Жалпы тарих және әгп кафедрасы саясаттану пәнінен дәрістер



бет33/73
Дата02.02.2023
өлшемі0.82 Mb.
#469077
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   73
lektsii po politologiya

Бұқаралық жиналыс бір мәселені талқылауға арналады.Ол саяси биліктің не саяси серкенің шешімін қолдау не қолдамау болуы мүмкін. Оған көп адам қатысып, өз көзқарастарын білдіреді.
Шеру (демонстрация) – белгілі бір идеяны, талапты жақтаушы көпшіліктің салтанатты жүруі, саяси биліктің әрекетін қолдау не оған қарсылық білдіруге бағытталады.билікті ұйымдастырылған шерудің саяси қарсыласқа етер әсері үлкен болады.
Ереуіл саяси қысым жасау мақсатында жұмысты тоқтату, белгілі бір талаптарды қабылдауға тырысушылық. Оның негізгі себебі көбіне әлеуметтік- экономикалық жағдайға байланысты келеді.
Сонымен қатар қайсыбір адамдардың саяси өмірге қатыспауы, шеттелуі де кездеседі. Оған азаматтық қоғам мен мемлекеттің арасында қарсы байланыстың болмауы, саяси институттардың жұмысынан түңілуі және соған орай парықсыздық білдіруі, жалпы саяси жүйені қабылдамауы және т.с.с себеп болуы мүмкін.
Сонымен қоғамдағы азаматтардың саяси белсенділігі елдегі ішкі жағдайға, саяси институттардың ықпалы мен әрекеттілігіне, қоғамдық күштердің ара салмағына, демократияялық дәстүрлер мен ережелердің жетілуі деңгейіне және т.б. байланысты. Шын демократиялық қоғамда азаматтардың саяси белсенділігі – оның дамуының, билік құрылымдары мен азаматттық қоғамның арасындағы кері байланысты ұдайы жетілдірудің тетігі болып табылады.


Өзін-өзі тексеруге арналған сұрақтар:

  1. «Саяси процесс» деп нені айтады?

  2. Саяси процесс қалай жіктеледі?

  3. Саяси процеске қатысу түрлері қандай?

  4. Саяси процеске тікелей қатысуға не жатады?

  5. Қазіргі Қазақстанның саяси процесіндегі ерекшеліктер қандай?


Тақырып: Саяси бейімделу.
Жоспар:
1.Саяси даму мен бейімделудің мәні.
2.Саяси бейімделудің кезеңдері және соған байланысты көзқарастар.
3.Қоғам мен саяси жүйенің бейімделу жолдары.
1.Саяси даму деп саяси іс-қимылдар, саяси мәдениетте және жалпы саяси жүйеде өзгерістерге әкелетін процесті айтады. Соның нәтижесінде саяси жүйе әлеуметтік мақсат-мүдделердің жаңа үлгілеріне бейімделеді және жаңа жағдайларға икемделген институттар пайда болады.
Саяси дамудың эволюциялық және революциялық түрлері бар.Эволюциялықта қоғамдық –саяси өмір біртіндеп, баяу дамиды. Көбіне күнделікті өмірге тығыз байланысты болғандықтан, олар сырт көзге онша байқала бермейді. Революцияда қоғамның барлық әлеуметтік- экономикалық саяси құрылымы түбегейлі сапалы төңкеріске ұшырайды. Ол қарулы және бейбіт жолмен жүзеге асуы мүмкін. Сонымен қатар революцияға қоғамдағы үлкен бетбұрысты да жатқызады.
Әлеуметтану біздің заманымыздағы қоғам дамуын дәстүрлік және қазіргі етіп екіге бөледі. Дәстүрлік дегенде әдетте рулық, феодалдық қоғамдарды айтады. Оның экономикасы жалпы алғанда әлсіз. Негізінен, аграрлық шаруашылықпен айналысады. Өндірісте қазба байлықтарын өндіріп, оларды алғашқы өңдеуден өткізеді. Әлеуметтік құрылымында отбасылық, рулық, тайпалық байланыстар қатты дамыған. Халықтың көпшілігі сауатсыз немесе шала сауатты, жол қатынасының, сауда – саттық дәстүрлі түрі кең тараған. Бұл қоғамның саяси жүйесі де ескіше. Қандық, діни, әдет-ғұрыпқа негізделген рулық, тайпалық билік түрі басым. Саяси институттар қызметтерінің ара жігі онша дамымаған. Адам өзін ру, тайпамен біртұтас санады, олардың мүддесін өз мүдддесіндей көрді. Орталық билік болса да оған жөнді мән берілмеді. Бұл қоғам ата- бабадан қалған әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді басшылыққа алып, соларға сүйгендіктен өте баяу, сылбыр дамыды.
Қазіргі қоғам индустриалды, жоғары индустриалды қоғам болып есептеледі. Ол рационализмге, ақыл- парасатқа, баяндылыққа негізделеді.
Саяси даму тұжырымдамасында басты рөлді саяси бейімделу теориясы атқарады. Ол осы ғасырдың 50 жылдарында пайда болған. Батыс елдері алғашында бұл ұғымды отарлық езгіден құтылып, азаттық алған елдердің одан кейінгі жерде қалай дамуына байланысты пайдаланған. Кейін ол өркениеттілік өтудегі әлемдік процестің жалпы үлгісінің негізіне айналды. Оның мәні дәстүрлік қоғамнан қазіргі қоғамға өтудің сипатын және бағытын бейнелеу болатын.Дәстүрлік қоғамнан қазіргі қоғамға өтудің, соған бейімделудің әр түрлі қыры бар.
1.Құрылымдық бейімделу. Ол қазіргі қоғамның әлеуметтік- экономикалық, саяси және басқа институттар жүйесінің қалыптасуын қамтиды.
2. Азаматтық. Жаңғыру барысында дәстүрлік қоғамның саяси жүйесі де құрылымдық өзгерістерге ұшырайды. Солардың ішінде елеулі саяси көрінісі – азаматтылық, азаматтық құқықтар. Бұл принцип барлық ересек адамдарды мемлекет басқару ісіне тартып, қатынастыруға бағытталған.
3. Саяси қатынасу. Жоғарыда көрсетілген азаматтық принциптің негізінде азаматтарға қоғамның саяси өміріне белсене қатынасуына кең жол ашылады. Солардың ішінде ең маңыздыларының бірі – сайлау жасына келген азаматтардың сайлауға және сайлануға құқығы.
4. Қазіргі адам. Мемлекеттік, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын жаңа адам қалыптасады. Ол бұрынғыдай қандық бірлікке негізделген ру-ру, тайпа-тайпаның шеңберінде ғана іс-әрекет етпейді.Мемлекеттік, ұлттық көлемде солардың мүшесі ретінде міндеттерді атқарып, өз құқықтары мен бостандықтарын толық пайдалана алады. Бұрынғыдай әдет-ғұрып, салт-дәстүрді, діни қағидаларды басшылыққа алмайды, өмірдің өркениетті талабына сай, іскерлік көрсетіп, білімді қорытындылар жасап, іс істеуге тура келеді.
2. Дәстүрлік қоғамнан қазіргі қоғамға бейімделу тұжырымдамасының екі тұрпаты бар. Біріншісі- өзіндік ішкі себептерден пайда болып, соған бейімделу. Бұған Англия, АҚШ сияқты ұзақ жылдар бойы біртіндеп баяу даму нәтижесінде қоғамның баянды құрылысына өтуді басынан кешірген елдер жатады. Олар дамудың жоғарғы деңгейіне табиғи түрде жеткен болып есептеледі. Ал осы жолды кейін өтетін елдерге даму деңгейі, өмір сапасы жағынан жоғарыдағылардың жолын қуушы, «қууалай дамушы» мемлекеттер ретінде қарайды.
Басқа елдердің Батыс үлгісін бойына сіңіріп, өзгеру, соған икемдеу жөнінде әр түрлі көзқарастар бар. Солардың ішінде бұрыннан келе жатқан , кең тараған түрі- бейімделудің сызықтық теориясы. Бұл теория бойынша саяси бейімделу алғашында а) дамып келе жатқан елдердің батыс үлгісі бойынша демократиялануы; ә) Батысқа бейімделу «үшінші елдердің» табысты әлеуметтік- экономикалық өсуіне жағдай жасайды және соның салдары болады;б) бұл елдер дамыған Батыс Еуропа елдерімен және АҚШ-пен белсенді қарым-қатынасының, ынтымақтастығының нәтижесі ретінде қабылданған.
60 жылдардың соңына қарай бейімделудің сызықтық теориясын сынаушылар көбейді.Олардың ойынша, әр түрлі елдердің бейімделуі құрылым жағынан болсын, мәдениет жағынан болсын бірыңғай болмайды. Тарихи тәжірибе көрсеткендей, қазіргі капиталистік өмір салтына өту барысында бұл салаларда түрлі ерекшеліктер пайда болады. Сондықтан ғалымдар соған әкелетін себептерді іздестіре бастады. Олар бірқатар жағдайларға байланысты болады.
1. Әр түрлі елдердің жаңа жағдайға көшу, институционалдық құрылымға өту үшін жұмылдырып, іске тартарлық қорлары, мүмкіндіктері бірдей емес.
2.Әр түрлі қоғамдық тарихи дәстүрлері, әлеуметтік- экономикалық құрылымы өзгеше.
3. ұлттық элиталар арасындағы ұйымдастырылу және мәдени ерекшеліктері. Соған орай олар қазіргі тарихи жағдайды, оның әлеуметтік- мәдени мәнін, мазмұнын әр түрлі қабылдайды.
Сондықтан 70-80 жылдары жаңа жағдайға бейімделу мен келешектегі дамудың арасындағы байланысқа қатысты көзқарас қайта қаралады. Бейімделуді дамудың шарты емес, қызметі ретінде қарайтын болды. Бұл саладағы басым бағытқа , мақсатқа әлеуметтік, экономикалық, саяси құрылымдардың өзгеруі жатқызылады.
3. Әр түрлі елдердің бейімделу жағдайларын талдап, қорыта келіп, ғалымдар бұл жолда белгілі бір жүйелілік болуы керек дегенді айтады. Біреулері бейімделуді қоғамды индустриаландырудан бастағанды, екіншілері ауыл шаруашылығын реформалаудан, үшіншілері дамыған елдердің қарқынды, ауқымды көмегіменен, төртіншілері елді мекендерді қалаландырудан және т.с.с бастаған жөн деп санайды.
Теориялық жақтан алғанда бұл мәселеге екі түрлі: либералдық және консервативтік көзқарастар бар. Либералдар ( Г.Алмонд, Р.Даль, Л.Пай) жаңа жағдайға көшуде орта тапқа, халықтың білім дәрежесіне баса назар аударады. Бейімделудің сипаты мен серпінділігіне еркін төбе топтың бәсекелестігі, қатардағы азаматтардың бұл саяси процеске тартылуы деңгейі шешуші рөл атқарады. Себебі, солардың арқасында саяси реформалар атқарылады. Бұл процеске авторитарлық тәртіп жарамайды, ол секіріссіз, біртіндеп жасалуға тиіс дейді.
Консерваторлар (С.Хантингтон, Дж Нельсон, Х. Линдз) бұған керісінше қарайды. Олардың ойынша, демократиялық үрдісте тәрбиеленбеген, билік институттарын дұрыс пайдаланып басқара білмейтін халықты билікке араластырып керегі шамалы. Ол қоғамды саяси дамуға емес, құлдырауға әкеледі.
Варшава университетінің (Польша) көрнекті профессоры, саясаттанушы, әлеуметтанушы Ежи Вятрдың ойынша, демократияға революция арқылы келуге болмайды. Себебі революция кезінде зорлыққа жол ашылады, ол зорлық қарсы жақтан да зорлықты тудырады. Сондықтан оған тек бейбіт жолмен ғана жетуге болады. Оның үш түрі бар. 1) Реформа жоғарыдан басталады. Мұнда авторитарлық басқарушылар жағдайды түсініп, ешкімнің зорлығынсыз, өз еріктерімен саяси жүйені өзгертеді. 2) амалсыздықтан биліктен бас тарту. Мысалы, Грецияда басқарып тұрған полковниктер 1947 жылы Кипрде әскери төңкеріс жасамақ болды. Оған жауап ретінде Түркия Кипрге әскер кіргізіп, нәтижесінде арал екіге бөлінді. Түркия мен Грецияның арасы соғыс жағдайына келді. Греция АҚШ- қа арқа сүйемек болып еді, бірақ олар қолдамады. Сондықтан билік басындағы грек полковниктері амалсыздан билікті азаматтық үкіметке берді. 3) Билік басындағылар оппозициядағылармен келісімге келу арқылы авторитарлық тәртіппен демократияға өтеді. Мысалы, Испания, Оңтүстік Корея, Польша, Венгрия және т.б.
Авторитарлық тәртіптің күйреуінің бірнеше себептері бар. Біріншіден, ол тәртіпті өмірге әкелген мақсаттардың орындалуы, екіншіден, сол тәртіптің шеңберінде шешілмейтін қайшылықтардың көбеюі, үшіншіден, авторитарлық тәртіп дағдарысқа ұшыраған кезде өз елдеріндегідей демократиялық тәртіпті орнатқылары келген дамыған Батыс елдерінің ықпалы мен қысымы.Қазіргі кезде демократияның басқа елдерге кең тарауы – тарихи шындық. Ондай мәселе біздің еліміздің алдында да тұр.
Біздің халықтың санасына авторитарлық тәртіп сіңіп қалған. Сондықтан халықтың саяси мәдениетін көтеру басты мақсаттардың бірі болуға тиіс. Олар өз құқықтарын, бостандықтарын қорғай білу керек.конституцияда көрсетілген қағидалар: құқықтық мемлекеттің принциптері, оның демократиялық негіздері, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы- халық екендігі, оның құқықтары мен бостандықтарының мүлтіксіз сақталуы, биліктің заң шығарушы, атқарушы, сот биліген шын мәнінде тармақталуы және т.б. ережелердің қалтқысыз орындалғандары шарт.
Елде экономикалық, саяси, құқықтық реформалар тынымсыз болып жатады. Ол - өмір талабы. Бірақ солардың бәрі әбден ойланып, терең толғанып қабылданып, іс жүзіне асып жатса, мемлекеттік емес қатынастар қалыптасып жатса, демократиялық тәртіпке жылдам жетуге болады.
Қорыта келгенде, либералдық демократиялық жолға түсу – бүгінгі таңда дамудың ең баста бағыты. Ол жалпыадамзаттық құндылыққа жатады. Саяси бейімделу барысында қоғамның жаңа экономикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарына тиімді жауап қайтарарлық ашық саяси жүйе құрылады. Біздің мақсатымыз – ата –бабамыздың дәстүр ерекшеліктерін сақтай жүре, алдыңғы қатарлы елдердің өркениетті тәжірибесін бойға сіңіре отырып, нағыз демократиялық жолға тезірек түсу.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   29   30   31   32   33   34   35   36   ...   73




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет