Көмектес септікті (S1 + S2 O) сөздердің негізгі мағыналарын былайша көрсетуге болады:
Іс-қимылдың қандай құралмен атқарылғанын білдіреді. Мысалы: Отыз жылдай алысқан, Қырық жылдай шабысқан, Ақ беренмен атысқан, Қызыл қанға батысқан, Найзаменен қағысқан (Сүйінбай Аронұлы, Ақиық). Он екі құлаш торымен, Омырауын аршындап, Астындағы сары аттың Аузынан аққан ақ көбік Омырауға балшылдап (Батырлар жыры). Қарағайым [домбыра] қолыма тигеннен соң, Ажарына ешкімнің қарамайтын. Беретін ақ бас құндыз, ақ жамбым жоқ Өлеңменен төрені паралайын (Жанақ // Бес ғасыр.).
Іс-қимылға ортақ субъект не объектіні білдіреді. Мысалы: Міне, көр! – Сәлімгерей тілік-тілік табанын мұның аузына тақайды, - Осы мөрді былшитайын ба бетіңе! Оттап! Қыршып! Мен сенің әкеңмен асық ойнаған кісімін! (Ж.Нәжімеденов, Аспан шақырады). Кел, Наурыз, жайдары көктеміңмен, Жердегі әнім жалғассын көктегі үнмен. Аққа тойғыз елімді, Байлық әкел Тез өтердей тар кезең өткелінен (К.Салықов, Жезкиік). Сұлу Сыр, қашан барсаң ауаң ашық, Қалқимын ақ бұлттармен араласып. Сүйеді толқындарың алма-кезек, Құшаққа бір-бірінен ала қашып (С.Мәуленов, Алыс кетіп.). Жыл келді ғажайып бір ақ таңымен, Бақ таңымен, ақ ұлпа ақ қарымен. Көркем екен, мынау жыл көрікті екен, Парағын жылнаманың а қ т а р ы п ем. Дүние, тойлайды екен шаттанып ел (М.Мақатаев, Шығ.).
Іс-қимылдың амалын, тәсілін білдіреді. Мысалы: Ол ақ адал еңбек етіп, маңдай терімен дүние жинауға белін буады (Х.Досмұхамедұлы, Шығ.). Ұйықта бөпем, ақ бөпем, Жапырағым көгерген. Өсірейін мәпелеп, Ұйықтатайын өлеңмен (К.Шілдебаева, Арманым). Ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен икемге келтіргенімді Нұрекеңе сездіресің деп қойды (С.Торайғыров, Шығ.). Қарыздар екем, Қарлыға, Не деп алам [семсерді], білмеймін. Қай қайратпен ақтаймын, Қандай сертпен ырза етем, Осынша жақын досымды! (М.Әуезов, Таңд.). Номадтық тұңғыш мемлекеттер дәуірінің шындығы батырларымыздың қалайша таңғажайып жолмен бойға бітіп, дүниеге келуінен басталатын, одан соң жауға шабар тұлпарын таңдауы мен жаратуы, қалыңдық іздеу мен құда түсуі, одан екі жақтаң ата-бабаларымен бәсекелестері арасындағы араздық пен қақтығыстарға ұласып, жеңісті жорықпен аяқталатын хикаясы мол қаћармандақ дастандарға арқау етілді (Ә.Кекілбаев, Үш белес).
Заттың неден жасалғанын, құрамын, болмысын білдіре алады: Үйлері өзге аралдарға қарағанда еңселі, айбынды: шетінен шатырлары темірмен қапталған, терезе қақпақтары оймышталған, биік шарбақты, далиған-далиған мекен-жай (Ә.Сараев, Ақ тымық түн). Осы жылы 12 желтоқсанда қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігі өзінің ұлттық өрнегімен, ішкі мазмұнымен ерекше есте қалады (Д.Қонаев, Өтті дәурен).
Түгелдей қамту мәнінде де қолданылады: Үшінші жолы келіншек: «Бұл баламды ай мүйізді ор қошқардың олжа торсығына талғап ем. Өзі ғана емес, тұқым-теберімен батыр, қол бастаған қошқар болады ғой деп ем. Ең болмаса, осынымды қазақтарға бұйыртпай, төркініме сіңірейін деп едім», – депті (Ә.Кекілбаев, Үркер). Ал отаршылдық психологияның отарланушы ортаға біржолата бейімделіп, түгелімен «ертіп кетуге» құмарта қоймайтыны айтпаса да түсінікті (Ә.Кекілбай, Тіл және тәуелсіздік).
Септіктің бұл түрінің істің мақсатын көрсететін кезі де бар. Мысалы: Ол мұнда бір оймен келді («Дама в шоколаде»). Бұл сезім бізді – қазақ студенттерін оқып жүрген тұста-ақ әбден баурап алған, біз осынша байлықты осында өзін осы елдің азаматымыз деп есептейтін несібесі бөлінбеген, ниеті ортақ барша халықтың кәдесіне төкпей-шашпай, қандай жолмен жаратуға болады дегенді ойлап, ұзақ толғанатынбыз (Д.Қонаев, Өтті дәурен).
Іс-қимылдың қай жерде жүзеге асқандығы да кейде осы септіктің мағынасынан көрініп тұрады. Мысалы: Бет-алдына қарамастан, шаңдақ жолмен жүріп келеді (Ә.Сараев, Ақ тымық түн). Өзеннің бойымен жүріп, төтесінен шықты («Дама в шоколаде»).
Көмектес септік іс-әрекеттің қалып-күйін білдіреді: Үстімнен ауыр жүк түскендей, кабинеттен сергек көңілмен шықтым. Сол бойда маркшейдерлер бюросына – А.Я.Лукьяновқа соқтым (Д.Қонаев, Өтті дәурен).
Көмектес септігінің жалғауы мезгіл мағыналы сөздерге жалғанған кезде ол сөздер үстеулік мәнге ие болады. Мысалы: Күнімен, түнімен ойлап, әбден мазасы кетті («Дама в шоколаде»).
Көмектес септігі іс-әрекеттің себебін, соған түрткі болған нәрсені де білдіреді: Сондай қосылған сырт малының талай да талайы Бақтығұлдың құрығы, бұғалығы, ноқтасы да бастарына тиген, барымтамен алғызған әлдекімдердің ақ адал малдары болатын (М.Әуезов, Қараш.).
Сол сияқты көлік мәнін де білдіреді: Барлығы тиеліс, бір машинамен келіпті («Дама в шоколаде»).
Көмектес септігі етістіктің есімше тұлғасына жалғанғанда, қарсылық мәнді білдіреді. Мысалы: Көшкенде жылқы айдаймын Ақтабанмен. Болмайды жаман жақсы мақтағанмен (Қаз. әндері). Талай түлкі, талай қоян ұстаған Лашын әзір алдынан ешкім тірі құтылмағанымен, аңдардың өзі әрқилы екеніне, олардың ішінде малма аяқ шабандарды да, желмен жарысқан жүйріктерді де ұшырасатынына көзі жеткен, істің сәті түсу, түспеуі алыстан не жақыннан қосылуға ғана байланысты еместігін ұққан (М.Мағауин, Таңд.). Тіркеудің мәнін аңдаған жұрт жылқыларға қарай ошарылды. Сыйлы қонақтың құр аттанбасын білгенімен, ешқайсысы да мұншама мол олжа байлайды деп күтпеген (М.Мағауин, Өмір жыры).
П.М.Мелиоранский, Н.Созонтов, Қ.Кемеңгерұлы мен, менен жалғаулығының мағынасын:
а) қимылдың ортақтығын білдіру: орыс пен жолдас болсаң, жаныңда балтаң болсын;
ә) істің құралын, тәсілін білдіру: пышақ пен кес;
б) тасымал орны, жол: арба мен, жол мен т.б.;
в) істің мерзімін білдіру: түні мен жүру;
г) заттың тегін, неден жасалғанын көрсету: тас пен, ағаш пен;
ғ) қимылдың амалын, мақсатын білдіру: қатты желіс пен, ашу мен т.б. түрінде сипаттай келіп, орыс тіліндегі «творительный падеж» деген септіктің мағынасы қазақ тілінде мен, менен шылауы арқылы берілетінін айтады.
Басқа септіктермен салыстырғанда, көмектес септік кейінірек қалыптасқан септік болып табылады. Қазіргі кезде көмектес септігі ретінде танылып жүрген мен, менен П.Мелиоранский, Н.Созонтов, Қ.Кемеңгерұлы еңбектерінде жалғаулық деп танылғанымен, мағыналық қырлары бірдей сипатталған. С.Исаев мен‚ менен көмектес септік көрсеткіштерінің XІX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында септеулік шылау ретінде қолданылғанын айтады. мен/менен, бен/бенен көрсеткішін А.Байтұрсынұлы мен Қ.Кемеңгерұлы жалғаулық ретінде түсіндірсе, Т.Шонанов оны көмектес септік жалғауы деп таниды. Мұрағат деректеріне жүгінсек, Т.Шонановтың «Самоучитель казахского языка для русских» деген еңбегіне жазған пікірлерінде (4.XІІ.1929) Байменев пен Қасымов ғалымның мен/бен жалғаулығын көмектес септік көрсеткіші деп тануына наразылық білдіреді: «Существование в казахском языке творительного падежа, по нашему мнению, до сего времени тюркологами не только не признано, а наоборот, отрицается, почему в данном случае следовало бы объяснить, что творительного падежа в казахском языке, как такового не существует, но смысл его передается двумя словами, например: «ат бень», при чем слово ат - имя существительное, а «бень» – предлог, но не падежное окончание, и поэтому пишется отдельно от впереди стоящего слова» [196, 46-б.]. Байқап отырғанымыздай, бұл кезеңде көп ғалымдар көмектес септігі қазақ тіліне тән емес деп түсінген. Басқа септік жалғаулары ашық-жасырын келе алатын болса, көмектес септігі ешқашан жасырын келе алмайды, үнемі жалғаулы түрінде қолданылады.
Көмектес септігінің басқа түркі тілдерінде кездеспейтінін айта келіп, С.Исаев бұл септікті қазақ тіліндегі септік жүйесінің өзіндік бір ерекшелігі ретінде көрсетеді. Көмектес септігінің тілде кеш қалыптасқанын ескерте келіп, Н.Оралбай бұл септіктің бірнеше мағынада қолданылатынын айтады: қимылдың құралын білдіру (балтамен шапты, қаламмен жазды); қимылдың тәсілі (ақылмен істе, қуанышпен кездесті), ортақтық мағына (туыстарымен жасады, жұмысшылармен кездесті), қимылдың мекенін білдіреді (тоғаймен жүрді, жолмен жүрді), мезгілін білдіреді (күнімен күтті, түнімен жүрді) т.б. [156, 114-б.].
Б.Момынова, Ж.Саткенова көмектес және барыс септігі өзге септіктерге қарағанда жасалу тұлғасы, қалыптасу мерзімі мағынасы жағынан өзгеше екенін сөз ете келіп, көмектес септігі ХХ ғасырдың басына дейін септік түрінде емес, септеулік шылау білән, бірлән, мінән, мәнән, менен, мен түрінде қолданылып келгенін, шылаулардың орнына да, де, та, те-ні қойып айтуға болғанмен, көмектес септігінің қосымшасын алып тастауға да, өзгертуге де келмейтінін ескертеді [184, 54-55-б.].
Көмектес септігі жалғаулық қызметінен толық қол үзе қоймаған. Сол себепті ол бойынша, негізінде, арқылы, нәтижесінде сияқты көмекші тұлғалардың орнына да қолданыла алады: Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын, алқаларының төрағаларын және Жоғарғы Соттың судьяларын Республиканың Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесіне негізделген Республика Президентінің ұсынуымен Сенат сайлайды (ҚР Конституциясы). Республиканың заң және өзге де нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, күшіне енгізу және жариялау тәртібі арнаулы заңмен және Парламент пен оның Палаталарының регламенттерімен реттеледі (ҚР Конституциясы). Оң пиғылдағы оппозиция өзінің тілеулестік келбетін тәуелсіздікті нығайтуда, реформаны тереңдетуде, халықты дағдарыстан тезірек шығаруда үкіметтің өзімен бәсекелесе алатындай нақты істерімен ғана дәлелдей алмақшы ( Ә. Кекілбаев Үш белес). Ең ғажабы – Ұлы Қытай қорғанының ғарыштан, космос кемесінен жай көзбен қарағанда да көрінетіндігі. Ғарыштан көрінетін Жер бетіндегі жалғыз нысан (әрине, адам қолымен тұрғызылғандарын айтамыз ғой) – осы Ұлы Қытай қорғаны (С.Абдрахманов, Елдік сыны). Еуразиялық одақ, евразиялық кеңістік деген жалаң ұранмен төлтума ұлттық мәдениет үлгілерін орыс мәдениетіне қарай ыңғайлау әлі де орыстандыру идеяларының жалғасып келе жатқандығын анықтайды (А.Айталы, Ұлттану). Оның үстіне, отаршылдық идеология кезекті империяның құлауымен біржолата өшіп кетпейді. Ол жаңа айдар тағып, жаңа тәсіл тауып, жаңа әрекеттерге көшуі ғажап емес (Ә.Кекілбаев, Үш белес).
С.Исаев септік жүйесінің сөйлемде сөздердің арасындағы алуан түрлі синтаксистік қатынастарды көрсетіп, өзі жалғанған сөзге әртүрлі грамматикалық мағына үстеп, сөз бен сөзді байланыстыратынын ескерте келіп: «Септік жалғау кейді тікелей өзі, кейде басқа тұлғалармен қабаттасып (мысалы, жіктік жалғаумен, тәуелдік жалғаумен қоса), зат пен қимыл я зат пен зат (сын) арасындағы (субъектілік-предикаттық), тура және жанама объектілік, меншіктілік қатынастық, мекендік-мезгілдік, көлемдік, амалдық-құралдық сияқты қатынастарды білдіретінін айтады [34, 74-б.]. Мұны тіл фактілері де растайды. Жатыс, шығыс септіктері де контекске және түбір сөздің семантикасына байланысты әртүрлі мағына білдіреді. Бестен үшті алса, екі қалады немесе әр оқушыға дәптер бестен тиді дегенде, алдыңғы сөйлемде бестен – шығыс септігінің өз мағынасында, ал екінші сөйлемде топтық мағынасын білдіріп тұр. Жатыс септігі де жазда, түнде, сағат екіде – түбір сөздің семантикасына байланысты мезгілдік мағына білдірсе, ауылда, қалада сөздері мекендік мағына білдіреді. Жылқыда өт жоқ, құста сүт жоқ дегенде, көлемдік-мекендік мағына білдіреді. Барыс, жатыс, шығыс, көмектес септіктері әртүрлі мағыналық қырларда жұмсалуына байланысты бірде толықтауыш, бірде пысықтауыш қызметін атқарады. Осыған орай түркологиялық еңбектерде бұлар көлемдік-мекендік септіктер деп аталады [77, 165-б.].
Тәуелдік аффикстері бар жеке есімдер мен зат есімдер әрқашан да актуалды айқын мәнге ие, сол себептен, олар септік жалғауларынсыз қолданылмайды: Желісінде он шақты құлыны бар бір үлкен үй орталықты: оның оң жағында бір ақ отау тұр (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Ақбілек жаңа шешесіне көз қырын салды (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Қыстың аяғына жете алмай мен де жүдеу басқа айналдым. Семейге баратын үш-төрт баламен мен де қайттым (Ж.Аймауытұлы, Шығ.). Дөң басына шықсақ, Шақшаң адырының бір төбесінде екі жігітті көреміз. Екеуі де жас жігіт. Оның бірі – пақырың Қартқожа. Енді бірінің киімі орысшалау: басында шляпа, үстінде пальто, аяғында қисық табан. Тегі қалада орысша оқып жүрген шәкірт болу керек. Шәкірт дегеніміз болмаса, жасы едәуірге келген сияқты, қарайып мұрты да білініп қалыпты, сақалдың нышаны да жоқ емес. Қартқожаның қолында кітабы бар, қасындағы жолдасының алдына түсіп, сабақ алып отырған тәрізді. Шәкірт жерден тас алып, бір сүйекті көздеп атып отыр. Қартқожаға көрсетіп болды да: «Осымен орыс қаріптерін танып бітірдің. Енді қысқа-қысқа әңгімелерді оқытып, періуаттап үйретемін», – деді (Ж.Аймауытұлы, Шығ.).
Сонымен, морфологиялық репрезентацияда септік тұлғаларының негізінде семантикалық фактор мен мәнмәтін факторының көмегімен лексика-грамматикалық мәндер түзіледі. Бұл қатынас негізгі концепті мен морфологиялық жолмен берілетін қатынас, посессивтілік сипаттарын актуалдандырып, қосымша мәндер қалыптастырады. Лексика-грамматикалық мәндер түзілуі барысында концептуалды мазмұн құралады. Қатынас – белгілі бір нәрсе туралы коммуниканттар санасында бейнеленетін ментальды түзілімді реттеу үдерісі болып табылады. Ол белгілі бір зат туралы коммуниканттардың ойында түсінік қалыптастыруды мақсат етеді. Сөйлеу барысында сөйлеуші екінші коммуникант санасында ұқсас ой туындатады. Сөйленіс мақсаты – реципиенттің ойына қандай да бір өзгеріс енгізу. Морфология деңгейінде қатынас етіс пен септік категориялары арқылы көрінеді. Яғни қатынас морфологияның түрлі деңгейлерінде концептуалданады.
Тілдегі актив және пассив құрылымдар ұлттық менталитетті танытатын құралдар қатарына жатады. Адам объективті шындықты, ақиқат болмысты өзгертетін субъект ретінде көрінетін актив құрылымдар ұлттық болмысты таныта алады. Сондай-ақ қандай да бір әрекетке түсетін, біреудің ықпалында болатын субъектіні көрсету үшін қолданылатын пассив құрылымдар да ұлттық менталитет көрсеткіші болып табылады. Жасы үлкен адамға немесе қызмет, шені үлкен адамға белгілі бір іс-әрекетті мәжбүрлеп істету, орындату мүмкін емес. Сондықтан мұнда бірінші субъекті мен екінші субъектінің арасындағы қатынас бағыныштылық қатынасқа негізделген. Етіс, септік категориялары субъектілі-предикаттық, объектілік, меншіктілік қатынас, мекендік-мезгілдік, көлемдік т.с.с. қатынастарды білдіріп, сөйлеушілердің ақиқат болмысқа деген көзқарасын білдіреді. Етіске тән өзіндік мағынасы мен арнаулы көрсеткіштері болуына байланысты салт, сабақты етістіктер етіс категориясынан өз орнын алуы керек.
Етіс тұлғаларының мағынасы мен қызметінің тілдік санадағы көрінісін айқындау мақсатында арнайы дайындалған кестені толтырту арқылы студенттер, аудармашылар, мұғалімдер, оқытушылар және маман емес адамдар арасында эксперимент жүргізілді. Қазақ тілді сөйлеушілердің тілдік санасында өздік, ырықсыз, ортақ етіс мазмұн межесі мен тұрпат межесі тұрғысынан толық қалыптасқан, ал өзгелік етіс тұлғалары тілдік санада әлі орныға қоймаған. Ол өзгелік етіс қосымшаларының сабақты етіс қосымшаларымен ұқсастығына байланысты. Адам объективті шындықты, ақиқат болмысты өзгертетін субъект ретінде көрінетін актив құрылымдар ұлттық болмысты таныта алады.
Қатынас тілде түрліше көрініс тауып, түрліше концептуалданады. Морфология деңгейінде ол етіс категориясы арқылы көрінеді. Бұл концепт тіл жүйесі мен сөйлеушіге бағытталады. Яғни етіс концепті етіс морфологиялық категориясы мен оның көрсеткіштері арқылы көрініс табатын концептуалды деңгей бірлігі болып табылады. Септік морфологиялық категориясы адамның түрлі қатынастарды зерделеуі нәтижесінде пайда болған. Сондықтан морфологиялық жолмен берілетін септік концептіне қатынас концепті негіз болған.
Морфологиялық жолмен берілетін басқа да концептілер сияқты, бұл концепт, жіктеуші концепті болып табылады. Ол тілдегі қатынас түрін концептуалдау нәтижесінде түзіледі де болмыстағы нысандардың арақатынасы туралы білімдерді қамтиды. Оның мазмұны бұл қатынастардың тілде қалай концептуалданғанын білдіріп, ғалам туралы білімді, олардың тілде қалай көрініс тапқанын, септік морфологиялық категориясында тоғысатын грамматикалық мағыналар мен көрсеткіштерді қамтиды. Морфологиялық жолмен берілетін септік концепті қатынас туралы энциклопедиялық білімдердің тілдік мәндерде қалай кодталатынын көрсетеді.
Достарыңызбен бөлісу: |