысалы, 1951 жылы шыққан Ғ.Мұсабаевтың "Қазақ тіліндегі сын есімнің шырайлары" атты еңбегінде сын есімнің ең басты белгілерінің бірі - шырай категориясына жан-жақты талдау жасалған. Доцент Ж.Шакеновтің "Қазіргі қазақ тіліндегі сын есім категориясы" (1961 ж.) деген монографиясында да сын есім мәселесі лексикалық-грамматикалық, синтаксистік, сөзжасамдық тұрғыдан ғана сөз болады. Ә.Төлеуовтің "Қазақ тіліндегі сын есім мен сан есім категориясы" деп аталатын кітапшасында да (1975 ж.) сын есім және оның грамматикалық ерекшеліктері хақында мол мәліметтер беріледі. Бұл еңбектерде негізінен сын есімнің сөйлем құрамында субстантивтеніп, зат есімнің мәні мен қызметін атқаратындығы туралы ғылыми мәні бар мәліметтер берілгенмен, басқа сез таптарының адъективацияланып, сын есімдер қатарына ауысатындығы туралы ештеңе айтылмайды. Мұны, әрине, жөн деуге болмайды. Өйткені сын есімдердің сөз табы болып қалыптасуында аса зор роль атқарған адъективация процесінсіз сын есім мәселесі толық шешімін таба алмайды. Басқа сөз таптарының сын есімге ауысуына яғни адъективация процесіне жөнді көңіл бөлінбеуінің себебі, біздіңше, сын есімнің тарихына қатысты күні бүгінге дейін сүбелі еңбектердің болмауы. Қазақ тіл білімінде сын есім мәселесі көбінесе тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан (синхрондық) қарастырылады да, ал тарихи тұрғыдан (диахрондық) сөз бола бермейді. Бұл орайда, қазақ тілі мамандары адъективация процесі жайынан мүлде хабарсыз деуден аулақпыз. Кейбір қазақ тілі оқулықтарында, монографияларда сөз таптары мәселесі сөз болғанда адъективация процесі тиіп қашты сөз болады. Бірақ соның өзінде ұшқары айтылған жаңсақ пікірлер кездесіп қалады. Соның бірі - профессор А.Ысқақовтың адъективация процесі жайындағы пікірі. Ғалым "Қазіргі қазақ тілі" (морфология) атты жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған оқулығында (1964 жылғы басылымнан қараңыз) өзге сөз таптарының сын есімдерге ауысуы жайында, дәлірек айтқанда зат есімдердің сын есіге айналуы туралы былай деп жазады: "Сын есімнің белгілі жағдайда субстантивтенуі табиғи құбылыс сияқтанып көрінсе, керісінше, зат есімнің: тіпті, ерекше бір жағдайда болмаса, (?), арнаулы жұрнақ жалғанбайынша, (?), адъективтенуі заңға сыймайтындай, табиғи құбылыс емес сияқты көрінеді. Екінші сөзбен айтқанда, сын есім субстантивтенуге қанша бейім тұрса, зат есім адъективтену процесіне, тек бірен-сарандаған сөздердің аясында ғана болмаса, (?), кең шалқып өріс аларлықтай құбылыс болуға лайықты да, мүмкіншілігі де аз болған". (Ысқақов. 1-264). Қадірлі ғалымның адъективация процесі туралы бұл пікірлерімен, әрине, келісу қиын. Біріншіден, сын есімдердің о баста зат есімдерден бөлініп, өз алдына жеке лексика-грамматикалық категория болып қалыптасқандығы ғылымда дәлелденген жайт. Көне түркілік ата тілде сын есімдердің жеке грамматикалық топ болып орныққандығы туралы түрколог ғалымдар әрқилы пікірде. Мысалы, көрнекті түрколог А.М.Щербактың бұл мәселе жайындағы пікірі мынадай: "В тюркских праязыке прилагательные не имели особых морфологических показателей и само существование их как самостоятельного лексико-грамматического разряда имен вызывает большое сомнение" (Щербак. 1-108). Орыстың үлкен ғалымдары А.А.Потебня, В.М.Жирмунский, И.И.Мещанинов, А.Я.Марр, Л.П.Якубинский және т.б. сын есімдердің о баста зат есімдердің анықтауыштық функцияда жиі қолданыстарынан бөлініп шығып, жеке сөз табы болып қалыптасқандығын тек қана орыс тілінің фактілерінің негізінде емес, дүние жүзіндегі көптеген тілдердің материалдарын арқау ете отырып дәлелдейді. Ал, зат есімдердің қазірде де анықтауыштық позицияда жиі жұмсалатындығы белгілі. Сөз таптарының синтаксистік функциясының өзгеруі олардың басқа сөз таптарына ауысуына қолайлы жағдай жасайды. Профессор Н.К.Дмитриев зат есімдердің сын есімге, керісінше, сын есімдердің зат есімге ауысуы жөнінде былай дейді: "Хотя переход существительных в прилагательные и обратно есть явление, обычное для языков, но в тюркских языках эти переходы совершаются особенно легко" (Дмитриев. 1-80). Қазіргі қазақ тіліндегі лексика-грамматикалық омонимдер ретінде қарастырылатын жарық, тең, батыр, кедей, көк, қара, ой, тоң т.б. сөздердің әрі сын есім, әрі зат есім мәнінде колданыла беруі сөзіміздің дәлелі. Олардың сын есімдік мәні мен қызметі кейіннен тілдің даму барысында қалыптасқан. Олар синтаксистік қолданыстьщ барысында адъективация процесінің нәтижесінде өздеріне атрибутивтік мән мен қызметті қосып алған. Олардың әуел баста зат есім сөздер екендігі қазірде де зат есімнің мағынасы мен функциясында еркін жұмсала беруінен анық көрінеді. Сөз тудыру жүйесіне байланысты көптеген еңбектер жариялаған белгілі ғалым А.Ф.Ганиев мұндай адъективтенген зат есімдердің қатарына тіпті алтын сағат, күміс жүзік, ағаш есік, тac қора, шойын қазан т.б. сықылды сөз тіркестерінің құрамындағы алтын, күміс, ағаш, тac, шойын сөздерін де қосады. (А.Ф.Ганиев. 1-42). Бұл жерде біз адъективация процесінің өте көне екендігін, оның о баста зат есімдердің сын есімдерге жіктелу дәуірінен бастау алатынын байқаймыз. Бүдан біз адъективация процесіне зат есімдердің "самарқау, селсоқ" тұрмайтынын, қайта оның адъективация процесіне бейім екендігін көреміз. Екіншіден, зат есімдерге аффикстер жалғанса (сын есім тудыратын), ол ешқашан адъективацияланбайды. Сөз тудыратын жұрнақтар жалғану арқылы жасалған сын есімдер тіл білімінде морфологиялық тәсіл немесе синтетикалық амал бойынша пайда болған сөздер деп аталады. Ал, адъективация тәсілі бойынша атрибут сөздер сөз тудырудың жалпыға белгілі морфологиялық тәсілі бойынша емес, ол әлбетте сөзжасамның лексика-грамматикалық тәсілі негізінде яғни сөз таптарының бір-біріне ауысуы арқылы жасалады. Сөздер бір сөз табынан екінші сөз табына өздерінің сыртқы фонетикалық жамылғышын сақтай отырып, бірақ мәні мен қызметін өзгерте отырып ауысады. Басқа бір сөз табына екінші бір сөз табынан ауысқан сөз өзі енген лексика-грамматикалық категорияның ерекшеліктерін қабылдайды. Соның арқасында тілде лексикалық-грамматикалық омонимдер жасалады, олардың әрқайсысы жеке-жеке сөз ретінде сөздік құрамға енеді. Үшіншіден, қазіргі қазақ тілінің сын есімдер тобында басқа сөз таптарынан ауысып сын есімге айналған сөздердің саны, профессор А.Ысқақов айтқандай, "бірен-саран" емес, олар ондап-жүздеп саналады. Әсіресе, сын есімдер тобында зат есімдер мен етістіктерден, есімше формаларынан ауысып келген сөздердің шоғыры өте мол.
Қазақ тіл білімінде, жалпы түркологияда сын есімдердің жеке сөз болып қалыптасу процесінде адъективацияның аса зор шешуші рөл атқарғандығын, ең бастысы, оның басты фактор болғандығын айтып алғаш пікір білдірген ғалым - профессор Мархабат Томанов. Ғалымның тарихи морфологияға байланысты жарияланған еңбектерінде адъективация процесі, оның табиғаты, сыр-сипаты туралы көп-көп қызықты, құнды ойлар айтылады. (Томанов. 1-180, Томанов. 2-73). Ғалымның пікірінше, сын есімдердің сөз табы болып қалыптасуында басқа да тілдік факторлармен бірге адъективация процесі де тарихи маңызды роль атқарған. Қазіргі қазақ тіліндегі "негізгі сын есімдер" санатындағы көп сөздердің адъективация процесінің нәтижесінде қалыптасқандығын, олардың о баста өзге сез таптарынан ауысып келгендігін мол тілдік деректердің негізінде байыпты ойлар айта отырып, сенімді дәлелдейді. Мысалы қазіргі тіліміздегі "байырғы" деп қарастырылып жүрген қызыл, сары, жасыл, ұзын, ұзақ, қыңыр тәрізді сын есім сөздердің о баста етістік сөздер екендігін, олардың түбір мен қосымшадан құралғандығын, кейіннен тілдің тарихи даму барысында түбірдің не қосымшаның, кейде екеуінің де көнеленіп, қолданыстың барысында адъективацияға ұшырағандығын, сөйтіп сын есімге айналғандығын айтады.
Сонымен адъективация процесі тілдің даму барысында басқа сөз таптарының сын есімге ауысуын білдіретін лингвистикалық құбылыс болып табылады. Тілдегі сын есімдер тобы өз дамуында сөзжасамның әбден орныққая лексика-семантикалық, синтетикалық, синтаксистік тәсілдерімен ғана толығып қоймайды, ол, сонымен бірге, басқа сөз таптарынан сөз қабылдап алу арқылы да көбейіп, өрісін үнемі кеңейтіп отырады.
