Ақыл-кеңес беру: Әнеугіден бері айналып-толғанып: «Бата бұзған барқадар таппайды... Ата-ананың қарғысына ұшыраған қыз оңбайды... Не де болса, талайыңнан көр... Құдайдың неден жарылқап, неден қарғарын қайдан білдің?..» деген сияқты сөздерді құлағына құйып отыратыны босқа кеткен жоқ екен (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Жаңабайдың бұл ойын тысқарыдан кірген Бәтпа бөлді.
- Азық-түлікті түгел ал, төсек-орын, ыстық піретін ыдыстан басқа, ауыр нәрседен түк алма: атқа ауыр болады (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Іс-әрекетті орындауды өтіну: Ахмет. Отағасы... ақсақал... ағасы... Сабыр етіңіз! Бұ кісіде түк жазық жоқ.
Рәбиға. Қой енді! Кісі кеткен соң да жетер.
Ахмет. Иә, шатақты қойыңыз! Ашуды тастаңыз! (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Қозғау салу, түрткі болу: Тыстан кірген апасы: - Шай да қайнады: тұр енді, қарағым! – десе де, Күнікей керегінің көгіндегі сағызға қарап, әлгі түсін есіне түсіре алмай, жауап қатпай, ойланып біраз жатты (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Іс-әрекетті орындауға шақыру, үндеу: Танысып қойыңыз. Досым – Виолета. Бұл – Дульсия Амадо ханым («Дама в шоколаде»).
Енді, қазақ кедейлері, күндерің туды, заман сендердікі, оқы, талпын, талаптан, ұйымдас, еңбегіңді байға, жуанға жегізбе! Біз сендерлік, қорғалама, қорықпа! (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Келісу, мақұлдау: – Дұрыс, мен де кісі таба алмай жүр едім. Жақсы! Сөйлесейік, – дедім (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Мұнда әсіресе просодикалық фактордың орны ерекше. Сөздер ерекше интонациямен айтылып, ауызша коммуникация үшін ерекше маңызды болады. Синтаксистік фактордың көмегімен модальділік негізгі концептінің мазмұнында шарт мәні жиі қолданысқа түсіп, ерік сипатымен бірге іс-әрекеттің шарты лексика-грамматикалық мәніне ие болады. Ол бұйрық мәнді етістіктердің көмегімен беріледі. Басыңқы сөйлемнің баяндауышы ретінде келер шақ тұлғалы етістік қолданылады. Мысалы: Тұяқ күн сайын тапқан-таянғанын қалыңға тоса берсін, Күнікей шолпы тағып, ән салып, бұлғақтап өсе берсін, енді әңгіменің бетін өзге жаққа бұрайық (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Ғалымдар арасында көптеген талас тудырып келе жатқан мәселелердің бірі – бұйрық райдың І жағы. П.М.Мелиоранский «Краткая грамматика казак-киргизского языка» деген еңбегінде бұйрық райдың І жақ көрсеткішін қалау рай деп түсіндіреді. Сол сияқты Қ.Кемеңгерұлы да «Оқу құралында» бұйрық райдың І жағын «желательное наклонение в повелительной форме» деп береді. Бұдан Қ.Кемеңгерұлының бұйрық райдың І жағында бұйыру мәнінен гөрі ниеттену, тілек мәні басым болатынын байқағанын көреміз.
Бұйрық райдың І жағының осындай мағыналық реңктеріне байланысты оны қалау райға жатқызу түркологияда одан кейін де өріс алып келді. Мәселен, А.Н.Кононов, Н.К.Дмитриев, А.А.Юлдашев бұйрық райдың І жағын қалау райдың І жақ формасына қосады. Бұл мәселе қазақ тіл білімінде де қызу талас тудырды. А.Ысқақов, М.Томанов т.б. еңбектерінде бұйрық райдың І жағының басқа жақтармен салыстырғанда, мағыналық ерекшеліктері болатыны туралы айтылады. Мәселен‚ А.Ысқақов: «Бұйрық райға телініп, оның формасы ретінде қаралып жүрген грамматикалық тәсіл және оның көрсеткіштері, әдетте, сөйлеушінің тыңдаушыға белгілі бір амалды (істі) істеу я жүзеге асыру қажет екенін меңзеген шешімін білдіретіндіктен, осы ұйғарымның модальдік мағыналары, жоғарыда айтылғандай, әртүрлі болады. Ол модальдік мағыналардың біреулері әрқашан амалды істеу үшін біреуге (ІІ, ІІІ жақтарға) ықпал жасау ниетін аңғартады да, әдетте, ол субъектіні (адамды) іске икемдеу үшін, көндіру үшін қолданылады. Бұлар әрине, бұйрық ретінде айтылады. Модальдік мағыналардың екінші біреулерінде ықпал жасау ниеті көзделмейді, тек жай ғана тілек (өтініш...) айтылады. Дегенмен, осы екі сала модальдік мағыналар бір-бірімен тығыз байланысты. Бұл екеуімен (бұйрық пен және тілекпен) шарт модальділігі де байланысты. Бұл ерекшеліктер әуелде осы үш (бұйрық, тілек, шарт) модальдіктер бір-бірінен сараланбай қолданылған бір жалпы категория болғанын сипаттаумен қатар, рай және шақ категорияларымен де астас болғанын, солардың бәрі бір-бірімен жарыса туғанын дәлелдейді... І жақ формалары (мен бар-айын, біз бар-айық, бар-алық) амалды жүзеге асыруды біреуге (ІІ жаққа) бұйырудан гөрі, сөйлеуші орындауды өз міндетіне алғаны, оны істеуге өз ынтасы барлығын, оны істеуге бекігені анығырақ аңғарылады (сөйлеуші өзіне-өзі бұйырмаса керек, тек тыңдаушыға бұйрық берсе керек-ті). Өйткені бұл формалар (-йын, -йық, -лық) іске қозғау салмайды, біреуге сілтемейді, сөйлеушінің амалды өзі істейтінін, яғни оны жүзеге асыруға өзі ынталанатынын, өзі бел байлағанын білдіреді», – дейді [78, 329-б.].
Ғалымдар арасында бұйрық райдың І жағының өзіндік ерекшеліктері бірдей танылғанмен, І жақ қана емес, ІІ, ІІІ жақтың да үнемі бұйрық мәнде айтыла бермейтіні, әрі бұлардың бәрі – бір форманың үш жағы екені ескеріліп, сол себепті оларды бір-бірінен бөліп, әртүрлі грамматикалық категория деп тануға болмайтыны негізге алынып, бұйрық райдың І жағы – қалау рай ретінде емес, бұйрық рай деп танылуда. Мұндай пікір Н.Сауранбаев, Ы.Маманов, С.Исаев, Л.Дүйсембекова т.б. еңбектерінде айтылады.
Достарыңызбен бөлісу: |