Ашық рай тұлғалары «шынайы болмыспен сәйкес келу» морфологиялық мәнін беруге қатысып, іс-әрекеттің шынайылығын білдіреді. Ол басқа лексика-грамматикалық мәндерді білдіре алмайды. Олай болмаған жағдайда сөйлем мазмұны ақиқат шындыққа сәйкес келмей қалады. «Ашық рай – қимыл, іс-әрекет үш шақтың (осы шақ, келер шақ, өткен шақ) бірін білдіретін рай түрі. Демек, ашық райдың басты семантикалық ерекшелігі – қимыл, іс-әрекеттің объективті шындыққа қатысты болу-болмауының сөйлеп тұрған сәтпен (шақпен) байланысты өтіп кеткенін, өтіп жатқанын, әлі өтпегенін, бірақ өтетін сипатын білдіру, сөйтіп, ашық рай, бір жағынан, етістіктің рай категориясының бір түрі болса, екінші жағынан, бір өзі етістіктің шақ категориясын құрайды. Осыған байланысты райдың басқа түрлерінен айырмашылығы тікелей ашық рай жасатын арнайы қосымшалары жоқ болып келеді. Демек, шақ категориясы дегеніміз, екінші жағынан, ашық рай екен де, енді оның (ашық райдың) сипаты шақ категориясы мен оның түрлері шеңберінде қарастырылады» [77, 513-б.].
Н.Оралбай етістік білдіретін қимыл шындық өмірге қатысты болса (оқыдым, оқып отырмын, оқимын), реалды қимыл ретінде объективті модальдікті білдіретінін, етістік білдіретін қимыл шындық өмірге қатысты болмаса (оқыса, оқы), неғайбіл қимыл ретінде субъективті модальдік мағынаны білдіретінін айта келіп, осыған байланысты райларды екіге бөледі: 1) реалды қимылды, яғни объективті модальдікті білдіретін ашық рай; 2) неғайбіл қимылды яғни субъективті модальдікті білдіретін – бұйрық рай, қалау рай және шартты райлар [156, 271-б.]. Яғни объективті модальдікті білдіру мүмкіндігіне қарай ашық рай басқа райларға қарсы қойылады.
Райдың әр түрінің өзіндік ерекшеліктері бар. Ашық рай тұлғалары морфологиялық концептінің «шынайы болмыспен сәйкес келу» сипатын активтендіреді. Мысалы: Төменгі жақта отырған жағымпаздар: «Со да болар» деп, жуып-шайды (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Байман қарқылдап тұрып күлді. Тұяқтың сыры өзіне мәлім ғой (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Ашық райдың өзіндік ерекшелігін С.Құлманов былай деп көрсетеді: «Ашық рай осы, өткен және келер шақтағы болымды немесе болымсыз іс-әрекетті жай ғана баяндауды білдіреді. Мұнда іс-әрекет туралы хабар ақиқат шындықтың тура көрінісі ретінде беріледі. Сондықтан ашық рай тұлғалары объективті модальдік мағыналарды білдіреді. Ашық рай аясында шақ және рай грамматикалық мағыналары синкретті түрде білдіріледі» [149, 73-б.].
Негізінен алғанда, рай категориясының ашық рай, бұйрық рай, шартты рай, қалау рай сияқты төрт түрі бөлініп көрсетіліп жүр. А. Ысқақов рай категориясын (етістіктің модальдылығын) қимылдың, іс-әрекеттің ақиқатқа қатысын білдіруіне қарай екі топқа – реальды немесе ашық (негізгі) және неғайбыл (жәрдемші) немесе ирреалды рай деп бөледі. Бұлай бөлуге негіз болып отырған бұл рай түрлерінің семантикалық сипаты ғана емес (реалды мән және ирреалды мән) сонымен бірге неғайбыл (ирреалды рай түрлері бұйрық рай, шартты рай, қалау рай) белгілі морфологиялық тұлғалар жүйесі арқылы берілсе, ашық (негізгі) райда арнаулы грамматикалық көрсеткіштер болмайды», сөйтіп, олар арнаулы көрсеткіштерінің болу-болмауына қарай «бір-біріне қарама-қарсы қойылып қаралады» [78, 322-б.].
Іс-әрекеттің уақыты, қимылдың өту сипаты шақ, аспект, етіс көрсеткіштері арқылы нақтыланады. Шынайылықпен сәйкестік деңгейін сөйлеуші анықтайды. Сөйлеушінің іс-әрекетке қатысы менің ойымша, меніңше, менің білуімше, байқағаным, менің байқауымша, негізінен т.с.с. қыстырма сөздер арқылы беріледі. Мысалы: Меніңше, бүгіннен қалмай келуге тиіс («Дама в шоколаде»).
А.Ысқақов ашық райдың қолданылу өрісі де, мағыналық қарымы да әрі кең, әрі бай ұғымды болатынын айтады: «...Көптеген модальдік реңктер мен басқа да таза субъективтік мағыналарды білдіру үшін индикативтің (ашық рай) тұлғалары аса жиі қолданылады. Сонымен қатар ондай реңктер мен мағыналарды білдіргенде ашық рай тілдегі арнаулы модаль сөздерді де, модальдік шылауларды да, модальдік тіркестерді де, демек индикатор (модальдік модификатор деп те аталады) есебінде қызмет ететін тілдің өз дәнекерін қажетінше кең пайдаланады [78, 313-б.].
Ашық райдың басты семантикалық ерекшелігі қимыл, іс-әрекеттің объективті шындыққа қатысты болу-болмауының сөйлеп тұрған сәтпен (шақпен) байланысты (өтіп кеткенін, өтіп жатқанын, әлі өтпегенін, бірақ өтетінін) сипатын білдіру, сөйтіп, ашық рай, бір жағынан, етістіктің рай категориясының бір түрі болса, екінші жағынан, бір өзі етістіктің шақ категориясын құрайды. Мысалы: Апасы төсегін салып қойған екен. Күнікей шашбауын сылдыратып, шешініп, есікті іліп, жантайды. Жантайды да жас ботадай ыңырсып, ақырын, тәтті «ымһ» деді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Сабын сіңді-ау деген кезде бетін, құлағының іші-тысын, мойнын айналдыра бипаздап, баптап жуынды. Содан кейін бір бұрышы сынған, төрт бұрышты қаңылтыр айнасын керегенің басына іліп қойып, қасына керіп, көзін бажырайтып, тісін ақситып, бұғағын бұлтитып, таранып-таранып, сүртініп, шаштарын сылап жатқызып, ашық омырауына қолын салып, олай-бұлай қимылдатты, енді омырауына тарқысын байлап жатқанда, апасы қарап:
Достарыңызбен бөлісу: |