Ай, Едіге сен енді қайт сана,
Қайтып Еділ өт сана.
Еңсесі биік боз орда –
Еңкейіп сәлем бер сана …
Хан сарқытын іш сана …
Үстіңе ала қара кіс
Тон береді, ки сана …-
сияқты өлең жолдарын мысалға келтіре отырып, өлең жолдарындағы сана деген сөзді сен-а дегеннің қазақшаланған тұлғасы ретінде сипаттайды.
Бұл тұлға ауыз әдебиет үлгілерінде («Алтын сақа», «Қара батыр» ертегілерінде т.с.с.) кездеседі. Мысалы:
Бала қарғаға айтты:
– Қарғалар-ау, қарғалар, қанды көрсе жорғалар, тұмарымды ал сана, біздің елге бар сана, сағынып жүрген әкеме, тұмарымды бере қал сана («Қара батыр»).
Сондай-ақ «Қыз Жібек», «Ер Сайын» жырларында да кездеседі:
Келгін, балам, қайт сана,
Әкеңе сырын айт сана,
Патша қызын алсаң да,
Өз еліңе жат-сана («Қыз Жібек»).
Тоқсан торқа ки сана,
Тоғыз жорға мін сана,
Хан мен билер отырсын,
Ғақылмен ойлап біл сана («Ер Сайын»).
А.Байтұрсынұлы мұндай тұлғалардың (барсана, тұрсана, жүрсана, қойсана, кетсана) кейінгі қолданыстан ығысып бара жатқанын, негізінен бұрынғы ертегілерде кездесетінін, онда өтініш мәні бар екенін айта келіп, оны ызалы райға жатқызады [52]. М.Томанов, Ғ.Мұсабаев, Е.Жұбанов, С.Исаев, Р.Сыздықова сынды ғалымдар сана тұлғасын «көптеген түркі тілдерінен, тіпті олардың поэтикалық дүниелері тілінен ығысқан «көненің көзі» ретінде таниды.
Қосымшаның -мыш/-міш, дүр тұлғаларының мәндес екенін айта отырып, ғалым А.Тұрышев Мәшһүр-Жүсіп Көпеев шығармаларынан мысал келтіреді:
Жаяуым өлең айтып қақса сана,
Көшімді тер-тоныммен жақта сана.
Соңынан айқай салып қуып жеттім,
Ұрлықты білмей қылсаң таста сана (Мәшһүр-Жүсіп) [160].
Бұл орайда сана тұлғасының этимологиясын тануда ғалымдар екіге жіктеледі: М.Томанов, Ә.Ибатов т.б. ғалымдар сана формасын сана етістігімен түбірлес екенін айта келіп, оны көне түркілік са түбірінен өрбігенін (са>сан>са>н>сан>са), сана етістігі бұйрық райдың -а жұрнағы арқылы жасалғанын айтады [161].
Ал академик Рәбиға Сыздық сана, мана тұлғаларының мен, сен есімдіктерінің -а формантының ықпалымен өзгеріске түскен түрі ретінде сипаттай келіп, бұл тұлғаның Ясауи «Хикметтерінің» тілінде жиі кездесетінін айтады (андын соңра дәрйа болұб таштұм мән-а (47 б, 1-2); һич ұхламай дидарыны көрдүм мән-а (47 б, 11,12). Тек мән емес, сән есімдігі де а көрсеткішімен келеді: көб халайиқ айтадүр үшбу кіші бимәрмән дүр/ мән талибымны тапмадым мән зармән деп айт сән-а (98 а, 1, 2, 3); әгәр диýанасән тағдын өзүң ташла сән-а (98 а, 9, 10).
Ғалым мана, сана құрамындағы а элементін қаратпа сөзге, бастауыш, баяндауыш болып тұрған сөздерге көңіл аударту, олардың мәнін күшейте түсу сияқты қызмет атқаратын шылау ретінде сипаттайды: «Зер сала қарасақ, бұлайша тұлғаланған мән, сән есімдіктері І және ІІ жақта айтылған етістіктері бар сөйлемдерде келеді: биғам болұб йер астыгә кірдім мән-а (38 б, 3, 4)... Мұндағы мән есімдігі – бастауыш, бірақ ол сөйлемнің соңында келіп тұр, ал өлең мәтінінде инверсия, яғни бастауыштың баяндауыштан соң келуі – кәнігі құбылыс. Демек, бұл жерде «мән йер астыға кірдім, мән дәрйа болұб таштұм» деген сөйлемдерді түсінеміз, сондықтан а элементі есімдікке жалғасып, оны күшейту оған көңіл аударту қызметін атқарып тұр... Шылау сөздің немесе басқа бір толық мәнді сөздің аффикс қатарына өтуде оның орналасу позициясының, яғни инверсияланатын әрекетінің рөлі зор екенін айтқан зерттеушілер де бар. Мысалы, бір нәрсені (айтушыны не тыңдаушыны, мезгілді, қимыл амалын т.с.с.) баса көрсету үшін белгілі бір сөздердің сөйлемнің ең соңына көшіп, инверсияға ұшырайтыны айтылады. Бұған біз мен, сен, ол есімдіктерінің сөйлем соңында қайталануын мысалға келтіре аламыз. Хикметтердегі: хуррам болуб йер астыға кірдім мән-а деген өлең жолында мән сөзінің инверсиялануы осыны көрсетеді. Бұл жерде мән есімдігіне а элементін жалғауы арқылы оны баса көрсету әрекеті екі еселеніп тұр» [159].
Бұл орайда мана, сана тұлғаларының этимологиясына берілген профессор Р.Сыздықтың тұжырымы шындыққа жанасымды сияқты. Себебі са, сан, сана сөздері бір түбірден өрбісе, мана тұлғасы туралы не деуге болады? Бұл тұлғаның тілімізде болғанына жоғарыдағы дәйектер дәлел бола алады. Сонымен қатар бұйрық рай тудыратын -а формасы жоқ екені белгілі. Әрі мағыналық жағынан да, қызметі тұрғысынан сипаттағанда да, сана, мана тұлғалары әу баста І, ІІ жақ тұлғалы жіктеу есімдіктерінен өрбігені байқалады.
Тіл дамуының өзіндік кезеңдерінде 3-жақта да есімдік пен етістік қиыса байланысқан. Алайда уақыт өте келе қосымша мүлде түсіп қалған. А.Байтұрсынұлы жіктік жалғаулары І, ІІ жақта өзара ымыраласып, ІІІ жақтың көпше түрінде ымырадан шығып кететінін айтады. Ғалым сөздеріне мысалдар да дәйек бола алады:
Кімді балам дер енді,
Кімді мендей сүйер ол?
Біз есіне түскенде,
Жанған отта күйер ол.
Күйгеніне кез болсаң,
Сабыр айта көріңіз!
Көрген итің – дұшпан ол,
Арамызға түскен ол,
Екеумізді күзетіп,
Көп сырларды шешкен ол.
Сені менен айырар ол,
Қанатымнан қайырар ол.
Мұнды басты ғаріпке,
Көп залымдық айлар ол.
3-жақ қазіргі кезде көбінесе нөлдік тұлғада келеді: мен студентпін, сен студентсің, ол – студент. Қазақ тіліндегі 3-жақ өз ішінен адамға да, затқа да қатысты қолданылуы бойынша жіктеледі де, қазақ тіліндегі ол есімдігі жіктеу есімдігі ретінде де‚ сілтеу есімдігі ретінде де қолданыла береді. Мысалы‚ Ол бүгін келеді деген сөйлемде ол – жіктеу есімдігі ретінде қолданылса‚ Ол ағашқа тиіспе деген сөйлемде ол – сілтеу есімдігі.
Жіктеу есімдігі мен сілтеу есімдігінің арасында тұлғалық айырмашылық жоқ. Ол есімдігі бұл‚ сол‚ анау‚ мынау т.б. есімдіктермен қатар сілтеу есімдігі ретінде қолданыла береді. Бұл басқа түркі тілдеріне де тән. Жіктеу есімдігінің 3-жақта ол кісі түрінде өзгеруі бұл есімдіктің осы ерекшелігімен байланысты сияқты. Себебі қазақ әдебіне сәйкес кісіге қол шошайтпайды, сыйлы, құрметті адамдарға қатысты сілтеу есімдіктерін қолдану әбестік болады. Адамға қатысты сілтеу есімдіктерінің қолданылуы көбінесе экспрессивті мәнде, жақтырмағандықты білдіреді. Сондықтан жіктеу есімдіктердің қолданысынан қазақ ділін (менталитетін) байқауға болады. Мұқағали Мақатаевтың:
Су сұраса, сүт берген, айран берген
Қартайып қалыпсың-ау, қайран жеңгем!
Қарғаның валетіндей едірейіп
Қасыңа мына біреу қайдан келген?–
деген өлеңіндегі мына біреу тіркесі сол адамды жақтырмағанын білдіреді.
Келтірілген деректер қазақ тілінің өзіндік ерекшелігін‚ яғни орыс тіліндегі мы‚ вы тұлғалары қазақ тілінде де сол үлгіде қолданыла алмайтынын көрсетеді. Қазақ тіліндегі жіктелу жүйесін дұрыс түсіну үшін‚ ең алдымен‚ анайы жіктеу мен сыпайы жіктеуді өзара ажыратып алу керек. Сонда ғана жіктеу жүйесінің табиғаты толық ашылады. Орыс тілінде «бірегейлік-жинақтылық» корреляты бойынша я‚ ты есімдіктері бірегейлік қатарында танылса‚ қазақ тілінде бірегейлік қатарында мен‚ сен (анайы жіктеудің І‚ ІІ жағының жекеше түрі)‚ біз‚ сіз (сыпайы жіктеудің І‚ ІІ жағының жекеше түрі) есімдіктері қолданылады. О.Бетлингк бvз‚ сvз есімдіктеріндегі -з тұлғасын І‚ ІІ жақ есімдіктерінің кірігуінен пайда болған‚ яғни біз<бі+сі (мен+сен)‚ сіз< сі+сі (сен+сен) деп есептейді. Бұл пікірді А.В.Бондарко да қуаттап‚ -з көрсеткішін жақтық плюрализаторы деп есептейді [100‚ 96-97]. Қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан, қопармалы тілдердің табиғаты қайшы келеді. Орыс тілінде адам сөзінің жекеше тұлғасы человек болғанмен, көпше тұлғасы (яғни адамдар сөзі) человеки емес, люди түріне ауысып кетеді. Ал қазақ тілінде мағына қосымша үстелу арқылы беріледі. Бұл – тілдің жалғамалылық қасиетіне байланысты.
Бұл орайда Ы.Маманов төмендегі тұжырымдары әбден құптарлық: «Тілдің грамматикалық құбылыстары қалыптасқан жүйеге негізделеді (ерекшелеген біз – О.Ж.). Қай тіл болмасын олардың грамматикалық құбылыстарды қалай болса солай, кез келген дыбыстардың жиынтығынан немесе кез келген сөздердің тобынан құрала бермейді. Әрбір грамматикалық құбылыстың тұрақты қалыптасқан жүйелі тәртібі бар (ерекшелеген біз – О.Ж.). Әрине, грамматикалық құбылыстардың қалыптасқан жүйелі тәртібі әр тілде әр басқа. Түркі тілдерінің грамматикасының қалыптасқан жүйелі тәртібін морфология тұрғысынан сөз таптары, түбір сөздердің тұлғалары мен сөз таптарының грамматикалық формалары белгілейді. Синтаксистік тұрғыдан, сөздердің бір-бірімен байланысу амалдары мен байланысу формалары, сөйлем түрлері, сөйлем мүшелерінің сөйлемдегі орын тәртібі белгілейді [76, 125-б.].
Н.Ильминский дұрыс көрсеткендей‚ біз‚ сіз есімдіктері көптік мәнді білдірмейді, жекелік ұғымда қолданылады‚ яғни сыпайы жіктеудің жекеше түрлері. Сол себепті де біз құрамына мен‚ сен есімдіктері‚ сіз құрамына сен‚ сен есімдіктері кіре алмайды. Біз‚ сіз сыпайы жіктеу тұлғалары мен‚ сен анайы жіктеу тұлғаларымен өзара сәйкес келіп‚ бірегейлік қатарын құрайды‚ біздер‚ сіздер есімдіктері жиынтық қатарында танылады.
Достарыңызбен бөлісу: |