Қазіргі қазақ тілінің сын есімдер тобында арғы тегі өзге сөз табы болып келетін, бүгінде әбден адъективацияланып, "байырғы" сын есімдер болып кеткен сездер мен сөз тұлғалары мол ұшырайды. Мысалы: жатаған, сүзеген, күлдіргі, жинақы, ауру, ақсақ, бұзык, жамау, кебу, ұшқыр, жаңғалақ, ұшқалақ т.б. Бұлардың өзге сез таптарынан ауысып, адъективтенгендігі олардың сыртқы формаларынан көрініп түр, олардың құрамындағы қосымшалар тарихи тұрғыдан қарағанда сын есім тудыратын жұрнақтар емес, етістіктің қимыл есім мәнін берген формалар. Егер бұлардың қатарына қазіргі қазақ тіліндегі күрделі сын есімдер деп қаралатын жарымжан, тасбауыр, желөкпе, қанішер, көрсе қызар, ұр да жық, бос белбеу сықылды адъективацияланған күрделі сөздер мен сөз тіркестерін қосатын болсақ, онда адъективациялану ауқымы тіпті ұлғая түседі. Адъективация процесіне ұшырап, сын есім мәнін иеленген мұндай сөздердің молдығы аталған процестің қазақ тілінің грамматикалық құрылысында, әсіресе сын есімнің сөзжасам жүйесінде кең қанат жайғандығын көрсетеді. Басқа сөз таптарының сын есімге айналу процесі казірде де тоқталмаған процесс. 'Тілдің негізгі сөздік қоры мен грамматикалық құрылысының қарым-қатынасына және олардың ішкі даму заңдылығына лайық сөздердің ішінара бір категориядан екінші категорияға ауысып отырулары тек өткен, қазіргі заманның ғана жемісі емес, ілгері уақыттарда да болатын құбылыстар екені даусыз" (Ысқақов. 1-273). Сонымен, адъективация процесі тілдегі басқа да құбылыстар секілді сын есімнің де үнемі даму күйінде болатын тілдік құбылыс екенін дәлелдейтін фактор болып табылады. Адъективация процесін мойындамау, бұл ең алдымен, тілдің қозғалыста, дамуда болатынын мойындамау деген сөз.
Адъективация процесінің нәтижесінде, біріншіден, сын есімнің сөзжасам жүйесі өз шеңберін кеңейтеді. Екіншіден, бір мағынасында сын есім, басқа бір мағынасында өзге сөз табы мәнінде көрінетін лексика-грамматикалық омонимдерді сөз таптарына дұрыс топтастыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, сын есім мен басқа сөз таптарының арасындағы сан алуан грамматикалық қатынастарды, әр түрлі семантикалық байланыстарды танып білуге көмектеседі. Төртіншіден, сын есім туралы теорияның мазмұнын арттырады. Бесіншіден, кейбір сын есімдер құрамында "морфологиялық дериват" деп танылып жүрген кейбір қосымшалардың табиғатын қайта танып, қайта саралауға мұрындық болады.
Қысқасы, қазіргі қазақ тіл білімінде адъективация процесі туралы айтылған ой-пікірлердің жалпы сыр-сипаты осындай. Адъективация процесінің лексикалық-грамматикалық тұрғыдан терең зерттеу, оның өзіне тән болмыс-бітімін анықтау ауқымды да іргелі зерттеудің объектісі.
ӘДЕБИЕТТЕР
1.А. Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. Алматы, 1964
2. А.М.Щербак. Сравнительная морфология тюркских языков. Имен. Ленинград, 1977
3. Н.К.Дмитриев. Грамматика башкирского языка. Москва-Ленинград, 1948
4. А.Ф.Ганиев. Конверсия в татарском языке. Казань, 1987
5.Т.Қордабаев, М.Томанов. Тарихи грамматика мәселелері. Ал-
маты, 1976
6.М.Томанов. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. Алматы, 1988
11-дәріс
ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ ПРОНОМИНАЛДАНҒАН ЕСІМДІКТЕР
Жалпы тіл білімінде сөз таптарының бір-біріне ауысуы конверсия, трансформация, транспозиция, субститутция, декорреляция т.б. атаулармен аталады. Бірақ бұлардың ішінде лингвистикада ең жиі қолданылатыны - конверсия термині. Конверсия - ағылшын тілінен алынған термин (айналу). Ол тіл білімінде сөзжасамның бір жолы ретінде танылады. "Проблема перехода частей речи в другую, - дейді академик В.В. Виноградов, -тесно связана с проблемами выделения частей речи в языкознании. Она также имеет отношение к словообразованию, так как конверсия представляет собой один из способов словообразования" (1.17).
Сөздер тілдің даму барысында түрлі өзгерістерді басынан өткізеді. Олар тілдің даму процесінде кейде өзінің семантикалық мәні мен синтаксистік қызметінен қол үзіп, көмекші сөздерге не болмаса грамматикалық форманттарға айналып отырады, енді бірде сөздер өздерінің категориялық мағынасы мен парадигмінен жекешеленіп, өзге бір грамматикалық топтардың қатарына ауысып, тілдегі лексикалық-грамматикалық омонимдердің түзілуіне себепші болады. Сондықтан да профессор А. Пешковский: "Процесс этот вечен в языке" (2.142) дейді. Тарихи тұрғыдан қарағанда тілдегі синкретикалық жұптар немесе етістік - есім омонимдер (дүрысы: тарихи омонимдер) болып саналатын, ал тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан лексика-грамматикалық омонимдер ретінде қарастырылатын ақ, қара, той, жөн, күй, т.б. сықылды сөздерді, біздіңше, конверсиялық процесс аясында қарастыру жөн сияқты. Өйткені, етістік-омоним сөздердің тарихи қалыптасуын белгілі бір дәрежеде конверсиялық процестің негізінде түсіндіруге болады. Бұл жерде, біріншіден, конверсиялық процестердің сөз таптарына жіктелу дәуірінен бастау алатынын ескеру керек, екіншіден, оның Э.В. Севортян айтқандай, өлу үстіндегі процесс емес, қайта ағылшын және басқа да тілдердегідей даму, жетілу күйіндегі құбылыс екенін есте ұстау қажет.
Прономинализация конверсияның ең өнімді процестерінің бірі болып табылады. Прономинализация өзге сөз таптарының есімдіктер тобына ауысуын білдіреді. Есімдіктердің сөз табы ретінде пайда болуы, қалыптасуы тілдегі үнем заңымен тікелей байланысты. Есімдіктер о баста адам баласының көптеген ұғымдарды тез әрі қысқа түрде жеткізу әрекеті барысында, сөздерді үнемдеп пайдалану және оларды сөйлеу процесінде ыкшамдап қолдану ниетінен келіп пайда болған сөздер. Бұл жөнінде орыстың ғалымы М.В. Ломоносов "Множество понятий и поощрение к скорому и краткому их сообщению привело человека нечувствительно к способам, как бы слово свое сократить и выключить скучные повторения одного речения" деген болатын. Мәні қазіргі қазақ тіліндегі тұрақты сөз тіркестерінің, қос сөздердің құрамынан байқалады. Мысалы: өзің өз болғалы, өзінен өзі (сөйледі), өз-өзімен, өз-өзіңмен. Бұлардан "өз" сөзінің о бастағы түлғалық қалпын да, алғашқы мәнін де көруге болады. "Өз" сөзі мысалға келтірілген сөз орамдарында есімдіктен гөрі зат есім мағынасына жуық. Бұл фактілер "өз" есімдігінің әуел баста прономинализация нәтижесінде зат есімдер тобынан ауысқандығын дәлелдейді.
Прономинализация процесі сұрау есімдіктерінің жеке топ болып орнығуында да шешуші рөл атқарған. Себебі, сұрау есімдіктеріне негіз болған не, қай (қан), кім түбірлері о баста есім мәнін берген. Ондай жорамалға "әлгі түбірлердің кейіннен, тілдің даму барысында, есім ұялас сөздер жасауы ғана емес, түбір қалпында қолданысы да дәлел бола алады" (6. 217).
"Қай" есімдігі о баста сұрау мәнін емес, қатыстық мән (қатыстық сын есім) бергендігіне оның қолданысы куә: қай адам, қай нәрсе, қай бір. Сол сықылды, не, кім сұрау есімдіктері де бір кезде қатыстық мағынада жұмсалғандығына көне түркі ескерткіштерінің тілі, сонымен бірге, олардың қазіргі тілдегі қолданысы нақты дәлел: не нәрсе, не іс, не зат, кім де кім және т.б.
Неше, немене, неме сұрау есімдіктеріне негіз болған не сөзі о баста зат есім мәнінде қолданылғанын зерттеушілердің барлығы да атап көрсетеді. Н.К. Дмитриев өзінің "Башқұрт тілінің грамматикасы" атты еңбегінде "Исторически было, по-видимому, существительными в значений, "предмет, вещь" и потом уже превратилось в вопросительное местоимение" деп жазады (7.107). Бұл пікірді қазақ тіл білімінде А. Ибатов та қостайды. Не сөзінің о баста зат есім мәнінде жұмсалғандығына оның қазіргі күндегі кейбір қолданыстары айғақ. Не нәрсе, не зат, не іс тәрізді тіркестердің құрамындағы не сөзі тек қана зат есім мәнін береді. Бұл есімдіктің әуелгі кезде зат есім сөз болғандығына тағы бір дәлел - оның септелуі: не, ненің, неге, нені, неден, немен. Не сөзінің бастапқы заттық мағынасын ажыратып, сұраулық мәнде қалыптаса бастауы Орхон-Енисей дәуірінен бұрын болып өткен процесс. Себебі, Орхон және Енисей бойынан табылған тас жазулардың тілінде не есімдігі нәң, нең түрінде келіп, "зат, нәрсе, бұйым" деген заттық мәнде қолданылған. Негү біз икегү түп өтүнелім. (Біз екеуміз қалай өштестік), неге қорқұрбыз (неге қорқамыз), неде өйрү йок (не үшін жоқ).
"Не" сөзінің прономиналдық мәні орта ғасырларда жазылған ескерткіштер тілінде көріне бастайды. ХІҮ ғасырда жазылған (еңбек иесі белгісіз) "Китаб аттух фат уз-закийа фил-л лұғат ит-туркийа" ("Түркі тілдерінің асыл маржанын сыйлайтын кітап") атты жазба ескерткіште аталған есімдіктің әрі заттық мәні де, әрі есімдік мәні де қатар көзге түседі. Аталған сөз түркі тілдерінің көпшілігінде толық прономиналданып, біржола есімдікке айналып кетсе, кейбір түркі тілдерінде бұл есімдік күні бүгінге дейін әрі сұраулық мәнінде, сонымен бірге белгісіздік ұғымындағы зат есім мағынасында да қолданылады. Түркі тілдерінің бір бұтағы салар тіліндегі "не" есімдігінің қазіргі кездегі қолданысы – сөзіміздің айғағы.
"Қай" түбірінің атрибуттық ыңғайда қолданылуы түбірдің есім екендігін және қатыстық мәнде жұмсалғандығын көрсетеді. Белгілі түрколог ғалымдар түркі тілдеріндегі қай есімдігін және одан әр түрлі аффикстердің жалғануы арқылы өрбіген есімдіктерді (қалай, қайсы, қайтіп, қашан, қані) өзінше бөлшектейді.
Қай сөзінің о баста сөз болғандығын айқындайтын тағы бір факті - оның септелуі, қайдан және қайда сұрау есімдіктері түбір мен жатыс, шығыс жалғауларының бірігіп барып прономиналданғаны айқын. Ал, қайсы сұрау есімдігі есім түбір мен тәуелдік жалғауының III жағының бірігуінен қалыптасқандығы, содан кейін ғана тұтас негіздің есімдікке айналғандығы айқын. Қазіргі қазақ тілінде қалай, қайтіп тәрізді сұрау прономиналдану арқылы есімдіктер қатарына ауысқан. Қалай сұрау есімдігінің о баста көсемше тұлғасы болғандығын, оның кейіннен есімдік болып қалыптасқанын Ф.Г. Исхаков оны (қалай сөзін) мынадай бөліктерге бөліп көрсету арқылы дәлелдейді: (қа(й)-ла-й. Ф.Г. Исхаков мұндағы -ла жұрнағы етістік тудыратын қосымша, -й-ді көсемше формасы деп түсіндіреді (8. 223). Бұдан қалай сұрау есімдігінің тілдің өте көне кезеңінде әуелі есім сөз, одан туынды етістік болғанын, одан көсемше тұлғасын иеленгендігін, ақырында тұтас негіздің прономиналданғаны айқын көрінеді. Қайтіп сұрау есімдігінде дәл осы жолмен кұрама бөліктерге ажыратуға болады: қай-ет-іп. Мұндағы қай-түбір есім сөз, ет-көмекші етістік, -іп-көсемшелік қосымша. Бұл есімдіктің де прономиналдану жолымен калыптасқандығы анық. Мұның үстіне көсемше тұлғаларының сұраулық мәнде қалыптасуы түркі тілдері үшін жат құбылыс емес екені мәлім.
Басқа сөз таптарының прономиналдануы, әр түрлі грамматикалық тәсілдер арқылы жүзеге асады. Академик А.Н. Кононов өзге сөз таптарының есімдікке айналуының екі түрлі жолы бар деп көрсетеді: а) лексикалық тәсіл; ә) морфологиялық тәсіл (9.185). Біз бұл пікірді толық қолдаймыз. Лексикалық жолмен прономиналданған есімдік түлғаларына негізгі түр-тұрпатын сақтай отырып, семантикалық жақтан дами отырып есімдіктер қатарына ауысқан лексикалық единицаларды жатқызуға болады: не, кім, бір, бар және т.б. Ал, морфологиялық-синтаксистік жолмен қалыптасқан прономиналданған есімдіктерге түбірге түрлі аффикстердің жалғануы арқылы, сөздердің бір-бірімен тіркесіп келуі негізінде есімдікке айналған сөз тұлғалары жатады. Оған мысал ретінде мынадай сөз түрлерін келтіруге болады: бір-біріне, бірін-бірі, бірінен-бірі, бұл жақ, барша, сонша, қанша және т.б.
Прономинализация процесінің нәтижесінде есімдіктер өз алдына бөлек, жеке лексика-грамматикалық категория болып қалыптасқан. Прономинализация процесінің лексика-грамматикалық табиғатын, бір мақала аясында толық талдап көрсету мүмкін емес. Бұл - өте күрделі процесс. Біз соның кейбір қырларын ғана еңбегімізге арқау еттік.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. В.В. Виноградов. Вопросы современного русского словообразования. "Русский язык в школе". 1952, №2, 17-6.
2. А. Пешковский. Русский синтаксис в научном освещении. Изд. 7. М, 1956, 142-6.
3. М.В. Ломоносов. Полное собрание сочинений. Изд. Ан СССР, 1953, Т.7, 26-6.
4. Ғ. Мұсабаев. Қазақ тіліндегі сын есімнің шырайлары. А., 1951,77 б
5. А. Ибатов. Қазақ тіліндегі есімдіктер. А., 1961,51-6.
6. М. Томанов. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы /Фон., морф. А., "Мектеп", 1981, 217-6.
7. Н.К. Дмитриев. Указательные местоимения в османском языке. Дан-в, 1926, 101-6.
8. Ф.Г. Исхаков, А.А. Пальмбах. Грамматика тувинского языка/Фон., морф. М., 1961, 233-6.
9. А.Н. Кононов. Грамматика современного узбекского языка. М-Л., 1960.
12-дәріс
КОНВЕРСИЯЛЫҚ ТӘСІЛ БОЙЫНША ЖАСАЛҒАН ЛЕКСЕМАЛАРДЫҢ СӨЗДІКТЕРДЕ БЕРІЛУ ЖАЙЫ
Конверсиялық тәсіл бойынша сөз тудыру мәселесі жалпы лингвистикада, әсіресе европа тіл білімінде көп зерттелген, басы ашық, шешімін тапқан пробелмалардың қатарына жатса, түркологияда аталған тәсіл кеш қозғалған тақырыптардың бірі болып табылады. Бұл салаға байланысты алғашқы зерттеу мақалалар, біздің байқауымызша, өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап жарық көре бастады. Содан бері түркологияда тілдің сөзжасам жүйесінде өзінің көнелілігімен, орнымен, лексикалық-грамматикалық өзгешеліктерімен айрықшаланатын бұл тәсілдің сипатын, қыры мен сырын зерделеген бірсыпыра еңбектер баспа бетін көрді. Олардың ішінде А.Юлдашевтің, А.Ганиевтің, А.Джафаровтың, А.Павловтың зерттеулері өздерінің танымдық тереңдігімен, проблемалық сипатының өткірлігімен ерекшеленетінін атап өткен жөн.
Түркітанудың бір арнасы – қазақ тіл білімінде істің жайы жақсы деп айта алмаймыз. Қазақ тіліндегі конверсиялық процесс және оның сөзжасам жүйесіне қатысы туралы тұңғыш зерттеу-мақала осы жолдардың авторлығымен 1989 жылы «Конверсия туралы» деген атпен «Қазақстан мектебі» журналының №3 санында жарияланған болатын. Бүгінгі күнге дейін біздің конверсиялық тәсілдің грамматикалық ерекшеліктерін, түрлерін, формаларын сөз еткен арнаулы монографиямыз, жиырмадан астам ғылыми мақалаларымыз жарық көрді. Конверсиялық тәсілді сөзжасам түрлерінің бір формасы ретінде қарастыру туралы ұсыныс-пікірлеріміздің текке кетпегенін, оның өзге белгілі ғалымдардың тарапынан қолдау тапқанын айта кетсек, бұл мақтанғандық емес, тарихи әділдік деп ойлаймыз. Сөзіміздің дәлелі ретінде айтулы ғалым С.Исаевтың аталған тәсілді «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты» атты кітабында сөзжасамның негізгі амал-тәсілдерінің бірі ретінде қарастырғанын атап өтсек те жеткілікті. Сондай-ақ, профессор Берікбай Сағындықұлы да тіліміздегі көптеген лексика-грамматикалық омонимдердің қалыптасуын конверсиялық тәсілмен байланыстыратынын ескерткіміз келеді. Десек те, конверсия мәселесі өзінің толық шешімін тапты деуге әлі ерте. Оның өз зерттеушілерін тосып күтіп жатқан проблемалары әлі де болса бастан асады. Соның бірі, біздіңше, конверсия тәсілі арқылы пайда болған сөздердің түрлі сөздіктерде берілу жайы. Бұл мәселе тек қазақ тілінде ғана емес, жалпы түркологиядағы ең өзекті проблемалардың бірі болып табылады. Конверсияланған сөздердің жалпы теориясы жасалмағандықтан, лингвистикалық сөздіктерді жасау барысында оны өзіне ұқсас құбылыстардан, мысалы, омонимдерден, формалас сөздерден, олардың бастапқы және соңғы жаңа мағыналарын ажыратып көрсетуде, әсіресе, сөздікшілер қатты қиындыққа, кедергіге тап болады. «Всего грамматисты по возможности стараются не затрагивать этого трудного несущного вопроса, чего никак не могут себе позволить лексикографы, перед которыми он встает в их работе на каждом шагу и которые за отсутствием каких бы то не было ясных теоретических установок вынуждены решать его по своему усмотрению в соответствии с какой-либо из приведенных точек зрения»,- дейді бұл орайда башқұрт ғалымы А.Юлдашев.
Конверсияланған сөздерді лингвистикалық сөздіктерде беруде, біздіңше, конверсиялық тәсіл арқылы сөз тудыру кең өріс алған ағылшын, неміс лексикографының тәжірибесіне арқа сүйеген дұрыс. Ағылшын тілінде, мысалы, конверсияланған сөздердің әрбір мағынасы сараланып, олардың әрқайсысына жеке-жеке түсінік беріліп, қай сөз табынан жасалғандығы көрсетіліп, сөздіктерде бөлек реестр сөз ретінде орын алады. Конверсияланған сөздердің басым көпшілігі тілдің сөздік құрамында лексика-грамматикалық омонимдер түрінде өмір сүретіні белігілі. Басқа сөз таптарына қарағанда, тілде конверсиялану процесіне зат есімдер мен сын есімдер бір табан жақын тұрады. Себебі, бұл екі сөз табының синтакситік функциясы кей жағдайда бір-бірімен ұштасып жатады. Сөйлем құрамында сын есім зат есімнің қызметін, керісінше, сын есім субстантивтенген жағдайда зат есімнің барлық фукнциясын орындай береді. Сондықтан да бұл екі сөз табы жиі конверсияланып, тілде лексика-грамматикалық омонимдер қатарын құрайды. Қазақ тілінде жарық көрген түрлі лингивстикалық сөздіктерде конверсияланған сөздердің, негізінен, бастапқы мағынасы көрсетіледі де, конверсиялану процесінде пайда болған соңғы жаңа мағынасы ескерілмей, «ұмыт қала береді». Ал, ағылшын тілінде жағдай мүлде басқаша. Онда конверсияланған сөздің әрбір мағынасы сараланып, сөздіктерде жеке реестр сөз ретінде берілетіндігі жоғарыда айтылды. «Ағылшын-орысша сөздікте» мысалы, «stone» сөзі конверсияланған сөз делінеді де, оның зат есім мәніне, сын есім мәніне жеке-жеке мысалдар беріледі. Сондай-ақ сол сөздіктен мысалы, мынадай конверсияланған тұлғаларды кездестіреміз: 1. doe-обруч. 2. to doe-обручать 3. fool-глупец. 4. to fool-дурачить және т.б. Ағылшын тілінде де сын есімдер түркі тілдеріндегідей өзінің анықтауыштық қызметінде жұмсалғанда еш өзгеріске ұшырамайды. Мысалы, 1. stone wall-каменная стена, 2. stone bridge-каменный мост. Бажайлай қарайтын болсақ, ағылшын тіліндегі осы тіркестердің қазіргі қазақ тіліндегі тас қабырға, тас құдық, күміс сағат, алтын жүзік, т.б. деген тіркестерінен еш айырмашылығы жоқ. Бұлардың басты өзгешеліктері сол, ағылшын тілінде сын есім қызметінде жұмсалған зат есім сөздердің барлығы да конверсияланған сөз деп танылады да, сөздіктерден жеке сөз ретінде орын алады. Ал қазақ тілінде сын есім мәнінде қолданылған зат есімдердің барлығы да конверсияланған сөз деп танылмай, ол тек «зат есімдердің анықтауыштық функциясы» делінеді де, лингвистикалық сөздіктерден оларға жеке сөз ретінде орын тимейді. Қазақ лексикографтары функцияның өзгеруі сөз мағынасына да әсер етіп, оны мүлде басқа сөзге айналдыратынын ескермейді. Жалпы тіл біліміндегі, түркологиядағы кейбір пікірлерді ескерсек, жоғарыда мысалға келтірілген «алтын жүзік», «күміс сағат», «жібек бау», «тас құдық» және т.б. деген сөз тіркестеріндегі «алтын, күміс, жібек т.б.» сөздер, тіптен зат есім емес. Олардың пікірінше, сөздердің қолданылу аймағы әбден айқындалған қазіргі кезде әрбір сөз тек қана өз мағынасында, өз функциясында ғана жұмсалады. «Каждый язык имеет ярко выраженную секторную структуру. Это означает, что каждый элемент языка имеет собственную строго очерченную и строго определенную сферу действия». Жалпы тіл біліміндегі бұл пікірді белгілі түрколог Н. Гаджиева да қолдайды: «В функции другой части речи на самом деле выступает другой языковой элемент, строго ограниченной собственной сферой действии. Контексные значения в действительности вряд ли существует». Бұл пікірлер, біздіңше, назар аударуға әбден тұрарлық. Өйткені, «зат есімдердің» анықтауыштық қызметі тілде «уақытша құбылыс» емес. Қазақ тілінде, басқа да түркі тілдерінде зат есімдердің атрибутивтік позицияда қолданысы әбден қалыптасқан, айқындалған тұрақты құбылыс. Сол себепті, жоғарыда келтірілген көзқарастар тұрғысынан қарағанда, атрибутивтік функцияда жұмсалған зат есімдерді «зат есім» деп тану дұрыстыққа жатар ма екен? Бұл-бір. Екіншіден, қандай көп мағыналы сөз болсын, оның мағыналық қырлары контексте, сөйлем құрамында басқа бір сөздермен тіркесу барысында анықталады. Олай болса, алтын сағат, ағаш арба, тас еден, қамыс құлақ, болат пышақ, т.б. сөз тіркестеріндегі алтын, ағаш, тас, қамыс деген сөздердің мағынасын «заттық» деп түсіндіру шындыққа жата ма? Біздің ойымызша, бұлардың ағылшын тіліндегі конверсияланған деп қаралатын орыс тіліндегі сын есім деп танылатын золотая (ложка), серебряный (час), железная (дорога), каменная (стена) дегендерден еш өзгешелігі жоқ. Рас, орыс тілінде бұларды сын есім деп танығанда, оның соңғы сөздің қандай родта (текте) тұрғандығына қарай морфологиялық өзгеріске түскендігі басшылыққа алынады. Әйтпесе, оларды да түркі тілдеріндегідей «заттың неден жасалғандығын» білдіріп тұр деуге болар еді. Осы орайда, орыс тіліндегі сын есімдердің грамматикалық топ болып қалыптасуы жайында арнайы еңбек жазған А.П. Якубинскийдің мына бір пікірін ескермесе болмайды: «Такое положеие вещей вовсе не говорит о том, что мышление турецкого народа архаичнее, чем у тех народов, которые выделили особую морфологическую категорию прилагательных возможность выражения языке той или иной категорий бесконечно разнообразны: турки мыслят теми же категориями, что и мы, но у них категория признака-свойства, определения прилагательных не получила специфического морфологического выражения в других языках при обстоятельствах определение-прилагательные оформляются и морфологически особыми аффиксами-окончаниями. Так случилось в русском языке».
Әдетте, қазақ тілінде зат есімнен сын есім жасалғанда, зат есім сөздерге сын есім тудыратын аффикстердің жалғанатыны белгілі. Жоғарыда мысалға келтірілген сөз тіркестеріндегі алтын, күміс, тас, болат, т.б. сөздерді сын есім деп мойындауымыздың себебі, оларға сын есім тудыратын аффикстер жалғанбаған. Бірақ қазақ тілінде зат есімдердің үлкен бір тобы арнаулы жұрнақсыз сындауға бейім. Өйткені, олардың бойында, профессор Құдайберген Жұбанов айтқандай, «жасырын жатқан сындық мағыналар болады». Ондай «зат есімдер» сөйлемде атрибутивтік функцияда жұмсалғанда сындық мағына иеленіп шыға келеді. Мұндай зат есімдер, әлбетте, сын есім тудыратын қосымшаларды керек етпейді. Олардың адъективтенуіне анықтауыштық функцияның өзі жеткілікті болады. Анықтауыштық қызметте қолданылуға, әдетте, барлық зат есімдер қабілетті бола бермейді. Мысалы, кітап, орман, шам, қаламсап, дәптер, көл, т.б. зат есімдер еш уақытта атрибутивтік позицияда қолданылмайды. «Кез-келген зат есімдер анықтауыштық қызметте жұмсала алады» деген пікір, әлбетте, шындыққа жанаспайды. Сөйлем құрамында атрибутивтік функцияда жұмсалуға бәрінен бұрын, өз бойларында айрықша қасиеті бар, сол қасиеті оның өзін басқа заттар мен құбылыстардан ерекшелеп тұратын зат есім сөздер бейім тұрады. Мысалы, «болат, темір» деген зат есімнің мағынасында «мықты, күшті» деген сын есімге мегзеу бар, сондай-ақ, «құм» сөзі «жұмсақ, бос» деген атрибутивтік ұғымды ауыстыруға бейім тұрады. «Алтын» сөзі «таза, мөлдір» деген сын есімнің мәнін бере алады. Мұндай зат есімдер синтаксистік қолданыс барысында конверсияланып, өзінің бұрынғы мағынасымен бірге тілде лексика-грамматикалық омонимдер қатарын құрайды да, олардың әрқайсысы жеке, бөлек сөз ретінде танылады.
Сөйлем құрамында жалғаусыз, сөздердің орын тәртібі арқылы қатар келген зат есімді сөз тіркестердің алғашқы сыңарының конверсияланған сөз болып табылатындығын грамматикалық тұрғыдан да дәлелдеуге болады. Грамматикада тілдегі сөздердің барлығы да грамматикалық объект болып табылады да, олар өздерінің лексика-грамматикалық ерекшеліктеріне қарай белгілі бір сөз таптарына топтасады. Тілдің сөздік құрамында, әлбетте, сөз таптарының біріне жатпайтын сөз болмайды. Грамматиканың заңы бойынша, белгілі бір сөз табының құрамына енетін сөздердің барлығы да, әйтеуір, сол сөз табына тән грамматикалық категорияның бірінде тұруға тиіс. Мысалы, зат есімдер тобына жататын сөздің барлығы да септік категориясының формаларымен түрленеді де, сөйлем құрамында сол септік формаларының бірінде тұруы қажет. Осы орайда, алтын сағат, күміс белбеу, жібек орамал, ағаш қасық т.б. сөз тіркестеріндегі анықтауыштық қызметтегі алдыңғы сыңарларды атау септігінде тұрған зат есімдер деп қарауға бола ма? Оларды атау септігінде тұрған зат есімдер деп тану үшін бұлар біріншіден атау септіктің кім? не? деген сұрауларына жауап беруі керек. Бұларды ондай сұрауларға жауап береді деп айта алмаймыз. Екіншіден, атау септігіндегі сөздің сөйлемде бастауыш мүше қызметін атқаратыны белгілі. Жоғарыдағы сөздерді бастауыш мүше қызметінде тұр деп тағы айта алмаймыз. Морфологияның ең басты міндеттерінің бірі – сөздерді грамматика-лексикалық белгілеріне қарай сөз таптарына топтастыру. Ал, сөз болып отырған тұлғалар лексикалық мәні жағынан да, грамматикалық белгілері жағынан да сын есімдерге өте ұқсас екені дәлел тілемейді. Бұл лексикалық тұлғалар сын есімнің категориалды мағынасын да, грамматикалық ерекшеліктерін де қабылдайды. Ең дұрысы анықтауыштық қызметте жұмсалған мұндай зат есімдерді А.Байтұрсынов, әділ атап көрсеткендей, «текті білдіретін сын есімдер» деп таныған мақұл. Біз тек қана конверсияланған зат есімдердің өзіндік ерекшеліктерін, оның лингвистикалық сөздіктерде қалай берілу жайын теориялық тұрғыдан әңгіме еттік. Бұл талдаудың, сондай-ақ, белгілі бір дәрежеде конверсияланған басқа да сөз таптарын да қатысы бар ғой деп ойлаймыз.
Қорыта айтқанда, конверсияланған сөз таптары ағылшын, неміс, француз, т.б. тілдеріндегідей қазақ тілінде де түрлі лингвистикалық сөздіктерде жеке реестр сөз ретінде берілуі тиіс.
ӘДЕБИЕТТЕР:
-
А.Юлдашев. Конверсия в тюркских языках и ее отражение в словарях. –«Советская тюркология», 1970, №1
-
Принципы описания языка мира. Москва, «Наука», 1975
-
Н. Гаджиева. О морфологической реконструкции тюркских языков. «Проблемы современной тюркологии», Алматы, 1980
-
А.Якубинский. Из истории их имени прилагательного. Доклады Института языкознания АН СССР, 1951
-
Қ. Жұбанов. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. «Ғылым», Алматы, 1966.
Мазмұны
1-дәріс. Сөзжасамның тіл білімінің жеке саласы болып қалыптасу тарихынан
|
3
|
2-дәріс. Қазақ тіл білімінде сөзжасам мәселесінің зерттелуі
|
11
|
3-дәріс. Конверсия тәсілі бойынша сөз тудыру мәселесінің тіл білімінде зерттелуі
|
21
|
4-дәріс. Конверсиялық тәсіл бойынша сөз тудырудың
ерекшеліктері
|
41
|
5-дәріс. Конверсиялық процестер түрлері туралы
|
54
|
6-дәріс. Сөз таптарының бір-біріне ауысуы және олардың түрлері хақында
|
63
|
7-дәріс. Сөз таптарының бір-біріне ауысуына түрткі болатын факторлар
|
72
|
8-дәріс. Субстантивация туралы
|
79
|
9-дәріс. Адъективация процесі және оның табиғаты
|
83
|
10-дәріс. Адъективация мәселесінің қазақ тіл білімінде қойылысы
|
90
|
11-дәріс. Қазіргі қазақ тіліндегі прономиналданған есімдіктер
|
96
|
12-дәріс. Конверсиялық тәсіл бойынша жасалған лексемалардың сөздіктерде берілу жайы
|
100
|
Достарыңызбен бөлісу: |