Ж. Т. Сарбалаев конверсия мәселелері дәрістер топтамасы


КОНВЕРСИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕР ТҮРЛЕРІ ТУРАЛЫ



бет4/6
Дата22.06.2016
өлшемі0.63 Mb.
#153557
1   2   3   4   5   6

КОНВЕРСИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕР ТҮРЛЕРІ ТУРАЛЫ
Конверсияның түрлері, әдетте, оның сөйлем құрамындағы нәтижесімен анықталады. Өйткені сөздердің бір категориядан басқа бір категорияға ауысуы уақыт жағынан өте ұзаққа созылатын процесс. Оны екі кезеңге бөліп қарауға болады: а) сөздердің бір категориядан екінші бір категорияға ауысуының бастапқы кезеңі; ә) сөздердің бір категориядан басқа бір категорияға ауысуының соңғы кезеңі. Осылайша қос кезеңге бөліп қарастырмауымыздың себебі, о баста синтаксистік қолданыстан басталатын бұл процесте сөздер бір сөз табынан екінші сөз табына бірден біржолата түпкілікті ауысып кетпейді. Олар әуелі екі сөз табының арасындағы «аралық» немесе «дүбара» категорияда өмір сүреді де екі түрлі лексика-грамматикалық сипат ұстайды. Олардың бойында әрі өздерінің бастапқы категориясынын мәні мен қызметі сақталады, әрі өздері енген сөз табының категориальды мәні мен грамматикалық ерекшеліктері болады. Сөз таптарының бір-біріне ауысуының бастапқы алғашқы кезеңінде, «кейде әр сөз табынан шығып, өздерінің сол төркіндерінен қол үзе бөлініп, я оларға, я басқа категорияларға жатпайтын «аралық» я «дүбара» категориялар да туып отырады. Бірақ мұндай құбылыстар бірден және тез туа салмайды, тым ұзаққа созылатын тілдік процестердің нәтижесінде қалыптасады». [1-43]. Мұндай «аралық» болмаса «дүбара» деп аталатын категорияда өмір сүретін сөздер онда мәңгі-бақи қалып қалмайды. Уақыт өте келе олар белгілі бір синтаксистік позицияда жиі әрі тұрақты қолданылудың нәтижесінде семантикалық жақтан дамып, басқа бір категорияның құрамына өтеді. Өзге сөз табынан ауысып келген сөз мезгіл өте келе, сол өзі енген сөз табында әбден тұрақталып, соның категориальды мәні мен грамматикалық ерекшеліктерін қабылдап, сол сөз табындағы «байырғы» сөздердей болып кетеді. Конверсия тәсілі бойынша басқа сөз табынан ауысып келген ондай сөздердің «байырғыланып», сіңісіп кететіндігі сонша, кейде олардың әуел баста қай сөз табынан ауысып келгендігін, тілдің даму барысында қандай күйге ұшырағандығын тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан (синхрондық) дәлелдеу мүмкін бола бермейді. Мұндай жағдайда, олардың о баста қай сөз табынан болғандығын, қандай өзгеріске түскендігін айқындау үшін тілдің тарихына, ондағы көне құбылыстарға, ескі әдеби мұралардың тіліне жүгінуге тура келеді. Осыған орай, сөздердің бір категориядан екінші бір категорияға көшуі мерзім жағынан тым ұзақ уақытқа созылатындығын, бұл процестің мезгіл жағынан белгілі бір кезеңдерден тұратынын және әрбір кезеңнің өзіне лайық ерекшеліктері болатынын ескере келіп, оны екі түрге бөліп қарауға болады: а) бір категориядан басқа бір категорияға уақытша немесе жарым-жартылай ауысқан сөздер; ә) бір сөз табынан екінші бір сөз табына толық немесе түпкілікті, біржола ауысқан сөздер.

Әртүрлі сөз таптарының арасында болатын мұндай конверсиялық тәсілдердің дамуын екі кезеңге, соған орай, оларды екі түрге бөліп қараушылық жалпы тіл білімінде, түркологияда орныққан, дағдылы құбылыс екенін атап өту қажет. Мысалы, әзербайжан ғалымы С.Беглярова, осы орайда, былай деп жазады: «Что, почва для переходы одной части речи в другую в результате семантического развития подготавливается случаями регулярного употребления одной лексико-грамматической единицы в функционально-семантической позиции другой можно го­ворит о двух ступениях конверсии» [2-17]. Орыс тіл білімінде де конверсиялық процестерді мезгіл жағынан дәл осылайша екі кезеңге бөліп жөне әрбір кезеңнің өзіндік өзгешеліктерінің болуына орай түпкіліксіз ауысу жөне түпкілікті ауысу (не окончательный переход, окончатель­ный переход) деп жіктеп қараушылық алдеқашан орныққан, басы ашық мәселе. 1967 жылы жарық көрген академиялық «Қазақ тілінің грамматикасында» да ана тіліміздегі сөз таптарының арасында бір-біріне сөз ауысуы болып тұратындығы, оның «уақытша, түпкілікті» деп атала­тын түрлерінің болатындығы айтылады. Сонымен:

I. Сөздердің бір сөз табынан екінші бір сөз табына уақытша не­месе жарым-жартылай ауысуы туралы.

Сөз таптарының бір-біріне ауысуының алғашқы кезеңінде, яғни уақытша, жарым-жартылай ауысуда сөздердің синтаксистік позициясы үлкен рөл атқарады. Ауысудың бұл кезеңінде тілде сөздер «ара­лық» не «дүбара» категорияда бірнеше мағынаны, кем дегенде екі не үш сөз табының грамматикалық мән-мағынасын беріп, сөйлемде әртүрлі сөз табының синтаксистік қызметін атқарады. Оның қай сөз табы мәнінде қолданылып тұрғандығы контекст арқылы анықталады. Сондықтан да «аралық» не «дүбара» категориялар деп танылып жүрген бұл топтар сөздің бір сөз табынан екінші сөз табына толық ауысып болмағанын көрсетеді.«... случай так называемого не полно­го перехода частей речи свидетельствует о незавершенности процес­са, о существовании более или менее стабильных промежуточных звенье между частями речи» [3-226].



Біз, осы орайда, бір сөз табынан басқа бір сөз табына әлі де болса толық, түпкілікті ауысып болмаған, әр түрлі категориялардың қатарында қарайтын мұндай сөздерді орыс тіл біліміндегідей субстиция құбылысы немесе субститут сөздер болмаса қазақша «орынбасар сөздер» деп атауды жөн санаймыз. Субститут немесе орынбасар сөздер екі не одан да кеп сөз таптарының аралығында өмір сүреді де, қолданылу ыңғайына қарай сөйлемде белгілі бір лексика-грамматикалық категорияның мәніне уақытша ие болады да, сол категорияның грамматикалық қасиеттерін жарым-жартылай ғана қабылдайды. Басқа сөз табының мәні мен қызметін кезеңдік мерзімге ғана қабылдаған сөздер өздерінің бұрынғы категориальды мағынасы мен функциясынан мүлдем қол үзіп кетпейді, қайта олар қай синтаксистік позицияда жұмсалмасын, одан оның бұрынғы қалыптасқан мәні айқын сезіліп тұрады. Бір сөз табынан екінші сөз табына уақытша ауысқан сөздерге мысал ретінде, айталық, сын есімдердің сөйлемде баяндауыш қызметінде жұмсалуын, сондай-ақ, олардың (сын есімдердің) субстантивтенуін жатқызуға болады. Мысалы, Көкшенің көркі өте әдемі («Жас Алаш» газетінен). Жүрісі желдей екен жүйрік. Қазақ ертегілерінен). Жаңбыр жаумай су болады. Әсіре қызыл тез оңар, ақ пен қараны шындық айырар. Өтірік- қаңбақ, шын-салмақ. (Мақалдар). Мысал үшін алынған сөйлемдердегі асты сызылған сөздер өздерінің мағынасы мен қызметінде қолданылып тұрған жоқ. Алдыңғы екі сөйлемдегі атрибутив сөздер баяндауьпп қызметінде жұмсалып, уақытша вербалданған. Ал, соңғы сөйлемдегі сын есім сөздер субстантивтеніп, зат есім мәнінде қолданылған. Бірақ бұлар не етістіктер тобына, не зат есімдер қатарына біржола, мүлдем ауысып кетпеген, тек олардың мәні мен қызметіне уақытша ғана ие болған. Сөз таптарының бір-біріне уақытша ауысуы, негізінен, ауызекі сөйлеу про­цесте, мақал-мәтелдерде жиі кездесетін құбылыс. Осы орайда, мына бір анықтама сөз таптарының уақытша конверсиялануын, ерекшелегін, біздің ойымызша, дәл сипаттайтын сықылды: «Новое слово образует­ся не сразу. Сначала слово может подвергаться лишь окказиональной конверсии, т.е. сигуативно-контекстуальному переходу. Это явление часто наблюдается в поговорках, пословицах и в живой речи. Второй компонент подвергается эллипсису, первый компонент словосочета­ния окказионально переходит в другую часть речи» [4-19]. Сөйтіп, сөз таптарының бір-біріне уақьггша, жарым-жартылай ауысулары олар­дың толық конверсиялануына алғышарт жасайды. Ал, сөз таптарының бір-біріне толық, түпкілікті ауысуы үшін, тілде жаңа грамматикалық тұлға жасалуы үшін, олардың «уақытша, жарым-жартылай ауысула­ры» жеткіліксіз. Ол үшін сөздер бастапқы, негізгі функциясынан басқа синтаксистік позицияларда ұзақ уакыт бойы ұдайы әрі тұрақты қолданылулары шарт. Сонда ғана сөздер өздерінің бұрынғы мәні мен қызметінен қол үзіп, семантикалық жақтан дамып, өзге бір категорияның қатарына толық әрі түпкілікті ауысады. Соның нәтижесінде, тілде дыбыс-талуы, сыртқы түр-тұрпаты жағынан сол сөз табына бірдей ортақ болып келетін лексика-грамматикалық омонимдер жасалады. Енді сөз таптарының бір-біріне толық және түпкілікті ауысуы туралы: Сөздер «уақытша» немесе «дүбара» категория деп аталатын аралық топтарда біржола орнығып, мәңгі-бақи қалып қалмайды. Олар тілдің даму барысында «аралық», «дүбара» категориядан қол үзіп шығып, басқа бір сөз табының қатарына мүлде, біржола ауысады. Басқа сөз табынан ауысып келген сөз өзі енген сөз табының категори­альды мәні мен грамматикалық ерекшелікгерін қабылдап, сол катего­рияньщ байырғы сөздеріндей болып кетеді. Оны тіл білімінде сөз тап; тарының бір-біріне толық әрі түпкілікті ауысуы деп атайды. Осы орайда, айта кететін жайт мынау, ол, басқа сөз табынан ауысып кел­ген сөздер де тілдің даму барысында әр түрлі фонетикалық, грамма­тикалық факторлардың әсерінен түрлі өзгерістерге ұшырайтындығы. Соның нәтижесінде кейбір конверсияланған сөздер өздерінің бастапқы дыбысталу қалпын өзгертіп, өзге бір формалық күйге енеді. Мұндай жағдайда, әрине, ондай сөздердің бұрынғы негіздерінен омонимдік катар құра алмайтындығы белгілі. Тіпті олардың әуел баста қандай сөз табында болғандығын айқындау қиынға соғады. Әлбетте, олардың о баста қай сөз табы болғандығы этимологиялық анализ арқылы анықталады.

Қазақ тілінде сөз таптарының бір-біріне толық ауысуын барлық сөз таптарының құрамынан дерлік кездестіруге болады. Десек өзге сөз таптарына карағанда, басқа сөз таптарынан ауысып келген сөздер, әсіресе, үстеулердің, есімдіктердің, шылаулардың құрамында өте мол. Себебі, аталған сөз таптары өзге лексика-грамматикалык категорияларға қарағанда кеш қалыптасқан, біршама «жас» сөз таптары болып табылады. Ал, тілде жаңадан пайда болған сөз таптары «тыңнан» емес, тілде бұрыннан бар, ертеден келе жатқан сөз таптарының негізінде (базасында) жасалатындығы белгілі. Мысалы, тілдік зерттеулерде жоғарыда аталған сөз таптарының о баста зат есім, сын есім және етістік сез таптарының негізінде қалыптасатындығы қазіргі тіл білімінде айқындалған, дәлелденген мәселе. Басқа сөз табынан ауысып келген сөздер, сондай-ақ, есімдіктермен шылаулардың да өз алдарына бөлек, жеке грамматикалық класс болып қалыптасуларында зор роль атқарған. Есімдіктер де өзінің тарихи даму барысында басқа сөз таптарынан сөздер қабылдау арқылы өз өрістерін кеңейтіп отырған. Мысалы, қазіргі қазақ тіліндегі белгісіз есімдіктер болып саналатын «бір», «біреу» сөздері сан есімдердің прономиналдануынан (басқа сөз таптарының есімдікке айналуы) жасалса, «түк, дым» деген болымсыздық мәнді есімдікгер, А.Ибатовтың мәлімдеуі бойынша, әуел ба­ста зат есімдер болған, кейіннен бұлар «сөйлеу қажеттігіне сай, қолданылу ретіне қарай, өзіне тән реальдық мағыналарын осалдату негізінде есімдік мәніне көшкен» [5-59]. Сол сияқты жалпылау есімдіктері де басқа сөз таптарынан ауысып келген сөздерге кенде емес. Атап өтер ерекшелік сол, прономиналдану процесінің нәтижесінде өзге грамматикалық категориялардан ауысып, жалпылау есімдіктеріне айналған сөздер өздерінің бұрынғы төркіндерінен мүлде ажырап кете қоймаған. Оны кез-келген жалпылау есімдіктерінің бойынан байқауға болады. «Бар» жалпылау есімдігі түркологтардың дәлелдеуіне қарағанда, «бар» деген модаль сөздің есімдікке айналуынан пайда болған. Ал, «бүткіл» жалпылау есімдігінің арғы негізі-етістік «бүт» деген сөз. Профессор Н.К.Дмитриев «бүткіл» жалпылау есімдігінің этимологиясы жайында былай деп жазады: «бете» (весь, целый) этимологи­ческий происходит от глагольного корня «бот»-(расти, вырастить проявляться до конца, кончаться) [6-105]. Белгілі түрколог Н.А.Баска­ков та осы пікірді мақұлдайтындығын айтады. «Бүкіл» жалпылау есімдігінің о баста «бүткіл» етістігінен калыптасқандығын қазіргі түркі тілдерінің материалдарының негізінде де дәлелдеуге болады: түрікменше-бутин, башқұрт-тебөтә, қарақалпақша-бютюн, тува тілінде-будун. Сонымен бірге, бұл сөздің қазақ тілінде бүкіл, бүтін сықылды варианттары барлығын да ескеру қажет.

Сөз таптарының бір-біріне ауысуы атауыш сөз таптары мен көмекші сөздердің арасында да болады. Кейбір атауыш сөздер де тілдің тарихи дамуы барысында мағыналары солғындап, қолданылу өрісі тарылып, өз дербестігінен мүлдем немесе жарым-жартылай айрылып, көмекші сөздер тобына ауысады. Мысалы, қазіргі қазақ тіліндегі көмекші сөздер тобында қаралатын шылаулардың дені тілдің даму барысында өздерінің мәні мен қызметін жоғалтып, көмекші сөздер тобына ауысқан атауыш сөздер болып келеді. Бірақ атауыш сөздердің көмекші сөздер-шылауларға айна­луы өте ұзаққа созылған процесс. Көптеген шылау сөздер тек белгілі ситуацияда ғана шылау қызметінде жұмсалып, ұзаққа дейін өзінің негізгі мағынасынан ажырамаған. Араға ұзақ уақыт салып барып, олар екі түрлі синтаксистік қызмет атқара отырып, грамматикалық омоним сөздер ретінде қалыптасқан. Мысалы, қарай-етістік, қарай-шылау. Қазақ тілі грамматикаларында шылаулардың ішінде әсіресе септеулік шылаулардың арғы тегі басқа сөз табы болып келетіндігі, оның (септеулік шылаулардың) негізінен, зат есімдерден, үстеулерден және етістік сөздерден қалыптасқандығы жиі айтылады да, оған үшін (үш+он), шейін (шей+ін), бойы (бой+ы), сықылды (сиык+ты), жөнінде (жөн+ін+де) тәрізді т.б. есім-етістік тектес сөздер мысал ретінде келтіріледі [7-211].

Жалпы тіл білімінде, түркологияда сөз таптарының бір-біріне ауысу жайы сөз болғанда, конверсиялық процеске тек қана түбір сөздер мен негіздер емес, сондай-ақ грамматикалық формалардың да, қала берді күрделі сөз тұлғаларының да ұшырайтындығы айтылады. Мы­салы, айтулы ғалым Ф.А.Ганиев конверсияланған сөздердің үш түрлі типін айрықша бөліп көрсетеді: а) лексика-семантикалық тип, ә) морфология-семантикалық тип, б) сөз тіркестерінің күрделі сөздерге ай­налуы. Ф.А.Ганиевтің пікіріне қарағанда, «тілдегі күрделі сөздердің, тұрақты сөз тіркестерінің қалыптасуы, конверсия процесімен тікелей байланысты әрі соның нәтижесінің көрсеткіші» [4-16].

Лексика-семантикалық типке белгілі бір сөз табына жататын түбір сөздердің не негіздердің өздерінің дыбысталу қалпын сақтай оты­рып, өзге сөз табына ауысуы жатады. Мұнда, сөз тұлғасында ешқандай формалық, құрылымдық өзгерістер болмайды.

Сөз ауысудың мұндай типіне адьективтенген көк. кара, ақ, жарық сықылды зат есімдерді, субстантивтенген бай, кедей, батыр, бала, ата т.б. тәрізді атрибутивтерді, прономиналданған. Түн, бір секілді есім сөздерді, коньюнкацияланған (шылауға айналған) қарай, үшін, арқылы, жөнінде және т.б. етістік негіздерді жатқызуға бола­ды. Лексика-семантикалық типке жататын мұндай конверсияланған сөздерге тән ерекшелік-бұлар өздерінің бұрынғы мағыналарымен бірге омонимдік қатар құрайды.

Конверсиялық процесс барысында басқа сөз таптарының құрамына тек түбір сөздер, не негіздер ғана өтіп қоймайды, сондай-ақ өзге категориялардың қатарына сөз формалары да ауысады. Сөз формала­рының өз категориясынан қол үзіп, басқа категориялардың тобына ауысуы, ең алдымен, сөз формаларының семантикалық және функциялық жақтан дамуына байланысты. Соның арқасында сөз формалары өз парадигмасынан қол үзіп, басқа сөз табы болып қалыптасады. Сөз формаларының басқа сөз табына ауысуын, Ф.А.Ганиев, «сөз ауысудың морфологиялық-семантикалық типі» деп атайды [4-16].

Сөз формаларының белгілі бір сөз таптарынан бөлініп шығып, екінші бір сөз табы болып қалыптасатындығын дәлелдейтін фактілер қазіргі қазақ тілінде өте мол. Басқа категориялардан ауысып келген сөз формалары, әсіресе, есім, етістік тобында көп ұшырайды. Мысалы, оған зат есімдер құрамындағы субстантивтенген шырай формаларын (қырат, сызат, дөңес. бұйрат. шөлейт), қимыл есім, есімше тұлғаларын (көсеу, тұсау, шапқы, шалғы, төлеген, сұрады, қайнау және т.б.), сын есімдер тобындағы адъективтенген қимыл есім, есімше формаларын (бұралқы, жинақы, жүдеу, бедеу, қызу, ағар, қашаған, сүзеген, еріншек, сүріншек және т.б.) есімдіктер қатарындағы прономиналданған сан есім тұлғасын (біреу) және т.б. толып жатқан басқа да тілдік фактілерді жатқызуға болады. Морфологиялық-семантикалық типке жататын мұндай конверсияланған сөз формаларына тән ерекшелік сол, бұлардың кейбіреулері болмаса, басым көпшілігі өздерінің бұрынғы мәндерімен омонимдік қатар жасай алмайды. Конверсияланған кейбір сөз формалары өздерінің бастапқы түбірлерімен бірігіп, тұтас негізге айналып кеткен. Мысалы, қазіргі қазақ тілінде байырғы, негізгі сын есімдер ретінде қаралатын қызыл. жасыл. сары, ұзын, кыңыржақ т.б. сықылды сын есім сөздер түбір мен қосымшаның бір-бірімен әбден кірігіп, өзара сіңісуінен жасалған. Олардың о баста бастапқы түбір мен қосымшаның бір-бірімен кірігуінен пайда болғандығын салыстырмалы әдіс арқылы анықтауға болады. Айталық «қызыл» сын есімін оның өзімен түбірлес кызару, қызғылт, қызғыш сөздерімен салыстырсақ, онда «қызыл» атрибутивінің қалыптасуына негіз болған түбір «қыз» сөзі болғанын аңғарамыз. Сол секілді, «қыңыр» сын есімінің түбір мен қосымшадан құралғандығын қыңба (ол қыңбады) сөзімен салыстырғанда анық байқаймыз. Осы сықылды, қазіргі тілдегі ұзақ, ұзын сын есімдері де аффикс қосылу арқылы сын есім болып жасалмаған, түбір мен қосымшаның бірігіп, көнеленіп, колданыс барысында сын есімге айналуынан пайда болған. Мұның өзі жоғарыда айтылған кызыл, жасыл, сары, ұзын. қыңыр және т.б. көптеген осы тәріздес атрибутив сөздерді конверсияның морфологиялық-семантикалық типіне жатқызуға мүмкіндік береді. Бұған қосымша, басқа сөз табынан ауысып кел­ген кейбір сөз формалары сөз тудырғыш қосымшалардың мәніне ие болып, форма жасағыштық қызметтен сөз тудырғыш қызметке ауысқан. Мұндай пікір негізінен А.Ысқақовтың жоғары оқу орындарына арналған «Қазіргі қазақ тілі» (морфология) окулығында айтылады. А. Ысқақов аталған оқулығында қимыл есім мен есімшенің тарихи жұрнақтарын (-ғалақ, -гелек, -ғыш, -гіш, -ғыр, -гір, -аған, -еген, -у, -қ жөне т.б.) сын есім жасайтын жұрнақтардың қатарына қосқан [7, 187-188].

Конверсиялық процеске ұшырайтын сөздердің үшінші типі бұл, сөз тіркестерінің күрделі сөздерге айналуы. Ф.А. Ганиевтің пікірінше,«...тре­тий тип конверсии-переход словосочетании в сложные слова. Это явле­ние относится к образованию сложных слов путем конверсии» [4-16]. Біз, бұл орайда, өз тарапымыздан Ф. А. Ганиевтің бұл пікірін толық қолдай отырып, оны әрі қарай дамытқымыз келеді. Біздің ойымызша, конверсиялық процестің нәтижесінде әуел бастағы еркін сөз тіркестері тек қана күрделі сөздерге айналып қоймаған, олар сондай-ақ белгілі бір сөз таптарына ауысып, сол сөз табында орныққан да. Бұған тілдегі тұрақты сөз тіркес-терінің қалыптасуы мен олардың сөз таптарына жіктелуі нақты мысал бола алады. Тұрақты сөз тіркестерінің де о баста еркін сөз тіркестерінен дамып шыққаңдығы айқын. О бастағы еркін сөз тіркестерінің тұрақты сөз тіркесі болып қалыптасуында әрі оның сөз таптарына жіктелуінде кон­версия процесінің атқарған ролі өте үлкен Себебі, конверсиялық процестің барысында о бастағы еркін сөз тіркестері белгілі бір синтаксистік қызметте жиі әрі тұрақты қолданыстың нәтижесінде тұрақты тіркеске айналады. Соның арқасында еркін сөз тіркестерінің арасындағы лексика-семантика-лық, грамматикалық байланыстар көмескіленіп, тұтас тіркес бір бүтін ма-ғына беретін кұрылымға айналады. Ал, тұтас тіркестің бір бүтін мағынаға ие болуына оның бейнелеу (метафора) мақсатында қодданылуы себеп болады. Мысалы: ешкікөз, қырғиқабақ, ашкөз, ұрдажық, көрсеқызар, тас бауыр, сужүрек, қырық жамау, екі көзі төрт болу, аузы алты қарыс және т.б. Бұлардың тұрақты сөз тіркестері болып қалыптасуына, біріншіден, олардың белгілі бір позицияда тұрақты қолданысы себеп болса, екіншіден, метафоралық мәнде жұмсалулары негіз болған. Мұндай тұрақты сөз тіркестері «субстантивтену, адъективтену, прономиналдану, адвербиалдану, вербиалдану процестерінің нәтижесінде тиісті сөз тапта­рына телініп те отырады» [1-23].

Сонымен, сөз таптарының бір-біріне ауысуы тек грамматика шеңберінде ғана емес, сөзжасам жүйесіне де қатысы бар күрделі құбылыс. Ал, оның құпиясы, қыры мен сыры оған қатысты барлық факторларды есепке ала отырып, зерттеп зерделегенде ғана толық ашылмақ. Сөз таптарының лингвистикалық табиғатына, біздіңше, осы тұрғыдан келгенде ғана олар жайында бұрын-соңды айтылған ой-тұжырымдар объективтілік ақиқатқа айналмақ.

Сөз таптарының тілдік табиғатын жан-жақты ашып көрсету келер күндердің, лингвистердің басты міндеті болмақ.

ӘДЕБИЕТ


1. Қазақ тілінің грамматикасы. І том. Алматы, 1967 2. Беглярова С. Адвербиализация в современном азербайджанс­ком языке. АКД. Баку, 1979

2. З.Тихонов А.Н. Части речи - лексико-грамматические разряды слов в сб. «Вопросы теории частей речи». Ленинград, 1969

3. Ганиев ФА. Конверсия в татарском языке. Казань, 1986

4. Ибатов А. Казақ тіліндегі есімдіктердің тарихынан. Алматы, 1966

5. Дмитриев Н.К. Грамматика башкирского языка. Москва-Ленин-
град, 1948

6. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. Алматы, 1974


6-дәріс
СӨЗ ТАПТАРЫНЫҢ БІР-БІРІНЕ АУЫСУЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ТҮРЛЕРІ ХАҚЫНДА
Тілдің тарихи даму барысында ондағы барлық құрылым, жүйе, құбылыс атаулы өзгеріске ұшырап дамып отырады. Бұл процестен, әрине, тілдегі лексика-грамматикалық категория ретінде танылатын сөз таптары да шет кала алмайды. Сөз таптарының дамуы, ең алдымен, олардың жаңа сөздермен толығуынан, жаңа грамматикалық категориялар мен грамматикалық формаларға ие болуынан аңғарылады.

Сөз таптарының соңы сөздермен толығып, молайып отыруының, біздіңше, екі жолы бар: а) сөзжасамның жалпыға белгілі сөз тудыру тәсілдері арқылы (мысалы лексика, морфологиялық, синтаксистік және т.б.); ә) басқа сөз таптарынан ауысып келген сөздердің негізінде. Соңғы тәсіл жалпы тіл білімінде сөзжасамның бір амал-тәсілі ретінде танылады да, ол конверсиялық тәсіл деп аталады.

Конверсиялық тәсіл арқылы, яғни сөз таптарының бір-біріне ауысуы негізінде жаңа сөз тудыру дүние жүзіндегі көптеген тілдерде, атап айтқанда, ағылшын, неміс, француз, молдован жоне т.б. тілдерде кең тараған құбылыс. Аталған тәсіл бойынша сөз тудыру амалы казақ тілі білімінде енді-енді ғана зерттеліп, ол жайында ғылыми-ой тұжырымдар бірте-бірте орнығып келеді. Конверсия проблемасын, әлбетте, бір мақаланың аясында талдап-таразылап, шешіп тастау мүмкін емес. Сондықтан біз бұл еңбегімізде сөздердің бір категориядан екінші бір категорияға ауысуына түрткі болатын факторларға, олардың түрлеріне тоқталып өтуді жөн көрдік.

Сөздер бір сөз табынан екінші бір сөз табына қалай болса солай ауыса салмайды. Олар белгілі бір заңдылыққа бағынады. Басқа сөз табыман ауысып келген сөздің категориалды мағынасы мен түрлену жүйесі (парадигмасы), синтаксистік функциясы өзгереді. Осыған байланысты лингвистикада, сөз таптарының бір-біріне ауысуы сөз болғаң соң осы өзгерістерге әсер еткен, олардың әрқайсысы сөздердің бір сөз табынан екінші сөз табына өтуіне қолайлы жағдай жасалған факторлар ретінде жеке-жеке қарастырылады. Сонымен, сөз таптарының бір-біріне ауысуына себеп болатын үш түрлі тілдік фактор бар. Олар: а)лексика-семантикалық фактор; ә) морфологиялық фактор; б) синтаксистік фактор.

Лексика-семантикалык, фактор. Бұл фактор сөздің семантикалық жақтан дамуынша, оның мағыналық кұрамының тарамдары, таралу дамуына ықпал етумен шектеліп қалмай, оның категориалды мағынасына да әсер етіп, терең өзгерістер туғызады. Соның арқасында жалпы категориалды мағына да өзгеріп басқа сөз табының категориалды мағынасына ауысады. Кейбір ғалымдар басқа факторларға карағанда семантикалық факторды басты фактор деп есептеп, бірінші орынға қояды. Е.В.Ковалевская бұл жайында: "...что при анализе переходных явлении среди части речи семантический фактор является важнейшим",-десе [1-62], А.Н.Каламова: сөз таптарының бір-біріне сөз алмасуында басқа да факторлардың маңызды рөлі бар екендігін айта келіп, "...а главное семантическое возможности создают условия для перехода части речи. Этот процесс перехода части речи в другую происходит путем постепенного и длительного накопления элементов нового качества и постепенного отмирания старого качества",–дейді [2-10].

Морфологиялық фактор. Сөз таптарының бір-біріне ауысуында тілдегі сөз өзгерту, сөз түрлендіру жүйесі, грамматикалық септелу мен грамматикалық жіктелудің маңызы айрықша (тіл білімінде, әдетте, сөз өзгерту, сөз түрлендіру жүйесі "парадигма" деп аталады). Сөз таптарының конверсиялану барысында парадигма да үлкен рөл атқарады. Сондықтан да жекеленген ғалымдар нарадигманы ең басты фактор деп есептейді. А.Н.Смирницкий: "...конверсия есть такой вид словообразования (словопроизводство) при котором словообразовательным средством служит только сама парадигма слова",–дейді [3-17]. О.С.Ахманованың белгілі сөздігінде Де конверсиясы процесі парадигмамен байланыстырылған: "Образование нового слова путем перевода данной основы в другую парадигму словоизменению" [4-18].

Сөз таптарының бір-біріне ауысуында парадигманы басты әрі жалғыз ғана фактор деп қараған, әрі оны морфологиялық, сөз тудырудың бір жолы деп таныған А.И.Смирницкийдің тұжырымдарын бір жақты деп сынаған Ю.А.Жлуктенко морфологиялық фактордан баска да факторлардың кем рөл атқармайтындығын айтады. Ол былай деп жазады: "В предложенном А.И.Смирницким определении конверсии не учитываются различные другие факторы (кроме парадигматичности), действующие при конверсии. Прежде всего роль тех различии в грамматической сочетаемости, которые неизбежно обнаруживается при образовании нового слова, не отрицается, а просто игнорируется" [5-56]. Академик В.В.Виноградов болса: "...резко отделить морфологического словообразования от синтаксического черезвычайно трудно" деп көрсетеді [6-4].

3.Синтаксистік факторлар. Синтаксистік факторлар екі түрлі болады. Оның бірі сөз тіркесінде көрінсе, екіншісі сөздердің синтаксистік қолданысымен ұштасып жатады. Сөздердің конверсиялануы кезінде сөздердің басқа сөздермен қарым- қатынасқа түсуінің, яғни тіркесуінің маңызы өте үлкен. Ю.А.Жлукзенко бұл жайында: "Что акт образования нового слова путем конверсии представляет собой использование основы исходного слова для оформления ее в другие слова в условиях иной грамматической сочетаемости, типичной для другой часта речи... При конверсии новое слово образуется не в изолированном виде, а в его сочетании с другими словами",-дейді [5-64]. Сөздердің бір-бірімен тіркесуінің нәтижесінде жаңа мағыналы, жаңа сападағы сөз жасалатындығын, мысалы, жалғаусыз тіркескен зат есімдерден көруге болады. Кейде атрибуттық қызметте қолданылып тұрған көптеген зат есімдердің мағыналары сапалық сын есімдердің мағынасымен ұштасып, ұласып, сындық мағына иеленеді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мына мысалға алынған сөйлемдердегі жалғаусыз тіркескен зат есімдердің алдыңғы компоненттерінің мағыналарына назар аударайық: құс тұмсық, құмырсқа бел, қалам қас Т.Жароков); Лизаның күміс күлкісі естілді (С. Ерубаев); Тұр Алтай ұйқысынан оянып, ұстап жібек бұлт шатырын (Т.Жароков).

Сөйлемде асты сызылған зат есімдер өздерінің о бастағы мағынасында қолданылып тұрған жоқ. Керісінше, өз мағыналарын ауыстырып, сындық мағынаны иеленген. Қазақ тілінде жалғаусыз тіркескен зат есімдердің алдыңғы компоненттерінің барлығы бірдей сындық мағына қабылдай бермейді. Мұндай қасиетке тек сапалық ұғымды іштей оңай дамыта алатын алтын, күміс, қыран, балдырған, жібек, кесек және т.б. тәрізді сөздер ғана ие. Сонымен бірге олар метафоралық қолданысқа бейім. І.Кеңесбаев пен Ғ.Мұсабаев бұл құбылыс жайында былай деп жазады: "Мұндай зат есімдер сөйлемде сын есімнің орнына жай ғана қалай болса солай ауыса бермейді, керісінше белгілі мақсатпен айрықша образды-мәнерлегіштік сипатта жұмсалады" [7-115]. Казақ тіліндегі сөздердің метафоралық қолданылуын арнайы зерттеген Б.Хасанов болса: "При синтаксической связи двух имен существительных в именительной основе возможны примыкающие метафорические сочетания. Они, в основном, выражают качественную характеристику" - деген пікір айтады [8-13]. К.Бейсенбаева осы айтылған пікірлерді былайша дамыта түседі: "Бейнелік мағынада сын есімнің орнына ауысып қолданылатын жалғаусыз зат есімдер тілімізде жиі кездеседі. Сондықтан көбісі тек нақтылы зат есімдермен тіркесуді қалыптастырып, тұрақтандырып та алған. Мысалы: қой мінез, жылқы мінез, жел өкпе, коян жүрек, алма мойын, ай қабақ және т.б." [9-26].

Зат есімдер сапалық сын есімдердің қатарына ауысқанда, олардың барлығы дерлік сын есімге тән категориалды мағынаны, шырай формалары мен синтаксистік кызметін кабылдайды.

Казақ тіл білімінде сөз болып отырған мәселеге байланысты әлі де болса, ұқыпты ден қойып, үңіле зер салып, талдауды керек ететін мәселелер баршылық. Ол-атау тұлғада тұрып-ақ қатыстық мағынаны білдіретін зат есімдердің казіргі тілдегі жайы. Тілімізде қатысты мағынаны ешбір арнаулы қосымшалардың көмегінсіз, түбір немесе негіз күйінде тікелей көрсететін қатыстық сын есімдер аса мол емес. Әлбетте, бір заттың екінші затқа қатысын, жалғаусыз тіркескен зат есімдердің алдыңғы компоненттері білдіре алады. Мұндай жағдайда зат есімдер арқылы танылатын қатыстық мағына заттардың тегіне, неден жасалатындығына байланысты анықталады. Мысалы: болат пышак, алтын сағат, қасқыр ішік, жібек шапан, күміс қоңырау т.б.

Түркологияда, соның ішінде, қазақ тіл білімінде де мұндай тіркестердің бағыныңкы компоненттері сын есімнің сұрағына (қандай?, қай?) жауап бергенімен, бұлар заттың сынын, жай-күйін емес, тегін, неден жасалғандығын білдіретіндіктен зат есімдер болып танылады деген пікір басым. Дегенмен жалпы тіл білімінде, түркологияда соңғы жылдары айтылған біраз ой-пікірлер бұл жайтқа кайта бір оралуды, тіл білімінің соңғы жетістіктеріне сүйене отырып, кайта бір зер салып қарастыруды қажет етеді. Мысалы, татар ғалымы Ф.Г.Ганиев: "алтын сағат, күміс алқа, тас қабырға "тәрізді жалғаусыз тіркескен ағылшын тіліндегі сөз тіркестерінен ешқандай өзгешелігі жоқ деп санап, оларды конверсия аясында қарауды ұсынады. Ағылшын тілінде мұндай тіркестердің алдыңғы компоненттері сөздердің синтаксистік позициясына карай, тіркесу орнына карай бірде зат есім, бірде сын есім болып табылады. Ағылшын тілінің әр түрлі сипаттағы лингвистикалық сөздіктерінде де мұндай сөздер осындай түрде, яғни екі сөз табына қатысты мағыналар, бірде зат есім, бірде сын есім түрінде беріледі. Ф.А.Ганиев болса, түркі тілдеріндегі осындай сөздерді конверсия процесіне жатқыза келіп: "Таким образом, в тюркских языках употребление существительных в качестве прилагательных можно рассматривать как явление конверсии. Ибо оно в тюркских языках принципиально ничем ни отличается от конверсии слов в германских и в романских языках. Рассмотрение изучаемого явления в тюркских языках как конверсии, по нашему мнению, ближе к истине, чем другие точки зрения",–деп тұжырым жасайды [10-112].

Зат есімдердің сөйлемде сын есімдерге тән анықтауыштық қызмет атқаруын, сын есімдердің орнына ауысып қолданылуын профессор В.М.Жирмунский зат есімдер мен сын есімдердің дифференциаланбауының көрінісі, олардың әуел бастағы тегінің бірлігіне байланысты түсіндіреді. Оның айтуынша: "Основная группа таких именных определении относится к названиям материала, из которого сделан определенный предмет. Все такие названия являются двойственными, в зависимости от синтаксического употребление-существительными или прилагательными",–дей келіп, ғалым бұдан әрі бұл ойын былай түсіндіреді: "...подобно индоевропейским языкам, но в еще большем числе, тюркские языки сохранили группу имен двойственных с грамматическими значениями существительного или прилагательного в зависимости от синтаксического употребления" [10-118].

Профессор Г.Г.Санжеевтің көзқарасы да В.В.Жирмунскийдің пікірімен орайлас: "В монгольских и тюркских языках наряду с той группы имен которые иногда условно называются "существительными и прилагательными", мы находим и такие, которые действительно являются либо существительными, либо прилагательными, грамматический вполне оформленными и отчетливо выделяемыми в особые части речи" [11-89]. Ал Т.И.Грунин болса: "А так в определительных словосочетаниях аналитического типа определение выражает только качественный признак, то любое слово, выступающие как определение в таких словосочетаниях, (ескерту: әңгіме бұл арада алтын сағат, күміс білезік сияқты сөз тіркестері жайында болып отыр-Ж.С.) вне зависимости от его морфологической структуры и лексических особенностей, должно рассматриваться как имя прилагательное качественное",-деп, мәселені келтесінен бір-ақ тұжырады [12-61].

Синтаксистік фактордың екінші түрі синтаксистік қолданыстардың, яғни сөздердің синтаксистік функциясымен ұштасып жатады. Сөздердің синтаксистік қолданысына, әдетте, ғалымдар үлкен мән береді. Сондай-ақ, тіл білімінде сөз таптарының қалыптасып, пайда болуын синтаксистік қолданыстармен байланыстыра қарайтындығы мәлім. Сөздердің бір сөз табынан екінші сөз табына ауысуында да синтаксистік қолданыстар маңызды рел атқарады. Түркологияда, әсіресе, сөз таптарының конверсиялануында, соның нәтижесінде жаңа сапаның пайла болуында, синтаксистік қолданыстар, яғни сөздердің функциялық кызметі басты фактор болып табылады деген көзқарас басқа факторларға қарағанда кеңінен тараған. Мысалы, профессор Н.К.Дмитриев түркі тілдеріндегі конверсиялық процесті сөздердің функионалдық қызметімен байланысты болып отыратын тұрақгы құбылыс деп қарайды [13-15]. А.А.Юлдашев Н.К.Дмитриевтің жоғарыда айтылған пікірін қолдай отырып, оны былайша толықтырады: "Употребляясь в своем новом значении регулярно, слово отрывается от своих прежних функции и значении сохранившихся в нем, от своих прежних функции и значении, связи с другими словами и постепенно приобретает новые конструктивные связи не совместимые с прежними и характеризующие по нормам данного языка" [14-73].

Сонымен, сөздердің бір сөз табынан екінші соз табына ауысуы, ең алдымен, функционалдық құбылыс болып табылады. Олар әуелі синтаксистік тұрғыдан игеріле отырып, күнделікті сөз қолданыска ену дәрежесіне қарай өзі енген баска сөз табының ерекшеліктерін, болмыс-бітімін кабылдайды. Мұның өзі, бір сөздің басқа сөз табына ауысуын, алдымен синтаксистік игерілуден басталып, лексика-морфологиялық игерілумен аяқталатын процесс екенін көрсетеді.

Синтаксистік қолданыстар өзара түр-түрге бөлінеді. Мысалы, метафоралык қолданыс, метонимиялык қолданыс, синекдохалық қолданыс және т.б. Бұл қолданыстар субстантивация, адъективация, вербализация тәрізді конверсияның әр түрлі формаларында маңызды рөл аткарады. Сөз таптарының бір-біріне ауысуына ықпал ететін бұдан өзге де факторлар бар. Оған, мысалы, сөздердің орын тәртібін, сөз құрамындағы әр қилы дыбыстардың ассоциациясын, сөйлем мүшелерінің инверсиялануын және т.б. толып жатқан тілдік құбылыстарды жатқызуға болады. Бірақ бұлар конверсиялық процестерде негізгі, басты факторлар болып табылмайды, олар тек қана қостаушы, дәрежелі сөздердің бір категориядан екінші категорияға өтуіне әсері, себі бар факторлар болып саналады. Өйткені тіл дегеніміз – caн алуан құбылыстар мен процестердің өзара бірлігінен тұратын бірегей, біртұтас организм.

Енді конверсиялық процестердің түрлері туралы. Конверсияның түрлері, әдетте, оның сөйлем кұрамындағы нәтижесімен анықталады. Өйткені сөздердің бір категориядан басқа бір категорияға ауысуы - уақыт жағынан өте ұзаққа созылатын процесс. Оны екі кезеңге бөліп қарауға болатын тәрізді: а) сөздердің бір категориадан екінші бір категорияға ауысуының бастапқы кезеңі; ә) сөздердің бір категориядан басқа бір категорияға ауысуының соңғы кезеңі. Бұлайша, қос кезеңге бөліп карастыруымыздың себебі, әуел баста синтаксистік қолданыстан бастайтын бұл процесте сөздер бір сөз табынан екінші сөз табына бірден, біржола түпкілікті ауысып кетпейді. Олар әуелі екі сөз табының арасындагы "аралық" немесе "дүбара" категорияда өмір сүреді де, екі түрлі лексика-грамматикалық сипат ұстайды. Олардың бойында әрі өздерінің бастапқы категориясыиың моні мен қызметі сақталады әрі өздері ене бастаған сөз табының категориалды мәні мен грамматикалық ерекшеліктері болады. Сөз таптарының бір-біріне ауысуының бастапқы, алғашқы кезеңінде, "кейде әр сөз табынан шығып, өздерінің сол төркіндерінен қол үзе бөлініп, я оларға, я басқа категорияларға жатпайтын аралық, я "дүбара" категориялар да туып отырады. Бірақ мұндай құбылыстар бірден және тез туа салмайды, тым ұзаққа созылатын тілдік процестердің нәтижесінде қалыптасады" [8-43]. Мұндай "аралық" болмаса, "дүбара" деп аталатын категорияда өмір сүретін сөздер онда мәңгі-бақи қалып қалмайды. Уақыт ете келе олар белгілі бір синтаксистік позицияда жиі әрі тұрақты қолданылудың нәтижесінде семантикалық жақтан дамып, басқа бір категорияның құрамына өтеді. Өзге сөз табынан ауысып келген сөз мезгіл өте келе, сол өзі енген сөз табында әбден түракталып, соның категориалды мәні мен грамматикалық ерекшеліктерін қабылдап, соңынан "байырғы" сөздердей болып кетеді. Конверсия тәсілі бойынша басқа сөз табынан ауысып келген ондай сөздердің "байырғыланып", сіңісіп кететіндігі сонша, кейде олардың әуел баста қай сөз табынан ауысып келгендігін, тілдің даму барысында кандай күйге ұшырағандығын тілдің қазіргі қалпы тұрғысынан (синхрондық) дәлелдеу мүмкін бола бермейді. Мұндай жағдайда, олардың о баста қай сөз табы болғандығын, қандай өзгеріске түскендігін айқындау үшін, тілдің тарихына, ондағы көне материалдарға, ескі әдеби мұралардың тіліне жүгінуге тура келеді. Осыған орай, сөздердің бір категориядан екінші бір категорияға көшуі мерзім жағынан тым ұзақ уақытқа созылатын процесс екендігін, бұл процестің мезгіл жағынан белгілі бір кезеңдерден тұратынын және әрбір кезеңнің өзіне лайық ерекшеліктері болатынын ескере келіп, оны екі түрге бөліп қарауға болады: а) бір категориядан басқа бір категорияға уақытша немесе жарым-жартылай ауысқан сөздер; ә) бір сөз табынан екінші бір сөз табына толық немесе түпкілікті, біржола ауысқан сөздер.

Әр түрлі сөз таптарының арасында болатын мұндай конверсиялық тәсілдердің дамуын екі кезеңге, соған орай, оларды екі түрге бөліп қараушылық жалпы тіл білімінде, түркологияда орныққан, дағдылы құбылыс екенін атап өту қажет. Мысалы, әзірбайжан ғалымы С. Беглярова, осы орайда, былай деп жазады: "Что почва для перехода одной части речи в другую в результате семантического развития подготавливается случаями регулярного употребления одной лексико-грамматической единицы в функционально-семантической позиций другой можно говорить о двух ступениях конверсии" [15-17]. Орыс тіл білімінде де конверсиялық процестерді мезгіл жағынан дәл осылайша екі кезеңге бөліп және әрбір кезеңнің өзіндік өзгешеліктерінің болуына орай түпкіліксіз ауысу және түпкілікті ауысу (не окончательный переход, окончательный переход) деп жіктеп қараушылық– әлдеқашан орныққан басы ашық мәселелерінің бірі. 1967 жылы жарық көрген академиялық "Қазақ тілінің грамматикасында" да ана тіліміздегі сөз таптарының арасында бір-біріне сөз ауысуы болып түратындығы, оның "уақытша ауысу, түпкіліксіз ауысу" деп аталатын түрлерінің болатындығы айтылады.
ӘДЕБИЕТ

Ковалевская Е. Г. Субстантированные прилагательные их функционирование в текстах художественных произведений // Семантика переходности. Л., 1977.

Каламова НА. К вопросу о переходности одних частей речи в другие // Русский язык в школе. 1965. N5.

Смирницкий О. С. По поводу конверсии в английском языке // Иностранный язык в школе. 1954. N3.

Ахманова А.С. Словарь лингвистических терминов. IVI., 1966.

Жлуктенко Ю.А. Конверсия в современном английском языке как морфолого-синтаксический способ словообразования // Вопросы языкознания. 1958. N5.

Виноградов В.В. Вопросы современного русского словообразования // Русский язык в школе. 1952. N2.

Кеңесбаев І, Мұсабаев Ғ. Қазіргі қазақ тілі. Лексика. Фонетика. Алматы, 1975.

Хасанов Б. Метафорические употребления слов в казахском языке. Алма-Ата, 1964.

Бейсенбаева К. Қазіргі қазақ тіліндегі зат есімдердің жалғаусыз тіркестерінің кейбір түрлері. Алматы, 1974.

Жирмунский В.М. Развитие категории частей речи в тюркских языках по сравнению с индоевропейским языком // Известия АН СССР. ОЛЯ. 1945. Т. IV. Вын. 3-4.

Санжеев Г.Г. К проблеме частей речи в алтайских языках // Вопросы языкознания. 1952. N6.

Грунин Т.И. Имя прилагательное в тюркских языках // Вопросы языкознания. 1955. N4.

Дмитриев Н.К. Об указательных местоимениях в башкирском языке // Труды института востоковедения. М., 1947. N4.

Юлдашев А. А. Конверсия в тюркских языках и ее отражение в словарях // Советская тюркология. 1970. N1.

Беглярова С. Адвербиализация в современном азербайджанском языке: АКД. Баку, 1979.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет