-ғыл, -ғылт(-ым), -шыл, -аң, -қай, -ілдір т.с.с. жұрнақтарды форма тудырушы жұрнақтар қатарына қосуға болмайды. Бұл орайда Ы.Маманов былай дейді: «Мысалы, қазақ тілі грамматикалық сарғыш – сарырақ, ақшыл – ағырақ, қоңырқай – қоңырлау сөздерінің құрамындағы –ғыш, -шыл, -қай және –рақ, -лау қосымшаларын бір рамкада қарап, сөз түрлендіруші қосымшаға жатқызады. Сырт қарағанда, -ғыш, -шыл, -қай қосымшалары жалғанған сөзінің ішкі мазмұнын өзгертпей, тек грамматикалық мағына үстеп тұрған тәрізді көрінеді. Шын мәнінде бұлар сөз тудырушы қосымшаға жатады да, сарғыш, ақшыл, қоңырқай сөздері лексикалық бүтінге жататын туынды түбір сөздер. Олай дейтініміз, біріншіден, -ғыш, -шыл, -қай қосымшалары бірде-екілі сөздің ғана құрамында кездеседі. Ал грамматикалық форма тудырушы (сөз түрлендіруші және форма тудырушы) қосымшаның басты белгісі – ол аз ғана сөзбен шектелмейді, бір сөз табын немесе сөз табының белгілі бір тобын түгелдей қамтып, грамматикалық абстракция жасайды. Мысалы, -рақ, -лау қосымшалары – сапалық сын есімдерді түгел қамтитын шырай формасының грамматкалық көрсеткіштері. Яғни шырай формалары – грамматикалық абстракция. Екіншіден, жалпы тіл білімі қағидасы бойынша, бір категорияға жататын грамматикалық формалардың қосымшалары бірінің үстіне бірі жалғанбайды. Мысалы, септік формаларының қосымшалары бірінің үстіне бірі жалғанбайды. Жіктік, тәуелдік, көсемше, есімше категория категорияларына жататын жеке грамматикалық формалардың қосымшалары да бірінің үстіне бірі жалғанбайды. Ал сарғыш, ақшыл, қоңырқайлау деп шырай формаларымен түрлендіруге болады. Олай болса, -ғыш, -шыл, -қай қосымшаларын форма тудырушы қосымша деп тану дұрыс емес. Бұлар – сөз тудырушы қосымшалар» [76, 134-б.].
А.Ысқақов сын есім төрт түрлі шырайы бар екенін айта келіп, жай шырайды шырай қатарында атайды [78, 188-б.]. Қазақ тіл білімінде жай шырайды тануға байланысты екі түрлі бағыт бар:
1) жай шырайды шырайдың бір түрі ретінде қарастыратын еңбектер: Н.Созонтов, А.Байтұрсынұлы, Т.Шонанов, Қ.Жұбанов, «Қазіргі қазақ тілі», А.Ысқақов «Қазіргі қазақ тілі»;
2) шырай қатарына жай шырайды қоспайтын еңбектер: М.Терентьев, П.Мелиоранский, И.Лаптев, Қ.Кемеңгерұлы, Ғ.Мұсабаев «Қазақ тіліндегі сын есімнің шырайлары»; «Современный казахский язык»; «Қазақ тілінің грамматикасы»; Ы.Маманов «Қазіргі қазақ тілі», С.Исаев «Қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің грамматикалық сипаты» т.с.c.
Бұл орайда С.Исаев былай дейді: «Тек шырай түрлеріне негіз болатын, ал өзі шырай түрлеріне мағыналық жағынан да, тұлғалық жағынан да оппозициялық қатар құрай алмайтын, сөйтіп басқа түрлермен тепе-тең парадигмалық жүйе жасай алмайтын тұлға, ол категорияның ішіне, шеңберіне кіре алмайды... Сапалық сын есім тұлғасы мен жай шырай деген ұғым бір болса, ол бір ұғымды, біріншіден, екі түрлі атағаннан не ұтамыз? Екіншіден, категориялық түрлену тұлғаларына негіз болатын тұлға ол категорияға (шырай түріне) енбейді» [25, 140-б.].
Салыстырмалы шырай тұлғалары мен қосымша лингвистикалық факторлардың көмегімен «заттың салыстырмалы белгісі» сипаты актуалданып, «салыстыру» концептінің мазмұнында қосымша мәндер түзіледі.