Септік концептінің морфологиялық репрезентациясы
Септік морфологиялық категориясы адамның түрлі қатынастарды зерделеуі нәтижесінде пайда болған. Сондықтан морфологиялық жолмен берілетін септік концептіне қатынас концепті негіз болған. Жалпылау когнитивті механизмі арқылы әмбебап сипатты қатынас негізгі концептінің мазмұнында «қатынас» тәуелділік сипаты пайда болды. Ол морфологиялық жолмен берілетін септік концептінің қалыптасуына негіз болып, морфологиялық жолмен берілетін концептінің құраушы бөліктерінің бірінде көрініс табады. Басқа морфологиялық концептілер сияқты, бұл жіктеуші концепті болып табылады. Ол тіл арқылы пайда болып, тілдегі қатынас түрін концептуалдау нәтижесінде түзіледі. Септік концепті болмыстағы нысандардың арақатынасы туралы білімдерге бағытталады. Оның мазмұны бұл қатынастардың тілде қалай концептуалданғанын білдіріп, ғалам туралы білімді, олардың тілде қалай көрініс тапқанын, септік морфологиялық категориясында тоғысатын грамматикалық мағыналар мен көрсеткіштерді қамтиды, морфологиялық жолмен берілетін септік концепті қатынас туралы энциклопедиялық білімдердің тілдік мәндерде қалай кодталатынын көрсетеді.
Зерттеушілер арасында септік санын анықтауда бірқатар пікір қайшылықтары болды. М.Терентьев септіктің 8 түрін, П.Мелиоранский 7, И.Лаптев пен Н.Созонтов 9 түрін атаса, А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы септіктің 5 түрін көрсетеді:
Ұлттық тіл білімі қалыптасқанға дейінгі кезеңдегі зерттеушілердің септікті жіктеуі:
М.Терентьев
|
П.Мелиоранский
|
И.Лаптев
|
Н.Созонтов
|
Именительный
|
Именительный
|
Именительный
|
Именительный
|
Родительный
|
Родительный
|
Родительный
|
Родительный
|
Дательный
|
Дательный
|
Дательный
|
Дательный
|
Винительный
|
Винительный
|
Винительный
|
Винительный
|
Предложный
или местный
|
Местный
|
Местный
|
Местный
|
Исходный
|
Исходный
|
Исходный
|
Исходный
|
Творительный
|
–
|
Творительный
|
Творительный
|
–
|
Сравнительный
|
Сравнительный
|
–
|
–
|
–
|
Звательный
|
Звательный
|
Предложный
|
–
|
Предложный
|
–
|
А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанов еңбектерінде септіктің «звательный», «сравнительный», «творительный», «предложный» деп аталатын түрлері келтірілмейді. Т.Шонанов септіктің 7 түрін көрсетеді. П.Мелиоранский мен И.Лаптев еңбектерінде «салыстырмалы септік» (сравнительный падеж) көрсеткіші ретінде берілген -дай/-дей жұрнағын Қ.Кемеңгерұлы қос қызметті (әрі сөз тудырушы, әрі форма тудырушы) жұрнақ ретінде сипаттайды. Сол сияқты ау,ай одағайларымен тіркескен зат есімдерді (ей, бала; балам-ай) И.Лаптев, Н.Созонтов «звательный падеж» деп түсіндірсе, А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы оны септік қатарына қоспайды. Зат есімдер мен хақында, турасында сияқты көмекшілердің тіркесуін М.Терентьев жеке қарастырып, «предложный падеж» деп‚ орыс тілінің үлгісі бойынша сипаттаса, Қ.Кемеңгерұлы сайын, тақырыпты, арқылы, бойында, ішінде, үшін т.б. көмекші сөздермен қатар септіктерге тіркесетін жалғаулықтар ретінде арнайы сөз етеді. М.Терентьев, И.Лаптев, Н.Созонтов еңбектерінде жеке септік түрінде берілген «творительный падеж» А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы еңбектерінде жалғаулықтар қатарында түсіндіріледі. Кейінгі ғалымдар А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлының еңбектеріне сүйенеді. Бұл септікті атауларынан да байқалады. Қ.Басымұлы, С.Аманжолов, Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев еңбектерінде атау, ілік, барыс, табыс, жатыс, шығыс сияқты атаулар берілсе, І.Кеңесбаев грамматикасы орыс топтарына арналғандықтан‚ именительный, родительный, дательный, винительный, местный, исходный түрінде берілген. Байқап отырғанымыздай, септіктерді атауда кейінгі ғалымдар мен А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов, Қ.Кемеңгерұлы еңбектері арасында алшақтық жоқ. Ал олардың санын көрсетуде Қ.Басымұлы А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы еңбектеріне иек артса, І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаевтар Т.Шонанов жолын ұстанып, септіктің 7 түрін көрсетеді де, атау, көмектес септіктерін қосады.
Қазақ тілінде септік категориясы мағынасы мен синтаксистік қызметіне байланысты шартты түрде екіге бөлінеді: кеңістік мәнді (локативті) септіктер және грамматикалық септіктер. Кеңістік мәнді септіктерге – барыс, жатыс, шығыс септіктері, грамматикалық септіктерге – атау, ілік, табыс, көмектес септіктер жатады [228, 6-7-б.]. Септік парадигмасының бұлайша жіктелу себебін профессор С.Исаев атау, ілік, табыс септік жалғаулары білдіретін мән мағынасына, атқаратын қызметіне қарай әрдайым заттық мәнде, бір ғана қызметте жұмсалып, зат есімнің таза грамматикалық септік деген атқа ие болса, барыс, жатыс, шығыс және көмектес септіктерінің екі түрлі мәнде: әрі заттық, әрі адвербиалдық мәнде, екі түрлі қызмет атқарып, бірде зат есімнің грамматикалық көрсеткіші (зат есімге жалғанып, сөз бен сөзді байланыстыру қызметі мен басқа сөз таптарына жалғанып, - оларды субстантивтендіріп, зат есімге айналдыруы) болумен жанама объект мәнін білдіріп, ол тұлғада сөз сөйлемде толықтауыш қызметін атқарумен бірге өзі үстеп, пысықтауыш қызметін атқарып, сол контексте адвербиалданып, үстеуге айналдыру арқасында кеңістік мәнді септік деп аталғанын айтады [34, 97-б.]. Сонымен қатар ғалым септік жалғау жүйесінде грамматикалық септіктер мен кеңістік мәнді септіктердің бір-бірінен олардың мағыналық, қызметтік жағынан да, тарихи қалыптасуы тұрғысынан да, сөз байланыстырушылық қасиеті жағынан да айырмашылықтары айқын байқалатынын ескерте келіп: «Кеңістік мәнді септіктердің қос функциялы қызметтік мәні, бір жағынан, жанама объектілік мағынаны білдіргенде ғана нақты зат есімнің түрлену жүйесіне тән болып, тіпті грамматикалық септіктерше басқа сөз таптарын сөз таптандыру қасиетіне ие болса, екінші жағынан, бағыттық, мекендік, мезгілдік, амалдық мағынада жұмсалғанда, яғни таза көлемдік мағынада қолданғанда, керісінше, зат есімдік қасиеттен, мәннен айырылып, сөзді адвербиалдандырып жіберуі оларды грамматикалық септіктермен бір парадигмалық жүйе шеңберінде қалдырып, қазіргі грамматикаларымызда беріліп жүргендей зат есімнің бір грамматикалық категориясы аясында қарастыруға сыймайды. Тілдің даму барасында кеңістік мәнді септік тұлғаларының консервациялануы арқылы кейбір үстеулердің жасалып, қалыптасуы кеңістік мәнді септіктердің осындай қасиетінің жемісі болып табылады. Сондықтан кеңістік мәнді септіктерді зат есімнің септік жалғау категориясындағы екінші бір парадигмалық жүйелі түрі деп қараған жөн», – дейді [34, 106-107-б.].
Сонымен қатар септіктерді басқаша жіктейтін ғалымдар да бар. Н.Оралбай септіктердің әрқайсысының өзіндік мағынасы, ол мағынаны білдіретін көрсеткіштері барын ескерте келіп, септік категориясын мағынасы жағынан өте күрделі категорияға жатқызады. Ғалым септік категориясының мәндерін былайша жинақтап беруге болатынын айтады:
субъектілік мағына – субъектілік мағынада септік қимылды кім жасағанын білдіреді: балық жүзеді, самолет ұшады;
нысан (объект) мағынасы – септік қимылға түскен затты, қимылдың қай затқа бағытталғанын білдіреді: жемісті жина, кітапты оқы;
пысықтауыштық мағына – қимылдың жасалатын орнын, мезгілін, себебін, қалай жасалғанын білдіреді: бөлмеде отыр, көшеден өтті [156, 110-б.].
Яғни тіл білімінде атау септігі басқа септік түрлеріне қарсы қойылатынын байқауға болады. Атау септік тұлғасындағы сөз сөйлемде негізінен қимыл-әрекет субъектісін атап, бастауыш қызметінде жұмсалады.
Атау септігін схема түрінде былайша көрсетуге болады: O.
Атау септігі затты дербес, тәуелсіз түрде атап, ешкімге қатысы жоқ, тәуелсіз, дербес дүние ретінде көрсетеді. Басқа септіктер қандай да бір қатынасты керек етіп, қандай да бір көрсеткіштермен берілсе, атау септігі мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да дербес, тәуелсіз болады. Мысалы: Алыстаған сайын қара бүркіт ақ бауыр торғайдай боп көрінеді. Бүркіт сорғалап, төмен құлдилайды (Ж.Аймауытов, Шығ.). Күн таудан найза бойы көтерілгенде Ақбілек алқынып бір кезеңге шығып еді (Ж.Аймауытов, Шығ.). Даурығып сөйлеп, асығып, алқынысып айтып тұрған хабарлары естілді. Уа! Салдар келеді! Мынау не деген сән? Жаным-ау, өздері қалай киінген? (М.Әуезов, Шығ.).
Түркологияда атау септік негіз, атау, қосымшасыз түбір (Н.Дыренкова); негіз (И.А.Батманов); белгісіз (неопределенный) (Н.К.Дмитриев); абсолютті (А.П.Поцелуевский) т.с.с. болып түрліше аталады. А.Байтұрсынұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Қ.Басымұлы еңбектерінде атау септіктер парадигмасында қарастырылмайды. Ал кейінгі еңбектерде оны жеке септік ретінде келтіреді. «Современный казахский язык», А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі» т.б. еңбектерде атау септік басқа септіктерге негіз болатын сөз ретінде түсіндіріледі. Ал С.Исаев грамматикалық мағынасы, сипаты, атқаратын қызметі теңдес, сыбайлас, ыңғайлас болмай, тек басқа септік түрлеріне негіз болатын болса, атау септігінің септіктер жүйесіне ене алмайтынын [34, 70-б.] айта келіп, атау септігінің де, басқа септіктер сияқты, семантикалық мәні мен синтаксистік қызметі барын көрсетеді. Ғалым атау септігі мен түбір тұлғалы зат есімнің мағынасы бүтіндей бөлек екенін айтады: «Сөйтіп, қазақ тіл білімінде атау септік тұлғасы септік жүйесінде басқа септік түрлерімен тең деңгейде емес, оларға немесе басқа септік тұлғаларын үстеуде негіз болатын тұлға, демек, зат есімнің түбір (негізгі және туынды түбір) тұлғасы деген ұғыммен барабар екенін байқаймыз. Ол – атау септік тұлғасының қолданылу аясын анықтаудан да көрінеді: атау септіктегі сөз бастауыш қызметінен басқа 1) баяндауыш қызметінде (ол – мұғалім), 2) анықтауыш қызметінде изафет конструкциясында (қол сағат сатып алдым); 3) үшін, арқылы, туралы, сияқты, жөнінде, жайында, бойы, бойынша сияқты септеулік шылаулармен тіркесіп қолданылады» [34, 83-б.].
«Қазақ грамматикасын» құрастырушылар септік жалғауы қатарында саналып жүргені болмаса, атау септігінің арнаулы жалғауы жоқ екенін ескерте келіп: «Дұрысында, атау септігі деп отырғанымыз – сөздің септік жалғауын қабылдамай тұрған күйі. Оны атау септік деп септік жалғауларының басына қою аса қажет, өйткені заттың кім, я не екенін білдіретін сөзбен жақ жағынан қиысып, субъектілік-кординаттық қатынаста байланысып, сөйлем құрайды», – дейді [77, 456-б.]. С.Исаев зат есімнің түбірі барлық септік тұлғаларына, соның ішінде атау септігіне негіз болатынын ескерте келіп, атау септігін нөлдік тұлға ретінде таниды. Яғни түбірдің үстіне нөлдік форма жалғанып, ол басқа септік тұлғалармен тең болып есептеледі. А.Омарова атау септігін септік парадигмасының дербес мүшесі ретінде тани отырып, табыс септігі мен ілік септіктерінің түсіп қалуын ауыспалы нөлдік морфемаға жатқызып, атау септікке қарсы қояды: «Атау септіктің нөлдік морфемасы тұрақты, ал ілік пен табыс септіктің нөлдік морфемасы ауыспалы. Демек, атау септік – тұрақты нөлдік морфемалы, тұрақты нөлдік тұлғалы септік. Ал ілік, табыс септіктері – ауыспалы нөлдік морфемалы, ауыспалы нөлдік тұлғалы септіктер.
Атау септіктің өзіне тән белгілі мағынасы бар, ол мағынаны септік парадигманың ешбір мүшесі білдіре алмайды, атау септіктің белгілі тұрақты қызметі бар, оны қалған септіктегі сөздердің ешқайсысы атқара алмайды, өйткені атау септік шартты түрде алынған, сөздің басқа септіктерге түрленбей тұрғандағы қалпы ғана емес. Ол – септік парадигмасының бір мүшесі, септік жүйесіндегі сөз формаларының бірі, ол сөйлемдегі сөздермен белгілі қатысқа түседі, синтаксистік қызмет атқарады, тұрақты мағынасы бар. Атау септікте танылып жүрген түрлі мағыналардың біреуі ғана оған қатысты. Ол – атау септік сөйлемде кім және не туралы айтылатынын білдіреді. Бұл – атау септіктің бірден-бір мағынасы» [178,102-б.].
Ілік, табыс септіктерінің ашық/жасырын келуінің негізгі себебі – сөйлеушінің сөздердің арасындағы тәуелділік байланысты актуалдандыру мақсатына байланысты болады: сөйлеуші ілік немесе табыс септіктегі сөздің тіркескен сөзімен байланысын актуалдандырғысы келсе – қосымша ашық түрде келеді, ал оны актуалдандырғысы келмесе – қосымша жасырын келеді: Дәрменнің алқымы кеуіп, күрелері білеудей болып, тер бұршақтай домалады (Ж.Аймауытов, Шығ.). Малай барып қуысқа қолын тықты, Не қылса да жүзікті алып шықты. Бала барып бер-берлеп жүзігімді Малайдың алқымынан алып сықты (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Күнәсі күндегеннің жаман қатты, Күндей ме біреуге Алла берген бақты? Өгізді күндеп, сондай боламын деп, Көлбақа онан қанша пайда тапты? (А.Байтұрсынов, Шығ.). Әлеке ақын қазақтың баяғы ақтабан шұбырынды заманы тағы айналып келгендігін, азаматқа майданға барып, шепке ұсталып өлгенше, осы жерде өлудің керек екендігін сездіреді (І.Жансүгіров, Шығ.).
П.Мелиоранский, Н.Созонтов ілік, табыс, барыс т.б. септіктерінің жасырын келуін атау септігінің осы септіктердің орнына қолданылуы деп түсіндірсе, Қ.Кемеңгерұлы оны ілік, табыс т.б. септіктерінің түсіп қалуы деп түсіндіреді. Ғалым сөзге логикалық екпін түспесе, алдында анықтауышы болмаса, ілік септігі жасырын келе алатынын, сол сияқты сөздің логикалық екпіні болса, өзінен бұрын анықтаушы сөз (есімдіктер т.б.) тұрса, тура толықтауыш пен баяндауыштың арасында басқа сөз келсе, табыс септігі жалғауының түсірілмейтінін айтады. Қ.Кемеңгерұлы осылайша септік жалғауларының қай кезде түсірілмейтінін, қандай жағдайда жасырын келуі мүмкіндігін нақтылап түсіндіріп береді. Бұдан ғалымның ілік, табыс, барыс т.б. жалғаулары түсірілгенімен, оның басқа септік жалғауларына ауысып кетпейтінін, сыртқы тұлғасы жағынан атау септігіне ұқсас болғанмен, олардың өз мәнін толық сақтайтынын түсінгенін, яғни қазіргі тілмен айтсақ, нөлдік форманың берілу жолдары мен мағыналарын әбден байыптағанын көреміз.
Қ.Басымұлы, І.Кеңесбаев, С.Аманжолов, Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаевтардың септік категориясының осы жақтарын түсіндіруде Қ.Кемеңгерұлы еңбектеріне сүйенген. Қ.Кемеңгерұлының да, кейінгі ғалымдардың да септік жалғауларының түсіп қалу, түсірілмеу себептерін көрсетулерінде ұқсастық байқалады:
а) тура толықтауыш баяндауышпен қатар келсе, табыс септігінің жасырын келетіні, ал олардың арасына басқа сөз түссе, жалғаудың түсірілмейтіні: кітап оқыды – кітапты кеше оқыды;
ә) сөзге логикалық екпін түссе, яғни нақты нәрсе сөз болса, табыс септігінің, ілік септігінің түсірілмейтіні, ал логикалық екпін түспесе немесе кез келген зат (нақты сол зат емес) туралы сөз болса, септік жалғауларының жасырын келетіні: кітап бер – кітапты бер;
б) тура толықтауыштан бұрын сын есім немесе есімдіктер (анықтауыш) тұрса, табыс септігі түсірілмейтіні: кітап оқы – мына кітапты оқы т.б.
Осындай ұқсастықтарымен қатар кейінгі ғалымдар одан әрі дамыта түсіп, табыс септігінің есімдік пен жалқы есімге жалғанғанда түсірілмейтінін (Ғ.Бегалиев, Н.Сауранбаев); ілік септігі өзін меңгеруші сөзбен бірігіп, бір заттың атауы болғанда, түсіп қалатынын (С.Аманжолов) айтады.
Бүгінгі таңда қазақ тіл білімінде ілік, табыс септіктерінің т.б. жасырын келуі атау септік ретінде танылмай, нөлдік форма деп түсіндіріледі. «Современный казахский язык», «Қазақ тілінің грамматикасы», А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі», С.Исаев «Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар» [179], «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты», К.Қондыбаева «Қазіргі қазақ тіліндегі жалғаулардың қолданыста ықшамдалуы» [180], «Қазіргі қазақ тілінің морфемалар жүйесі» [181] т.б. еңбектерде ілік, табыс т.б. септік жалғауларының жасырын тұруы мен атау септігінің бір еместігі баса айтылады.
Грамматикалық септік пен кеңістік мәнді септіктердің өзіндік ерекшеліктерін С.Исаев былайша көрсетеді: «...Септік жалғау жүйесінде грамматикалық септіктер мен кеңістік мәнді септіктердің бір-бірінен олардың мағыналық, қызметтік жағынан да, тарихи қалыптасуы тұрғысынан да, сөз байланыстырушылық қасиеті жағынан да айырмашылықтары айқын байқалады, соның нәтижесінде септік жалғауларын осылай бөлуге негіз болады. Оның үстіне кеңістік мәнді септіктердің қос функциялы қызметтік мәні, бір жағынан, жанама объектілік мағынаны білдіргенде ғана нақты зат есімнің түрлену жүйесіне тән болып, тіпті грамматикалық септіктерше басқа сөз таптарын сөз таптандыру қасиетіне ие болса, екінші жағынан, бағыттық, мекендік, мезгілдік, амалдық мағынада жұмсалғанда, яғни таза көлемдік мағынада қолданғанда, керісінше зат есімдік қасиеттен, мәннен айырылып, сөзді адвербиалдандырып жіберуі оларды грамматикалық септіктермен бір парадигмалық жүйе шеңберінде қалдырып, қазіргі грамматикаларымызда беріліп жүргендей зат есімнің бір грамматикалық категориясы аясында қарастыруға сыймайды. Тілдің даму барысында кеңістік мәнді септік тұлғаларының консервациялануы арқылы кейбір үстеулердің жасалып, қалыптасуы кеңістік мәнді септіктердің осындай қасиетінің жемісі болып табылады. Сондықтан кеңістік мәнді септіктерді зат есімнің септік жалғау категориясындағы екінші бір парадигмалық жүйелі түрі деп қараған жөн», – дейді [34, 88-б.].
Септіктердің сөйлемде түрлі мәнге ие болуы «Современный казахский язык», «Қазақ тілінің грамматикасы», А.Ысқақов, С.Исаев, Л.Г.Жигжанова [182], А.В.Исенгалиева [183] еңбектерінде де сөз болады. Септік категориясы кез келген зат есімге емес, негізінен жанды зат есімдерге, жалқы есімдерге тән. Сондай-ақ өлшем, уақыт, жылдамдық, құн, салмақ мәнді зат есімдер ілік септік тұлғасын қабылдай алады. Бұл орайда анықталатын сөздің мағынасы да маңызды орын алады, ол да морфологиялық мәнді нақтылап отырады.
Достарыңызбен бөлісу: |