Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы



бет60/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   85
Жұбаева монография

Иелік, меншіктілік мән: Анау көлденең өңшең ат қора. Күнгейдегі ұзын қора байдың үйлері: өзі отыратыны бір басқа, екі қатынның үйі екі басқа, баласының отауы қонақ үй, малшылардың үйі, шошала, еттік, астықхана (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Күнікейдің биесі желісті екен: жайнаңдап, резеңкедей созылып, ағызбақтай сумаңдап барады (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). О түгілі елдің уақ-түйек сөзіне де байдың өзі кіріспейді; ол тек: ананы үйтіңдер, мынаны бүйтіңдер, - деп қысқаша бұйрық қылады. Сырдан сыңар аяқ өткен, құла ауыз билері, нөкерлері тілдің майын ағызып, қанын тамызып, әңгіменің иін әбден қандырып, пісіріп, түсіріп әкеліп, “тоқ етерін” байға естіртеді. Бай не мақұлдайды, не өз картасына келтіреді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Бұл мән зат есімнің ілік септік тұлғасы арқылы түзіледі. Ілік септік көрсеткіші морфологиялық жолмен берілетін септік концептін актив қолданысқа түсіріп, оның мазмұнында посессивтілік сипатын актуалдандырады. Соның нәтижесінде септік морфологиялық мәні қалыптасып, ол семантикалық және мәнмәтін факторларының көмегімен нақтыланып отырады. Сол арқылы қатынас негізгі концептінің мазмұнында «иелік қатынас» сипаты пайда болады. Ол морфологиялық жолмен берілетін септік концептінің посессивтілік сипатымен тоғысып, концептуалды мазмұн құрап, осы мәнді қалыптастырады.
Б.Момынова, Ж.Саткенова жасырын жалғаулы ілік септікті қатынастағы сөз тіркестері көбінесе терминдер, тұрақты тіркестер жасауға қатысатынын айта келіп, ілік септігі мен тәуелдік жалғауының байланысы нәтижесінде изафеттік құрылым түзілетінін, ілік септігі де, тәуелділік жалғауы да ашық көрінетін құрылым ІІІ изафеттік конструкция (даланың ұлы, ауылдың малы т.б.), ілік септігі тұлғасынсыз құрылым ІІ изафет (дала ұлы, ауыл малы т.б.), ілік және тәуелдік жалғауларының қатысынсыз екі зат есімнің тіркесуі арқылы жасалса, І изафет конструкциясы болатынын (алтын сағат, қола жүлде, шайы орамал қол орамал т.б.) ескертеді [184, 49-б.].
А.Тураева сілтеу есімдіктері арқылы зат немесе құбылыс нақтылана түсетінін айта келіп, мұндай дейктикалық қолданыстарды белгілілік мәнінің берілу жолдарының бірі ретінде сипаттайды [185, 63-б.]. З.Сабитова еңбектерінде де белгілілік және белгісіздік мәнін білдіруде есімдіктердің маңызды қызмет атқаратыны туралы сөз болады: «Сілтеу есімдіктері мәтінді ұйыстыруда, нарративті тізбегін тарқатуда маңызды қызмет атқарады. Тыңдаушыға таныс емес заттардан бастап, тыңдаушысына таныс дүниелерге дейінгі заттардың бәрін сілтеу есімдіктерінің көмегімен білдіруге болады» [186].
Субъектіні нақтылай түсу қажет болған жағдайда ілік септігі ашық қолданылады: Шашбауын сылдыр еткізіп, сып етіп түрегелгені, тізесімен ақ көйлегін серпе таста, аяңшыл бедеудей кербездене аяқ басқаны, тысқарда жүріп, жеңгесімен сыбырлап сөйлесіп, дауысы күмістей сыңғырлап тәп-тәтті күлгені; әнтек жымиып келіп, шәй жасап, өп-өтірік сызылғансып, үш саусағының үшімен шыныаяқ әпергені, салалы, қою кірпігін салмақпен қағып, анда-санда көз астымен бір қарап қалғаны; мұның шыныаяғына білдірмей бір қант тастап жібергені; бір жолдасы сөз қатқаны (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Ел жатса да Ақбілек ояу, оның қиялында келешектегі сұлу өмір. өзін ұзатқан екен дейді. Басында жібек желек, кигені үлде мен бүлде. Жанында Ұрқия мен Сара, ауылға таяу жасыл сайда тамылжып, сызылып тұрғанда, алдынан самалдай болып, қызылды-жасылды қыз-келіншектер келеді. Олардың көйлегі де, көк шалғын да, күлкісі де судырлап, сыңғырлап кетеді. Шекесіне тырс-тырс еткізіп, қатындар шашу шашып, балалар аяғының астынан таласа-тармаса алып жатады... (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Жиырма жылдай үйімде жаң-жұң болып көрген жоқ еді, енді үйімнің мазасын алатын қатын берсе алданың ылайықтағаны да, бірақ күн бұрын сенің есіңе салғаным: елім маған: «асау үйреткіш» – деп ат қойып еді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Ілік септігінің ашық-жасырын келуі белгілілік/белгісіздік категориясымен тығыз байланысты. Яғни ілік септігі морфологиялық жолмен берілетін септік концептін актив қолданысқа түсіріп, оның мазмұнында посессивтілік сипатын актуалдандырады. Сол арқылы посессивтілік морфологиялық мәні түзіліп, ол әрі қарай нақтылауды қажет етеді. Қосымша лингвистикалық факторлардың көмегімен негізгі концептінің мазмұнында белгілілік/белгісіздік мәндері түзіледі. Осыған байланысты профессор Н.Уәлиев Ы.Маманов еңбектеріне талдау жасай келіп: «Ауыл сыртында мен ауылдың сыртында деген құрылымның бір-бірінен өзгешелігі бар. Ілік септігінің арнайы айтылмауы заттың, нәрсенің жалпылама екенін байқатса, ауылдың сыртында деген құрылым белгілі бір ауылды, нақты бір ауылды білдіреді. Ал объектіні одан әрі нақтылай түсу қажет болса, осы, бұл сілтеу есімдігі қолданылады: осы ауылдың сыртында, бұл кітаптың авторы т.б. Сілтеу есімдігімен келген тұста ілік, табыс септігінің түсіріліп айтуға көнбейтін себебі объектінің сөйлеуші мен тыңдаушыға мәлім, белгілі болмауымен байланысты», – дейді [76, 13-14-б.]. Ғалым Ы.Маманов еңбектерінде белгілілік/белгісіздік категориясының танылуын сөз ете келіп, зерттеушінің оны ілік және табыс септіктерімен байланыстыра қарағанын айтады.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   56   57   58   59   60   61   62   63   ...   85




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет