Жұбаева О. ҚАзақ тілінің когнитивті грамматикасы


Информанттардың жалпы саны



бет57/85
Дата23.06.2022
өлшемі1.82 Mb.
#459438
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   85
Жұбаева монография

Информанттардың жалпы саны ─ 60, олардың 54-і қазақ тілін еркін меңгерген, ана тілім деп есептейді. Ал алтауы қазақ тілін үйреніп жүр.
Информанттардың жас мөлшері – 18 жас пен 56 жас аралығы.
Эксперимент жүргізілген уақыт: 2009 - 2010 жылдар аралығы.
Эксперимент материалдары ─ қазақ тіліндегі етіс тұлғалары.
Эксперимент мақсаты – етіс тұлғаларының қызметі мен мағынасын ажырату арқылы осы тұлғаларды информанттардың тілдік санасындағы қызметін анықтау. Сол арқылы сөйлерменнің тілдік санасына көңіл бөлу, қазақ тілін ана тілім деп есептейтін, еркін меңгерген сөйлермендер мен қазақ тілін жаңадан үйреніп жүрген сөйлеушілердің тілдік санасындағы, сондай-ақ қазақ тілін үйретіп, қазақ тілі бойынша дәріс беріп жүрген мұғалімдер, оқытушылар, студенттер мен орыс тілінен қазақ тіліне аударма жасап жүрген аудармашылардың тілдік санасындағы етіс тұлғаларының қызметін айқындау.
Эксперимент тапсырмалары бірнеше бағытта жүргізілді:

  1. етіс тұлғаларын ажырату үшін формаларын беріп, информанттарға ол тұлғалардың қай етіске тиесілі екенін ажырату, сонан соң мысал келтіру;

  2. етіс тұлғаларын қатыстырып, сөйлем құрату, сонан соң оның қай етіс тұлғасы екенін анықтау;

  3. етіс тұлғаларын қатыстырып, сөйлем құрату, ол сөйлемдерді орыс тіліне аударту, сонан соң етіс тұлғасының қай етіске тиесілі екенін анықтау;

  4. етіс тұлғаларының қай етіске тиесілі екенін көрсетіп, сонан соң мысал келтіру.

Информанттарға тапсырмалардың бір түрі ғана берілді. Яғни информанттарға 4 түрлі тапсырма берілді. Тапсырма беруде қазақ тілі пәнінің мұғалімдеріне, оқытушылар, аудармашылар мен қазақ тілін жаңадан үйреніп жүрген сөйлеушілерге ерекше мән беріліп, тапсырма соған сәйкес берілді. Мұнда тұлғадан мағынаға қарай және мағынадан тұлғаға қарай бағытталған зерттеу ұстанымдарына сәйкес информанттар бір тапсырмаларда алдымен етіс тұлғасының қай етіске тиесілі екенін көрсетіп, кейін мысалдар келтіру тапсырылса, енді бірқатар тапсырмаларда, керісінше, алдымен етіс тұлғаларын қатыстыра отырып, мысалдар келтіріп, кейін соның негізінде етіс түрін анықтау тапсырылды. Информанттар шақ тұлғаларының қай етіске тиесілі екенін + / - таңбалары арқылы белгілеу тапсырылды. Мұнда арнайы дайындалған кестеге бүгінгі таңда қазақ тілі оқулықтары мен грамматикаларында көрсетіліп жүрген етістермен қатар (өздік, ортақ, ырықсыз, өзгелік) «басқа етіс» және «жауап беруге қиналамын» түрінде арнайы екі орын (графа) қалдырылды.
Эксперимент қорытындысы бойынша, ортақ етіс пен өздік етіс қосымшаларының мағынасы мен қызметі 100% дұрыс көрсетілді. Ырықсыз етіс тұлғаларының мағынасы мен қызметін анықтауда информанттардың 10% жауап беруге қиналыпты. Бұл орайда экспериментке мамандарды ғана тартуды мақсат етпедік. Сол себепті қарапайым сөйлерменнің тілдік санасындағы көрінісін айқындау мақсатымен тілді меңгергенмен, мүлде басқа салада жұмыс істеп жүрген информанттар қамтылды. Информанттар арасында едәуір қиыншылық тудырған етіс тұлғалары – өзгелік етіске қатысты болды. Мұнда студенттер, мұғалімдер мен оқытушылар бірауыздан -т‚ -қыз‚ -тыр‚ -р жұрнақтарын өзгелік етіс көрсеткіші ретінде таныған. Бір қызығы – алдымен тұлғаның қай етіске тән екенін анықтап, кейін мысал келтіру тапсырылған информанттардың барлығы да аталған жұрнақтарды (-т‚ -қыз‚ -тыр‚ -р) өзгелік етіс қосымшасы ретінде көрсеткен. Ал алдымен мысалын келтіріп, кейін тұлғаның қай етіске қатысты екенін анықтау тапсырылған информанттар, аудармашылар мысалды дұрыс келтіргенмен, бұл жұрнақтардың қай етіске қатысты екенін анықтауда жауап бермеген. 2 аудармашы аталған қосымшаларды «басқа етіске» жатқызған. Сол сияқты орыс тілді, қазақ тілін еркін меңгермеген 3 информант та мысалды дұрыс келтіргенмен, жұрнақтардың қай етіске қатысты екенін көрсете алмаған.
Сонымен, эксперимент нәтижелерін зерделей келе мынадай қорытындыға келдік:

  1. информанттар үшін ортақ, өздік етіс тұлғалары ешқандай қиындық тудырмаған, барлық информант бұл етіс тұлғаларын дұрыс көрсеткен;

  2. қосымшалары ұқсас (-ыл/-іл; -ын/-ін) болғанмен, информанттардың 90% өздік етіс пен ырықсыз етіс тұлғаларын ажыратқан;

  3. өзгелік етіс қосымшаларының қызметі мен мағынасын талдауда информанттар біраз қиналғаны байқалады. Мұнда қазақ тілі пәнінің мұғалімдері (2) мен студенттер -т‚ -қыз‚ -тыр‚ -р жұрнақтарын өзгелік етіс көрсеткіші ретінде көрсеткен. Бұл жұрнақтардың өзіндік ерекшеліктерін аудармашылар байқаған. Сондай-ақ қазақ тілін толық меңгере қоймаған информанттардың «жауап беруге қиналғанын» да аталған қосымшалардың мағыналық ерекшеліктерін байқағаны деп бағамдауға болады. Сондай-ақ 15 информант -т‚ -қыз‚ -тыр‚ -р жұрнақтарын өзгелік етіс көрсеткіші ретінде көрсетіп, мысалдары да соған сәйкес келді.

Эксперимент нәтижелерін талдай отырып, қазақ тілін ана тілім деп санайтын, тілді еркін меңгерген, тіпті қазақ тілі пәні бойынша сабақ беріп жүрген мұғалімдердің, оқытушылардың тілдік санасында -т‚ -қыз‚ -тыр‚ -р жұрнақтары өзгелік етіс көрсеткіштері ретінде әбден қалыптасып, сіңіп қалғанын, ал аудармашылардың екі тілді салыстыру негізінде ол жұрнақтардың өзіндік ерекшеліктері бар екенін байқағанын аңғарамыз. Сондай-ақ алдымен тұлғаның қай етіске тән екенін көрсетіп, кейін мысалдар келтірген информанттардың дені бұл жұрнақтарды өзгелік етіс қосымшасы ретінде көрсеткен, ал алдымен мысалдар келтіріп, кейін ол тұлғаның қай етіс көрсеткіші екенін анықтаған информанттар бұл жұрнақтың қай етіске тән екенін ажыратуда қиналған. Яғни информанттардың тілдік санасында олар өзгелік етіс көрсеткіші ретінде толық қалыптаса қоймаған, нақты тілдік деректер оған мүмкіндік бермеген.
Етіс тұлғаларының мәндері оқулықтар мен оқу құралдарында толық көрсетіле бермегенмен, тілімізде сақталып қалуы грамматикалық тұлғалардың этномәдени тұтастықты сақтап қалудағы қызметін көрсете алады. Бұл орайда академик Р.Сыздық тіл мәдениеті үшін күрестің тілдің бірнеше деңгейлеріндегі нормаларды сақтауға негізделетінін айтады: «Бүгінгі күрес мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне сай әлеуметтік қызмет өрісін кеңейту арқылы оның ұлттық тіл ретінде тарих көшінен қалып қоймауын көздеу. Тіпті дәлірек айтсақ, бүгінгі күрес – тілін сақтау арқылы қазақ деген халықтың, қазақ деген ұлттың жойылып кетпеуіне жол бермеу үшін күрес, жан беріп, жан алысып жатқан айқас. Өйткені тіл сол халықтың даралық сипатын көрсететін ұлттық рухани-мәдени коды. Тіл – тек қатынас құралы ғана емес, адамды сол халықтың туабіткен толыққанды мүшесі ететін күш, әр адамды сол тілді пайдаланушы халықтың тұлғасы етіп шығаратын құдіретті күш, тіл – ұлттық сананы түзетін құрал. Ол үшін тілді бүгінгі қазақша сөйлей алмайтындарға үйретіп жатқанымыздағы мақсат – күнделікті тіршілігімізде көше сұрай алатындай, магазиндегі не базардағы тауардың бағасын сұрай алатындай, қазақша амандасып, қайыр-қош айта алатындай дәрежеде білгізу емес, қазақшаны еркін сөйлей, оқи, жаза алатын дәрежеде, білгізуіміз керек. Сол күнде бүгінгі ана тіліміз үшін күресіміз барлық майданда жеңері хақ. Міне, осы айқаста дәл бүгінгі біздің барша мақсат-мұратымыз қазақ тілін келесі ұрпақтарға әйтеуір «аман-есен» жеткізу ғана емес, ғасырлар бойы жинақталған сөздік байлығын, дыбыстық гармониясын, грамматикалық жүйелілігін бұзбай, оларды қырнай түсіп, жетілдіре түсіп жеткізу екенін жақсы түсінсек» [176].
Сонымен, қатынас тілде түрліше көрініс тауып, түрліше концептуалданады. Морфология деңгейінде ол етіс категориясы арқылы көрінеді. Бұл концепт, морфологиялық жолмен берілетін басқа концептілер сияқты, жіктеуші сипатта болады. Ол адам санасында тіл арқылы түзіліп, белгілі бір жағдаятқа қатысушылардың субъектілі-объектілі қатынастары туралы тілдік білімдерге негізделеді. Жіктеуші сипатта болумен қатар ол тіл жүйесі мен сөйлеушіге бағытталады. Яғни етіс концепті етіс морфологиялық категориясы мен оның көрсеткіштері арқылы көрініс табатын концептуалды деңгей бірлігі болып табылады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   53   54   55   56   57   58   59   60   ...   85




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет