Дәрілік өсімдік шикізаттарынан алынған сулы сығындылар. Тұнбалар және қайнатпалар
Дәрілік заттардың ең ірі көзі - өсімдіктер болып табылады. Қазіргі кезде
өсімдіктерден жеке түрде табиғи биологиялық белсенді заттар (ББЗ) -
алкалоидтар, витаминдер, сонымен қатар галендік және жаңа галенді
препараттар алынады.
Дәрілік өсімдіктердің және олардан алынатын фитопрепараттардың
синтетикалық препараттарға қарағанда бірқатар артықшылықтары бар.
Олардың құрамында биологиялық белсенді заттардың комплексі болады;
ағзаға жұмсақ әсер етеді; қолданған кезде жанама әсер көрсетуі сирек және
экономикалық тиімді.
Өсімдіктерден препараттарды алу кезінде, экстрактивті заттармен бірге
көптеген балласты заттар да сығындалады. Дәріханада әдетте өсімдік
шикізатынан тек қана сулы сығындылар - қайнатпа мен тұнбалар
дайындалады.
Қайнатпа мен тұнбалар дәрілік өсімдіктердің әртүрлі бөліктерінен
ex tempore алынған сулы сығындылар. Олар ең қарапайым сығындылар,
себебі күрделі құрал жабдықтарды, қымбат немесе қол жетімсіз
экстрагенттердің қолдануын талап етпейді.
КСРО МФ ХІ басылымында өсімдік шикізатынан сулы сығындылар
дайындау, сапасын бағалау және оларға сипаттама берілген, құрғақ және
сұйық экстракт-концентраттардан сулы ерітінділер дайындау
регламенттелген.
Сулы сығындылар өте ерте кезден белгілі. Қазіргі кезде бұл дәрілік түр
экстемпоральды рецептураның 10-15% құрайды. Оның көне дәрілік түр
екендігіне қарамастан, сулы сығындылар қазіргі кезге дейін өзінің
маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Алу жолына және шикізат құрамына
байланысты сулы сығындылар келесі топтарға бөлінеді: тұнбалар (Іnfusa),
қайнатпалар (Decocta), шырыштар – (Mucіlagіnіs).
Тұнбалар өсімдіктің жұмсақ бөліктерінен - гүлінен, шөбінен,
жапырағынан дайындалады. Қайнатпалар өсімдіктердің қабығынан,
тамырынан, сабағынан, тамырсабағынан дайындалады. Шырыштар - жалбызтікен тамырынан, зығыр тұқымдарынан, салеп түйінінен алынады.
Сулы сығындылардың артықшылықтары: технологиясының қарапайымдылығы, бастапқы шикізат пен экстрагенттің арзандылығы, әсер етуші заттардың комплексті құрамы, жұмсақ, кейде ұзақ емдік әсері
Сулы сығындылардың кемшіліктері: сулы сығындылардың тұрақсыздығы химиялық және микробтық), өсімдік шикізатының стандартты еместігі.
Сулы сығындылар технологиясының жалпы ережелері. Тұнбалар.
Шикізатты инфундиркаға салып (Іnfusіo - құямын, демдеймін) есептелген су
мөлшерін құйып, жауып, қайнап тұрған су моншасында 15 минут қыздырады,
жиі араластырып тұрады. Уақыт өткен соң инфундирканы су моншасынан алып,
20о С температурада тұндыруды жалғастырады, яғни 45 минут. «Суыту»
тұнбаның жоғары молекулалық қосылыстармен қанығуына мүмкіндік береді, себебі олар баяу диффузияланады.
Қайнатпалар өсімдіктің гистологиялық құрылысы тығыз тамырынан,
тамырсабақтарынан, қабығынан дайындалады. Су моншасында 30 минут тұндырады, себебі оларды сығындылануы қиын. Бөлме температурасында одан әрі сығындылау үшін қайнатпаны 10 минут суытады. Егер ұзақ уақыт суытса, көп мөлшерде крахмал, пектиндер сығындыланып, қайнатпа қоюланады, ол сүзуді қиындатады. 1 л-ден 3 л-ге дейінгі көлемдегі сулы сығынды дайындау кезінде су моншасында тұнбаларды 25 минут, қайнатпаларды үшін 40 минут қыздырады. Тұнбалар мен қайнатпаларды 3 л-ден артық көлемде дайындау рационалды емес, себебі сақталу мерзімі - 2 тәулік.
Достарыңызбен бөлісу: |