Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы



бет24/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   85
Жұбаева монография

-мақ/-мек жұрнағын І.Кеңесбаев (достигательное будущее время), Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев мақсатты келер шақ, «Қазақ тілі грамматикасы» мақсатты келер шақ, А.Ысқақов мақсатты (арнаулы) келер шақ,С.Аманжолов міндетті келер шақ, Т.Қордабаев сенімді келер шақ, «Современный казахский язык» неопределенное будущее время, Ы.Маманов ниет келер шақ деп атаған. Т.Қордабаев келер шақты өз ішінен сенімді келер шақ, сенімсіз келер шақ деп жіктеген де, басқа ғалымдар, негізінен, болжалды келер шақ, мақсатты (ниет) келер шақ деп топтастырған.
Мақсатты келер шақта іс-қимылдың сөйлеу сәтінен кейін анық орындалатыны белгісіз мәнде қалады, ол сөйлеушінің субъективті ойын, ниетін білдіреді. Сөйлем-сөйлесімде мезгіл пысықтауыштардың қолданылуына байланысты мәнмәтін ыңғайына қарай «келер шақта іске асатын іс-қимыл» үстеме мағына пайда болады. Мысалы: Енді өзі бармақшы («Дама в шоколаде»).
Сонымен, мақсатты келер шақтағы іс-қимыл сөйлеп тұрған сәтте әлі бастала қоймаған.
Ауыспалы келер шақ ауыспалы осы шақ сияқты, а/-е/-й жұрнақты көсемшенің жіктеліп келуі арқылы жасалады [77, 519]. Ауыспалы келер шақ сөйлеу сәтінен кейін орындалатын, созылыңқы сипатты іс-қимылды білдіреді. А.Жаңабекова сенімділікті білдіруіне байланысты, а/-е/-й тұлғасы анықтық мағыналары жағынан келер шақтың -ар/ -ер болжалды түрімен мағыналық оппозиция түзіп, яғни қарсы мағыналарды білдіретінін (сенімсіздік, жалпылық) айтады. Алайда келер шақтың атауларында (үнемді көсемше, несовершенное деепричастие, деепричастие продолжительного вида, ауыспалы келер шақ, дағдылы келер шақ) негізінен бұл қосымшаның модальдық ұстанымның басты орынға шықпағаны байқалады. Зерттеушілер ауыспалы осы шақ тұлғасының шақтық мәні мәнмәтін ыңғайына қарай құбылып отыруына байланысты мәнмәтін факторын басты назарға алған. Сонымен қатар Қ.Жұбанов бұл қосымшаның үнемі қайталанып отыратын, дағдылы іс-әрекетті білдіруіне қарай дағдылы келер шақ деп атаса, Н.Сауранбаев созылыңқы сыпат көсемше (деепричастие продолжительного вида) деп атайды. Ғалым қазақ тілінде етістіктер өз алдына сыпат реңктерін білдіре алмайтынын, ол күрделі етістіктер арқылы көрінетінін ескерте келіп, қазақ тіліндегі сыпатты күрделі етістік құрамындағы көсемше тұлғасына қарай аяқталған сыпат, созылыңқы сыпат, белгісіз сыпат деп үшке бөледі. Ғалым көсемше тұлғаларының қимылдың кесімді және созылыңқы түрін жасауға қатысатынын айта келіп, аяқталған сыпатта негізгі етістік - ып/- іп тұлғасында; созылыңқы сыпатта -а/-е/-й тұлғасында; белгісіз сыпатта - ғалы/- гелі тұлғасында келетінін ескертеді [120, 46-50-б.].
Ауыспалы келер шақтың мәнін айқындауда аспектілік ұстаным негізгі қызмет атқарады. Сол арқылы қимылдың өту сипаты концепті жиі қолданылып, «ұзаққа созылған, созылыңқы іс» үстеме мағынасы түзіледі. Соның негізінде морфологиялық жолмен берілетін «сөйлеу сәтінен кейінгі іс-қимыл» сипатының уақыт концептінің «келер шақ» мәнімен және қимылдың өту сипатымен тоғыса отырып, концептуалды мазмұн құрап, ауыспалы келер шақ мәні түзіледі.
Сонымен, морфологиялық шақ мәндеріне негізделген лексика-грамматикалық мәндерді талдау нәтижесінде морфологиялық репрезентацияда шақ және қимылдың өту сипатының өзара байланысы көрінеді. Бұл түрлі морфологиялық мәндердің негізінде түзілген, концептуалды негізі бөлек мәндердің ерекшеліктерін нақтылауды қажет етеді. Морфологиялық репрезентацияда уақыт негізгі концепті арқылы грамматикалық және лексика-грамматикалық мәндер түзіледі. Мұнда негізгі концепті мен морфологиялық концептілердің өзара байланысы айқындалады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   20   21   22   23   24   25   26   27   ...   85




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет